Бастауыш сыныптарда қолданылатын тәрбие технологиялары



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 67 бет
Таңдаулыға:   
Бастауыш сынып оқушыларын ұлттық құндылықтар негізінде
тәрбиелеупәні бойынша дәрістер

1-дәріс. Бастауыш сынып оқушыларын ұлттық құндылық
негізінде тәрбиелеу пәнінің мақсаты, міндеті, мазмұны

Қарастырылатын негізгі мәселелер:
1. Бастауыш сынып оқушыларын ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеу пәнінің мақсаты, міндеті.
2. Бастауыш сынып оқушыларын ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеу пәнінің мазмұны.

1. Бастауыш сынып оқушыларын ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеу пәнінің мақсаты, міндеті
Қазақстан-2050 - Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты Стратегиясында рухани бірлік пен ұрпақтар арасындағы сабақтастық, ұлттық сана-сезім мен жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәселелерін өзектендіре отырып, тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев бұның бәрі жақын болашақта Мықты және Қуатты Қазақстан мемлекетін өркениетті жолмен құрудың қажетті шарты екеніне баса назар аударды.
Қазақстан-2050 Стратегиясын жүзеге асыруда үлкен жауапкершілікті мемлекет құрушы ұлт ретінде қазақ халқына жүктей отырып, тұңғыш Президент тек мәдени кодты сақтай отырып қана (тіл, руханилық, салт-дәстүрлер) уақыттың сын-қатерлеріне жауап қайтара алатынымызға баса назар аударды. Егер ұлт өзінің мәдени кодын жоғалтса, онда ол ұлттың өзі де жойылады. Тек тағылымды тарих, ата-бабалар даңқы ғана қазіргі уақыт қиындықтарын жеңуге мүмкіндік береді, - деген құнды пікірі ата салтымызды сақтауға, туған жер мен ел алдындағы парызымызды ақтауға шақырады.
Мәңгілік Ел ұлттық идеясы дегеніміз - өткенімізден сабақ ала отырып, болашағымызды баянды ету жолындағы хақ мұраттарымыз! Бүгінгі таңда ғасырлар қойнауында жатқан ұлттық тәрбиенің озық әрі өнегелі дәстүрлерін, асыл қасиеттерін оқушылардың бойында қалыптастыру, этнопедагогика материалдарын ұтымды пайдалану - аса маңызды міндеттердің бірі. Этнопедагогиканың негізі болып табылатын халықтық педагогика құралдары болып табылатын ауыз әдебиеті үлгілерін болашақ ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеуде тиімді пайдалану қажет,- деп есептейміз.
Пәннің мақсаты - студенттерді Қазақстан Республикасының азаматтары және патриоттары ретінде қалыптасуымен өзін-өздері танытуларына, болашақ мамандық иесі болып, кәсіби, интеллектуалды және әлеуметтік шығармашылыққа жетуіне оңтайлы жағдай жасап, оларды бастауыш оқушыларының ұлттық құндылығын тәрбиелеуге даярлау.
Бастауыш сынып оқушыларын ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу пәнінің негізгі міндеттері түйінді құзыреттіліктермен қатар, төмендегідей арнайы құзыреттіліктерді қалыптастыру болып табылады:
- Студенттерді денсаулығы зор, рухани дүниесі бай, адамгершілікті, тәуелсіз жеке тұлға ретінде қалыптастыру
- Студенттерді азаматтылыққа, отансүйгіштікке, зиялылыққа, адам құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттік рәміздер мен ұлттық дәстүрлерді сыйлауға тәрбиелеу.
- Өзінің және қоғамның, болашақ ұрпақ алдында әлеуметтік, табиғи және мәдени ортадағы өз іс-әрекетінің нәтижесі үшін жауапкершілікті сезінуде гумманистік дүниетанымды қалыптастыру.
- мемлекеттік тілді және басқа тілдерді үйрену арқылы студенттерді әлем және ұлттық мәдениетті игерулеріне, өз халқы мен басқа Қазақстан халықтарының дәстүрлері мен мәдениетін зерттеуіне және қабылдауына жағдай жасау.
- жеке тұлғаның өзін-өзі іс жүзінде көрсетуі мен ары қарай дамуына ықпал етуде жоғары оқу орнында студенттердің танымдық қызығушылығын, олардың шығармашылық қабілеттерін, жалпы білімге икемділігін, өзін-өзі тану мен өздігінен білім алу дағдыларын барынша дамыту бейімділігін қалыптастыру.
- Қазіргі заманғы қоғамдық өмірге және тиімді кәсіби іс-әрекет пен жеке басының және кәсіби тұрғыда үздіксіз дамуына қажетті маңызды тұлғалық және кәсіби сапаларын қалыптастыру
Мәңгілік Ел идеясының мақсаты - ұлттық сана-сезімнің, ұлттық рухтың, патриотизм рухының, тарихи сана мен әлеуметтік жадының, кәсібилік пен бәсекеге қабілеттілік рухының жоғары даму деңгейі бар; Қазақстан халқының тәуелсіздігін, қауіпсіздігін, тұрақтылығын, дамуы мен тұрмысын жақсарту жөніндегі белсенді де шешімді іс-қимылдарға дайын болатын, ұлттық мәдениеттің рухани құндылықтарын дамытып сақтауға жауапты, өзге мәдениеттер өкілдерімен сындарлы келісім құруға дайын мамандардың жаңа буынын, қоғамның әлеуметтік белсенді мүшелерін тәрбиелеу екені айқындалды.
Мәңгілік Ел идеясы мәңгілік халық, мәңгілік мемлекет ретінде халқымыздың көпғасырлық арман-мұратына, ел дамуының нақты нәтижелеріне негізделген. Мәңгілік Елдің жұмылдырушы күш-қуаты келесілерге негізделген:
1) өз барабарлығын, өз тамыр-тегін, өз ұлттық рухы мен өзіндік бірегей даму жолын сақтауға;
2) әлем қауымдастығындағы өз рөлін айқындауға;
3) тарихи-мәдени құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізу үшін сақтауға
мүдделілікке;
4) маңызды міндеттерді барынша ауқымды түрде шешуге ұмтылысқа.
Оның басымдықтары - дәстүрлі құндылықтарды қолдау; ұлттық барабарлықты анықтайтын адамгершілік бағдарларды қалыптастыру және дамыту, қоғамның зияткерлік әлеуетін күшейту болып табылады.
2. Бастауыш сынып оқушыларын ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеу пәнінің мазмұны
Ұлттық бірліктің басты қағидасы ретінде ұлт рухын нығайтып дамыту біріктіруші және нығайтушы негіздер ретінде белгіленді. Рухани негіз - ұлтты біртұтас етіп біріктіретін күш. Халық рухы күшті болған сайын оның мемлекеттілігінің болашағы да жоғары. Бұл тарих пен біздің тағдырымыздың басты қозғаушы тетігі. Дәп ұлт рухы кез келген ел келбетінің қайталанбас қасиетін айқындайды, бағытын анықтап, дамуына екпін береді. Біздің ұлттық рухымызды көтеру үшін: дәстүрлер мен патриотизм рухы, жаңару, жарысу және жеңіске жету рухы; дәстүрлі құндылықтарға сүйену (тіл мен мәдениетке құрмет, имандылық, отбасы, ұрпақтар байланысы, патриотизм және төзімділік) қоғамның рухани негізі ретінде негізгі басымдықтар болуы тиіс
Білім берудің жаңа моделіне өту жағдайында және тәрбиенің білім беру үдерісіндегі рөлінің өсуіне байланысыты тәрбие мазмұнын қайта бағдарлау даму заңдылығы болып табылады.
Қазір білім беру үдерісінде жеке тұлғаның рухани-адамгершілік дамуына үлкен мән беріліп отыруына орай, адамгершілікке тәрбиелеу менрухани жағынан қалыптасуыбарлық тәрбие үдерісінің өзегі болып отыр.
Тәрбиенің мазмұны оның мақсатттары мен міндеттері арқылы анықталады және ол қоғамдық дамудың бағыты мен мазмұнына заңды тұрғыда тәуелді болады.
Тәрбие мазмұны адам тұлғасының гуманистік құндылықтар жүйесін игеру негізінде қалыптасуын, оның барлық мәндік сферасының дамуын қамтамасыз етуге жұмылдырады.
Қазір білім алушыларды саналуан шығармашылық іс-әрекетке тарту арқылы, соның нәтижесінде жеке тұлғаның тәрбиесі мен қалыптасуы жүзеге асатын тәрбиеніңерекше құрамын анықтау маңызды:
Танымдық; ● Еңбектік;
Құндылық-бағдарлық; ● Спорттық;
Көркемдік; ● Еркін қарым-қатынастық.
Қоғамдық;
Сонымен бірге, тәрбиеге әлеуметтік-рөлдік көзқарас тұрғысында адам көптеген әлеуметтік жүйенің компоненті болып саналады: отбасы, ұжым, кәсіби топ, этнос, қоғам және т.б. Сондықтан, тәрбие мазмұны құндылық қарым-қатынас жүйесімен: өзіне, өзінің отбасына, мектепке, қоршаған ортаға, Отанына, Жер әлеміне, сондай-ақ, әлеуметтік рөл жүйесімен де сәйкестенеді:
Адам ● Дос
Ұл (қыз) ● Құқық қорғаушы
Аға (қарындас) ● Патриот
Немере (немере қыз) ● Азамат
Туыс ● Қорғаушы
Оқушы ● Ұлттық мәдениетті
Ұжым, топ мүшесі қорғаушыжәне жасаушы
Көш басшы ● Еңбекші
Иегер ● Әлем азаматы
Қалалық (ауылдық) ● Бейбітшілік орнықтырушы
Көрші ● Эколог
Бірлестіктің, топтың, этнос мүшесі
Тәрбиенің қойған мақсатынан және одан туындайтын міндеттерге сүйене отырып тәрбие жұмысының мынадай бағыттары айқындалады:
Қазақстандық патриотизм және азаматтық тәрбие, құқықтық тәрбие
Рухани-адамгершілік тәрбие
Ұлттық тәрбие
Отбасы тәрбиесі
Еңбек, экономикалық және экологиялық тәрбие
Зияткерлік тәрбие, ақпараттық мәдениет тәрбиесі
Көп мәдениетті және көркем-эстетикалық тәрбие
Дене тәрбиесі, салауатты өмір салты
Жоғарыда аталған бағыттар бойынша ұйымдастырылатын тәрбие жұмыстары бірнеше тақырыптарды қамтиды. Бұл әрине, студенттердің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруға ықпал етеді, өйткені әр блок бойынша тәрбие жұмысын ұйымдастыруда тақырыптарға сәйкес алған теориялық білімін тәжірибеде тиімді пайдалануға мүмкіндік туары сөзсіз, - деп тұжырым жасаймыз.
Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген жан өзге халық - тарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды. Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз. Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс. Өйткені, тіл - ұлтты біріктеретін, бір мұраттарға жетелейтін және ортақ тұрмыстық шаруашылық жүргізуге баулитын тілдік бірлік. Ежелгі грек және ежелгі рим басқарушылары өз империяларының жетістіктеріне тілдің күшімен, сөздің қуатымен жеткендіктерін терең түсінген. Ұлы шығыс ойшылдары тіл-халықтың ой-санасының, жан дүниесінің айнасы деп дәйектеген. Сол себепті болашағын алыстан болжайтын әр мемлекет алдыңғы орынға туған тілді қойған.
Мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастырылып келеді. Кез келген тіл өзге тілмен қарым-қатынасқа түскенде ғана өсіп, өркен жаятынын әрдайым есте сақтаған жөн. Осы заманғы ғылыми терминологияның негізін латын тілінен енген сөздер құраса, ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде күнсайын дерлік ағылшын тілі дүние жүзіхалықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстінде. Бұл үдерістен біз де тыс қалмауымыз керек. Қазақ тілінің осы заманның биік талабына сай, бай терминологиялық қорын жасаған соң оны рет-ретімен, кезең-кезеңімен қоғамдық өмірдің бар саласына батыл енгізуіміз керек. Мемлекеттік тілмен қатар Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тілін, мәдениетін және салт-дәстүрін дамытуға барынша жағдай жасауды алдағы уақытта да жалғастыра беретіні туралы айтылған. Бұл бүгінгі елімізде тұрып жатқан басқа ұлт өкілдерінің тілі мен мәдениетін сақтауға, оны дамытуға туғызылып отырған мүмкіндік деп түсінуіміз керек.
Жаңа қазақстандық патриотизмді ұлттық идея мен ұлттық мұраттың мағыналы қызметі контексінде тәрбиелеуде 2006-2008 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы азаматтарына патриоттық тәрбие берудің мемлекеттік бағдарламасы ұлттық идеяның негізгі қағидалар қамтылған басты құжаттардың бірі болып табылады. Бұл құжатқа онда белгіленген мына мақсаттар ерекше мән береді: Қазақстан азаматтарында жоғары патриоттық сана мен өз елі үшін мақтаныш сезімін қалыптастыру, патриоттық тәрбие жүйесін мақсатты түрде дамыту арқылы Отан мүдделерін қорғау жөніндегі азаматтық парыз бен конституциялық міндеттерді орындауға дайын болуға тәрбиелеу.
Бұл бағдарламада ел өміріндегі бірқатар мәселелерді шешу көбінесе азаматтық қоғам дамуының деңгейіне жастар бойында жоғары патриоттық сана-сезімін, өз елі үшін мақтаныш сезімін қалыптастырып, Отан мүдделерін қорғау жөніндегі азаматтық парызды орындауға дайын болуға тәрбиелеуге байланысты екендігіне ерекше назар аударылды.
Аталған құжатта қоғамның рухани әлеуетін көтеру қажеттілігіне, Отан, қоғам, өз отбасы, жеке өзінің игілігіне бағытталған жеткілікті таңдау жасап, өз бетінше шешімдер қабылдау жауапкершілігі мен қабілеттері сезімі білінетін ақиқатқа негізделген жасампаз көзқарасы бар азамат тәрбиелеуге; берік адамгершілік негізі бар, сонымен бірге өзгеріп отыратын жағдайларға бейімделіп, жаңа идеяларды қабылдай алатын үнемі жетілу үстіндегі тұлғаны қалыптастыруға жете көңіл бөлінген.
Бағдарламада тұлғаны әлеуметтендірудің басты векторларының бірі жеке адамды Отанымен сәйкестендіру болуы тиіс екендігін ерекше назарға алынған. Сонымен бірге Отан ұғымы тек адамның туған жерімен, жақын туыстарымен ғана байланыстырылып қана қоймай, көңіл-күй-психологиялық сезімдері (сүйіспеншілік, патриоттық, адалдық, ұлттық мақтаныш сезімдері және т.б.) аспектісінде де қабылдануы тиіс.
Осы бағдарламада көрсетілгендей өскелең жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесі мәселелерінде кездесетін мәселелерді шешу үшін:
- тұтастай алғанда тәрбиеге мүлдем жаңа көзқарас қажет: ел және өзінің Отанмен тығыз байланысы сезімі бейнесінің мемлекет пен қоғам түрлі тетіктер мен институттар арқылы, бірінші кезекте, білім арқылы қалыптастыруы қажет.
- білім мекемелері мен ұйымдарының қызметі оқып жатқан жастарға қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге, еліміздің мемлекеттік рәміздерін, мемлекеттік тілді қолдануды кеңінен насихаттауға, олардың біздің мемлекетіміздің бүкіл бітімі құралатын негіз ретіндегі қазақ тілінің рөлін жете түсінуіне бағытталуы тиіс.
Оның іске асуының сәтті болуы қазақстандық қоғамда қалыптасқан қазақстандықтардың толеранттылық, ділі; қазақстандықтар ділінің басым ерекшелігі ретіндегі рухани ашықтық; жаңа өзгерістерге байланысты батылдық, ұлтаралық келісім мен достық, саяси тұрақтылық; өміршеңдік пен болашаққа сенімді тудыратын жұртшылықтың басым бөлігі үшін кедейліктен кепілді түрде құтылуының белгісі ретіндегі еліміздің тұрақты да үрдісті экономикалық өсуі сияқты өзгерістер мен қасиеттермен байланыстырылады.

Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Бастауыш сыып оқушыларын ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеу дегенді қалай түсінесіз?
2. Бастауыш сынып оқушыларын ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеу пәнінің мақсаты мен міндеттерін талдаңыз.
3. Бастауыш сынып оқушыларын ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеудің мазмұнына сипаттама беріңіз.
4. Бастауыш сынып оқушыларын ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеу дегенді өмірмен байланыстыра дәлелдеңіз.

Дәріс 2. Құндылық, Ұлттық құндылық, ұғымдарының мәні мен сипаты
Жоспар:
1. Құндылық, Ұлттық құндылық, тәрбиелеу ұғымдарының мәні мен сипаты
2. Тәрбие жұмыстарының заңдылықтары

1. Құндылық, Ұлттық құндылық, тәрбиелеу ұғымдарының мәні мен сипаты
Қазақстан Республикасының Білім туралы заңында: Білім беру жүйесінің басты міндеті - ұлттық және адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практиканың негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға, кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдай жасау, - деп көрсетілген. Бұл білім беру жүйесінің бағытының жас ұрпақ бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда өлкетану материалын пайдалануды қажет етеді.
Қазақстан Республикасы ұлттық саясатының тұжырымдамасында: ...еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін, саяси және экономикалық дамуының тірегі болатын ұлттық құндылықтар мен ұлттық мұраттарды бойына сіңірген патриоттық рухтағы білімді жаңа ұрпақ тәрбиелеу, ғылымды жан-жақты дамыту. Ол үшін білім жүйесі жас азаматтардың қазақ тарихы мен мәдениетіне, мемлекеттік тіліне деген құрметін арттыруға Қазақстан Республикасына, оның мемлекеттік рәміздеріне, құндылықтарына деген сүйіспеншілік сезімдер мен отансүйгіштік қасиеттерді өсіруге бағыттау керек,- деп көрсетілген. Бұл өз кезегінде ұлтымыздың болашағы бүгінгі жас ұрпақтың бойында ұлттық құндылықты қалыптастыру қажеттігін көрсетеді, ал оны бастауыш сыныптан өлкетану материалы негізінде бастау керектігі білім берудің бастауыш деңгейінің басты міндеттерінің бірі болып табылады.
Аристотель: Игіліктің кейбір түрлерін қарастыра отырып, алғаш рет құндылау терминін енгізді. Ол құндылықтарға (жан-дүние, ақыл-ой) және жақсылық үшін де жамандық үшін де қолданылатын игіліктерді (билік, байлық, күш, әдемілік) атап көрсетеді.
Философиялық сөздікте: Құндылық ұғымының ғылыми негізделген бірнеше анықтамаларына талдау жасалған. Адам құндылығының өзегін құрайтын және оны зерттейтін саланы аксиология деп атайды. Аксиология дегеніміз - құндылықтар табиғаты туралы, оның шынайы өмірдегі орны мен құндылықтар әлемінің құрылымы туралы, яғни, тұлға құрылымы мен әлеуметтік және мәдени факторлармен түрлі құндылықтардың өзара байланысы болып табылады. Еліміздің келешек ұрпағының өлкетану материалдары негізінде ұлттық құндылықты қалыптастыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бүгінгі таңда білім беру саласының басты міндеті - өскелең ұрпақтың ұлттық құндылығын шыңдауға қызмет ететін білім беру жүйесін жетілдіру қажеттігін туындатады
Сондай-ақ құндылық негіздері шығыс ғұламалары еңбектерінен бастау алып, құндылықтардың қалыптасуы адамның дүниеге деген көзқарасынан пайда болады деп ой тұжырымдаған болатын. Дүниеге деген көзқарас адам туылған сәттен басталып қалыптасып, адам өмірінің соңына дейін жалғасатын процесс.
әл-Фараби: Тәрбие дегеніміз - халықтар мен қалаларға теориялық ізгіліктерді дарыту деген сөз. Тәрбиелеу дегеніміз - халықтардың бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктермен өнерлерді дарыту деген сөз. Тәлім тек сөзбен іске асырылады, ал тәрбиелеу кезінде халықтар мен қалалықтарға білімге негізделген қасиеттермен туатын іс-әрекеттер жасау дағдысы сіңіріледі, олар осындай іс-әрекетке жігерлендіреді, осы әрекетті жасау тілегі қоздырылады, сөйтіп, осы қасиеттер және бұлармен байланысты әрекеттер адамдардың жан дүниесін баурап алатындай және адамдарды осыған жан тәнімен құштар ететіндей болуы көзделеді. Ал, бірдеңе жасау тілегі кейде сөз арқылы, кейде іс-әрекет арқылы қоздырылады, - деп көрсеткен. Философтың пікірін тұжырымдайтын болсақ, педагогика ғылымының негізгі категорияларының бірі тәрбие мен тәрбие жұмысына берілген анықтамалары мен оны іске асыру жолдарын бүгінгі күні бастауыш сынып оқушыларының құндылық бағдарын қалыптастыруда басшылыққа алынуы тиіс, - деп есептейміз.
Канттың айтуы бойынша, біздің біліміміз, біз әсер арқылы нені қабылдасақ және де біздің танымдық қабілеттілігіміз өздігінен не берсе - осылар арқылы қалыптасады деді. Бірақ Кант танымның субъективтігі қабілет ретінде субъектінің объективтік заңдарды ашпайтындығын керісінше, субъекті заңдары бойынша объектінің танылатындығын түсінеді. Таным бұған дейінгі адамдардың, олардың ұрпақтарының жасағанына сүйенеді, өйткені, олар таным үшін бастапқы жағдайларды, шарттарды жасады. Танымның ең бірінші шарты - қатынас жолдары, бұл кейінгі ұрпаққа тәжірибені берудің ең қажетті жолы ауызша айтылған аңыз-ертегілер, халықтың ырым-жорамалдарын әр түрлі бейнелермен салт-жоралар көрсетумен, мысалдармен және жүйелермен толықтырып отырады.
Бастауыш сыныптарда қаланған құндылық негіздер бала тұлғасының бұдан кейінгі жас кезеңдеріндегі қалыптасуына әсерін тигізетіндігі туралы В.В.Давыдов, В.С.Мухина сынды ғалымдар еңбектерінде жазылған. Алғашқы кезекте баланың жас ерекшелігіне сәйкес, ұғына алатын, меңгеруге мүмкіндігі жететін ұлттық құндылық таным-түсініктерінің көлемін анықтаудың маңызы зор. Ұлттық құндылықтарды тану адамның іс-әрекетін белгілі бір деңгейде бағыттап, әлеуметтік тәртібін анықтайды. Бастауыш сынып оқушыларында ұлттық құндылық бағдар қалыптастырудың теориясын қарастыра отырып, оны тәжірибелік тұрғыдан нақты және дәйекті талдау мазмұн мен мәнді сақтап, ықшамдауды қажет етеді.
Ұлттық құндылықтар - нақты бір ұлт өкілдерінің құнды деп есептейтін дүниелері мен ең маңызды, бағалы қасиеттерінің жиынтығы. Ұлттық құндылықтар - әрбір халықтың, этностың мәдениетінің өзегі, жеке тұлғаның ішкі мәдениетінің іргетасы. Ұлттық құндылықтар әрбір этникалық қауымдастықтардың өзіндік тұрмысы, табиғаты, мәдениеті негізінде түзген құндылықтарының жүйесі.
Нақтылай түссек, ұлттық құндылықтар дегеніміз - халықтың ұлттық тілі, ұлттық мінез-құлқы, салт, дәстүрлері, ерекше адамгершілік қасиеттері, ауызша-жазбаша ұлағатты тәлім-тәрбиелік мәні бар даналық өсиеттері, ділі мен діні. Қазақы ұғымдар, өсиеттер, баталар, ұлағатты ақыл-кеңестер-тәрбие үлгілері, бабалардың ұрпағына қалдырған өнегесі. Біздің кейінгі ұрпаққа қалдырар неміз бар, ең болмаса ата-баба ұлағатын дұрыс түсінейікші ағайын-деген ғалым М.Тілеужановтың пікірі де бабаларымыздың ұлттық құндылықтарының оқу-тәрбие өзегі екенін көрсетеді.
Ұлттық құндылық - тұлғаның ұлттық келбетін анықтайтын өзіндік санасы мен ұлттық құндылықтарға қатынасын көрсететін сенімі, көзқарасы, ұмтылыстары түріндегі ерекше тұлғалық құрылым. Ұлттық құндылықтардың әр ұлттың қоршаған табиғат ерекшеліктеріне сай өмір салты негізінде ғасырлар бойы жинақталған тұрмыстық және рухани мұрасы болумен қатар, адам болмысындағы, қарым-қатынасындағы адами құндылықтың ерекше бейнесі ретіндегі қажеттілігі артып отыр. Олай болса, құндылықтардың тұлға қалыптастырушылық әлеуетін тәрбиеде пайдалану құндылық бағдар қалыптастырудан басталуы қажет. Оқушылардың мектеп қабырғасын аттаған алғашқы күндерінен бастап ұлттық құндылықтардың мәні мен маңызын, оның қажеттілігін саналы ұғынып, сол меңгерген құндылықтарға сәйкес өз іс-әрекеттері мен мінез-құлқын реттеп отыруына көмектесу міндеті тұрады. Бұл міндетті шешудің алғышарттары кейінгі кезде дайындалған шетел және отандық ғалымдардың еңбектерінде қарастырылады. Ұлттық құндылықтарға ұлттың өзіндік ерекшелігі, ұлттық мәдениеттің өзгешелігі, ұлттық тілдің байлығы, ұлттық нақыш, ұлттық салт-дәстүрлер жатады.
2. Тәрбие жұмыстарының заңдылықтары
Жоғары оқу орнындағы тәрбие жұмысы - бұл жеке тұлғаның толық дамуына бағытталған оқытушылар мен білім алушылардың тіршілік іс-әрекетін ұйымдастыруға бағытталған мақсатты іс-әрекет болғандықтан алдымен оның заңдылықтарын айқындап алу қажет. Заңдылық дегеніміз - қоғамның мақсаттары мен міндеттеріне сай келетін, заң аясынан шықпайтын құқықтық әрекеттер мен құқықтың орындалуына саналы түрде жету.
Тәрбие ісінің қоғамның әлеуметтік-экономикалық қажетін өтеуге сай келуі заңдылығы. Демократиялық принципті іске асыра отырып, адам құқығын қорғау мәселелерімен байланыстыстылығында болып табылады. Бүгінгі қоғамдық сұранысқа орай, тәрбие жұмысының мазмұнында еліміздегі әлеуметтік-экономикалық даму факторлары ескеріле отырып, жүргізілуі тиіс.
Тәрбие жұмысының мазмұнында Қазақстан халықтарының мәдени-тарихи құндылықтарын жалпыадамзаттық құндылықтармен үйлестіре жүргізілуі қамтылуы қажет. Тәрбиенің бұл заңдылығы болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін даярлауда қазіргі қоғамға қандай маман қажеттігі тұрғысынан басшылыққа алынуы тиіс. Бұл тұрғыда өз ана тілі мен бірге бірнеше тілді қатар меңгерген, бәсекеге қабілетті, толерантты, ұлттық санасы мен көзқарасы қалыптасқан, мәдени қарым-қатынасқа түсе алатын, коммуникавтивті, тәрбие технологиялары мен әдістерін жетік меңгерген маман қажет,- деп санаймыз.
Білім алушылардың жас және жеке басы ерекшеліктерінің ескеру негізіндегі тәрбиенің тұлғалық бағыттылығы заңдылығы. Жоғары оқу орнында білім алушылардың даралығын, өзіндік мінез-құлқы мен тұлғалық қасиеттерін, рухани-адамгершілік сапаларын дамытуды алға шығарады.
Қазіргі қоғамдық өзгеріске орай өзін өзі тәрбиелеу, өзін өзі жүзеге асыруда шығармашылық қабілетін, логикалық ойлауын дамыту мен педагогикалық шеберлікті меңгеруі маңызды болмақ. Жоғары оқу орнында ұйымдастырылатын тәрбие жұмыстарында өзіндік Мен-ін көрсетуде белсенділік таныту, лидерлік қабілетінің ашылуына мүмкіндік жасау, тәрбиелік іс-шараларды жаңаша жүргізуге тың идеялар қосу және оны іске асыруға атсалысуына мүмкіндік туғызу керек, - деп есептейміз.
Тәрбиенің екі жақты сипаты заңдылығы. Аталған заңдылықтың жоғары оқу орнындағы нысаны эдвайзер мен студенттер болып табылады. Жоғары оқу орнында эдвайзер студенттермен жүргізілетін тәрбие жұмысының жоспарын жасайды. Әрине, тәрбие жұмысының екі жақты сипаты осы жоспарды іске асыру барысында ұйымдастырылатын іс-шараларға байланысты, субъектілік қарым-қатынаста болады. Бұл жерде жоспар бойынша өткізілетін әрбір тәрбие сағаттарында ынтымақтастық пен серіктестік тұғысынан ұйымдастырылуы қажет. Сонда ған аталған тәрбиенің екі жақты сипаты заңдылығы орындалады, - деп тұжырым жасаймыз.
Тәрбиеге еріктілік пен шығармашылық көзқарас заңдылығы. Бүгінгі жастарға не қажеттігін ескерумен қатар, олардың шығармашылығын дамытуға ықпал ететіндей болуы тиіс. Сутденттердің неге қызығатынын ақылдаса отырып, зияткерлік, адамгершілік, шығармашылық тұрғысынан ұйымдастырылатын іс-шаралар мен тәрбие сағаттарын жоспарға енгізуді қарастырған жөн. Өз қалауларыменғ яғни еріктерімен таңдаған тәрбие жұмыстары оң нәтиже берері сөзсіз. Білім алушылардың тұлғалық сапаларын көрсетуге мүмкіндік туғызатын жарыстар, конкурстар, сайыстыр, әртүрлі үйірмелер және т.б. туралы толық ақпараттар беріліп, олардың шығармашылығын дамытуға жағдай жасалуы, - тиіс деген пікірді ұстанамыз.
Тәрбиенің ұжымдық бағыттылығы. Жоғары оқу орнында бұл заңдылық студенттер тобында, курстар арасында, институт және университет ішілік ұйымдастыралатын тәрбие жұмыстарымен байланысты қарастырылады. Белгілі бір тақырыптағы немесе конкурстар мен жарыстардың өтуіне командалық топпен қатысуы, бір мақсатқа жұмылдырылған ұжымдық тәрбиелік іс-шараларға қатысуынан көрінеді. Сондай-ақ қазіргі кезеңде жастар арасында кеңінен тараған тәрбиенің ұжымдық бағыттылығын көрсететін флэш-моп, ән-би үйірмелерінің және спорттық жарыстары, дебаттар мен пікір-сайыстар, коучингтер, тренингтерге қатысу сияқты тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру барысында ұжымдық қарым-қатынастың өзара түсінушілік пен серіктестік тұрғыда ұйымдастырылуы қажет, - деп түйіндеме жасаймыз.
Жоғары оқу орнында болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін тәрбие жұмысы негізінде жоғарыда талданған тәрбие заңдылықтарын басшылыққа ала отырып, тәрбие жұмысының түрлері мен мазмұнына орай, олардың әрқайсысының танымдық белсенді әрекеті, іскерлігі, лидерлігі, субъектілік қарым-қатынас белсендігі, адами мінез-құлық қасиеттері, кез келген ортаға бейімделе алатын, өзін өзі тәрбиелеу мен өзін өзі жүзеге асыруына мүмкіндік туғызатындай, қажет кезінде тәрбиеге байланысты оң шешім қабылдай алатын, өзіндік пікірі мен көзқарасын білдіре алатын тұлға қалыптастыру қажет.

Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Құндылық, Ұлттық құндылық, ұғымдарына сипаттама беріңіз
2.Тәрбие жұмыстарының заңдылықтарын мысал келтіре өмірмен байланыстыра дәлелдеңіз.
3. Ұлттық құндылық туралы ғалымдар пікірлеріне салыстырмалы талдау жасаңыз.

3-дәріс. Бастауыш сынып оқушыларымен жүргізілетін тәрбие жұмысы негізінде ұлттық құндылықтарды қалыптастыру

Жоспар:
Бастауыш сынып оқушыларымен жүргізілетін тәрбие жұмысы негізіндегі ұлттық құндылықтар.
Бастауыш сынып оқушыларымен жүргізілетін тәрбие жұмысы негізінде ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың ерекшеліктері.

1. Бастауыш сынып оқушыларымен жүргізілетін тәрбие жұмысы негізіндегі ұлттық құндылықтар
Тұлғаның ұлттық құндылықтарды тереңінен меңгермейінше, оның жалпыадамзаттық патриотқа айналуы екіталай. Халық даналығында - Отан отбасынан басталады, - Отан оттан да ыстық деп айтылуы да бекер емес. Демек, әр ұлтжанды азамат санасында ең алдымен өз ұлтының құндылықтарына, ұлттық тарихына, ұлттық мәдениетіне деген шынайы сый-құрмет бірінші кезектегі басымдықтар қатарында болуы тиіс.
Бастауыш сыныптарда тәрбие жұмысы негізінде оқушылардың ұлттық құндылығын қалыптастыру тұлғаның өз өмірін ұйымдастыруы субъектілік қатынасқа түсуде, өзінің мінез-құлық нормасын қалыптасуын көрсететін іс-әрекеттегі белсенділігі мен жауапкершілігі, өзіне өзі баға беруі, рефлексия жасай білуі, өзіндік пікірін делелдеуі, яғни өмірлік дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік туғызу болып табылады. Әрине бұл сияқты тұлғалық сапалар әр оқушыда әртүрлі болады. Сынып жетекшісі бұл жерде тұлғаның өзін өзі тануы, өзін өзі уәждеуі, өзін өзі айқындауы, өзін өзі жүзеге асыруы, өзін өзі реттеуін есепке ала отырып, тәрбие жұмысында тұлғалық сапаларды қалыптастыруы тиіс, - деп есептейміз.
Ұлт толыққанды ұлт болып қалыптасып дамуы үшін оның ұлттық санасы, ұлттық құндылығы және ұлттық мүддесі болуы керек. Олай болса бүгінгі күнгі ұрпағымыз ұлттық құндылықтарын қадірлеп, ұлттық мүддесін қорғауда қандай жетістіктерге қол жеткізгенін білуі керек, әрине оны бастауыш сыныптарда ұйымдастырылатын тәрбие жұмысының міндетіне жүктейміз.
Сонымен, тәрбие жұмысы негізінде бастауыш сынып оқушыларының ұлттық құндылығын қалыптастыру тұлғаның табиғи жаратылысы мен арнайы ұйымдастырылған тәрбие үдерісінің негізінде тұлғаның ұлттық санасын, сезiмiн, мiнез-құлқын дамытуға бағытталған мақсатты, жүйелi, жоспарлы жүргiзiлетiн жұмыстың нәтижесі болып табылады. Ұлттық құндылыққа қызығушылықты қалыптастыру үдерісі бастауыш сынып оқушысының тұлғасына оның жас және жеке ерекшеліктерін ескере отырып, мақсатты түрде педагогикалық ықпал көрсету жүйесінен тұрады.
Дегенмен, ұлттық құндылықтарды қалыптастырудағы отбасының ықпалы, оның тиімділігін арттыруда мектептің ынтымақтастығы мәселелеріне аз көңіл бөлініп отыр. Жоғарыда аталған ғалым-педагогтар зерттеуіне сүйене отырып, біз гумаңдық қасиетке адамзат бойындағы ізгі ниетті барлық ұнамды құлықтардың жататынын анықтадық. Ол адамның ойы, көзқарасы, мінез-кұлқы, іс-әрекеті, қарым-қатынасы арқылы көрініс береді.
Тәрбие жұмысы жоспары мазмұнында оқушы бойында қалыптасуға тиісті мынадай ұлттық құндылықтарға көңіл аударылды:
- туған тіліне сүйіспеншілік - туған тілін білу, өз ана тілінде оқу мен сөйлеу алу және жаза білуі; ана тіліндегі шығармаларды еркін оқи білуі-оқырмандық қабілет қалыптастыру аясы;
- туған жерге сүйіспеншілік - туған өлке, табиғатын сүю, туған жерінің орман-көлі, тау-тасы, аң-құстарына қамқорлық жасау, оны аялау мен қорғау, күтіп баптау, экологтің аясы;
- туған елге сүйіспеншілік - өз ұлтын сүю, Отанын сүю, өз ұлтының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, қастерлеу, ұлт мәдениетінің өркендеуіне, ел экономикасының гүлденуіне үлес қосу-азаматтық аясы;
- өз отбасына сүйіспеншілік ата-анасын, туыс-бауырын сыйлап, құрметтеу, қамқорлық жасау, сыйластық қатынас орната білу-кісілік қасиет қалыптастыру аясы;
- Қазақстанды мекен ететін халықтарға деген құрмет сезімін қалыптастыру - ұлт өкілдеріне, түсіністікпен қарап, сыйластық қатынас орната білу, өзге ұлттардың салт-дәстүрін сыйлау, халықтар мәдениетінен, әлемдік мәдениеттен үлгі алу қатынас мәдениетінің аясы;
2. Бастауыш сынып оқушыларының бойында осы тектес ұлттық құндылықтар қалыптастыру барысында оларды ұлттық рухы, еліне, жеріне деген сүйіспеншілік сезімі, тұғалық тұрғыда қалыптасу қуаты арта түседі. Осы орайда біз өз зерттеу жұмысымызда бастауыш сынып оқушыларын ұлттық құндылығын қалыптастыруда мынадай алты бағытта ұсынамыз:
- болашақ азаматтың бойында ұлттық сана-сезім орнықтыру үшін ең алдымен, өз тарихымызды - Қазақстан халықтарының тарихын білуіміз керек;
- екінші, өз тілімізді - туған халқымыздың тілін білмек шарт;
- үшіншіден, атадан-балаға, баладан немереге, немереден ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды білген жөн.
- төртіншіден, өткен тарихымыздың жақсылықтары мен игі тағылымдарын сақтау, ерлік дәстүрлерін, бактырларын үлгі тұту;
- бесіншіден, атамыз айтқандай, ұлттық қадір-қасиетімізді арттыру, оқушылардың ұлттық мақтаныш сезімін ояту;
- алтыншыдан, отбасылық, туыстық қарым-қатынастың мәнін түсіну.
Бастауыш сынып оқушыларының бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру үшін: әр ұлттар мен ұлыстар тек өз мәдениетін ғана танып білуі жеткіліксіз, сонымен қатар, олар өзге ұлттардың мәдениеті мен салт дәстүрін біліп, танып құрметтеуі қажет. Бұл негізінен мектептегі тәрбие үдерісінде әсіресе бастауыш сыныптан басталып жүзеге асырылуы тиіс.
Қорыта келгенде, бастауыш мектеп оқушыларының ұлттық құндылығын қалыптастыру үшін жасалған теориялық талдаулар негізінде тұлғаның ұлттық санасын, сезiмiн, мiнез-құлқын дамытуға бағытталған мақсатты, жүйелi, жоспарлы жүргiзiлетiн жұмыстарда педагогикалық, психологиялық құнды ой-тұжырымдар басшылыққа алынады.
Тәрбие жұмысы негізінде бастауыш сынып оқушыларының ұлттық құндылықтарын қалыптастырудың негізгі көзі тәрбие жұмысының жоспары мазмұны, әсіресе тәрбие сағаттары болып табылады. Тәрбие жұмыстары негізінде бастауыш сынып оқушыларының әлеуметтік-этикалық дүниетанымын, адамгершілік мінез-құлығын, ұлттық құндылықтарын қалыптастыратын тәрбие сағаттарының, тәрбиелік іс-шаралардың орны бөлек. Ішкі мазмұны жергілікті материалды пайдалануға негізделген Тәрбие жұмыстарында қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, ауыз әдебиеті үлгілері, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары қамтылады. Осыдан келіп, барлық халықтық құндылықтардың бастауы - ұлттық дәстүрдің мәні мен мазмұнын жете танудың қажеттілігі туындайды.
Адамның тұлға ретінде дамуы оның мақсатты болжайтын субъекті мен шешім қабылдап, алға қойған мақсаттарды жүзеге асыруға қабілетті жеке адам болғандығын көрсетеді. "Мен" тұжырымдамасының мазмұнын талдау оның негізгі элементтері мен сипатын анықтауда тұлғаның жалпы дамуының бірнеше ерекшеліктері анықталды.
Ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың әдiснамалық және теориялық мәселесiн зерттеудегi ғалымдардың тұжырымдары негізінде тәрбие жұмысы негізінде бастауыш мектеп оқушыларының ұлттық құндылықтарын қалыптастырудың ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік туғызылды:
- бастауыш сынып оқушыларының қоршаған ортаға, жан-жануарға, табиғатқа, Отанға, елге, туған жерге сүйiспеншiлiгiн тәрбие үдерісінде қалыптастыру;
- тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру арқылы оқушылардың ұлттық құндылықтарын қалыптастыруды жетiлдiру;
- тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру негізінде оқушылардың ұлттық сана-сезiмдерi мен мінез-құлық сапаларын қалыптастыру;
- тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда олардың мазмұнының ұлттық құндылықтарды қамтитын тақырыптарының салт-дәстүр, әдет-ғұрып, отбасы, Отаншылдық, тілі, ділі, туған жері, мінез-құлық және т.б. тәрбиелік мәнін ашу;
- оқушылардың ұлттық құндылығын қалыптастыру үшін тәрбие жұмыстарын ұйымдастырудың формаларын, әдiстерiн, технологияларын түрлендiре, саралап пайдалану;
- ұлттық құндылықтың басты көрсеткіші болып табылатын ана тіліне арналған пән апталығын ұйымдастыру;
- ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын салт-дәстүр, әдет-ғұрыптардың тәрбиелік мәнін түсіндіретін тәрбие сағаттарын ұйымдастыру аясында сахналық көріністер ұйымдастыру;
- отбасылық қарым-қатынас мәдениетіне тәрбиелеуде тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру оқушылардың шығармашылық жұмыстарын ұйымдастыру;
- бастауыш сыныптан басталып қалыптасқан ұлттық құндылықтар жалпыадамзаттық құндылықтарға ұштасатындай сабақтастықта болуын қамтамасыз ету.
Қорыта келгенде, бастауыш мектеп оқушыларының ұлттық құндылықтарын қалыптастыру тұлғаның табиғи жаратылысы мен арнайы ұйымдастырылған тәрбие жұмысы негізінде тұлғаның ұлттық санасын, сезiмiн, мiнез-құлқын дамытуға бағытталған мақсатты, жүйелi, жоспарлы жүргiзiлетiн жұмыстың нәтижесі болып табылады. Тәрбие жұмысы негізінде оқушылардың ұлттық құндылығын қалыптастыруда тәрбие жұмысының жоспары мен мақсатына сәйкес оны ұйымдастыру формасын түрлендіріп, тәрбие технологияларын саралап, пайдалану қажет, - деп санаймыз.
Сқрақтар мен тапсырмалар:
Бастауыш сынып оқушыларымен жүргізілетін тәрбие жұмысы негізіндегі ұлттық құндылықтарды сипаттаңыз.
Бастауыш сынып оқушыларымен жүргізілетін тәрбие жұмысы негізінде ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың ерекшеліктері неде?
3.Тәрбие жұмыстары барысында ұлттық құндылықты қолданудың жолдарын көрсетіңіз.

4-дәріс. Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері. Тәрбие үдерісін ұйымдастырудың әдіснамалық негіздері
Жоспар:
1. Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері
2. Тәрбие үдерісін ұйымдастырудың әдіснамалық негіздері

1. Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері. Жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар, адам өмірі мен денсаулығы, тұлғаның еркін дамуының басымдықтарын, патриотизмді, еңбексүйгіштікті, адам құқықтары мен бостандығын құрметтеуге тәрбиелеуді көздейді.
Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері Мәңгілік ел жалпыұлттық идеясы аясында, отбасылық тәрбие құндылықтары, сондай-ақ оқу және тәрбие процестерінің өзара кірігуі негізінде білім беру процесінің тәрбиелік әлеуетін
арттыруға, оқыту мен тәрбиені кіріктіруге, тәрбие әдіснамасын, мазмұны мен құрылымын жаңартуға бағдарланған.
Тұжырымдамалық негіздер жаһандану дәуірінде қазіргі адамда қоршаған әлемге технократтық және тұтынушылық көзқарас үстем болатын заманауи қоғам дамуының ерекшеліктерін ескереді.
Осыған байланысты адамзатты ұлттың тұрақты дамуының, рухани әлеуетінің артуына кепіл болатын прогрестің рухани-адамгершілік құндылықтарына, ана тілі мен ұлттық менталитеттің маңыздылығын нығайтуға қайта бағдарлау қажет. Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерінің мақсаты, міндеттеріне тоқталсақ.
Мақсаты: Білім мазмұнын жаңарту жағдайында балалар мен оқушы жастарды тәрбиелеудің идеологиясы мен стратегиясын анықтау.
Міндеттері:
- білім беру ұйымдары, отбасы және басқа әлеуметтік институттардың күшін біріктіру;
- қоғамның тәрбиенің басым рөлін түсінуіне көмектесу;
- білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде тәрбиенің үздіксіздігі
мен сабақтастығын қамтамасыз ету.
Ұлттың ерекшеліктерін, психологиясын, менталитетін ескермеу, ұлттықмәдени құндылықтар бастауынан алыстау немесе оларды космополитизм мен жалған мәдениет түрлерімен алмастыру - адамның моральдық азуына, қоршаған әлемге агрессиясының артуына, рухани-адамгершілік әлеуетінің құлдырауына әкеліп соқтырады.
Жалпыәлемдік тәрбие жүйесін зерттеу және талдау елімізде біртұтас кешенді тәрбие жүйесін, оның мақсаты мен мазмұнын ұлттық мақсаттар, мәдени құндылықтар мен дәстүрлер, діл ерекшеліктерін ескере отырып, әлемдік озық тәжірибе, заманауи прогрессивті ағымдар, инновациялар үйлесімінде құрудың маңыздылығын көрсетіп отыр.
Туған жерін, халқын сүю және құрметтеу, отбасылық құндылықтарды қастерлеу, үлкенді сыйлау, кең пейілділік, бауырмалдық, ашықтық, қонақжайлылық, толеранттылық - қазақ халқының діл ерекшелігі болып табылады.
Мәңгілік Ел - жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Мәңгілік Ел ұлттық идеясының негізгі мәні - мәңгілік мақсат-мұраттарымыз бен мәдени-рухани құндылықтарымызға негізделген, мемлекет құрушы қазақ халқы мен өзге де ұлттардың ұлттық идеяларын бір арнаға тоғыстыратын идеология арқылы қалыптастырылатын қазақтың ұлттық мемлекеті екендігімен сипатталады.
Мәңгілік Ел - жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы, барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған құндылық. Бұл құндылықтар - уақыт сынынан өткен Қазақстандық жол тәжірибесі болып табылады. Біріншіден, бұл - Қазақстанның тәуелсіздігі мен Астанасы. Екіншіден, бұл - қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім. Үшіншіден, бұл - зайырлы қоғам және жоғары руханият. Төртіншіден, бұл - индустрияландыру мен иновацияларға негізделген экономикалық өнім. Бесіншіден, бұл - Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы. Алтыншыдан, бұл - тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы. Жетіншіден, бұл - еліміздің ұлттық қауіпсіздігі, бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы.
Тәрбиенің мақсаты мен міндеттері
Мақсаты: Жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде жанжақты және үйлесімді дамыған тұлға тәрбиелеу.
Міндеттері:
1. Жаңа демократиялық қоғамда өмір сүруге қабілетті азамат пен патриоттың қалыптасуына; тұлғаның саяси, құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға; балалар мен жастардың құқықтық санасының өсуіне, оның балалар мен жастар ортасындағы қатыгездік пен зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы тұруға дайын болуына ықпал ету.
2. Тұлғаның рухани-адамгершілік және этикалық принциптерін, оның қазақстандық қоғам өмірінің нормалары және дәстүрлерімен келісілген моральдық қасиеттері мен мақсаттарын қалыптастыруға ықпал ету.
3. Тұлғаның жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға бағдарлануына, ана тілі мен қазақ халқының, Қазақстан Республикасында тұратын этностар мен этникалық топтардың мәдениетін құрметтеуіне ықпал ету.
4. Бала тұлғасын қалыптастыруда ата-аналардың ағарту жұмысын, психологиялық-педагогикалық құзыреттіліктерін күшейтуге, бала тәрбиесі үшін олардың жауапкершілігін арттыруға ықпал ету.
5. Тұлғаның еңбек дағдыларын, экономикалық ойлауы мен кәсіби қалыптасуы мен өзін-өзі іске асыруына саналы қарым-қатынас қалыптастыру, экологиялық мәдениетін дамыту, сондай-ақ коэволюция идеяларын қабылдау қабілетіне және оны күнделікті өмірде басщылыққа алуына ықпал ету.
6. Әрбір тұлғаның зияткерлік мүмкіндіктерін, көшбасшылық қасиеттерін және дарындылығын дамытуды қамтамасыз ететін уәждемелік кеңістік қалыптастыру, оның ақпараттық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ету.
7. Білім беру ұйымдарында көпмәдениетті орта құруға ықпал ету, жалпымәдени мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру, тұлғаның өнерде және
болмыста эстетикалық нысандарды қабылдау, меңгеру және бағалау әзірлігін
дамыту.
8. Салауатты өмір салты дағдыларын тиімді меңгеру, дене дамуы мен психологиялық денсаулықты сақтау, денсаулыққа зиян келтіретін факторларды анықтау біліктілігін ойдағыдай қалыптастыру үшін кеңістік орнату.
2. Тәрбие үдерісін ұйымдастырудың әдіснамалық негіздері
Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері келесі әдіснамалық негіздерге сүйенеді:
Құндылықты (аксиологиялық) көзқарас - адамзаттың түсінігімен және рухани-адамгершілік мазмұнымен анықталатын адамның әлемге, өзге адамдарға, өз-өзіне және т.б. қатынасы, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтардың диалектикалық бірлігіне сүйену.
Антропологиялық көзқарас - тәрбие тақырыбы ретінде адам туралы білімнің барлық деректерін және олардың есебін біртұтас педагогикалық процесті құруда және іске асыруда жүйелі қолдану.
Тұлғалық-бағдарлы көзқарас - өзара байланысты түсініктер, іс-әрекет идеялары мен тәсілдер жүйесіне сүйену, тұлғаның өзін-өзі тану, өзін-өзі жетілдіру және өзін-өзі жүзеге асыру процесін қолдау, оның дербестігін дамыту.
Қызметтік көзқарас - педагог өз тәрбиеленушілерін мақсат қою және іс-әрекетін жоспарлау, оны ұйымдастыру және реттеу, бақылау, өзіндік талдау және іс-әрекет нәтижелерін бағалауға үйретуі үшін қажет баланың іс-әрекетін қалыптастыру, таным, еңбек және қарым-қатынас субъектісі позициясына ауыстыру бойынша арнайы жұмысты талап етеді.
Құзыреттілік көзқарас - тәрбие мақсаттарын анықтаудың, тәрбие үдерісін ұйымдастыру мен оның нәтижелерін бағалаудың, оқушыларда құзыреттіліктерді қалыптастыру мен олардың табысты әлеуметтенуінқамтамасыз ететін ортақ ұстанымдар жиынтығын ескеру.
Әлеуметтік көзқарас - тұлғаның мақсаты мен міндеттеріне әлеуметтік шынайылықтың ықпалын ескеру, осы ықпалдың адам және қоғамға тигізер педагогикалық салдарлары.
Жүйелілікті көзқарас - нысанды оны құрайтын бөліктердің жиынтығына қосылмайтын және иерархиялық құрылымы бар күрделі құрылыс ретінде қарастыруды көздейді. Жүйелі қарастыру құрылымдық компоненттерді, олардың қызметін бөліп көрсетуді, қызметтік-иерархиялық байланыстар орнатуды, жүйеқұраушы факторларды анықтауды, сыртқы байланыстар талдауын қажет етеді.
Тұтастық көзқарас - білім алушы тұлғасының зияткерлік және рухани-адамгершілік дамуының бірлігін анықтайтын педагогикалық процестің мәнін көрсетеді.
Синергетикалық көзқарас тәрбиені тура себеп-салдарлы байланыстарға негізделмеген, белгілі бір деңгейде өздігімен ұйымдастырылатын үдеріс ретінде емес, керісінше бір мағыналы емес, заңды және кездейсоқ, болжанған және стихиялы, ретті және ретсіз сияқты көптеген ішкі және сыртқы ықпалдармен келісілген үдеріс ретінде қарауға мүмкіндік береді.
Тұжырымдамалық негіздер тәрбие үдерісінің келесі ұстанымдарын іске асыруды жорамалдайды:
Гуманистік бағыт ұстанымдары - педагогтің тәрбиеленушіге өз дамуына жауапты және дербес субъект ретінде бірізді қарым-қатынасы, оның тәрбие процесінде тұлғамен және ұжыммен ізгілікті қарым-қатынас негізінде өзара әрекет стратегиясы.
Жалпыадамзаттық құндылықтар ұстанымы тәрбие рухани-адамгершілік дәстүрлер мен ұлттық және әлемдік мәдениет нормаларына негізделуі қажет
деп сендіреді.
Мәдени сәйкестілік ұстанымы - тәрбие мәдениеттің жалпыадамзаттық құндылықтарына негізделуі және ұлттық мәдениеттердің жалпыадамзаттық
құндылықтары мен нормаларына сәйкес құрылуы тиіс.
Үздіксіздік ұстанымы - тұлғаны тіршілік әрекетінің барлық кезеңінде жанжақты дамыту, оның күші мен қабілетін, кәсіби және жалпымәдени өсуін
барынша толық жүзеге асыруда шығармашылық әлеуеті мен мүмкіндіктерін
байыту.
... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Еңбекке баулу сабағында өзіне - өзі қызмет ету еңбегінің ерекшелігі
Бастауыш сыныптарда еңбекке үйрету сабақтарын ұйымдастыру мен өткізудің өзіндік ерекшеліктері
Бастауыш сынып мұғалімдерінің инновациялық іс-әрекетінің теориялық негіздері
Еңбекке баулу әрекеті арқылы эстетикалық тәрбие беру
Мұғалімнің дидактикалық іскерліктерінің зерттелуі
Бастауыш сыныптарда оқыту процесінде жаңа технологияларды пайдалану
Дамыта оқыту жүйесінің әдістері мен формалары
Дәстүрлы окыту
Дамыта оқыту технологиясы жөніндегі түсінік
Бастауыш мектеп оқушыларының үлгермеушілік себептерін болдырмау
Пәндер