Қазақстан Қарулы Күштері



Мазмұны:

Кіріспе ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 3
Қазақстан армиясы ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 4
Қазақстан Армиясының қарулары ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..14
Ұлан туралы білесің бе? ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .17
Тұңғыш қазақ генералы ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .20
Қосымша №1. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы ... ... ... 22
Қосымша №2. Қазақстан Республикасының Заңы: Қазақстан
Республикасының қорғаныс және Қарулы Күштері туралы ... ... ... .24
Қосымша №3. Қазақстан Республикасының Заңы:
Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы ... ... ... ... ... ... ... ...35

Пән: Саясаттану
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 49 бет
Таңдаулыға:   
Қазақстан Қарулы Күштері

Кіріспе

Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарында әскери қызмет атқару әрбір
қазақ азаматының аса маңызды әрі құрметті міндетінің бірі болып табылады.
Қарулы Күштер қатарында қызмет ету - Отанымызды қорғаудағы қасиетті
борышыңды өтеу деген сөз.
Отанды қорғауды біздің елімізге шабуыл жасаған сыртқы жаулармен қарулы
күрес деп қана түсінбеу керек. Біз Отанымыздың күш-қуатын нығайта отырып,
оны бейбіт уақытта да қорғауға ат салысамыз.
Қазір енді Отан қорғаушылар қатарында Ұлы Отан соғысы қаһармандарының
ұлдары мен немерелері тұр. Олар әкелері мен аталарының үлесіне тиген қатал
сыннан өткен жоқ. Әйтсе де олар армиямыздың, халқымыздың қаһармандық
дәстүрлеріне адал, Еліміз қауіпсіздігінің, бейбітшілікті қорғаудың
мүдделері талап еткен, агрессия құрбандықтарына көмектесу керек болған
әрбір сәтте қазақ жауынгері дүние жүзінің алдында қандай да болсын
қиыншылықтарды жеңуге әзір тұратын, қалтқысыз, әрі ержүрек патриот,
интернационалист ретінде көрінеді.
Қазіргі армия жауынгердің ерік-жігері мен психологиялық төзімділігіне
үлкен талап қояды. Ол әскери техникаларды, оның ішінде өте күрделі әскери
машиналарды, ракета комплекстері мен радио электрондық жүйелерді, атомдық
сүңгуір қайықтары мен дыбыстан жылдам ұшатын әуе кемелерін шебер меңгере
білуі керек. Бұл жерде жауынгердің ұйымшылдығы мен тәртіптілігі қажет. Ал
әскери тәртіпті білу, оны орындауға әзір тұру - өзіңнің жеке басыңды
қалыптастыру мен әскери қызметке дайындалу жолындағы маңызды қадам деген
сөз.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 36-бабында былай деп
жазылған: “ Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті
парызы және міндеті. Республика азаматтары заңда белгіленген тәртіп пен
түрлер бойынша әскери қызмет атқарады”. Бұл сөздердің мәні қандай екендігі
жайында өздеріңе ұсынылып отырған библиографиялық құралдағы материалдардан
білулеріңе болады.

Қазақстан армиясы

Қазақстанның егемендігі күрделі геосаяси процестер жағдайында
қалыптасты. Бұрынғы КСРО–ның оңтүстік шекаралары тұрақсыздық белдемі әрі
әскери қақтығыстар болуы мүмкін аймақтар ретінде сипатталды. Ауғанстандағы
соғыс мемлекеттік шекараларды аттап өтіп, айқын әскери қатерге айналды.
Қазақстан территориясында КСРО–ның оңтүстік-шығыс шекараларын қорғауға
арналған КСРО Қарулы Күштерінің жалпы саны 200 мың адамнан тұратын әсекери
топтары орналасты. Оның құрамында стратегиялық ядролық күштердің, 40 жалпы
әскери армияның бірлестіктері, құрамалары және бөлімдері, 73 әуе
армиясының, 37 әуе шабуылынан қорғаныс күштері корпусы, 56 аралас
авиациялық әскеи-әуе күштері корпусы, сондай-ақ тыл және техникалық
жабдықтау құрамалары мен бөлімдері болды. Қалыптасқан жағдай Қазақстанда
орналасқан әскерге жақсы жолға қойылған қатаң бақылау орнатылуын талап
етті. Ел басшылығы бұл үшін барлық қажет шараларды қолданды. 1991 жылы 21
тамызда Қазақстан Президентінің “ Қазақ КСР- інің Қауіпсіздік кеңесін құру
туралы” Жарлығы шықты.
Жарияланған егемендікті қорғау үшін, сондай-ақ, елдегі және
республикадағы әскери саясатқа іс жүзінде ықпал ету үшін республикалық
қорғаныс мекемесін құру обьективті қажеттілікке айналды.
Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Қазақстанның мемлекеттік
саясатын біртіндеп жүзеге асыра отырып, 1991 жылы 25 қазанда Қазақстан
Президенті “ Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы” Жарлық
шығарды. Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы болып генерал-лейтенант
С.Қ. Нұрмағамбетов тағайындалды.
Қазақстанның мемлекеттік Қорғаныс комитеті Азаматтық қорғаныс штабы
мен Қазақ республикалық әскери комиссариатының негізінде құрылды. Оған
“әскери жасақтарға бақылауды” жүзеге асыру, сонымен бірге әскерлердің орын
алмастырып, әр түрлі әскери жаттығулар жүргізуін, әскери мүліктердің
республикадан тысқары жерлерге тасымалдануын, армияның әскери қызметіндегі
басқа да бағыттарды “назарда” ұстау міндеті жүктелді.
Қазақстанның Мемлекеттік қорғаныс комитеті әскери-кадрлық саясатын
КСРО Біріккен Қарулы Күштері Бас қолбасшылығының келісімімен жүргізіп
отырды. Мысалға, Қазақстанда тұрған бөлімдер мен құрамалардағы полк
командирінен бастап жоғары қызметтерге офицерлердің тағайындалуы міндетті
түрде республика басшылығымен келісілуі керек болды.
Тәуелсіз Мемлекекеттер Достастығын (ТМД) құру туралы 1991 жылғы 21
желтоқсандағы ортақ әскери-стратегиялық кеңістікті және бірыңғай
қолбасшылықты сақтау және қолдау туралы сөз болды. Алайда, сол жылғы
желтоқсанның ортасында Украина президенті, одан соң Әзербайжан мен Молдова
президенттері өздерін стратегиялық күштерден басқа, өз республикаларының
территориясында тұрған әскердің бас қолбасшысы етіп жариялады. 1992 жылдың
басында бірыңғай қолбасшылықты сақтау ғана емес, ТМД елдері Қарулы Күштерін
біріктірудің өзі мүмкін емес екендігі белгілі болды. Бұл басқа да бұрынғы
одақтас республикаларды дербес армия құруға мәжбүр етті.
1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев “Қазақстан
Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы”, “Қазақстан Республикасының
Қарулы Күштерін құру туралы” және алғашқы қорғаныс министрі етіп генерал
полковник (1993 жылдың 9 мамырынан армия генералы) С.Қ.Нұрмағамбетовты
тағайындау туралы жарлықтарға қол қойды. Бұл күн Қазақстанның дербес Қарулы
Күштерінің құрылған күні болып қалды.
Республика армиясының негізгі құрамында бірнеше (оның ішінде бір танк)
дивизиясы бар 40 жалпы әскери армия, авиация корпусы, радио және
радиотехникалық барлау бөлімшелері, жабдықтау бөлімшелері және Байқоңыр
ғарыш айлағын, Семей сынақ алаңын және Сарышағандағы, Ембідегі, Арал
теңізінің Барсакелмес аралындағы сынақ алаңдарын арнайы жабдықтау
бөлімдері, базалар, арсеналдар, қоймалар және басқа да бөлімдер мен
мекемелер құрады. Қазақстанда барлығы 200 мыңнан астам әскери қызметшілер
болды, олардың қарауында стратегиялық қарудың аталған түрлерінен басқа 1200
танк және брондалған машиналар, 1500 артиллериялық жүйе және 370 әскери
ұшақ бар еді.
Бұрынғы Кеңес Армиясының аталған бірлестіктері, құрамалары және
бөлімдері Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің негізін құрады.
Тәуелсіз Қазақстан армиясын құруда қорғаныс мәселесі бойынша құқықтық
негіз қалаудың маңызы зор болды. Бұл жұмысты Президент, Үкімет, Қорғаныс
министрлігі белсенді әрі мақсатты түрде жүргізді. Жас республиканың Отан
қорғау мәселелері жөніндегі алғашқы заңдары өз уақытында және тиісті
деңгейде дайындалды. 1992 жылы 22 қыркүйектің өзінде-ақ Жоғары Кеңес “
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері және Қорғаныс туралы” Заңды
қабылдады. Төрт айдан кейін – 1993 жылы 19 қаңтарда “Жалпыға бірдей әскери
міндет және әскери қызмет туралы”, ал екі аптадан кейін – 1993 жылы 1
ақпанда “ Әскери қызметшілердің және олардың отбасының мәртебесі әлеуметтік
қорғалуы туралы” Заңдар күшіне енді. Сондай-ақ, 1993 жылы 11 ақпанда
Президент бекіткен Қазақстан Республикасының алғашқы әскери доктринасы
ұжымдық түрге дайындалды. Ол соғысты болдырмау, қорғаныс қуатының
жеткіліктілігі, ТМД елдерімен өзара көмек одағы принциптеріне негізделді.
Доктрина ережелері мемлекеттің сыртқы саяси және әскери қызметінде кеңінен
пайдаланылды.
1992 жылы 29 қаңтарда Қазақстан Республикасы Еуропадағы қауіпсіздік
пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымның (ЕҚЫҰ) қатысушысы болды, ал сол жылғы 2
наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне қабылданды. Кеңестер Одағының
шарттары мен міндеттемелерінің құқықтық мұрагерлігін мойындайтынын мәлімдей
отырып, Қазақстан өзі қол қойған шарттар мен келісімдерді, оның ішінде
қаруды шектеу мен қысқарту мәселелері жөніндегі міндеттерін де адал орындап
келеді. Орташа және шағын радиусты аумақта әрекет ететін ракеталар
келісімдерде көрсетілген мерзімдер ішінде біртіндеп жойылды. Стратегиялық
шабуылдаушы қаруларды қысқарту және шектеу жөніндегі шарт негізінде
құрлықаралық баллистикалық және қанатты ракеталар кезекшіліктен алынып,
1995 жылдың ортасына қарай Ресейге жеткізілді, бұл қарумен жабдықталған
құрамалар біртіндеп республика аумағынан шығарылды. 1998 жылы 109
жауынгерлік және оқу шахталық іске қосу құрылғысы, 16 оқу және командалық
пункт таратылды. Сол мерзімде Байқоңыр сынақ алаңында 10 сынақтық шахтаның
іске қосу құрылғысы, Дегелең тауларындағы 12 құрылғы, 187 штольняның 181-і
және Семей сынақ алаңының Балапан алабындағы 13 ұңғыма жойылды. 1991 жылы
29 тамызда жабылған ядролық сынақ алаңының негізінде 1992 жылы мамырда
Ұлттық ядролық орталық құрылып, Курчатов қаласы республиканың ядролық
физика және экология проблемаларын зерттеу саласындағы ғылыми әлеуетін
шұғыл көтерді.
Қарулардың бір түрлерін жойып, енді біреулерін қысқарту жөніндегі
шаралар шет ел бақылаушыларының қатысуымен немесе әскери техника мен қару
орналасқан аудандарды одан әрі бақылауға алу арқылы жүзеге асырылды.
Қазақстандық нысандарда инспекциялық сапармен 16 мемлекеттен келген 33
инспекторлар тобы болды. Өз кезегінде қазақстандық өкілдер Германия,
Польша, Италия аумағындағы шарттарды жүзеге асыру жөніндегі көп ұлтты
инспекцияларға қатысты.
Республиканы ядролық қарусыз мемлекетке айналдыру идеясын республика
жұртшылығы әр түрлі қабылдады. Ядролық қуатты сақтау идеясын жақтаушылар да
табылды, онсыз елдің қауіпсіздігі мен территориясының тұтастығына кепілдік
жасау мүмкін емес деп сендірді олар. Президент Н.Ә.Назарбаевтың, Сыртқы
істер министрлігінің және Қорғаныс министрлігінің күш-жігерімен оларды
тыныштандырып, оңтайлы нұсқаны таңдап алуға қол жетті. Біздің жерімізде
сақталып келген ядролық қуаттан бас тарту 1994 жылы желтоқсанда Ресей,
Англия және АҚШ-пен бірге “Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа
Қазақстан Республикасының қосылуына байланысты Қазақстан қауіпсіздігіне
кепілдік беру туралы меморандумға” қол қойылуы арқылы заңдастырылды. Біздің
еліміздің қауіпсіздігіне кепілдікті Қытай мен Франция да берді.
Тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстан Республикасы шет елдермен
қарым–қатынасқа үнемі көңіл бөліп келеді. Ол ешбір елді жау ретінде
санамайтынын және оларға территориялық та, басқа да ешқандай талап
қоймайтындығын мәлімдеді. “Шанхай бестігі” Үкіметтерінің – Ресей,
Қазақстан, Қырғызстан,Тәжікстан және Қытайдың біріге күш жұмсауымен ҚХР-дың
солтүстік көршілерімен арадағы шекарасы туралы ондаған жылдар бойы сақталып
келе жатқан түсініспестік жойылды. Оның ішінде Қытайдың Қазақстанмен
шекарасы делимитацияланды, одан соң бүкіл шекара бойында демаркация
жүргізілді. Қазақстан Республикасының Ресеймен, Қырғызстанмен және
Өзбекстанмен шекарасын делимитациялау басталды. Соның өзінде аталған
мемлекеттер ортақ кедендік кеңістікті және адамдардың, көлік құралдары мен
тауарлардың еркін қозғалысын сақтауға тырысып отыр. Тек қана есірткі
заттарын, қаруды тасымалдауға және діни, саяси экстремизмге бөгет қойылады.
Барлық билік тармақтарының күш жұмсауымен Қазақстан өзінің бүкіл
шекарасы бойында қауіпсіздік белдемін жасауға қол жеткізді. Республикадағы
тұрақтылық жағдайы бүкіл әлемдегі өзгерістерге әсер етуде. Блоктардың бір-
біріне текетіресі аяқталуымен бірге қырып жоятын ядролық және басқа да қару
түрлерін қолдану арқылы дүниежүзілік соғыс тудыру қатері азайды. Қару-
жараққа бақылау орнату жүйесі кеңінен өрістеуде, мемлекеттер арасындағы
жанжалдарды болдырмау және өрістетпеу шаралары жиі қолданылуда. Алайда
теріс бағыттар да жоқ емес. Ядролық қаруға тыйым салу ісі бәсеңдеп қана
қалған жоқ, сонымен қатар, республикаға жақын орналасқан Пәкістан мен
Үндістан – жаңа ядролық мемлекеттерге айналды. Мұның бәрі мемлекеттің өз
армиясына үнемі көңіл бөлуін талап етті және талап етеді.
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері өзі құрылған күннен бастап
Құрлықтағы әскерден, Әскери - әуе күштерінен және Әуе шабуылынан қорғаныс
әскерінен тұрды.
1993 жылы 2 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің “ Қазақстан
Республикасының әскери–теңіз Күштерін құру туралы” Жарлығы шықты.
Республиканың Әскери-Теңіз Күштері құрамына 1- рангілі капитан Исламовтың
басшылығымен алғашқы болып кірген 8 теңіз офицері басты база ретінде Ақтау
портын таңдап алды. 1- рангілі капитан Р.А. Қомратов әскери – теңіз
базасының командирі, кейінірек Әскери–Теңіз күштерінің қолбасшысы болып
тағайындалып, тұңғыш қазақ контр-адмиралы болды.
1995 жылы 6 америкалық катер, бір жылдан кейін Германиядан әкелінген 4
шағын күзет кемесі суға түсірілді. Флотты кемемен қамтамасыз ету ісіне
республика өнеркәсібі қосылды, жетекші рөлді Оралдың “Зенит” зауыты өз
мойнына алды. 1998 жылы кәсіпорын ұжымы елдің және ТМД-ның басқа
қалаларынан қосылған салалас мамандармен бірлесе отырып, алғашқы күзет
кемесі “Сұңқарды”, көп өтпей екіншісі “Батырды” суға түсірді. Қазақстан
Республикасының Әскери Теңіз Күштері өзінің бесжылдығын 500 матрос,
старшина және Офицері бар 17 кеме мен катер құрамында атап өтті.
1997 жылы 17 қарашада Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының
Қарулы Күштері үш жақты құрылымға ауыстырылды Жалпы әскери күштер ( оған
Құрлықтағы әскер және Жедел қимыл күштері енді), Әуе қорғанысы күштері (
Әскери-әуе күштері мен Әуе шабуылынан қорғаныс күштері біріктірілді) және
Мемлекеттік шекараны қорғау күштері (олар Шекара әскерлерінің заставалары
мен бөлімдерінен, Қазақстан Республикасының Әскери-Теңіз күштерінің
кемелері мен жағалау қызметінен тұрады). Сонымен бір уақытта Бас штаб
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас Штабы болып қайта құрылды. Көп
өтпей, алайда, Шекара әскерлерінің Қорғаныс министрлігіне бағынуының
негізсіздігі айқын болып, 1999 жылдың 2 шілдесінен бастап олар Ұлттық
қауіпсіздік комитетінің қарамағына қайтарылды.
ТМД-ның әрбір елінде Қарулы Күштер құрылған кезден бастап, олардың
басшылары өз қорғаныстарын ұжымдық негізде құрғысы келетіндерін мәлімдеді.
Алайда, 1992 жылы 15 мамырда Ташкентте ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа
(ҰҚШ) тек 6 ел ғана – Армения, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан
қол қойды. Келесі жылы оған Әзербайжан, Беларусь және Грузия қосылды.
Небәрі бес жыл өткеннен кейін, 1999 жылы 4 ақпанда Әзербайжан, Грузия және
Өзбекстан ҰҚШ-ға мүшеліктен шығу туралы шешім қабылдағанын мәлім етті. 2-3
аптадан кейін бұл үш елдің бірінің қабылдаған шешімінің қате болғанын
сезінуіне тура келді. Ташкенттің орталығында ислам оппозициясы күштері
ұйымдастырған жарылыс болды. Діни уағыздармен бүркемеленген мұндай күштер
Тәжікстан және Қырғызстан Республикаларында жанданды. Ауған талибтерінің,
Усама бен Ладеннің және басқа да халықаралық экстремистердің қолдауына
сүйенген олар Ферғана жазығында және Тәжікстанның, Қырғызстанның оған
көршілес аудандарында, Өзбекстанның Сурхандария облысында ислам мемлекетін
құру идеясын көтерді. 1999 жылы үкімет әскерлерінің күшінен жеңіліске
ұшыраған олар 2000 жылы өздерінің арандату әрекетін қайталап, бірақ тағы да
қуылды. Алайда бүкіл ортаазиялық республикаларға, оның ішінде Қазақстанға
да елеулі қатер төнгені айқын болды.
Біздің көршіміз – Қытай Халық Республикасы үшін де қауіп күшейді. Бұл
бұрынғы КСРО-ның ортаазиялық республикалары мен Қытай кіретін “Шанхай
бестігінің” қызмет ауқымын кеңейтуге негіз болды. Шекара мәселелерін және
шекаралық белдемдердегі сенім шараларын шешуге негізделген “Шанхай бестігі”
терроризм қатерімен күресте де бірлесе әрекет етуге шешім қабылдады. Осы
мақсатпен олардың арасында әскери-саяси ынтымақтастық кеңеюде, халықаралық
террористердің қауіпті әскери қимылдарын тойтару жөнінде біріккен
жаттығулар өткізу, бітімгершілік шараларға қатысу көзделуде. Осы және басқа
мәселелер бойынша келісімдер 2000 жылғы наурыздың соңында Астанада өткен
Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан қорғаныс министрлері кеңесінің
қорытындысына негізделген Бірлескен коммюникеден өз көрінісін тапты.
Бір айдан соң Ташкентте Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, және
Өзбекстан президенттерінің екі күндік кездесуінің қорытындысы бойынша,
саяси және діни экстремизмге, транс-ұлттық ұйымдасқан қылмысқа және
тұрақтылық пен қауіпсіздікке нұқсан келтіретін басқа да қатерлерге қарсы
күрестерге бірлескен қимылдар туралы шартқа қол қойылды. Көршілес
мемлекеттер басшылары мұны “Қорғаныс Одағы” деп атады. Көрші елдегі “Баткен
соғысы” деп аталған жағдайлар, оның біздің мемлекетіміздің оңтүстік
аудандарына өтуінің тікелей қатері “қорғаныс одағы” – ҰҚШ-ға қатысушы
елдердің өзара қарым-қатынасын нығайтып қана қоймай, сонымен бірге бұрын
басталған әскери реформаны жеделдетуді талап етті. 2000 жылы 10 ақпанда
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев жаңа Әскери доктринаны
бекітті. Ол бұрынғыша қорғаныс сипатына ие және әскери қақтығыстарды
болдырмауды, оларды дипломатиялық жолдармен шешуді басты міндеті санайды.
Геосаясаттағы өзгерістер терең талдана отырып, жаңа әскери доктринада жаңа
қауіп қатерлердің өскені, әсіресе, оның халықаралық терроризм, саяси және
діни экстремизм, ұйымдасқан қылмыс, қару-жарақ пен есірткіні заңсыз
тасымалдау тарапынан болып отырғаны мәлімделді. Осыларды, сондай-ақ, қарулы
күрес құралдары мен әскери өнердегі өзгерістерді ескере отырып, жаңа
доктрина соғыстың сипаты, құрылымы және әскерлердің әскери іс-қимылдары
туралы мәселелерді жаңаша түсіндіреді. Әскери қауіпсіздікті экономикалық
жағынан қамтамасыз ету мәселесі де кеңінен қарастырылды. Әскери доктрина
негізінде, 2000 жылы 7 шілдеде “Әскери реформа тұжырымдамасы” және “Әскери
құрылыстың 2005 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы” бекітілді.
Қабылданған құжаттар толығымен іске асырылуда. 2000 жылы 7 тамыздағы
ел президентінің нұсқауымен Жаңа әскери-әкімшілік құрылым - әскери округтер
құру басталды. Қазіргі кезде округтерде құрамалар мен бөлімдерді толықтыру,
оларды орналастыру жұмыстары аяқталуда, гарнизондар ретке келтірілуде,
барлық керек жарақпен қамтамасыз ету жолға қойылуда, облыстық және
жергілікті өкімет органдарымен байланыс орнатылуда.
Қазақстан армиясында бөлімшелердің, бөлімдер мен құрамалардың
жауынгерлік оқулар Ауғанстандағы соғыстың, сондай-ақ әлемнің басқа
елдерінің соңғы онжылдықтағы қарулы қақтығыстарының тәжірибелерін ескере
отырып жүргізіледі. Оқу сыныптарындағы сабақтар далалық-роталық және
батальондық жаттығулардағы жауынгерлік атыстармен, әр түрлі ауқымдағы
командалық-штабтық жаттығулармен толықтырылады.
1994 жылы 14 мамырда Әуе шабуылынан қорғаныс және Әскери-әуе күштері
әскерлерінің республикалық әуе кеңістігін қорғау кезіндегі олардың өзара
біріккен қимылдары мәселесі бойынша командалық-штабтық жаттығуы болды. Сол
жылдың 15 тамызында Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысы
Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен гвардиялық гарнизон бөлімдерінің кешенді
командалық-штабтық жаттығуы өтті. 1995 жылы 3-7 қыркүйек аралығында
Гвардейский поселкесінде кешенді жазғы-тактикалық жаттығу болды. Бір жылдан
соң, 1996 жылы 13 қыркүйекте Әскери-әуе күштері бөлімдерінің жауынгерлік
дайындығын тексеру және авиацияның, әскердің басқа түрлерінің бөлімдерімен
өзара үйлесімді қимылдарын байқау мақсатында жаңа жаттығу өткізілді. Оларға
қатысқан Н.Ә.Назарбаев тиісті қолбасшыларға Қазақстан Республикасы Әскери-
әуе күштерінің туын және Әуе шабуылынан қорғаныс күштерінің жауынгерлік
туын тапсырды.
1998 жылы 28 тамызда Жоғарғы Бас қолбасшының қатысуымен тылды
қамтамасыз ету бөлімдерінің кешенді жаттығуы өтті. Жаттығуға қатысушылар
үлкен жауынгерлік дайындығы барын көрсетті, тәртіпті әрі шешімтал әрекет
етті. 2000 жылы сәуірде Қарулы Күштер басқармасы органдарының, Ұлттық
қауіпсіздік комитеті бөлімшелерінің және Ішкі істер министрлігі Ішкі
әскерлерінің стратегиялық командалық-штабтық жаттығуы өтті. Онда
контртеррористік операциялар жүргізудегі негізгі іс қимылдарды қалыптастыру
тәсілдері жасалып, келісілді.
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері өзі құрылған күннен бастап
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа (ҰҚШ) қол қоюшы елдердің армияларымен
ынтымақтастықты, өзара іс-қимылды және тәжірибе алмасуды ұйымдастыруға көп
көңіл бөліп келеді. Бұл істегі алғашқы қадамдардың бірі ТМД мемлекеттері
басшыларының шешімімен 1993 жылы маусымда Тәжікстанның Ауғанстанмен
шекарасын күзету үшін көмек ретінде жеке құрама атқыштар батальонының
құрылуы болды.
1995 жылы 10 ақпанда “ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Әуе шабуылынан
қорғаныс жөніндегі біріккен жүйесін құру туралы” келісімге қол қойылуы ТМД
өмірінде үлкен мәнге ие болды. Оның негізінде Армения, Беларусь, Грузия,
Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және
Украина әскери салада ұжымдық қауіпсіздік жүйесін құру бойынша нақты
шараларды жүзеге асырды.
Қазіргі кезде ТМД әуе шабуылынан қорғаныс жөніндегі біріккен күштері
бірлескен жауынгерлік кезекшілік, әуе жағдайы жөніндегі ақпараттар алмасу
жүйесін қалпына келтіруге қол жеткізді. Жекелеген елдердегі, оның ішінде
Қазақстандағы, Ресейдегі және Өзбекстандағы жүйелердің көпшілігі мұндай
алмасуды автоматты режимде жүзеге асырады, бұл әуе шабуылынан қорғану
күштері мен құралдарының дайындығын тиісті деңгейге дер кезінде көтеруге
мүмкіндік береді. Әуе шабуылынан қорғаныс әскерлері, күштері және
құралдарының бірлескен оперативті және жауынгерлік дайындығының жүйесі
жолға қойылып, жетілдірілуде.
Қазақстан Республикасының Әуе шабуылынан қорғаныс күштері жойғыш
авиация бөлімдерінің қарулары құрамында аэродинамикалық, ұшу және
жауынгерлік сипаттары жөнінен шын мәнінде әлемдегі ең таңдаулылар қатарына
қосылатын МиГ-29, МиГ-31, Су-25, Су-27 ұшақтары бар.
Көршілес елдер армияларының жауынгерлік ынтымақтастық тәжірибесіне
1995 жылы құрылған Орталық Азия батальоны (Ортазбат) ықпал етеді. Оның
міндеті – Біріккен Ұлттар Ұйымының қамқорлығымен бейбіт жасампаздық іс-
әрекеттерге қатысу. Батальон құрамына үш мотоатқыштар ротасы, зениттік-
ракеталық взвод, минометті батарея, байланыс взводы, медициналық пункт және
материалдық-техникалық жабдықтау взводы кіреді. Жалпы саны – 553 адам.
Ресей, АҚШ, Түркия және басқа мемлекеттердің бітімгершілік күштерінің
қатысуымен, жыл сайын бұл батальонның жаттығуы өтіп тұрады. Жаттығу
ауданында қатысушы елдер бөлімдерінің десанттары террорға қарсы әрекеттер
мен гуманитарлық тапсырмаларды орындайды.
Біздің республикамыз да қосылған НАТО-ның “Бейбітшілік жолындағы
бағдарламаларын” жүзеге асыру тұрғысында, 1996 жылдан АҚШ әскерлерімен
Қазақстан аумағында (“Жәрдем-99”) және АҚШ-та (“Наггет-97 кооперациясы”,
Форт-Пол), түрік (“Бейбітшілік көпірі-98”), фин (“Ортазбат-99”, Тампа қ.)
әскерлерімен бірлескен жаттығулар өткізіліп келеді. Олардың ішіндегі ең
үлкені НАТО-ның 23 елі мен ТМД-ның 6 елінің күштері қатысқан “Бейбітшілік
қалқаны-2000” жаттығуы болды.
Біріккен жаттығулар жауынгерлік қимылдардың тактикалық деңгейдегі
дағдыларын жетілдіреді, барлық деңгейдегі басқару органдарының дайындық пен
жаттығу жүргізу жөніндегі тәжірибелерін байытады, сондай-ақ, армиялар мен
әр түрлі елдер халықтары арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың
артуына ықпал етеді.

Қазақстан Армиясының қарулары

Еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап бейбітшілікті басты нысанаға
алды. Біз кейбір әпербақан мемлекеттер сияқты өз билігіміз өзімізге
тигеннен кейін де әскер жасақтауға, қару жинауға жанталаса кіріскен жоқпыз.
Бұл бітімгерлік шараны бүкіл әлем мойындады. Алайда, айналамызда дүркін-
дүркін лапылдап жатқан соғыс ошақтары қауіп ойлатпай және тұрғызбайды.
Ендеше, осындай алмағайып кезде қаннен қаперсіз отыру мемлекет
қауіпсіздігіне нұқсан келтіру болмақ.
Қазақстан армиясының сапында бүгінде 74000 сарбаз бар. Оның ішінде
Құрғақтағы күштер қатарында 47000, Әскери-Әуе күштерінде 19000, Әскери-
Теңіз күштерінде 3000 сарбаз бен офицерлер тапжылмай күзетте тұр. Мұнан
басқа да өздігінен әрекет ететін Аэромобильдік күштер, 1998 жылы құрылған,
Қапшағайдағы шабуылдаушы десанттық бригадасы, “Қазбат” бітімгершілік
батальоны жасақталды.
Жаяу әскерлердің соғыс көлігі (Боевая машина пехоты, БМП-2). Бізде
осындай қарудың 4000-ы бар. Енді оның техникалық жарақтарын сөз ететін
болсақ, экипажы 3-7 адамнан тұрады. Қаруы 30мм зеңбірек, 7,62мм пулемет.
Ұзындығы – 6,73м, ені – 3,15м, биіктігі – 2,45м. Әскери көліктің салмағы –
14600кг.
Двигатель 6 цилиндрлі, дизель, қуаты 400 ат күшіне тең. Жылдамдығы
65кмсағ. Бір құйған жанармайы 600 шақырымға жетеді.
Бұл әскери көлік Ресей Қарулы Күштерінің сапына 1980 жылдары
қабылданды. Содан бері мұны бірнеше рет қайта жарақтандырды. Сонымен қатар,
бұл соғыс қаруын әлемнің 18 елі сатып алған. БМП-2 жаяу әскерлерінің
таптырмайтын қорғанышы. Талай ұрыстарда қапысыз сыналған. Терең сулардан да
жүзіп өте береді. Сондықтан да қарсыластардың жаяу әскерлері үшін БМП-2
қатерлі қару.
Негізінен КСРО Қарулы Күштерінде және одақтас республикалар
дивизияларында 1960-90 жылдар аралығында МИ-8, МИ-24 А тікұшақтары
қолданыста болды.
МИ-24 тікұшақтары МИ-8 ден әлдеқайда жетілдірілді. Двигательдердің
қуаты арттырылды, қаңғалақтарына (винттеріне) өзгерістер енгізілді. Сонымен
қатар, МИ-24тің тікұшағының ұшқышы мен мерген операторы бір кабинада
отыратын. Бұл ұрыс кезінде тиімсіз болды. Мұны ескерген конструкторлар
ұшқыш пен мерген операторды жеке жеке кабинаға отырғызып, тікұшақты қайта
жарақтады. Ең бастысы МИ-24 ке ұшуды бақылауға және двигатель жұмысын
қадағалап отыратын, оның үстіне ауа райының қолайсыздығында ұша беруді
қамтамасыз ететін агронавигациялық, электрондық құрал жабдықтар орнатылды.
Әскери және жүк тасымалдауға арналған МИ-24 тікұшағы Ауғанстандағы соғыста,
ТМД елдеріндегі қарулы қақтығыстарда әбден сыналған. Әсіресе, Қауіпті
жерлерінің дені оқ өткізбейтін бронмен қапталғандықтан тікұшақтың құны арта
түсті. МИ-24 тікұшағы 12,7мм пулемет, 30 мм зеңбірек және “Фоланга”,
“Штурм” зымырандарымен, ФАБ-250 бомбаларымен жарақтанған. 30мм зеңбірек
тікұшақтың тұмсығында орналасқан. Бұл тікұшақ әскерлер арасында ұшып-қонуға
қолайлы болғандықтан және жүк тасымалдауға, ұрыс кезінде оңтайлылығымен
“ұшатын бронды машина” деп аталады. Бортына 8 десант алып ұшады.
Бүгінде Қарулы Күштеріміздегі жеңіл қарулардың аса кең тараған түрі –
Калашников автоматтары. Бұл қаруды тек сарбаздарымыз ғана емес, еліміздің
құқық қорғау қызметкерлерімен қатар, бүкіл ТМД мемлекеттерінің Қарулы
Күштері күні бүгінге дейін пайдалануда. Калашников автоматтары әлемге 200
миллион данамен тарап оны дүниежүзінің 47 елі сатып алған.
АК-74 автоматы КСРО армиясының қарулар сапына 1974 жылы қабылданды.
Конструктор Михаил Калашников өзінің бұрынғы АК-47 және 7,62 мм АКМ
оқтармен атылатын етті. Енді АК-74 автоматының сыртқы тұрқы бұрынғыларға
ұқсас болғанымен, салмағы едәуір жеңілдеді. Сонымен қатар бұл қару нысанаға
өте дәл тиюімен ерекшеленеді. Пластмассадан жасалған оқшантайына шахмат
тәртібімен орналастырылған 30 оқ сияды. Автоматтың дүмі ағаштан жасалған.
АК-74 және АКС-74 автоматтары бұрынғы КСРО Қарулы Күштерінің құрамдас
бөліктері бүгінгі тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің армияларында
күні бүгінге дейін қолданылады.
РПК қол пулеметі – Калашников автоматы негізінде жасалды. Қарулар
сапына 1961 жылы қабылданса да, бірнеше рет қайта жарақтандырылып қазір
көптеген елдердің, оның ішінде Қазақстанның да сарбаздары ұдайы
пайдалануда. Бұл қарудың автоматтан айырмашылығы ауыр және ұзын ұңғысы және
жиналмалы аяғы болуында. Сонымен қатар қол пулеметі ұрыс кезінде
пайдалануға өте ыңғайлы. Оның нысанаға тию қашықтығы 1000 метр, алайда қол
пулеметі жақын қашықтықтағы ұрысқа арналған. Және РПК оптикалық немесе
инфрақызыл көздеу тетіктері орнатылған. Өзінің ықшам әрі оңтайлылығының
арқасында бұл қол пулеметін 30 дан астам сыртқы елдер сатып алған.
Қазіргі таңда Қарулы Күштерімізде 2500 ірі калибрлі минометтер, 495
оперативтік-тактикалық зымырандар құрылымы, 292 зенииттік зымырандар бар
екені белгілі. Бұлар алысты көздейтін, қирату аймағы үлкен, жойқын қарулар.
Ал жаяу әскерлер пайдаланатын қарудың негізгі түрі РПГ-7 гранотометтер
болып келеді. Негізінен, РПГ-7 гранатометі КСРО Қарулы күштерінің қару-
жарақ сапына 1961 жылдан бастап енді. Бұл әсіресе партизандық құрылымдарға
таптырмайтын қару. РПГ-7 гранатометінің нысананы көздеу қашықтығы 250 метр
болса, соңғыларінікі 520 метрге жеткізіліп, бронды тесіп өту әлеуеті де
арттырылып, 375мм шамасындай болды. 1990 жылдардың басында гранатометтің ең
жаңа түрлері РПГ-27 “Таволга”, РПГ-29 “Вампир” сериялы өндіріске кетті.
Қазіргі таңда Қазақстан Қарулы Күштерінің сарбаздары да осы соңғы
қарулармен жарақтанған.

Ұлан туралы білесіз бе?

Қазақ елінің егемендікке қол жетіп, еңсесін енді-енді көтере бастаған
кезде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1992 жылдың 16 наурыздағы
арнайы Жарлығымен Республикалық Ұлан құрылған еді. Республикалық Ұлан
Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағындырылып, Қарулы
Күштеріміздің құрамына кірмейтін арнаулы әскери құрама ретінде тіркелді.
Олар негізінде – дәстүрлі рәсімдердің орындалуына, мемлекет басшысының және
басқа да күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай ақ аса
маңызды объектілерді күзетумен айналысады. Осындай жауапты істерді атқару
үшін ұланның қатарына сақадай сай, денсаулығы мықты, сана–сезімі жоғары
азаматтар алынды. Оның үстіне үміткерлердің бойы 178 см-ден төмен болмауға
тиіс, және сыртқы келбет пішініне мән беріліп, адамгершілік тұрғыда үлгілі
болуы шарт. Жарлық күшіне еніп, сарбаздар жасақтала бастаған күннен- ақ
өзінің әскери борышын осы құрамада өтеуге ниет білдірушілер көбейді. Бірақ,
ондай бақыт екінің біріне бұйырмады. Ұланның қатарына тек нағыз “Сен тұр,
мен атайындар” ғана іріктелініп алынды. Сөйтіп еліміздегі ерекше мәртебеге
ие әскер түрі Республикалық Ұлан болды. Сондықтан да, оны ұлттық
мемлекетіміздің басты атрибуттарының бірі ретінде қарастыруға толық негіз
бар. Осы жерде шежірелік шегініс жасауға тура келіп тұр.
Гвардия термині ХІІ ғасырда Италияда пайда болып, ол мемлекеттік туды
күзетуге арналған іріктелген жасақ деген мағынаға ие болған. Кейіннен бұл
айрықша әскер ХV ғасырда Францияда, ХVІІ ғасырда Англия, Швеция, Пруссияда,
ХІХғасырда Түркия мен Жапонияда құрылған. Ресейде гвардиялық полктер І
Петрдің бастамасымен ХVІІ ғасырдың 80-жылдары пайда бола бастады.
Қазақ мемлекетінің негізін қалаушы Жәнібек пен Керей, олардың
мұрагерлері Есім, Қасым, Тәуке хандар қазіргі ұланға ұқсас әскер ұстаған
деген дерек бар. Әскерге ханға берілген ақсүйектер отбасынан шыққан
жасөспірімдер алынған. Олардың негізгі міндеті ханның отбасын қорғау, жол
жүру кезінде ханмен ілесе жүру, көрші мемлекеттерден елші келгенде жарғылық
рәсімдерді атқару еді. Сол батыр бабаларымыздың бүгінгі ұрпағының батыр
болмасқа хақы жоқ. Жаңа заман сарбаздары – Республикалық ұлан да баба
тарихтың көне дәстүрлерін сақтай отырып, өзіне жүктелген міндеттерді
абыроймен атқарып келеді. Ұландықтардың әскери антқа адалдығы, Қазақстан
Республикасының Президенті мен халқына мүлтіксіз қызмет етуі, батылдығы ,
кәсіби шеберлігі, салауатты өмір салты мен дене күшін жетілдіру қажеттілігі
өзгелерден ажыратып тұрар айрықша қасиеттер болып отыр.
Ұлан жастары “өз елімнің басы болмасам да, сайының тасы болайын” деп
Отан үшін от кешуден тайсалмай, “тізе бүгіп өмір сүргенше, қасқайып тұрып
өлгеніміз артық” деген қағиданы ұстанған.
Қазіргі таңда Республикалық ұланның 2 полкі бар. Оның бірі Алатау
баурайында, екіншісі Астана төріне шоғырланған. Алматыдағы полкке әр
жылдары тәжірибелі командирлер полковниктер Мұрат Майкеев, Бақыт
Мұхамеджанов, Ерлан Сұлтанбаевтар басшылық жасады. Бұл күндері бұл ұжым
подполковник Мейрам Махатовтың қарауында. 1997жылы Елбасы Алматыдағы полкте
болып, ұландықтардың жауынгерлік даярлығына жоғары баға берді. 1997 жылы 11
шілдеде Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бөлімге Ту тапсырды.
Қос бөлімде де әскери қызметшілерді тәрбиелеуде жастардың бастамашыл
орталығы, сержанттар кеңесі, ақпараттық-тәрбие жұмыстары бөлмесінің кеңесі
сияқты қоғамдық ұйымдар аянбай тер төгіп келеді.
Бүгінде Республикалық ұланда үстінен қылмыстық іс қозғалған бірде-бір
әскери қызметші жоқ. Осыған қарап-ақ мерзімді қызметі мәреге жеткен әрбір
сарбаз белгілі бір ілім қорын жинақтап, есейіп азаматтық өмірге еркін
араласады деуге негіз бар.
Республикалық ұлан жанынан құрылған Президент оркестрі осы күні тек
ұланның ғана емес, бүкіл республикамыздың мақтанышына айналды десек, асыра
айтқанымыз емес. Бұл оркестр дүниежүзінің барлық мемлекеттерінің әнұранын
орындай алады. 1996 жылы олар АҚШ-та болып қайтты. Вашингтондағы атақты
Линкольн театрына жиналған жұрт Айман Мұсақожаева, Айгүл Қосанова, Алексей
Ефременко, Раушан Мұсақожаеваның өнерін сүйсіне тамашалады. Өткен жылы
Қазақстанда ресми сапармен болған Малайзияның Премер-министрі құрметті
қарауыл мен оркестрді көріп, “Біз де дәл осындай оркестр мен қарауыл
жасақтағымыз келеді, бізге нұсқаушылар жіберіңіз” деп тілек білдірген. Енді
дипломатиялық келісім бойынша 150 адамнан құралған оркестрді Малайзияға
аттандыратын болдық. Барлық шығынды Малайзия өкіметі көтереді. Міне осының
өзі зор табыс емес пе,- дейді Сәт Бесімбайұлы.

Республикалық ұланның емдеу-алдын алу мекемесі әскери қызметшілер және
олардың отбасы мүшелеріне білікті медициналық көмек көрсетуге арналған.
Бүгінгі күні госпитальда 1 профессор, 1 доцент, 1 медицина ғылымдарының
докторы мен 3 ғылым кандидаты жұмыс істейді. Енді аз сөз ұлан әскерлерінің
әлеуметтік тұрмыстық жағдайы жайында. Әрине оларды басқа құрылымдармен
салыстыруға болмайды. Өзгешелік бар. Жауынгерлердің жұмсалған күш қуат
шығынын толықтыру үшін, ұландықтар барынша нәрлі және қуатты тағамдармен
тамақтанады. Иә, Республикалық ұлан бүгіндері еліміздің әскерлері
арасындағы ең үздік құрамалардың бірі десек қателеспеспіз. Республикалық
ұланның жанынан құрылған “Көкжал” атты арнайы мақсаттағы айрықша топ өзінің
құрамы жағынан қамтамасыз етілуі мен қаруландыру жағынан еліміздегі
теңдессіз топ болып есептеледі.

Тұңғыш қазақ генералы

Ғұбайдолла Жәңгіров Ресейдегі алғашқы әскери телеграф байланысын жолға
қойған, Ресей империясы қарулы күштері байланыс әскерлерінің тұңғыш басшысы
болған, қазақтан шыққан алғашқы генерал еді.
Әсіресе, орыс-түрік соғысы кезінде оның әскери дарыны айрықша көзге
түсті. Орыс-түрік соғысы әскери байланыс жүйесінің арнаулы бір түрі
ретінде жасақталып, шұғыл дамуына да көп септігін тигізді. Әскердің бұл
түрі ұлан ғайыр соғыс сахнасындағы бүкіл іс қимылды басқарып отыруды
жетілдіре түсуге тіпті, жеңіске жетуге айтарлықтай үлес қосты.
Оның үстіне жас қазақ генералы бірнеше шетел тілін білетін, әдебиет,
тарих, жағрафия, математика, заң, дипломатика, экономика, және өзге де
ілімдерге жүйрік болатын. Ғұбайдолла Жәңгіровтың арқасында , байланыстың
жауынгерлік тәжірибесі молығып, бұл сала дербес бір әскери құрылымға
айналды. 1877-1878 жылдардағы орыс-түрік соғысында ерекше көзге түскен
әскер басыларға “Ерлігі үшін” деген жазуы бар алтын қарулар сыйға тартылды.
Солардың бірі – қазақтың тұңғыш генералы Ғұбайдолла Жәңгіров еді.
Ғұбайдолла Жәңгіров сонау ХVІІ ғасырдың ортасында әйел патша
Елизавета Петровна Санкт-Петербургте негізін қалаған Паж корпусын
тәмамдаған болатын. Бұл негізінен гвардиядағы “әскер қатарында қызмет
ететін текті әулеттер мен қызметшілер отбасынан шыққан жастарды” даярлауға
арналған жоғарғы әскери оқу орны. Бұл корпусқа Ресейдегі ең ақсүйек
дворяндар мен император әулетінің 10-15 жас аралығындағы ер балаларды
оқытып, жылына барлығы 50 шәкірт қабылданатын. Оқуға талапкердің денсаулығы
мұқият тексеріліп, сырт келбетіне де айрықша көңіл бөлінді. Оған имиген
еңкіш, секпілбет, аяғы қисық адамдар алынбайтын. Үрдіс бойынша, астанада
өткізілетін шерулердің қай қайсысында солар бастап ашып беретін. Денесіне
құйып қойғандай әдемі киімді, сымбатты да сұңғақ бойлы бұл жігіттер, тіпті
ең бай гвардиялық жастардан да өзгеше көз тартарлықтай ерекшеленіп тұратын.
Ғұбайдолла Жәңгіров Паж корпусынан 1-ші санатты сардар болып шығып, әскери
өмірін атты әскердегі корнеттік қызметтен бастады. Бірте-бірте казактар
полкының гвардиясында, 1867 жылдан бастап Орынбор генерал губернаторы
жанындағы арнаулы тапсырмалар қызметкері болды. Ғұбайдолла Жәңгіров 1868
жылы поковник, Ұлы мәртебелі Император қауымының флигель-адьютанты атағын
алды. Ал, бұл қауымға тек патша сарайы мен қала сыртындағы қызмет
үйлеріндегі, жалпы императордың бас ғимаратындағы кезекші сардар міндетін
атқарушы алғыр да адал, әрі батыл, императордың жеке басына ұнаған жандар
ғана кіре алатын.
Міне өзінің батылдығы әрі әскери білімділігімен қатар, сымға
тартқандай келбетті тұлғасымен ақсүйектер арасында және армияда үлкен
беделге ие болған, қазақтың тұңғыш генералы Ғұбайдолла Жәңгіров осындай жан
еді.

Қосымша №1

Қазақстан Республикасы
Президентінің Жарлығы
Қазақстан Республикасының
Қарулы Күштерін құру туралы

“Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Қазақстан
Республикасының Конституциялық Заңын басшылыққа алып, қорғаныс саласында
біртұтас мемлекеттік мақсатты жүзеге асыру қажеттігіне сүйеніп, Қарулы
Күштер мен шекара әскерлері жайында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына
қатысушы – Мемлекеттер басшылары кеңесінің келісімінде қуатталған дербес
Қарулы Күштер құруға деген заңды құқықтың негізінде және достастықтың басқа
мемлекеттерінің дербес Қарулы Күштерін жасақтағанын еске алып қаулы етемін:

1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылсын. Достастықтың
Біріккен қарулы күштерінің Қазақстан Республикасының территориясында
орналасқан әскери бірлестіктері, құрамалары, бөлімдері, мекемелері,
ұйымдары, полигондары, арсеналдары, сақтау базалары, қоймалары, жылжитын
және жылжымайтын әскери мүлкі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Біріккен
қарулы күштері туралы келісімнің шарттары сақтала отырып, Қазақстан
Республикасының юрисдикциясына берілсін және Қазақстан Республикасының
Қарулы Күштерінің құрамына енгізілсін.

2. Қазақстан Республикасының территориясында орналасқан қолында
ядролық қаруы бар барлық әскери құрамдар оларды толық жойғанға дейінгі
кезеңде Достастыққа қатысушы мемлекеттердің арасында бұрын қабылданған
келісімдерге сәйкес стратегиялық күштерді басқарудың қазіргі қолданылып
отырған жүйесін сақтасын.
3. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне басшылықты қажетті
заң актілері қабылданғанға дейін Қазақстан Республикасының Президенті –
Жоғарғы Бас қолбасшы жүзеге асырады, ал тікелей басқару Қазақстан
Республикасының қорғаныс министріне жүктеледі.
4. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі 3 ай мерзімде
Достастықтың біріккен қарулы күштерінің Қазақстан Республикасының
территориясында орналасқан әскери бірлестіктерін, құрамаларын, бөлімдерін,
мекемелері мен ұйымдарын қабылдап алуды жүзеге асырсын, әскерлерді тікелей
басқару жүйесі жасалуын қамтамасыз етсін, Біріккен қарулы күштер Бас
қолбасшысымен бірлескен іс-қимылды ұйымдастырсын және олардың жауынгерлік
әзірлігін сақтау жөнінде шаралар қолдансын.
Біріккен қарулы күштер Бас қолбасшысына тікелей бағыныштыларын қоса
әскери бірлестіктердің, құрамалардың, бөлімдердің, мекемелердің,
ұйымдардың, полигондардың, арсеналдардың, сақтау базалары мен қоймаларының
командованиеге үкіметтің келісімінсіз оларды бір жерден екінші жерге
көшіруге, сондай-ақ әскери техниканы, қару-жарақты және материалдық-
техникалық мүлікті Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тасып әкетуге
тыйым салынсын.
5. Қазақстан Республикасының Министрлер кабинеті Қазақстан
Республикасының территориясында орналасқан әскерлерді қаржыландыру, азық-
түлікпен, материалдық-техникалық және медициналық жағынан қамтамасыз ету
мәселелерін шешетін болсын.
6. Әскерлердің тұрмысы мен қызметін және олардың жауынгерлік
әзірлігін сақтауды реттейтін қазіргі қолданылып жүрген құқықтық
нормалардың, нұсқаулар мен ережелердің күші Қазақстан Республикасының
тиісті актілері қабылданғанға дейінгі кезеңде сақталатын болсын.
7. Осы Жарлық оған қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев.
Алматы қаласы, 1992 жылғы мамырдың 8-і.

Қосымша №2

Қазақстан Республикасының заңы
Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы
(үзінділер)
Осы Заң Қазақстан Республикасының қорғанысы мен Қарулы Күштерін
ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды, елдің қорғаныс қабілетін
қамтамасыз етудегі мемлекеттік органдардың функциялары мен өкілеттіктерін,
азаматтар мен ұйымдардың қорғаныс саласындағы құқықтары мен міндеттерін
реттейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ұрысқа әзірлік – Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери
құрылымдардың белгіленген мерзімдерде өздеріне жүктелген міндеттерді
орындауға дайындығының дәрежесін айқындайтын жағдай;
2) ұрыс қимылдары - әскери бөлімдердің, құрамалар мен бөлімшелердің
тиісті әскери басқару органдарының басқаруымен жауынгерлік міндеттерді
орындау кезіндегі ұйымдасқан іс-қимылдары;
3) жауынгерлік міндет – ұрыста (операцияда) белгілі бір мақсатқа
белгіленген мерзімде қол жеткізу үшін жоғары тұрған командир (бастық)
қойған міндет;
4) Қарулы Күштердің түрі – мемлекеттің белгілі бір салада(құрлықта,
теңізде, әуе кеңістігінде) соғыс қимылдарын жүргізуге арналған Қарулы
Күштерінің бір бөлігі;
5) соғыс қимылдары – агрессияға тойтарыс беру кезінде алға қойылған
жауынгерлік міндеттерді орындау үшін Қарулы Күштердің барлық түрін
қолданатын стратегиялық ауқымдағы (ұрыс қимылдарын қоса алғанда) іс-
қимылдар кешені;
6) соғыс басталған сәттен бастап, соғыс қимылдарын тоқтату туралы
жарияланғанға дейінгі, бірақ олардың нақты тоқтатылуынан бұрынғы кезең;
7) әскери мүлік – Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери
құралымдардың мемлекеттік мекемелерінің жедел басқару құқығындағы қорғаныс
объектілері, қару жарақтың, әскери техниканың барлық түрлері, оқ-дәрі,
арнайы құралдар мен басқа да мүлік;
8) соғыс қаупі – саяси және өзге де мақсаттарға қол жеткізу үшін
Қазақстан Республикасына қарсы әскери күш көрсету құралдарын қолдану
мүмкіндігі көзделетін тұрақсыздық факторы;
9) мемлекеттің әскери ұйымы – негізгі қызметі Қазақстан
Республикасының қорғанысын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешуге
тікелей бағытталған Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери
құралымдардың, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жиынтығы;
10) соғыс қатері – туындаған қарама-қайшылықтарды әскери күш қолдану
әдістерімен шешуге, Қазақстан Республикасына қарсы бағытталған соғыс
жанжалына(соғысқа) ұрындыруға деген нақты қалыптасқан ниет;
11) әскери техника – Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери
құралымдар жарақтандырылатын қарулар, ұрыс машиналары, аспаптар мен басқа
да техникалық құралдар;
12) әскери бөлім – Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери
құралымдардың ұйымдық-дербес бірлігі болып табылатын мемлекеттік мекеме;
13) қару-жарақ - әр түрлі қару, оқ-дәрі түрлерінің кешені, бұларды
қолдануды қамтамасыз ететін олардың тасығыштары мен құралдары;
14) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері (бұдан әрі – Қарулы
Күштер) – қорғанысты қамтамасыз ету, агрессияға тойтарыс беру немесе
тікелей сыртқы қатерді болдырмау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының
халықаралық міндеттемелерінен туындайтын міндеттерді орындау үшін Қазақстан
Республикасы құрған және ұстайтын мемлекеттің әскери ұйымының негізі;
15) Жоғары қолбасшылық (жоғары қолбасшылық құрам) – Қорғаныс
министрі, оның орынбасарлары, Қарулы Күштер түрлерінің бас қолбасшылары
және Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын өзге де лауазымды
адамдар;
16) азаматтық персонал – Қарулы Күштерде мемлекеттік қызметте
болатын немесе еңбек қатынастарында тұратын Қазақстан Республикасының
азаматтары;
17) басқа да әскерлер мен әскери құралымдар – ұлттық қауіпсіздік
органдары, Республикалық ұлан, Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлері мен
әскери-тергеу органдары, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет
қызметі, Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі орталық
атқарушы органының басқару органдары мен азаматтық қорғаныс бөлімдері,
әскери прокуратура органдары;
18) материалдық запастар – Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен
әскери құралымдардың арсеналдарында, базалары мен қоймаларында сақталатын
әскери мүліктің белгілі бір саны;
19) пайдаланылмайтын әскери мүлік – қаруландырудан алынған, тікелей
мақсатына орай пайдалануға жарамсыз, есептен шығарылған, запаста сақтаудың
кепілді мерзімі өткен, Қарулы Күштердегі, басқа да әскерлер мен әскери
құралымдардағы басы артық және олар қолданбайтын мүлік;
20) жабдықтау нормалары – бейбіт кезде немесе соғыс уақытында әскери
қызметшілерге, бөлімшелерге, әскери бөлімдерге (мекемелерге) және
құрамаларға беруге белгіленген материалдық құралдардың саны;
21) қорғаныс – Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін
қамтамасыз ету, егемендігін, аумақтық тұтастығын және оның шекарасына қол
сұғылмаушылықты қару-жарақпен қорғау жөніндегі саяси, әскери, экономикалық,
экологиялық, әлеуметтік-құқықтық және өзге де сипаттағы мемлекеттік шаралар
жүйесі;
22) қорғаныс объектілері – Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен
әскери құралымдардың мемлекеттік мекемелеріне жедел басқару құқығында
бекітіліп берілген жылжымайтын мүлік;
23) аумақты жедел жабдықтау – қорғаныс мақсатындағы міндеттерді
жедел шешу үшін пайдалануға көлік құрылыстарын, жол желілерін, қойма
шаруашылығын, байланысты, сумен, жылумен және энергиямен жабдықтауды
даярлауға және ұдайы әзірлікте ұстап тұруға бағытталған іс-шаралар кешені;
24) әскери басқару органдары - әскери басқарудың стратегиялық, жедел-
стратегиялық, жедел-аумақтық, жедел-тактикалық, тактикалық және жергілікті
органдары;
25) әскерлер түрі - өзіне ғана тән негізгі қарулары мен әскери
техникасы, сондай-ақ оларды ұрысқа қолдану тәсілдері бар Қарулы Күштердің
дербес не құрамдас бөлігінің құрамына кіретін түрі;
26) арнаулы әскерлер – Қарулы Күштердің жауынгерлік қызметін
(инженерлік, химиялық және техникалық қамтамасыз ету, барлау, байланыс,
радиоэлектрондық күрес) қамтамасыз ету жөніндегі арнаулы міндеттерді
орындау үшін құрылған әскери бөлімдер мен бөлімшелер;
27) арнаулы құрылымдар – жұмылдыру жарияланған кезде темір жолдар
мен автомобиль жолдарын, теңіз және өзен порттарын, әуежайларды,
аэродромдарды, байланыс желілерін, газ және мұнай құбырларын, энергиямен
және сумен жабдықтау жүйелерін қалпына келтіру жөніндегі жұмыстарды орындау
үшін өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының, көлік және байланыстың кідіріссіз
жұмысын ұйымдастыру үшін және медициналық көмек көрсету үшін құрылатын
құралымдар;
28) соғыс кезі – мемлекеттер арасындағы соғыс жарияланған (соғыс
қимылдары іс жүзінде басталған) кезден ол аяқталғанға (іс жүзінде
тоқтатылғанға) дейінгі қарым-қатынастар;
29) аумақтық қорғаныс – Қазақстан Республикасының халқын,
обьектілерін және коммуникацияларын қарсы жақтың іс қимылынан, диверсиялық
немесе террорлық актілерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының
Үкіметі жүзеге асыратын іс-шаралар жиынтығы, сондай-ақ төтенше жағдай
немесе соғыс жағдайы режимдерін енгізу және қамтамасыз ету;
30) техникалық қамтамасыз ету – Қарулы Күштерді, басқа да әскелер
мен әскери құралымдарды қару-жарақпен және әскери техникамен қамтамасыз ету
мақсатында жүзеге асырылатын іс-шаралар кешені;
31) тыл ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің әскери рәміздері
Қарулы Күштер тылы
Қазақстан Қарулы Күштері туралы
Жауынгерлік қолдау бөлімдерінің санын көбейту және заманауи қару мен әскери техниканы сатып алу
ҚР Қарулы күштерінің техникасы мен жабдықталуы
Қарулы Күштердің құрылысы
Қазақстан Реcпубликасының мемлекеттік рәміздері
Қазақстан Республикасының қарулы күштерінің қалыптасуы мен дамуы (1991-2010 ж.ж)
Қазақстанның қазіргі армиясы туралы
Қазақстан Республикасының қорғаныс және Қарулы Күштер туралы заңнамасы
Пәндер