Мәдени модернизацияны арнайы зерделеудің басты тақырыбы мәдени модернизация



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 200 бет
Таңдаулыға:   
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

ӘОЖ 115.4:130.2 (574) Қолжазба құқығында

ТУРГАНБЕКОВ САМАТ КАЙРАТОВИЧ

Кеңістік пен уақыт аясындағы ұлттық мәдениеттің жаңғыруы: әлеуметтік-философиялық талдау

6D020100 ‒ Философия

Философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация

Отандық ғылыми жетекші: философия ғылымдарының докторы, доцент С.Ж. Еділбаева

Шетелдік ғылыми жетекші: философия PhD докторы,
Оңтүстік Калифорния университетінің
профессоры Шэрон Ллоид
(АҚШ)

Қазақстан Республикасы Алматы, 2017

МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ 3
1 ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТ МОДЕРНИЗАЦИЯНЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ- ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
0.1 Модернизация түсінігі: концептуалдық негіздері мен ғылыми-теориялық қағидалары 12
0.2 Мәдени модернизацияның кеңістіктік-уақыттық континуумы мен тәжірибелік қырлары 30
0.3 Ұлттық мәдени модернизацияны зерттеудің философиялық-әдіснамалық мәселелері 44
1 ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТ МОДЕРНИЗАЦИЯСЫНЫҢ ТАРИХИ- ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ЖӘНЕ САЯСИ-ӘЛЕУМЕТТІК ТҰҒЫРЛАРЫ МЕН ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ
0.1 Қазақстандық ұлттық мәдени модерниз ацияның кеңістік пен уақыт аясындағы тарихи өлшемдерінің өзіндік ерекшеліктері 60
0.2 Ұлттық интеллектуалды дәстүр мен мә дениетті қалыптастырудың философиялық мәселелері: өткен мен қазіргі заман тұрғысы 75
0.3 Қазақстан қоғамының рухани жаңғыруындағы қазақ философиясының тұғыры, қазіргі келбеті мен болашағы 92
ҚОРЫТЫНДЫ 112
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ 115

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Бұл диссертациялық ғылыми-зерттеу жұмысында модернизация, мәдени және ұлттық мәдени модернизация үдерістеріне философиялық талдаулар жасалынады. Модернизация және мәдени модернизация үдерістерінің ұлттық сипатының тарихи-әлеуметтік бастауларының мәдени-рухани мәселелері әлеуметтік философия тұрғысынан сараланған.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Әлемдік жаһандану үдерісі заманында мәдени, саяси, экономикалық, әлеуметтік интеграциялық құбылмалы өзгерістер аясында тұлғаның, ұлттың, жалпы адамзаттың өзіндік дүниетанымдық көзқарастары мен жалпы өмірлік бағдарларын айқындау міндеті тұрған сыңайлы.
Біріншіден, ұлттар мен ұлыстар, әсіресе, шығыстық дәстүрлі мәдениетін сақтап қалуға ұмтылған халықтар өзіндік төлтума мәдениетінің ерекшеліктерін өркендетуді және осы құндылықтардың үнемі заманға сай модернизациялануын, біртұтас ұлттық мәдениет кеңістігін қалыптастыруын, оның әралуандылыққа серпін беруін, адамзат баласының шығармашылық тұрғысынан жан-жақты дамуы мәселелерінің өзектілігін күн тәртібіне қойып отырған шақта, қазіргі таңда әлемде болып жатырған қоғамдық өмірдің кейбір салаларындағы дағдарыстар мен үдерістерге қарамастан, қоғамдық санада модернизация, атап айтқанда, мәдени және ұлттық мәдени модернизация үдерістері ғылыми талқылаулар кеңістігінде күн тәртібінде тұр деп айта аламыз.
Екіншіден, қазіргі ұлттық мемлекеттер жаңарудың жаңа траекториясын айқындауда әлеуметтік-мәдени кеңістікті түлетудің маңыздылығын ескере отырып, тарихи тәжірибеге де объективті көзқараспен бағалаудың қажеттігін көрсетіп берді. Бұл - біз қарастырып отырған модернизацияның жаһандық үдерістері мен жеке мемлекет даму жолының үйлесімдігінің байланыстарының өрістерін сараптауды болжайды. Мәдени руханияттың модернизациясы - жалпыадамзаттық және өзіндік-ұлттық-болмыстық әлеуеттің болашаққа бой сермеуін көрсететін тәрізді. Осы тұрғыдан алғанда, бұл зерттеу ұлттық мәдениеттің жаңғыруының заман талабы мен адамзат эволюциясының үзілмес келешегі екендігіне де өзіндік үлесін қоса алатын ойтолғамдарға философиялық дискурстар аймағын туғыза алатындығы үшін белгілі бір деңгейдегі маңызды талпыныстардың бірі деп айта аламыз.
Үшіншіден, жаһандану дәуірінде ұлт пен ұлтшылдық мәселесі мемлекеттік және әлемдік кеңістік аясында бірегейленуі тиістілігін арттырып келе жатыр деп айта аламыз. Ұлт қалыптастыру мәселесінде әлемдік үрдістер мен ғылыми тұжырымдамалар сантүрлі екендігі рас. Десе де, азаматтық сана, қазақтың мәдениеті мен дүниетанымы, мемлекеттілігі мен қоғамдық санадағы ұлттық рух қуаттанған сайын, өзін-өзі тануға деген мүмкіндігі, өзін тұтас әлеуметтік- рухани күш ретінде ұстауға деген ықыласы артып келеді. Ендеше, аталған

тақырыптың өзектілігі рухани жаңғыруға бет бұрған заманауи мемлекеттік саясатымызға ыңғайластырылғандығымен де байланысты.
Төртіншіден, еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап, қоғамдық өмірдің әр саласындағы модернизациялану бағытын әлеуметтік және мәдени институттарымыз қолға алып келеді. Жаңару мен жаңғыру жүзеге асып отырған шақта, бұл үдерісті қоғамдық қатынастар мен мәдени институттардың барлық салалары қамтуы тиіс. Модернизация үдерісінің ұлттық мәдени аспектісі жаңаша рефлексиялануды қалайды. Ендеше, біз қарастырып отырған тақырып қоғамымыздағы осындай өзекті мәселелерді теориялық және тәжірибелік тұрғыдан сараптау қажеттілігінен туындайды.
Бесіншіден, жаңару ұғымы адамзат санасында стереотиптер ретінде қабылданған. Сондықтан, Жаңару мен Жаңғыру адамзаттың Даму эволюциясына тағайындалған тағдыр деп тұжырым жасасақ, Ілгерілеу (салыстырмалы түрде) әрбір аймақтағы ұлттар мен ұлыстардың өзіндік кредосына айналған. Әрине, қазіргі өркениеттік қоғамда, Жер планетасында, өкінішке орай, Артта қалған деп айдар таңылған мемлекеттер мен ұлыстар бар. Олардың жаңару мен жаңғыруды қалайтындығы беймәлім, бірақ, бізге адамзаттық дамудың тағдыры тағайындаған мүмкіндіктер берілген сыңайлы. Осыған орай, біз зерттеп отырған тақырыптың өзінің өзектілігін былайша тиянақтай аламыз: бірінші деңгейде табиғи эволюцияның Жаңаруды қалайтындығынан өрбиді, екінші, мемлекеттік саясаттың өркениеттікке деген ұмтылыс ұстанымына байланысты, үшінші, қазақ халқының тарихи санасындағы батыстық өркениеттің ұлттық ділімізге сай келмейтін деп танылған құндылықтарын сыни тұрғыда зерделеп, өзіндік төлтума даму жолын қалайтындығынан туындайды. Демек, ұлттық мәдениеттің жаңғыруының тарихи көріністерін зерделеп, қазіргі күйі мен болашағын бағамдау заман талабынан туған сұраныс.
Диссертация тақырыбының зерттелу деңгейі.
Диссертациялық зерттеу бойынша сарапталған мәселелердің теориялық аспектілерін философия, мәдениеттану, дінтану, әлеуметтану, тарих, психология, экономика, құқық және т.б. ғылыми білімнің көптеген салаларының құрылымдарынан таба аламыз.
Модернизация үдерісін әлеуметтік-философиялық тұрғыдан әлемдік деңгейде, кең ауқымда зерделеуде мынадай шетелдік және отандық ғалымдардың зерттеу жұмыстары мен тұжырымдамалары куә бола алады.
М. Вебердің тұжырымдаған әлеуметтік және мәдени әрекеті атты ұстанымы [1] батыс модернизациясының мәдениетті зерделеуші бағыттарының қайнар бастауы ретінде көрініс тапқан болатын.
Модернизацияның классикалық теориясының өкілдері: У.У. Ростоу [2], Е.А. Дэвид [3], Д.К. Макклелланд [4], А. Инкелс пен Д.Х. Смит [5], Ж.С. Нейл [6], Д. Лернер [7], К.Е. Блэк [8], Д.Е. Аптер [9]. Олардың ғылыми зерттеулерінде де қоғамдық жаңару мәселелері кеңінен қарастырылып, әрүрлі жіктемелер берілгені белгілі.
С. Круктің Postmodernization: Changes in Advanced Society [10], У. Бектің

Общество риска: На пути к другому модерну [11], Д. Беллдің Грядущее постиндустриальное общество [12], Э. Гидденстің Социология и модерн [13], З. Бауманның Текучая современность [14], П. Бергер мен С. Хантингтонның Многоликая глобализация [15], И. Валлерстайнның
Конец знакомого мира [17], Д. Бенсаидтың Большевизм и 21 век [18], П. Штомпканың Cоциология социальных изменений [19], Ю. Хабермастың
Философский дискурс о модерне [22], Ш.Н. Эйзенштадттың Революция и преобразование обществ. Сравнительное изучение цивилизаций [23], В.Г. Федотованың Хорошее общество [26], С.Н. Гавровтың
Социокультурная традиция и модернизация российского общества [28], авторлық ұжымда жазылған В.Г. Федотова, В.А. Колпаков пен Н.Н. Федотованың Глобальный капитализм: три великие трансформации [29], Н.А. Алдабек, П.Е. Бектұрғанова, А.Е. Серікқалиева, Д.Б. Дәуен және М.Б. Асылдың Модернизация Китая и Казахстан [30], Хэ Чуаньцидің
Обзорный доклад о модернизации в мире и Китае [31] және т.б. тұжырымдамалар модернизация үдерісін жан-жақты қарастырған болатын.
Сонымен қатар, Мәдени модернизация ұғымын әлеуметтік- философиялық зерттеулердің жаңа нысаны ретінде ұсынған келесі зерттеушілердің тұжырымдамаларын атап көрсетуімізге болады: Хэ Чуаньцидің
Обзорный доклад о модернизации в мире и Китае [31], А.М. Ержанова мен Б.Ғ. Нұржановтың Культура, коммуникации, медиа [32], Р. Робертсонның
Возвращение религии и конфликтная ситуация мироустройства [33], Ю. Хабермастың В поисках национальной идентичности [34], С. Лэштың
Постмодернизм как культурная парадигма [35], И. Крэйбтың Игра идей [36], Р. Инглхарт пен К. Вельцельдің Модернизация, культурные изменения и демократия: Последовательность человеческого развития [37], Д. Хелд, Д. Гольдблатт, Э. Макгрю мен Дж. Перратонның Глобальные трансформации: Политика, экономика, культура [38] т.б.
Сонымен қатар, модернизация мәселесі бойынша жазылған: А.А. Аузан, А.Н. Архангельский, П.С. Лунгин мен В.А. Найшульдің Культурные факторы модернизации [39], И. Валлерстайнның После либерализма [40], В. Цапфтың Теория модернизации и различие путей общественного развития [41], В. Куреннойдың Исследовательская и политическая программа культурных исследований [42], Х. Йоастың Креативность действия [43], Дж. Александердің Смысли социальной жизни: культурсоциология [44] және т.б. зерттеу еңбектері де адамзат қоғамындағы модернизацияның әртүрлі қырларын қамтыған. Мәселен, модернизация құбылысының факторлық қасиеттері мен оның креативті сипаты анықталған.
Біз қозғап отырған мәселе хақында өзіндік ойларын жүйелеген қазақстандық философтарды да атап өтуімізге болады. Мәселен, Б. Нұржановтың: Қазіргі таңда Қазақстанда көп айтылып жатқан қоғамның модернизациясы алдағы дамудың негізгі тапсырмалары ретінде экономиканың индустриализациясы мен постиндустриализациясы, саясат пен қоғамдық өмірдің демократизациясы, әлеуметтің информатизациясынан тыс мәдениеттің

модернизациясы мен постмодернизациясын құрайды. Қазақстанда бұл саладағы көзқарас көбіне экономика мен саясатты модернизациялауымыз қажет және мәдениетте дәстүршілдікті сақтауымыз міндетті дегенге сайып келеді. Олай мүлдем болмайды. Себебі, мәдениет те экономика, саясат, құқық секілді қоғамның құрамдас бір бөлігі, егер қоғамның жекелеген сегменттері модернизацияланатын болса, еріксіз түрде өзгелері де модернизацияланады [47, 8 б.], − деп жазған назар аударарлық пікірін атап өтуге болады.
Сонымен қатар, ұлттық мәдени жаңғырудың философиялық- дүниетанымдық, мәдени-тарихи, этномәдени-мифологиялық, бірегейлік- құндылықтық, әлеуметтік-мультимәдениеттілік, мәдени мүдделік-мәдени әмбебаптылық, ұлтшылдық-рухтанушылық, жаһанданулық-жаңашылдық және тағы басқа аспектілері тұрғысынан жасалған зерттеулердің қатарындағы келесі авторлардың еңбектері біз қарастырып отырған тақырыптар аясында парасатты түрде пайымдалған зерттеулер болатын.
Нақтырақ айтқанда, отандық ғалымдар дың: А.Х. Қасымжановтың
Пространство и время великих трад иций [52], Д.К. Кішібековтың
Национальная идея и идеология [53], М.С. Орынбековтың Предфилософия протоказахов [54], Ж.Ж. Молдабековтың Қазақтану және жаңару философиясы [57], Ә.Н. Нысанбевтың Қазақстан халқының рухани- құндылықтық әлемі [60], Б.Ғ. Нұржановтың Модерн. Постмодерн. Культура [47], К. Бұрханов пен С. Бөлекбаевтың Казахстанский путь в дилемме: Восток или Запад? [61], А. Қасабек пен Ж. Алтаевтың Қазақ философиясының тарихы [63], С. Мырзалының Модернизация общества: взаимосвязь политики и морали [67], Т.Х. Ғабитовтың Қазақ мәдениетінің типологиясы [68], С.Е. Нұрмұратовтың Рухани құндылықтар әлемі: әлеуметтік-философиялық талдау [70], З.Н. Исмағамбетованың ХХ ғасырдағы батыс мәдениеті философиясы [73], Ғ. Есімнің Қазақ философиясы мен өркениетінің мәселелері [74], А.Р. Масалимованың Культурная антропология [75], З.К. Шаукенованың Идеологическое конструирование в Республике Казахстан: вехи эволюции и траектории развития в контексте Стратегии
Казахстан-2050 [76], А. Сағиқызының Проблема гуманизма в философии Конфуция [77], М.З. Изотовтың Формирование человеческого капитала в независимом Казахстане: социально-философский анализ [78], Г.Ж. Нұрышеваның Өмірдің мәні: философиялық-антропологиялық талдау [80], С.Ж. Еділбаеваның Білім беру: модерн және постмодерн кеңістігінде [83], А.Г. Қарабаеваның Проблема идентичности и толерантности в условиях модернизации казахстанского общества [84], А.Т. Құлсариеваның
Интеллектуалдық әлеуеттен - интеллектуалдық ұлтқа [86], Р.К. Кадыржановтың Этнокультурный символизм и национальная идентичность Казахстана [87], М.С. Шайкемелевтің Казахская идентичность [88], Б.М. Аташтың Қазақ руханияты: тарихи-философиялық және этномәдени негіздер [89], Хайдар Алфидің Жеңімпаз Ерік: толғаныстар және тойтарыстар [92], С. Қондыбайдың Қазақ мифологиясына кіріспе [93], З. Наурызбаеваның Вечное небо казахов [94], Ә.А. Құранбектің Қазақ

философиясындағы дәстүр мен жаңашылдық (XIX ғасыр мен XX ғасырдың басы) [95] және т.б. өз еңбектерінде келелі ойларын паш етті.
Жаһандық мәдениетке қатысты шетелдік ғалымдардың еңбектеріне тоқталып өтер болсақ, мынадай зерттеу еңбектеріне куә бола аламыз: С.Н. Гавровтың Национальная культура и модернизация общества [100], П.Дж. Бьюкененнің Смерть Запада [101], З. Бауманның Глобализация. Последствия для человека и общества [102], И.П. Aрназонның Nationalism, Globalization and Modernity [103], Дж. Фридманның Being in the World: Globalization and Localization [104], Б.С. Тернердің The Two Faces of Sociology: Global or National? [105], А. Мирсепассидің Intellectual Discourse and the Politics of Modernization [106], авторлық ұжымда жазылған Лиу Фангтоң, Хуаң Соңжи мен Джордж Ф. Маклиннің Philosophy and modernization in China [107], Ту Вэйминнің Культура имеет значение. Каким образом ценности способствуют общественному прогрессу [108], Л.И. Кондрашованың Китайская мечта о национальном возрождении [110], Ю. Хабермастың Модернизация как общественная рационализация: роль протестантской этики [111] және т.б.
Зерттеу жұмысының мақсаты - модернизация үдерісінің мазмұны мен ерекшеліктеріне және оның қазіргі қазақстандық қоғамдағы дамуы мен қалыптасуына әлеуметтік-философиялық талдау жасау арқылы ұлттық жаңарудың болмысын, даму сипаты мен өзекті мәселелерін зерделеу.
Диссертациялық зерттеуді жүйелеу мен мақсатқа жету жолында төмендегідей міндеттер қойылады.
− модернизация үдерісін зерттеу барысындағы идеяларға шолу жасап, әртүрлі әлемдік және отандық ғылыми тұжырымдар мен теорияларды белгілі бір өлшемдерде саралау және соның негізінде Модернизация құбылысы мен үдерісінің әлеуметтік-философиялық, концептуалдық мәнін айшықтау;
− мәдени модернизацияның кеңістіктік-уақыттық континуумы мен тәжірибелік қырларын ашып көрсетіп, негізгі ерекшеліктерін нақтылау, жаһандану дәуіріндегі мәдени модернизацияның парадигмаларын анықтау;
− ұлттық мәдени модернизацияны зерттеудің философиялық мәселелері мен қоғамның даму тұжырымдамасының әлеуметтік дамуы мен мәдени модернизациясындағы қондырғыларды жобалауды айқындау, әлеуметтену тәжірибесіне қатысты мәселелердің төлтумалылығын және оның бағыттарын теориялық тұрғыдан пайымдау;
− Қазақстанның кеңістіктік-уақыттық аясындағы мәдени жаңғыруының негізгі кезеңдерін, жаңаруы мен өзіндік даму жолын қалыптастырудағы сыртқы, ішкі ықпал ету факторлары және олардың қоғамның саяси тұрақтануына, рухани тұтастануындағы арақатынасын қарастыру;
− қоғамның зияткерлік болашағын анықтайтын әлеуметтік феномендер ретіндегі заманауи интеллектуалды капитал, инновациялық дәстүр сияқты ұғымдардың және Қазақстан қоғамындағы интеллектуалды мәдениет, тарихилық пен жаңашылдық үлгісінің бірлігін қалыптастыратын құндылықтар

жүйесін айқындау, сонымен қатар, оның ұлттық өзіндік сананың дамуы мен мәдени жаңаруының әлеуметтік-философиялық мәнін көрсету;
− жаһандану үрдісіндегі Қазақстан қоғамының рухани жаңғыруындағы қазақ философиясының теориялық-әдіснамасы, мәні мен кешенді мәселелерін айшықтау және қоғамдағы рухани үдерістерге серпін беретін құбылыстардың мазмұнын нақтылау.
Зерттеу нысаны - Ұлттық мәдениет феномені және оның модернизациялану құбылысы аясындағы ерекшеліктері.
Зерттеу пәні - Қазақстан қоғамындағы модернизация үдерісі және оның этномәдениеттің дамуына ықпалы.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Зерттеудің ғылыми жаңалығы келесілерден тұрады:
− модернизация құбылысы мен үдерісінің негізгі заманауи теориялық- әдіснамалық ұстындары мен тұжырымдарын бағамдау арқылы оның әлеуметтік-мәдени және дүниетанымдық өзегі мен әлеуметтік-философиялық қырлары сараланып, қоғамдық қатынастардың даму үдерісінде, оның тарихи эволюциясында кешенділік тұрғысының маңыздылығы жан-жақты айқындалды және оның әлеуметтегі әмбебапты, өзін ұйымдастырушы өзгерістердің негізі болатындығы көрсетілді;
− мәдени модернизацияның кеңістік пен уақыт өлшемдеріндегі теориялық мазмұны мен тәжірибелік қырлары айқындалып, оның мәдени-рухани ауқымы төлтумалық жаңаша құрылымда сипатталды. Қоғамның мәдени модернизациясының негізінде қалыптасқан құндылықтар жүйесі ұлттық мәдениеттің түбегейлі базалық қорларын нығайту арқылы ғана әлеуметтегі мәдени-рухани жаңғыру тетіктерінің пәрменді әрекет ететіндігі тұжырымдалды;
− ұлттық мәдени модернизацияның негізгі сипаты ұлттық мәдени-рухани құндылықтардың аясында қалыптасуы мен дамуының өрнектелетіндігі бағамдалып, заманауи мәдени коммуникациялар мен әлеуметтену тетіктері әрбір адам мен этникалық қауымдастықтың дүниетанымдық жүйесінің өзіндік құрылымдануына алып келетіндігі дәйектеледі;
− Қазақстанның мәдени жаңғыруының тарихи-эволюциялық кезеңдері айқындалып, қоғам жаңаруының өзіндік даму жолының қалыптасуына ықпал етуші саяси-мәдени, рухани-әлеуметтік факторлар кешенді көрсетіліп, олардың қоғам қауіпсіздігі сын-қатерлер жағдайындағы көптеген қырлары және ұлт иммунитетінің мазмұны мен мәні айшықталды;
− ұлттық интеллектуалды мәдениетті қалыптастырудың халықтың руханиятында қалыптасқан дәстүршілдік пен жаңашылдықтың бірлігі негізінде жатқандығы дәйекті түрде негізделді. Ұлттың интеллектуалды капиталының қалыптасуы тетіктері айқындалып, құбылысқа әлеуметтік-философиялық тұрғыдан сипаттамалар берілді;
− мәдени-рухани жаңғыру құбылысының философиялық, құндылықтық- мағыналық қырлары анықталып, қазақ қоғамындағы мәдени төлтумалық негіздердің заманауи жаңашыл үдерістермен өзара байланысы жүйелі

пайымдаулар арқылы көрсетілді.
Қорғауға ұсынылған ғылыми тұжырымдар.
1. Модернизация құбылысын, үдерісін ғылыми сараптауда модерн түсінігі қоғам мен мемлекет дамуындағы мәдени-рухани, тарихи-саяси, әлеуметтік-экономикалық кешенді үдерістер жиынтығы екендігі зерттеудің теориялық алғышарты ретінде алынады. Мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі, азаматтардың қоғамдағы өмір сүру сапасының артуы, мәдени институттардың орнықты қызметі модернизация үдерісінің негізін құрайды, іргетасы болып табылады. Осы тұрғыда, қоғам дамуында дүниетанымдық бағдарлар мен әлеуметтік факторларды зерделеудің маңыздылығы зор.
Модернизация ұғымы категория ретінде тым жалпы және оның баламалы ұғымдары бар екендігі ескерілуі тиіс. Сондықтан, осы ұғымға берілген философиялық анықтамалар мен түсініктемелер әрқилы болып келеді. Зерттеу жұмысында модернизацияның негізінен кешенді сипатта қарастырылуы басымдық танытқан.
2. Модернизация үдерісінің сан қырлы қызметі қоғамдағы мәдени модернизация құбылысында да көрініс беріп отырады. Мәдени модернизация әлемдік және ұлттық сипаттамаларға ие болып келеді және тұтастанған модернизацияның негізгі аспектілерінің бірі. Мәдени модернизацияның кеңістіктік-уақыттық континуумы мен тәжірибелік қырларын бағамдау оның мәдени-рухани негіздерінің мазмұны мен төлтумалық құрылымына әлеуметтік- философиялық түсініктемелер беруге негіз болады. Жаһандану дәуіріндегі мәдени модернизацияның қоғамдық санада бекітілген мәдени-рухани жүйесі мен құндылықтық құрылымдар динамикасы ұлттық, рационалистік, прагматистік және плюралистік сипатта өрістеп жатқаны тарихи-әлеуметтік шындық болып табылады. Мәдени жаңғыру үдерісінің қайшылықты тұстарының үнемі електен өткізілуінің тиімділігі мен маңыздылығы айқын.
3. Ұлттық мәдени модернизацияның тетігі әлеуметтік-мәдени даму мен жаңару үдерістерінде негізделеді. Сонымен қатар, қоғамның әлемдік әлеуметтік-мәдени көптүрлілік сипатындағы құбылыстарды игерумен астасып жатады. Мәдени коммуникация мен мәдени әлеуметтену моделдерінің көптеген көкжиектері мәдени модернизацияның ұлттық болмысы мен санасына ықпалының бағыт-бағдарын айқындап отырады. Мәдени әмбебаптылық көптеген зерттеушілердің пайымдауынша тек батыстық мәдени ортаға ғана тән заңдылық деп тұжырымдалады. Дегенмен, әлемдік мәдениеттер матрицасында өзге де мәдени парадигмалар күрделі қатынастар қисынымен қалыптасып, қазіргі кезеңде өрбу үстінде екенін атап өтуіміз керек.
4. Қазіргі Қазақстандағы модернизациялық үдерістер батыстық және шығыстық әмбебап негізінде қалыптасуда. Модернизация әлеуметтік және саяси-экономикадағы тұрақтылық, либералдану мен жекешелендіру сипатына арқа сүйейді. Отандық әлеуметтік, мәдени-рухани, саяси және дүниетанымдық құрылымдар мен қатынастардың әлеуметтік-мәдени нәтижелері мен үдерісін кешенді түрде айқындауда ұлттық мәдени модернизация ұғымының мазмұны зор. Ұлттық мәдениет иммунитеті кез келген деңгейде, қайшылықты

кезеңдерде өзге қоғамдардың әлеуметтік институттары мен құндылықтар жүйесі дәріптейтін басымдықтарға жаһандану дәуірі алып келген сын- қатерлерге қарсы төтеп бере алатындай қауқары болуы тиіс. Ұлттық мәдени модернизацияны жүзеге асыруда жергілікті мәдениеттің, дүниетанымның, тарихтың, саяси дәстүрлердің ерекшеліктерін барынша ескерудің қажеттігі анық және ұлттық мәдени модернизациялану саясатын жүзеге асыруда әлеуметтік субъектілер мен құрылымдар арасындағы өзара саяси жауапкершіліктің маңызы арта түседі.
5. Мәдени модернизацияда интеллектуалды мәдениеттің ұлттық сипаты дәстүршілдікпен ғана емес, оның тұтастай алғандағы мазмұны, морфологиялық құрамы, құрылымы, инновациялық құндылықтармен өзгешеленетінін ескеру маңызды. Ұлт болмысындағы интеллектуалды дәстүр идеялар мен ойлау тәсілдерінің сабақтастығымен астасып жатады және ол тарихи мұраның үздіксіздігімен айқындалып, жаңғыртудың тетіктерінің үйлесімді қызмет атқаруына негіздеме болады. Ұлттың интеллектуалды рухани байлығы тұлғаның жан-жақты және сапалы қалыптасуына ықпал етеді, қоғамдық және ұлттық сананың дамуына өзіндік мағына береді. Ұлттың интеллектуалды капиталының өзегін азаматтардың сауаттылығы, білімділігі, қоғамдағы гуманизм ұстанымдарының басымдығы құрайды және үдерістердің аталмыш философиялық тұрғыдан сараптаулардан өткізіліп тұруының маңызы зор.
6. Қазақстан қоғамының қазіргі тарихи кезеңдегі мәдени-рухани жаңғыруы үдерісін ұлттық философиялық тұрғыда игерудің орны ерекше. Мәдени жаңғыру аясындағы көзқарастарға жасалынған сараптамалар қазақ философиясының әдіснамасы, мәні мен мәселелері туралы жаңа бағдарларды айқындайды. Олар ұлттық философиялық дискурсқа тән ерекше серпін мен стилистиканы өз кезегінде қалыптастырады. Жаңа ғылыми ізденістер мен бағыттар тарихи-философиялық, әлеуметтік-философиялық, рухани-мәдени сипатта өрбуде. Қазақ философиясындағы жаңашылдық ұғымы қаншалықты күрделі, қарама-қайшы, тұрақсыз болғанымен белгілі бір деңгейде құндылықтық қисынға ие екендігі және оның кейбір күрделі ұлттық мәдени- рухани үдерістерге тән сипаттамаларды айшықтауға мүмкіндіктер беретіндігі анық.
Зерттеудің тәсілі мен әдіснамалық негіздері. Ғылыми зерттеуде тарихи- мәдени сабақтастық қағидалары, жүйелі сараптама, компаративистика және констелляциялық әдістер қолданылды.
Сондай-ақ, ізденуші отандық, шетелдік философ және мәдениеттанушы ғалымдардың еңбектеріндегі идеялар мен әдіснамалық әдіс-тәсілдерін басшылыққа алады.
Зерттеудің теориялық және тәжірибелік мәні. Модернизация, мәдени және ұлттық мәдени модернизация үдерісін теориялық тұрғыдан игеруде зерттеу деңгейінде тізбектеліп көрсетілген отандық және шетелдік зерттеуші ғалымдардың еңбектеріне басты назар аударылды. Ұлттық мәдени модернизацияны зерделеуде батыстық және батыстық емес үлгілерге философиялық, әлеуметтік, мәдениеттанулық, саяси сараптама жасалды.

Өркениетті қоғамдарға тән ұлттық мәдени ерекшеліктер мен тетіктердің, дүниетанымның, өзіндік болмыстың сақталуы мен қорғаудың, жаңғыруы мен өміршеңдігі, өлуі мен өшуі сияқты көріністері зерделенді. Ұлттық мәдениет модернизациясы түсінігіне әлеуметтік-философиялық сараптама жасау арқылы және оның болашағын қарастыру барысындағы кешенді ыңғайлар зерделенді. Ұлттық мәдени модернизацияның қоғамдық қатынастардағы орны және оның мәдени-философиялық, әлеуметтік мән-мазмұны дәйектелді.
Жұмыстың тұжырымдары мен ғылыми нәтижелерін жоғары оқу орындарында − мәдениет философиясы, модернизация, мәдени модернизацияның философиялық мәселелері, қазақ философиясының тарихы, ұлттық мәдени жаңғыру мәселелері, қазақ халқының рухани мәдениеті, интеллектуалды ұлт қалыптасуының философиялық мәселелері пәндері мен арнайы курстарын оқыту үдерісінде, дәріс және семинар сабақтарын өткізуде көмекші оқу құралы ретінде пайдалануға болады. Диссертациялық зерттеудің практикалық маңызы зерттеудің нәтижелері мен қорытындыларын модернизация үдерісінің философиялық, мәдени, ұлттық мәселелерімен шұғылданып жүрген жас мамандарға қажетті нұсқаулық еңбек болуында.
Зерттеу нәтижелерінің жариялануы және сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыс әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетіне қарасты философия кафедрасында орындалды. Диссертациялық зерттеудің мазмұны мен негізгі нәтижелері 14 ғылыми мақалада көрініс тапты, соның ішінде ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған саяси, философиялық және мәдениеттану бойынша диссертациялардың негізгі қорытындыларын жариялауға арналған ҚазҰУ хабаршысы журналында - 5 ғылыми мақала, Scopus компаниясының мәліметтер базасына кіретін халықаралық ғылыми журналда - 1 ғылыми мақала, халықаралық ғылыми конференциялар материалдарының арнайы жинақтарында - 8 ғылыми мақала басылды.
Диссертациялық жұмыстың құрылымы мен көлемі. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі негізгі бөлімнен, алты бөлімшеден, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Жұмыстың жалпы көлемі - 130 бет.

1 ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТ МОДЕРНИЗАЦИЯНЫҢ ТЕО РИЯЛЫҚ- ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

0.1 Модернизация түсінігі: концептуалдық негіздері мен ғылыми- теориялық қағидалары

Модернизацияны ХХ ғасырдың еншісіндегі дәстүрлі қоғамның заманауи қоғамға көшуіндегі үдеріс ретінде ғана қарастыру жеткіліксіз. Мұндай дәстүрлі қоғамға деген классикалық көзқарас пен түсінік осы күнге дейін өз маңызын ғылыми айналымда жетекшілік орнын сақтап келді. Бірақ жаһандану үдерісі контекстінде әлемдік экологиялық қатерлер мен ядролық қарулану, экономикалық диверсификация мен дағдарыс дәуіріндегі мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздік мәселелері, адамзат баласының демографиялық жарылысы, жаппай миграция, азық-түліктің келешек тапшылығы сынды көптеген мәселелер қалыптасып үлгерді. Осы және өзге де іргелі қауіп-қатерлер аясында мемлекеттер мен қоғамдар, мәдениеттер арасында табысты, икемді, өзара тиімді, оңтайлы дамуға қатысты бәсекелестік артып та, кеміп те келеді. Сондықтан, модернизация үдерісі заманауи мемлекеттер мен қоғамдарда, мәдениеттерде түрлі сипат пен мазмұнда жүзеге асуда, бірақ ол модернизация теорияларын зерттеу мен зерделеудің жаңа, іргелі ыңғайларын талап етеді.
ХХІ ғасыр басындағы модернизация мемлекет пен қоғам, түрлі мәдени ерекшеліктер алдында тұрған саяси басқару, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және жеке міндеттерді ішкі-сыртқы қауіп-қатерлер мен тәуекел жағдайларда кешенді түрде шешудің оңтайлы тәсілі. Модернизация ‒ жекелеген қоғам, мемлекет дамуындағы техникалық, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, саяси үдерістердің жиынтығы. Заманауи модернизация теориясының шартты қызметтері ретінде мемлекет пен қоғам қауіпсіздігі, азаматтардың өмір сүру сапасының орта деңгейі, мәдени құрылымдардың тұрақты қызметі қарастырылады. Бұл тұрғыдан алғанда кез-келген мемлекеттің аталған шартты мақсаттарға жетуі оның өзге мемлекеттермен салыстырғандағы модернизациясы жайлы нақты білімнің деңгейі мен динамикасын талап етеді.
Ұлттық мәдени модернизация үдерісі динамикасының қалыптасуы мен дамуы әлемдік әралуан мәдени әрекеттердің құрамдас бөлігі ретінде қабілеттілігін қалыптауға сенімділікті ғана емес, мүмкіндіктер мен перспективалар беретіні сөзсіз. Әйткенмен, теңсіздіктер ықпалдастығында ғұмыр кешіп отырған әлемдік қауымдастықта осы уақытқа шейін батыстық модернизация үлгісіне еліктеушілік, әмбебап әлеуметтік құрылымдарына табынушылық, озық үлгі ретінде қабылдаушы дүниетанымның жетекшілік еткенін терістей алмаймыз. Ұлттық модернизацияның векторлары мен платформаларын өзіңді-өзің тануда ұлттық негіздегі емес қайнарлардан іздеудің нәтижелері әрқашан сәтті бастамаларға әкелмегендігін жекелеген мемлекеттердің тарихи тәжірибелері дәлелдеп берді. Дегенмен, ұлттық модернизацияға қатысты зерттеуші ғалымдар арасындағы пікірлер мен пайымдаулар, концепциялар қарама-қайшылықтарға толы болғанымен, елімізде

осы салаға қатысты нақты кешенді зерттеудің орталығына айналатын жеке ғылыми-зерттеу институты мүлдем жоқ.
Қазіргі таңда бізді модернизация, модернизация теориясы, үдерісі деген шартты түсінікті зерттеуге қандай мәселелер мәжбүрлі етеді? Салаға қатысты әлемдік зерттеушілердің тұжырымдарына сараптама жасасақ, қорытындысы бір арнадан шыға бермейді. Осы тұрғыдағы мәселелерді бірнеше топқа жіктеп қарастырсақ болады:
Біріншіден, модернизация түсінігінің аясына біріккен идеялар кешені қазіргі таңда теориялық және практикалық жағынан да аса өзекті. Өйткені, оның астарында заманауи әлемге кең түрде таралған және әмбебаптылыққа ұмтылған қоғам дамуының түрлі концепциялары мен теориялары бар.
Екіншіден, қазіргі таңда аталмыш мәселе теориялық және эмпирикалық деңгейде сараптамалар беретін және пәнаралық негізде зерделейтін түрлі ғылыми пәндердің назарын өзіне аударып отыр.
Үшіншіден, оның өзектілігі әлемде соңғы жылдары болып жатқан түрлі өзгерістермен негізделеді. Әлем монополярлы кейіпке қайта оралды, кең түрде қолданылып келген екінші және үшінші әлем түсініктері өз мән-мағынасына толықтай сәйкес келе бермейді. Бұдан ертеректе бірінші және екінші әлем деп айқындалып келген жасанды шынайылыққа сәйкес келетін жаңа түсінікті іздеу қажеттігі туындайтындығын байыптаймыз.
Төртіншіден, біздің мемлекетіміздің дамуы мен қоғамымыздың бүгінгі болмыс-бітімі модернизация мәселесін түбірлі түрде және жаңаша қоюды талап етіп отыр. Ендігі сәтте модернизация экономикалық қайта құру қалыптарымен ғана шектелмейді, оны біздің қоғамның барлық аспектілері мен кеңістігі құрайды.
Бірақ мәселені өзгеше және жаңаша қоюдың қандай күшті тетіктері болса да, оның жергілікті дәстүрлерді елеп-ескермейінше және өзара үйлеспейінше модернизацияның кең мағынасындағы бағдарламалық, мәдени, әлеуметтік негіздерінің жүзеге асуы екіталай екендігі айқын. Қазіргі бағыт-бағдары құбылмалы әлемде, мемлекетіміздегі мәдени, саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелерді тізбектемей-ақ модернизация теориясына, үдерісіне деген сұраныс неден, не үшін және қандай қажеттіліктерден туындады деген сауалдарды жіктесек, салаға қатысты маңызды деген тұғырнамаларды тізбектеуге, нәтижелерін саралауға мүмкіндіктер айшықтала түседі:
Біріншіден, соғыстан кейінгі уақытта Батыста кеңінен таралған модернизация теориясының негізгі әдістемелік базасы құрылымдық функционализм болып саналды. Құрылымдық функционализмнің танымал болуының себебі ең алдымен Толкотт Парсонс [114-115] пен Роберт Мэртон [116-117] секілді американдық әлеуметтанушылар еңбектерімен тығыз байланысты. Құрылымдық-функционалды сараптаудың тартымдылығы ең біріншіден былай түсіндірілді, ол арқылы қоғамдық ғылымдарға қоғамдық құбылыстардың әртүрлілігін бейнелеп қана қоймай, оны өлшеуге мүмкіндік беретін сандық (математикалық) сараптама әдісі енгізілді. Ол экономика,

саясат, әлеуметтік қарым-қатынастар, мәдениет және әлеуметтік психология салаларында да кеңінен қолданысқа ие болды [118, 10 б.].
Екіншіден, мәселен, Қытай ғылым академиясында модернизацияны зерттейтін Орталық ашылып, белсенді түрде зерттеулер жүргізілуде, оның құрамында Қытай модернизация стратегиясын зерттейтін топ жұмыс жасайды. Орталықтың директоры және зерттеу тобының жетекшісі - профессор Хэ Чуаньци; өкілдік кеңесшілер тобы да бар; Modernization Science Newsletter атты ағылшын тілінде электронды журнал басып шығарады. Зерттеудің жүйеленген нәтижелері 2001−2010 жылдар аралығында 10 әржылдық баяндама ретінде жарияланды. Оның мазмұны China Modernization Report Outlook (2001−2010) атты жинақталған сараптамалық баяндамада қорытындыланған [31, 7 б.].
Бұл модернизацияны зерттеудің батыстық және шығыстық екі бағыты. Батыстың ғылыми қауымдастығындағы бұл мәселенің өзектілігі жаппай болмаса да белгілі бір деңгейде әлсірегендіктен, қазіргі ғылыми айналымында соны зерттеулердің тапшылығы аңғарылып отыр. Соңғы зерттеулері туралы әлдебір пікір айтудың өзі артық деп ойлаймыз. Шығыстық бағыт туралы жарияланымдарды сараптасақ, әржылдық нәтижелерін жариялағанымен академиялықтан гөрі ғылыми шолумен шектеліп жатқаны белгілі.
Модернизация теориясының қалыптасуына түрткі болған алғышарттар мен факторларға назарымызды аударсақ. Модернизация теориясының қалыптасуына келесі әлеуметтік-саяси; ақпараттық-саяси; идеологиялық; теориялық факторлардың ықпал еткенін атап өткеніміз жөн. Бірақ бұл аталмыш факторлардың тек саяси және теориялық сипатқа ғана тиесілі екені және мәселеге біржақты қараудан туындаған тұғырнамалар екені айшықты деп ойлаймыз. Ресейлік ғалымның модернизацияның даму эволюциясы туралы мына пікірі, теорияның тек ХХ ғ. үдерісі мен сипаттамаларына берген бағасы ретінде қабылдауға болады: Б.С. Старостиннің пікірінше, ХХ ғасырдан бері модернизацияның қазіргі теориясы әрине өте қарқынды эволюциялық дамуды бастан өткерді, бірнеше кезеңдерден өтті. Олардың алғашқысын 50-60 жылдарға жатқызуға болады. Бұл уақытта осы теорияның пайда болуы мен қалыптасуы жүріп жатты және оның негізінде дамудың нақты модельдері жасалуда еді. Екінші кезең - 70-80 жылдар. Осы жылдар аралығын сол кезде Батыс пен Шығысты жаулап алған құндылықтарды қайта бағалау кезеңі деп атауға болады. Модернизацияның алғашқы теоретиктерінің өздері осы кезеңнің идеяларымен өріс алды және өздерінің тәжірибелік ерекшеліктерін тапқан. Үшінші кезең, 80-ші жылдың соңы мен 90-шы жылдың басында басталып, қазіргі уақытта да жалғасын табуда. Ол модернизация теориясын жаңа өмірмен айқындауға тырысады, оған арқа сүйей отырып заманауи әлемнің шынайылығына сай келетін жаңа синтезді жүзеге асыруымен сипатталады [118, 10 б.].
Модернизация теориясының эволюциясы нәтижелерінің сараптамасын былайша тұжырымдауға болатындай: Модернизацияның - мәдениетке қатыстысын айтар болсақ, алғашында ол тіпті қатынасты ұғым болып

есептелді. Бұқаралық мәдениет және заманауи әлеуметтік-психологиямен қамтамасыз етілген мәдениеттің батыстық құндылықтары - экономикалық өсудің алғашқы нәтижелері мен батыстық типтегі саяси институттарды енгізу барысында автоматты түрде бірге келеді деп саналды [118, 11 б.]. Дегенмен олай болмай шықты. ХХ ғ. 50-60 жж. тән модернизацияның экономикалық және саяси донорлығы өз үмітін ақтамады. 70-80 жж. мұндай үдеріс еңсеріліп, батыстық және Батыс құндылықтарын дәріптеуші, батыстық емес бағыттағы ғалымдар тараптарынан да ол үдеріс қатаң сынға алынды. Модернизацияның екінші кезеңінде екінші және үшінші мемлекеттердің тарихы, мәдениеті мен рухани құндылықтары ескеріліп, іргелі түрде зерттеле бастады. Сонымен бірге, қазіргі таңдағы кезеңге шартты түрде заманауи көптеген зерттеушілер 80-ші жылдардың соңы мен 90-шы жылдардың басында басталған үдерістерді жатқызатынын жоғарыда айттық. Бұл да тарихи шынайылықтың түбегейлі өзгеруімен байланысты болды, әлем тағы да бұрынғысынша көпполярлы векторға көшті, бірақ сараптау мен талдауды қажет ететін өзгеше мәнде өрнектелуде. Ендігі екінші әлем жоқ, сондықтан сәйкесінше үшінші әлем туралы айтуға мүлде болмайды деген түсінік қалыптасты. Себебі:
Біріншіден, экономикадағы капиталистік құлдырау - бұл жағдайдың қазіргі уақытта үшінші әлем елдерінде ешқандай маңыздылығының жоқтығын ашып айтуымызға болады. Ереже бойынша, ол мегаполистерге тиесілі...
Екіншіден, афро-азиаттық әлем қоғамының көпшілігі орта тапқа айнала алмады Бұл елдер азаматтық қоғамға әлі де жете алмай отыр.
Үшіншіден, бұл елдердің саяси өмірі батыстық демократиялық институттарға бағынбады, ал өздерінің игерген қазіргі саяси мәдениеттері әлі әлсіз болып отыр. Харизматикалық басшылар басқаратын үшінші әлемнің көптеген елдерінде күні бүгінге дейін авторитарлы саяси режим сақталған.
Төртіншіден, үшінші әлем елдерінің адамы тұлғалық деңгейде маргинал сипатқа ие болған. Өйткені ол жаңашылдық пен дәстүршілдіктің екі ортасында өзінің санасы мен болмысының қайсысына бағынарын білмей әлек болды. Бір жағынан, ол дәстүрлі құндылықтар мен нормаларға бағынышты, салт-дәстүр мен рәсімдердің жүйесімен шырмалған, дәстүрлі құдайларға бас иеді, екінші жағынан - заман талабына сай білім алуға талпынады, заманауи тұрмыстық техникаларды емін-еркін пайдаланғысы келеді, өзінің демалыс уақытын қазіргі заманның талабы бойынша өткізгісі келеді, бір сөзбен айтқанда, уақыт талабынан қалғысы келмейді [118, 15-16 б.].
Біздің ойымызша, мұндай жағдайдың қазақ қоғамына да, тіпті посткеңестік кеңістікке де қатысты екені айқын. Модернизация теориясы синтезінің үшінші кезеңі осымен тығыз байланысты. Бұл теория әлі толық дәйектелмегендіктен, кешенді зерттелмегендіктен тікелей дәлелдер келтірудің орнына көбінесе болжамдар мен тұжырымдарға негізделеді. Әйткенмен, ХХ ғасырдың 90
жылдарының соңынан бастап әлемнің модернизация үдерісі өзгеше сипатқа ие бола бастады. Осы уақыттан бастап, модернизацияның мақсаты мен мәні - тек экономикалық өсім ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік мәдениеттің жоғарғы деңгейде дамуы да мақсатты басымдық ретінде байыпталып келеді. Әлеуметтік

теңдік пен әлеуметтік үйлесімділіктің белгілі бір деңгейге жетуі, азаматтардың әлеуметтік қауіпсіздігі, оларға бүгінгі және келешектегі өмірлеріне сенімділік беретін белгілі бір әлеуметтік сақтандырулардың болуы, тұлғаның еркін дамуына жағдай жасау, саяси мәдениеттің жеткілікті жоғары деңгейде дамуы ‒ модернизацияның жаңа қалыптасқан теорияларының маңызды элементтері деп есептеледі. Модернизация қоғам мен адам үйлесімділігін қамтамасыз ететін құндылықтар мен идеалдарды қолдау арқылы заманауи қоғамды тиімді игеру мен басқару мүмкіндіктеріне ие болады.
Мәселен, Пол Самуэльсон [119] мен Уильям Нордхаустың [120] пайымдауларынша, экономикалық дамудың төрт негізгі түрі бар. Олар: адами ресурстар; табиғи ресурстар; капиталдың толығуы мен пайдаланылуы технологиясы.
Модернизация теориясына қатысты келесі сауалдар тізбегі оның мазмұны және нысаны мен жүзеге асуының тетіктерімен байланысты. Тарихи тұрғыдан қарастырғанда мұндай нысанға қай аймақта қалыптасқандығына қарамастан дәстүрлі қоғам немесе индустриализацияға дейінгі қоғам жатқызылады. Мұндай модернизацияның бірінші кезеңін Еуропа мен АҚШ-тағы индустриалды қоғам (капитализм) қалыптасуының ұзақ үдерісімен, ал кейіннен
- соңғысы және үшіншісін ХІХ ғасырдағы - Жапониямен байланыстырады. Бүгінгі таңда модернизацияның негізгі нысандары ретінде Азия мен Африка қоғамы және Латын Америкасының кейбір елдері саналады.
Осы орайда бұл бағытта іргелі зерттеу жүргізген ғалымдардың заманауи модернизация теориясын зерттеуде қол жеткізген тұғырнамаларын, нәтижелерін ескерудің модернизацияны басынан өткеріп отырған жас мемлекеттер үшін өте маңыздылығын байыптаймыз. Зерттеушілердің мәселе ретінде қойып отырған пайымдаулары теория мен үдерістің оңтайлы жүзеге асуындағы дара жол болмаса да, тар жол, тайғақ кешудің ауыр соқпақтарынан біршама сақтайтындығын анық.
Мәселен, біріншіден, бұл тәжірибе нарықтық экономиканың модельдерін немесе экономикалық модернизацияның батыс-жапондық жолын әлемнің басқа елдеріне механикалық тұрғыда алмастырып қолдануға болмайтындығын көрсетеді.
Екіншіден, саяси мәдениет жоғары деңгейде болмай және ежелден негізі қаланған тарихи, әлеуметтік, саяси дәстүрлерді ескермей заманауи саяси инфрақұрылымды қалыптастырудың да түбі тұтастыққа бастамайды.
Үшіншіден, бұл тәжірибе экономикалық және саяси модернизацияның бірінің-біріне бағыныштылығын емес, керісінше, тең құқылы өзара негізделгендігін, үйлесімді байланысын көрсетеді. Осы байланыс тұрғысында Батыс пен Шығыстың танымал саясаттанушылары мен әлеуметтанушылары модернизация жолына түсіп, ең алдымен тиімді экономиканы қалыптастыруды қажет ететін елдер өздеріндегі тамыры терең ұстанымдары бар мемлекет пен саяси жүйелерінің тұрақтылығын бұзып алмаулары тиіс екендігін атап көрсетеді. Біреуі екіншісінсіз өмір сүре алмайды, ал экономиканы мемлекетке қарсы қоюға талпыну құлдырау мен жойылып кетуге алып келеді.

Төртіншіден, әлеуметтік модернизация экономикалық және саяси факторлардан тыс өзге де факторлардың қызмет етуін қалайды.
Модернизацияны зерттеуші қазіргі ғалымдардың концепцияларында модернизация жай ғана даму емес, оның негізінде дәстүрлі қоғамнан жаңа дәуірге қадам басу жүзеге асады. Қазіргі таңда біз көбінесе қарапайым күнделікті ауыз екі тілдің терминдерін қолдану үстіндеміз, дәстүрлі және қазіргі қоғамды ғылымда бейнелеу қалай қабылданса, олардың мағынасы да сол ғылымдағы сипаттамаларға сай талдаудан өтуі тиіс.
Дәстүрлі қоғамдар, тарихи тұрғыдан алғашқы екені белгілі. Мұндай қоғамдар дәстүрдің негізінде пайда болады, ал жаңалықтар сол дәстүр мен биліктің кейбір негізгі құрылымдарының қаймағын бұзбастан жарыққа шығарылады. Бұл қоғам түрінің ерекше қасиетіне келесілері жатады: әлеуметтік өмірді ұйымдастырудың мифологиялық немесе діни сипаттамалары; циклдік даму; анық бөліп көрсететіндей персоналдылықтың жоқтығы; мақсатқа емес, керісінше құндылыққа қарай бет бұрыстың басым болуы; авторитаризм; болашақты ойлап, алдағы күндерге табысты үнемдеп қалдыру қасиетінің жоқтығы, яғни тек бүгінгі күнмен ғана өмір сүру; нақты ғылымдар мен технологиялар туралы дүниетанымдық білім алу. Дәстүрлі қоғамға қарағанда заманауи қоғам дәстүрімен бірге жаңашылдыққа ұмтылып, оған қол жеткізуімен ерекшеленеді; әлеуметтік өмірдің зиялы қырлары; сұранысқа ие циклды емес даму; персоналдылықтың алғашқы орындарға ие болуы; құрал- саймандық құндылықтарға бет бұрыстың күшеюі; биліктің демократиялық жүйесі; келешек күндерге ұлы мақсаттар қою сұранысының болуы, яғни күнделікті өмірдің қажеттіліктері үшін ғана емес, болашақ үшін де өндіру қабілеті; техногенді өркениет жағдайында нақты ғылымдар мен технологиялар туралы дүниетанымдық білім алу. Көріп отырғанымыздай, қазіргі заман қоғамы дәстүрлі қоғамға қарама-қайшы. Сондықтан модернизацияны бастан өткеру - драмалық үдеріс. Өкінішке орай, модернизация жолындағы дамушы елдер дамудың қуып жетуші моделі төңірегінде ғана бас қатыруда. Батыстың дамыған заманауи қоғамын қуып жету - заманауи көптеген дамушы мемлекеттер үшін модернизация жолындағы барлық кезеңдерінің көздеген мақсаты болып отыр [121, 65 б.].
Дегенмен, қуып жетуші модернизация туралы қазіргі зерттеушілердің пікірлері көбіне қисынды болып келетін, негативті сарындағы бір арнадан шығып отырғаны белгілі. Өйткені, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін азаттықтарын алған көптеген мемлекеттердің қуып жетуші модернизацияға ден қоюдың нәтижесінде өздерінің дәстүрлі мәдениеттерін тоқырауға ұшыратып, жаңа, заманауи мәдениетке де қол жеткізе алмай, екі орта да әрі-сәрі күй кешуімен де байланысты. Әсіресе, ХХ 60-70 жылдардағы кейбір мемлекеттердің модернизация бағдарламалары сәтсіздікке ұшырады. Сондықтан да зерттеушілердің бір тобы, қуып жетуші модернизацияның бірқатар негіздерін сынға алады және қазіргі таңдағы дамудың қуып жету моделін жарамсыз деп санайды.

В.Г. Федотованың пікірінше, қайсыбір елдер колониялық тәуелділіктен босағаннан кейін тіпті модернизация терминін қолданыстан алып тастап, оның орнына даму ұғымын қолдана бастады. Ғалым, бұл ретте біздің назарымызды келесідегідей жайттарға аудартады: Алайда алға қойылған мақсатты ескеретін болсақ жай ғана даму емес, Ресей мен Шығыс Еуропаның
модернизациясы, сонымен бірге анық әрі сәтті жаңартылған бағыт қажет еді, мысалы, осы термин түрік тәжірибесін ғылыми әдебиет беттеріне қайта енгізді. Модернизацияның қуып жетуші моделі дамуы жағынан артта қалған мемлекеттерде заманауи өмірдің аралдарын дүниеге әкелді. Бұлар - Сан-Паулу мен Бразилиядағы Рио-де-Жанейро, Мексиканың үлкен қалалары, Бомбей және Үндістандағы жасыл революцияның бірнеше аралдары, Түркиядағы Стамбул мен Анкара, Ресейдегі Мәскеу мен Санкт-Петербург. Олардың барлығы өмір сүру салты мен құндылықтары жағынан ерекшеленеді. Мұндай аралдар, сөзсіз, модернизацияны жеңілдетеді, бірақ сонымен қатар әлеуметтік әділетсіздікті ұлғайтады, әлеуметтік тепе-теңдіктің тұрақтылығын жояды. Қуып жетуші типтегі модернизация анық теңсіздіктің болатындығын көрсетеді. Барлығына бірдей тең мүмкіндікті беруді уәде ете отырып (дәстүрлі қоғам жасамаған), керісінше ол әлеуметтік қарсылықтарды туындатады. Бұл объективті түрде социалистік идеалдар (бұрынғы социалистік елдердегі) мен фундаментализмнің (мысалы, Түркия) қайта модернизациялануына алып келеді. Польша, Литва, Иран, Алжир, Пәкістан елдерінің тәжірибесі мұны растайды [121, 65-67 б.].
Ал, модернизация жолында зиялы қауымның жағымсыз жағдайға тап болуы да өзінше бір қайғылы құбылыс. Олардың шығармашылықтары мен қоғамдық қызметтерін бұл үрдістің базисі деп қарағаннан гөрі, көбінесе алғышарт ретінде көрініс табатындығын байқаймыз, яғни әлеуметтік жетістік пен әлеуметтік топтар арасындағы біртектілік тұрғысында алғышарт болады.
Қуып жетуші модернизация, дәстүрдің қаймағын бұза отырып, ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Модернизмнің философиялық, дүниетанымдық принциптерінің қалыптасуы
Саяси модернизация туралы ақпарат
Қазақстандық қоғамды демократияландыру аясындағы саяси жаңарту үрдісі
Саяси модернизация
Қазақстан Республикасындағы саяси модернизацияның ерекшеліктері
САЯСИ ДЕМОКРАТИЯЛАНДЫРУ
Билік көзі халықта
КОРПОРАЦИЯНЫҢ НЕГІЗГІ КАПИТАЛЫН ПАЙДАЛАНУ ТИІМДІЛІГІН КӨТЕРУДІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ
Ауыспалы уақыт концептілері
Үндістан экономикалық модернизациясының теориялық-концептуалды негіздері
Пәндер