Мағжан алдымен сыршыл ақын


Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігі
Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды Университеті
РЕФЕРАТ
Тақырыбы: М. Жұмабаев- қазақ педагогикасының негізін қалаушы
Орындаған: Базарбаева А. Т
Топ: 4аМК
Тексерген: Нурашева Г. С
Қарағанды 2021
Жоспар
І КІРІСПЕ
ІІ НЕГІЗГІ БӨЛІМ
а) М. Жұмабаевтың өмірі мен қызметі және шығармашылығы
ә) М. Жұмабаевтың педагогикалық идеяларының маңызы
б) М. Жұмабаевтың «Педагогика» оқулығы, оның қазақ
педагогикасының негізін қалауға қосқан тың еңбегі
в) М. Жұмабаевтың ұстаздық жолындағы сіңірген еңбегі
ІІ ҚОРЫТЫНДЫ.
ІІІ ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
Кіріспе
Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев өзінің туған елінің, туған халқының нағыз жанашыры болды. Ол өз елінің мәдениеті мешеу, тарихы белгісіз, «бұратана» ел атануына намыстана қарады. Әсіресе қазан төңкерісі алдындағы қазақ халқың тарихқа кірмейтін «жабайы халық» деп есептеген шовинистік пиғылдағы пікірлер намысына тиді. Ол мұндай пікірлердің халқымыздың тарихын білмегендіктен өрбитінін аңғарды. Сондықтан ақын халқымыздың тарихы мен мәдениетін зерделеп оқуға бет бұрды. Өткен тарихымызға деген қызығушылық оны орыстың және әлем әдебиеті мен ғылымын зерттеуге жетеледі. Ерте және Орта ғасыр әдебиеті, Батыс Еуропа мен Шығыс мәдениетін зерттеп оқуға тырысты. Өз халқының тарихы мен мәдени мұраларына деген сүйіспеншілігі өмірінің соңына дейін сақталды. Халқының өткенін жаңа заманмен салыстыра отырып, одан түйген пікірлерін өлең жолдарына түсіріп отырды. Ақын өз өткенін ұмытып, бодандықта жандары жаси бастаған халқымыздың өткенін еске оралтып, арғы аталары гундар мен сақтар, бергісі түрік бірлігі, Түркістан мемлекеті туралы жыр толғады. Ақының ел тарихын жете білуі-ұлттық өзімшілдік сезімін күшейтеді. Ал ұлттық өзімшілдіктің түбінде ұлттық патриотизм, ұлт ретінде өз күшіне сенушілік, ұлты үшін жанкештілік жатады екен. Мағжан келер ұрпақтың ұлтжандылық қасиеті мықты болуына көп көңіл аударған. Мағжан шын мәнінде-келер ұрпақ ел тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық сезімін жоғалтып алмаса екен деп мазасызданады. Ұлттық сезім жойылған қоғамда мемлекеттік орнап, Отанының даңқы мен күш-құдыретіне деген сенімдері жоғалатынын түсінеді. Сөйтіп, бұдан былайғы жерде қазақтың рухын көтеретін шығармалар тудыра бастайды. Мағжан қазақ әдебиетін биік дәрежеге шығару үшін қазақтың ауыз әдебиетінен бастау алып, Шығыс, Батыс, орыс әдебиеттерінің жетістіктеріне үңіліп, Әл-Фарабиденбастап Еуропа философтарының еңбектерің де терең зерттеп оқып, оны шығармаларында кеңінен пайдаланған. Нәтижесінде қазақ әдебиетін өз ішіндегі томаға-тұйықтықтан құтқарды. Оқырмандарды өзге ел әдебиеттерінде, өнерінде болып жатқан жаңалықтармен таныстыруға ұмтылды. Сөйтіп қазақ әдебиетін өзіне дейін болып келген тақырып, ой жұтаңдығынан құтқарды. Ұлтты сүю деген оны өзгеше дәріптеу, жақсысын ғана көріп, ол қылығына көз жұмып қарау емес. Мағжан қандай тақырыпты жырламасын, оған бар жан-тәнімен беріліп, соған имандай сеніп, жүрегінен өткізіп барып жазды. Ол қазақ поэзиясында кездесе бермейтін өрнек тауып, рухы мықты жалынды жырлар мен үлбіреген нәзік әуез әкелді. Мағжан нені айтса да, бейнелеп айтады.
М. Жұмабаевтың өмірі мен қызметі және шығармашылығы
Мағжан Жұмабаев Бекенұлы - Мағжан (Әбілмағжан) Бекенұлы 1893 жылы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабай ауданы, Сасықкөл жағасында дүниеге келген.
Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы. Мағжанның атасы - Жұмабай қажы. Әкесі Бекен саудамен айналысқан дәулетті адам болған. Анасының есімі - Гүлсім. Мағжан ауыл молдасынан сауатын ашып, 1905 - 1910 жылдары Қызылжардағы (Петропавл) №1 мешіт жанында белгілі татар зиялысы, мұсылман халықтарының азаттығы жолында күрескен М. Бегишевтің ұйымдастыруымен ашылған медреседе оқыды. Медреседе Бегишевтен Шығыс халықтарының тарихынан дәріс алды, қазақ, татар әдебиеттерін, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Һайям, Низами, Науаи секілді шығыс ақындарының дастандарын оқып үйренді. Баспадан 1909 жылы шыққан Абай өлеңдерін оқып, “Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абайға” деген өлең жазды.
1910 - 1913 жылдары Уфа қаласындағы “Ғалия” медресесінде білім алды. Онда татар жазушысы Ғ. Ибрагимовтен дәріс алып, белгілі қайраткер С. Жантөринмен тығыз қарым-қатынас орнатады, болашақ көрнекті жазушы Б. Майлинмен танысады. Ибрагимовтің көмегімен 1912 жылы Қазан қаласындағы Кәрімовтер баспасында “Шолпан” атты тұңғыш өлеңдер жинағы басылып шығады. “Садақ” журналын шығаруға қатысады, оған өзінің өлеңдерін жариялайды.
1913 - 1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқыды. “Бірлік” ұйымы жұмысына белсене араласып, “Балапан” қолжазба журналын шығаруға қатысады. Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы секілді алаш қайраткерлерімен байланыс орнатып, “Қазақ” газетіне өз өлеңдерін жариялайды. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін қалыптасқан саяси жағдайға сай қоғамдық өмірге белсене араласып, Ақмола облыстық қазақ съезін өткізуді ұйымдастырушылардың қатарында болды. Осы жылы сәуірде Ақмола облысы қазақ комитеті құрамына сайланды. Мәскеу қаласында өткен Бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысты. Бірінші жалпықазақ съезінің шешімі бойынша Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. “Алаш” партиясының Ақмола облысының комитетінің мүшесі болды. “Үш жүз” партиясы өкілдерінің жалған айыптауымен бір айға жуық абақтыға отырып шықты. Екінші жалпықазақ съезіне делегат ретінде қатысып, онда оқу мәселесі бойынша құрылған комиссияға төрағалық етті.
1918 - 1919 жылдары Петропавл уездік земство басқармасында қызмет етті.
1919 - 1923 жылдары Ақмола губерниялық “Бостандық туы” газетінде, “Шолпан”, “Сана” журналдарында, “Ақжол” газетінде қызмет істеп жүріп, халық ағарту жұмысына белсене араласады. Сол кезеңде қалың қауымға таныс поэмасы “Батыр Баянды” жазып, жарыққа шығарады.
1923 - 1927 жылдары Мәскеуде Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқиды. Онда орыс әдебиетін, Батыс Еуропа әдебиетін терең зерттеп, орыс мәдениет қайраткерлерімен жете танысып, көпшілігімен достық қарым-қатынаста болады. Мәскеуде оқып жүргенде оның шығармалары орынсыз сынға ұшырады. 1924 жылы 24 қарашада Мәскеу қаласындағы Шығыс еңбекшілері коммунистік университетінде қазақ жастарының жерлестік ұйымында жиналыс өтіп, олар Мағжанның 1922 жылы қазанда, 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан жыр жинақтарын талқыға салды. Онда ақын шығармаларын теріске шығаратын қаулы қабылданды. Бұл қаулы “Еңбекші қазақ” газетінің 1925 жылы 14 ақпандағы санында басылды. Орынсыз сыннан көңілі жабыққан ақын “Сәлем хат” деген өлең жазды. Ол “Тілші” газетінде жарияланды. “Еңбекші қазақ” газетінің 1924 жылы 19 желтоқсанындағы санында С. Мұқановтың “Сәлем хат жазған азамат Мағжан Жұмабайұлына” деген ескертпемен “Сәлемге сәлем” деген жауап өлеңі басылды. Жаңа құрылысқа, жаңа тұрмысқа қатысты нақтылы өлең жазбаса да, “уралап айқайламадың” деген кінәмен, тап күресіне белсене араласып, кедей сөзін сөйлемедің деген айыппен Мағжан қатаң сынға алынды.
Ақын 1927 - 1929 жылы Бурабайда, одан соң Қызылжарда оқытушылық қызметтер атқарады. 1929 жылы Жұмабайұлы “Алқа” атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген айыптаулармен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесіледі. 1936 жылы М. Горький мен Е. Пешкованың араласуымен бостандық алып, Қазақстанға қайтады. Петропавл қаласында мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім болып жұмыс істейді. Көп ұзамай қалалық оқу ісінің меңгерушісі оны саяси себептерге байланысты деген айыппен мұғалімдік қызметтен босатады.
1937 жылы наурызда мағжан Бекенұлы Алматы қаласына келеді келеді. Аударма ісімен айналысады. 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесілді.
Шығармашылығы
Ақын тұңғыш өлеңінен бастап әлеуметтік тақырыпқа ден қойып, ағартушылық, ұлт-азаттық, демократияшыл бағытты ұстанды. Абай поэзиясының өшпес маңызын бірден танып, оны “хакім” деп атады, ұлы ақынның “мың жыл жұтса дәмі кетпес” сөзін жаңа жағдайда ілгері дамытты, Батыс пен Шығыстың рухани қазынасын сабақтастыру негізінде қазақ поэзиясын тақырып, түр мен мазмұн жағынан байытты. Мағжан ақын ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді көтерді (“Шын сорлы”), халқын өнер-білімге шақырды (“Ләззат қайда?”, “Жазғы таң”, “Өнер-білім қайтсе табылар”, “Балалық шақ”, “Қазағым”, “Қарағым”, “Осы күнгі күй”, “Мен сорлы”) . Бірқатар өлеңдерін махаббат тақырыбына арнады (“Жас келін], “Зарлы сұлу”, “Сүйгеніме”, “Алданған сұлу”) . Өз поэзиясының алғашқы қадамдарынан бастап ақтық демі біткенге дейін Мағжан Бекенұлы ұлт азаттық тақырыбын үзбей толғанды, оны өз поэзиясының өзегі етті. Бүкіл халықты тап, топқа жіктемей, Қазақ елін әлемдік мәдени жетістіктерге қол жеткізуге қандай күш кедергі деген сауал қойып, оған басты кедергі - отаршылдық деген шешімге келді. Бастапқы кезде бұл тақырып туған жердің табиғатын тамашалаудан барып қайран жердің ендігі күні не болады деген уайым-қайғыға ұласады, ақыры келіп кіндік қаны тамған нулы, сулы өлкені жаулап жатқан қара шекпенді отаршылдыққа қарсы наразылық оты болып тұтанды (“Туған жерім - Сасықкөл”) . Ақын халқымен бірге күйзелді, осыдан келіп романтикалық әуенге бөленген жорық идеясы туды (“Жарыма”, “Есімде… тек таң атсын”, “Жаралы жан”, “Мен жастарға сенемін”, т. б. ) . Мағжан шығармаларындағы романтикалық сарын, әсіресе, оның символистік арнада жазған өлеңдерінен айқын көрінеді. Ақын символизмі болашақ пердесін ашатын жаңа мифология туғызды, келешек суретін салу саясатшылардың емес, ақындардың қолында деген сенімге айналды (“От”, “Пайғамбар”, “Күншығыс”, “Жаралы жан”, “Айға”, т. б. ) . Ақын дыбыс-буынның соны үндестіктерін тауып, қазақ жырын байыта түсті (“Шолпы”) . Мағжан поэзиясындағы құнарлы арнаның бірі - түркі тақырыбы. Түркі халықтарының бірлігі тақырыбы Жұмабайұлы поэзиясының әуелден қалыптасқан алтын арқауы іспетті. Ақын дүниетанымына Қызылжардағы Бегішев медресесінде оқуы көп ықпал етті. Ол жас өрен жүрегіне түрікке деген бауырмалдық сезім туғызды. “Шолпан” жинағындағы “Орал тауы” өлеңінде:“ “Қосылып батыр түрік балалары, Таптатпа, жолын кесіп тізгінге орал” ”, - деп жазды. Ерекше атап өтетін бір жәйт - Жұмабайұлының түрік халқының шет ел басқыншыларына қарсы азаттық қозғалысына үн қосуы. Мұнда реалистік, романтикалық сарындар бір-бірімен астасып, бірге өріліп отырады. Түрік тақырыбы қазақ халқының ұлт-азаттық тақырыбына ұласып, отаршылдыққа қарсы күреске алып келді (“Орал тауы”, “Алыстағы бауырыма”, “Жер жүзінде”, “Қазақ тілі”, “Тез барам!”, “Түркістан”, “Орал”) . Сондай-ақ, Жұмабайұлы “Пайғамбар” өлеңінде “Ғұн - түріктің арғы атасы” десе, “Түркістан” атты өлеңінде “Түркістан - ер түріктің бесігі ғой” деп асқақ рухпен жырлады. түрікшілдік сезімі 1919 - 1923 жылы Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған түрік халқының азаттық соғысына арналған “Алыстағы бауырыма” атты өлеңінде айрықша байқалады. Оның бұл өлеңін Мұстафа Шоқай “Яш Түркістан” журналында (1930, №1) жариялай отырып, оны түрікшілдік күресі үшін ең қымбатты және ең пайдалы өлең деп бағалады.
Мағжантану
Мағжан - философ ақын. Ақынның философиялық көзқарасы өз өлеңдерінде жақсылық пен жамандық, әділдік пен әділетсіздік тәрізді қарама-қайшылықты философиялық ұғымдарды шебер шендестіре білуінен байқалады. Ол дүниені біртұтас құбылыс ретінде алып, адамды сол ұлы табиғат, жаратылыстың бір туындысы, бөлшегі ретінде суреттейді. Табиғатсыз, жаратылыссыз адам жоқ. Ал табиғат адамсыз да күн көре береді. Бірақ сана оған бағынбайды, дене бағынса да сезім бағынбайды. Сондықтан ол бұлқынады, серпінеді, үстем болғысы келеді (“От”) . Құбылыстың мәнін кең көлемде, жалпыға бірдей қалыпта тани білуде ақын, ең алдымен, ненің болса да мән-мазмұнына үңіледі, әрдайым жалпы адамзатқа тән әуенге бой ұрады, табиғаттың өз заңына ғана бағынатын құбылыстардың ішкі құпия астарын ұғынғысы келеді. Мағжанның ойынша ақын деген болжап білмес жолға сапар шеккен пір, кейде жын, кейде бала, сол сапарда ол қиындықты қайыспай көтеретін, не дүниені тәрк етіп, бәрінен безінетін жан (“Қиял құлы мен бір ақын”) . Ақын “Қорқыт” поэмасында философиядағы мәңгілік тақырып - өмір мен өлім мәселесін Қорқыт пен ажалдың аңдысуы түрінде суреттейді. Ажал - хақ, сондықтан да өмір жібінің түйінінде өлімді болмай қоймайтын өмір ақиқаты ретінде қабылдау қажет деп санайды ол. Мағжан поэзиясы қазақ лирикасының сыршылдығын тереңдетті, адамның нәзік сезімдеріне тіл бітіре білді. Бұл қасиет оның, әсіресе, махаббат лирикасына тән (“Сүй, жан сәулем”, т. б. ) . Мағжан - әлемдік поэзияда экологиялық тақырыпты алғаш жырлаушылардың бірі (“Айда атыңды, Сәрсембай”, “Шойын жол”) . Ол техикалық прогреске қарсы болған жоқ, оның ұлттық-мәдени, рухани дәстүрлерді бұзуына қарсы еді. Техника жетістіктерін қызыға жырлай отырып, туған жердің әсем табиғатынан айырылып қалмауға үндеді. Мағжан поэмалары қазақ поэмасының баяндау стилін, шешендік мәнерін өзгерту қажет екендігін алғаш айтқандардың бірі болды. Қазақ поэмасын суреткерлік арнаға бұрды. Адам жанының, психология әлемінің құпия сырларын, иірімдерін, даму диалектикасын шеберлікпен кестелеп өрнектей білді. Мағжан поэмаларына лирикалық тереңдік пен эпикалық кең құлаштылық бірдей тән. Жеке адам мен ұлт тағдырын драм. сюжетте үйлестіріп, көркемдік зор қуатпен жырлай білді (“Батыр Баян”, “Оқжетпестің қиясында”, “Қойлыбайдың қобызы”, “Өтірік ертегі”, “Шын ертегі”) . Ақын шығармашылығының үлкен бір арнасы - халыққа білім беру, педагогика саласы. Мектеп оқушыларына, мұғалімдерге арнап “Педагогика” (1922, 1923), “Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жөні” (1925) еңбектерін жариялады. Ақан сері, Базар жырау, Әбубәкір Диваев туралы зерттеу еңбектер жазып, ауыз әдебиеті үлгілерін жинауға жәрдемдесті. Мағжан публицистикасы аударма саласына үлкен мән берді. И. Гете, Г. Гейне, Әбу Фирас, А. В. Кольцов, М. Ю. Лермонтов, А. А. Фет, И. И. Дмитриев, И. П. Мятлов, А. А. Блок өлеңдерін, А. М. Горький, В. В. Иванов, Д. Н. Мамин-Сибиряк, т. б. әңгімелерін қазақ тіліне аударды. Таңдаулы прозалық шығармалар аударумен қоса Мағжан “Шолпанның күнәсі” әңгімесі арқылы қазақ әдебиетіне психологиялық талдау, сана ағымы әдістерін енгізді.
М. Жұмабаевтың педагогикалық идеяларының маңызы
Барша ғылым салаларының пайда болуындағы алғы шарт - өмір қажеттігі. Кейін тәрбие идеялары адамдар өмірінде аса маңызды рөл атқара бастады. Себебі әр түрлі қоғамда өсіп келе жатқан ұрпаққа берген тәрбиесіне орай өмір қажеттігі де жылдам немесе шабан дамитыны белгілі. Осыдан тәрбие тәжірбиесін топтастыру және қорытындылау, арнайы оқу-тәрбие мекемелерін ұйымдастырып жастарды өмірге дайындаудың қажеттігі туындады.
Ежелгі заманғы Қытай, Үндістан, Египет, Греция тәрізді дамыған елдерде тәрбие жүйесі бір арнаға келтірілді. Алғашқы педагогикалық тұжырымдар сол ғылыми аумақта дүниеге келді.
Барлық заманда адам баласының рухани дамуына және тән-дене дамуында шешуші рөлді халық педагогикасы атқарып келген.
Алғашқы адам тәрбиесіне және тұлға қалыптастыруға байланысты идеялар мен тұжырымдар ежелгі грек ойшылдары Сократ, Платон, Аристотель, Тертуллиана еңбектерінде жарияланған.
Орыс педагогикасын әлемдік деңгейге көтерген ұлы педагог Константин Дмитриевич Ушинскийдің балалар мен мұғалімдерге арналған кітаптары орыс педагогикасының алтын қорына айналды.
Қазақ халқында да осындай оқу- ағарту ісінде еңбек еткен ұлы тұлғаларда болды. Соның бірі де алаштың маңдайына біткен азаматы, өз заманың қайталанбас бір турар тұлғасы, халқының патриоты, этнопедагогиканың негізін салушы ақын- Мағжан Жұмабаев еді.
М. Жұмабаев өзінің қамшының сабындай қысқа өмірінде нағыз поэзия биігіне самғаған, оның асқар асуларынан өлшеусіз нәр алған біртуар зиялы қайраткер бола білген. Мағжан алдымен сыршыл ақын. Мағжан сөзіндей тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиетін үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақындарында болған жоқ. Мағжан жүректің қобызын шерте білген ақын.
Мағжан не жазса да сырлы көркем сәнді жазды. Мағжан - елдің патриоты, қазақ баласы.
Мағжан тұңғыш педагогикалық оқулықтар жазып қалдырған. Ол жазған «Бастауыш мектепте ана тілі»1925, «Сауатты бол» 1926, « Педагогика» 1922 атты оқулықтары педагогика және әдістеме ғылымдарына қосқан үлесі болып табылады. «Бастауыш мектепте ана тілі» еңбегінде ол төрт жылдық бастауыш мектептің әр жылына сәйкес ана тілі бойынша бала тілін дамыту үшін жүргізілетін жаттығулар, қалыптастырулар дағдылар жүйесін жасап ұсынды. Мағжан Жұмабаев ана тілінің мектептің дәл төрінен орын ала алмай жатқанын, мектебімізде ана тілі әлі дұрыс негізге құрылмағанын айта келіп, «Осы күнгі мектеп баласы ана тіліне өзінің тілі емес, мұғалімнің тілі»-деп қарайды. Мектептің міндеті -бір жақтан хат таныту болса, екінші жақтан баланы дұрыс сөйлетуге үйрету. Балаға дұрыс тәрбие беру үшін оны әдебиетпен таныстыру және баланы түсініп, ұғып оқуға үйрету керектігін айтқан.
Мағжанның жоғарыда аталған « Педагогика» атты ғылыми еңбегі он бес бөлімнен тұрады. Мағжан өзінің осы педагогикасын он төрт ірі бөлімнен құрып, әр бөлімінде педагогика ғылымын жан - жақты саралап, болашақ ұрпақ тәрбиесін беруде таптырмас көмекші құрал ретінде қалдырған.
Мағжан Жұмабаевтың педагогикасының мақсаты:
1. Ақыл тәрбиесі.
2. Құлық тәрбиесі.
3. Сұлулық тәрбиесі.
4. Дене тәрбиесі.
Ағартушы еңбегі төрт бағытта жүргізілді. Оқу, жазуға үйрету, емлеге дағдыландыру, жазбаша сөзді өркендету, баланың ұғымына лайық ауызша және жазбаша әдебиет түрлерімен таныстыру, ұғып дағдыландыру. Автор осы тәрбиенің төрт түрін тәпіштеп түсіндіре келіп, былай дейді: Егер адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгіл болғаны. Бала берік денелі болса, түзік ойлайтын, дұрыс шешетін, дәл табатын ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы әуен, әдемі түрден ләззат алып, жан толқындырарлық болса, жамандықтан жаны жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын құлықты болса ғана адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы … Балам адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиені дұрыс орындасын…»-деу арқылы М. Жұмабаев тәрбие мақсатын айқындап берген.
Мағжан Жұмабаев өзінің мәдениет, сұлулық, ізгілік туралы ойларын « Құлық сезімдері» деген бөлімде одан әрі дамыта түседі. Ол қазақ халқына басқа халықтың жақсысын үйрен, сөйтіп көтеріл дейді. « Басқа халықты, жалпы адамзатты сүйе біл деген өсиет айтады. « Адам шын ізгі адам боламын десе, халық ісі, халыққа пайдасы жолында құрбан бола білсін», - дейді. Ол қазақ халқын өнер - білімге тек өзінің педагогикалық еңбектерімен шақырған жоқ. Ең алдымен өзінің өлеңдерінде халықты сауаттылққа, оқу оқып, білім алуға үндеді.
Педагогика пәнін ол 5-ке бөліп қарастырды:
1. Жалпы педагогика. Адамның дене һәм жан күштерін тәрбие қылу жолдарын көрсетеді.
2. Дидактика. Оқытудың негізгі жолдарын көрсетеді.
3. Методика . Оқытудың негізгі жолдарына негіздеп, белгілі бір пәнді қалай оқыту керек екендігін үйрететін пән қазақ тілінің методикасы деп аталады.
4. Мектепті басқару. Бұл пән мектеп қалай салынуға, қалай басқарылуға тиісті, сынақтарға шәкірттерді қалай бөлу керек, оқу уақытын қалай белгілеу керек. Осындай мектеп құрлысы жолдарын көрсетеді.
5. Педагогика тарихы . Түрлі заманды түрлі тәрбиеге адамзат қалай қараған, қандай жолдармен жүрген, тәрбие дүниесінде қандай білімпаздар өткен, олар қандай жаңа жолдар тапқан. Педагогика тарихы осыларды баяндайды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz