Аналық ұрық безі



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 158 бет
Таңдаулыға:   
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

М.Н. Жоланов,
Ш.Қ. Қалтаев,

Б.Д. Жукин,
Қ.У. Қойбағаров

ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ АКУШЕРЛІК, ГИНЕКОЛОГИЯ ЖӘНЕ КӨБЕЮ БИОТЕХНИКАСЫ

(Оқулық)

Алматы, 2011

М.Н. Жоланов,
Ш.Қ. Қалтаев,

Б.Д. Жукин,
Қ.У. Қойбағаров

Пікір жазғандар: профессор К.Ж. Жаңабеков Қаз ҰАУ, академик Н.О. Базанова атындағы физиология, морфология және биохимия кафедрасы,

в.ғ.д. Б. Ш. Қаратаев Қаз Агро Инновация АҚ, ҚазҒЗВИ Ж.Ш.С., жылқы аурулары зертханасының меңгерушісі,

б.ғ.к. А.Ә Мәутенбаев Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, биофизика және биомедицина кафедрасының доценті,

Оқулықта малдың көбею органдарының анатомиясы мен топографиясы, физиологиясы, ұрықтандыру тәсілдері, ұрықтану, буаздықтың, туудың және туғаннан кейінгі кезеңдердің физиологиясы және акушерлік, гинекологиялық патологияларын, жаң туған төлдің және желін ауруларын анықтау, емдеу және алдын алу, бедеулік және оның алдын алу шаралары жөнінде деректер берілген.
Жоғары оқу орындарының Ветеринариялық медицина, Ветеринариялық санитария, Биотехнология, мамандықтары бойынша білім алатын студенттер мен магистранттарға және ветеринария саласында өндірісте еңбек ететін мамандарға арналған

К І Р І С П Е

Малды өз төлінен өсіру бүгінгі таңдағы ең қиын да әрі өте көп күш жұмсауды, терең білімді қажет ететін жұмыс. Қазақ басқа көшпенділер сияқты ежелден мал баққан, мал өсірудің қыр-сырын жете білген халық. Дегенімен, бұрынғы кеңес өкіметінің тұсында, тоқырау заманында мал шаруашылығын өндірістік негізде жүргіземіз деп ірі сүт кешендерін салып, қойшылар бригадасын құрып, тағы басқада көптеген жұмыстардың атқарылғанына қарамастан, мал басының саны қысқарып, одан алынатын өнім күрт төмендеп кетті. Республикамызда жыл сайын аналық мал басының 30-40 пайызынан төл алынбай қалады. Оған жаңа туған төлдің шығынға ұшырауын қосып есептесек, мұның республикамыздың халық шаруашылығына келтіретін зияны орасан зор.
Малды бағып-күтудің ережелерін сақтап, ғылыми тұрғыдан азықтандырып, организмде болатын физиологиялық, биологиялық үдерістерді дұрыс пайдаланып отырса, әрбір 100 бас сиыр мен құнажыннан жыл сайын 105-110 бұзау және жоғары сапалы өнім алуға болады.
Малдың жалпы жағдайынан басқа оның көбею, өсіп-өну органдарының физиологиясы мен анатомиясы, патологиялары жөнінде терең білім болмай, мұндай табыстарға қол жеткізу мүмкін емес. Малдың бедеу немесе қысыр қалу себептерін анықтап, ауруды емдеудің тиімді әдістерін қолдана білу керек. Ол үшін малдәрігерлік акушерлік және гинекология пәнін оқып үйренудің маңызы орасан зор.
Малдәрігерлік акушерлік (француздың acconher - туу деген сөзінен шыққан ) - жыныстық органдардағы қалыпты жағдайда өтетін үрдістерді және ауруға шалдыққан кезде болатын өзгерістерді (ұрықтандыру, ұрықтану, туу және туғаннан кейінгі кезенде), жаңа туған төл мен желін ауруларын зерттейтін клиникалық пән.
Малдәрігерлік акушерді дайындау өмір талабынан келіп туған қажеттілік. Ол сонау ерте заманда жабайы хайуанаттарды қолға үйрету кезеңінен-ақ, туа алмай жатқан малдың төлін тартып шығару, қағанақ қабықтарын жарып жіберу, төлдің кіндігін үзу немесе кесу деген сияқты қарапайым көмектерден басталады. Жыл өткен сайын оңдай тәжірибелер жинақталып атадан балаға берілетін кәсіпке, үлкен ілімге айналды.
Мал шаруашылығының ілгері дамуы патшалық Ресейде 1715 жылға дейін арнайы малдәрігерлерін дайындайтын мектептердің ашылуына мұқтаж болса, 1840 жылы Варшавада, 1848 жылы Дерпт қаласында, 1851 жылы Харьковте, 1873 жылы Қазанда малдәрігерлік институттар ашылды. Осы кезеңде жаңадан ғылыми еңбектер, ветеринарлық акушерлік пәні бойынша оқу құралдары жарық көре бастады. Бұрынғы Кеңес Одағының территориясында Қазан төңкерісінен кейін де, бірнеше институттар ашылып, онда ветеринарлық акушерлік пәнінен дәріс беретін, арнайы дербес кафедралар жұмыс істей бастады. Атап айтқанда, 1919 жылы Мәскеу ветеринарлық институтында, 1930 жылы Алматы ветеринарлық зоотехникалық институтында, Семейде, кейіннен Ақмола, Орал ауылшаруашылық институттарында сондай кафедралар ашылды.
Көп жылдар бойы студенттер шет тілінен орысшаға аударылған оқулықтарды оқып келді, тек 1931 жылы ғана профессор Н.Ф.Мышкиннің ветеринарлық акушерлік бойынша ең алғашқы оқулығы жарық көрді. Бұл кітап төрт рет түзетіліп, толықтырылып, қайта басылып шықты. Сонымен қатар Н.Ф.Мышкин сиырдың буаздығын анықтаудың клиникалық әдісін, сиырдың туғаннан кейінгі салданудың (парез), шудың түспей қалуының алдын алудың бір қатар әдістерін ұсынды және желінсаудың себептерін зерттеп, ауруды анықтау және емдеу әдістері жөнінде көптеген еңбектер жазды.
Профессор А.Ю.Тарасеевич биелердің буаздығын анықтаудың жаңа қағидаларын құрастырды, гинекологиялық аурулар кезінде бірқатар емдеу тәсілдерін ұсынды (балшықпен емдеу, аналық без күлдіреуіктерін тесу, фарадикалық токты, диатермияны қолдану және т.б). Ол биенің күйге келгенін анықтау үшін, биелердің жыныстық қызметін стимулдеу үшін күйіттеуші-айғырларды пайдаланудың тиімділігін ғылыми тұрғыда негіздеп берді және овуляция мерзімін тік ішік арқылы бақылай отырып ұрықтандыруды ең алғаш ұсынды. А.Ю. Тарасевич 1936 жылы өзінің бай клиникалық тәжірибелерін біріктіріп, "Бесплодие сельскохозяйственных животных" атты монографиясын жарыққа шығарды.
Ветеринарлық акушерлік іліміне елеулі үлес қосып, оны шын мәнісінде жаңа деңгейге көтерген Қазан малдәрігерлік институтының профессоры А.П.Студенцов болды. Оның "Ветеринарное акушерство и гинекология" атты оқулығы Лениндік сиылықты иеленген. Еңбек жеті рет толықтырылып, өңделіп, қайта басылып шықты. Бұрынғы одақтас республикалардың барлығында да студенттер осы оқулықты пайдаланады. Еліміздің түпкір-түпкірінде А.П.Студенцовтың шәкірттері жұмыс істейді. Атап айтқанда, Львов малдірігерлік институтында профессор Д.Д.Логвинов, Алматы малдәрігерлік институтында Б.С.Волженин және т.б.
Қазақстан Республикасында Алматы, Семей малдәрігерлік институттарынан басқа Батыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай ауылшаруашылық институтында малдәрігерлерін дайындайтын факультеттер болды. Онда аты біздің республикамыздан басқа шетелдерге де белгілі И.И. Иванов (1931), А.Г. Родионов (1931-1950), Б.С. Волженин (1968), В.С. Козлов (1983), жұмыс істеген болса, кейінірек М.Тойшыбеков, Т.Мыңғазов, Т.М. Молдағалиев, Ш.Г Казаев, Ш.К Қалтаев, Д.Ө Жүкенов.., М.Н.Жоланов сияқты ғалымдардың түйенің туу үрдісінің физиологиясы, буаздықты ерте кезеңде зертханалық жолмен анықтау, гинекологиялық ауруларды емдеу әдістерін жетілдіру, биогенді қоздырғыштарды қолдану, желінсаудың пайда болуына экологиялық факторлардың әсері, күйіттеуші малдарды пайдалану сияқты бағыттағы еңбектерін айтуға болады.
Әр кезде көптеген елдердің мамандары жиналып халықаралық симпозиумдар, конференциялар өткізіп, қолы жеткен табыстарын ортаға салып, алдағы тұрған міндеттер туралы сөз қозғап, ветеринарлық акушерлік пен гинекология ілімін толықтырып, дамытып отырады.
Ветеринарлық акушерлік, гинекология және көбею биотехнологиясы басқа ғылым салалармен тығыз байланысты. Атап айтқанда жануарлар морфологиясы және физиологиясы, гистология, микробиология, вирусология, иммунология, биохимия, зоогигиена, фармакология, токсикология, хирургия, патологиялық физиология, патологиялық анатомия, жұқпайтын ішкі аурулар, паразитология мен эпизоотология, малды азықтандыру пәндерінің ветеринарлық акушерлік және гинекология пәнін оқып үйренуде маңызы бар.
Біздің негізгі мақсатымыз студентке малды қысыр қалдырмай, одан мол өнім алудың теориялық негіздерінен білім берумен қоса, сол білімін тәжірибе жүзінде қолдана алатындай машықтандырып, шеберлікке үйрету.

I ТАРАУ

АКУШЕРЛІК ФИЗИОЛОГИЯ
Ұрғашы малдың жыныстық органдарының анатомиясы
Ұрғашы малдың сыртқы жыныстық органдарына (genitalia externa) жыныстық ернеулер, қынап кіреберісі және шүртекей, ал ішкі жыныстық органдарына (genitalia interna) қынап, жатыр, жатыр түтікшесі, аналық жыныстық бездер жатады (1-сурет).

1- сурет. Үй жануарларының көбею мүшелері: А-жылқыда, Б-сиырда, В- қойда, Г- мегежінде. 1-шүртекей; 2-жыныстық ернеулер; 3-қынап кіреберісі бездерінің арналары; 4- несеп-жыныс синусы; 5-несеп-жыныс арнасының тесігі; 6-қыздық перде; 7-қынап (көрінісі); 8-қуық; 9- жатыр мойынының қынаптық тесігі; 10-жатыр мойыны; 11-жатыр денесі; 12-жұмыртқалықтың арнайы байламы; 13-жұмыртқалық; 14- жатыр түтігі; 15-жатыр тармағы (биенің, сиырдың, қойдың сол жақ тармағының көрінісі); 16-жатырдың кең шарбысы немесе байламы
1- сурет. Үй жануарларының көбею мүшелері: А-жылқыда, Б-сиырда, В- қойда, Г- мегежінде. 1-шүртекей; 2-жыныстық ернеулер; 3-қынап кіреберісі бездерінің арналары; 4- несеп-жыныс синусы; 5-несеп-жыныс арнасының тесігі; 6-қыздық перде; 7-қынап (көрінісі); 8-қуық; 9- жатыр мойынының қынаптық тесігі; 10-жатыр мойыны; 11-жатыр денесі; 12-жұмыртқалықтың арнайы байламы; 13-жұмыртқалық; 14- жатыр түтігі; 15-жатыр тармағы (биенің, сиырдың, қойдың сол жақ тармағының көрінісі); 16-жатырдың кең шарбысы немесе байламы

Аналық жыныстық без (ovaria, oophoron) - жұп орган, сиыр мен қой, ешкіде жамбас қуысында, ал биеде, мегежінде, итте және мысықта құрсақ қуысының каудалдік (артқы) бөлігінде орналасқан. Сыртқы пішіні дөңгелек, сәл сопақша болып келеді. Тығыз, көлемі сиырда 3х2 см; ұсақ малда 1,5х1 см. Биелердің аналық жыныстық безі бүйрек тәрізді, көлемі 5х3 см, кейде одан да үлкен, 10 см дейін жетуі мүмкін, ал мегежіндердің аналық жыныстық безі 3х2 см, сырты бұжырланып тұрады. Аналық жыныстық бездің көлемі, салмағы малдың әртүрлі физиологиялық жағдайына қарай өзгеріп отырады.
Аналық бездің сырты сірілі қабықпен қапталған, оның астында ұрықты эпителий жатады. Кесіп қарағанда оның ішкі құрылысы екі қабаттан тұратындығы байқалады: Сыртқы қыртысты қабатта ұрықты эпителийден дамыған, әртүрлі сатыдағы фолликулдер және сары денелер орналасады. Ішкі қабаты негізінен қан тамырлары мен жүйке талшықтары және дәнекер ұлпадан тұрады (2-сурет).
2-сурет. Аналық ұрық бездің құрылысы.
Аналық бездің негізгі қызметі аналық ұрық торшасын және жыныстық гормондар түзу.
Жатыр түтікшесі (salpinx) өте жінішке, иректелген түтік, аналық без бен жатыр тармағын жалғастырып жатады. Ұзындығы бие, түйе, сиыр, мегежінде 25-30 см, қой мен ешкіде 10-15 см. Түтіктің ішкі диаметрі аналық безге жақындаған сайын кеңи түседі де, соңына қарай етегі желбіршектеніп бітеді, тіпті аналық безді қоршап жатады.
Жатыр түтікшесінің қабырғасы үш: сыртқы сірлі, ортаңғы етті, ішкі кілегейлі қабаттан тұрады қабат. Кілегейлі қабат ұзына бойымен орналасқан бірнеше қатпарлы, түкті эпителийден тұрады. Жатыр түтікшесінің қызметі аналық және аталық ұрық торшаларын өткізіп, олардың қосылуын, пайда болған зиготаны жатырға апарып салуды қамтамасыз етеді.
Жатыр (uterus, hystera, metrа ) жамбас қуысында, тік ішектің астында орналасқан. Биенің, мегежіннің, ит пен мысықтың жатыр тармақтары құрсақ қуысында жатады. Олар жатыр шарбысы арқылы бел омыртқа бұлшық еттеріне бекітілген. Жатырдың өзі: мойыны, денесі және тармағы болып үш бөліктен тұрады. Жатыр тармағының ерекшеліктері бойынша: биелерде қостармақты екіге бөлінбеген, ал күйіс малдарында, мегежінде, ит және мысықтарда қос тармақты, екіге бөлінген болып келеді. Кеміргіштерде (қоян) - жатыр қосарланған немесе қос жатыр, яғни тармақтары жекеленіп, қынапқа екі жатыр мойыны келіп ашылады. Адам мен маймылдарда жатыр тармақтары жоқ, қарапайым жатыр болып саналады.
Жатыр мойыны (servix uteri) қынап пен жатыр денесін жалғастырып тұрады, өте тығыз, бұлшық етті орган. Ұзындығы кәрі сиырларда 10-15 см жетеді, диаметрі 3-4 см цилиндр тәрізді орган, жатыр мойнының қабырғасы үш қабаттан тұрады: сырты жылтыр сірлі қабат, ортасында етті қабат, ішкісі кілегейлі қабат сөл бөліп шығаратын безді эпителиймен қапталған. Жатыр мойнының кілегейлі қабығы әсіресе, сиырда өте ірі, ұзына бойы және көлденең орналасқан қатпарлар түзеді. Бұл қатпарлар оның бетіндегі кілегейлі шырыш қоюланып, тығын тәрізді жатыр аузының мықтап, саңылаусыз жабылуын қамтамасыз етеді. Жатыр мойыны тек қана мал күйлеген кезде және туар кезде ашылады.
Жатыр мойыны қынапқа қарай 2-3 см шығыңқырап тұрады, ал мегежінде ондай көрініс жоқ, қынап пен жатыр мойының арасы қалыңдап, ешқандай кедергісіз жалғасып жатады. Жатыр денесі жұмсақ, ұзындығы 2-3 см жетеді. Биенің жатыр денесі кең, ұзындығы 10-15 см жетеді, себебі биенің жатыр денесі төл өсіп дамитын орын болып саңалады.
Жатыр тармақтары (cornua uteri) жатыр денесінен жіңішкере келіп жатыр түтікшесіне барып жалғасады. Сиырдың жатыр тармақтары қошқар мүйізі тәрізді астына қарай иіріліп жатады, ұзындығы 20-30 см. Биенің жатыр тармақтары алға қарай, төмен түсіп барып ұшы жоғары қайырылап тұрады, яғни дөңес жағы астында да, ойыс жағы үстіне қараған. Мегежіннің жатыр тармақтары құрсақ қуысында ішек тәрізді иректеліп жатады, ұзындығы 1,5-2 м жетеді.
Жатыр тармағының қабырғасы үш қабаттан тұрады: сыртқы қабаты сірлі қабат, ортасында етті қабат, ең ішкі қабаты кілегейлі қабат. Ол сөл бөліп шығаратын безді эпителиймен қапталған. Күйіс малдарының жатырының кілегейлі қабатында сүйел тәрізді, сопақша келген диаметрі 2-5 мм болатын арнайы құрылымдар болады, олардың жалпы саны 80-120-ға дейін жетеді. Олар жатыр денесінде ретсіз, ал жатыр тармағында 3-4 қатар болып, тізіліп орналасады. Оны карункул деп атайды. Ол ана мен төл организмін байланыстырып тұратын болашақ плацентаның аналық бөлігі.
Қынап (vagina) ұзындығы ірі малда 30-35 см, ұсақ малда 10-12 см болатын түтік, оның диаметрі малдың жасына, салмағына байланысты әртүрлі болады. Оның қабырғасы басқа түтікше органдар сияқты үш қабаттан: сыртқы қабаты-каудалдік бөлігі адвинтициядан, ал краниалдік бөлігі-сірлі қабаттан, ортаңғы етті қабаттан және ішкі кілегейлі қабаттан тұрады. Қынаптың кілегейлі қабаты көп қабатты, жалпақ элителиймен қапталған. Кілегейлі қабаты ұзына бойымен орналасқан көптеген қатпарлар түзеді. Соның есебінен қынаптың диаметрі қажетіне қарай кеңейе береді. Бұл органдар жыныстық аппараттың ішкі бөлігін құрайды.
Сыртқы бөлігіне жататын органдар: Жыныстық ернеулер немесе сарпай (labia pudenda, vulva) қосылып жыныстық саңылауды құрайды. Сырты қатпарланған тері, оның астында майлы дәнекер ұлпа, тер және сөл бөліп шығаратын бездер, қан тамырлары орналасқан, ішкі жағы кілегейлі қабат болып келеді.
Шүртекей (clitoris, cunnus) жыныстық ернеулердің төменгі қосылған жерінде, ішкі жағында орналасқан, оның негізін каверналық етті дене құрайды, дөңгеленген кішкентай басы болады. Жалпы ұзындығы сиырда 1-2 см жетеді. Бұл орган еркек малдың жыныстық мүшесінің қалдығы, яғни рудименті, жыныстық қатынас кезінде қозу импульстерін қабылдап, үлкейіп қатая бастайды (эрекция құбылысы байқалады).
Қынап кіреберісі (vestibulum vaginae) жыныстық саңылаудан басталып, қынапқа қосылатын, ұзындығы ірі малда 8-10 см болып келетін түтік. Қабырғасы үш қабаттан тұрады: сырты дәнекер ұлпалы клетчатка (адвинтиция), ортасында етті қабат, ішкі кілегейлі қабат. Қынап сияқты көптеген ұзын қатпалар түзеді. Кілегейлі қабықтың астынан, қынап кіре берісіне бартолини бездерінің түтікшілері ашылады. Қынап кіреберісі мен қынаптың шекарасында кішкентай, әлсіз дамыған көлденең қатпарша - қыздық перде (hymen) орналасады.
Қынап кіребірісі мен қынаптың атқаратын негізгі қызметі жыныстық қатынасты (coitus) қамтамасыз ету.
Жыныстық органдардың қан айналу жүйесі-негізінен мықын артериясынан тарайтын алдыңғы, ортаңғы және артқы жатыр артериялары мен веналарынан тұрады. Жыныстық ернеулерге орталық жатыр артериясы мен венасы келеді.
Жүйке жүйесі негізінен артқы шарбы түйінінен шығатын симпатикалық бағана мен сегізкөз жолынан шығатын парасимпатикалық жүйкелер арқылы іске асады. Жатыр қабырғасында тек қана сезімтал жүйке талшықтары емес, сонымен қатар қозғаушы жүйке талшықтары да бар.

I- кесте. Жыныстық органдардың кейбір бөлшектерінің мөлшері (см)
Мал
түлігі
Қынап
кіреберісі
Қынап
Ж а т ы р

Мойыны
Денесі
Тармағы
Ұрық түтікшесі
Аналық ұрық безі
Сиыр
8-14
20-30
8-12
2-5
20-30
20-25
2-3
Бие
8-16
25-30
10-12
10-15
20-25
20-30
3-5
Түйе
7-8
25-30
15-20
20-25
15-20
20-25
3-5
Қой, ешкі
4-5
8-12
5-7
2-3
12-20
9-16
11-1,5
Шошқа
5-10
15-20
15-20
2-3
100-200
15-20
3-9
Есек
10-13
15-18
5-6
10-12
17-20
20-25
3-6

Ұрғашы малдың жыныстық органдарының физиологиясы
Жыныстық және физиологиялық жетілу. Малдың өсіп өну, төл беру қабілеті тек қана жыныстық жетілген кезеңнен басталады. Бұл кезде жыныстық органдарда, эндокринді аппаратта және бүкіл организмде өте күрделі морфологиялық, физиологиялық өзгерістер болады. Атап айтқанда аналық жыныстық безде фолликулдер өсіп жетіле бастайды да, онда аналық ұрық торшасы және жыныстық эстрогендік гормондар (фолликулин) пайда болады.
Бұл гормондардың әсерінен (эстрон, эстрадиол) ұрғашы малдың өзіне тән ерекше белгілері айқындала түседі, жыныстық органдары дамып толық жетіледі, мал күйлейді, яғни жыныстық цикл қалыптасады. Осы кезден бастап аналық жыныстық безде овогенез үрдісі белгілі бір мерзімде, әрдайым қайталанып отырады да, ол мал қартайғанға дейін жалғаса береді. Сонымен қатар сүт бездері де өсіп дамиды.
Жыныстық жетілудің мерзімі әртүрлі факторларға байланысты, яғни түліктің, тұқымы, жынысы, климат, азықтандыру, бағып-күту, еркек малмен қарым-қатынаста болу сияқты факторлар әсер етеді. Жануардың неғұрлым өмірі қысқа болса, оның жыныстық жетілуі соғұрлым тезірек болады. Бағып - күтімі жақсы малдың жыныстық жетілуі де ертерек басталады.
Жыныстық жағынан жетілген малды сол кезден бастап-ақ қашыруға ұрықтандыруға болмайды, себебі бұл кезде организм әлі толық жетілмеген, жамбас қуысы тар. Мұндай жас малдың буаздығы оның организміне де (өспей қалады), іштегі төлдің дұрыс дамуына да үлкен зиян келтіреді. Сондықтан ұрықтандыру үшін малдың жыныстық жетілуімен қатар, организмнің физиологиялық толық жетілуін күту керек.
2-кесте. Жыныстық және физиологиялық жетілу мерзімі
Мал түлігі
Жыныстық жетілуі
Физиологиялық жетілуі
Сиыр
8-10 ай
16-18 ай
Бие
18 ай
3 жасар кезінде
Түйе
12 ай
3-5 жасар кезінде
Қой, ешкі
6-8 ай
12-18 ай
Қоян
4-5 ай
6-8 ай
Шошқа
6-8 ай
9-12 ай
Есек
12-15 ай
2-3 жасар кезінде
Ит
4-5 ай
10-12 ай
Мысық
4-5 ай
10-12 ай
Физиологиялық тұрғыдан толық жетілген малдың сыртқы пішіні (экстерьері) және тірілей салмағы ересек малдың тірі салмағының 65-70 пайызын құрау тиіс.
Құнажын, қашарлардың салмағы 290-300 кг жетсе 16-18 айды күтпей-ақ қашыра беруге болады. Мегежіндердің салмағы 110-120 кг жеткенде ұрықтандырады.
Жыныстық цикл. Жыныстық жетілген малдың организмінде, әсіресе, жыныстық жүйеде белгілі бір мезгілде қайталанып отыратын өте күрделі морфологиялық, физиологиялық құбылыстар болады Бұл өзгерістер гипоталамус-гипофиз, аналық жыныстық безбен басқада эндокриндік жүйелердің арақатынастық жағдайына байланысты және орталық жүйке жүйесінің тікелей басшылығымен іске асып отырады. Осы құбылыстардың белгілі бір тәртіппен қайталанып отыруын жыныстық цикл деп атайды.
Жыныстық циклді жан-жақты зерттеп, оны ілім ретінде қалыптастырған профессор А.П.Студенцов болды.
Оның анықтамасы бойынша жыныстық цикл үш сатыдан тұрады: 1. Қозу 2. Тежелу 3. Теңдесу.
Қозу сатысы төрт феноменнің көрінуімен сипатталады, олар: шылым ағу феномені, жалпы реакция (жыныстық қозу) феномені, күйлеу феномені және овуляция феномені. Осы қозу сатысында малдың организмінде оның шағылысуына, ұрықтануына, эмбрионның пайда болуына қажетті жағдай туады.
Жыныстық цикл синхронды немесе асинхронды; ырғақты немесе ырғақсыз, жарамды немесе жарамсыз болып өтеді.
Синхронды жыныстық циклдің барлық феномендері белгілі бір уақыт аралықтарында көрінеді, қозу сатысы тез қалыптасып өте айқын білінеді.
Асинхрондық жыныстық циклдің феномендері бір-біріне ілеспей, әр кезде көрініп, басылып жатады. Қозу сатысының қалыптасуы 4-5 тәулікке дейін созылады. Н.И. Полянцевтің мәліметі бойынша 25 пайыз сиырларда жыныстық цикл синхронды өтсе, 75 пайызында асинхронды өтеді.
Ырғақты жыныстық циклдің қайталану мерзімі бірдей, мысалға, әрбір 21 тәулік сайын қайталанып отырады. Ырғақсыз жыныстық циклдің қайталануы әр қалай, кейде 21 күннен кейін болса, енді бірде 45-60 күнге дейін малда жыныстық циклдің белгілері білінбейді.
Жарамды жыныстық цикл деп барлық қозу сатысының барлық феномендері дерлік байқалған циклді айтады.
Жарамсыз жыныстық циклде бір немесе бірнеше феномендер көрінбей қалады. Мысалға: жалпы реакция феномені болмай қалады оны ареактивтік жыныстық цикл деп атайды, күйлеу феномені жоқ болса, алибидтік жыныстық цикл, шылым ағу феномені жоқ болса, анэстралдік жыныстық цикл, овуляция феномені жоқ болса, ановуляторық жыныстық цикл деп аталады.
Жарамсыз жыныстық циклдің қайсысында болмасын малды шағылыстырғаннан, қашырғаннан ол тоқтамайды, ұрықтанбайды.
Шылым ағу (oestrus). Жыныстық органдардың кілегейлі қабығындағы эпителий торшалары көбейіп, бірнеше қабат болады, олар шырыш (секрет) бөліп шығара бастайды. Жатыр ішіне жиналған шырыш сыртқа ағып шыға бастайды. Малдың сарпайынан жіп тәрізді шұбырып, мөлдір түсті шырыш ағып тұрады. Осы құбылысты шылым ағу феномені деп атайды. Қынаптың, қынап кіреберісінің, жатыр мойынының кілегейлі қабаты домбығып ісініп, қызарып, қанталап кетеді. Алғашқы күндері аққан кілегейлі сұйық көп емес, жатқан жерінде жиналып немесе құйрығына жабысып қалғанын байқаймыз, кейіннен оның мөлшері біраз көбейіп, соңына қарай азая бастайды. Сұйықтың өзіде қоюланып, сарғылт тартып, бұлыңғырлана береді. Шылым ағу үрдісі көбінесе, 2-3 тәулікке созылады, кейбір сиырларда, қаншықтарда бөлінген шырышқа қан араласуы мүмкін, сұйықпен қосылып кілегейлі эпителийдің өлген торшалары көптеп көшіп (пролиферация) түсе бастайды. Бұл кезде жатырдың жиырылуы күшейе түседі, тік шек арқылы ұстап, сипай бастағанда-ақ тез жиырылып серпіледі. Шылым ағу үрдісінің соңына қарай жоғарыда айтылған барлық пролиферативтік үрдістер бәсеңдейді. Қан айналымы азайып, кілегейлі қабаттың түсі бозғылт тартады.
Шылым ағу феномені басқа феномендерден бұрын басталады да, кейін аяқталады. Күзде, қыстың суық күндері бұл үрдіс қысқа мерзімде, баяу өтеді, ал көктемде жаздың жылы күндері керісінше, өте айқын, қарқынды 3-4 күнге созылады.
Шылым ағу үрдісінің маңызы өте зор, біріншіден оның санитарлық маңызы бар. Сұйық неғұрлым көп ақса, жыныстық жолдар соғұрлым тазара түседі, екіншіден сыртқа бөлініп жатқан кілегейлі сұйық аталық ұрық торшалары (спермийлер) үшін, яғни олардың жылдам қозғалуы үшін өте қолайлы (реотаксис) орта болып табылады.
Шылым ағу үрдісі басталған соң 1-1,5 тәуліктен соң-ақ, малдың мінез-құлқы да өзгере бастайды, сөйтіп екінші феномен басталады.
Жыныстық қозу (жалпы реакция) феномені малдың мінез-құлқының өзгеруімен сипатталады. Мысалы, сиыр мазасызданып, бір орынында тұра алмайды, жиі-жиі мөңіреп аяғымен жер тарпиды, жем-шөпке қарамайды, сүті кеміп кетеді. Биелерде құлынның іші өтеді. Жайылымда жүргенде, аулаға шығарғанда басқа сиырларға асылып шағылысқандағыдай әрекет жасайды, өзінің үстіне басқа сиырлар асылғанда қарсыласпай тыныш тұрады, бірақ бұқаны жолатпайды. Жыныстық қозу феномені 15-20 сағаттай уақытқа созылады, кейде бұл феномен мүлде байқалмайды.
Күйлеу (libido sexsualis) феномені ұрғашы малдың шағылысуға, ұрықтануға дайын екенін көрсетеді. Күйлеген мал еркек малды өзі іздеп барып, оған жақындап шағылысуға ыңғайланып тұрады, еркек мал үстіне секіргенде қозғалмай тұрады. Сиырларда күйлеу феномені орта есеппен 20 сағатқа созылады. Қыстың күндері 10-13 сағат қана болса, жазғытұрым бір тәулікке жетуі мүмкін. Әсіресе, таңертеңгілікте далаға шыққанда анық білінеді. Малдың күйлегенін күйттеуші аталықтарды (бұқа, қошқар, айғыр қабан,) қолдану арқылы аңықтаған дұрыс.
Овуляция (ovulatio) феномені ісініп жетілген фолликулдің жарылып, оның ішінен фолликулярлы сұйықпен бірге аналық ұрық торшасының бөлініп шығу үрдісін айтады.
Ірі малдың овуляция үрдісін тік шек арқылы аналық безді ұстап, сипап білуге болады. Күйлеп жүрген малдың аналық безінде көлемі 0,6-1,0 см, сырты жылтыр былқылдаған күлдіреуік байқалады. Ол өсе келе аналық бездің пішінін өзгертіп жібереді, дөңгелек шар тәрізді немесе сопақша үш бұрышты, алмұрт пішінді бола береді. Пісіп жетілген фолликульдың қабырғасы коллагенезі ферментінің әсерімен әбден жұқарады, ішкі қысым арта түседі де, фолликула жарылады. Бұл үрдістің өтуі фолликул қоздырғыш гормонмен лютендеуші гормонның тікелей әсер етуімен іске асады. Пісіп жетілген фолликулдің аумағы1,5-2 см жетеді. Биенікі тіпті, үлкен 4-5 см жетуі мүмкін. Сиырда овуляция малдың күйлеуі тоқтаған соң, 10-15 сағаттан кейін өтеді. Егер ол аталық малмен жанасып, шағылысқа түсетін болса жатса, оның күйлеуі де, овуляциясы да тез өтеді.
Арық немесе ауру малдың овуляциясы көп кешігіп өтеді, 30 пайыз жағдайда овуляция болмай қалады (ановуляторлық цикл).
Овуляциядан кейін аналық ұрық безінің көлемі кішірейіп, жұмсарады. Жарылған фолликулдің орны шұңқыр, оған қан толып, ұйиды, фолликулярлық эпителийдің торшаларымен араласа өсіп, оған лютеинді фермент сіңіп, сары денеге айналады.
Овуляциядан кейін 4-5 күннен кейін-ақ сары дене (corpus luteun) аналық ұрық безінің үстінен бұлтиып біліне бастайды.
Егерде овуляциядан кейін мал тоқтап кетіп, буаз болса, сары дене мал төлдегенге дейін өзінің қызметін тоқтатпай сақталып қалады. Мұндай сары дененің буаздықтың сары денесі деп атайды. Ал егерде мал буаз болмай жыныстық цикл қайталанатын болса, пайда болған сары дене 7-10 күннің ішінде ыдырап, сіңіп кетеді де, аналық ұрық безінде қайтадан фолликулдер өсіп жетіле бастайды. Мұндай жағдайда сары денені жыныстық циклдің сары денесі деп атайды. Буаздықтың сары денесі мал төлдегеннен кейін 30 күннің ішінде, ал жыныстық циклдің сары денесі 15-20 күннің ішінде ыдырап сіңіп кетпей тұрып қалса, ондай сары денені тұрып қалған немесе персистенттік сары дене деп атайды. Бұл жыныстық жүйедегі қандай да бір патологияның белгісі.
Овогенез деп аналық ұрық безінде аналық ұрық торшасының пайда болып, өсіп-даму үрдісін айтады. Ұрық торшасы аналық ұрық безінің сыртқы қыртысты қабатында примордиалдік фолликулдердің арасында пайда болады. Овоцитті сыртынан бір қабат фолликулярлық торшалар қоршап тұрады. Бұл-алғашқы фолликула. Овоциттер эмбрионалдық кезеңде-ақ пайда бола бастайды. Бұл үрдіс жыныстық жетілу мерзімінде біршама қарқынды, ал одан кейін сәл баяулап қартайғанға жүріп отырады. Примордиалдық фолликулдердің жалпы саны сиырларда бірнеше ондаған мыңға жетеді, оның тек азғана бөлігі толық пісіп-жетіліп, овуляциямен аяқталады да, қалған фолликулдер атрезияға ұшырайды. Атрезия деп фолликулдің дамуы тоқтап, ішіндегі ұрық торшасы өліп, фолликулярлық сұйықтың ыдырып сіңіп кетуін айтады. Бұл-кәдімгі физиологиялық құбылыс.
Овоциттің төңірегіндегі қоршап тұрған бір қатар фолликулярлы эпителий бірнеше қатар болып көбейе бастайды, фолликула өсіп үлкейе береді, оның ортасына фолликулярлы клеткаларды шетке ығыстырып кең қуысқа айналады. Фолликула ұрық безінің терең қабатынан бетіне қарай жақындай береді. Фолликульдің қабырғасы ішкі және сыртқы қабаттан тұрады. Ішкі қабатында фолликулярлы эпителий орналасқан, ол экстрогендік гормон (фолликулин), бөліп шығарады сыртқы қабаты тығыз дәнекер ұлпадан, қан тамырларынан тұрады. Пісіп жетілген фолликулдің көлемі сиырда 1,5 см, биеде 4-5 см болады.
Фолликулдің өсіп жетілуімен қатар ұрық торшасы да өсіп жетіледі. Бұл кезде овоциттің құрамында және оның ядросында күрделі өзгерістер болады. Овоцит екі рет бөлінеді. Бірінші бөлінгенде одан екінші дәрежедегі овоцит және бірінші бағыттаушы дене тарайды. Осыдан кейін (көбінесе, овуляциядан кейін) екінші дәрежедегі овоцит екінші рет бөлінеді, оның нәтижесінде үшінші дәрежедегі овоцит және екінші бағыттаушы дене бөлініп шығады. Осы үшінші дәрежедегі овоцит жетілген ұрық торшасы болып саналады, оның ядросында хролмосомдар саны жартылай ғана (гаплоидті сан) болады.

3-кесте. Малдың күйлейтін мерзімі және овуляция өтетін уақыт
Мал
түрі
К ү й л е й т і н м е р з і м
Овуляция өтетін уақыт

Төлдегеннен кейін
Қайталануы
Ұзақтағы

Сиыр
20-30 күнде
21 күнде
15-20 сағат
Күйлеу тоқтағаннан кейін 10-15 сағаттан соң
Б и е
7-9 күнде
21 күнде
4-7 тәулік кейде 10-12 тәулікке созылады
Күйлеуі тоқтардың алдында, таңға жуық мезгілде
Қой, ешкі
15-30 күнде, кейде1,5-2 ай өткенде
16-17 күнде
1,5-2 тәулік
Күйлеу басталғаннан кейін бір тәулік өткен соң
Түйе
Бірнеше күн өткен соң
9-50 тәулік
15-65 тәулік

Шағылысқаннан соң өтеді
Шошқа
20 күн өткенде немесе торайын бөлген соң, 3-5 күн өткенде
21 күнде
2-2,5 тәулік
Күйлеу басталғаннан кейін бір тәулік өткен соң басталып, 1-2 күнге созылады
Ит, мысық
---
3-6 айда
8-14 тәулік
Күйлеу үрдісінің нағыз қызған кезіңде бірнеше күн бойы өтеді
Көп төлді жануарлардың аналық ұрық безінде бір мезгілде бірнеше фолликулдер пісіп жетіледі де, овуляция үрдісі ұзаққа созылады.
Жыныстық циклдің қайталануы барлық малда, жануарларда бірдей емес. Сондықтан жыныстық цикліне өтуіне қарай барлық жануарларды полициклді және моноциклді жануарлар деп екіге бөлеміз.
Полициклді - жануарлардың жыныстық циклі бір жылдың ішінде белгілі бір уақыт аралығында бірнеше рет, яғни әр 18-22 күн сайын қайталанып отырады. Бұған негізінен үй жануарлары, демек, сиыр, бие, мегежін жатады.
Моноциклді - жануарлардың жыныстық циклі жылына бір немесе екі рет қана қайталанады. Оларға ит, мысық және жабайы аңдар жатады. Ал түйе, қой мен ешкіні полициклді жануарларға жатқыза отырып, олардың жыныстық маусымы бар екендігін көрсете кетуіміз керек. Қой, ешкілер күзде күйлейді, ал түйе көбінесе, қаңтар айынан бастап сәуір-мамыр айларына дейін бірнеше рет күйлейді.
Тежелу сатысы шылым ағу және жыныстық қозу феномендерінің бәсеңдеп барып басылуымен сипатталады. Кеше ғана күйлеп жүрген мал еркек малды теуіп-тістеп жолатпайды. Шылым ағу тоқтаған, жыныс органдарының кілегейлі қабатынын қызарғаны басылып бозғылт тартқан, домбығып ісінгені де әлсіреген, жатыр мойыны жабық, кынаптағы кілегейлі қабатының эпителийі көшіп түсіп, астынан жаңа торшалар пайда болады. Мал тыныштанып, жем-шөпке тәбеті бұрынғы қалыпқа түседі. Сөйтіп, қозу сатысындағы байқалған эволюциялық үрдістер тоқтап, орнына инволюциялық үрдістер келеді.
Теңелу сатысы. Тежелу сатысының жалғасы болып табылады, бұл едәуір ұзақ уақыттқа, жаңа циклдің басталуына дейін созылады. Малдың мінез-құлқында айтарлықтай өзгеріс болмайды, аталық малға қарамайды, болмаса, оған жоламай қашып жүреді. Ұрық безінде әртүрлі даму сатысындағы фолликулдер де, сары дене де байқала береді. Жатыр мойыны жабық. Бұл-тек сырттай қарағандағы тыныштық. Ал жыныстық органдарда көзге көрінбейтін гистологиялық, биохимиялық өзгерістер, үрдістер жүріп жатады.
Әдетте, жыныстық цикл жаңа буаздыққа әкеліп соқтыруы керек, буаздық аяқталып мал төлдегеннен кейін қайтадан жаңа цикл басталады. Жыныстық циклдің басталуын, оның өту барысын, оған әсер ететін ішкі және сыртқы факторларды білу, әр аналық малдан жыл сайын төл алып отыру үшін қажет.

Ұрғашы малдың организміндегі жыныстық үрдістердің нейрогуморалді реттелуі
Жыныстық цикл басталып, оның дұрыс өтуі үшін сыртқы ортаның әсерімен қатар гонадроптық және гонадальдық гормондар қажет.
Гонадотропты гормондар:фолликул стимулдеуші гормон (ФСГ), лютеиндеуші гормон (ЛГ) және лютеотроптық гормон (ЛТГ) немесе лактогендік гормондар гипофизде түзеліп шығады да, қан арқылы аналық ұрық безіне және сүт безіне әсер етеді, яғни фолликулдердің өсіп жетілуін, овогенез үрдісінің жүруін қамтамасыз етеді. Аналық ұрық безінде овуляция болып, сол жарылған фолликулдің орнында сары дененің пайда болуы да осы гормондардың әсері.
Гонадалдық гормондар аналық ұрық безінде түзіледі, оған: фолликулин (эстрогендік гормон) және сары дененің гормоны прогестерон жатады.
Сыртқы орта факторлары дегеніміз - күн сәулесі, ауаның температурасы, жем-шөп және еркек мал. Осы ішкі, сыртқы факторлардың бір-біріне тигізетін әсерін бір ретке келтіріп отыратын орын-орталық жүйке жүйесі.
Қазіргі ғылыми-зерттеулер нәтижелеріне сүйенетін болсақ, жыныстық цикл мынандай тәртіппен өтеді: күн сәулесі-көздің, терінің рецепторын, азықпен келіп түскен стерондар-ас қорыту органдарының рецепторын қоздырады, еркек малдың-иісі, сыртқы тұрпаты, дауысы, олардың аталық малға тән қылықтары, ұрғашы малға жанасуы, сол сияқты тағы басқа да қарым-қатынасы тиісті сезімтал рецепторларды қоздырып, сол арқылы импульстер ми қыртысындағы тиісті орталықтарға барып жиналады. Ол жерде сарапталып, талданған импульстер гипоталамус арқылы гипофизге жетіп, ФСГ (фолликул стимулдеуші) гормонын бөліп шығаруға мәжбүр етеді. Бұл гормон қан арқылы аналық ұрық безіне әсер етіп фолликулдердің өсіп жетілуін дамуына ықпал етеді. Фолликулдердің ішінде фолликулин (эстрогендік гормон) түзіліп, қан арқылы миға, жыныстық жүйеге әсер етіп, соның салдарынан жыныстық циклдің қозу сатысы басталады. Жыныстық циклдің қозу сатысында: шылым ағу, жалпы реакция, күйлеу және овуляция феномендері бірінен соң бірі, тізбектеліп өтеді. Қанның кұрамында эстрогендік гормондар өте көп болғанда, ФСГ гормонының орнына гипофиз ЛГ (лютеиндеуші) гормонын бөліп шығара бастайды. ЛГ гормонының әсері мен овуляция үрдісі жүзеге асып жарылған фолликулдің орнына сары дене пайда болады. Сары дене өзінің прогестерон деген гормонын шығара бастайды. Прогестеронның әсері мен жатыр келесі буаздыққа дайындалады.

Еркек малдың жыныстық органдарының анатомиялық-топографиялық және физиологиялық ерекшеліктері
Еркек малдың жыныстық органдарына ұма, оның ішіне орналасқан екі ен, ен қосалқысы, ұрық түтікшелері, қосымша жыныстық бездер, жыныстық мүше (қаса, қамшы, шүкі) және күпек жатады (3-сурет).

3- сурет. Әр түлік малдың жыныстық мүшелерінің орналасуы: А-айғырда Б-бұқада В-қошқарда Г-қабанда. а-бүйрек; б-несеп ағар; в- тік ішек- г-қуық; д-несеп-жыныс өзегінің жамбастық бөлігі, 1-көпіршік тәрізді без, 2- баданалық без, 3- купер безі, 4- жыныстық мүше, 5-ұма, 6ен қосалқысы, 7- ен, 8күпек, 9-жыныстық мүшенің басы, 10-ұрық жолы, 11-ен бауы

Ұма (scrotum) екі қабаттан тұратын қапшық. Сыртқы қабаты тері, өте жұқа, жұмсақ. Оның құрамында тер бөліп шығаратын бездер көп-ақ. Ішкі қабаты серпімелі етті қабықтан тұрады. Екі қабығы бір-бірімен өте тығыз байланысқан.
Ұманың негізгі атқаратын қызметі ен мен ен қосалқысын сыртқы ортаның зиянды әсерінен және қалыпты температураны сақтау. Ұманың ішіндегі температура құрсақ қуысындағы температурадан 3-5º төмен. Мұндай температура спермиогенездің дұрыс өтуі үшін, шәуеттің сапасы жоғары болуы үшін қажет. Жаздың ыстық күндері ұма созылып жерге дейін (қошқар, теке) салбырап тұрады, ал суық күндері керісінше, жиырылып, кішірейіп бойындағы жылуды сақтауға тырысады.
Серпімді - етті қабат ұманы ортасынан екі қуысқа бөліп тұрады. Оның әрқайсысының ішінде ен және ен қосалқысы орналасқан. Ұманың ішінде серпімді етті қабаттан кейін ен және ен қосалқысын қоршап жататын тағы бір қабат бар, оны жалпы қынаптық қабық деп атайды. Бұл қабық ақ шел қабаттың жалғасы болып табылады, яғни ен орналасқан қынаптық қуыс шап арнасы арқылы ішкі құрсақ қуысымен жалғасады. Жалпы қынаптық қабықтың сыртында енді жоғары көтеріп немесе түсіріп тұратын ет талшықтары орналасқан.
Ен (testis, orchis, didymis) және ен қосалқысы (epididymis). Бұл орган эндокриндік органға жатады. Сыртқы пішіні жұмыртқа тәрізді сопақтау, тығыз серпімді, өте күрделі түтікті без. Оның бөліп шығаратын секреті миллиардтаған аталық жыныс торшалардан (спермий) тұрады.
Ен эмбрионалдық даму кезінде беломыртқа тұсында болады да, кейіннен барып ұма ішіне түседі. Ен ұма ішіне түспей, құрсақ қуысында қалып қойса, ондай еркек малды крипторхид деп атайды. Ондай малдың жыныстық рефлекстері сақталады, бірақ ұрғашы малды ұрықтандыра алмайды. Себебі шәуетінің сапасы өте төмен немесе аталық торшалар жоқ болуы да мүмкін.
Ен сырты сірлі және қалың фибриозды қабықпен қапталған, одан ішке қарай дәнекер тканьді қабырғалар тарайды да, ен паренхимасын бірнеше жүздеген бөліктерге (қуыстарға) бөліп тастайды. Әрбір бөліктің ішінде 4-5 ирек түтікшелер болады. Түтікшелерді қопсымалы дәнекер ұлпалар, жүйке талшықтары, қан тамырлары және ерекше интерстициалды торшалар қоршап жатады. Ол Лейдиг торшалары деп атайды. Ирек түтікшелер ортаға жақындағанда түзу түтікшелерге ауысып, олар бір-бірімен қосылып тор құрайды да, одан 30-ға жуық ұрық алып шығатын арналар тарайды. Бұл арналарды ен қосалқысының басы деп қараса да болады.
Еннің ұзындығы (бұқанікі) 12-15 см, қалыңдығы 6-7 с, салмағы 300 гр. Ұма ішінде тікесінен орналасқан. Қошқар мен текенікі де сондай, сәл кішірек. Шошқаның ені көлбеу жатады, айғырдікі ұзынынан жатық орналасқан.
Ен қосалқысы еннің ұзына бойына жабысып жатады. Оның басы, денесі және құйрық түбі болады. Жоғарыда айтылған ұрық алып шығатын көптеген арналар (ен қосалқысының басы) қайтадан бір-бірімен қосылып, иректелген бір арнаға айналады, ол ен қосалқысының денесін құйрық түбін құрайды. Ен қосалқысының осы ирек арнасын созып қарасақ, оның ұзындығы күйіс малында 30м, шошқада 60м, айғырдікі 86 метрге жетеді.
Ен қосалқысының құйрық түбі еннің төменгі жағында бұлтыйып анық білініп тұрады, шошқа мен айғырда еннің артқы жағында орналасқан. Ен қосалқысында аталық ұрық клеткалары дамып жетіледі және ұзақ мерзімге сақталып жатады.
Ұрық түтікшелері (ductus deferens) екеу, әрқайсысы ен қосалқысының арнасынан басталады да, нерв, қан тамырларымен бірге ен сағағының құрамында қынаптың қуыс арқылы құрсақ қуысы мен жамбас қуысына өтеді де жыныс мүшесінің (қаса, қамшы, шүкі) несеп ұрық жолына барып қосылады.
Ұрық түтікшесінің қабырғасы үш қабаттан тұрады: сырты сірлі қабат, ортасында етті қабат, ішкісі кілегейлі қабат, ол цилиндрлі эпителиймен қапталып ұзына бойына созылып қатпарлар түзейді.
Ұрық түтікшелері қуық үстінде бір-бірімен қосылып қампима түзейді. Бұл әсіресе, күйіс малында жақсы білінеді, сол қампимаға эякуляция алдында шәует жиналып дайын тұрады.
Ұрық түтікшелері шәуетті ен қосалқысынан несеп-ұрық арнасына жеткізетін орган.
Жыныстық мүше (penis) бұқада-қамшы, қабанда, қошқарда-шыбық, айғырда-қаса, ит, мысықта-шүкі деп аталады. Шәуетті ұрғашы малдың жыныстық жолдарына апарып салатын жыныстық қатынас органы.
Жыныстық мүшенің қасаға сүйектеріне бекитін түбірі, ұзын әрі жуан денесі және үшкірленген (айғырда, есекте дөңгеленіп жалпақ болып бітетін) басы болады.
Жыныстық мүшенің денесінің астыңғы жағында несеп-ұрық жүретін өзек бар. Оның жан-жағынан каверналық дене қоршап жатады. Каверналық дененің ірі-ірі қуыстарға айналған қан тамырлары деп білуіміз керек. Эрекция кезінде осы каверналар (қуыстар) қанға толып, жыныстық мүше жуандап қатаяды, ұзарады, күпектің сыртына шығып кетеді. Бұқаның қамшысы 150 см, қошқардікі 50 см, қабандыкі 80 см дейін жетеді. Күйіс малының қамшысының басында 2-3 см бөлек шығып тұратын несеп ұрық жолының өсінді қалдығы болады, ол эякуляция кезіңде дірілдеп шәуетті жатыр мойынына бүркіп шашады.
Күпек (praeputium) - жыныстық мүшенің басын жауып тұратын терінің қатпарларынан тұратын қапшық.
Қосымша жыныстық бездер: а) көпіршік бездер (gl.vesicularis) екеу, олар қуықтың үстінде ұрық түтікшесінің қампаймасының екі жағында орналасқан, ұзындығы ірі малда және қабанда 10-15 см жетеді, қалыңдығы 4-5 см, тік шек арқылы қол салып қарағанда анық білінеді. Иттерде, жабайы аңдарда бұл ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Эмбрионалдық даму жолы және шығу тегі
Несеп- жыныс ағзасы туралы
Қырғауылдың жұмыртқадан шыққан аналық жыныс безінің құрылысы
Сиыр мен құнажындардың бедеулігінің түрлері мен себептері
Малдардың жыныс органдарының анатомиясы
Ұрықтардың аналық малдың жыныс жолдарымен жылжуы
Сигналдық молекулаларға жалпы сипаттама. Гормондар
Несеп- жыныс ағзасы
Жыныстық циклдің қалыптастыратын факторлар
Іле өзеніндегі тыран (abramis brama) балығының биологиялық сипаттамасы және жыныс бездерінің гистологиялық ерекшеліктері
Пәндер