Б. Кенжебаев - әдеби сын зерттеулерде


Жұмыс түрі:  Диссертация
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 131 бет
Таңдаулыға:   

ӘӨЖ 808:818. 992 71

Қолжазба құқығында

ЖАЗДЫКБАЕВА РОЗА ПЕРНЕБАЕВНА

Б. Кенжебаев - әдеби сын зерттеулерде

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертация

10. 01. 02 - Қазақ әдебиеті

Ғылыми жетекші: ф. ғ. д., проф.

Қ. С. ЕРГӨБЕК

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ

І ТАРАУ: Қазақ әдебиеті тарихына қатысты көзқарастары сын таразысында.

ІІ ТАРАУ: С. Торайғыров шығармашылығына қатысты еңбектері сын айнасында.

ІІІ ТАРАУ: Сыни еңбектері сын талқысында.

ҚОРЫТЫНДЫ

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

КІРІСПЕ

Қазақ әдебиетінің тамыры өткен ғасырлар бедерінен көрінеді. Көне тарихтан бастау алатын асыл қазынамыз уақыт дамуына ілесіп, байып, жаңарып келеді.

Әдебиет - уақыт пен қоғам тынысы нәтижесінде дамып жетіледі десек, жазба әдебиетіміз болсын, ауыз әдебиетіміз болсын осынау көркем дүниенің баршасынан шығарма жазылған кезіндегі қоғам мен өмір бейнесін тануға мүмкіндік аламыз. Қазақ әдебиеті ықылымдардан жалғасын тапқан көркемдік-эстетикалық қуаты аса бай, ұлттық мақтаныштарымыздың бірі.

Қазақ сөзінің маңызы мол, ойы құнарлы. Қазақ әдебиеті - ұлтымыздың барлық таным көкжиегі шоғырланған рухани-психологиялық фактор.

Қазақ әдебиеті - ұлтымыздың баға жетпес асыл қазынасы. Осы ретте мұны көзіміздің қарашығындай қорғап, қастерлеу және әділ баға беріп, зерттеу мәселесі халқымыздың, болашақтың алдында тұрған зор міндеттің бірі. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың еліміздің алдына мақсат етіп қойған шарасының бірі - руханиятымызды дамыту, сақтау болса, әдебиеттану саласы да соның бір мағыналы бағыты ретінде танылады.

Қазақ әдебиеті жазылып, жинақталған алып қор болса, оны зерттеп, талдаумен айналысқан ғалымдарымыз да мол. Және де олардың саны күн өткен сайын артып келеді. Бұл алып арналы әдебиет өткен ғасыр басынан бастап зерттеле бастады десек, сол уақытта зерттеу фактілері алғаш қаламының ұшында көрініс тапқан ғалымдарымыз бен ізденушілеріміз көп емес еді. Бұл қатарда өткен ғасыр басында жасаған ақын-жазушыларымыздың зерттеу планындағы дүниелерін де қоса атаймыз.

Көреген де, кемеңгер зерттеушілеріміздің болуы да заңды, көркем әдебиет пайда болған кезеңде оны зерттеушілер, әдебиеттану ғылымы да қосыла орын алады. Қазақ әдебиеттануының атасы ретінде біз А. Байтұрсыновты танысақ, бұл тұлғаның зерттеулері әдебиеттануға қаншалықты үлес қосса, оны танып білу арқылы қазақ әдебиетіне көптеген озық пікір мен парасат көкжиегі кең ғалымдар легі келді. Қазақ ақыл-ойының кітаптағы көрінісі - қазақ әдебиетін жарқырата зерттеген осынау тамаша ғалымдарымыздың әрбірімен жеке-дара мақтанатын болсақ, осы топтың ішінде ерекше тоқталуды талап ететіні - Б. Кенжебаев шығармашылығы. Қым-қиғаш пікір тартысына мойымай, биліктің ызғары тоңдырдырса да қайыспай күн кешкен, әдебиеттанудың қара нары іспетті еңбек атқарған Б. Кенжебаевтың шығармашылық тағлымын зерттеу бүгінгі әдебиеттану саласының алдында тұрған үлкен міндеттің бірі.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі.

Б. Кенжебаев қазақ әдебиеттануының бір саласын емес, ондаған саласының тізгінін қатар ұстап зерттеген ғалым. Мұнда біз ғалымның әр тақырыптың басын бір шалу әдетін көрмейміз, ол әдебиетті қашанда ұлттың рухани қазынасы, қазақтың рухани қазына тарихы деп қарады. Сол себепті ол қазақ әдебиеті тарихын саяси құбылуларға қарай зерттемеді, өзінің тарихи даму арнасы, даму заңдылығы тұрғысынан зерттеді. Сол кездегі қоғам мен өмірдің жаңғыруына орай қарады. Осы арқылы өзіндік парасат пен талғам турасынан әдеби дәстүр туындатты. Б. Кенжебаев зерттеген тақырыптарының баршасында көркем дүниенің ішкі механизміне бойлап, еніп қарастырады. Сондықтан да, ғалым әдебиетіміздің күллі әлеуметтік және эстетикалық тарапына қалам тартып шықты. Нәтижесінде көлемі аз ба, көп пе, бірақ сапалы әдеби мұра қалдырып өтті. Б. Кенжебаевтың сын зерттеулері уақытында талқыға көп түсті. Тіпті арнайы қаулылар алынған кездер болған. Шығармашылығы көзінің тірісінде көбіне бағаланбаған, сыңаржақ социологиялық сынға көбірек ұшыраған. Қазіргі таңда Б. Кенжебаевтың әдеби мұрасы жоғары бағаланады. Ғылымда сан-сала болып зерттеліп келеді. Бірақ, оның әдеби мұрасының зерттелуі, танылуы тұрғысынан қарастырылған емес.

Біздің зерттеу жұмысымызда Б. Кенжебаев шығармашылығына қатысты әр кезеңде жазылған әдеби сыни пікірлер мен мақалалар өзек болып отыр. Әдебиет саласының барлық тақырыбына дерлік қалам тартқан ғалымның ұлт руханиятына деген жанашыр пікірі, сол кездегі қаһарлы билік шалажансар деп түсіндірген, алашордалық мақсат аясына шоғырланған ұлт ойшылдары туралы шынайы пікірі, әдебиетіміздің өсуі мен өркендеуі жолында айтқан ақиқатты пікірі - ғалымға көп тұста қолдау мен қорғау, бағалау реакциясымен емес, шын мәнінде жау тұтқан, қолдамаған мақалалар болып өзіне оралып отырды.

Б. Кенжебаев - әдебиет тарихын зерттеуші, өткен ғасыр басындағы әдебиетімізді жүйелеуші, сарабдал сыншы және өткір журналист десек, осы жолдағы мақалалары, зерттеулері, түрлі әдеби формада жазылған пікірлері қандай мол болса, оған қарсы жазылып отырған сындар легі де сондай көп болып еді. Ғалым шығармашылығына қатысты өз уақытында негізді және негізсіз түрде жазылған бұл сыни пікірлерді екшеп, талдап, әділ бағасын беру кезегі енді ғана жеткендей. Сондықтан да, біздің зерттеу жұмысымызда бұл тақырып алғаш рет көтеріліп отыр.

Бұлардың баршасы өткен уақыт еншісінде жарық көрген, жазылған еңбектер десек те өткен ғасыр бедерінде болған оқиғалардың бүгінгі күні, атап айтсақ, еліміз тәуелсіздік алып, руханиятымызды қайта қарап, бағалы тұлғаларымызбен қайта қауышқан уақытта талданып, талқыланып жатқаны рас. Бұл мәселені құптау ниеті зерттеу жұмысымыздың жазылуына алып келді.

Б. Кенжебаев кеңестік заманда жасады, сол уақытта түрлі зерттеулерін жазды десек те, біз ғалымның кеңестік әдебиеттануға емес, қазақтың төл әдебиеттануына қызмет еткенін түрлі еңбектерінен көреміз. « . . . әдебиетке алпыс жылдан аса қызмет еткен білімпаз Бейсембай Кенжебайұлының орны айрықша. Айрықша болатыны - қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салушылардың бірі - Бейсембай Кенжебайұлының есімімен әдебиетіміздің ірі-ірі тарихи кезеңдерін зерттеу байланысты» [1. 6. ] . Қазақ әдебиеттануы бүгінде Б. Кенжебаевты осылай таниды.

Ғалым еңбектеріне қарсы кеңестік билік пен оның сойылын соғушы топтың мол болуы себебі де осыдан туындайды. Ғалым әрқашан ұлттық мүдде мәселесін жоғары қойды, сол кездегі шалдуыр саясаттың жетегіне ермей, барлық еңбектерін тек ұлттық мәселе төңірегінде қарастырды. Сондықтан да, тап бүгінгі күні, ұлтымыз өз алдына жеке шаңырақ тігіп, ұлттық мүдде мәселесі бірінші орынға шыққан күні оның шығармашылығына қатысты жазылған түрлі сыни дүниелерді зерттеу - көкейкесті мәселенің біріне айналып отыр.

Б. Кенжебаев шығармашылығына қатысты жазылған пікір еңбектерді біз екі бағыт бойынша қарастырамыз. Оның біріншісі - кеңестік кеңістік аясында жазылған негізсіз, жалалы, көзсіз сындар мен ара-тұра ұшырасып қалып отырған әріптестік, достық сындар болса, екіншісі - қазақ жұрты тәуелсіздік алған кезеңнен бері қарай жазылған, ғалым еңбектерінің ақиқатын айтқан ілтипатты және құрметті сын. Тәуелсіздік кезеңінен бергі жазылған пікіри мақалаларда зерттеушілер ғалым туралы кеңінен айтуға, еңбектерінің сан қырын ашуға мүмкіндік алды. Бұлар да сын санатында аталғанымен, біз өз тақырыбымызда бірінші бағыттағы сынға көбірек назар аудардық. Өйткені, екінші бағыттағы, мамыражай, ғалым шығармашылығының портреті дегенге саятындай пікірлерден гөрі, біріншісін, ғалымның ұлттық мүдде мен ұлттық таным мәселесіне қатысты жазылған дүниелерін жоққа шығаруға тырысқан шығармаларды талдау арқылы біз ғалымның қазақ әдебиетіндегі тарихи орнын нақтылай түсеміз.

Жалпы, тақырыптың өзектілігі турасын, ғалымның билік пен биліктің сойылын соғушы әріптестерден алған бағасы турасын ғалымның жанашыр шәкірті Қ. Ергөбек бір ауыз сөзбен жеткізіп береді:

«Б. Кенжебайұлының кандидаттық диссертациясы қолжазбадан жыртылды, Қазақстан КП Орталық Комитеті 1947 жылғы «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел қателіктер туралы» қаулы қабылдады. Республика басшысы «Идеология майданындағы қызметкерлердің айбынды міндеттері» аталатын баяндамасында сынады. Орысша жазғыш солақай сыншы Ж. Сәрсекеев, үлкен ақынымыз Қ. Бекхожин, білімді сыншы Б. Сахариев, Орталық Комитеттің философсымақ хатшысы Н. Жанділдин… құдай-ау, адалын айтқан Бейсекеңді кім сынамады, десеңізші?! Пікірлерге ден қойсақ, Б. Кенжебайұлы «ұлтшыл», «буржуазияшыл-ұлтшыл ақынның (Сұлтанмахмұт Торайғыров. Дисс) адвокаты», «Талмуд-қарилық көзқарастағы адам…».

Ақырында Бас газет бетінде «Б. Кенжебайұлы өзінің бұл ұлтшылдық бағыттағы өрескел қателері талай рет қайталанып көрсетілсе де, ол баспасөз бетіндегі мұндай пікірлерге күні бүгінге дейін құлақ аспай, қателерін түзеуге тырыспай келеді. Тіпті қателіктерін мойындауды да қажетсінбейді. Бірақ, оның мұндай орынсыз «қайсарлығына» совет жұртшылығы төзе бермейді», - деген қорытынды шығарды» [2. 17. ] , -деп сөз саптайды.

Бұл сындардың орындысынан орынсызы көп болды. Әйтсе де, ғалымның сол кездегі еңбектерінің осы күні құрметтелуі, мойындалуы әдебиет талабы. Бұл тақырыпты ғылыми жұмысымыздың арқауы етіп алуымыз осындай себепкерліктен туындады. Тақырыптың көкейкестілігі осындай мақсаттардан туындайды.

Біздің зерттемегіміз - Б. Кенжебаевтың әдеби-ғылыми мұрасы емес, ол жайында әр кезеңде жазылған талқылау материалдар. Б. Кенжебаев тақырыбының көкжиегі ауқымды, аса қомақты тақырып болғандықтан, оның шығармашылығына деген сыни көзқарастар жеке зерттелініп отыр.

Тақырыптың зерттелу деңгейі.

Б. Кенжебаевтың шығармашылығы турасында көптеген ғалымдарымыз қалам тербеді. Ғалымның қазақ әдебиеттануын байытуы, қосқан үлесі әркезде айтылып, іргелі еңбектерге арқау болып келеді.

Н. Төреқұловтың «Профессор Бейсембай Кенжебаевтың творчестволық өмірі», Т. Кәкішевтің «Б. Кенжебаев тарихи мектептің негізін салушы», Р. Бердібайдың «Ұстаз, ғалым, азамат», Д. Сартбаеваның «Бейсембай Кенжебаев - қазақ әдебиеті тарихын зерттеуші», Р. Бейсенбаеваның «Б. Кенжебаев - қазақ кеңес әдебиетін зерттеуші» дейтін ғылыми еңбектері бұл саланы байыта түсті. Б. Кенжебаевтың ғылыми шығармашылығына арналған «Б. Кенжебаев және қазақ әдебиеті тарихының мәселелері» деп аталатын халықаралық конференция барысы да осы саладағы зерттеулерге мол үлес қосты. Мұның қатарында Т. Қожакеевтың, Ә. Жұмабаевтың, М. Ғабдуллиннің, Б. Уақатовтың, С. Қирабаевтың пікір-тұжырымдарын да қоса атаймыз. Қ. Ергөбектің «Қайырымсыз уақыттың қайсар ұланы немесе профессор Бейсембай Кенжебайұлының ерліктері жайлы хикая», З. Бисенғалиевтың «Іргетас сәулетшісі» аталатын еңбектері кенжебаевтанудың көкжиегін кеңейте түсетін салмақты ғылыми зерттеулер деп білеміз.

Осындай ғалымдардың мақалалары, еңбектері арқасында Б. Кенжебаевты тану, зерттеу тарихи арнасына бұрылды, қазақ әдебиеттануы да айтарлықтай алға қадам басты. Бірақ, ғалымның әдебиет тарихына, ғасыр басындағы ағымдар туралы зерттеулерін біршама зерттегенімен, ғалымның сыншылық өнері мен оның шығармашылығына қатысты жазылған сан алуан сыни пікірлерге нақты тереңдеп барған жоқ.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері.

Әдебиеттануымыздың сан түрлі саласы бүгінде ғалымдар тарапынан іргелі түрде зерттеу жолына қойылып отыр. Осы ретте Б. Кенжебаев шығармашылығына қатысты жазылған сыни мақалалар, ресми қаулы-қарарлар да бұл бағыттың бір тармағы болмақ. Зерттеу еңбегіміз барысында төмендегідей міндеттерді қарастыруды мақсат етіп қойдық:

- Б. Кенжебаевтың қазақ әдебиеттануына қазақ әдебиеттану ғылымындағы тарихи орнын айқындау деген жанашыр ниетін, алғашқы да, озық әдебиеттанушы екенін нақтылау;

- Б. Кенжебаевтың шығармашылығына қатысты тәуелсіздікке дейін жазылған әдеби сын мақала, ресми қаулы-қарарларды сан алуан сыни еңбектің, социологиялық сыңаржақ еңбектердің қазақ әдебиеттану ғылымындағы, оның ішінде кенжебаевтанудағы орнын белгілеу;

- Б. Кенжебаев шығармашылығына қатысты тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде жазылған сыни, әдеби сын еңбектердің маңызы мен мәнін айқындау; сонымен қатар кенжебаевтану ілімінің қалыптасу, орнығу процесін айқындау.

- Б. Кенжебаев және оның шығармашылығы туралы жазылған әдеби сын еңбектерін саралай отырып сонымен қатар әдебиет тарихшысы Б. Кенжебаев қаламынан туған еңбектердің де түрлі ерекшеліктерін айқындау;

- Ұлттық таным мәселесіне жүгіне отырып, Б. Кенжебаев еңбектерінің маңыздылығы мен көзқарасын бүгінгі эстетикалық талғам тұрғысынан да нақтылау;

- Оның шығармашылық тұрғыдағы шынайылығы мен шыншылдығын сол кездегі қоғам мен әлеуметтік орта тынысымен салыстыра көрсету.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы.

- Б. Кенжебаевтың шығармашылығына қатысты ғалымдарымыз бен сыншы, зерттеушілеріміз тарапынан жазылған түрлі сыни пікірлер тұңғыш рет ғылыми тұрғыдан жүйеленіп зерттеу объектісіне айналды, тақырыпқа шоғырланды;

- Осы зерттеулер мен сыни пікірлер тұңғыш рет тәуелсіздікке дейінгі және кейінгі екі салаға жүйелене саралану негізінде Б. Кенжебаев шығармашылығының мақсаты, түрлі бағыттары мен концепциясы белгіленді;

- Б. Кенжебаев шығармашылығына қатысты ресми қаулы-қарарлар, әдеби-сын мақалалар, зерттеулер кезіндегі кеңестік қоғамдық-саяси жүйе идеологиясымен салыстырыла отырып, сыни пікірлер тұңғыш рет зерттеліп, ғылыми тұрғыдан тұжырымдалды, билік пен ұлттық таным қақтығысы салыстыра қарастырылып, осы арқылы Б. Кенжебаевтың азаматтық һәм ғалымдық тұлғасын ашып көрсеттік.

Зерттеу жұмысының деректік негіздері.

Өз зерттеу жұмысымызда Б. Кенжебаевтың қаламынан туған түрлі әдебиет, журналистика саласындағы еңбектері пайдаланды. Атап айтсақ, ғалымның «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары», шәкірттермен бірлесу негізінде жазған «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті», «ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті (тағы да. Дисс) », «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ақындығы» аталатын кандидаттық, «Қазақтың ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» аталатын докторлық диссертацияларын, «Әдебиет белестері», «Асау жүрек» секілді кітаптарын пайдаландық. Жалпы, зерттеу жұмысымыздың деректік негізінде пайдаланған еңбектердің екінші қыры түрлі ғалымдарымыз бен сыншыларымыздың Бейсекең шығармашылығына қарсы және қолдай жазған мақала, зерттеулері болып табылады. Мұндай сипаттағы материалдар арнайы жинақталып, бір ізге түспегендіктен түрлі мерзімді материалдарда жарық көрген мақалалар пайдаланылды. Ғалымның үйіндегі архиві, Орталық Мемлекеттік мұрағаттың жеке қорлары, оның ішінде Б. Кенжебаевтың 1739 қоры материалдары кеңінен пайдаланылды. Сыни пікірлерді пайдалану барысында мұрағат көмегіне жүгіндік. Үшінші кезекте ғалым туралы жазылған түрлі зерттеу монографиялары жұмысымызға негіз болды. Бұл дүниелерді біз тақырыптың зерттелу деңгейінде сөз етіп өттік.

Зерттеудің теориялық және практикалық мәні.

Ғылыми жұмыстың зерттеу нәтижелерін, Б. Кенжебаев шығармашылығына қатысты пікірлер мен тұжырымдарды осы бағытта жазылатын зерттеулер үшін пайдалануға болады. Қазақ әдебиеттану ғылымы тарихын жаңаша пайымдау, жаңаша жазуда қолдануға болады. Студенттер мен ізденушілер әдебиеттануға қатысты көмекші құрал ретінде, оқу құралдарын жазуда пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

- Б. Кенжебаев шығармашылығына қатысты айтылған сыни пікірлер алғаш рет жүйеленіп отыр. Бұлардың баршасы да өз уақытында рухани ортада үлкен полемика тудырған зерттеулер. Олар қазақ руханиятының қаншалық ауыр жолдан өткенінің көрсеткіші болғандықтан ғылыми ауқымда алғаш зерттеліп отыр;

- Б. Кенжебаев шығармашылығына қатысты жазылған сыни шығармалар бүгінгі күн көзқарасына сүйене отырып, ғылыми тұрғыда талданды;

- Осындай түрлі сыни пікірлер арқылы Б. Кенжебаев шығармашылығының құндылығы айқындалды;

- Б. Кенжебаевтың шығармашылығы жайындағы сыни еңбектерді де ғылыми тұрғыда қарастыра отырып, кенжебаевтану ғылымының қалыптасуы жайында жаңа тұжырымдар ұсынылды.

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі мен жариялануы.

1. Б. Кенжебаев - журналист // «Қазақ әдебиетіндегі кітаби ақындар дәстүрі» Майлықожа Сұлтанқожаұлының 175 жылдық мерей тойына арналған халықаралық конференция. 26-27 қараша 2009 жыл. Түркістан - 2009ж, 202-204 б. б.

2. Б. Кенжебаев - сұлтанмахмұттанушы ретінде әдеби сында. // «Қ. Сәтбаев оқулары» Халықаралық ғылыми конференция. Павлодар - 2010. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті. 16-том, 117-124 б. б.

3. Б. Кенжебаев - қазақ тілінің жанашыры. // «Өзбекәлі Жәнібек оқулары -2010» Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция. Түркістан - 2010. Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ, 3-наурыз, 2010ж, 348-351 б. б.

4. Б. Кенжебаев - Абайтану мен Жамбылтану арнасында. // «Жас ғалымдардың заманауи зерттеулері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының материалдары. Шымкент - 2010. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, 2010. 40-43 бб.

5. Б. Кенжебаев - түркішілдік идеясын жаңғыртушы // Халықаралық «Түркология» ғылыми журналы. №1-2, Түркістан - 2010, 80-84 б. б.

6. Б. Кенжебаевтың әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі және сыни көзқарастар. // Түркістан - 2010. Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ Хабаршысы. №2-3 (70-71), 170-173 б. б.

7. Қазақ әдебиеті тарихын он үш ғасырға ілгерілеткен ғалым. // ҚазҰУ Хабаршысы. Алматы - 2010.

8. Б. Кенжебаевтың Ә. Тәңірбергенұлы мен С. Көбеевке қатысты еңбектері. // «Хан Кененің қасиетті мұраты» Республикалық ғылыми-теориялық конференция. Түркістан - 2010, 93-96 б. б.

9. Б. Кенжебаевтың діни-ағартушылық ағым өкілдеріне қатысты еңбектері. // «Білім беру және ғылым: даму көкжиегі». Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция. 26-наурыз, 2010 ж. Алматы, Абай атындағы ҚазҰПУ, 185-187 б. б.

Зерттеу жұмысының құрылымы.

Зерттеу жұмысының құрылымы кіріспе, үш тарау, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен құралған.

І ТАРАУ

Қазақ әдебиеті тарихына қатысты көзқарастары сын таразысында

Әр ұлттың болашақ өскіні өзінің ұлттық танымы мен ұлттық руханиятының мәйегіне қанып өсу үшін бірнеше мәдени факторды жүрегіне көктеуі, санасына сіңіруі тиісті. Ол ана тілі, музыкасы, әдебиеті секілді маңыздылықтар болса, бұлардың қатарында ұлт тарихы да ерекше аталады. Тілі жоқ ұлттың болмайтынындай, тарихы жоқ ұлт та болмайды.

Кеңес одағы билігі орнаған мезеттен бастап жұмылған жұдырығының ішіндегі ұлттардың тарихи-танымын естен шығаруға белсене кірісті. Сол қатарда қазақ тарихы, біздің зерттеу тақырыбымызға өзек болған әдебиет тарихы да бар еді.

Ұлтының атын атауға жұрт қорқатын уақытта тарихын зерттеп, зерделеу ісі аса қиын мәселе тұрғысынан қаралды.

Сан ғасырдан бері жасап келе жатқан халықтың тарихы, осынау мағыналы тарихымыздың бастауында тұрған түркілік танымымыз мүлдем естен шықты деуге де болады.

Бүгінгі таңда қазақ тарихын түпкілікті зерттеу мәселелері қолға алынды. Түркішілдік идеясын қолдаушылар мол. Жер шарының біршама бөлігін мекен еткен түркі халықтарының бір-бірімен араласуына да, бауырластықтарын түсінуіне де Кеңестік кеңістік шеңбері ыдыраған кезеңнен кейінгі еркіндік себеп болуда. Бұл түп-тамырымызды жете зерттеу үшін де, тарих үшін де, өзімізді тани түсу үшін таптырмайтын мүмкіндік болды. Сондықтан да, түркі жұртының тарихы турасында мақала жазу тұрмақ, қарыс көлемді еңбектер туындап, тарих сахнасына көптеген түркітанушылар шықты. Архологиялық, әдеби тараптары да жете зерттелуде.

Өткен ғасырдың орта шенінде «түркілер» деп сөз бастаудың өзі қорқынышты болатын десе, бүгінгі күні ешкім сенбейтіндей. Мұндай ойлы адамды сол кездегі қаһарлы билік тұрмақ, қарапайым адамның өзі жау тұтатын еді. Қазақ әдебиетінде уақыттың осындай қатал сынына қарсы тұра білген бір-ақ адам бар. Біз «бір-ақ адам» деп сөз саптауымызға ешкімнің қарсы шықпасына да сенімдіміз, осы кезде жарық көрген барша материалдар дүйім қазақ жұртының ішінен түркішілдік идеясын жаңғыртушы ретінде Б. Кенжебаевты ғана көрсетеді.

Қазақ әдебиеті кең арналы да, байтақ, бастауын өткен ғасырлар қойнауынан алатын үлкен қазыналы әдебиет. Өткен кезең барысын сөз ету бүгінгінің үлесінде десек те, осынау мәселе, яғни, қазақ әдебиетінің тарихы кеңес одағы тұсында өткенді қазбаламады, тіпті, өткеннің көрініп тұрған асылдарын да жоққа шығарып, қазақ әдебиетінің тарихын қазан төңкерісінен басталады деп қайырды. Бұл билік ығына қарай жығылған зиялыларымыздың ісі десек те, олар өткенін танымас халге жеткен жоқ еді, бұл ұлт тарихына біліп тұрып жасалған үлкен қиянат болатын.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Б.Кенжебаев-әдебиет сыншысы. М.Қаратаев-әдебиет сыншысы.Тоқырау жылдарындағы әдеби сын. Қазақ әдебиетіндегі ақтаңдақтардың игерілуі
ХХ ғасыр басындағы әдебиет тарихы
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы әдебиет туралы айтыстар. ҚазАПП тұсындағы тұрпайы социологиялық сындар. Соғысқа дейінгі әдеби мұраны игеру мәселесі
ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ (тақырыптық, жанрлық және көркемдік)
Тәуелсіздік тұсындағы қазақ әдебиеттану ғылымының даму бағдары
Қазақ әдеби сынының зерттелу тарихы
Б.КЕНЖЕБАЕВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ТАРИХЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы әдебиет туралы айтыстар
Алтын Орда әдебиетінің көрнекті ақыны Хорезмидің Махаббатнаме дастаны
ХХ ғасыр басындағы тарихи-әлеуметтік жағдай және оның әдебиеттің дамуына тигізген әсері туралы ақпарат
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz