Қарғын. Дулат Исабеков


Ол кезде жасы он сегізге толар-толмас уылжыған қыз еді. Өмір деген өзің талпынсаң болды, бар жақсылығын алдыңа жайып салып тұратын ертегілердегі қайырымды да, данышпан қариялардай боп көрінетін. Барлық тәрбиесі дәулетті шаңырақтың ұл-қызындай, бұл да тек мектеп программасымен шектеліп қалмай, жаратылыс тану, ерте дүние тарихы, музыка пәндері бойынша қосымша сабақ алды. Әкесі аудан көлеміндегі басшысының бірі болып тұрған соң ба, ол өмірдің қабақ шытар өзге мінезінен мүлде аулақ өсті. Оның үстіне Бағиланың өз қабілетін де мұғалімдері жақсы айтып жүрді. Семьяның тұңғышы болған соң мектеп бітіргеннен кейін әкесі бірнеше күнге уақыт тауып, қызын Алматыға өзі алып шықты.
Бағила үйде жүрген кезінде өз әкесін сирек көретін. Ерте кетеді, кеш келеді. Балаларымен де сирек сөйлеседі. Тіпті үйге келген соң да көпке дейін телефоннан түспей әлдекімдерге нұсқау беріп, әлденелерді түсіндіріп, зекіп жатқаны. Бағила таңқалушы еді. Шынында, ол қай кезде тынығады, қашан ұйықтайды? Телефонның арғы басында тұрған адамға кей кезде қатты зеки қалса жүрегін ұстап, тілінің астына валидол салып, әлден соң барып өзіне-өзі келетін әкесіне кейде оның жаны ашитын-ды. Бұлардың сабағы ерте басталады. Таңғы жетіде көзін ашқанда әкесінің төсегі әлдеқашан суып қалғанын көретін және өзі қызметіне жетіп алған соң жолға шығып кетпесе машинасы қайтып келіп, қызын мектепке апару үшін есік алдында күтіп тұрар еді.
Бағилаға мұның бәрі үйреншікті, осылай болуы керек сияқты боп көрінсе де, бертін келе әкесінің жұмысы тіпті ауыр екенін және өмірдің мейірбандығы мен жомарттығы күндіз-түні дамыл көрмейтін осы әкесінің арқасында екенін бірте-бірте ұға бастады.
Олар "Қазақстан" поезының қупесіне кеп жүктерін жайғастыра берген сәтте перрондағы киоскіні көшіріп келе жатқандай газет-журналдарын құшақтап, жасы отызға тақап қалған, ұзын бойлы, ашаң қара торы жігіт бұлардың үстіне кіріп келді де, салқын амандасты. Бағила ернін ғана күбірлетіп, сыртта қол бұлғап тұрған анасы мен інісіне, екі сіңілісіне, бір топ басқа да шығарып салушыларға күлімсіреп бас изеді. Әкесі бейтаныс жігіттің сәлемін алу былай тұрсын, оның бұл купеге кіргеніне таңданып, жүзіне бірнеше секунд тапжылмай қарап отырды да: "Сіздің. . :орныңыз осында ма еді?" - деді ақ құба өңіне қан теуіп. Жігіт бәз-баяғы сабырлылықпен шағын столға газет-журналдарын қойып жатып: "Иә, осында. Сіз отырған орын менікі болады", - деді езу тартып. Күлкісі де, жанары да салқын екен. Тура қараған адамның өңменін суық жанары жуалдыздай тесіп өтетін секілді. Ашаң тұлғасында ешкімге бас имес паңдық, тәкаппарлық пен ойлылық бір сәтке жалт етіп өткендей болды.
Қаратай бейтаныс жігіттің кісіні матап тастар сиқыр торына қас-қағым сәтке түсіп қалса да, тез тізгінін жиып, қызмет бабы арқылы қанына сіңіп қалған керенау мінезбен орнынан тұрып, коридорға шығып кетті.
- Шамалауымша, бұл кісі Сіздің әкеңіз болу керек, - деді жігіт газеттің біреуіне үңіліп қыз жаққа назар да аудармай.
- Оқуға алып бара жатыр ғой, шамасы. Мұндай кісілер сөз жоқ түсіреді. Бірақ оған ұнамай қалғаным анық.
Бағила намысты нысанаға ап айтылған мынадай дөкір сөзден жарыла жаздап, ернін тістеледі. Жарылмақ түгіл жаңқа боп кетсең де жігіттің мұнымен түк шаруасы жоқ, әлгі сөздерді газеттен оқып отырғандай төмен салбыраған басын көтерер емес. Әлгі сөзін бұл қыздың есітіп отырғанын, жай ғана есітіп емес, қорланып отырғанын сезсе де сезбегендей қалып танытуы Бағиланын бейтаныс жігітке деген, сонымен бірге алғаш рет өзге біреуге деген өшпенділігін оятты. Мұндай сөздерді ол өмірінде ешкімнен естімеген және есітемін деп ойламаған да еді. Және сол ойламаған нәрсесі тұңғыш рет алыс сапарға аттанып бара жатқан жас қыздың алдынан ә дегеннен шыға келуі қуаныш пен бақытқа мас аласұрған балаң көңілге мұз басқандай әсер етті. Ол не деп жауап қайтарарын, тіпті, өзін бұдан әрі қалай ұстарын да білмей, өң мен түстің арасында сілейіп отырды да қалды. Бар ойы, бар үміті тек әкесіне тіреліп, оның тезірек келуін, сөйтіп, мынадай азапты халден тезірек құтқарып, не болса да сөзі мен жаратылысы жиденің қызыл тікеніндей көрінген мына жігітті өзінен алысырақ алып кетуін іштей тілеумен болды. Қызының осы ойын сезіп, тез арашалап алмақ болғандай осы сәтте әкесі де қупеге кіріп келді. Жалғыз емес, қасында шығарып салуға келген ауданның тағы бір басшысы, вокзалдың бастығы мен поездың бригадирі және бір топ адам дабырлай кірді. Әкесінің бәз-баяғысынша өзіне таныс салмақты да, паң қимылын көріп, қоңыр даусын естігенде Бағила өзін алынбас қамалға енгендей, азапты тордан біржола құтылғандай қуанып, алғаш рет оған деген балалық сезімі, балалық алғысы, балалық ризалығы мен балалық мақтанышы шындап бас көтерді. Барлық бала атаулыға тән қасиетпен ол да әкесін жақсы көретін, сыйлайтын бірақ, оны дәл қазіргідей жүрегі лүпілдей сүйіп, оны іштей мақтан тұтып көрген емес-ті. Адамға тән қуаныштың қадірі мен қасиетін де ол алғаш рет сезінгендей болды.
Әкесімен бірге еріп келген дүрмек одан мың мәртебе кешірім сұрай отырып, бейтаныс жігіттің басқа купеге ауысуын өтінді. Мына секілді өтініштен гөрі зорлыққа көбірек ұқсайтын сөзден жігіттің өңі сұрлана, анталап тұрған адамдарға сұқтана қарады. Бұл қарасты ешқашан айтылмайтын, айтылса да ешкімнің ұға алмасын ұғындырған терең мән жатты. Сүйектен бастау алып, жүректен жасанып шыққан сөз бен ой жанарға кеп үймеледі де, тыңдаушысын таба алмасын сөзіп, бойға қайта тарады.
Оның жанары төмен түскенде қолы да чемоданға қарай созылар деп ойлаған жұрт аз-кем тынши қалып еді, жігіт асығар сыңай танытпады. Газетке қайта үңілді. Осы кезде артық-ауыс сөзден, орынсыз шудан шошынған вокзалдың тапалдау келген жирен мұрт бастығы Қаратайдың коридорға қайта шығып кеткенін пайдаланып, жігіт құлағына әлдене деп сыбыр ете түсті.
Жігіт селт еткен жоқ. Айтқан сөзінің оған зәредей әсер етпеуінен вокзал бастығының өзі шошынайын деді. Ол әлгі үйренген құлағына қайта иіліп кеп тағы бірдеңелерді айтты.
Жігіт орнынан тұрды. Газеттері мен заттарын жинастырды. Сөйтті де, анталап тұрғандарға түгел бір қарап шығып: "Сіздерге жаным ашыған соң ғана көндім", - деді де, вокзал бастығының соңынан ерді.
Қаратай ішке кірді. Жүзінде жеңістің, үстемдіктің салтанатының нышаны да жоқ - осылай болуы керек. Қайта реніш байқалатын сияқты, осылай болмағанына.
Бейтаныс жігіт шығып бара жатқанда, Бағила оның жүзіне көз тоқтатып қарады. Чемоданын қолына алғанша одан құтылуға асығып отырған қыз, енді ол шығуға ыңғайланган сәтте ішкі жанашыр сезіммен көз тоқтатып еді, оның тұлғасы мен бет пішініндегі алғашқы тәкаппарлық пен ешкімге бас имес паңдылықты тағы тауып, таңдану мен аяушылықтың жұмбақ ортасында қала берді.
Поезд орнынан қозғалды. Бағила сонда ғана аңғарды, шығарып салуға келген адамдар тым көп екен. Бұл олардың көпшілігін жай ғана шырамытады, кейбіреулерін тіпті де білмейді, көрген де адамдары емес сияқты.
- Папа, шаршадыңыз ба?- деді Бағила әлден соң еңсені басқан ауыр үнсіздікке төзе алмай.
Әкесі "Жоқ, уайымдамай-ақ қой", - дегендей қызына күле қарап, басын шайқады.
"Бұл кісі де әлгі жігіт жайлы ойлап отырды ма екен?-деді Бағила іштей. - Мүмкін емес. Ол қалып бара жатқан қыруар жұмысын уайымдап келе жатқан шығар. Екі аптадан кейін конференцияда баяндама жасауы керек". "Несі бар, - деді іштегі қарама-қарсы ой тағы бір шеттен бас көтеріп. - Бұ кісі де адам ғой және өз ісіне есеп беріп үйренген адам. Бейтаныс жігіт жайлы ойласа, оның несі өрескел? Оның үстіне ол жеңілді ғой. Оңай жеңілді. Басын имей жеңілді. Өзі емес өзгелерді аяп жеңілді. Бұл сөзді әрине, папам да есітті. Бәлкім, сирек кездесетін, әсіресе, әкемнің алдында көлденең тұрар мұндай мінездің тіпті осыған дейін болмауы да мүмкін ғой, ендеше, ол туралы аз ғана сәтке неге ойланбасқа?"
Проводник кеп Қаратайдың төсегін жаңалады. Бұл орында бейтаныс жігіт жатқан. Проводник жастықтың тысын ауыстырған кезде оның астынан бір парақ қағаз шықты. Бір беті толық жазылыпты. Проводник оны стол үстіне қойды да, "негізгі жұмыс бұл емес, жастықтың тысын ауыстыру" дегенді аңғартқандай қимылын жеделдете түсті. Ол қағазға Қаратай да мән берген жоқ.
Қызық-ау өзі, жек көру мен ынтығудың арасы бір-ақ адым екенін Бағила болмысымен ұғынбаса да, осы сәттен бастап өзінің бар ынтызары жартылай жазылған әлгі қағазға ауғанын сезді. Көкейіне шешілмес жұмбақ тастап кеткен адам ақ қағазға не жазды екен, онымен не туралы сөйлесті екен? Ондағы жазулар міндетті тұрде өзі осы көзге шейін тыңдап, есітіп, оқып келген сөздерден мүлдем бөлек болуы мүмкін. Қалай болғанда да Бағилаға осылай көрінді.
Кенет найзағайдай сап ете түскен жаңа ойдан оның тұла бойы дір етіп, демі жиілеп сала берді. "Бейтаныс жігіт қалып қойған қағазына қайта айналып соғуы мүмкін ғой".
Бағила ол жігіттің қайта айналып соғуын іштей қалады ма, қаламады ма, ол жағын өзі де анық аңғара алмады, әйтсе де, ұзақ жылдар бойы ізет пен құрметтің, кішіпейілділік пен мейірімнің ғана бесігінде бөленіп, тып-тыныш, бір қалыпты баяу өмірі бүгін ғана түлер алдындағы үкідей бір сілкініп өткенін, сол сілкініс оның тынышын алғанын сезінбеске шарасыз еді.
- Папа, шөлдеген жоқсыз ба? Шай әкеп берейін!-Бағила бұрын-соңды басына оралып көрмеген бір-біріне кереғар ойдың шырмауына төтеп те, жауап та бере алмай, содан құтылудың оңай тәсіліне көшіп, өзін бөгде қимылмен алдандырмақ боп бекінді. Бірақ әкесі әлі шөлдемегенін, біраз демала тұратынын айтып, оны купеге, сонымен бірге шырмауық ойдың қамауында қалдыра берді.
Купе есігі жайлап ашылып, ар жағынан "Рұқсат па екен?"- деген ер адамның даусы естілгенде, Бағила орнынан ұшып тұра жаздады. Мұның шошып кеткеніне, ақ сүтке қан тамғандай екі бетінің албырап шыға келгеніне жігіт те таңданып, аз-кем мүдіріп қалды да: "Қаратай Исаевич, сізге қазір ештеңе қажет емес пе?"- деп келген мақсатын білдіріп шықты. Қаратай Бағилаға айтқан әлгі сөзін оған тағы қайталады.
Жігіт кешірім өтініп, есікті бұрынғы қалпынша жартылай жауып кетті.
Бағила кейіннен білді, бұлармен бірге көрші купеде екі жігіт келе жатыр екен. Әлде өз жұмыстарымен келе ме, әлде, әкесіне еріп келе ме, ол жағын Бағила түсінген жоқ.
- Папа, сіз жайғасып алыңыз, мен коридорға шыға тұрайын.
- Мейлің, қызым. Тынығып алғаным да жөн болар. Мұның бойындағы әдеттен тыс бір өзгерісті ол сезді ме, қызының сөзіне бірден келісе кетті.
Бағила коридорға шығып, ашық терезеден сағымды маң далаға көз жіберді. Шетсіз да шексіз. Бүкіл дүние тек осындай қырқасыз жазықтан тұратын секілді. Бір көрген адам мына сияқты аптапты далада байлап қойсаң шынжырын үзіп қашуға құмбыл екенін жасыра алмас еді, өзі де сол ойдан аулақ емес-ті. Бірақ өткен жылы бір ай Қырымда демалып, бір ай Балтық жағалауы республикаларын аралап, қайтып келе жатқанда осы маң дала көзіне оттай басылған. Дүниедегі барлық-барлық жасыл алқаптардан сағым оранған аптапты даласы әлдеқайда жақын, әлдеқайда қымбат екенін аңғарды. Және де, сол бұдырсыз дала өз жүрегінен қашан орын алып, алысқа ұзағанда орны бөлек сағыныш боп, санасын билер дәрежеге қашан жетіп үлгергенін де сезген емес.
- Даланы тамашалап тұрсыз ба?- Желке тұсынан сыпайы, жұмсақ үн естілді. Бағила жайлап мойнын бұрғанда, өзіне қарап күлімсіреп тұрған, әлгінде ғана кешірім сұрап кеткен жігітті көрді. Оның бұл үнінде жас қыздың көңілін аулаудан гөрі "Не бұйырасыз, қызметіңізге әзірмін", - деген құлдық ұрды мағына қоюырақ жатыр еді. Өзін қашан да сылап-сипап жұрт алдында ізетті, алғыр, сыпайы, ақылды боп көрінуге тырысып, бір күй, бір қалыптан таймайтын бидай өңді сұлуша келген осы жігітті Бағила әкесінің жанынан ауық-ауық көріп қалатын-ды. Оның осы сыпайылығы мен мәдениетті, инабатты боп көрінуге тырысқан жасанды күлкісінің ар жағында қандай ой, қандай мағына жатқанын бұл ешқашан аңғара алмаған. Және мұндай күлкі мен сыпайылықтың ар жағында не жатқанын білу үшін оның жүзіне көз тоқтатуға Бағиланың дәті шыдаған емес, керісінше, онымен кездейсоқ ұшыраса қалса байқамаған боп бұрылып кететін-ді.
Міне, дәл қазір де ол алғаш көргеніндей жымия қарап тұр. Көңілі қаламаса да әйтеуір бірдеңе деп жауап қайтару керек екенін түсінген қыз:
-Иә, тамашалап тұрмын, - деп күбір ете салды.
- О-о, дала деген ғажап қой! Бірақ, Алматыға не жетсін. Барған соң, егер қарсы болмасаңыз, сізді қыдыртуға уәде берейін. Мен Алматының не бір ғажайып әсем жерлерін жатқа білемін.
- Алматыда мен де болғам. Талай рет, - Бағила оның биіктен құлаған судай арындап келе жатқан сөзіне біршама тоқтау салмақ боп, сөзін нықтап айтты.
- Ә-ә, солай ма?! Дегенмен Алматыны, әсіресе оның төңірегін біліп болдым деп айту қиын. Білесіз бе, Алматының өзінен гөрі оның төңірегі сұлу, - деді Тұрғат.
- Мүмкін.
- Мен онда бес жыл оқыдым. Туып-өскен жерім де сол төңірек. Егер сөзімде артық-ауыс сарын байқалса, кешірім өтінем, туған жерге қарай жол жүріп келе жатқандығымнан шығар. Сізге керімсал тиіп қалмасын. Керімсал адамға суықтан жаман тиеді.
- Рақмет, тие қоймас.
- Дегенмен, байқаңыз. - Ол қызға аса жанашыр кейіппен бір қарап қойды да, сөзін қайта жалғастырды. -Әрине, әркімнің өзі туған жері өзіне ыстық. Сіз әлі жассыз, кейінірек бәрін өзіңіз түсінесіз. Шынымды айтсам, әуелгіде бұл жақтан тұра қашқым келді. Бірақ, Қаратай Исаевичтан қысылдым. Қазір үйреніп, бауыр басып қалған сияқтымын. Әйтсе де, туған жерді сағынатының рас екен, сіздің басыңызда осындай жағдай болды ма?
- Әрине.
- Сенбеймін, сенбеймін! Туған жерге ынтыға қоятындай сіздің басыңыздан үлкен оқиғалар өткен жоқ. Тым болмаса, мен секілді әскер қатарында да болып көрген емессіз. - Ол өз сөзіне өзі разы боп, әрі қыз көңілін аулай түсу ниетімен біраз қарқылдап күліп алды. - Мен алыста, Германияда болдым. Сол кезде бар ғой, нансаңыз, өңім түгіл түсімде де көрмеген сіздердің мына маң далаларыңызды да сағындым. "Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін" деген бір өлең бар ғой, сол тауып айтылған.
- Туған жер жайлы бұдан басқа өлең білесіз бе?
- Білеміз ғой. Студент көзімізде көп оқушы ек, қазір уақыт қайда. Қол тимейді. Жоғары жақ бізден "қандай өлең оқыдың?"- деп емес, "Қанша процент орындадыңдар?"- деп сұрайды.
Бағила болар-болмас езу тартты. Қыздың күлгенін тапқырлығына балаған жігіт "бізде мұндай әңгімелер әлі көп" дегенді аңғартып, галстугін түзеп, түу алысқа қараған боп кеңкілдей күлді.
- Айтыңызшы, туған жер жайлы басқа қандай өлең білесіз?
Жігіт галстугын түзеді. Қап-қара мұртын сипады. Сонан соң мұрнының ұшына бір тамшы қызыл бояу тамызды да, ол тез жайылып, бидай өңді жүзі боза ішкен адамдай түп-түгел қызарып шыға келді.
- Есте жоқ, - деді ол басын сілкіп. - Қазір оқыған нәрсең есте де тұрмайтын болды.
- Неге?- деді Бағила оның жүзіне бірінші рет таңдана қарап.
- Жұмыс. Тағы да жұмыс. Шегі де, шеті де жоқ.
- Айтыңызшы, Циолковскийдің жұмысы жоқ болған деп ойлайсыз ба?
Жігіт енді оған таңдана қарады.
- Оны неге сұрап тұрсыз? Әрине, көп болған . . .
- Сол кісі . . . әдебиет жайлы мақалалар жазған ғой. Естімеп пе едіңіз? Оны білу үшін пәлендей көп уақыттың қажеті жоқ.
- Егер, кім не біледі деген тақырыпқа викторина өткізер болсақ, онда әрқайсысымыз . . .
- Жоқ, нақтысын айтам. Мәселен, Сіз өзіңіз сүйіп оқитын төрт-бес ақынның атын атап беріңізші. Ал, мен санап тұрайын. Қане - Бағиланың санауға дайындалып қолын көтергені, өзіне бейкүнә балаң жүзбен тесіле де сынай қараған, күлкіге толы қарақаттай мөлдір жанары жігітті абдыратып тастады.
- Атап айтсам . . . Пушкин.
- Бір, - деді Бағила сол қолының бас бармағын жұмып.
- Лермонтов.
- Екі.
- Абай.
- О-о, бірден Абайға түстіңіз бе? Мейлі, үш.
- Байрон . . .
- Сіз қызық екенсіз, бір жоғары, бір төмен, Жарайды, төрт. Сонан соң?
- Сонан соң . . . Маяковский.
- Бес. Тағы?
- Імм . . . Тағы кім бар еді? Осындайда білетін ақындардың бірден есіңе де түспейді імм . . . Әуезов!
-Әуезов?- Бағила ынта-шынтасымен сыңғырлай күлді. - Ол ақын емес қой, прозаик. Жарайды, ары қарай бос қиналмай-ақ қойыңыз. Оның үстіне, әлгі атаған ақындарыңызды институт түгілі мектеп бітірмеген адамдар да атап бере алады және олар сіздің сүйікті ақыным деп иемденер дәрежеден шығып кеткен, сүйсеңіз де, сүймесеңіз де білуге тиістісіз. Сүйікті ақындарыңызды атаңызшы дегенде мен бүгінгі көзі тірі ақындарды айтып едім.
- Бағила, артық болса кешіріңіз, бірақ менің өмірдегі орным ақын-жазушыларды қаншалықты білуіме байланысты емес қой деймін. - Жігіт бүкіл дүниенің ақыл-ой иелеріне пысқырып та қарағысы келмейтін кейіппен шексіз далаға менменси қарады. Оның жалған намысқа жығылып, жылтырай түскен сұлуша жүзінен, керек десең мына даланы да, ондағы өсіп тұрған кәрі сексеуілдер мен ауық-ауық көрініп зуылдап қалып бара жатқан жатаған тамдарды тіпті өзін тербелтіп, туған жағына қарай ентелеп бара жатқан жүйрік поезды осы- жұмсақ вагонымен қоса қажет деп таппайтын жанарынан Бағила қарсы алдында тұрған адамның бүкіл болмысы ілім-білімге қас екенін, егер ілім-білім тұзды су боп, бұл қияр боп, екеуін бір бөшкеде бір жыл ұстасаң, мынау бойыңа дымқыл дарытпай құрғақ шығарын байқады. Осыны байқаған кезде ол ойда жоқ жерден әкесіне жаны ашыды, оның төңірегінде осындай адамның барлығына іштей қынжылды. Бірақ жас қыз өзінің бұл байқағандарының бәріне өзі қайтадан күдікпен қарап, осының бәрі асығыс болжам, жалған топшылау шығар, тіпті, олай болмаған күнде де әкемнің өрісінде бұл жігіт кездейсоқ ұшырасып қалған жалғыз шығар деп өзін-өзі жұбатты.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz