Тәуелсіз Қазақстан Республикасы


§1. Тәуелсіз Қазақстан Республикасы
Қазақстан Республикасы - ұлан-байтақ, қуатты ел. Жер қойнауында да, жер бетінде де тұнып жатқан байлық мол. Жерінің ауданы жағынан Қазақстан дүние жүзіндегі ең ірі он мемлекеттің қатарына жатады.
Қазақстан 1920 жылы 26 тамызда құрылды және алғашқы кезде Қырғыз АКСР-і деп аталған. КСРО құрамына 1936 жылы он бес одақтас республиканың бірі болып кірді.
1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі мемлекеттік егемендік туралы Декларациясын қабылдады. Содан бері 25 қазан Республика күні болып жарияланды. Ал 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні.
Қазақстан Республикасы - егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болғандықтан, 1991 жылдың 21 желтоқсанында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД), ал 1992 жылдың 2 наурызында Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып кірді. Өзіміздің егемендік құқымызды негізге ала отырып, 1995 жылы 30 тамызда Конституция (Ата заң) қабылданды. Ата заңды құрметтеу, жақсы білу және мүлтіксіз орындау - әрбір азаматтың қасиетті борышы. Оның қағидалары заңды түрде қорғалады.
Конституция бойынша мемлекет басшысы және ең жоғары лауазым иесі - Президент.
Қазақстан Республикасының заң шығару қызметін жүзеге асыратын Парламент екі палатадан тұрады. Жоғарғы палата - Сенат, төменгі палата - Мәжіліс деп аталады. Атқару қызметін Үкімет орындайды. Әкімшілік-аумақтық жағынан Қазақстан 14 облысқа, 160 ауданға бөлінеді. Мұнда 85 қала, 200-ден аса қала типтес кент бар.
Мемлекеттік тілі - қазақ тілі. Республикада 131 ұлт пен ұлыстың өкілдері тұрады.
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Жарлығына сәйкес 1997 жылы Қазақстанның астанасы Алматыдан Ақмолаға көшірілді. 1998 жылы 6 мамырда Ақмола атауы Астана деп өзгертілді.
Көктемгі құлпырған дала
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан жерінде де басқа республикалардағыдай, көптеген саяси-әлеуметтік өзгерістер болды. Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қолы жетті.
Бүгінде Қазақстан Республикасы жас болса да дүниенің 145 мемлекетімен сыртқы сауда байланыстарын орнатқан. Әлемнің 122 мемлекетімен экспорттық, 115 мемлекетімен импорттық тауар алмасуын жасайды.
§2. Қазақстанның физикалық географиясы нені оқытады?
Сен Қазақстанның физикалық географиясын оқуға кіріспестен бұрын, бұл пәннің саған не беретінін ойланып алуың керек. Бұл, әрине, өз Отаныңды көбірек білу үшін қажет. Елің жөніндегі мағлұматты кинолардан, теледидардан көріп, радиодан естіп, газет пен журналдардан оқып жинадыңдар. Өз Отаның туралы ой-пікірің бар. Егер сенен Отан деген сөзді қалай түсінетініңді сұрай қалса, оны ата-бабамның туған жері, жан-жақтан анталаған басқыншылардан бірнеше ғасырлар бойы арпалыса қорғаған қазақ халқының елі . . . дер едің.
География сабағында сен біліміңді одан әрі тереңдетесің. Туған Отанның ұшқан құстың қанаты талғандай, жортқан аңның тұяғы тозғандай кең-байтақ жері бар. Көк майса шалғындар, шексіз жайылымдар, шалқып жатқан егістік жерлер, пайдалы кендер, кәсіптік аңдар мен құстар, сан түрлі балықтар - елге қажетті табиғат қорлары. Міне, сол қорларды тиімді пайдалану үшін табиғаттың қыр-сыры мен заңдылықтарын білуіміз керек.
Егер сен өз Отаныңның жанашыр азаматы болсаң, оны біліп қана қоймай, болашақта гүлдене түсуіне қолыңнан келген үлесіңді қосуың қажет. Болашақ ұрпақ табиғат қорларынан тапшылық көрмеуі үшін табиғат байлықтарын қорғап, молайтып отырудың маңызы зор.
Сонымен, біз Қазақстанның табиғатын оқып үйренуіміз керек. Физикалық географияның негізгі зерттеу нысаны - географиялық қабық және оның бөліктері. Географиялық қабықтың, яғни табиғат кешенінің құрамды бөліктері - табиғат компоненттері. Оларға - тау жыныстары, ауа, су, топырақ, өсімдік және жануарлар дүниесі жатады. Табиғат компоненттері зат пен энергияның ұдайы айналымы нәтижесінде бір-бірімен байланысып, өзара әрекеттеседі. Мысалы, жер бетіндегі шаң-тозаңдар (литосфераның бөлшектері) су буы арқылы атмосфераға тарайды. Ал тірі организмдер литосферада, гидросферада, атмосфераның төмендегі қабатында да кездеседі. Табиғат компонент терінің мұндай күрделі ұштасуының нәтижесінде табиғат кешендері қалыптасады.
Ең үлкен табиғат кешені - құрылымы күрделі болатын географиялық қабық. Ол Жердің беткі жұқа қабатын қамтиды. Нақ осы қабатта энергияның негізгі көзі - Күн сәулесінің жылуы түгелдей дерлік шоғырланған. Әр түрлі табиғи жағдайлардың қалыптасуына ғаламшардың (планетаның) ішкі энергиясының да әсері зор. Географиялық қабықтың жоғарғы және төменгі шекаралары шартты түрде ғана шектеледі. Жердің тас қабаты литосфераның жоғарғы бөлігін (4-5 км тереңдікке дейін), атмосфераның төменгі бөлігінде (20-25 км), бүкіл гидросферада (биосферада) тірі организмдер шоғырланған. Географиялық қабықтың қалыптасуының негізгі ерекшелігіне онда адам баласы мен бүкіл тірі организмдердің өмір сүруі жатады. Географиялық қабықтың қалыңдығы салыстырмалы түрде 30-40 км-ді құрайды. Географиялық қабық үлкенді-кішілі аумақтарды қамтитын табиғат кешендеріне бөлінеді. Оларды аумақтық табиғат кешендері (АТК) деп атайды. Географиялық қабықтың ірі бөліктері - материктер мен мұхиттар табиғатымен сендер 7-сыныпта таныстыңдар. Құрлықтар мен теңіздер де алуан түрлі географиялық кешендерден тұрады. Ірі жазықтар, аспанмен таласқан таулар, таулы үстірттер мен таулы қыраттар, табиғат зоналары, теңіздер мен көлдер т. б. барлығы - әр түрлі сатыдағы аумақтық табиғат кешендері.
Пәннің мазмұны. Қазақстан жерінің табиғат кешендерін оқып үйренгенде табиғаттың жеке және бір-бірімен әрекеттесе отырып бірте-бірте қалай өзгеретінін, осы күнгі сипатына қалай келгенін, қазіргі кезде онда қандай өзгерістер болып жатқанын білу үшін әрбір табиғат компонентімен танысу қажет. Сонда ғана табиғат кешенінің біртұтастығына көзіміз жетеді. Табиғат компоненттерінің өзара байланысы және әрекеттесуі нәтижесінде табиғат бейнесі үздіксіз өзгерістерге ұшырап, дамып отырады. Мысалы, Еуразияның солтүстігінде антропоген дәуіріндегі мұзбасулар Қазақстан жеріндегі табиғат компоненттерінің барлығын өзгерткен. Бұған дейін неоген дәуірінде емен, шамшат, шаған, қызыл қайыңнан тұратын қалың ну ормандар өскен, керіктер (жираф), мүйізтұмсықтар және арыстандар тіршілік еткен. Бұл жануарлар дүниесі түгел жойылып кеткен. Өсімдік жамылғысы да өзгеріп, топырақ жамылғысының пайда болу үрдісі басқаша бағытпен жүрген. Мұзбасу кезеңінен кейін климаттың өзгерісі осы күнгі табиғат зоналарының қалыптасуына әкеліп соқты. Бұл мысал жер бетінде табиғат компоненттерінің арақатынасы мен бір-біріне әсерінен жер бедерінің өзгеруі жайлы түсінігімізді арттырады және оның тұтастығын дәлелдей түседі.
Табиғаттағы заңдылықтарды түсіну үшін ондағы себеп-салдарлық байланыстарды білу қажет. Негізгі себеп климатқа байланысты, ал өсімдік пен жануарлар дүниесінің өзгерісі соның салдары. Сонымен бірге өсімдіктер жануарлар дүниесінің таралуына негіз бола алады (себебін түсіндіріңдер) .
Кенді Алтай
Оқулықтың бірінші бөлімінде - Қазақстан табиғатына жалпы сипаттама беру барысында табиғат компоненттері жеке-жеке оқытылады. Ал аумақтық табиғат кешендері оқулықтың аймақтық бөлігінде қарастырылады. Мұнда Қазақстан жеріндегі ірі-ірі 9 аймақ ажыратылып, сипатталады. Аймақты әрі қарай жіктеу негізінде олардағы табиғат зоналары, ішкі ерекшелігі бар келесі сатыдағы аумақтық табиғат кешендеріне бөлінеді. Ірі аймақтар шегінде өзіндік құрылымға ие кішірек табиғат кешендеріне ажыратылады. Мысалы, Шығыс Еуропа платформасы үстінде жатқан Шығыс Еуропа жазығына климаты, топырағы мен өсімдіктері ендік бағытта таралған зоналар сәйкес келеді. Бұл аймақтың қазақстандық бөлігінде дала, шөлейт және шөлді зоналық табиғат кешендері айқын көрінеді. Сарыарқа аймағында мұнан да ұсақ бөліктерге ажыратылады. Мәселен, Көкшетау, Ұлытау, Қарқаралы, Ерейментау т. б. бір-бірінен дербес әр түрлі табиғат кешендерін құрайды.
Географиялық білімдердің көздері. Қазақстан физикалық географиясын тереңірек оқып үйрену үшін жалғыз ғана оқулық жеткіліксіз. Туған өлкеңмен (облыс, аудан) кеңірек танысу үшін жалпы географиялық және тақырыптық карталар керек. Бірқатар карталар оқулықта да берілген, ал бірқатарын географиялық атластан табасыңдар.
Екі томдық «Қазақ КСР атласы», Қостанай, Қарағанды облыстарының, Тың өлкесі атластары және А. С. Бейсенова, К. Д. Каймулдинованың «Қазақстанның физикалық географиялық атласы» 2004 жылы жарық көрді.
Тақырыптық карталар жекелеген табиғат компоненттеріне (климаттық, топырақ, жануарлар дүниесі және т. б. ) арналған, ал жалпы географиялық (физикалық) карталар жер бедерін, елді мекендерін, жол қатынастарын, шекараларын қамтиды. Картаны жақсы оқи білетін оқушы, оның шартты белгілері мен бояуларын көріп қана қоймай, сондай-ақ Қазақстанның ормандарын, көлдерін, тың және тыңайған жерлерін, сексеуілді, жыңғылды, сирек орман басқан шағыл құмды шөлдерді т. б. көз алдына елестетеді.
Географиялық әдебиеттердің білім берудегі маңызы зор. «Қазақстан» деген атпен орыс тілінде бірнеше кітап топтамалары жарияланды. 12 томдық «Қазақ Кеңес Энциклопедиясы», 4 томдық «Қазақ КСР-і» қысқаша энциклопедиясы жарық көрді. М. Өтемағамбетовтың «Қазақстанның физикалық географиясы», Ә. Бейсенованың «Қазақстанның табиғатын зерттеу және физикалық география идеяларының дамуы» атты еңбектерінің оқушыларға берері көп екені сөзсіз. Қазақстанның физикалық географиясын оқу барысында, сондай-ақ мектеп бітіргеннен соң білім деңгейін көтеруге жәрдем беретін бірнеше географиялық сөздіктер мен анықтамалар бар. Олар «Географиялық энциклопедиялық сөздік», «Қысқаша географиялық энциклопедия», «Орысша-қазақша географиялық түсіндірме сөздік», Ғ. Қоңқашбаевтың «Қазақтың географиялық атауларының сөздігі» т. б. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері «Қазақстан ұлттық энциклопедиясы» жариялануда.
I бөлім
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ФИЗИКА-ГЕОГРАФИЯЛЫҚ СИПАТТАМАСЫ
§3. Қазақстанның географиялық орны мен шекаралары
Қазақстанның географиялық орны. Қазақстан аумағы 2724, 9 мың км 2 -ге тең. Жерінің ауданы жағынан Қазақстан дүние жүзіндегі ең ірі мемлекеттердің қатарына жатады. Ресей, Канада, Қытай, АҚШ, Бразилия, Аустралия, Үндістан және Аргентинадан кейін 9-орын алады. Біздің еліміз Франциядан 5 есе, Италиядан 9 есе, Англиядан 11 есе үлкен. Мысалы, республика жеріне Ұлыбритания, Франция, Испания, Германия, Аустрия, Нидерланды және Жапония мемлекеттері сыйып кетер еді.
Республиканың халқы 15 млн адам. Қала халқының үлесі 56%-ды құрайды. Қазақстан халқының орналасу тығыздығы 1 шаршы километр жерге 5, 4 адамнан келеді.
Қазақстан Еуразия материгінің орталығында орналасқан, екі дүние бөлігін қамтиды. Кіші батыс аймағы Еуропада, ал көлемді шығыс аймағы Азияда жатыр. Жайық өзенінің екі жағында орналасқан Атырау қаласы тұрғындарының Еуропа мен Азияға күнде саяхат жасауға мүмкіндіктері бар. Мұндай мүмкіндік, сонымен қатар Ресейде де бар. Республика жерінің шеткі нүктелері 55°26' - 40°56' с. е. және 45°27' - 87°18' ш. б. аралығында орналасқан.
Физикалық-географиялық жағдайы тұрғысынан, Қазақстан Тынық мұхит пен Атлант мұхитынан, сондай-ақ Үнді мұхиты мен Солтүстік Мұзды мұхитынан бірдей дерлік қашықтықта орналасқан. Оның мұхиттардан шалғай жатуы әрі аумағының үлкендігі климатының өзіндік ерекшелігін қалыптастырады. Қазақстан батысында - Еділдің төменгі ағысынан, шығысында - Алтай тауларының етегіне дейін 3000 км-ге, солтүстіктегі - Батыс Сібір жазығынан, оңтүстіктегі Қызылқұм шөлі мен Тянь-Шань тау жүйесіне дейін 1600 км-ге созылып жатыр.
Сөйтіп, республиканың географиялық орны оның табиғат жағдайларын анықтайды. Қазақстан қоңыржай белдеудің орта және оңтүстік ендіктерінде орналасқан. Дәл сол ендіктердегі Шығыс Еуропа қоңыржай континенттік климатымен, ал Батыс Еуропа субтропиктік климатымен ерекшеленсе, Қазақстан шұғыл континенттік климатымен көзге түседі. Қазақстан аумағы табиғатының бір шетінің екінші шетінен айырмашылығы үлкен. Мысалы, оңтүстіктегі тау етектерінде шие мен өрік гүл атқан кезде, республиканың солтүстігінде әлі суық, қарлы боран соғып тұрады. Қазақстан жерінде қатаң Сібір мен қапырық Орта Азия тоғысып жатқандай. Географиялық орнына қарай республика жерінде орманды дала, дала, шөлейт және шөл зоналары қалыптасқан. Республиканың батыс шеті (45°27' ш. б. ) Эльтон және Басқұншақ көлдері маңына, ал шығыс нүктесі (87°18' ш. б. ) Бұқтырма өзенінің бастауына сай келеді. Ендік бойымен батыстан шығысқа қарай, материк ішіне тереңдеген сайын, климаттың континенттігі арта түседі. Қазақстанның оңтүстік-шығысы мен шығыс таулы өңірлерінде ландшафттардың күрделене түсетін алуан түрлі биіктік зоналары байқалады. Қазақстанның географиялық орнына байланысты барлық өңірлерінде жылдың төрт мезгілінің ауысуы айқын байқалады.
Қазақстан Каспий теңізі арқылы Әзірбайжан, Иран елдеріне, Еділ өзені және Еділ - Дон каналы арқылы Азов және Қара теңіздерге шыға алады. Еліміздің көп бөлігі жазық, үстіртті болып келеді. Ол алуан түрлі шаруашылық жұмыстарын дамытуға мүмкіндік береді.
Шекарасы. Қазақстан шекарасының жалпы ұзындығы 15000 км-ден астам, оның 12000 км-ге жуығы құрлық арқылы, ал 3000 км-ден астамы Каспий және Арал теңіздері арқылы өтеді.
Қазақстан батыста, солтүстік-батыста және солтүстікте (6467 км) Ресеймен шектеседі. Республиканың Алтайдан Тянь-Шаньға (Хантәңірі массивіне) дейінгі 1460 км-ге созылып жатқан шығыс шекарасы Қытай Халық Республикасымен арадағы мемлекеттік шекараға сай келеді. Ал оңтүстігінде тәуелсіз дос мемлекеттер: Түрікменстанмен - 380 км, Өзбекстанмен - 2300 км және Қырғызстанмен - 980 км шектеседі. Республиканың шекарасы батысында - Каспий маңы ойпаты мен Жалпы Сырт қыратының біраз жерін, солтүстігінде Батыс Сібір жазығының оңтүстігін; оңтүстігінде Тұран ойпатын, ал шығысы мен оңтүстік-шығысында Алтайдың батыс бөлігінің, Сауыр, Тарбағатай жоталарының, Жоңғар Алатауының негізгі бөлігін және Тянь-Шаньның солтүстік жоталарын басып өтеді. Республика шекарасы кей жерлерде Каспий және Арал теңіздерінде, Алтай және Тянь-Шань тауларында табиғи шепке сай келеді.
§4. Қазақстан аумағындағы уақыт айырмасы. Сағаттық белдеулер
Бүкіл әлемде барлық адамдар белгілі уақыт бойынша өмір сүреді және жұмыс істейді. Уақытты өлшеу үшін сағат пайдаланылады. Бірақ уақытты есептеу тіпті де қарапайым мәселе емес. Бүкіл дүние жүзі мемлекеттерінде уақыт бірдей өлшеммен өлшенеді. Ол өлшемдер: секунд, минут, сағат, тәулік, жыл. Әр елдің географиялық орны мен аумағының мөлшеріне қарай белдеулік, декреттік, жергілікті және жазғы уақыт деген ұғымдар туады. Уақыттың жылжу қозғалысы Жердің өз кіндігімен (тәулік) және Күнді (жыл) айналуының нәтижесі екені белгілі.
Сағаттық белдеулер картасы
Белдеулік уақыт. Адам өмірінде қолайсыздық тудырмау үшін Халықаралық келісім бойынша Жер шары 24 сағаттық белдеуге бөлінген. Әр сағаттық белдеу 15°-тан тұрады. Белдеу ішінде уақытты барлық нүктеден ортаңғы меридиан бойынша есептеуге келісілген. Сондықтан бір сағаттық белдеудің ішіндегі уақытты белдеулік уақыт деп атайды. 24 сағаттық белдеудің өз нөмірлері (сандары) бар: 0-ден 23-ке дейін. Гринвич меридианы ортасынан өтетін сағаттық белдеу нөлдік болып қабылданды. Гринвич меридианынан 7°33' б. б. және 7°30' ш. б. аралығы нөлдік белдеу (оның өзі 24-ші де) . Белдеулердің есебі осыдан шығысқа қарай жүргізіледі. Яғни 7° 30' ш. б. пен 22° 30' ш. б. меридиандардың аралығы - бірінші белдеу, 22° 30' пен 37° 30' аралығы - екінші белдеу, 37° 30' пен 52° 30' аралығы - үшінші белдеу, одан әрі төртінші, бесінші болып 24-ші нөлдік белдеуге дейін жалғасады. Әрбір белдеудегі уақыт көршілес белдеудегі уақыттан дәл 1 сағат айырма жасайды. Мысалы, Стокгольм, Берлин, Прага қалаларында (бірінші белдеу) 1 сағат 30 минут болғанда, Мәскеу, Минск, Киевте (екінші белдеу) 2 сағат 30 минут, Баку, Тбилисиде (үшінші белдеу) 3 сағат 30 минут болады.
Сағаттық белдеулер картасында (12-13-беттер) белдеулердің шекаралары меридиандар бойынша дәл жүргізілмегендігін байқаймыз. Олар облыстардың, мемлекеттердің шекараларын бойлап немесе қалаларды айналып өтеді. Бұл бүкіл облыс (елді мекендерімен бірге) 1 сағаттық белдеуде жатып, уақыт өлшеміне қолайлы болу үшін жасалған. Қазақстан Республикасы үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы сағаттық белдеулерде жатыр. Бірақ, мемлекеттің шағын жерлерін қамтитын бесінші және алтыншы белдеулері біріктіріліп, бесінші белдеуге енгізілді.
Еуразияның батысында күн батқан кезде, оның шығысында келесі күннің таңы ата бастайды. Сондықтан қандай сағаттық белдеуді жаңа тәуліктің басы деп есептеу керек деген маңызды мәселе туады. Жылдың тәуліктерін шатастырмау үшін халықаралық келісім бойынша даталардың ауысу сызығы тағайындалды. Ол географиялық карталарда он екінші сағаттық белдеуде, шамамен 180° меридиан бойымен солтүстік полюстен оңтүстік полюске дейін жүргізілген сызық. Осы сызықтан батысқа қарай Жер шарында күнтізбенің жаңа датасы - жаңа күні басталады.
Декреттік уақыт. Белдеулік уақыт Қазақстан жерінде 1 сағат ілгері қойылған. Ол 1930 жылы 16 маусымда КСРО үкіметінің декретімен (қаулысымен) енгізілген. Мұны декреттік уақыт деп атайды. Негізгі мақсаты - жұмыс күні ішінде жарықты толығырақ пайдалану және электр энергиясын үнемдеу. Сондықтан Қазақстан Республикасында 1981 жылдан бастап «жазғы» уақыт енгізілген. Жазда күн жарығы ұзарады. Сол себептен наурыз айының соңғы жексенбісінде сағат тілі бір сағат алға жылжытылады. Біз жұмысты бір сағат ерте бастап, тәуліктің жарық уақытын тиімді пайдаланып, үйге ораламыз. Күзде қыркүйек айының соңғы жексенбісінде жазғы уақыт алынып, сағат тілі бұрынғы орнына бір сағат кейін шегіндіріледі.
Жергілікті уақыт. Жер шары өз білігінен батыстан шығысқа қарай бір тәулікте толық айналып шығады. Жердің айналуын ойша елестетейік. Мысалы, терезе жаққа глобустағы Қазақстан жерін қаратсақ, күндізгі уақыт екенін көреміз. Ал қарама-қарсы жағында түн болады. Егер глобусты өз білігінен сәл ғана батыстан шығысқа, яғни сағат тілі қозғалысына қарсы бағытта айналдырсаң, күн мен түн өзгере бастайды. Сөйтіп, Күн сәулесі Жер бетіне біртіндеп таралады. Бұл сәтте әр меридианның өз уақыты бар, ол солтүстік полюстен оңтүстік полюске дейін аралықта бірдей болады. Бұл уақыт жергілікті уақыт деп аталады. Жер өз шеңберін (360°) бір тәулікте (24 сағатта) айналып шығады.
Арақашықтығы көп алшақ емес батыс не шығыс бағыттағы қандай да бір меридианнан айырмашылық онша көп болмайды. Мысалы, Қарасай, Алматы, Талғар әр меридианда орналасқан. Олардың жергілікті уақытында аздаған ғана (ондаған секунд) айырма бар. Ертеректе Мәскеу, Киев, Ташкент қалаларының өзінің жергілікті уақыттары болған. Бойлықтар бойынша бір-бірінен қашық жатқан елді мекендер мен мемлекеттер арасында уақыт айырмашылығы үлкен. Әр пункттің жергілікті уақыты қолданыла бермейді. Бұл дұрыс та. Егер әр пункт өз уақыты бойынша қызмет істесе, әр ауылдың уақыты әр түрлі болар еді, ал аудан мен облыс орталығы да өзгеше уақытқа қарар еді. Осындай жергілікті уақыттар шаруашылық және мәдени қарым-қатынастар жасауда, темір жол қатынасы мен телеграф байланыстарында ыңғайсыздық туғызған. Алыс сапарларға шыққан кезде (ұшақпен ұшу, теңізбен жүзу) мезгілді жергілікті уақыт бойынша есептеу қолайсыз. Сондықтан оны жеңілдету үшін 1884 жылы Халықаралық астрономиялық конгресте уақыт есебін белдеулер бойынша жүргізу енгізілді.
ҚАЗАҚСТАН АУМАҒЫНЫҢ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ
§5. Қазақ жері туралы ерте кездегі географиялық мағлұматтар
Қазіргі Қазақстан аумағын адамдар ерте заманнан бері мекен еткен. Сондықтан елді мекеннің көне тарихы сол жердің табиғатының тарихы болып есептелінеді. Табиғаттың тарихы сол аймақтағы мекендеген халықтың тарихы бір-бірімен ұштасып жатқандықтан Қазақстан жеріндегі көне тарихи ескерткіштердің сақталуы сол жердің табиғатының болмысын анықтайды. Мұны палеолит дәуіріндегі қоныстардың орны дәлелдейді. Қазақстан аумағындағы тас ғасырдың көне ескерткіштері Қаратау маңынан, Еділдің сағасынан, Бетпақдаладан, Бұқтырма өзенінің бойынан т. б. жерлерден табылған. Қола дәуірінде Қазақстан металл қорытудың ежелгі орталықтарының біріне айналған. Алтай, Қаратау, Жезқазған және т. б. жерлерден өндірілген темір қорытылып, балқымалардан өткір жүзді құралдар, саймандар жасалған. Сол кезде Қазақстан жерінде өмір сүрген сақ тайпалары мәдениетінің қазылып алынған үлгілерінде бағалы металдардан жасалған әшекейлер көп кездеседі. Оған Алматыға жақын Есік қорғанынан табылған «Алтын киімді адамның» бейнесі нақты дәлел болады. Онда сақ жауынгері алтын әшекейлермен қапталған киіммен жерленген. Осындай жағдайларға байланысты Қазақстан жері туралы мәліметтер ерте замандарда-ақ Еуропа ғалымдары мен саяхатшыларына мәлім болған.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz