Тоталитарлық жүйенің қалыптасуы: сипаты, шаралары, сабақтары



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 18 бет
Таңдаулыға:   
5-дәріс. Тоталитарлық жүйенің қалыптасуы: сипаты, шаралары, сабақтары
(Қозыбақова Ф.А.)

Дәрістің мақсаты: Кеңестік большевиктік тоталитарлық режим жүргізген ХХ ғ. 20-30 жж. жүргізген әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаларды, әсіресе күштеп ұжымдастыру барысындағыаштық пен трагедияға ерекше назар аудару. Сондай-ақ, өлкеде жүргізілген мәдени революцияның нәтижелері мен салдарына, жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған халықтардың Қазақстанға қоныс аудару тарихын жаңа көзқарастар негізінде түсіндіру.

Дәрістің жоспары:
1. Қазақстан жаңа экономикалық саясат жылдарында.
2. Қазақстандағы индустрияландыру саясаты және оның қайшылықтары.
3. Қазақстанда ауыл шаруашылығын ұжымдастыру.
4. Қоғамдық-саяси өмір.

1. Қазақстан жаңа экономикалық саясат жылдарында. 1918-1920 жж. азамат соғысы Қазақстан өлкесінің экономикалық жағдайын көптеген жылдарға кері шегерді. Өндіріс орындары жұмыс істемеді. Ауыл шаруашылығы да өте күшті дағдарысқа ұшырады. Ең бірінші кезекте ұлттық байлықтың негізгі көзі болып саналатын мал шаруашылығы қатты құлдырады. Соғыс жылдарында мал саны 10,8 млн. басқа кеміді, оның 2 млн-ы жылқы, 6,5 млн-ы ұсақ мал болды. Сонымен қатар 1921 жылы ҚазАКСР-ң жеті губерниясының бесеуі құрғақшылыққа душар болды. 1920 - 1921 жж. жұттан кейін мал басы 1917 жылмен салыстырғанда 75%-ға кеміді.
Азамат соғысының аяқталуына және елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының ауыр күйзелісіне қарамастан, Кеңес үкіметі күштеуге негізделген азық-түлік саясатын одан әрі жалғастырды. Кеңес үкіметінің солақай саясатының нәтижесінде Республиканы сұрапыл аштық жайлады. 1921 жылы тамыздан бастап Бөкей губерниясында - 100 мың, Оралда - 400 мың, Семей губерниясында - 500 мың, Орынбор - 445, Ақтөбеде - 360 мың адам ашықты. Көшпелілер арасында өлім ересек тұрғындардың 30%-ын қамтыса, ал кейбір аудандарда халықтың 75 %-ы қырылған.Республиканың ашаршылық жайлаған губернияларының тұрғындары жан сауғалап Түркістан өлкесіне, Ақмола, Семей губернияларына босты. Мұның өзі Қазақстандағы жағдайды одан әрі күрделендірді. Босып келген аш адамдардың толассыз ағыны, Түркістан, Ақмола, Семей губернияларында да ашыққан халық санын көбейте түсті.
Мұсылман зиялы қауымы арасынан мұндай сорақылыққа қарсы шыққан Т. Рысқұлов болды. Ол Түркістан өлкесінің байырғы халықтарының сұрапыл аштыққа ұшырап, қатты қырылуына революциядан бұрынғы патша өкіметінің отаршылдық саясаты мен революциядан соң орнаған кеңес өкіметінің шовинистік саясаты басты себепкер болғандығын ашық атап көрсетті.
1922 жылы Қазақ Орталық Атқару Комитеті (ҚОАК) де аштыққа ұшыраған аудандарға өз тарапынан көмек көрсету шараларын ұйымдастырды. ҚОАК-ті жанынан аштыққа ұшырағандарға көмек көрсету үшін комиссия құрылады. Республикалық комиссияны ҚОАК-нің төрағасы Мендешев басқарды. Қазақстандағы ауыр жағдайды ескере отырып, КазАКСР ОАК-і ашыққандарға көмек беруші Орталық Комиссияның шешіміне сәйкес, бұл аудандардың тұрғындарын астық, картоп т.б. мемлекеттік салықтардан босатты. Қазақ қоғамын жайлаған аштықты Орталықтағы Кеңес үкіметі мойындамады. Республиканың кейбір басшылары мен орыс жұртшылығы негізінен өлкенің көшпелі тұрғындарын қамтыған сұрапыл аштықты "кездейсоқ, тұтқиылдан тап болған зобалаң" ретінде бағалады.
Республиканың экономикасындағы ауыр дағдарыс, яғни мемлекеттің күштеу саясатына негізделген азық-түлік саясаты 1920-1921 жж.шаруалардың кеңес үкіметіне қарсы стихиялы қарулы көтерілістерінің тууына әкелді. Көктем - жаз айларында басталған шаруалардың наразылықтары "Азық-түлік салғырты жойылсын!", "Большевиктерсіз Кеңестер үшін!", "Ерікті саудаға жол берілсін", - деген ұрандармен басталып, қарулы көтерілістерге ұласты. Өскемен, Павлодар, Семей, Петропавл, Қостанай, Көкшетау, Ақмола, Атырау, Орал, Шымкент уездерінде ашық түрдегі көтеріліс кеңінен орын алды. Қазақстанды қамтыған көтерілістер ұйымдасуы және қару-жарақпен қамтамасыз етілуі нашар болғандықтан, Қызыл Армия әскерлерінің күшімен талқандалды. Қазақстандағы көтерілісшілердің кей бөліктері Қытайға өтіп кетті. Елде көтеріліске қатысқаны үшін мыңдаған адамдар тұтқындалып, олардың 932-сі сотқа тартылды. Кеңес үкіметі бұл қарсылықтардың бәрін "контрреволюциялық баскөтерулер" деп бағалады.
Алайда большевиктер өздерінің биліктен айырылып қалу қаупінің күшейгенін, осыған орай шаруашылық саясаттың мүлде жаңа принциптеріне көшу қажеттігін айқын сезді. Партияның Х съезі (8 наурыз, 1921 ж.) көтерілісшілерді айыптағанмен, экономикалық саясатты өзгертуге мәжбүр болды. Съезд шаруашылық мүддені іске қосудың жаңа жүйесін жасаудың шараларын белгіледі, яғни соғыс коммунизм саясатынан жаңа экономикалық саясатқа көшу туралы шешім қабылдады.
Жаңа экономикалық саясаттың аясында қабылданған міндеттердің ішіндегі ең маңыздысы - азық-түлік салғыртын азық-түлік салығымен алмастыру туралы шешім болды. Азық-түлік салғырты кезінде шаруа қожалықтары өндірілген өнімнің өзін қамтамасыз етуге қажетті үлесінен артығын мемлекетке тапсыруға міндетті еді. Азық-түлік салығының ендірілуі, яғни белгіленген мөлшердегі ғана салықты өтеуге байланысты, олар өндірілген өнімнің артығын өз еркімен пайдалану құқығына ие болды. Бұл ендірілген салық жүйесіндегі өзгеріс өндіруші шаруа қожалықтарына өте қолайлы болды. Қазақстанда сөз жүзінде ЖЭС ендірілгенімен Кеңес үкіметі іс жүзінде баяғы қарқынмен экономикаға өзінің бақылауын жүргізуді тоқтатпады. Бірнеше ай бойы мемлекет қала мен деревня арасындағы айырбасты кооперация арқылы бақыламақ болды. 1921 жылы 7 сәуірде мемлекет өзінің арнайы декретімен кооперацияға фабрика - зауыттық өнімдерді ауыл шаруашылық өнімдеріне айырбастауды міндетті тапсырма етіп берді. Бірақ бұл мәселені Қазақстанда жүзеге асыру өте қиын болды. Оның себебі мемлекеттің бақылауымен жүргізіліп отырған тауар айырбасы жеке саудамен жарысқа түсе алмады. Оның үстіне мемлекеттік тауар айырбасы ЖЭС-тың принциптеріне сай келмеді, яғни сауда бостандығына кедергі келтірді. Бірақ жоғарыдағы аталған кемшіліктер біртіндеп азық-түлік салығы саясатының кең ендірілуі барысында жойыла бастады. 1924-1925 жылдары Қазақстанда мал өсіруші шаруашылықтың 72%-ға жуығы алым-салықтан босатылды. Көшпелі жеке қазақ шаруашылықтарына 3-5 жылдық мерізімдерге жеңілдіктерге негізделген несиелер берілді.
ЖЭС-тің аясында Қазақстанда нарықтық қатынастардың күшеюі сауданың дамуына ықпал етті. Ал ол болса ақшаның тұрақтануына әсерін тигізді. Осы жағдайға байланысты ЖЭС-тің алғашқы кезінде ендірілген салықтың натуралды түрін партияның ХІІ съезі (1923 ж. сәуір) ақшалай түрде де өтеуге мүмкіндік берді. Ал 1924 ж. салықты өтеудің тек ақшалай түріне толық көшірілді. Осы жағдайлар Қазақстанда жәрмеңкелік сауданың кең өрістеуіне жол ашты. 1926 жылы Қазақстанда 128 жәрмеңке жұмыс істеді. Бұл кездегі ірі жәрмеңкелер қатарына - Ойыл, Қоянды, Қарқара, Темір, Көкшетау, Атбасар жәрмеңкелерін жатқызуға болады. Осы кездегі жәрмеңке саудасының жалпы айналымы 20 - 23 млн. сомды құрады.
Қазақстанда 1921-22 жж. ЖЭС аясында жүргізілген шаралардың бірі жер-су реформасы болды. Реформаның негізгі міндеті 1920 ж. құрылған ҚАКСР-нің территориясына қазақ жерлерін біріктіру болды. Қазақ жерлерін біріктіру мақсатымен 1921 жылы 7 ақпанда декрет қабылданды. Қазақ АКСР-нің Жер комитеті қабылдаған бұл декрет бойынша кезінде көші-қон қорына (переселенческий фонд) тартып алынып, пайдаланылмай тұрған Семей, Ақмола, Торғай және Орал облыстарындағы бос жатқан жерлер, олардың 1917 жылға дейін алынғанына қарамастан қазақтарға қайтарылды. 1921 жылы 19 сәуірде Жер комитеті, кезінде патша үкіметінің Сібір және Орал орыс-казак әскерлеріне тартып алған жерлерін қазақтарға қайтару туралы шешім қабылдады. Осы декретке сай қазақтарға Ертіс өзені бойында 177 мың, Орал өзені жағалауында 208 мың, Жетісуда 460 мың десятинадан астам жерлер қайтарылды.1922 жылы 26 тамызда Федералды Жер комитеті мен БОАК-ті "Қазақстанда негізгі еңбекпен жерді пайдалану туралы" заң қабылдады. Ол заң 31 тамызда күшіне енді. Бұл заң бойынша әркімнің өз жерінде қалуға және ол жерді пайдалануға құқығы болды.
Алайда осы негізгі заңнан соң 1922 жылы 30 қазанда Кеңес үкіметі Ресей территориясын түгел қамтыған "Жер кодексін" қабылдады. Бұл кодекс отырықшы-егіншілікпен айналысатын аудандарды қамтыды да, көшпелі аудандар мүлде кірмей қалды. Соның салдарынан қазақ қоғамы мүлде жермен қамтамасыз етілмеді.
Кеңес үкіметі патшалық үкіметтің жер мәселесіндегі отарлық саясатын жойғысы келгенімен, іс жүзінде жерді пайдалануды таптық тұрғыдан шешті. Соның нәтижесінде жергілікті қазақ халқы мен қоныс аударушылардың құқығы теңестірілді.
Жаңа экономикалық саясат шеңберінде азық-түлік салғыртының азық-түлік салығымен алмастырылуы 3-4 жыл ішінде қазақ ауылы мен деревнясын дағдарыстан шығара бастады. 1925 ж. егістік жердің көлемі 3 млн. гектар болса, 1928 жылы 4 млн. гектарға жетті, яғни бұл 1913 жылдың (4,4 млн. га) деңгейіне жеткендігін көрсетеді. 1925 ж. 92 млн. пұт астық жиналса, 1927 ж. астықтың жалпы түсімі 1,4 млн. артық пұтты құрады. 1925 ж. мал саны 1922 ж. салыстырғанда екі есе өссе, 1925-1928 ж. аралығында жыл сайын 5%-ға артып отырды.
Қазақстанның өнеркәсібі саласында да едәуір өзгерістер болды. КазАКСР-де одақтық деңгейдегі Ембімұнай, Алтайполиметал, Атбасцветмет сияқты трестер құрылды. Олар республика бюджетіне белгілі мөлшерде ғана қаржы бөліп тұрды. Ал қалған табыстардың бәрі орталықтың иелігінде болды. Мұндай жоғарғы дәрежеде өндірістерді орталықтандыру саясаты кейін де үстем болды. Қазақстан экономикасының барған сайын шикізаттық сипаты айқындала түсті.
Большевиктер таптық мүддені қорғау принциптерінен ажырамаса да, жаңа экономикалық саясат аясында мемлекеттің экономикаға араласуы уақытша шектелді. Мемлекет белгілі мөлшерде ғана көпукладты ұдайы өндірісті кредит, салық жүйелері арқылы ғана реттеп отырды. Экономикалық өмірдің нақты дамуын қамтамасыз ететін мұндай саясат өте орынды еді. Алайда, 20-жылдардың аяқ кезінде жаңа экономикалық ойлау шеңберінде қалыптасқан шынайы бағыт түбірінен өзгерді.Ұсақ тауар өндірушілерді әкімшілік жолмен бақылау мен ығыстыру саясаты сауданы шектеуге, яғни ЖЭС-тің біртіндеп шектелуіне әкелді.
Мұндай жағдай "соғыс коммунизм" саясаты тұсындағы әміршіл-әкімшілік басқару әдістерін жандандырды. Экономикалық даму жүйесіне әкімшілік тұрғыдан араласу большевиктердің негізгі жұмыс әдісіне айналды. Бұл ЖЭС аясында қалыптасқан көпукладты ұдайы өндірістік жүйенің қатар даму барысын шектеді, яғни 20-жылдардың аяғында ұсақ тауар өндірушілерге қарсы күрес күшейтілді. Басты приоритет - ең зәру көкейкесті мақсат индустрияландыруды қызу қарқынмен жүргізу деп жар салынды. Соның нәтижесінде нарықтық қатынас тоқырады, яғни ЖЭС тоқтатылды.
2. Қазақстандағы индустрияландыру саясаты және оның қайшылықтары. Партияның 1925 жылы (18-31 желтоқсан) өткен ХІV съезі елді соцалистік индустрияландыру жоспарын жүзеге асыру міндетін қойды. Социалистік индустрияландыру саясаты өзінің мазмұны жағынан ірі машиналы өнеркәсіпті, ең алдымен ауыр индустрияны бүкіл халық шаруашылығының салаларын түбегейлі қайта құруды қамтамасыз ететіндей дәрежеде дамытуға бағытталды. Кеңестер одағының экономикалық тәуелсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету үшін алдыңғы қатарлы капиталистік елдерді индустриялды даму жағынан барынша қысқа тарихи мерзімде қуып жетіп, елді индустриялды державаға айналдыру міндеті қойылды. Партия мұндай міндетті орындау үшін елдің бүкіл материалдық және өндіргіш күшін толығымен осы мақсатқа бейімдеу қажет деп шешті. Көптеген кеңестік кезеңдегі зерттеулерде лениндік индустрияландыру саясаты республикалардың ұлттық ерекшеліктерін қатаң ескерді деген пікір басым болды. Алайда большевиктер партиясының басшылығымен жүзеге асырылған елді индустрияландыру саясаты шеткері орналасқан ұлттық аймақтар, оның ішінде, әсіресе, Қазақстан үшін отаршыл бағытта болды.
Индустрияландыру бағытын жүзеге асыру ісі Қазақстанда бірқатар елеулі қиындықтарға кездесті. Индустрияландыру, республика халқының дәстүрлі салтын түбегейлі өзгерту, табиғи ресурстарды игеру негізінде жүзеге асырылды. Елді, соның ішінде, оның шеткері аймақтарын индустрияландыру, ең алдымен,шаруалардан алынатын үстеме салықтың есебінен жүрді. Ол әкімшіл - әміршіл әдістермен, директивалыжоспарлаумен, орталыққа міндетті бағындырумен іске асырылды. Республикадағы барлық ортақ мүліктерді тартып алу, бар қорларын мемлекеттік бюджетке кұю, индустрияландыруды шамадан тыс жоғарғы қарқынмен дамыту, халықты титықтата жұмысқа салу шараларымен іске асырылды. Жоғарыда айтылған Қазақстандағы қиындықтар, сондай-ақ, күрделі қоғамдық - саяси жағдай, республиканың артта қалған әлеуметтік-экономикалық мешеулігі, индустрияландыру және ұлттық жұмысшы кадрларды даярлау мәселесі қым-қиғаш идеологиялық айтыс туғызды.
Бірінші, Голощекиндік көзқарас: Қазақстан елдің өнеркәсібі дамыған өңірлері үшін шикізат базасы болуға тиіс еді. Оған қарсы ірі саяси қайраткер С. Сәдуақасов индустрияландыруды республиканың экономикалық мүмкіндіктерін, табиғи және адам ресурстарын ескере отырып, Қазақстан үшін барынша пайдалы тұрғыдан жүргізу қажет деген көзқараста болды. Ол шикізат қоры көздеріне өнеркәсіптерді жақындату мақсатын көздеді. Қай жерде тері болса, сол жерде тері зауыттары, қай жерде жүн болса, сол жерде жүн жуу және шұға фабрикалары салынсын дей отырып, республика өнеркәсібін экономикалық сара жолмен дамытуға шақырды. Қазақстанда өнеркәсіптің сан салаларын комплексті дамытуға керекті шикізат пен басқа да алғышарттар бар. Миллиондаған кедей қазақ шаруалары оған жұмысшы күші бола алады деді. Осылайша, республикаға елдің басқа аудандарынан қолы бос жұмысшыларды жаппай көшіріп әкеле беруге қарсылық танытты. Ол өлкеден шикізаттарды өндірістік аймақтарға тасып, одан кейін ол жақтан дайын өнімді қайта алып келуге кететін шексіз транспорттық қаржы жұмсауға, яғни өлкені тек шикізат көзі ретінде пайдалануға қарсы болды.
Ұлт зиялыларыТ.Рысқұлов, Ж.Мыңбаевтар: индустрияландыру қазақ қоғамының табиғи қалыптасқан жағдайына жат болғандықтан, шет аймақтар шикізат базасы ғана болып қалмай, оны жүргізгенде республиканың ерекшеліктері де ескерілуі қажет. Қазақстанға өнеркәсіпті күштеп ендіру мүмкін емес деген пікірде болды.
Мұндай пікір айтушы топты большевиктер "ұлыдержавалық шовинистер" деп айыптады.
Большевиктер белгілеген индустрияландыру саясатында Қазақстан Одақтың шикізаттық бөлшегіне айналуы керек болды. Орталық ұсынған бұл көзқарасты Ф. Голощекин де қолдады. Республика өмірімен мүлде таныс емес Ф. Голощекин өлкенің шаруашылық жүйесіндегі ерекшелікті мойындамады.
Сонымен Ф.И.Голощекин бастаған партиялық - кеңестік ұстаным жеңіске жетті. Қазақстанда индустрияландыру саясатын жүзеге асыру барысы елдің орталық аудандарымен салыстырғанда өте күрделі жағдайда жүргізілді. Біріншіден, өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуы Ресейдің орталық аудандарымен салыстырғанда артта қалған еді. Екіншіден, өлкеде соғыстан қираған шаруашылықтарды қайта қалпына келтіру шаралары созылып кетті.Осындай жағдайларға қарамай большевиктер Қазақстанды бүкілодақтық көлемдегі елді индустрияландыру бағытында жетекші орынға қойды. Қазақстанды индустрияландырудың ең алғашқы қарлығашы Түркістан - Сібір темір жолы болды. ТүркСіб құрылысына Жәрдем комитетінің төрағасы болып Т.Рысқұлов тағайындалды. Т.Рысқұлов комитет құрамына, бұрынғы Уақытша Үкіметтің Жетісу облысы бойынша комиссары, білгір маман ретінде инженер М.Тынышпаевты енгізді.Т.Рысқұлов пен М.Тынышпаев Түркістан-Сібір магистралының құрылысын жұмыс күшімен жергілікті еңбек қорлары есебінен қамтамасыз етуді, қазақтарды құрылыс және теміржол жұмысшылары қатарына тартуға, оларды оқыту арқылы теміржол мамандарын дайындауға ерекше көңіл бөлді. Олардың ұсынысы бойынша жұмысшы күшін Қазақстаннан тысқары жерлерден әкелуге шектеулер қойылды. Сөйтіп, Т.Рысқұлов пен М.Тынышпаевтың ТүркСіб құрылысына, ұлттық жұмысшы табын, ұлттық кадрларды қалыптастыруға қосқан үлесі орасан зор болды. Индустрияландыру жылдарында Қарағанды-Балқаш, Гурьев - Доссор, Ақмола-Қарағанды, Жарық-Жезқазған, Рубцовка-Риддер темір жолдары салынды.
Екінші бесжылдық кезінде республикада Қарағанды көмір бассейні мен Балқаш мыс қорыту комбинатын салу жоспарланды. Қазақстанды индустрияландыру барысында Текелі полиметалл және Жезқазған мыс қорыту комбинаттары, Өскемен қорғасын-мырыш зауыттары салына бастады. 1933 жылы ақпан айында Шымкент қорғасын зауытының алғашқы пеші жұмыс істеді. 1939 жылы Шымкент зауыты бүкіл Одақтағы қорытылған қорғасынның 73,9%-ын берді. Балқаш мыс қорыту зауыты республикадағы қорытылған мыстың 51%-ын берді. Осының бәрі Қазақстанды түсті металдар шығарудан одақ көлемінде II орынға шығарды.1940 жылы мұнай өндірудің көлемі 700 мың тоннаға жетті. Мұнай өндіруден Қазақстан Одақ көлемінде III орынға шықты. 1928-1940 жж. темір жолдардың өсуі 50%-ға артып, оның ұзындығы 6581 км. жетті.
Қазақстан 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдары, өте қысқа мерзімде аграрлы елден индустриялы елге айналды.
Өнеркәсіп орындары шоғырланған қалаларда орта мамандандырылған оқу орындары ашылды. Жоғары дәрежедегі маман кадрларды даярлау үшін республикада Қазақ мемлекеттік университеті, Тау-металлургия институты сияқты алғашқы жоғары оқу орындары ашылды. 1933-1937 жылдары жоғары оқу орындары мен техникумдар 13 мың маман кадрларды даярлады.
Қазақстанда өндірілген шикізаттарды өңдейтін өндіріс орындары салынбады.
Осындай сипатта жүргізілген индустрияландыру саясатының қазақ халқы үшін зардабы өте күрделі болды. Қазақстан көп ұлтты республикаға айналды.
Қорыта айтқанда, большевиктер индустрияландыру саясатын жүзеге асыру нәтижесінде өлкенің экономикалық даму үрдісіне толық өзгеріс әкелді. Бұрынғы кезеңде жетекші орында болған ауыл шаруашылығы, әсіресе, көшпелі мал шаруашылығы және оның өнімдері әрі қарай дамытылмай, дағдарысқа ұшырады. Себебі большевиктік саяси басқару жүйесі өлкенің экономикалық дамуының бағытын өзгертті, яғни халық шаруашылығының жетекші саласы етіп өнеркәсіп өндірісін белгіледі және қарқынын жеделдетті. Кеңес үкіметі экономикалық дамудың объективті заңдылықтарын мүлде жоққа шығарды. Халық шаруашылығының барлық саласы әкімшіл-әміршіл большевиктік басқару әдісіне бағынышты болды. Өлкенің бұл кездегі өнеркәсіп өндірісінің дамуы шын мәніндегі индустриялық даму жолымен жүргізілмеді. Кеңес өкіметі республиканы тек шикізат көзі етіп пайдаланды. Сөйтіп, большевиктер патшалық Ресейдің өлкені экономикалық тұрғыдан отарлау саясатын одан әрі жалғастырды.
3. Қазақстанда ауыл шаруашылығын ұжымдастыру.Большевиктер 20-шы жылдары ЖЭС-ті ұзақ мерізімді саяси стратегия деп есептеді. Сондықтан, олар ЖЭС аясында шаруа қожалықтарын біртіндеп кооперативтендіру арқылы ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құруды көздеді. Шаруалар кооперациясы мемлекеттік тұрғыдан еріксіз күштеу арқылы емес, керісінше экономикалық қажеттіліктен туындайтын қозғалыс болуы керек еді.
Алайда, большевиктер қазақ ауылында әлеуметтік теңсіздікті жою мақсатында шабындық және жайылымдық жерлерді бөліске салды. Ф. Голощекин: "Жайылымдық жерді бөлу деген не?" дей отырып, бұл науқанға зор екпін беру үшін және өз төңірегіндегі большевиктерді жігерлендіру үшін "Бұл - кіші Қазан" - деді.
Қазақстан Орталық Атқару Комитеті (ҚОАК) және Халық Комиссарлар Кеңесі (ХКК) 1926 ж. 20 мамырда "Жерге орналаспай жерді пайдаланатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардың шабындық және егістік жерлерін уақытша қайта бөлу туралы" заң қабылдады. Оған сол кездегі Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы және Орталық Атқару Комитеті төрағасы қызметін уақытша атқарушы Н. Нұрмақов қол қойды. 1927 ж. 3 ақпанда бұл заңға ішінара толықтыру енгізілді. Онда шабындық және жайылымдық жерлер жан басына қарай бөлінетінін, мұндай бөлініс мүмкін болмаған жағдайда үй басына қарай бөлінетіні туралы атап көрсетілді. Бұл жұмысты жоғарыдан жүргізу Қазақстанның Егіншілік халық комиссариатына тапсырылды және бұған жоғарғы қарқын беру үшін губерниялық, уездік және округтік атқару комитеттері жанынан ерекше жедел "бестіктер", ал болыстық атқару комитеттері мен ауылдық кеңестер жанынан "үштіктер" ұйымдастырылды. Конституциялық тұрғыдан мұндай заңсыз құрылған "бестіктер" мен "үштіктер" құрамдары жергілікті атқару комитеттері мен ауылдық кеңестерде бекітілді. Шабындық және жайылымдық жерлерді бөлу науқанына байланысты құрылған бұл төтенше және заңсыз органдар кеңес үкіметінің басқа да шараларын жүзеге асыруда таптырмас әдіс болды. Қазақстанда большевиктер 1926-1927 жылдары 1250 мың десятина жайылымдық және 1360 мың десятина шабындық жерлерді бөлді. Бөлінген шабындық жердің 61,6 %-ын кедейлер, 8,8%-ын ауқаттылар алды. Ал жайылымдық жердің 59,3% кедейлерге, 31,7% орташаларға және 9% ауқатты қожалықтарға берілді.
Ф.Голощекин алғаш "Кіші Қазан" төңкерісін бір ғана әлеуметтік-саяси науқанмен, яғни шабындық-жайылымдық және егістік жерлерді қайта бөлумен аяқтай аламын деген пікірде болды. Большевиктер жерге орналастыру жөніндегі бұл шара әсіресе ауылдағы байға өте тиімді болып отырған жерді дәстүрлі қауымдық (рулық) пайдалануды жояды деп есептеді. Алайда Ф.Голощекин бастаған Қазақстан большевиктерінің қазақ қоғамына байланысты жүргізген бұл шаралары қазақ ауылында Кеңес өкіметінің жеңісін қамтамасыз ете алмады. Оның себебі бұл реформа алғашқы кезден-ақ қате тұжырымдарға негізделген еді. Біріншіден, қазақтың дәстүрлі шаруашылық жүйесі сақталып отырған жағдайда шабындық және жайылымдық жерлерді жәй бөліске салу еш нәтиже бермеді. Екіншіден, шабындық және жайылымдық жерді бөлудің өзі дәстүрлі егін шаруашылығы жүйесіндегі заңдылықтар жетегінде қалып қойды, яғни шабындық және жайылымдық жерлерді бөлу шаруа қожалығындағы отбасы мүшелерінің санына байланысты жүргізілді. Үшіншіден, жартылай көшпелі аудандардағы жер бөлінісі нәтижесінде жерге ие болған шаруалар үшін бұл кезеңде ол жерлерден келер пайда жоқ еді. Себебі ауылдағы шаруа қожалықтары ауыл-шаруашылық құрал саймандарына, егетін тұқым және т.б. заттарға өте зәру болды.
1927 ж. желтоқсанда ірі бай шаруашылығын тәркілеу жөніндегі заң жобасын әзірлейтін арнайы комиссия құрылды. 1928 жылы наурызда Қазақстан Өлкелік комитетінің бюросы ол заң жобасын нақтылап, тәркілеу науқанына тікелей басшылық жасайтын комиссия ұйымдастырды. Комиссияның төрағасы болып Е. Ерназаров тағайындалды, құрамына О. Исаев, Н. Нұрмақов, Г. Тоғжанов, О. Жандосов және т. б. кірді. 1928 жылдың 27 тамызында Орталық Атқару комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінде тәркілеу жөніндегі заң жобасы қабылданды. Республиканың барлық аудандарына тәркілеуді өткізу жөнінде нұсқаулар жіберілді.
Заң бойынша малы, дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі жер аударылуға тиісті ірі байларға: көшпелі аудандарда ірі қараға шаққанда 400-ден астам малы бар, жартылай көшпелі аудандарда 300-ден астам малы бар, отырықшы аудандарда 150-ден астам малы барлар және бұрынғы сұлтандар мен хандардың ұрпақтары жатқызылды.
1928 жылы 30 тамызда Қазақ АКСР ХКК-нің "Қазақстанның көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы аудандарын белгілеу туралы" арнайы қаулысы қабылданып, соған сәйкес аудандар белгіленді. Науқанды 1928 жылдың 1 қарашасында аяқтау жоспарланды, яғни бір ай ішінде бітіру керек деп шешті. Кейінірек ол тағы 10 күнге ұзартылды. 1928 жылғы 30 тамыздағы қаулыға сәйкес, тәркіленгендерді жер аударуға тиісті аудандар да анықталды. Байларды тәркілеуді жүзеге асыру үшін комиссиялар құрылды. Республика көлемінде барлығы 696 "бай-феодалдар" тәркіленді. Қазақ қоғамында ірі байлардың көп болмағанын осы 1928 ж. жүргізілген тәркілеу барысы мен оның нәтижелері көрсетіп берді. Алдын-ала жасалған жоспар бойынша үкімет жоғарыдағы байлардан 225972 бас малды тәркілейміз деп үміттенген еді. Бірақ үміт ақталмады, барлығы 144474 бас мал ғана тәркіленді: бұл белгіленген жоспардың 64%-і ғана. Оның себебі алдын-ала жасалынған малдың есебі дұрыс емес еді. Қазақстан басшылығы кейіннен оны мойындауға мәжбүр болды. Барлық тәркіленген малдың 10,2% отрықшы аудандардан, 83,3% жартылай көшпелі аудандардан және 6,5% көшпелі аудандардан еді. Тәркіленген малдың 118919 басы жеке шаруашылықтарға (74,3%) және колхоздарға (25,7%) таратылып берілді. Тәркіленген малдар негізінде жаңадан 292 колхоз құрылды.
Көптеген қазақ партия-кеңес қайраткерлері тәркілеуге қарсы шықты. Олар қазақ қоғамынның экономикалық деңгейінің төмен екенін, сондықтан да әлеуметтік сілкіністерге бармай, ауқатты шаруа қожалықтарына салық мөлшерін көбейту шаралары арқылы реттеуді ұсынды. Ал большевиктер болса бұл пікірлерге құлақ аспай, таптық принциптерінен ауытқымай, сол мақсатқа жету жолында күшпен тәркілеу идеясын жүзеге асырды. Қазақ байларын тәркілеу Қазақстандағы күшпен ұжымдастыру саясатының бастамасы болды. Байларды тәркілеуден қазақ кедейлері материалдық жағынан да, рухани жағынан да ештеңе ұтқан жоқ. Керісінше, байлардың малын тәркілеу қайыршыланған ауылдар халқының өсуіне әкелді. Қазақстандағы ауқатты шаруа қожалықтарын тәркілеу мал шаруашылығының даму қарқынын тежеді.
1930 жылы 5 қаңтарда БК(б)П Орталық Комитеті Ұжымдастыру қарқыны және мемлекеттің колхоз құрылысына көмек шаралары туралы қаулы қабылдады. Қаулыда Орталық комитет жаппай ұжымдастыруды жүзеге асыру үшін елдің аудандарын үш топқа бөлді: Бірінші топқа осы ұжымдастыруға белгілі мөлшерде даяр деп есептелінген таза астықты аудандар жатты. Оларға Орта және төменгі Волга, Солтүстік Кавказ аудандары кірді. Ол аудандарда шаруа қожалықтарын социалистік жолмен қайта құруды 1931 жылдың көктемінде аяқтау белгіленді; Екінші топқа елдің Украина, Орталық қара топырақты облыстар, Сібір, Орал, Қазақстанның астықты аудандары жатты. Бұл аудандарда ұжымдастыруды аяқтау мерзімі бір жылға ұзартылды, яғни шаруа қожалықтарын ұжымдастыруды 1932 жылдың көктемінде аяқтау қажет болды; Елдің бүкіл басқа өлкелері мен облыстары үшінші топқа енді. ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы пәні және оның міндеттері
1937-1938 жж. Қазақстандағы жаппай террор мен саяси репрессия зардаптары
Дәстүрлі қазақ шаруашылығын күшпен күйрету науқандары
Мемлекеттік құрлыста кеңестік үлгінің жүзеге асуы. Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында (1939-1945 жж. )
Соғыстан кейінгі Қазақстан ауыл шаруашылығы
САЯСАТТАНУ ПӘНІНІҢ ТИПТІК БАҒДАРЛАМАСЫ
Қазақстандағы 1937-1938 жж. жаппай саяси репрессия шаралары мен салдарлары
Саясат тарихы туралы ақпарат
САЯСИ РЕЖИМ ТҮСІНІГІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТҮРЛЕРІ
Саясаттану пәнінен дәрістер кешені
Пәндер