Жалпы тіл білімі - тіл білімінің барлық тілдерге тән заңдылықтары мен қасиеттерін зерттейтін ғылым


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 164 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

«Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ» КЕАҚ

ӘӨЖ 81-112. 2 811. 512. 1 Қолжазба құқығында

ЖИЕНБАЕВА АЯУЛЫМ АСҚАРҚЫЗЫ

Ә. ҚАЙДАРДЫҢ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ МҰРАЛАРЫ

7M02301 - Филология білім беру бағдарламасы бойынша магистр дәрежесін алу үшін дайындалған магистрлік диссертация (ғылыми-педагогикалық бағыт)

Ғылыми жетекшісі: (ф. ғ. к., доцент Қияқова Р. Ж. )

(кеңесші)

ҚОРҒАУҒА ЖІБЕРІЛДІ

Кафедра меңгерушісі: (қазақ филологиясы кафедрасы) (ф. ғ. к., доцент Жумагулова О. А. )

« » 20 жыл

Көкшетау 2021

МАЗМҰНЫ

АНЫҚТАМАЛАР 3

БЕЛГІЛЕУЛЕР МЕН ҚЫСҚАРТУЛАР 6

КІРІСПЕ 7

  1. Ә. Т. ҚАЙДАРДЫҢ ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫРБАЯНЫ«Мен ғылымға бірден келген жоқпын . . . » 9
  2. Ә. Т. ҚАЙДАР ‒ ӘМБЕБАП ТІЛ МАМАНЫҚазақ, ұйғыр және түркі тілдерінің білгірі 20Ғалымның лингвистикадағы өміршең мұралары 32Қазақ этнолингвистикалық мектебін негіздеуші тұлға 54Қоғам қайраткерінің публицистикалық еңбектері 64
  3. ЛЕКСИКОГРАФИЯ ӘЛЕМІНДЕГІ ҚОЛТАҢБАҚазақ лексикографиясы: өткені мен бүгіні 73Ә. Т. Қайдар ‒ бірегей лексикограф маман 89

ҚОРЫТЫНДЫ 100

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ 104

ҚОСЫМШАЛАР 109

АНЫҚТАМАЛАР

Агглютинатив тілдер, жалғамалы тілдер (лат. agglutination - жабысушы, жалғанушы) - сөз жасау мен сөз түрлендіру, өзгерту, қосымшаны үстемелете жалғау, септеу мен жіктеудің, қосымшалардың грамматикалық жолмен қабаттаса жалғануы арқылы жасалатын тілдер.

Алтайтану (орыс. алтаистика ) - алтай төркіндес түркі, монғол, тұңғыс- манжұр (маньчжур) және жапон, корей тілдерінің шығу тегін арнайы зерттейтін тарихи-салыстырмалы тіл білімінің дербес саласы.

Ана тілі - белгілі бір халықпен нақты кеңістікте тарихи бірге жасап, оның төл мәдениетін ұрпақтан-ұрпаққа үздіксіз ұластырушы, сол халыққа жан-жақты қызмет ететін қатынас құралы.

Антропонимика (грек. anthropos - адам; onyma - есім, ат) - ономастиканың антропонимдерді, яғни кici аттарын, тегін, лақап және бүркеншік есімдерді зерттейтін саласы.

Билингвизм (лат. bi+lingua - екі тіл) - қоғамда (мемлекетте) белгілі бір әлеуметік топтардың, жеке адамның екі тілде бірдей ұдайы қарым-қатынас жасауы, яғни сөйлеу, жазу тәжірибесі.

Дефиниция (лат. definito - анықтау) - белгілі бір термин не сөз арқылы бейтаныс басқа терминнің (сөздің) мағынасын ашу; зерттеу объектісіне мінездеме беру; пайымдау.

Жалпы тіл білімі - тіл білімінің барлық тілдерге тән заңдылықтары мен қасиеттерін зерттейтін ғылым.

Имитативтер - еліктеуіш, елестеуіш, бейнелеуіш сөздер (Ә. Қайдардың зерттеу еңбегі бойынша) .

Кодификация (лат. codification - жүйелену) - тілдің нормалық қалыпқа түскен үлгілі нұсқасын сөйлеуде, жазуда үнемі сақтап, қайталап отыруды қамтамасыз ететін ережелер жиынтығы.

Колористика - түс пен жарықтың табиғаты, олардың негізгі сипаттамасы, түрлі түсті қабылдаудың психологиялық заңдылықтары мен мәдениет туралы білімді қамтитын түс туралы ғылым.

Лексикография (грек. lexikos - сөз туралы, сөзге қатысты, grapho - жазамын) - сөздік жасаудың теориясы және тәжірибесімен айналысатын, олардың ғылыми ұстанымдарын жасайтын қолданбалы тіл білімінің жетекші саласы.

Лексикология (грек. lexikos - сөз, сөзге қатысты, logos - ілім) - сөздердің лексикалық жүйеде алатын орнын, шығу төркінін, қолдану қабілеттілігін, күнделікті қарым-қатынастағы көрінісін, түрлі стильдік мәні мен сипатын тексеретін тіл білімінің саласы.

Лексикон (грек. lexikon - сөздік) - 1. ертеректе шыққан сөздіктердің атауы; 2. белгілі бір тілге не диалектілер мен жаргондарға, кәсіби сөздерге қатысты барлық сөздердің жиынтығы.

Моносиллаб (грек. mono - бір, syllabe - буын) - бір буыннан тұратын сөз.

Ономастика (грек. onomastike - есім беру өнері) - тіл білімінің жалқы есімдерді зерттейтін саласы.

Паремиология (грек. paroimia - нақыл, мақал, logos - ілім) - мақал- мәтелдерді зерттеу мен жіктеуді қарастыратын ғылым саласы.

Плеоназм (грек. pleonasmos - артықшылық) - қабаттасып қатар қолданылу нәтижесінде бip мағынаны білдіріп, қалыптасып кеткен екі сөз.

Салыстырмалы-тарихи әдіс - тіл дамуының тарихи заңдылықтарын, тілдердің тектестігін анықтау үшін салыстырмалы-тарихи тіл білімінде қолданылатын зерттеу әдістерінің жиынтығы.

Сөздік - 1. тілдің, диалектінің, белгілі бір әлеуметтік топтардың, жеке бір жазушының, т. б. лексикасы, сөздік құрамы; 2. сөздер мен морфемалардың, сөз тіркестері мен идиомалардың, т. б. әліпби тәртібімен орналастырылып, олардың түсінігі немесе аудармасы берілетін анықтамалық кітап.

Терминология (лат. terminus + грек. logos - ілім) - ғылым, техника, өндіріс, өнер, қоғамдық өмір, шаруашылықтың сан саласында арнайы ұғымдар мен нақты объектілерді атау үшін қолданылатын сөздер мен сөз тіркестерінің жиынтығы.

Топонимика (грек. topos - орын, мекен; onyma - есім, ат) - топонимдердің, яғни географиялық атаулардың қызметін, маңызы мен шығу тегін, құрылысы мен тарау шеңберін, белгілі уақытта дамуы мен өзгеруін зерттейтін ономастика саласы.

Түркітану - түркі халықтарының тілін, ауыз әдебиетін, тарихын, этнографиясын, жалпы мәдениетін зерттеу нәтижесінде қалыптасқан шығыстану ғылымының жеке саласы.

Тіл білімі , лингвистика - әлем тілдерінің құрылысын, әлеуметтік функциясы мен тарихи дамуын, адамзаттың табиғи тілін, оның жалпы заңдылықтарын, қолданылуын және адам қоғамын зерттейтін гуманитарлық ғылым.

Тіл саясаты - көпұлтты (көптілді) мемлекетте этностардың (диаспоралардың) жарасты өмip cүpyi мен тұрақтылығына, ұлтаралық бейбітшілік пен келісімнің сақталуына бағытталып жоспарланған мемлекет тарапынан жүргізілетін ic-қимылдар жүйесі; әлеуметтік өмірде тіл мәселелерін шешу үшін қолданылатын идеологиялық принциптер мен практикалық шаралардың жиынтығы.

Ұйғыртану - ұйғыр халқының тілі, әдебиет, мәдениеті, ауыз әдебиетімен шұғылданатын, ұйғыр тілінің тарихи және қазіргі жайы туралы зерттеумен айналысатын ғылым саласы.

Ұлттық тіл - ауызекі және жазба түрде ұлттық қарым-қатынас құралы қызметін атқаратын тарихи-әлеуметтік категория.

Фразеология (грек. phraseos - сөйлемше, logos - ілім) - 1. тілдің қазіргі және тарихи фразеологиялық құрамын зерттейтін тіл білімінің саласы; 2. бір тілге тән фразеологизмдердің жиынтығы.

Этимология (грек. etymos - ақиқат, сөздің шын мағынасы, logos - ілім) - салыстырмалы-тарихи әдіске сүйене отырып, шығу тегі көмескіленген, туыстық

байланысы жоғалған сөздер мен морфемаларды қалыпқа келтірумен шұғылданатын, сөз төркінін зерттеп, айқындаушы тарихи лексикологияның және жалпы тіл білімінің бір саласы.

Этнолингвистика (грек. ethos - халық, тайпа) - тілдің қызметі мен дамуының халық мәдениеті мен психологиясына қатынасын, олардың бір-біріне әсерін зерттейтін тіл біліміндегі бағыт.

Этнонимика (грек. ethos - халық, тайпа; onyma - есім, ат) - этнонимдердің шығу тегі мен таралуын, қолданылуы мен құрылымын зерттейтін ономастиканың бір саласы.

БЕЛГІЛЕУЛЕР МЕН ҚЫСҚАРТУЛАР

БАҚ - Бұқаралық Ақпарат Құралдары БК - библиографиялық көрсеткіш

б. т. - бет табақ

ҒА - Ғылым академиясы ғғ. - ғасырлар

ж. - жыл

ж. б. - және басқа қаз. - қазақша

ҚаҰУ - Қазақ Ұлттық Университеті

ҚӘТС - Қазақ тілінің әдеби түсіндірме сөздігі (15 томдық) КОКП - Кеңес Одағының Коммунистік партиясы

КСР - Кеңестік Социалистік Республика

КСРО - Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы ҚСЭ - Қазақ Совет энциклопедиясы

ҚР - Қазақстан Республикасы

ҚХР - Қытай Халық Республикасы МХР - Моңғолия Халық Республикасы мыс. - мысалы

млн. - миллион орыс. - орысша

ред. басқ. - редакциясын басқарған т. с. с. - тағы сол сияқты

ҰҒА - Ұлттық Ғылым Академиясы ұйғ. - ұйғырша

КІРІСПЕ

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақ тіл білімі ғылымында өзіндік қолтаңбасын қалдырған профессор Ә. Т. Қайдар - отандық тіл білімі және түркітану ғылымының іргелі зерттелуі мен дамуына зор еңбек сіңірген ғалым, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беруге бағытталған тіл саясатының қалыптасуына атсалысқан қоғам қайраткері, қазақ этнолингвистикасының негізін салушы. Академиктің лингвистика саласындағы бай мұраларын жинақтай келе, қазақтану іліміндегі «Қазақтар: ана тілі әлемінде» атты үш томдық этнолингвистикалық сөздігі арқылы ғалымның тілдік әлемі мен ғалымдық тұлғасын таныту - ғылыми жұмыстың өзектілігі болып табылады.

Зерттеудің мақсаты. Лингвистика ғылымының көкжиегінде әр бағытта зерттеу жүргізген ғалымның көпке танымал еңбектерін топтау, саралау.

Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін төмендегідей міндеттер қойылды:
  • зерттеудің мазмұнына қатысты ғылыми-теориялық деректерге сүйеніп, библиографиялық көрсеткіштермен жұмыс жасау;
  • ұлттық санасы жоғары, ғұмырын ғылымға арнаған профессор Ә. Қайдардың еңбектерін тақырып бойынша топтастыру;
  • жаһандану, ғаламдану үрдісіндегі реэтнизациялауда, соның ішінде қазақтану ілімінде этнолингвистика саласының маңыздылығы мен қажеттілігіне баса назар аударып, айрықша тоқталу;
  • лингвистикалық мұраларының бірі «Қазақтар: ана тілі әлемінде» атты еңбекті жазудағы автордың тың көзқарасы мен оны ғылыми ортаға танытудағы діттеген мақсатын анықтау;
  • осы аталмыш еңбектің мазмұнын саралап, ғылыми-теориялық ұстанымын басшылыққа алып, академик Ә. Қайдардың ғылымдағы тілдік тұлғасын даралау;
  • Ә. Т. Қайдардың «Қазақтар ана тілі әлемінде» этнолингвистикалық сөздігі мен Н. И. Толстойдың «Этнолингвистический словарь славянских древностей» еңбектерінің тілдік әлемін салыстыру.

Зерттеу нысаны. Ә. Қайдардың лингвистикалық ғылыми еңбектері.

Зерттеу пәні. Ә. Қайдардың лингвистика саласындағы мұрасының зерттелуі.

Зерттеудің әдіс-тәсілдері. Зерттеуге қойылған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін ғылыми зерттеу методының теориялық деңгейіне сәйкес сипаттамалық зерттеу, жүйелеу, тақырыптық-мағыналық топтастыру; эмпирикалық деңгейдің салыстыру; тәжірибелік-теориялық деңгейге сәйкес индукция-дедукция; метатеориялық деңгейдің анализ-синтез әдістері қолданылды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Бар ғұмырын қазақ тіл білімі саласын зерттеуге арнаған ҚР ҰҒА академигі, Халықаралық Қазақ тілі қоғамының президенті, белгілі түркітанушы Ә. Қайдардың лингвистика саласындағы көпжылдық, жан-жақты зерттеу еңбектерінің көрсеткіші әрі жиынтығы ретінде

«Қазақтар: ана тілі әлемінде» атты этнолингвистикалық сөздігінің ерекше орны мен маңыздылығы айқындалып көрсетілді.

Зерттеу жұмысының тәжірибелік маңыздылығы. Зерттеу жұмысы нәтижелерін жоғары оқу орындарында оқытылатын тіл тарихы, түркітану, терминология, фразеология, этнолингвистика салаларының теориялық курстарын оқытуда, тұлғатануға қатысты түрлі арнаулы семинарлар мен курстарды жүргізуде пайдалануға, қолдануға болады деп санаймыз.

Сондай-ақ, зерттеу жұмысы нәтижелерін, Ә. Қайдарға арналған тұлғатану курстарын жүргізуде тиімді пайдаланумен қатар, лексикографиялық тәжірибелерде, атап айтқанда, сөздіктер құрастыруда басшылыққа алу тұрғысынан құндылығы бар деуге болады.

Зерттеу нәтижелерінің жарияланымдары. Зерттеу жұмысының негізгі ғылыми нәтижелері мен қорытындылары бойынша халықаралық ғылыми- тәжірибелік онлайн-конференцияларда 3 ғылыми мақала жарияланды. Атап айтқанда:

  1. «Тіл саясаты мен тіл мәдениетінің сабақтастығы» (80-85 бб. )

«Мағжан оқулары - 2020» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн- конференцияның материалдары. - Петропавл: М. Қозыбаев атындағы СҚУ, 2020.

- 214 б.

  1. «Ұлттық тілтаным ‒ рухани жаңғырудың алғышарты» (162-167 бб. )
  2. «Қазақ лексикографиясы: өткені мен бүгіні» (167-172 бб. )

«Сәбит Мұқанов: тұлға және мұра» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференцияның материалдары. - Петропавл: М. Қозыбаев атындағы СҚУ, 2020. - 211 б.

Ә. Т. ҚАЙДАРДЫҢ ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫРБАЯНЫ «МЕН ҒЫЛЫМҒА БІРДЕН КЕЛГЕН ЖОҚПЫН . . . »

Қазақ тіл білімінің ғылым ретінде іргетасының қалануы А. Байтұрсынұлының есімімен тығыз байланысты болса, жалпы тіл білімінде қазақ ұлттық тілтанымының қалыптасып, дамуы да дәл осы тілші-ғалым есімімен аталатын Тіл білімі институтына тікелей қатысты.

ҚР Білім және ғылым министрлігі ҒА-ның ғылыми-зерттеу мекемесі болып саналатын бұл институт қазақ тілі мен түркітанудың іргелі, қолданбалы мәселелерін зерттеумен қатар, жалпы тіл білімінің де жаңаша бағыттарын қарастырып, зерделеумен айналысады.

Институт тарихына қысқаша тоқталып өтетін болсақ:

а) 1932 жылы КСРО ҒА-ның Қазақстан базасы жасақталды. 1936 жылы оның құрамына 1934 жылы құрылған «Ұлт мәдениеті» институты енді. Институттың алғашқы директоры С. Аманжолов болды;

ә) Аталған институттың тіл, әдебиет, халық шығармашылығы және тарих секторлары базасы негізінде 1938 жылы КСРО ҒА-ның Қазақ бөлімшесі құрылды;

б) Бұл бөлімше 1941 жылы «Тіл, әдебиет және тарих» институтының құрылуына негіз болды. Алғашқы директоры Н. Сауранбаев болды;

в) 1945 жылы институттан «Тарих, археология және этнография» мен «Тіл және әдебиет» институттары бөлініп шықты;

г) 1961 жылы Қ. Сәтбаев пен М. Әуезов сияқты ғалымдардың бастамасымен Тіл және әдебиет институтының негізінде «Әдебиет және өнер» институты мен

«Тіл білімі» институты қайта құрылды. Институт директоры болып академик І. Кеңесбаев тағайындалды;

ғ) 1990 жылы 26 ақпанда «Тіл білімі» институтына Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді.

Институтта, негізінен, қазақ тілінің құрылымы мен тарихы, туыстас және өзге тілдермен байланысы, ономастика мен терминологиясы, диалектологиясы, қоғамдық қызметі, мәдени өмірдегі орны, т. б. мәселелер көне түркі, ортағасырлық, кейінгі ортағасырлық жазба ескерткіштер негізінде зерттеліп, тіл білімінің жетістіктері мен нәтижелері жұртшылыққа насихатталады. Қазіргі кезде институт құрамында фонетика, лексикология, грамматика, тіл мәдениеті, қолданбалы лингвистика бөлімдері мен тілдер кафедрасы бар, одан өзге ономастика, терминология, әдеби тіл тарихы, этнолингвистика топтары жұмыс істейді. Сондай-ақ, институт осы аталған мәселелер бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізумен қоса, жоғары білікті мамандарды, атап айтқанда, ғылым кандидаттары мен докторларын даярлаумен айналысады [1; 2] .

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында тілтанымның өзекті мәселелері жөнінде тынымсыз ізденісі арқылы ғылыми-тәжірибелік жұмыстар жүргізумен қатар, ұзақ жылдар бойы басшылық қызметті қоса алып жүрген, ғалымдық тұлғасымен ерекшеленетін маман - Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар.

Ә. Туғанбайұлы отандық тіл білімі ғылымында есімі ерекше аталатын ғалымдардың бірі де бірегейі десек, артық айтқандығымыз емес. Тілші-ғалым лингвистиканың түрлі саласында дерлік өз қолтаңбасын қалдырып, қазақ тілтанымының іргетасын негіздеумен айналысты.

Ә. Т. Қайдар ‒ қазақ тіл ғылымының көрнекті өкілі, белгілі түркітанушы, қазақ және ұйғыр тіл білімінің маманы, Ұлы Отан соғысының ардагері, Ш. Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың иегері (1971 жыл), Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1982 жыл), ҚР Ұлттық ҒА-ның академигі (1983 жыл), Түркияның «Dil Kurumu» лингвистикалық қоғамының құрметті (академик) мүшесі (1989 жыл), Башқұрстан Ұлттық ҒА-ның академигі (1991 жыл), Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті президенті (2004 жыл), А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының құрметті директоры қызметін атқарған филология ғылымдарының докторы (1970 жыл), профессор (1972 жыл), ҚР еңбек сіңірген Ғылым қайраткері (2014 жыл) [3; 4; 5] .

Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар 1924 жылы 13 желтоқсанда Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Талдыбұлақ ауылында қызметкер отбасында дүниеге келген. Ұлы жүздің Қаңлы руынан шыққан. БАҚ берген сұқбаттарының бірінде Ә. Туғанбайұлы туған жері жөнінде былай дейді [6] :

«Қазақтың сайын даласында бұлақ көп. Бірақ мен үшін сонша бұлақтардың ішінде бір бұлақ қана көзіме ыстық көрінеді. Ол ‒ Талдыбұлақ. Мен қай жерде жүрсем де, ол менің көз алдымда тұрады. Талдыбұлақ ‒ жер жәннаты Жетісудың төрінде, басын мәңгі ақ қар шалған асқар Алатаудың баурайында жайғасқан, бастауын құзар биіктен алып, ылдиға қарай құлап ағып жатқан бұлақтың бойындағы шағын ауыл. Жас шағымыздан-ақ тау қойнауларын ақтарып, талай биік белестерінен асып, сай-жыралардан сан алуан жеміс-жидек тердік. Таудың салқын самалын жұтып өскен ұлдарының біреуімін. Т. Молдағалиевтің бір өлеңінде: «Жігіттің тауға қарап өскені жақсы», ‒ дейді. Сондықтан менде кішкентайымнан тауға қарап өскен адамдардың бірімін».

Бұл пікірден-ақ, Ә. Қайдардың туған жерін бағалайтын, құрмет тұтатын азамат болғандығын аңғарамыз. Ғалым өз сұқбаттарында туған жерден нәр алып өскендігі, туған жерінің оның болашақ өмірі мен қызметіне әсер еткендігі жөнінде пікір білдіріп, ерекше толғаныспен баяндайды. Балалық шағы туралы сөз қозғағанда отбасында тоғыз ағайынды болғандығын айтады:

«Біздің анамыз Жамбала көтерген тоғыз құрсақтың ең үлкені мен екенмін де, ең соңғысы, сүт кенжесі, менің жалғыз қарындасым ‒ Роза. Тоғыздан тірі қалған да осы екеуіміз», - дейді.

Ғалымның балалық шағы ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келгендіктен, ол нәубет жылдарды Ә. Туғанбайұлы былайша есіне алады:

«Ашаршылықтан ел қырылып жатқан кезде, қайдан жөнді мектеп болсын? Көшеге шығуға да қорқамыз. Өйткені күнде еститініміз: «анау үй итін сойып жепті», «анау әйел екі жастағы баласын сойып жеп, жынды болып қалыпты» деген гу-гу әңгімелер. Ертеңгісін таңертең ұйғыр мектебіне кетіп бара жатқанымызда кемпір мен шалдың күнгейге шығып отырғанын көреміз де,

мектептен қайтып келе жатқанда жаңағылардың қылжиып өліп жатқанын көреміз» [6] .

1939 жылы Ә. Туғанбайұлы Ленин комсомолы қатарына мүшелікке қабылданады [5; 7] . Ә. Қайдардың айтуынша, оның жетінші сыныптан бастап шыңдап кіріскен өнердің екі саласы болған: біріншісі - сурет, екіншісі - музыка.

«Сызылта тартылатын скрипка, бұлбұлша сайрайтын мандолинаны ептеп меңгергендей болдым. Өз кезінде музыка мен сурет өнерінің екеуі де, мен үшін өзегімді жарған арман болғаны рас. Студент кезімде салған бір суретті көріп, Ә. Нұрпейісов: «осы суретті маған бер» деп өтініш жасаған еді, бірақ мен сол суретті қимай, өзімде сақтап қалдым», - деген естеліктерімен бөліседі ғалым [6] . Белгілі ғалым Р. Сыздықтың «Ана тіліміздің айбыны» атты мақаласы Ә. Туғанбайұлының адами қасиеттері мен ғылымдағы өмір жолына арналған. Мақалада балаң Әбдуәлидің «дариғасы» (арман-ұмтылысы) сурет пен музыка өнері болғандығы жөнінде Р. Сыздық: « . . . суретші болсам деп, еліктеп, көшіріп сурет те салыпты (Ә. Қастеевтің «Амангелдісін» айнытпай көшіріп салған суреті өзі оқыған мектепте 1947 жылдарға дейін ілініп тұрыпты), бармағымнан бал тамдырсам деп, домбыра мен мандолин де тартыпты, білімді азамат болсам деп, мектепте де үздік оқыпты», - деп келтіреді. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында жарты ғасырдан астам уақыт бірлесе қызмет еткен әріптесі Р. С. Сәтіғалиқызының пайымдауынша, «Ә. Қайдар көрсеткен ерліктің алғашқы майданы - соғыс даласы болса, екіншісі - білім-ғылым алаңы еді». Көлемді ғылыми-зерттеу кітаптарының авторы, көптеген ғылыми атақ-дәрежелерге ие болумен қоса, шәкірт тәрбиелеген Ә. Т. Қайдардың ғылым майданында да толағай

табыстарға жетуін Р. Сыздық үлкен ерлікке балаған [3, 221-222] .

1942 жылдың мамырында қазақ орта мектебінің тоғыз сыныбын және он айлық педагогика курсын аяқтасымен, Ә. Қайдар өз еркімен сұранып майданға аттанады. 1942-1945 жылдары ол Ұлы Отан соғысының Калинин, Бірінші Прибалтика және Екінші Белорус майдандарында болады.

1944-1945 жылдары Ә. Туғанбайұлы Ленинградтың Жданов атындағы әскери-инженерлік училищесін бітірген соң, Совет Армиясы қатарындағы қызметін кіші лейтенант атағымен одан әрі жалғастыра түседі. Бастапқыда инженер-сапер, пантонер (өзен-сулардан өтетін пантон көпір жасаушы) офицер, взвод командирі сияқты қызметтері мен майдандағы жауынгерлік ерлігі үшін Ә. Қайдар 1942 жылы (1984 жылғы БК-те 1944 жылы деп берілген) ІІІ дәрежелі

«Даңқ»; 1942 жылы І дәрежелі және 1944 жылы ІІ дәрежелі «Отан соғысы»; 1944 жылы (1984 жылғы БК-те 1945 жылы деп көрсетілген) «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен және «Москваны қорғағаны үшін» т. б. медальдарымен марапатталады [3; 5; 7] .

Екінші дүниежүзілік Ұлы Отан соғысы туралы Ә. Қайдар: «Мен сол кезде он алты жасқа толып, он жетіге аяқ басқан бала едім. Балдәуренмен бір сәтте-ақ қоштастым, өйткені ел шетіне жау тиді. Байқағаным, бұл соғыс елдің жүрегін пышақпен осып өткендей болды. Ол кезде менің әкем мен әкемнің екі інісін, үшеуін бірдей жиырма күннің ішінде әскерге алып кетті. Соның өзі маған қатты

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Тіл білімі ғылымы туралы түсінік
Жалпы тіл білімінің нысаны мен негізгі проблемалары, салалары
Тіл білімі туралы жалпы түсінік
Тіл білімі тарихын кезеңдерге бөлу мәселесі
Тіл білімі лингвистика туралы түсінік
Жалпы тіл білімінің зерттеу нысаны және пәні. Дәрістер кешені
Графикалық лингвистиканың негізгі ұғымдары
Тіл білімі тарихы пәні бойынша ОҚУ-ӘДIСТЕМЕЛIК КЕШЕН
Мектепте фонетиканы оқыту
Тарихи грамматика мен салыстырмалы тарихи тіл білімінің ұқсастықтары мен ерекшеліктері. Салыстырмалы тарихи тіл білімінің қалыптасу тарихы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz