Интербелсенді оқу оқыту түрлері



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 18 бет
Таңдаулыға:   
Жигсо - көлемді мәліметтер мен мағлұматтарды студенттердің өздігімен игеруге және бірін-бірі оқытуға бағытталған тиімді тәсіл.
Жигсо деп ХХ-ғасырдың елуінші жылдары балаларға арналып шыққан құрастырмалы (конструкторлық) ойыншықты атаған: әр бөлігін өз орнына қойғанда ғана ойыншық бүтін болып шыққан. Бұл тәсілдің басқаша да атауларын кездестіру ықтимал. Мәселен Ресейде шығатын әдістемелік және дидактикалық әдебиетте оны Зигзаг, Ажурная пила, Мозаика деп те атайды.
Бұл тәсілдің орындалу тәртібі (алгоритмі) келесідей.
1) Студенттер көлемді мәтінді әрқайсысы жеке-жеке шағын топ (бастапқы топ) ішінде оқып шығуы керек.
2) Содан кейін топтар құрамы өзгертіліп, құрамында әр бастапқы топтан бір студент бар жаңа топтар (сарапшылар тобы) құрылады.
Сарапшылар тобында студенттер мәтіннің белгілі бір бөлігін ғана жан-жақты талқылайды. Бұл жерде олар тақырыптың мазмұнын бірлесе игеру (қиын жерлерін талқылап, бір-біріне түсіндіру арқылы) жұмысымен ғана айналыспай, бастапқы топтарына оралғанда басқаларды мәтіннің өз бөліміне қалай үйретуге болатындығын ортаға салады. Осы кезде студенттердің өздерін ұстаз рөлінде сезінуі керек.
Енді олардың осы бөлік бойынша білімі басқалармен салыстырғанда анағұрлым жоғары болғандықтан, олар аталмыш бөлімнің сарапшысы атанады.
3) Осыдан кейін сарапшылар бастапқы топтарына қайта оралып, өзге студенттерді кезекпен (алдымен №1-ден бастап, әрі қарай жалғастыра) өз бөлімдеріне үйретеді.

Бастапқы топтар Сарапшылар топтары Бастапқы топтар

(құрамында №1, -- (құрамында тек № 1 -- (құрамында №1,
№2, №3, №4 студенттер бар) №2, №3, №4
студенттер бар) студенттер бар)

(Бұл тәсіл R.Slavin. Cooperative Learning. Baltimore, 1991. келтірілген).
Аквариум - студенттердің қандай да болмасын проблеманы көрермендер немесе жұртшылық алдында диалог үрдісінде талдау мүмкіншілігін беретін тәсіл.
Шағын топ ішінде (4-6 адам) студенттер проблеманы шешу жолдарын талқылайды. Талқылауды топ ішіндегі бір студент (немесе екі студент те болады) жүргізеді: ол басқаларға сөз беріп, олардың пікір алмасуын ұйымдастырады, топты ортақ мәмлеге келуге бағыттайды. Аудиториядағы басқа студенттер көрермендер сияқты жаңағы топты қаумалай қоршап тұрады: олар топ ішіндегі студенттердің проблеманы қалайша шешетіндігіне, олардың диалог құруына көңіл қояды. Алайда олар диалогқа араласа алмайды, олар тек топ ішіндегі атқарылып жатқан жұмысты өздерінің осындай шағын топ ішіндегі әрекеттерімен салыстырады.
Шағын топтағы студенттер осылайша сырт назарында болады: олар құдды аквариум ішінде отырған сияқты.
Бұл тәсіл студенттерге өз жолдастарының қалайша қарым-қатынас құратындығын, басқаның пікірін қалайша қабылдайтындығын, өз ойларын қалайша дәлелдейтіндігін, пайда бола бастаған кикілжіңдерді қалайша болдырмай тастайтындығын көріп, оларды талдап, белгілі бір қорытындыға келтіру мүмкіндігін береді.

Қос шеңбер - студенттер екі шеңбер құрап отыруы керек: ішкі және сыртқы. Мұнда ішкі шеңбер тұрақты болады да, сыртқы шеңбер құрамы оқытушының айтуымен ауысып отырады (мәселен, әрбір 1-2 минут өткен соң сағат тілі бойынша бір орынға). Шеңберлердегі студенттер саны бірдей болған орынды. Осылайша студенттер талқыланатын мәселе бойынша бірнеше жолдасымен әңгіме құрып, пікірлесіп, тіпті басқаларды өзінің көзқарасына иландыру мүмкіндігіне ие болады.
Сыртқы шеңбердегі студенттердің қолында сұрақтар жазылған қағаздары бар, олар орын ауыстыру кезінде бұл мәселелер бойынша ақпарат, пікір, дәлел жинаумен айналысады. Жұмыс соңында студенттер талқылаудың қорытындысын аудиторияға жария қылады.

Галереяны шарлау - студенттердің жазба немесе графикалық жұмыстарын қабырғаға іліп, барлық қатысушылардың олармен танысып, өз пікірлерін ауызша немесе жазбаша келтіруі. Жазбаша пікірлер жұмыстардың өзіне (парақ, плакаттарға) немесе бөлек қағаздарға (стикерлерге) жазылып, жапсырылады.
(Бұл тәсіл Темпл Ч., Стилл Дж., Мередит К. Бірлескен оқу. Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту жобасы үшін әзірленген №5 оқу құралы. - Алматы, 1998. - кітабында келтірілген).

Броундық қозғалыс - студенттер аудиторияны шарлап, талқыланатын мәселе бойынша ақпарат жинап, басқалармен пікірлеседі. Бұл тәсілді қолданғанда студенттерге партаға отыру болмайтындығы ескертіледі.

Позиция таңдау - қандай да бір тұжырым оқылып, студенттер ИӘ және ЖОҚ деп жазылған плакаттарда өздерінің қай көзқарасты таңдағанын көрсетеді. Олар өз ұстанымдарын ауызша дәлелдеп беруі керек.

Нөмірленіп ауысу - топ құрамдарын ауыстыра отырып, студенттердің көбірек мағлұмат, пікір, түсінік, дәлелдер жинауына мүмкіншілік береді.
Мәселен, егер топтар төрт студенттен тұратын болса (олар рет сандары бойынша нөмірленіп алуы керек), олар проблеманы талқылап алғаннан кейін, олардың құрамын келесідей ауыстыруға болады:
- №1 студент өз орнында қалады, №2 студент келесі партаға көшеді, №3 студент үшінші партаға отырады, ал №4 студент одан келесі партаға көшеді;
- осы құрамда студенттер проблеманы талқылап алғаннан кейін (2-3 минут), олардың орнын тағы да ауыстыруға болады;
- талқылау аяғында студенттер өз орындарына қайтып келіп, жиған-тергендерімен топтың басқа мүшелерімен бөлісуі керек.
(Бұл тәсіл Темпл Ч., Стилл Дж., Мередит К. Бірлескен оқу. Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту жобасы үшін әзірленген №5 оқу құралы. - Алматы, 1998. - кітабында келтірілген).

2. Интербелсенді оқуоқыту дегеніміз не?

2.1 Интербелсенді әдістеме - өзара әрекеттесу, әрекет арқылы үйренуүйрету

Бүгінгі күннің басты ерекшеліктерінің бірі Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңістіктің бәсекеге қабілеттігін 2006-2009 жылдарда дамыту тұжырымдамасында келтірілгендей, ақпараттың ақылға симайтын шамадан тыс, оны игеруде адамның биологиялық мүмкіншіліктерінен артық мөлшерде дамуы. Сол себепті де оқуоқыту қысқа мерзімде ақпараттың көлемді бөлігін тиімді түрде ұсынатын, сол ақпаратты жоғарғы деңгейде игеретін және практикада бекіте алатын әдістерді қолдануды талап етеді.
Бұл талап білім саласында инновациялық өзгерістерге әкеліп, оқудың оқытудың негізі ретінде тұлғалық дамуды қарастырады, өйткені динамика мен өзгерістерге толы ақпараттық дәуір экономикасы адамның білімді әрі білікті тұлғасына тәуелді, өйткені бұл дәуірдің идеологиялық, әлеуметтік, саяси сұраныстары адамнан келесідей құзырлықтарды талап етеді:
- ақпараттың ішінен өзіне қажеттісін таңдап, оны пайдалану;
- проблемаларды шешу және шешім қабылдау;
- өзіндік пікір, идеялар, тұжырым, түсінік келтіру, оларды дәлелдей және қорғай білу;
- социумда ауызша және жазбаша түрде қарым-қатынас құра білу, бірлесе жұмыс жасай білу, жанжалдарды болдырмау;
- өмірге деген көзқарасын, ұстанатын сенімдерін, қажеттіліктерін, құндылықтарын жалпы адами құндылықтармен байланыстыру;
- өздігімен үйрене білу, өз білімін әрқашан да дамытып отыру.
Сол себепті де тұлғалық даму ұстанымы білім игеру процесіне қатысушылардың (үйренуші мен үйретуші) бұрнағы авторитарлы-коммуникативтік қарым-қатынасын гуманитарлы-коммуникативтік қарым-қатынасқа өзгертуді талап етеді. Бұл ұстаным таным процесінің білім беру, оқыту, үйрету деген кешегі күнгі түсініктерін енді екі жақты процесс ретінде қарастырып, оларды білім алуигеру, оқу, үйрену деп өзгертеді, бұл процесте үйренуші негізгі рөл атқарып, білімді өздігімен құрастырады деп түсінеді.
Егерде дәстүрлі білім беру өз мақсаты мен мағынасын нақты белгіленген (мемлекеттік стандарттарда көрсетілген пәндер, тақырыптар мен сабақтардың аумағында) білім жиынтығын игерумен шектесе, тұлғалық даму мен өздігімен білім құрастыруды негізгі идея деп ұстанған инновациялық көзқарас оқуүйренудің негізін тек пәндер емей, ойлау мен рефлексияға негізделген интербелсенді (интерактивті) әдістер құрауы керек деп түсінеді. Ал интербелсенді әдістер мен тәсілдер үйренушілердің тұлғалық тұрғыдан өзіндік және дербес түрде дамуына әкеледі, оларды өз мүмкіншіліктері мен ұстанған құндылықтарын түсінуге және бағалауға жетелейді.
Таным әрекеттерін ұйымдастырудың арнаулы әдістемесі ретінде интербелсенді оқуоқыту білім игеру процесіне қатысушылардың (үйренуші мен үйренушілердің) тиімді қарым-қатынасына негізделеді. Ағылшын тілінен келген interactіv сөзі де осы ұғымды білдіреді: inter дегеніміз өзара мағынасында, ал act - әрекет жасау дегенді білдіреді, яғни интербелсенді әдістер - үйренуші мен үйренушілердің өзара әрекеттесуін оқуоқытудың негізі деп танитын және сондай қатынасқа жағдай жасайтын әдістер.
Басқаша айтқанда, интербелсенді дегеніміз біреумен қоян-қолтық қарым-қатынаста болу, онымен бірлесе әрекет жасау, диалог құру. Ал интербелсенді оқу дегеніміз өзара қарым-қатынасқа (коммуникацияға) негізделген оқуоқыту, диалог арқылы үйренуүйрету, яғни үйретуші - үйренуші, үйренуші - үйренуші, үйренуші - өзімен өзі форматтарында жасаған қарым-қатынас (әңгіме, сұхбат, пікірлесу, бірлескен әрекеттер).
Интербелсенді оқуоқыту білім игеру процесін келесідей ұйымдастыруға ынталы:
1) Барлық үйренушілерге бірлескен таным процесіне белсенді араласуға мүмкіндік жасау.
2) Әрбір үйренушінің өзінің үйренгені мен өз білімі туралы түсініктерін ортаға салып, бірлесе талқылап, олар туралы ой толғауына мүмкіндік жасау.
3) Үйренушілер білімді өздігімен құрастыратын орта құру (№6 кесте).
Интербелсенді оқуоқыту - әрекетпен және әрекет арқылы оқуоқыту, ал мұндай ұстаным қомақты нәтижелерге жеткізетін ең тиімді жүйе деп есептелінеді, өйткені адамның жадында бірінші мезетте тек өзінің әрекеттері мен өз қолымен жасағаны ғана қалады. Кезінде көне қытай ғұламасы Конфуций (Кун-цзы) былай деген екен: Маған айтып берсең - ұмытып қаламын, көрсетсең - есте сақтармын, ал өзіме жасатсаң - үйренемін!.

Кесте №6
Интербелсенді оқуоқытудың негізгі қағидалары мен мақсаттары

Қағидалар

Мақсаттар

Орта
қалыптастыру

- Білім алушы оқыпүйренуде өз әрекеттерінің жемісті екендігін сезінетін жағдайлар жасау;
- Үйренушілер арасында ашық, еркін, шығармашылық қарым-қатынас орнату;
- Үйренушілерге білімді дайын күйде бермей, оны ізденуге бағыт-бағдар сілтеу.

Әрекет арқылы үйретуүйрену

- Үйренушілерге білімнің өзіндік әрекеттер арқылы ғана тиімді түрде меңгерілетіндігін дәлелдеу;
- Үйренушілерді белсенді әрекеттерге баулып, олардың білім игеру әрекеттерін ұйымдастыру.

Өмірмен байланыстыру

- Үйретуүйренуді практикалық әрекеттерге негіздеу, пән мен тақырыпты күнделікті өмірде туындайтын проблемаларды шешу деп қарастыру.

Өзінділік пен дербестікке
баулу

- Үйренушілердің дайын жауаптарын қанағат тұтпай, оларды ой-толғаныс арқылы өзіндік пікір құрастыруға, проблема шешуде өзіндік тұрғыдан жауап табуға ынталандыру (егер студент жауап бере алмаса, дұрыс жауапты өзі бермей, оны басқа студенттердің табуына ықпал жасау);
- Үйренушілерде сыни және аналитикалық ойлау дағдыларын қалыптастыру (күмәндану, өзіндік түсінікке ұмтылу, ақпараттан әртүрлі мағынаны көре білу, дәлелдеме келтіру).

Сол себепті де интербелсенді оқуоқыту үйренушілердің оқу процесіндегі белсенді әрекеттерін үйренудің негізгі құралдары мен тәсілдері ретінде таниды. Сондықтан да интербелсенді оқуоқыту оқу процесінің тиімділігі мен нәтижелігін үйренушілердің есте сақтау дәрежесімен өлшемей, олардың әрекеттерімен бағалайды, тек әрекет арқылы ғана үйрену ықтимал деген қағида ұстанады.
Интербелсенді оқуоқыту студенттің өз тәжірибесі және өзге де студенттердің тәжірибесі тұрғысынан жасаған белсенді қарым-қатынасқа негізделеді. Ал үйренушілердің тәжірибесі дегеніміз олардың өзіндік пікірлері мен көзқарастары, ойлары мен идеялары, тұжырымдары мен қорытындылары, дәлелдері мен уәждері деп айтуға тұрарлық. Студенттер таным процесінде бір-бірімен осы тәжірибесімен бөліседі, міне осындай байланыста, қарым-қатынаста жаңа білім құрастырылып, саналы түрде игеріледі.
Интербелсенді оқудаүйренуде білім алушылар келесідей білім, білік, дағды, машықтарға үйренеді:
- терең ойлану, жеке рефлексиялық қабілеттерді дамыту;
- өз идеялары мен әрекеттерін талдау және оларға баға беру;
- ақпаратты өздігімен түсініп, оны таразылап, екшеп, оның ішінен керектісін таңдап алу;
- ақпаратты жан-жақты талдау;
- өздігімен жаңа түсінік пен білім құрастыру;
- оқу барысында жеке басының құндылықтары мен сенімдерін қалыптастырып, белсенді өмірлік позиция (көзқарас, дүниетаным) ұстану;
- пікірталастарға қатысып, өз ойы мен пікірін дәлелдеу;
- басқа да балама пікірлерді ескеру;
- шешім қабылдау және қиын мәселелерді шешу;
- ортақ жұмысқа жұмыла білу;
- басқалармен тиімді қарым-қатынас құру, өзара әрекеттесу;
- үйренушілер ұжымына ортақ бірлесе жұмыс жасаудың рухани және моральдік ережелерді қабылдау;
- студенттік топты ұжым ретінде қабылдау.
Бұл біліктер тұлғаның тұрақты қасиеттеріне айналып, тек студенттік аудиторияда орын алып қана қоймай, сонымен бірге өмірдің басқа да жақтарынан тиянақты түрде көрінеді.

2.2 Интербелсенді оқуоқыту бірлескен әрекеттерге негізделеді

Дәстүрлі оқытуда басты мақсат нәтиже болып, ұстаз өзінің барлық күш-қайратын үйретуге бағыттайды, шәкіртті қорытынды нәтижеге ең қысқа жолмен жетелеуге тырысады. Мұнда оқытудың нәтижелігі бірінші кезекте ақпаратпен байланыстырылады: үйрету процесі оқушыға ақпарат беруге бағытталады, оны жаңа мәліметпен қамтамасыздандырумен шектеледі. Дәстүрлі оқытуда білім беру процесі көп жағдайда оқушының сабаққа таза парақ (tabula rasa) күйінде келіп (немесе іші қуыс ыдыс секілді), мұғалімнің оны сабақта біліммен толтырумен айналысатын құбылыс деп түсініледі. Шәкірт сабақта ғана жаңа білім алып, сабақтан кейін оны бекіту жұмысымен ғана айналысты.
Ал интербелсенді оқуоқыту басты назарды процеске, яғни үйрену процесінің өзіне, оқушылардың қалай және қандай әдіс-тәсілдер арқылы үйренетіндігіне аударады. Мұндағы мақсат - оқушылардың өзара белсенді әрекеттер арқылы өздігімен білім игеруінде, оны ізденуінде, құрастыруында. Мұндай сабақтарға шәкірттер таза парақ күйінде келмей, алдын-ала дайындалып келеді, олар сабақ басында тақырып бойынша өз түсініктері мен пікірлерін келтіріп, әрі қарай оларды дәлелдеу жүйесін құрады, пікірталас жүргізеді, өзге пікірлерді тыңдап, балама көзқарастарды ескереді. Басқаша сөзбен айтқанда, шәкірт өмірде әр адамға қажетті білік-дағдыларды қалыптастырады. Ал сабақтан кейін сол білімдерін өздігімен дамыта түседі.
Сол себепті де интербелсенді оқуоқытуда үйренушілер келесідей әрекеттерді атқаруға дайын болуы керек:
- бірлескен жұмыс,
- танымдық, коммуникативтік, әлеуметтік тұрғыдан белсенділік таныту,
- бастамашылдық,
- кері байланыс жасау,
- проблема шешу, шешім қабылдау.
Интербелсенді оқуоқыту барысында үйренушілер әрқашанда белсенді болып, өзіндік пікір қалыптастырып, өз ойларын дұрыс жеткізе білуге, өз көқарасын дәлелдеуге, пікірталас жүргізуге, басқаларды тыңдауға, өзге пікірді сыйлауға және онымен санасуға үйренеді. Мұндай сабақтарда бір ғана дұрыс жауап болмайды, өйткені басты мәселе дұрыс жауапты табуда емес, керісінше үйренушінің жеке тәжірибесіне негізделген іздену процесінің өзі болып табылады.
Интербелсенді оқуоқыту жоғары оқу орындарында келесі жұмыс түрлері мен әрекеттер арқылы жүзеге асырылады:
- бірлескен жұмыстар (жұптық, топтық, бүкіл аудиторияның),
- жеке және бірлескен зерттеу жұмыстары,
- рөлдік және іскерлік ойындар,
- пікірталастар,
- ақпараттың әртүрлі көздерімен жұмыс жасау (кітап, лекция, Интернет, құжаттар, мұражай, т.б.),
- шығармашылық жұмыстар,
- кейс-стади,
- презентациялар,
- компьютерлік оқыту бағдарламалары,
- тренингтер,
- интервью,
- сауалнама, т.б.
Интербелсенді оқуоқыту бірлесе үйрену идеяларын ұстанғандықтан, бұл жерде әсіресе бірлескен топтық жұмыс әдістерінің маңызын баса айту керек: олар өзін-өзі мен басқа адамдарды танудың тиімді құралы болып табылады, дүниетаным қалыптастырып, тұлғаның өзіндік дамуы мен басқалардың іс-әрекеттері мен олардың себептерін түсінуге ықпал жасайды. Топтық жұмыстар барлық үйренушілердің жұмысқа белсене қатысуын қамтамасыз етеді. Мұндай жұмыста шәкірттер өздерінің коммуникативтік дағдыларын (тыңдай білу, ортақ шешім қабылдау, жанжалдарды болдырмау) іс жүзінде қолданады, өздері ойнап шығады.

Кесте №7
Оқуоқытудың кейбір тәсілдерін қолданғанда мәліметтің 24 сағат ішінде есте сақталуы
(А. Маслоудың идеялары бойынша Н.Сандерстің кестесі)

Тәсілдер

Есте сақталу мөлшері

Лекция

5%

Оқу (мәтін, кітапты оқу)

10%

Аудио- және видео құралдарды қолдану

15%

Көрсету
(жобалар, кестелер, басқа да көрнекіліктер)

30%

Пікірталас

50%

Практикалық іс-әрекеттер

75%

Үйренген білімді дереу қолдану, басқаларды үйрету

90%

(Интернет материалдары бойынша)

Бірлесе үйренуде әрбір үйренуші танымның (оқу, үйренудің) ортақ мағынасына және қорытынды нәтижесіне өз үлесін қосып, басқалармен өзінің білгенімен, идеяларымен, ойларымен алмасады, тиімді нәтижеге (білімге) қандай бірлескен үйрену әрекеттері арқылы жете алатындығын анықтайды.
Мұндай қарым-қатынастағы бірлескен әрекеттер бірін-бірі жақтыру, өзара сыйласымдық пен қолдау атмосферасында өтіп, тек қана жаңа білім игеруге жағдай жасап қана қоймай, сонымен бірге таным процесін ынтымақтастық пен бірлесу деңгейлеріне көтереді, яғни қарым-қатынас пен оның негізгі нысаны диалогты танымның басты құндылығына айналдырады.
Сонымен интербелсенді оқуоқытудың келесідей идеялары мен қағидаларын келтіруге тұрарлық:
- Үйрету мүмкін емес, тек үйрену ғана ықтимал.
- Білім дайын күйде берілмейді, ол тек игеріледі.
- Білім игеру тек белсенді әрекеттер арқылы ғана жүзеге асырылады.
- Оқуоқытудың негізгі мазмұнын не нәрсеге оқуоқыту емес, қалай оқуоқыту құрайды: білік, дағды, машық, құзырлық, білімді игеру практикасы.
- Өмір бойы үйрене білу.
- Білім тек өзіндік тұрғыдан игеріледі, өйткені білім дегеніміз жеке адамның қандай да болмасын мәселе мен проблема, ақпарат пен мәлімет бойынша құрастырған ойы, идеялары, пікірі, көзқарасы, түсінігі, дәлелдері, уәждері, тұжырымы. Ал оқуоқыту - үйренушінің МЕН-і бірінші орынға қойылатын процесс.
- Білім бірлескен әрекеттер арқылы игеріледі: үйренуоқу - коммуникативтік процесс.
- Білім дегеніміз өмірде қажетті және қолданбалы мәселелер болғандықтан, білім игеру процесі практикаға (күнделікті өмірге) негізделуі керек.
- Оқуоқытудың негізі - өмір сүруге үйренуүйрету.
- Оқуоқытудың негізгі мақсаты - адам болуға үйренуүйрету.
- Оқуоқыту дегеніміз диалог, ал диалог - адамгершілікке үйренудің ең тиімді әдісі.
- Білім мазмұны үйретушінің талаптарымен айқындалмай, үйренушінің мұқтаждары мен мүдделерінен туындайды.
- Оқуоқыту қоғамға қызмет жасау идеясы арқылы жүзеге асырылады.
- Әр сабақта үйренуші тұлғасында конструктивизм, оптимизм, позитивизм секілді жағымды қасиеттердің дамуына ықпал жасау керек.
- Рефлексия - дүниетаным мен өзін-өзі танудың негізгі тәсілі, рефлексиялық тұлға қалыптастыру - оқуоқытудың негізгі мақсаты.

2.3 Ұстаздың өзгертілген қызметі
Білім игеру процесінің негізгі проблемаларының бірі ұстаз қызметімен байланысты. Мұнда мәселе келесідей сұраққа қандай жауап беруде болып отыр: Ұстаз кім: үйретуші мен білім көзі ме, әлде үйрену процесін ұйымдастырушы, менеджер, үйренуге жағдай жасаушы ма?
Бүгінгі күнгі білім жүйесі үйренушіцентристік қағидаларды ұстанғандықтан, оқуоқытуда басты тұлға шәкірт болып саналады. Егерде болашақ өмірде кезігетін нақты проблемалар мен қиыншылықтардың қандай болатындығы туралы ешкімнің де дерегі жоқ болып, қазіргі аласапыран, күнделікті өзгеріп отырған дүниеде олар жайында тіпті болжам жасаудың өзі де неғайбыл және қажеті шамалы дүние болса, онда оқыту процесінде басты салмақты ұстаздан шәкіртке ауыстырған жөн: үйренуші оқыту процесінің басты тұлғасына (субъектіне) айналуы тиіс. Шәкірт өздігімен үйренуі керек, сонда ғана оның білімі толығады, солай ғана ол білімді өз өмірінде қолдана алады. Шәкірт бұрынғы бәлсенді (пассив) күйден (әдетте сабақта оқушыстудент тек мұғалімніңоқытушының айтқаны мен оқулықта берілгенді бұлжытпай орындайды емес пе?) белсенді әрекеттерге көшуі қажет. Шәкірт өздігімен және басқалармен бірлесе білім ізденіп, оны қандай тиімді әдіс-тәсілдер арқылы меңгеретінін шешіп, бұл білімнің өз өміріне қалайша қажетті болатындығын айқындауы керек.
Бұл ұстаным мұғалімнің маңызын тіпті де төмендетпейді - мұнда мәселе оның міндеттерінің түбегейлі өзгеруінде. Әрине, бұл жерде Шәкірт ұстаздың көмегінсіз-ақ үйренеді деп кесіп айтудың қажеті жоқ: ұстаз рөлін жоққа шығармай, оны тек басқа мазмұнға бөлеу керек. Шындығында да адам тек біреудің ықпалы мен көмегі арқылы бір нәрсені біледі емес пе? Ешкімнің көмегінсіз, өздігімізше, іздену мен қателесу арқылы білімді игеретін болсақ, онда өзімізге дейінгі адамзат тәжірибесін иемдену үшін бізге қаншама уақыт қажет болар екен? Өйтпеген жағдайда шәкірт үшін адамзаттың өзіне дейінгі барлық тәжірибесін игеру қиынға түспей ме: ол өздігімен табиғаттың бұрыннан белгілі заңдарын қайтадан ашып, Американы тауып, өздігінше дөңгелек немесе велосипедті ойлап шығару ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Бастауыш сыныптарда интербелсенді әдістерін қолдану
Қазақ тілі сабағында оқушылардың шығармашылығын дамытуға арналған топтық жұмыс түрлері
Интербелсенді оқыту әдістері оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту тәсілі ретінде
Физика сабағын оқытудағы интербелсенді әдістер
Интербелсенді оқыту технологиясын ашып көрсету
Тест тапсырмалары арқылы оқушылардың білімін бағалау
Интербелсенді оқыту әдістерінің орта-кәсіптік білім беру саласындағы ерекшеліктері
Орта мектептің химия курсында «мұнай және мұнай өнімдері» тарауын оқытуда интербелсенді әдісін қолдану
Қазақ тілін оқытуда интербелсенді тәсілді қолданудың ерекшеліктері
БИОЛОГИЯ ПӘНДЕРІН ОҚЫТУДА ИНТЕРБЕЛСЕНДІ ӘДІСТЕРДІ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ
Пәндер