Жыраулар поэзиясындағы Абылай хан бейнесінің көрінісі


ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
Тақырыбы: «Қазақ поэзиясындағы Абылай хан бейнесі, оны орта мектепте оқыту»
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаты. Тәуелсіздікке қол жеткізіп, отыз жылдан астам уақыт өткіздік. Бүгінгі таңда қазақ әдебиетіндегі ұлттық құндылықтарды, яғни, ұлттық өнер, ұлттық дәстүр, жалпы ұлттық дүниетанымымыз туралы терең зерттеу қажеттілігі туып отыр.
Тарихы тереңде жатқан қазақ елін басқарған әкімдер, хандар, сұлтандар жайында жазылған туындыларды зерттеу мен зерделеу өз жалғасын табуда. Соның бірі XVIII ғасырда үш жүздің басын қосып, ел тағдырын болжаған Абылай хан жайында жазылған көркем туындылар. Қазақ әдебиетіне өз шығармаларымен айтулы үлес қосқан қаламгерлердің туындыларын зерттеп, олардың әдебиеттегі орнын, суреткерлік шеберлігін бағалау қажеттігі туып отыр.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Әлем әдебиетінің классиктері өзінің тарихи даму арнасында ел билеген патшалар, әкімдер, хандар бейнесін сомдаған туындыларды басты назарда болатынын аңғарамыз. Сол шығармалар бойындағы озық көркемдік дәстүрді кейінгілер игере отырып, өз кезеңінің ерекшеліктеріне қарай дамыта түседі. XVIII ғасырда үш жүздің басын қосып, сол аласапыран дәуірде халық тағдырына алаңдаған, ел тілегін, елдігін ту көтеріп бір арнаға жиған Абылай хан бейнесін суреттеген көркем туындылар қатары аз емес. Бұл шығармаларда ең алдымен қазақ елінің тарихы, тағдыры, күрес-тартысын таныту басым суреттеледі.
Қазақ поэзиясында Абылай хан бейнесі сол кездегі тарихи-әлеуметтік шындықпен сабақтастыра бейнеленеді. Оқырман назарын аударатын жыраулар поэзиясы өкілдері: Бұқар, Үмбетей, Тәтіқара және XIX ғасыр өкілі Сүйінбай, Ақылбай Абайұлы Құнанбаев, кеңес дәуірінде Мағжан Жұмабаев, Шәді Жәңгіров, Мәжит Айтбаев, Әбіш Кекілбаев т. б. секілді қаламгерлеріміз болды.
Көркем әдебиет туындылары мәдени, рухани өркендеуімізде әсерін тигізетіні сөзсіз. Олай болса, әдебиеттану ғылымы үшін де көкейкесті, зәру мәселенің бірі болады. Қазақ поэзиясында Абылай хан бейнесін сомдап, танымдық-рухани құндылығымен бағалы шығармалар жанрлық тұрғыдан қарастырылады.
«Мәңгілік ел» бағдарламасы тұрғысынан қарағанда дәстүрлі ұлттық руханиятымызды дәріптеу, насихаттауда Абылай хан тұлғасын ашу мақсаты маңызды болып отыр. Қазақ поэзиясында Абылай ханның жарқын бейнесінің үлгісі жасалған. Демек, көркем әдебиет пен тарихи тұлға қай кезде де маңызды. Тақырып өзектілігі де осыған келіп саяды.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақ әдебиетінде Абылай хан және ол жайында жазылған көркем туындылар көп. Абылай хан туралы жазылған шығармаларды зерттеушілер де аз емес. Мәселен, М. Көпеев, Ш. Уәлиханов, М. Әуезов, С. Сейфуллин, Ә. Марғұлан, Р. Бердібай, А. Сейдімбеков, С. Дәуітов т. б. еңбектерінде басқа да әдебиеттанушы ғалымдар сөз еткен.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың басты мақсаты - қазақ поэзиясындағы Абылай хан тағдырын бейнелеуде қаламгерлердің орны мен суреткерлік шеберліктерін айқындау.
Берілген шығармалардың тақырыптық-идеялық, көркемдік-стильдік ізденістеріне баға беру, өзара сабақтастық, тақырып ортақтығы, алмасу әсері, ортақ мәселеге тоқталу. Осы мақсатқа жету үшін төмендегідей мәселелерді қарастыру міндеттеледі:
-Абылай хан тұлғасын бейнелеуде жыраулар толғауларына нақты талдау жасап, көркемдік ерекшеліктерін қарастыру;
-А. Құнанбаев, Ш. Жәңгіров, М. Айтбаев, М. Жұмабаев поэмаларындағы жаңашыл бағыт, өзіндік суреткерлік шеберлікті анықтау;
-Қаламгерлер шығармаларына ықпал еткен тарихи шындықты пайымдау, жан-жақты ашу;
-Қазақ поэзиясындағы тарихи тұлғаларды сабақтастыра қарастыру;
-Абылай ханның қазақ поэзиясындағы тарихи орны, оның ұлттың тәуелсіздігіне қосқан үлесін көркемдікпен бағамдау;
-Абылай бейнесін сомдаған ақындардың әрқайсысының қолтаңба ерекшеліктерін саралау, салыстыра зерттеу;
Жұмыстың ғылыми жаңалығы. Зерттеу жұмысында қазақ поэзиясындағы Абылай хан тұлғасының бейнеленуі тұтас қамтылып, кең аяда, салыстырмалы түрде, ең бастысы суреткерлік шеберлік қырлары тұрғысынан алғаш рет талданады.
Ұлттық поэзияда Абылай хан тұлғасын бейнелеу, болмыс-бітімін айқындаған Бұқар жырау, Үмбетей, Тәтіқарадан бастап кеңес дәуірі өкілдері М. Жұмабаев, Ш. Жәңгіров, М. Айтбаев т. б. поэзиялық туындылары, ондағы Абылай тұлғасын зерттеу нысанына алынып, бүгінгі көзқарас тұрғысынан қарастырылады.
Жекелеген авторлардың өзіндік ерекшелігі айқындалып, қазақ әдебиетінің дамуына тигізген әсері пайымдалады, тарихи-танымдық тұрғыдан сараланады.
Зерттеу нысаны. Бұқар, Үмбетей, Тәтіқара, Шал ақын толғаулары мен М. Жұмабаев, Ақылбай Құнанбаев, Ш. Жәңгіров, М. Айтбаев сияқты қаламгерлердің Абылай хан тақырыбына жазылған поэзиялық туындылары алынды.
Зерттеудің дереккөздері. Қаламгерлердің шеберлік қырлары, әр алуан зерттеулермен әдеби мәтінмен байытылады.
Тарихи тұлғалар жайлы жазылған еңбектер: А. Сейдімбек «Күмбір-күмбір кісінетіп»(1981), Х. Әдібаевтың «Уақыт және суреткер», Қ. Әбдезұлының «Тарих және тағдыр»(2004), «Тарихи тұлғалар және қазақ әдебиеті» (2004), «Абылайхан» жинақ (1993) т. б. ғылыми зерттеулер басты назарға алынды.
Жұмыстың ғылыми-тәжірибелік мәні. Зерттеу жұмысының нәтижелерін, тұжырымдарын әдебиет тарихының мәселелеріне қатысты практикалық сабақтарда пайдалануға болады.
Диплом қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар:
-Қазақ поэзиясында Абылай хан бейнесінің сомдалуында өзіндік қолтаңбасымен із қалдырған ақын-жыраулардың көркемдік деңгейі анықталды;
-Ұлттың өнер болмысын суреткерлікпен игеру барысындағы қаламгерлердің тың ізденістері ашылды;
-Қазақ поэзиясын көркемдік сапаға көтерген қаламгерлердің қазақ әдебиетіндегі орны белгіленді;
-Абылай хан бейнесін сомдаған жыраулар мен ақындар қазақ поэзиясын жаңа көркемдік сапаға көтеруге өз үлестерін қосқаны сараланды.
Диплом жұмысының құрылымы: Диплом кіріспе, негізгі бөлім және қорытындыдан тұрады. Жұмыс соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген.
1 ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ АБЫЛАЙ ХАН БЕЙНЕСІ ЖӘНЕ КӨРКЕМДІК ШЫНДЫҚ
1. 1. Дәуір шындығы және көркем бейне
Тарихи деректік туындылар мен тарихи тұлғалар бейнесін жасау арқылы қоғамдық-әлеуметтік қызметтері тұтасқан тұлғалар әркез бейнеленіп отыр. Батыста да, Шығыста да әр дәуірде ел басқарған әкімдер, патшалар, хандардың ел алдындағы қызметі мен беделін бейнелі сөзбен жеткізіп отыратын сөз зергерлері болған. Қазақ әдебиетінде хандар, батырлар, шешендер, өнер адамдарының азаматтық болмысы, әдебиет пен өнердегі бейнесі әр қырынан айқындалып отырған.
Көне түркі әдебиетіндегі «Қорқыт Ата» кітабында ел басқарған әкімдер тағылымына ерекше мән берілген. Жырда эпикалық баяндалатын оқиғалар мен Қорқыт толғамдарында ел басқарған азаматтардың тұлғасына арнайы мән берілген. Мәселен, Оғыз хан бейнесін берерде Қорқыт ата тағы сөйлеп кетті, тыңдап көрелік, не сөйлер екен. Тәкаппарлықты тәңір сүймес [1, 145 б. ] - деген сөзден хан тағылымына ерекше мән бергенін байқаймыз.
Жүсіп Баласағұн «Құтты білік дастанында хандар мен әкімдермен» қалай қатынасу жөнінде айтылады. Ел басқарған әкімдердің тұлғасын қарайтын қасиеттері мадақталады.
Ақыл керек жаханды ұстап тұруға,
Жүрек керек елге билік құруға
Ел басқару бектің ісі қашаннан
Заң тәртіптің күшімен ол жасалған
Жақсы айтыпты оны халық басшысы
Әлем ісін есті атқарған бастысы [2, 379 б. ] .
Орта ғасырлық түркі поэзиясында Қожа Ахмет Яссауидың «Диуани хикмет», А. Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» атты дидактикалық дастандарында да ел басқарған азаматтар тұлғалары бейнеленген. Олай болса біз сөз еткелі отырған XVIII ғасырдағы Абылай ханның елдікті сақтап қалуда халық мүддесімен орайлас.
Хандар бейнесі қазақ фольклорында да көрініс берген. Қазақ ертегілерінде қоғамдық билік, ел билеу айтылып отырады. Қазақ ертегілеріндегі хандар бейнесін үнемі жағымсыз, ақымақ етіп суреттейді, әрине кеңестік үкіметінің идеологиясы, таптық көзқарас қалыптасқан. Десек те, хандар ақымақ емес хандық билікті ұстаған, парасатты қоғам қайраткері ретінде танылған. Ертегілердің 6-томдық жинағына енген ертегілердің көпшілігінде патшалар, хандар бейнеленген. Олардың кейбірінде озбыр, халықты қанайтынын халық қолдамаса, енді бірінде хандарды мейірімді, ақылды, әділ етіп көрсетеді.
Халқымыздың даналық сөздері мақал мен мәтелдерде де хандар бейнесінен көрініс береді. Мәселен, «Хан - қарақшы, халық - сарапшы», «Хан қасына барып көр, басың кетпесе, маған кел», «Хан көп болса, жау көп», - осылай тізе беруге болады. «Халық қатуланса ханды талапай етеді», «Халық қаласа, хан қайығын береді», - деген хан мен халық арасын ашып тұр. Халқымыздың әдет-ғұрпында бата беру салты бар. Батада да ел тарихы, тұрмысы көрініс тапқан. Жеке адамдардың бойындағы табиғи дарынын кейінге үлгі ету үшін айтылатын баталарда да хан сипаты ашыла түскен.
Зерттеуші ғалымдар «Абылай ханға» берілген баталарды жинақтап «Ақ бата» деген атпен жариялаған. С. Негимов пен Т. Қазиұлының 1992 жылы шығарған жинағында:
Абылайдай алып бол,
Шоқан сынды жарық бол
Атың шықсын Алашқа-ай [11, 32 б. ] .
Атақты Қуанышбай би Көкшетауда Абылайдың барлық қазақты ынтымақ, бірлікте ұстаған ақ ордасын еліне үлгі етіп:
Абылайдай орда бол,
Ақ тілеулі жолда бол, - дейді [11, 34 б. ] .
Тіпте жұмбақтардың өзінде хан сарайы, патша тағы, оның уәзірлері, салатанатты ордасы жұмбақталып отырған.
Хан бейнесі эпостық жырларда кеңінен суреттеледі. Мәселен, «Қобыланды батыр» жырында Тоқтамыс хан, «Алпамыс батыр» жырында Тайша хан, «Қарадөң» батырда ноғайлы ханы, «Шора батырда» Нәзік хан, т. б. жырларда ел қорғауда батырмен хан арасындағы байланыс кейде жыр соңында батырды сол елге хан сайлайды.
Хан тұлғасы қазақ аңыздарында да айтылады. «Аяз би» - бұл аңыз ертегі Мадан хан мен халық өкілі Жаман соңында Аяз хан болуы арқылы халық хандардың қандай болуын аңыз арқылы берген. Аңыз соңында Жаманды хан тағына Мадан хан өзі отырғызады. Аяз би хан атанып, елін риза етті, ел билеу тәртібі әділдікке құрылды.
Қазақтың мұң-шер өлеңдерінде, әсіресе, хандар өмірден өткенде белгілі ақын-жыраулар шығарған. Көңіл айту, көңілқос, естірту, бақыласу т. б. жырларда хан бейнесін ашуға арналған. Жәңгір хан өлгенде Бөртіш жырау жоқтау айтқан, Абылай ханды Бұқардың, Үмбетейдің жоқтауы, Нысанбай жыраудың «Кенесары мен Наурызбайды жоқтауы» т. б. дәлел болады. Ел бірлігін сақтай білген Абылай хан бейнесі жасалған шығармалардың мәні де ерекше. Сондықтан тарихи деректерге сүйене отырып, Абылай хан бейнесін ашуды мақсат еттік. Міне, қазақ фольклоры тұнып тұрған бай зерртеу назары әлі түсе қоймаған материалдарға толы екені осыдан-ақ көрініп тұр.
Біз зерттеу объектісіне алып отырған хандар бейнесінің жасалуына байланысты фольклордан да табуға болады. Кейбір жанрлар бойынша хандар бейнесі мүлдем зерртеушілер назарына әлі де ілінбей келеді. Ғалым Ә. Тарақ пен Ә. Әбсадықов диссертациясында біршама қарастырылды, десек те толық ғылыми айналымға түскен жоқ.
Олай болса, біз сөз еткелі отырған Абылай ханның елдікті сақтап қалудағы халық мүддесімен орайлас келетіні, ел бірлігі, қазақ мемлекетінің дербес өмір сүруін аңсап, сол оқиғаның бел ортасында жүргенін көркем әдебиетте нанымды суреттегені байқалады.
Абылай заманында туған біршама толғауларда оның мейлінше шынайы бейнесі суреттелген. Ел басындағы ауыр күндерді айта отырып, Абылай ханның барлық атақ, даңқын шығарған халық елге сіңірген еңбегі, әділдікті ұстауын жырға қосады. Ел еңсесін көтеруге атсалысқан Абылай хан бейнесі халық тағдырымен байланысты суреттелген.
Академик З. Қабдолов «Өмірлік шындықтың негізінде тұлғаны сөзбен сомдауда көркем шығармадағы адам болмысын танытудың шешуші мәселесі ойдан шығару», деп тұжырым жасайды [3, 89 б. ] .
Ел тарихында қазақ хандығын басқарған Абылай ханның жақсы істері де қателіктері де халық тағдырына әсер ететіні - өмір шындығы.
Жыраулар поэзиясында Абылай хан тұлғасын даралау-мінездеу барысында қарама-қайшылық болмысын да көрсетеді. Бұқар, Үмбетей, Тәтіқаралар оқиға арқылы адамзат тарихындағы ел билеуші Абылай ханның шынайы бейнесін көрсете білген.
Ең бастысы Абылай хан заманындағы қазақ мемлекетінің дамуы, әлсіреуі де ата-бабалар қалыптастырған елдік - Отаншылдық жолынан ауытқымауы екендігін дәлелдей жырлаған. Дастандар мен толғауларда аса көрнекті қайраткер Абылай ханның бейнесін жырлау арқылы халқымыздың хал-ахуалын оқырман көз алдына елестетеді.
Бүкіл қазақ елінің еркінідігін, даламыздың тұтастығын сақтап қалуға атсалысқан қайраткер Абылайды жырлауда сан алуан шабыт иелері болды. Қазақ хандығының әлсіреген тұсында хан Абылайдың танып-бағалаған Қожаберген жырау қалмақ шабуылы туралы Тарбағатайдан Алакөлге дейінгі қырғын соғыс, шапқыншылықты жырлап, Абылаймен жүздесуін дамыта жырлайды.
Абылай хан - қазақтың ұлттық-отаншылдық, азаматтық парасат ұлағатын таныта алған зор тұлға.
Ұлтты ұлт ретінде қалыптастыратын, халықтың атын өшірмейтін, ғасырдан-ғасырға жеткізетін әдеби мұраларымыздың бірі - сөз өнері, яғни, жыраулар поэзиясы. Жыраулар өнері - атадан-балаға, келешек ұрпаққа мирас боп келе жатқан дәстүр. Әрине, өнердің түрлері көп. Соның ішінде жыраулар поэзиясын жоғары түр десек, артық айтқандық емес.
Тарих қашанда өз перзенттерінің құнды мұраларымен қымбат. Қазақ халқы ерлігі мен еркіндікке құштар күрестерге, батырлығы мен бостандық дегенде жан салмайтын байламдарға тұратын шешендер мен даналарға, әділ хандарға, өмір шындығын толғап жеткізуші жырауларға кенде болмаған.
Тарих толқынында қазақ поэзиясы үшін жарқын белестерге толы кезең XV-XVIII ғасыр болған.
Абылай заманында бірінші орынға елдік, ерлік, қазақ ұлтының біртұтастығы тұрды. Осы кезеңде жыраулар поэзиясының кемелденген кезеңі болды. Ел қамы үшін, ұлт жаны үшін тарих төріне жыраулар келген еді.
Жыраулар - әдебиетте де тарихта да маңызды орын алатын тұлға. Ел ертеңі жайлы болжам жасап, данышпандығымен дараланып, абыздық дәстүрді әдебиетпен байланыстырған. Жыраулар арқылы біз тарихымызды тани аламыз.
Әлем әдебиетінде тарихи деректік туындылар мен тарихи тұлғалар бейнесі әркез жасалып отырған. Әр дәуірде ел басқарған әкімдердің ел алдындағы қызметін бейнелі сөзбен халқы жеткізетін болған. Хандар, батырлар, көсемдер, шешендер, өнер адамдарының азаматтық болмысы, әдебиет пен өнердегі бейнесі әр қырынан айқындалған деуге болады.
Абылай хан туралы әдебиеттану ғылымында айтылып жүрген пікірлерге сүйенсек, ханға арналған толғаулар, дастандар, тарихи жырлар, аңыздар өте көп. Оларды ғылыми сараптайтын болсақ, мына үш желіге құрылады.
Қазақ хандығының құлдырай бастаған кезінде ел басқарған Абылай бейнесі суреттелген шығармалар олардың тарихи оқиғалармен байланысын Ш. Уәлиханов жазып алған «Абылай туралы жыр» 1858 жыл.
Абылай бейнесін жасауда мифтік элементтердің қосылғаны, яғни Абылайдың дүниеге келуінде анасы түс көріп, Ғайберен аян беруі немесе Абылай жорыққа шығарда ақбура жорық жолына қарап жатса жеңіске жетеді. Абылайды халыққа Алла тағала жіберген қасиетті адам деген сияқты. «Ақатан» жырын айтуға болады.
Ғұмырнамалық жыр. Абылайдың өлер алдындағы Бұқар жыраумен бақиласуындағы үш өкініші:
- Қан көп төгілді, мен қан төкпесем, өзімнің қаным төгілер еді;
- Халқыма сәнді қала салдыра алмадым.
- Халық басы бірікпеді.
Академик Р. Бердібай: «Қазақ халқының сан буыны қысылғанда медет көріп, намыс кегі қайралғанда ұран етіп шақыратын да Абылай есімі болуы тегін емес. Ол жөнінде көне сөздердің көптігі соншалық, «Абылайнама» деп атарлық мол туындылар шоғыры жасалған. Орыс халқының тарихының болмыс жырларының ең көбі Владимир дәуіріне арналған десек, қазақтың тарихи-эпикалық өлең жырларының аса көрнекті бөлігі де Абылай және оның айналасындағы батырларға, билерге, шешендерге бағытталған», - дейді.
Ғалымның осы пікіріне сүйенсек, ел бірлігі мен ынтымағын сақтауға ат салысқан Абылай хан бейнесі өз заманында да, бүгін де тарихи оқиғалармен байланысты болғанын аңғару қиын емес.
Академик В. В. Бартольд «XVIII ғасырдағы ең күшті Орта жүздің ханы Абылай болды» - десе [5, 28 б. ] . Ш. Уәлиханов «Абылай ғасыры - қазақ ерлігінің ғасыры еді» - деп баға берген. [9, 12 б. ] . Ол үш жүздің ханы еді. Шоқан Уәлиханов Бұқар жыраудың Абылайға арнаған өлеңдерін жазып алып алғаш пікірін айтса, Мәшһүр Жүсіп Көпеев өз зерттеулеріне Абылай хан бейнесінің жасалуы туралы ой қозғайды. Ал, С. Сейфуллин Абылай хан туралы толғауларын талдап баспаға жариялаған.
Абылай ханның көркем әдебиеттегі бейнесі прозада, поэзияда, драматургияда әр қырынан көрініс береді. Ханды да, қараны да қалыптастыратын қоғам, уақыт, заман десек, қазақ елінің ынтымағын, бірлігін сақтай білген Абылай хан бейнесі жасалған шығармалардың мәні ерекше.
Абылай хан туралы жазылған ірілі-ұсақты толғау-дастандар арқылы кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық Абылай хан бейнесіне көз жеткіземіз.
Абылай хан бейнесін жасауда Бұқар жыраудан бастап Үмбетей, Тәтіқара, Шәді Жәңгіров, М. Жұмабаев т. б. қалдырған жыр-дастандардағы хан бейнесіне көз жеткізіп, даралық қолданысын көрсету. Қазақ әдебиетіндегі Абылай бейнесі жасалған шығармаларға, зерттеулерге талдау-жинақтау жасау әдістерін қолдана отырып, салыстыра қарастырдық.
Қазіргі қазақ әдебиетінің көркемдік өркендеуіне айрықша үлес қосып отырған жыр-дастандардағы Абылай хан бейнесінің көрінісі арқылы ұлттық өнердің ерекше өзіндік сипаты екшеледі.
Қазақ поэзиясындағы Абылай хан бейнесін тақырыптық, тілдік-бейнелік, көркемдік сипатын ашып, тұжырым жасау барысында салыстырмалы-типологиялық, жинақтау, топтастыру, сипаттау әдістері қолданылды.
Абылай хан бейнесі бір топ сүбелі еңбектерде жекелеген жанрлар бойынша кең көлемде зерттеліп, сараланса да, бейне, бейнелілік тұрғысынан зерттеу нысанынан тыс қалуы жұмыстың көкейтестілігін танытады. Біз қарастырып отырған мәселеде тек бейне туралы жалпы түсінік бермей, қазақ әдебиеттану ғылымындағы теориялық негізде зерттелуін ескере отырып, Абылай хан заманы, оның атқарған рөлін анықтап, тағы бір қырынан ашу көзделді. Ақын-жыраулардың хан образын жасаудағы өзіндік қолтаңбасы зерттеу объектісінің өзектілігін көрсетеді және бүгінгі күннің зәру мәселесі болып табылады.
«Тарихы жоқ ел - жетім, рухы төмен ұлт - жетім », - демекші қазақ елінің бостандығын, еркіндігін толғауларында айқын көрсеткен жыраулар дәуір шындығын берген. Сөйтіп хан Абылай бейнесі арқылы елдіктің, ерліктің, ұлттың рухын жеткізген.
1. 2 Жыраулар поэзиясындағы Абылай хан бейнесінің көрінісі
Жыраулар поэзиясы - ғасырлар бойы қалыптасып, дамыған ұлт әдебиетінің ғажап түрі. Жыраулар поэзиясының негізгі жанры толғау әуел баста магиялық, тотемдік сипатта пайда болып, жетіле келе қоғамдық-әлеуметтік маңыз алып, жанр ретінде қалыптасып дамыған.
XVIII ғасырда заман талабына сай Бұқар жырау, Үмбетей, Тәтіқара, Шал, Ақтамберді жыраулар қашан да хан қасынан табылып отырған хан мен халық арасында алтын көпір болып, халық мүддесін қорғап отырған.
Өзінің даналығымен хан төңірегінде болып ақылгөй жыршы, салауатты би, ел қорғаған батыры болған. Ел басына күн туғанда хан жыраулармен кеңесетін болған. Хан төңірегіндегі жыраулардың саяси салмағы да басым болғандықтан, барлық толғауларын елге қарата айтатыны да сондықтан болар.
М. Әуезов: «Абылай хандардың тұсында орысқа бағынуды сөз қылғанда осы хал болады-ау деп қайғырып, қаралы сөз қылған ел басшылары көп еді. Сол заманның ханы мен биі, қариясы мен жырауы, ылғи жақсы түгелімен келесі заманның күйін айтып, жырлап өткен сияқты еді», - деген [6, 144 б. ] .
XVIII ғасырда жыраулар ел қорғаған батырларға дем беріп отырған. Абылай ханды құрметтеп, қолдап, оның халық алдындағы беделін көтеріп, кей жағдайда ханға кеңес беріп, қажетті жерінде әшкерелеп те отырған. Абылай заманындағы жыраулар толғауларының бел ортасында Абылай тұрады. Заманның да кейіпкердің де басындағы қайшылықтар аттап өтілмей, шындықты шынайы көрсете білген.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz