ДАЙАҒАШШЫ



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 16 бет
Таңдаулыға:   
ҰЛАРБЕК НҰРҒАЛЫМҰЛЫ

ДАЙАҒАШШЫ

Тізгін қағу

Жарықтық, Зейнелқабден ақсақалдан асқан атқұмар жан көрмеппін де, естімеппін. Ол кісі үшін жер бетінде бәйге атынан қадірлі ештеңе жоқ секілді. Өзі момындау кісі еді. Қырсыққанда өзіне көңіл өсірерлік жүйрік те бітпеді. Бірақ кімде жүйрік бар, өмірі соның айналасында өтті. Бәйгеге баптарда суарысып, жайылтысып дегендей сол атты күндіз-түні айналып-толғанады. Сол үйдің қолбаласындай жата-жастана жүріп қызмет етеді. Біреу жүйрік атын әредік қойға, иә, әлде бір шаруаға мініп жүргенін көрсе, астынан аударып алуға бар. Құдай-ау, басқа қылқұйрық табылмай қалды ма, обал емес пе? Мә, менің атымды мін! деп өз атын түсіп береді. Алғабай жүйрік атымен қарағай сүйреп жүр екен дегенді естігенде, басқа шаруасын ысырып қойып солай тартқанын жұрт жыр ғып айтады... Бәйге жақындағанда шабандоз баланың қозы жайып, қой қайырып жүргенін көрсе тағы да қомпылға басады: Айналайын, қозыңды мен қайыра тұрайын, сен демалшы, ертең бәйгеге шабасың, ұйқыңды қандыр. Бұлар не қылған адамдар ей! Атқа шабатын балаға қозы қайыртып. Бар жүгір, мен айтты де!. Өмірі осы. Жылқы да, бала да өзінікі емес, бірақ осылай. Ауылдағы бүкіл жүйрік осы кісінікі сияқты. Күйінеді де жүреді. Жарықтықтың сол атқұмарлығы ақыры соңына елдің есінен кетпестей бір сөзін қалдырды.

Орталарында Зекең қария бар бір топ адам көрші ауылдағы қайтыс болған кісінің жақындарына көңіл айтуға барады. Бұлар кірген бетте жоқтау айтып, дауыс салып жылаған әйелдер бір-екі ауыз басу сөзге тоқтау бермейді. Үш қайырған хұлхуаллаға сәл кідіргенімен, сүре аяқтала бере күрекпен бөгей тұрған арық суындай қайта ағылып, екілене еңіреніп қоя береді. Мына кісілер қысыла бастайды. Бәрі ең үлкені болған соң басу айтыңыз, тоқтатыңыз дегендей Зейнелқабден ақсақалға қарайды. Сонда Зекең қапелімде сасыңқырап қалса керек, бір-екі жөткірініп алып: Е, айналайындар! Жөн ғой, жылағандарың жөн. Бірақ сабыр етіңіздер! Алла сабырлылармен бірге деген. Жазмыштан озмыш жоқ, қимағанмен амал не? Талайды көріп келеміз, өмір деген сондай өзі, адамды қойып, не бір жақсы жақсы жүйрік аттар да өліп қалады ғой, деп жан-жағына (қалай айттым дегендей) жалта-жалтақ қарайды дейді жарықтық. Босағаға жақын жерде жоқтау айтып отырған екі келіншек мырс етіп орамалдарымен ауыздарын басқан күйі сыртқа шыға жөнеліпті. Жоғарыда отырған, қайтыс болған кісінің бәйбішесі күлкісін жылаумен жасырып, мырс-мырс етіп жалғастырып отыр дейді. Ал, мына жақта отырғандар қысқан күлкіні сыртқа шығара алмай қыстығып өліп қала жаздайды. Ақыры бұлардың да алды далаға шығып үлгеріп, қалғаны үй ішінде жарылады ғой. Ақсақал-ау, не деп кеттіңіз, аты несі, қайдағы ат? деп екі шекесін ұстап, тоқтап-тоқтап солқылдап тұрып күледі дейді бірге барғандардың естиярлауы. Көңіл айтушы қариямызда үн жоқ, қызарып, қос тізерлеп жүгінген қалпы бүктеле еңкейіп отырып қалыпты...

Бұл айтып отырғанымызды күй тартыларда домбыраның қос құлағын кезек бұрап тыңқылдатып бабына келтіріп алатыны секілді алда айтылар әңгіменің құлақкүйі деп біліңіз. Біздің ауылдың үлкендері Зекең ақсақалды көңіл айту оқиғасымен күліп еске алса, ауылда өткен айтулы бір бәйгедегі ісін айтып еріксіз бас шайқасып күрсінісіп алатын...

Дайағашшы

Жас ортасына келгенде танауын жарғызған ұлына сүндет той жасап, ат шаптырғалы жатқан біздің үйдің көршісі Ниғымет еді. Тойдың дайындығы деп, әсіресе, алыс-жуықтан келетін аттар жайы, қонақтар күйі дегендей күнде кеңес, күнде думан. Ақылдасудың аяғы аттың әңгімесіне ауысып жиналған жұрт кейде таңға таяу тарасып жүрді. Және бұл бәйге бұрынғы бәйгелерден мүлде өзге болмақ...

Бәйгеден екі-үш күн бұрын дайағашшылар тізімін жасау деген бір науқан бар. Оған да бір қой сойылып, ұйымдастырушылар жиналып ақылдасады, қызу талқы жүреді. Өткен жолы Елеусіздің бәйгесінде бірінші атты Көксеген ұстады, енді Бәжібек ұстасын..., әй, Жанаттың кемпірі өліп, көңілі жасып жүр ғой, екінші атты со кісіге ұстатпаймыз ба? деген секілді уәждерін алға тартысады. Бұл біздің ауылда сақталып қалған қазақ бәйгесінің ерекше бір дәстүрі еді. Кейін есейе келе өзге жақтың бәйгесін де көрдік. Кей өңірде бұл дәстүр үзіліп, әуелгі сорабын таппай қалыпты.

Дайағашшы тағайындау тұтас қазақ бәйгесінің бір бөлігі екеніне тарихи деректер арқылы да көз жеткізу қиын емес. Ол туралы сәл кейін. Қазірше дайағашшы деген кім, ол не істейді дегенді қысқаша айта кетіп барып қайта оралуды жөн көрдік.

Мысалы, бәйгеге жетпіс ат қосылса соның тең жартысына жуығына, яғни, отыз атқа жүлде тігіледі. Отызыншы келген атты үзіліс деп атап оған алдыңғы бес аттың бірінің бәйгесімен бірдей жүлде береді. Кейде екінші аттың бәйгесімен бірдей береді. Ол енді басқа әңгіме... Ал осы отыз ат бәйгеден келген кезде оларды ұстайтын отыз кісі топтан бөлініп дайын тұрады. Осы адамдарды дайағашшы дейміз. Әркімге нешінші келген атты ұстайтыны ескертіледі, қағазға да жазылып қояды. Дайағашшылар қырағылықпен санап тұрып, өзі ұстайтын ат мәреге жақындай бергенде жанасалай шауып атты сулығынан ұстайды да, сүйіншілеп иесіне әкеледі. Қатының ұл тапты ма?, Атың бәйгеден келді ме? деген қайда, бәйгеден келген атын жетелеп алдына келіп тұрған кісіден қазақ несін аясын, жүлденің жартысы дайағашшынікі болады. Тіпті кейбіреулер Бәйгеден атым келген атағы да жетеді, жүлдесі - сізге! деп мәрттік жасайды! Мұндайда дайағашшыңыз, онда той біздікінде! Айналаңызды түгел ертіп келе беріңіз деп екі сөзге келтірмей екі етегі желбіреп үйіне қарай шабады. Сөйтіп, өз алдына тып-тыныш, бей-жай отырған әлгі үйде әп-сәтте қой сойылып, қонақ күтіліп, той-думан басталады да кетеді.

Ал әдетте бірінші, иә екінші келген аттың жүлдесіне бір түйе тігілсе оның қасына бір тайынша дегендей қоспасы бірге жүреді. Ат иесі түйені өзі алса да, тайыншаны дайағашшыға береді. Сондықтан да дайағашшыны таңдау маңызды. Негізінен мал дүние жағынан орталау, алайда елге сыйлы үлкен кісілерден құралады. Бірлі-жарым үлкен әулет, қара шаңырақта отырғаны ескеріліп қосылған жас жігіттер де болады. Бұл дүние жағынан қабырғасы жұқа кей кісіге қыртыс болумен қатар көңіл өсірер бедел де.

Сонымен, тарихи дерек. Бәйге аттарының алдынан бірнеше адамдар шығады, бұларды даяшы дейді деп анық жазылған. Бәйгеге шабатын аттардың сәйкестігіне қарай қанша сыйлық берілетін болса, сонша даяшы аттарды күтіп қатарласып тұрады. Мысалы, ат бірінші келе жатса, бірінші бәйгенің даяшысы шауып барып, ат үстіндегі баланың бас киімін алады. Бұл төрешілерге көрсетілетін айғақ. Даяшы берілетін сыйлықтың 10 пайызын өзіне алады деп жазады зерттеуші Ахмет Тоқтабай Қазақ жылқысының тарихы атты энциклопедиясында 1905 жылғы Алибий. Киргизские сьезды №51 құжатына сілтеме жасап. Ал зерттеуші Бекен Қайратұлы Қазақтың атбегілік өнері атты кітабында Ат ұстайтын даяғышылар (төрешілер) саны той иесі тағайындаған жүлде санымен бірдей болады деп жазады. Байқап отырғаныңыздай бір нұсқа даяшы, бір нұсқа даяғышы болып тұр. Біз естіген, әлі күнге дейінгі қолданыстағы нұсқа дайағашшы. Атқа байланысты ат ағаш, мамағаш деп келетін сөздерді ескерсек соңғы нұсқа қисынға келіп тұрған сияқты. Қазір де Қытайдың Алтай, Тарбағатай өңірі, Моңғолиядағы қандастар ортасында бұл дәстүр әлі де қолданыста. Ондағы айтылуларда дайағашшы, дәйағашшы болып келеді. Кейбір жерде кіреші деп те аталады екен. Қысқасы, бұдан дайағашшы қазақ бәйгесіне ортақ дәстүр екенін қапысыз аңғарамыз. Бұл айтпақ әңгімемізде оның атынан гөрі мән-мағынасының маңыздырақ екенін еске сала кеткеніміз де жөн шығар. Дайағашшылыққа қосу деген той иесінің және сол ауыл адамдарының үлкен құрметі деген сөз.

Көпке бөлінбеген қуаныш көңіл шіркінді көтеріп жарытқан ба?.. Дайағашшы деген кішкентай ғана бір дәстүрінің ұмытылуымен қанша қазақтың бір-біріне беруге тиіс қақысы, көтеруге тиіс беделі, сыйы жоғалды екен? Беделді дүниесінің аз-көптігімен өлшемейтін парасатты жұрт беретінін мә, ал! дегендей нұқып емес, оны да сый, сыйлық, (дайағашшы дегендей) бедел етіп бере біледі екен ғой. Атқанда оғы жетіп, айтқанда сөзі өтіп қабірге кіргенше қадірі қашпайтын қариялар қайдан шығады? Қапысын тауып қадірлей білген, салт-дәстүрі саралы, ұл мен қызы саналы елден шығады.

Дәстүр де жеке дара өмір сүрмейді, неге байланысты қалыптасқан болса сонымен бірге жаңғырып, өркендейді. Мысалы, жылқыға байланысты дәстүр болса ол жылқының тұтас қадір-қасиетін сезінумен, білумен қабысып жатады. Одан тіршілік рахатын, өмір мәнін сезінгенде бұ дүниеңіз қазақ үшін өзгеше құлпырып сала берген-ау, сірә!

Сонымен, алабөтен атқұмарлығына тәнтіліктен болар, иә қоңыртөбел тұрмысына септесін дегеннен шығар, біздің ауылда Зейнелқабден қария бәйге сайын белді дайағашшылардың бірі болушы еді...

Кертөбел мен Түйеқоңыр

Елді айға жуық арпалысқа салған бұл өзгеше бәйгенің қызығы Кертөбел мен Түйеқоңырдың бір бәйгеде қатар шабуы еді. Бәйгемізге Түйеқоңырды әкелсе деп арнайы адам жіберіп, мақұлдығын естігенде есі шыға қуанған біздің ауыл ұйқыдан қалған. Түйеқоңыр көрші ауданның жүйрігі. Оның алыстан жеткен атақ-даңқы орасан еді. Тіпті алыстағы біздің ауылға оның қай бәйгеде қалай келгені туралы аңызға бергісіз әңгімелер тарайтын. Қысқасы, тай күнінде құнан бәйгеге қосылып бірінші болып келіп, жүлдесіне түйе алған екен. Содан бері Түйеқоңыр атанып, Түйеқоңыр атанғаннан бері алдына қылқұйрық түсірмей бәйге сайын жалғыз қара келеді екен...

Ал біздің ауданда, дәл өзіміздің ауылдың тұмсығынан сыпырған төлтумасы Нәби деген ақсақалдың Кертөбел жүйрігі бар. Ол да бәйгеге қосылған алты жылдан бері алдына қара салмаған хас жүйрік. Бәйге сайын маңдайдағы төбелі жұлдыздай жарқырап жалғыз келе жатушы еді жануар! Ауылдың кейбір бәйгесінде Ат терінің обалына қалмай бәйгесін бере салыңдар дейтін ақсақалдар. Ондайда Кертөбелге шаппай бәйге беріліп, сол бәйгеден бірінші келген ат екінші келген саналатын.

Бүкіл ауылды күнде дүбір, күнде күбірге салған сын сағат жақындап келеді. Атақ-даңқына екі жақтың да елі қанық қос жүйрік жайлы әңгіме желдей еседі. Түйеқоңыр мен Кертөбелдің бір бәйгеде жолығуы. Бәйгені көреміз деген өзге алыс ауылдың адамдары да күні бұрын жылыстап жетіп алған. Жантая жатып күрең шәйді сораптап қойып, бәйгенің әңгімесін көкпарша тартқылайды...

Бәйгенің уақыты таяған сайын менің де бала көңілімнің уайымы қалыңдай түскен. Кертөбел басқа емес, осы жолы бірінші келсе екен... деген арман-тілекпен кей түндері ұзақ уақыт ұйықтай алмай дөңбекшитін болдым. Зейнелқабден қария Кертөбелдің маңында дейді. Бір қызығы, Кертөбел бәйгеге өзі бапталатын. Аялап мініп жүріп, бәйгеге 20 шақты күн қалғанда жүген-ноқтасын сыпырып өзен бойындағы қоршаулы түбекке қоя береді, жануар бәйге белгісін осыдан білетін болуы керек, сол күннен бастап өзін-өзі жарата бастайды екен. Су тұнығын жүзе жұтып, өлеңшөп жұлмай, төрт аяғын көсіле тастап күнге қыздырынып маужырап дегендей әбден баптанады. Зекең шал Кертөбелдің сыртынан бағып, назарын бұрады, ұйқысын бұзады деп Кертөбел жүрген аумаққа мал аяғын бастырмай аңдумен болады екен.

Түйеқоңыр келерден бір күн бұрын ауылдың ақсақал, көксақал, жігіт-желеңі жиналып тағы бір кеңес болып жатты. Жаман айтпай жақсы жоқ, алда-жалда Кертөбел кейін келіп қалса қайтеміз деген кеуіл де айтылды. Бәйге ұзын жолға шабатын. Таңертең ерте ат айдаушылар айдап әкетеді, кеште бірақ келеді. Жігіттер жағынан біреу Кертөбел Ішігеннің жазығына түспей-ақ желке жағымен төтелей тартса, аз болса да жол қысқартады дей беріп еді, тәйт деді әкемнің ағасы Мәден атамыз. Хайуаннан хайуанды арамдық істеп оздырғанды қай атаңнан көріп едің? Алла көріп тұр ғой. Бағынан көрсін! деп тыйып тастады. Төрде отырған Атсейіс Әділбек Түйеқоңыр сәл де болса жол жүріп болдырып келеді ғой, Кертөбел бабында, Құдай сақтасын, бәйгені бере қоймас деп еді, отырғандардың бәрі де кең тыныстап керегеге арқа сүйесті.

Бәйгеге екі күн қалғанда Түйеқоңыр келді. Ол кезде атты машинамен алып жүрмейді. Жетелеп әкеледі. Түйеқоңыр бір қиырындағы ауылынан енді бір қиырдағы біздің ауылға жеткенше араға екі қоныпты. Атты болдыртып алмау үшін барынша ақырын жүріп жылақонақтап жетіпті. Қасында екі атқосшысы мен шабандозы бар Түйеқоңырдың иесі келіп түскенде айналадағы жұрт түгел ағылды. Амандық-саулық сұрасқанша-ақ атағаштың маңы жыпырлаған адамға толып кетті. Түйеқоңырдың көзі мен құлағын ғана қалдырып, тұтас тұрқын кестелі кежіммен жауып әкелген екен, үймелеген жұрт Түйеқоңырдың о жақ, бұ жағынан шығады. Оу, жарандар жылқы көрмеп пе едіңіздер? Обал емес пе, осынша көздің сұғы, обал емес ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ұларбек Нұрғалымұлының прозалық шығармаларындағы ұлттық болмыс
Қазақ халқының бидай дақылынан жасалатын тағамдары
ҚАЗІРГІ БАСПА ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚҰРЫЛЫМЫ: ТАЛАП ПЕН ТАЛҒАМ
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КІТАП НАРЫҒЫНА ЖАЛПЫ ШОЛУ
Пәндер