БҰҰ әмбебап халықаралық ұйым ретінде


БҰҰ әмбебап халықаралық ұйым ретінде
Бүгінгі күні дүние жүзіне əмбебап ұйым ретінде танымал болып отырған Біріккен Ұлттар Ұйымының қажеттілігі ІІ дүниежүзілік соғыс барысында туындаған халықаралық мəселелер, соғыс аяқталғаннан кейін əлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, қандай да бір болмасын дау-жанжалдар мен қақтығыстардың алдын алу мақсатында туды.
Бұл халықаралық ұйымның қалыптасуы маңызды бірнеше конференцияларда қарастырылған кезеңдерден тұрады.
- ші кезең. 1943 жылы 30 қазанда Мəскеуде (КСРО) КСРО, АҚШ жəне Ұлыбритания мемлекеттерінің сыртқы істер министрлерінің конференциясы өтті. Конференцияда жалпыға ортақ қауіпсіздік мəселесі туралы Декларация қабылданды. Құжатқа КСРО, АҚШ, Ұлыбритания мемлекеттерімен бірге төртінші мемлекет болып Қытай қол қойды. Бұл мемлекеттер соғыстан кейін өзара жəне басқа да мемлекеттермен қарулы күштерді реттеуге байланысты келісімге қол жеткізу үшін ынтымақтасатын болып шешті.
- ші кезең. 1943 жылы қыркүйек-желтоқсан айларының аралығында Тегеранда (Иран) КСРО, АҚШ жəне Ұлыбритания мемлекеттерінің үкімет басшылары қатысқан конференция өтті. Мұнда жаңа ұйым құрудың мақсатының маңыздылығы айтылды.
- ші кезең. 1944 жылы 21 тамыз бен 7 қазан аралығында Вашингтон (АҚШ) қаласына жақын жерде орналасқан Думбартон-Оксте өтті. Конференцияда жаңа ұйымды құру жəне оның Жарғысының жобасын дайындау туралы сұрақтар қарастырылды.
4-ші кезең. 1945 жылы ақпан айында өткен Ялта немесе Қырым (КСРО) конференциясына КСРО, АҚШ жəне Ұлыбритания мемлекеттерінің басшылары қатысты. Бұл жолы жаңа ұйымның негізгі құрылымдары, əсіресе Қауіпсіздік Кеңесіне, Бас Ассамблеяға жəне Қамқорлық жөніндегі кеңеске қатысты даулы сұрақтар шешімін тапты.
5-ші кезең. 1945 жылы 24 қазанда Сан-Францискода (АҚШ) өткен конференцияда əмбебап халықаралық ұйым - Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылды. Ал 24 қазанға дейін осы қалада сəуір мен маусым айларының аралығында БҰҰ-ның Жарғысының мəтіні талқыланып, 1945 жылы 26 маусымда бекітілген болатын. 1945 жылдың 24 қазанында ұйымның Жарғысы күшіне енді. Бұл күн, яғни 24 қазан жыл сайын БҰҰ- ның туған күні ретінде дүние жүзінде аталып өтеді.
«Дайындық кезеңінің барысында басты қимылдар американдық жəне кеңес делегацияларының тарапынан жүрді. Бұл соғыстан кейінгі бейбіт құрылыстағы басты рөлді атқаруға екі мемлекеттің де үміткер екендігін көрсетеді. Дүние жүзінің əр елінен келген делегацияны танымал саясаткерлер мен дипломаттар басқарды. Жаңа ұйымға «Біріккен Ұлттар» - «United Nations» деген атауды АҚШ президенті Франклин Рузвельт берді», - деп жазады Қ. Тоқаев өзінің «Беласу» деп аталатын дипломатиялық очерктерінде. БҰҰ-ның штаб-пәтері АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында, оның Еуропадағы бөлімі Женева қаласында орналасты.
Қазіргі кезде БҰҰ-ға дүние жүзінің 193 мемлекеті мүше кіретін әмбебап халықаралық ұйым. Құрылып қалыптасқалы бері БҰҰ ұдайы даму үстінде. Бүгінгі таңда оның мүшелерінің 2\3-сі бір кезде отарлық тәуелдікте болған, қазіргі кезде даму жолындағы мемлекеттер. Дегенмен, Біріккен Ұлттар Ұйымы абсолютті мінсіз ұйым емес.
Бұл ұйым бүгінгі күнге дейін өз құрылымын сақтап қалды, мүшелерінің үш еседей артуына қарамастан, өз жұмысында бәз баяғы рәсімін қолданып келеді. Бүкіләлемдік ұйымның барлық қызметі бір проблеманы шешуге бағытталған: ол-өзіне мүше әрбір мемлекеттің ұлттық мүдделері мен тұтастай алғандағы халықаралық бірлестік мүдделерінің арақатынасын шешу.
Осы негізгі проблема шеңберіндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметін үш негізгі бағытқа бөлуге болады:
- халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау;
- БҰҰ-ның әлемді қайта қалыптастырудағы күнделікті әрекеттері
- Адамзаттың болашағын халықтар арасындағы ғаламдық ынтымақтастықты реттеу арқылы жоспарлау немесе болжау.
БҰҰ-ға мүшелікке өтудің талаптары мынадай:
- мемлекет тәуелсіз, бейбітшілікті сүйгіш болуы тиіс
- мемлекет жарғылық талаптарға орай өзіне міндеттемелерді жүктеуі тиіс;
- мемлекет өзіне жүктелген міндеттемелерді орындай алады және орындағысы келеді.
БҰҰ-ның мақсаттарына мыналар жатады:
- халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау;
- бейбітшілікке қауіп келтіру мен басқыншылық актілерінің алдын алу және жою үшін тиімді шараларды қабылдау;
- халықаралық дауларды немесе оқиғаларды бейбіт құралдары арқылы шешу.
-халықтардың тең құқылық және өзін-өзі басқару қағидасының негізінде халықтардың достық қарым-қатынасын дамыту;
-экономикалық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық сипаттағы халықаралық дауларды шешу барысында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру
- осындай ортақ мақсаттарға жету жолында ұлттар әрекеттерін үйлестіру орталығы болу.
БҰҰ өз қызметін жүзеге асырғанда мынадай қағидаларды басшылыққа алады:
- ұйымның барлық мүшелерінің дербес теңдік қағидасы;
- өздеріне жүктелген міндеттемелерді адал орындау қағидасы;
- туындаған дауларды бейбіт құралдармен шешу қағидасы;
- күш қолданбау немесе күш қолданамын деп қоқан-лоққы жасамау қағидасы:
- БҰҰ-ның Жарғыға сәйкес атқаратын барлық әрекеттеріне барынша көмек көрсету қағидасы;
- БҰҰ-ның мүшесі болып табылмайтын мемлекеттердің БҰҰ қағидаларына сәйкес әрекет етуін қамтамасыз ету қағидасы, себебі ол бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға қажет болуы керек;
- мемлекеттердің ішкі құзіреттеріне жататын істерге БҰҰ-ның қол сұқпаушылық қағидасы.
БҰҰ-ның негізгі органдары
Біріккен Ұлттар Ұйымының толыққанды жұмыс істеуінде оның органдарының алатын орны ерекше. Ұйымның Жарғысына сəйкес оның барлық органдары негізгі жəне қосымша болып екі топқа бөлінеді. Ал Жарғының 7-ші бабына сəйкес БҰҰ-ның Экономикалық жəне əлеуметтік кеңес; Қамқорлық жөніндегі кеңес; Халықаралық сот; Хатшылық табылады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі алты органы мыналар:
1. Бас Ассамблея;
2. Қауіпсіздік Кеңесі;
3. Экономикалық жəне əлеуметтік кеңес;
4. Қамқорлық жөніндегі кеңес;
5. Халықаралық сот;
6. Хатшылық
Аталған құрылымдар БҰҰ қызметінің негізгі өзегі болып табылады. Сол себепті олардың қызметін жеке-жеке қарастырған жөн деп есептейміз.
Бас Ассамблея - ұйымға мүше-мемлекеттердің барлығы бірдей қатысатын құрылым. Оның жұмысын ұйымдастыру мақсатында, атқару тəртібіне сəйкес Бас Ассамблеяның, оның комитеттері мен ішкі комитеттерінің ресми жəне жұмыс тілдері ағылшын, араб, испан, қытай, орыс жəне француз тілдері болып табылады.
Бас Ассамблея барлық БҰҰ-ға мүше-мемлекеттерден тұрады. Ұйым жыл сайын өзінің сессияларын өткізеді. Сессия жұмысына ұйымға мүше-мемлекеттерден 5-тен артық емес өкілдері қатысады. Əр делегацияның құрамына өкілдердің бес орынбасары, сонымен бірге қажетінше кеңесшілер мен сарапшылар кіреді. Əрбір мемлекет өкілдері қатысушыларының санына тəуелсіз бір ғана дауысқа ие болады.
Бас Ассамблеяның сессия жұмысына қатысу үшін, мүше- мемлекеттер делегация жасақтайды, ал оның құрамы қанша адамдардан жəне кімдерден құралатынын мемлекет шешеді. Кейбір мемлекеттер делегация құрамына ғалымдарды, парламентарийлерді, қоғам жəне саяси қайраткерлерді, тілшілерді қосады.
Бас Ассамблея БҰҰ шеңберінде кең құзыреттілекке ие. Ол БҰҰ Жарғысы шеңберінде кез келген сұрақтар мен іс-шараларды талқылауға құқығы бар. Сонымен бірге Бас Ассамблея Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелерін, Экономикалық жəне әлеуметтік кеңестің, Қамқорлық жөніндегі кеңестің мүшелерін сайлайды. Қауіпсіздік Кеңесімен бірге Халықаралық соттың судьяларын сайлайды; Кеңестің ұсынысымен Бас хатшыны тағайындайды жəне БҰҰ-ға жаңа мүшелерді қабылдайды. Бұлардан басқа бюджеттік фукцияны да атқарады. Ұйымға жаңа мүшелер мен оның бюджетін қабылдау мəселелері БҰҰ-ға мүше-мемлекеттердің үшен екісі қатысып, дауыс беру қорытындысы бойынша шешіледі. Сондай-ақ Бас Ассамблея БҰҰ бюджетін қарастырады жəне бекітеді; мүшелік-жарнасының көлемін айқындайды.
БҰҰ Жарғысы жəне Бас Ассамблеяның Атқару тəртібі оның жұмысын ұйымдастырудың тəртібін анықтайды.
Бас Ассамблея - сессиялық орган. Сол себепті оның негізгі жұмысы кезекті, арнайы жəне кезектен тыс сессиялардан тұрады. Оның сессиясы қыркүйек пен желтоқсан айларының аралығында өтеді. Кезекті сессия жұмысы алқалық отырыстар мен оның басты алты комитеттерінде өтеді. Бас Ассамблеяның 1993 жылғы 17 тамыздағы (47/233 қарар) шешіміне сəйкес ол комитеттер мыналар:
- қарусыздану мəселесі жəне халықаралық қауіпсіздік (Бірінші комитет) ;
- экономикалық жəне қаржы мəселесі (Екінші комитет) ;
- əлеметтік, гуманитарлық жəне мəдени мəселелер (Үшінші комитет) ;
- арнайы саяси жəне деколонизация мəселесі (Төртінші комитет) ;
- əкімшілік жəне қаржы мəселесі (Бесінші комитет) ;
- құқық мəселесі (Алтыншы комитет) .
Бас Ассамблея өзінің функциясын атқару үшін тұрақты жəне қосымша органдар құрады. Тұрақты органдарға Бюджет жəне əкімшілік мəселелері жөніндегі кеңес беруші комитет тəрізді органдар жатады. Ал уақытша құрылған қосымша органдардың саны 150-ден артық.
Бас Ассамблея Қауіпсіздік Кеңесінің немесе БҰҰ-ның көпшілік мүшелерінің талабы бойынша немесе БҰҰ-ның бір мүшесінің ұсынысын басқа мүше-мемлекеттердің қолдаған жағдайда арнайы сессияларға жиналуы, сонымен бірге төтенше сессияларға шақырылуы мүмкін.
Бас Ассамблеяда қабылданған шешімдер мүше- мемлекеттер үшін міндетті заңнамалық күшке ие емес, бірақ дауыс беру əлемдік жəне беделді қауымдастықтың пікірін білдіреді.
Бас Ассамблеяның жұмысына БҰҰ-ға мүше- мемлекеттерден басқа БҰҰ-ның ресми бақылаушы мəртебесіне ие болған, мүше емес мемлекеттер (мысалы, Швейцария, Ватикан) жəне халықаралық ұйымдар (мысалы, Араб мемлекеттерінің лигасы, Еуропалық Одақ т. с. с. ) қатыса алады.
БҰҰ-ның жыл бойындағы жұмыстары Бас Ассамблеяның шешімдерінің негізінде жүргізіледі. Бұл жұмыстарды Ассамблея қарусыздандыру, бейбітшілікті қолдау, адам құқықтары жəне оны дамыту сияқты басқа да нақты мəселелерді зерттеу үшін құрған комитеттер мен басқа да органдар атқарады.
Бас Ассамблея бірқатар жағдайларда дипломатиялық конференция функциясын атқарады. Осында сессия барысында басқа органдармен дайындалған халықаралық келісімдердің жобаларын жасайды жəне қабылдайды немесе қолдайды.
Қауіпсіздік Кеңесі - БҰҰ-ға мүше-мемлекеттердің барлығы үшін міндетті шешім қабылдайтын бірден-бір жəне маңызды тұрақты əрекеттегі орган. БҰҰ Жарғысының 23-ші бабына сəйкес Қауіпсіздік Кеңесі 15 мүшеден тұрады. Оның 5-уі тұрақты мүше. Олар - АҚШ, Қытай, Франция, Ұлыбритания жəне Ресей. Осы бес мемлекетке халықаралық бейбітшілікті қолдауда ерекше жауапкершілік жүктелген. 10 уақытша мүше- мемлекеттерді Бас Асамблея екі жылғы мерзімге тағайындап қояды.
1963 жылғы 17 желтоқсандағы Бас Ассамблеяның Қарарына (1991 А (ХVІІІ) сəйкес тұрақты емес мүшелердің орнын ауыстыруы үшін мынадай квота белгіленді: 5 - Азия жəне Африка елдерінен; 1 - Шығыс Еуропа елдерінен; 2 - Латын Америка елдерінен; 2 - Батыс Еуропа жəне басқа елдерден. 1946 жылдан бастап 2009 жылға дейін Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелікке 100-ден артық мемлекет сайланды олардың көбі екі реттен, ал кейбірі 5-9 рет сайланған» деген мəліметтер бар.
Кеңестің əрбір мүшесі бір дауысқа ие. Тəртіп бойынша 15 мүшенің 9-ы дауыс берген жағдайда ғана шешім қабылданды деп есептеледі. Егер Кеңестің тұрақты мүшелері шешіммен келіспесе, онда ол қарсы дауыс бере алады, ал бұл акт вето, яғни тиым салу күшіне ие.
Қауіпсіздік Кеңесі ағылшын алфавитінің тəртібімен орналасқан мүше-мемлекеттердің тізімі бойынша ай сайын өзінің төрағасын сайлайды.
Қауіпсіздік Кеңесі халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға басты жауап беруші орган болғандықтан бейбітшілікке қауіп төнген жағдайда күн мен түннің кез келген уақытында шақырылуы мүмкін.
Қауіпсіздік Кеңесі - тұрақты қызмет ететін орган. Кеңес өз отырысына қажет байланысты жиналады, бірақ оның жұмысы. «Қауіпсіздік Кеңесінің уақытша тəртіптері мен процедуралары» деп аталатын арнайы құжатқа толықтай бағындырылған, отырыстарының аралықтары 14 күннен аспайтындығы туралы келісілген. Бұл тəртіп барлық уақытта сақтала бермейді.
Қауіпсіздік Кеңесі халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікті қолдау саласында ұйымның барлық мүшелерінің атынан əрекет ете алатын БҰҰ жүйесіндегі бірден-бір орган. Осы мақсатта БҰҰ Жарғысының 34-ші бабына сəйкес халықаралық аренадағы кез келген жағдайды бақылауға, халықаралық дауға немесе жан-жалға айналғалы тұрған мəселелерді тексеруге, ондай жағдайдың халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төндіруіне жол бермеуі үшін Қауіпсіздік Кеңесі жұмыс атқарады.
Кеңес жұмысына БҰҰ-ға мүше-мемлекеттер де, мүше еместер де қатыса алады.
Кеңес БҰҰ-ның штаб-пəтерінен басқа да қалаларда жинала алады.
Қауіпсіздік Кеңесінің тəжірибесінде мемлекет жəне үкімет мүшелерінің өкілдері қатысатын деңгейдегі Кеңес отырыстары үлкен маңызға ие. Мұндай отырыстар өткізу мүмкіндігі Жарғының 28-ші бабында қарастырылған. Мысалы, 2000 жылы жаңа жағдайдағы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдаудағы Біріккен Ұлттар Ұйымының рөлін талқылау үшін өткен Кеңестің жоғары деңгейдегі отырысын айтуға болады.
Жарғының 29- бабына сəйкес, өз қызметін атқару үшін қажет деп тапса қосымша органдар құруы мүмкін. Ондай органдар тұрақты жəне уақытша деп екіге бөлінеді. Тұрақты органдарға эксперттер комитеті, жаңа мүшелерді қабылдау туралы комитет, орталық мекемелерден тыс Кеңес отырыстары туралы мəселелермен айналысатын комитет жатады. Уақытша қосымша орган нақты жағдайды зерттеп білу үшін Кеңестің барлық немесе жекелеген мүшелері құрамымен құрылады. Мысалы, 1967 ж. араб жерлерін басып алған аймақтарға байланысты жағдайды қарастыру үшін құрылған комиссия.
Қауіпсіздік Кеңесі БҰҰ Жарғысының 24-26 баптарына сəйкес қарулы қақтығыстардың алдын алуға жəне оларды шешудің бейбіт жолдары үшін жағдай жасауға, сонымен бірге мемлекетаралық ынтымақтастықты дұрыс жолға қоюға құқығы бар.
Қауіпсіздік Кеңесінің көп жылғы қызметінде түрлі қақтығыс жағдайларын шешетін жекелеген əдістер мен тəсілдер қалыптасты. Əсіресе алдын алу дипломатиясы, делдал рөлін атқару, бітімгершілік операциялары жəне бейбітшілікті, қақтығыстан кейінгі кеңістіктегі бейбіт құрылыстарды қолдау операциялары, фактілерді жинау миссиялары Кеңестің тəжірибесінде кеңінен қолданылады.
Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстарында Кеңестің төрағасының мəлімдемесі, Қауіпсіздік Кеңесінің мəлімдемесі, БҰҰ-ның Бас хатшысының баяндамалары тыңдалады.
Соңғы жылдары Қауіпсіздік Кеңесін реформалау, яғни оның құрамын кеңейту туралы ұсыныстар айтылып жүр. Осыған байланысты Бас Ассамблея БҰҰ-ның мүше-мемлекеттерінің өкілдерінен тұратын жұмысшы тобын құрды. Қазіргі таңда мүше- мемлекеттер Кеңестің құрамының кеңеюіне, сонымен қатар əдістерді өзгерту арқылы Қауіпсіздік Кеңесі өзіне жүктелген міндеттерді орындауға үндеу тастады. Бас Ассамблеяның қарауында жатқан ұсыныстар мынадай сұрақтарды қамтиды: тұрақты жəне тұрақты емес мүшелердің санын ұлғайту; ротация, яғни ауысып отыру немесе Кеңестегі қызметті қатар атқару; вето құқығының өзгеруі жəне Кеңес жұмысының əдістерін жетілдіру.
Бірақ, осындай ұсыныстармен қатар Кеңес мүшелерінің санын 15-тен 24-ке жеткізу, яғни вето құқығысыз қосымша 5 тұрақты мүше (үш дамушы жəне екі өнеркəсібі дамыған мемлекеттерден) жəне 4 тұрақсыз мүше қосу қарастырылуда. Басқа ұсыныстар бойынша тұрақты мүшелердің қатарына Жапония, Германия жəне үш дамушы мемлекеттердің (Латын Америкасынан Бразилия, Азиядан Үндістан, Африкадан Оңтүстік Африка Республикасы немесе Нигерия) өкілдерінің болғаны айтылуда. Бұлардан басқа тағы бір ұсыныс бар. Онда келісілгендей Кеңестің құрамына БҰҰ-ның бітімгершілік қызметіне жəне оның дамуы проблемаларын шешуге үлес қосқанына қарай мемлекетті мезгіл-мезгіл қайтадан сайлау арқылы тек тұрақсыз мүшелерді ғана енгізу керек.
2003 жылы БҰҰ-ның сол кездегі Бас хатшысы Кофи Аннанның ұсынысы бойынша жоғары деңгейдегі топ құрылған болатын. Ол топты əлемнің əртүрлі 15 мемлекетінің (Франция, Бразилия, Норвегия, Гана, Австралия, Ұлыбритания, Уругвай, Египет, Үндістан, Жапония, Ресей, Қытай, Танзания, Пəкістан жəне АҚШ) көрнекті өкілдері кірген Таиландтың бұрынғы премьер-министрі А. Паньяранча басқарды. 2004 жылдың желтоқсан айында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 59- шы сессиясында топтың жасаған баяндамасында Қауіпсіздік Кеңесін реформалауға қатысты төрт принцип-критерийге (өлшемге) негізделген ұсыныс жасалды:
- БҰҰ-ға кім қаржылай, əскери жəне дипломатиялық үлес қосса, солардың шешімдерін көбірек қарастыруды қамтамасыз ету;
- мемлекеттердің шешім қабылдау үрдісіне кең көлемдегі мүшелерден құралған мемлекетті, əсіресе дамушы елдердің өкілдерін тарту;
- Қауіпсіздік Кеңесінің тиімділігіне кедергі келтірмеу;
- Қауіпсіздік Кеңесінің демократиялық жəне есеп берушілік сипатын күшейту.
Көрсетілген өлшемдерді ескере отырып топ Қауіпсіздік Кеңесін реформалаудың А жəне В модельдерін ұсынды.
А моделі бойынша алты жаңа тұрақты орын беру қарастырылады, бірақ ешқандай қосымша вето құқығы жоқ жəне негізгі үш аймақтық аумақтар - Африка; Азия жəне Тынық мұхит; Еуропа жəне Америка құрылығы арасына бөлінген екі жыл мерзімге үш жаңа тұрақсыз орын ұсынылады. В моделі ешқандай жаңа тұрақты орын қарастырмайды, бірақ төртжылдық қайтадан жаңартылған мерзімге сегіз орын жəне екіжылдық мерзімге бір жаңа тұрақсыз орын түріндегі жаңа категориялар ұсынылады. Сонымен бірге топ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамындағы өзгерістердің ешқайсысы да тұрақты немесе болашақта талассыз қарастырылмауы керек деп есептейді. Сондықтан 2020 жылы Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын қайтадан қарап шығу туралы ұсыныстарын айтқан болатын [4, б. 196] . Əзірше ешқандай өзгерістер бола қойған жоқ. Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысы бұрынғысынша жүргізілуде. Қосымшада Қауіпсіздік Кеңесінің жұмыс залының суреті берілген [қараңыз: қосымша Ə] .
Экономикалық жəне әлеуметтік кеңес (ЭКОСОС) . Халықаралық экономикалық жəне әлеуметтік ынтымақтастық саласында Экономикалық жəне әлеуметтік кеңес орталықтың рөлін атқарушы басты орган [қараңыз: қосымша Б] . Бұл органды басқаша «БҰҰ ұйымдарының жанұясы» деп те атайды.
БҰҰ Жарғысының 55-бабына сəйкес біріншіден, өмір сүру деңгейін ұлғайту, тұрғындарды еңбекпен қамтамасыз ету, экономикалық жəне əлеуметтік жағдайларды дамыту; екіншіден, халықаралық экономикалық, əлеуметтік, мəдениет пен білім салаларындағы жəне т. с. с. мəселелерді шешу; үшіншіден, жалпыға ортақ адам құқықтарын жаппай сыйлау жəне сақтау əрі олардың негізгі еркіндіктерін нəсіліне, жынысына, діни сенімдеріне қарамай-ақ сақтау үшін құрылған.
ЭКОСОС-қа 54 мемлекет мүше. Оларды Бас Ассамблея үш жыл мерзімге сайлап қояды. Жылына 18 мүше сайланып отырады. Бас Ассамблеяның 1971 жылғы 20 желтоқсанындағы қарарына (2847 (ХХVI) ) сəйкес ЭКОСОС-тағы орын мынадай тəртіп бойынша бөлінген: 14 орын - Африка елдері; 11 - Азия; 10- Латын Америка; 13 - Батыс Еуропа жəне басқа мемлекеттер; 6 - Шығыс Еуропа елдері [8, б. 30] . Кеңес жылына екі рет: сəуір айында Нью-Йорк қаласында ұйымдастыру сессиясына жəне шілде айында Женева қаласына негізгі сессиясына шақырылады. Кезекті сессиялардағы жұмыстарды құрамына Кеңестің барлық мүшелері кіретін үш сессиялық комитет атқарады: Бірінші (экономикалық) комитет; Екінші (əлеуметтік) комиетет; Үшінші (бағдарлама жəне үйлестіру жөніндегі) комитет. Сессия шеңберінде министрлер деңгейіндегі кездесулер ұйымдастырылып, онда ЭКОСОС-қа байланысты өте маңызды мəселелер талқыланады.
ЭКОСОС оның құзыреттілігіне кіретін, Бас Ассамблеяға беру үшін конвенциялардың жобасын құрастыратын халықаралық конференцияларды да шақыра алады. Оның қатысуымен Жалпыға ортақ адам құқықтары декларациясы, бала құқықтары жөніндегі Декларация жəне Конвенция, əйелдердің саяси құқықтары туралы Конвенция жəне т. б. маңызды құжаттар жасалды. ЭКОСОС жүйесінде сегіз функционалды комиссия жұмыс істейді:
- статистика жөніндегі комиссия;
- əлеуметтік даму комиссиясы;
- əйелдер мəртебесі жөніндегі комиссия;
- наркотика жөніндегі комиссия;
- халықты орналастыру жəне дамыту жөніндегі комиссия;
- қылмыс жəне əділеттік жөніндегі комиссия;
- ғылым мен технологияны дамыту жөніндегі комиссия;
- тұрақты даму жөніндегі комиссия;
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz