Қазақ ағартушылығы Қазақстанның XIX ғасырдың екінші жартысындағы жағдайында əлеуметтік-экономикалық жəне мəдени прогресс жолындағы мықты қозғалыс беруші күші



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 21 бет
Таңдаулыға:   
Қазақ даласының рухани өмірі жылдар бойы жинақталған халық даналығы мен рухани-мәдени қазынасынан нәр алды. Сондай ерекшеліктердің бірі - халық ауыз әдебиеті үлгілерінің ұрпақтан-ұрпаққа сабақтастықпен жеткізуі дәстүрі болатын. Ақын-жыраулар ұлттық құндылықтарды және имандылық қалыптарын жыр жолдарымен халықтың санасына және тарихи жадына сіңіре білді. Ақын-жыраулардың ой-толғауларынан далалық мәдени дәстүрдің ерекшелігін, көшпелілер дүниетанымы, адами мінез-құлықтарын, ахлақтық этикалық ұстанымдары айқын аңғарылады. Ал, XIX ғасырға дейін қазақ қоғамының рухани әлемін жырлап ерекше көзге түскен Асан қайғы, Сыпыра жырау, Бұқар жырау, Шалкиіз, Қабылиса, Ақтамберді, Шал ақын, Доспамбет, Жиембет, Дулат, Шортанбай, Мұрат, Махамбет секілді ойшылдардың діни-философиялық негіздегі ой-толғаулары тереңдігімен ерекшеленді. Аталған жырауларымыз бен ойышылдарымыз алдағы уақытта еліміздің діни тұрғыда рухани - мәдени жағдайы қандай болатынын жобалап жырларына қосқан еді. Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші, көрнекті ғалым Б. Кенжебаев: Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет халықтың жырын жырлады, халыққа ұғымды, жақын болды. Себебі, бір жағынан, Асан қайғы, Сыпыра жырау, Бұқар жыраулардың қай-қайсы да ханға толғау жыр айтқанда, оны халықтың хал-жайы, мұңы, арманы етіп айтады, халық атынан сөйлейді - деп жыраулардың ел мүддесін қорғаған қайраткерлер ретінде бағалайды (Кенжебайұлы Бейсембай. Түрік қағанатынан бүгінгі күнге дейін. - Алматы: Асем-Систем, 2010. - 344 б.).
Қазақ ақын-жыраулары халық мұң-мұқтажын жырлай отырып, елдің хал-ахуалын, зәрулі мәселесін ел тұтқаларына жеткізеді. Философ-ғалым Қ.Жамалов: Қазақ ақын-жыраулары өзі өмір сүрген кездегі елдің рухани болмысын дұрыс тани білгендіктері шығармаларынан көрініп тұрады - деп көрсетеді (Жамалов Қ.
Қазақ ағартушыларының философиясы мен дүниетаным ізденістерінде және рухани-мәдени мұра жүйесінде ислам дінінің ықпалы айқын көрінеді. Ойшылдарымыз шығармаларында имандылық және сенім мәселесіне үлкен көңіл бөлген. Олардың шығармаларының негізгі өзегін құрайтын ұғымдар : имандылық пен тәубешілдік, діндарлық пен сабырлылық, қанағатшылдық пен кешірім. Ағартушылардың шығармашылығындағы құндылықтарды өмірдің мәндік идеясы ретінде көре аламыз. Ағартушылар рухани - мәдени мұрасының басты қазығы ол- адам, оның ахлақы, әлеуметтік болмысы мен моральдық категориялар мәселесі. Адам өмірінің мәнін айқындайтын негіздер мен пенденің адамдық қасиетін ашатын құндылықтар ретінде ойшылдарымыз дін туралы ой-пікірлерінде кісілік пен ізгілік сынды құндылықтарды кеңінен ашып көрсеткен. Пенде бұл дүниеде адам болып қалу үшін, иманын және адамгершілігін жоғалтпауы тиіс. Ақын-жазушылар шығармашылығының негізгі мәселелерінің бірі ол адамның иманы мен әдебін сақтау жолымен қоғам өмірін салауаттандыру және жетілдіру болып табылады. (Қазақ ойшылдары дін туралы - Бейсенов Бағдат Қайбылдаұлы) Қазақ ағартушыларының дүниетанымы мен рухани ізденістері ішкі руханиятымыздың қалыптасып және жүйеге келуіне ықпал етті. Ақын-жазушылардың шығармаларында адам, қоғам,әлеумет, дін, діл, дәстүр, этика мәселелері негізгі орын алды. Қазақ ойшылдарының рухани-мәдени ізденістері қоғамның салт-дәстүрі мен дініне, өмір сүру дағдысына тығыз байланысты болды. Осылайша, олардың ізденістерінде қазақ халқының рухани болмысының түйткілді мәселелері қарастырылды.

Қазақ ойшылдарының діни дүниетанымы Құран-кәрім, Хадис-шәріп, Шариғат секілді исламның қайнар көздерiнен бастау алып, дәстүрлі ислам арнасында қалыптасты. Жергілікті мұсылман жамағатының басым бөлігі діни ұстанымы мен көзқарастарында ақидада самарқандық матуридилік ілімді, фыкхта ханафилік мазхабты басшылыққа алады.
Қазақ халқының діни дүниетанымының дәстүршілдігі, оның синкреттілігі мұнда исламның өзгеше түркілік реңге ие болуына әкелді. Бұл аймақта ханифилік мазһабтағы суннилік ислам, ең алдымен, жергілікті салт-дәстүрге деген төзімділігімен және жаңашылдыққа деген либералдық қатынасымен ерекшеленді. Сондай-ақ исламды таратуда йасауйиа, накшбандйиа тәрізді сопылық ағымдар - тариқаттар ерекше орын алды. Жалпы Йасауиден Шәкәрімге дейінгі қазақ даласының ойшылдарының дүниетанымдық көзқарастарында сопылық дәстүрдің негізгі рухани қайнарлардың бірі болғаны және бұл тарихи-мәдени сабақтастықтың кешегі кеңестік дәуірге дейін сақталып келгені баршаға аян. Әрине, біз бұл жерде, Шәкәрім заманында кең етек алған надан сопылық, жалған сопылық туралы, қазіргі заманда бой көрсеткен күмәнді сопылық туралы айтып отырғанымыз жоқ.
Ислам діни дәстүрлерінің көшпенді түркілер сенімінде басты орын алуы иассауийа тариқаты түзген философияның мықтылығымен түсіндіріледі. Көк Тәңірінің ұлылығын қадірлей білген түркі халқының таным, түсінігіне ортақ болған ислам дінінің рухани құндылықтары да Ахмет Ясауи хикметтері арқылы енді. Диуани хикмет шумақтарында қазақтар осы күнге дейін қадір тұтатын ойшылдың діни және философиялық ұстанымдары нақты айқындалды. Бұл халықтың рухани танымында, өмір талабына айналған діни дәстүрлерде иассауийа ілімдерінің кеңінен қолданылуына алып келді. Тәңірге деген философиялық ұстаным өз деңгейін кеңейтіп, Аллаға деген сеніммен ұштасып, рухани мәртебесін арттырды. Яғни, сопылық ілімдегі қалб мәселесі барынша ашық қарастырылып, бір Аллаға мойынұсыну адамзат жүрегіне жазылып қойған сенім ретінде қабылданды.
Сопылық дүниетанымдағы адам мәселесі, еркіндік, өмірдің мәні, ар-ождан, адамзаттың бәрін сүю (Абай) сияқты жалпыадамзаттық маңызы бар көптеген мәселелер қай ұлтта болмасын, уақыт пен кеңістікке бағынбайтын, адам баласына ортақ құндылық екендігі ешқандай дау тудырмас басы ашық мәселе. Шәкәрімнің негізгі философиялық трактаты Үш анық пен діни этикалық сипаты басым поэзиясында Құдай, әлем және адам тақырыптарымен сипатталатын үштағандық мәселені танудағы ислами кәламның, сопылық пен философияның ойлау жүйелерінің өзара ықпалы байқалады. Оның шығармашылығын барлай отырып, түркілік ислам философиясының өзегін сопылық құрайтынын, ал сопылықтың қазақи мұсылмандық түсініктің өзегін құрайтынын, бұл дүниетанымдық жүйенің қалыптасу ерекшеліктері тәфсир және тауил әдістерін талдау арқылы айқындалатынын аңғаруға болады.
Дегенмен, оның діни ағартушылық жаңашылдығы өзінен бұрын және қатар өмір сүрген қазақтың ұлы ағартушылары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев сияқты демократиялық үрдіске, өркениетке жетуді насихаттаумен де сипатталады. Шәкәрім де ағартушы ретінде дүмшелікке, догматизм мен буквализмге қарсы болды. Мұндай көзқарасты қазақтың діни ағартушыларының көпшілігінен, мысалы, Ғұмар Қараш пен Мәшһүр Жүсіп Көпеевтен де байқауға болады. Айталық Ғұмар Қараш:
Мысалы надан сопы бір қара тас,
Халық соры осы күні кесірлі су
Надан шейх тентек сопы екі жолдас
Надан шейх діннің соры, күннің соры
Бір қашпа олардан сен мың кері қаш, - деп, 1911 жылы жарық көрген Өрнек атты еңбегінде: Хазреттер (адасқан сопының пірлері) өздері бек дүнияуи ғылымдардан хабарсыз қатты надан болады. Хәтта хәзіреттің түрлері, мүрид жиюларының өзі надандықтарынан келеді. Және бұл жолдағы адамдардың бәрінде хияли аурулық болады, ол хияли ауруларға көп уақыттар ридаят шегу (азап), қараңғы ханақаларда күн кешіру, бегіректе надандық себепті әһіл тасауыфтың хияли керімдеріне ишанып (иланып) жүреді деп тұжырымдайды.
Ал Мәшһүр Жүсіп болса, алдыңғы қатарлы Батыс Еуропа және орыс мәдениетін мойындай отырып, олардың озың ойларының түп-төркінінің ислам қайнаркөздерімен үндес келетіндігін атап көрсетеді: Иауропа (Еуропа) жұртының үлгі-өнеге алып, ғылым-білім алып жатқан үлгілері - осылардың сөзі. Біздің мұсылманды қорлықта қалдырып тұрған - Қал ғылымында жүрген, қалғандардың сөзі. Тоқсан ауыз сөздің түйме - дей түйінін ұстап, күллі Еуропа адамдыққа жетті. Онан біздің мұсылмандардың ғылым-білімге жетілгендері переводтап алып, бізге тәркі-тәржіме қылып түсіндіреді. Молда ат - тары - на қанық болған: Лермонтов, Салты - ков, Толс - той - лар біздің мұсылманнан шыққан, жұрт - тан озған ала аяқ жүйріктердің сөзінен үлгі-өнеге алып сөйлеген. Онысын өздері сөйлеген сөзінен білдіріп кеткен. Мұнан келіп біздің мұсылманның жүйріктері переводтап алып, бізге сөйлеп жатыр. Біздің бұған жылдам түсі - не - тініміз: Құраннан алған жерін - Құраннан көр!, - деп біліп тұрмыз. Хадис Шарифтен алған жерін Хадис шарифтен көріп, біліп тұрмыз. Қай кітаптан алған болса, сол кітап - тардың сөзі біздің қолымызда даяр. Сондықтан сөзге сөзі үйлес келген соң, олар - дың сөзіне: Қылша мойыным-мұнша! - дейміз.
Ақылға негізделген иманды құп көретін Шәкәрімнің ұлы ұстазы Абайға құлақ түрсек, отыз сегізінші сөзінде бұл заманның сопы молдалары хакім атына дұшпан болады, дейді. Пенделіктің кәмәлаты әулиелікпен болатұғын болса, күллі адам тәркі дүние болып һу деп тариқатқа кірсе, дүние ойран болса керек. Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді, дүниедегі Алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді? Хәрами, макруһи былай тұрсын, Құдай тағаланың қуатыменен, ижтиһад ақылыңменен тауып, рахатын көрмегіне бола жаратқан, берген нығметтеріне, онан көрмек хұзурға суық көзбен қарап, ескерусіз тастап кетпек ақылға, әдепке, ынсапқа дұрыс па? деп көрсетеді. Ал, Шәкәрім болса:
Көнбеймін дінді теріс бұрғаныңа
Сопының бара қойман құрбанына.
Ақиқат сырымды айтсам - Толстойдың,
Мың сопыны алмаймын тырнағына, - деп, таза ақылмен таппаған діннің шын дін емес жындылық екендігін алға тартады. Шәкәрім діни құндылықтарды насихаттай отырып, жікке бөлінушіліктен, бүліктен бойды аулақ ұстап, қоғамның адамшылық тұрғыдан тазаруын, иман мен рухани нұрға бөленуін уағыздайды.
Бұл тұрғыдан алғанда, Шәкәрімнің діни көзқарастары бүгінгі қазақстандық қоғамда қалыптасқан діни ахуал үшін де өзектілігімен көзге түседі. Ғұмар Қараштың айтып отырған тентек сопысынан өзге жат жерлік надан шейхтар бүгінгі жастардың санасын улауда. Әлемдік геосаясаттағы діни фактордың күшеюі, қазақстандық қоғамның дінге қатысты жаһандық үрдістерге ашық болуы діни пиғылдағы экстремизм, терроризм және жалған діндер мәселесін алға тартады.
Атын атап, түсін түстемесек те, жалпы жұртшылыққа белгілі бұл кері ағымдар рухани ізденіс үстіндегі жастардың дүниетанымдық мәдениеті қалыптаспағанын пайдаланып, олардың кез келген жас адамға тән болып келетін рухани ізденістерін, кейде, тіпті, әлеуметтік-материалдық мұқтаждықтарын пайдаланып, студент-жастар шоғырланып орналасқан жерлерде тікелей уағыз арқылы немесе интернет ресурстары арқылы оларды өз қатарына тартып алуда. Нәтижесінде көптеген қазақ баласы халқымыздың ғасырлар бойы ұстанып келген ханафилік дәстүрлі исламнан жеріп, қоғамнан, мемлекеттен, тіпті отбасы мен құрбы-құрдастарынан оқшауланып, мазхабтан тыс, мақсаты күмәнді жатжерлік ағымдардың қатарын толықтырып, өздері байқамай сыртқы ықпалды күштердің геосаяси ойынының құрбанына айналып кетуде.
Жаңа ғасырдың басында орын алып отырған бұл үрдістер жиырмасыншы ғасырдың басында да болған тәрізді. Мысалы, халқының қамын жеген Мәшһүр Жүсіп солдаттықтан қашқан құмыра бөрікті, толағай басты ноғайлардың, Ферғана заманынан ақ патшаға қарамай, қашты, қуды, бірін-бірі иттей талап жүрген заманның кезінде өз басын өлімнен алып қашқан сарт-сауанның қуларының, Мекке... Медине... екі шәріптің адамдарын жамандайтын әпенділердің қазақ арасына келіп дін үйретпегін былай деп түйіндейді: Қазақ мақалында бұрынғы әулие өткен ата-бабалары айтып кеткен: Қойды шартық бүлдіреді, елді қортық бүлдіреді - деп. Сол мақалдың хақиқатын, міне, біздер көзімізбен көріп, қолымызбен ұстағандай болып нандық. Қазақ ішіне кім келеді? Онан қашқан, мұнан қашқан, жамандықпен көзін ашқан келеді.
Ислам шектен шыққанды жақтамайды, дінде шектен шығушылық пен немқұрайдылықты сипаттайтын тафрит және ифраттың екеуі де құпталмайды. Дінді ауырлатпаңдар, жеңілдетіңдер, орта жолды ұстаныңдар, дұрыс бағыт көпшілік жағында деген мағынада айтылған исламның әз пайғамбарының өсиеттері барша жұртқа белгілі. Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы да Махаббат пен құмарлық атты өлеңінде былай дейді:
Сүйтсе де ифрат бар, тафрит бар,
Жарай ма соны айырып реттемей.
Не қылсаң, қыл адамға махаббат деп,
Мейлiң сөк, мейлiң үйрет, айла iзденбей.
Ол сүюiң шын болсын, жалған емес,
Бұлдыр болма өзiңе-өзiң сенбей.
Дүниеқұмар, залалкес бола қалсаң,
Өлiмдi ойла келерлiк күнi ертеңдей.
Жас кезінен бастап музыкамен де, метафизикамен де, этикамен де әуестенген Шәкәрім өз дүниетанымының эволюциясы барысында бойындағы білімін Батыстың зайырлы философиялық білімімен де ұштастыра білді. Соның негізінде дарвиндік жаратылыстануды, пәншіл, затшыл материалистік философияны, жанның бір денеден екінші денеге ауысуы туралы спиритуализм мен психологияны теріске шығарды. Діни танымның жоғары деңгейіне көтерілді.
Келдім қайдан, барам қайда, не етсем пайдам деген негізгі өмірмәндік мәселелерді қозғайтын ойшыл-ақынның Үш анық еңбегі оның отыз жылдық рухани ізденісінің жемісін білдіреді. Оның бірінші анығы көне грек философтарынан бастап, еуропалық классикалық философияға дейін шешімі бірауыздан табылмаған негізгі субстанциялық мәселе болып келген түпнегізді былай деп тұжырымдайды: барлықтың түп себебі жаратушының білім, құдірет шеберлігінде өлшеу жоқ. Дәлелдерім: ғылым жолында бұл барлықтың еш нәрсесі өздігінен бар бола алмайды да, қозғала алмайды. Бұған себеп керек. Егер ол себепке де бір себеп керек болып, себептің түбі жоқ болады делінсе, ең түбі себепсіз, бар себеп болмаса болмайды. Сол себепсіз бар болу себеп жаратушы болады. Егер сол себепсіз бар болған атом, нұр сияқтылар делінсе, олар себепсіз бар болған нәрсе емес, дәлелім - оларда қозғалыс бар, қозғалуда, жүрісінің өлшеуі бар. Өлшеулі нәрсе өзі бар болған, егер қозғалыс притяжение, отрицание өзіне тарту, әрі итеру заңымен делінсе, ол қозғалысқа да себеп керек. Ол заңды салушы керек... Сондықтан олардың түп себебі себепсіз бар себеп, түп жаратушы.
Шәкәрімнің ойынша жан өлмейді, ол да тән тәрізді өзіне азық қажет етеді. Жан тәннің қожайыны, тән өлсе шіріп басқа түрге ауысады, ал жанның заты ғарыштан. Жанның ажалсыздығы, аса маңыздылығы Шәкәрім көрсеткен екінші - анық. Бұл фәни мен бақилық уақытта да жанға керек азық Шәкәрімінің ойынша ол - ұждан. Шәкәрім ұжданды үш қасиет құрайды деп санаған. Ол - әділет, мейірім, ынсап. Шәкәрім жан туралы өзінің ізденісінің анығына көз жеткізгеннен кейін жанға екі дүниеге де керек азық ұждан деген байламға келген. Бұл Үш анықтағы қорытынды ой. Шәкәрімнің үшінші анығының да шешуі осы - ұждан деген дұрыс. Қазіргі жаңартушылық пен жаһандануға тап келіп отырған еліміз бен халқымыз үшін болашаққа дұрыс бағдар ұстануда өткеннің өсиетінен тәлім алу маңызды. Әсіресе, бүгінгідей плюралистік қоғамда, діндер мен дүниетанымдар, мәдениеттер мен өркениеттер қиюласқан заманда дәстүрлі дін мен мәдениеттің қазбаланып, оның кей тұстарының қайта бағамдалуы, қараңғы түнде бағдар көрсететін темірқазықтай болған Абай мен Шәкәрімнің діни дүниетанымын қайта пайымдау осы заманның өзекті мәселелерінің бірі.

Адам баласы шыр етіп дүние есігін айқара ашқан күннен бастап әке-шешшесінің тәрбиесі мен дінін таңдайды. Ата-бабасының аманат етіп қалдырған дара жолын өзінен кейін - гі ұрпаққа аманаттайды. Адамзаттың қазіргі тарих көшінін, бет алысын түзеп, әлемге ұлы өзгеріс енгізген ірі құбылыстарға куә боламыз. Соның бірі Ислам діні екені сөзсіз. Бақытқа бастаймыз деп ұрандатқан күллі- бірегейі де идеологиялардың тоқырауға ұшырауы жаңа ізденістерге жол ашып, жыл өткен сайын Ислам дінінің әлемді баурап бара жатқаны баршамызға мәлім. Ислам діні қазақ даласында ең алғаш Қарахан мемлекеті тұсында мемлекеттік дін деп жариялағаннан кейін тарай бастады. Содан бастап ұлан байтақ жерімізде ислам дінін ұстанып келеді. Ислам сөзі - бейбітшілік, тыныштық, мойынсұну деген мағыналарды білдіреді.
Ислам діні бүгінгі қазақ жеріне келген уақыттан бастап ұлттың болмысы кеңейе түсті. Ұрпақтың білімі, зиялылығы арқылы елдің тұрмыс-тіршілігі, ұлттың қадір-қасиеті көркейгендігі де тарихтан мәлім. Ислам дініне дейінгі, тамырын жайған ұлттың төл құндылықтары жоғалған жоқ. Қазақ ойшылдарының діни дүниетанымы Құран-кәрім, Хадис-шәріп секілді исламның қайнар көздерiнен бастау алып, дәстүрлі ислам арнасында қалыптасты.
Әр халық мемлекет болып қалыптасқаннан кейін діні мен тілінің жойылмай, ата-дәстүрін сақтау арқылы дамуын ең басты орынға қояды. Осы тұста дінге қатысты көптеген шиеленістер мен дау-дамайлар белең алып бара жатқаны жасырын емес. Оның басты себебі, әлемдік діндердің өзара тармақтарға бөлініп, өзгеше ағымдардың пайда болуы. Адам қанша жерден діндар, тақуа болса да оған ең алдымен ізденіс пен білім, иман қажет. Бұған Абай Құнанбаевтың: Имансыздың сыртын қанша жусаң да, іші оңбайды, - деген сөзі дәлел. Қожа Ахмет Иасауи бабамыз да: Ең алдымен иманды түзеу арқылы адамды, сосын ортаны, содан кейін заманды түзетуге болады, - деп, иманды алғашқы орынға қояды. Дәстүрлі діннің жолында аға ұрпақ буынның зиялылығы, еңбегі, білімділігі, тарихының тағылымы мен ілімдері сақталады. Нағыз діни тұлғалардың тарихи беделін халық, ұрпақ жадында сақтауға ұмтылады. Бір сөзбен айтқанда, дін мен ұрпақ арасында этикалық ұстаным, адамгершілік жоғалмайды. Тарихтағы діннің беделі, халық өмірін көркейтудегі діни тұлғалардың даналығы, қасиеті, қажырлы еңбектері әрқашан ұрпақ жадында сақталуы қажет және оны келер ұрпақ өзіне өнеге тұтып отыруы өте маңызды. Атақ пен даңқты діннен іздеу үлкен адасушылық. Дін өзіне бет бұрған адамның кемелділік, абырой, тазалық, қасиет пен білім, ақиқат пен шынайылық, еңбекқорлық секілді биік адами қасиеттерді талап етеді. Қазақ халқы осы себептен де дін ілімін атадан балаға үйреткен. Мәселен, қазақ тарихында әке көп баласының ішінен дінге бейімділігі бар баласын ғана ел үшін дін жолына бейімдеген. Баланы жастайынан ер жеткенше дін біліміне өзі үйретіп, есейгенде медреселерге оқытатын болған. Әрине ұрпақ тәрбиесі қазақ қоғамының өміршеңдігінде елеулі орны бары анық. Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие керек, тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы, келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі, деп данышпан Әл-Фараби атамыз айтқандай, өркениетті елдердің қатарына, рухани-мәдени әлеуеті артқан мемлекеттердің көшбасшысы қатарына енуі - бүгінгі қоғамның бейнесімен білінеді.
Діни-ағартушылар, ақын-жазушылар исламды насихаттау арқылы халықты имандылыққа шақырып, адамгершілік игі қасиеттерге тәрбиелеуді көздеген.
Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған-деп А.Байтұрсынұлы айтқандай, діни-ағартушылар ақын-жазушылар исламды насихаттау арқылы халықты имандылыққа шақырып, адамгершілік игі қасиеттерге тәрбиелеуді көздеген. Қазақ әдебиетінің озық дәстүрін Ахмет пен Міржақып жалғастырып, адамгершілік, отан сүюшілік пен туысқандық идеяларын жырлаушы болды. Қазақ даналары x-ғасырдан астам уақыт Асыл дін, Хақтың жолы, Кешегі өткен заманда Дін мұсылман аманда деп жырлады. Руханиятымыздың Қорқыттан Абайға дейінгі аралығында, Абайдан кейінгі зиялылықтың Алаш жаңғырығы - ислам діні мен қазақтың бөлінбейтініне жарқын мысал. Қазақ зиялылары Аллаға иман келтіргендерден одан қала ақтық деміне дейін ұлтына қызмет еткен. Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Әуелі аят, хадис сөздің басы деген Абайдың өлеңі де, қара сөзі де иманнан басталып, иманмен аяқталды.
Қорыта айтқанда тарихымыздың ақтаңдақ беттерін аша түссек, ата-бабамыздың қаны төгілген, өздері шейт болған, ұлт-азаттық көтерілісімізді қалай айтпаймыз. Осы көтерілістердің басында батырлармен бірге, діни-ағартушыларымыздың жүргенін мойындасақ, олардың әрқайсысының өмірін, атқарған қызметін анықтап, ашығын айтуымыздың, оларды ұлықтауымыздың тарихқа жасаған әділетті қадам болатыны талассыз. Осы төңіректе ойлағанымызда да қазақ қоғамындағы діни-ағартушылық ілімінен, ой-санадан аттап кете алмасымыз анық. Қазақ елінің Қазан төңкерісіне дейіні тарихында білім беру саласында ғана емес, қоғамдық, ұлттық ой-санасының барлық салаларында жетекшілік роль атқарған діни ағартушылық ілімінің бүгінгі Тәуелсіздігіміздің бізге оңай келмегенін дәлелдеуге келгендегі мән-маңызын әлі де болса толық айта алмай келеміз.
Ақындар, ойшылдар мен зиялылар өз білімдерін медреселерде алып, ел мүддесі мен руханиятында күш-қайратын жұмсаған қайраткерлер болатын. Қазақ оқымыстылары мұсылмандық шығыс пен батыс мәдениетінің озық жетістіктерін терең меңгеру арқылы, ұлттық болмыс пен ұлттық ділдің ерекшеліктерін тереңінен тану арқылы өздерінің шығармаларының күш-қуаты мен рухани әлеуетін ұлттық-сана сезімді оятуға, рухани құндылықтарды жандандырып, өрлету жолында арнады. Қазақтың ойшылдары мен зиялылары Ресей отарындағы мұсылман халықтарының көшбасшылары тәрізді, Ислам діні мен құндылықтарын отаршылдыққа қарсы бағытталған күрестің негізгі тірегі ретінде қабылдады.
XIX ғасырдың соңғы ширегі мен XX ғасыр бас кезіндегі қазақтың діни-философиясының өкілдері Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Нұржан Наушабаев, Иманжүсіп Құтпанұлы өз шығармаларында мұсылмандық мәдениет пен әдебиеттің негізгі тақырыптары Жаратушы мен адам қарым-қатынасы, дүниенің жаратылуы, мұсылмандық ғалам құрылымы, мұсылмандық әдеп пен ахлақ мәселелерін көтерді.
Жоғарыда аталған қазақ ағартушыларының дін туралы шығармаларына М.Әуезов былай деп көрсетеді: Шығыстың кітаби-эпикалық мәдениетін меңгерген және араб, иран классикалық поэзиясының өте көп сюжеттерін, тақырыптарын *назира рухында жырлаған, мұнымен қоса шығыстың басқа көп халықтарының аңыздарын, ертегілерін, тұрмыс-салт жырларын және батырлар жырларын жатқа білетін бір топ кітаби ақындар жұмыс істеді (М.Әуезов. Әр жылдары ойлары.-Алматы, 1961.-Б. 216)
Тәуелсіздік аясында халқымыз өзінің тарихын, мәдениетін, рухани мұрасын жан-жақты және терең тануға қол жеткізді. Зайырлы мемлекетімізде ұлтымыздың сана-сезімін және салт-дәстүрлерін, ұлттық құндылықтарын өркениеттік тұрғыдан зерделеу маңызды.

___________________________________ _______________________________
*Назира дәстүрдегі негізгі ұстанымды белгілі бір нақты тарихи уақытта жырланған тақырыпты екінші бір тарихи уақытта бір халық мәдениетінде жаңа қырынан баяндау, халықтың ұлттық дүниетанымы мен менталитетіне сай әлеуметтік мәселелерді көтере жырлау.
Өйткені халқымыздың тарихында айшықталған құндылықтарды және ұлттық дүниетанымымыздың негіздері мен ерекшеліктерін білу ұлттық жаңғыруымыздың негізі болмақ. Ұлттық дүниетаным мен ділдің қалыптасуына ықпал еткен рухани құндылықтарды зерттеу қазіргі қазақ қоғамының рухани түлеуі және діни санамыздың беріктігін нығайту үшін қажет. Осындай зерттеулер қазақ елінің рухани тұғырының бірі ретіндегі Ислам құндылықтарының қоғам өміріндегі орны мен рөлін айқындауға мүмкіндік береді. Ұлт руханияты үшін ұлттық тіл, ұлттық діл және дін рухани тұғыр болып табылады. Осы үш діңгек бір-бірімен ажырамас бірлікте болғанда, ұлт тұтастығы да берік.
Қазақтың далалық өркениетіне негізделген көшпелілер мәдениеті мен дүниетанымына негізделген дәстүрлі ислами құндылықтарымызды пайымдау рухани мүддеміз бен ізгі мақсатымызды айқындайды. Халқымыздың бірлігі мен ынтымағының негіздерінің бірі - бұл ұлттық құндылықтар және ұлттық философиялық мұрамыз. Қазақ ойшылдарының діни ізденістері мен рухани мұрасын жастарға таныту жолымен біз келешек ұрпақты өзіндік төлтума дәстүріміз бен құндылықтар негізінде білім беріп, тәрбиелей аламыз.
Қазақ ақын-жырауларының дүниетанымы мен рухани ізденістері руханиятымыздың қалыптасуына ықпал еткен негіз болды деп санаймын. Ақын жыраулардың шығармаларында адам, қоғам, дін, дәстүр, әдеп мәселелері негізгі орын алды. Олардың рухани ізденістері халықтың салт-дәстүрі мен діні, өмір салтымен тығыз байланыста болды.
Туған елін, ата-баба жерін, отанын сүйген Ақтамберді жырау Сарыұлының жыр толғаулары ұлт рухын көтеруге және отансүйгіштік пен ерлікті насихаттауға арналған. Жырау жырларының басты ұраны - ел амандығы, жұрт тыныштығы, халықтың берекелі ынтымақты өмірі.
Балаларыма өсиет,
Қылмаңыздар кепиет,
Бірлігіңнен айырылма,
Бірлікте бар қасиет (он ғасыр жырлайды.-Алматы, 2006.-144 б.)-дейді.
Алаш қайраткерлері мен қазақ ағартушыларының шығармаларын ұлттық құндылық ретінде насихаттасақ, ұлттың болмысы дұрыс қалыптасар еді. Өйткені қазақ ағартушыларының шығармаларында Ислам дінінің парыздары, иман шарттары мен құндылықтарын поэзия үлгісімен жырлаған діни ахлақтық және тағылымдық, тәрбиелік бағыттағы қазына. Олардың мұрасында бұл өмірдің мәні тұлға аралық қарым-қатынастағы ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, әділеттілік, имандылық, достық сынды қасиеттердің маңызына көңіл аударып, исламды өмірлік ұстанымға және ұлттық дәстүрге бейімдеген.
Алаш қайраткерлері көтерген тәуелсіздік пен азаттық идеясы, халықты білім мен ғылымға тартуы, ұлт мүддесі мен руханиятына адалдығы мен жанашырлығы олардың шығармалары мен дүниетанымында айқындалады. Олар еліміздің мәдени-рухани дамуына, ұлт ынтымақтастығына қызмет етті. Алаш зиялылары қазақтың сол уақыттағы тыныс-тіршілігі тарихи-қоғамдық, мәдени-рухани өмірін өз шығармаларында қарастырып, ұлттық болмыс-бітімді айшықтады. Олар тіл мен діннің тұтастығын, діл мен рухтың беріктігін ұлттық ұйысудың қайнар көздерінің бірі ретінде ұлттық құндылықтарға мән берді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде сайын даланың төсінде аттың жалы мен түйенің қомында, ұшқан құстың қанаты талатын кең байтақ жеріміздің өскелең ұрпағын тәрбиелеу жолында қазақ ойшылдарының шығармаларын дәріптей отырып, ұлтын, тілін, дінін, ділін сақтап қалған қайсар қасиеттерін мақтан етуге міндеттіміз.

Қазақ халқының рухани мəдениетінің даму тарихында XIX ғасырдың екінші жартысы өзгерістерге толы болды. Соған байланысты дəл осы кезде Қазақстанда ағартушылық мəдениеті пайда болып, дамиды. Адам ойының жəне ғылымның даму жолында дін тұрған жерде ағартушылық дүниетаным пайда болады. Бұл қазақ ойларының тарихындағы өте ғажайып феномен болды десек, қателеспейміз.
Əр халықтың өз заманының ойшылдары дүниенің, болмыстың, өмірдің, адамның жай-күйін жете түсінуге ұмтылғаны, əрине, белгілі. Бірақ олардың ойларына сол бір кезеңде қалыптасқан дүниетаным мен жалпы өркениеттік өзгерістер əсер тигізгені де қазіргі таңда біз үшін айдан анық болып тұр. Міне, осыған байланысты, ХІХ ғасырда Қазақстанда қалыптасқан, адамдар санасын өзгерту, халықтың басым көпшілігінің əлемдік өркениет үлгісімен рухани жаңару процесінің күрделі сипатын ашып көрсетуде ағартушылықтың маңызы, əрине, зор. Себебі сонау Жаңа дəуірде қалыптасқан бұл дүниетанымдық ағым қоғамдағы өзгерістермен ұштасып, олардың негізінде ізгілік, əділеттілік идеялары мен ғылыми таным-білім негіздерін тарату жолдары арқылы қоғам кемшіліктерін түзетуге, оның талғам-талаптарын, саясатын, тұрмысын өзгертуге болады деген идеяны ұстанып, қоғам өміріне көп өзгерістерді енгізуге ықпал етуде болды.
Қазіргі таңда елімізде болып жатқан өзгерістер, əрине, бірден қалыптасқан жоқ. Оған алдыңғы қатардағы адамдар да өз септігін тигізді деп айтуға болады. Сондықтан да болар, Елбасшымыз Қазақстанның келер ғасырдағы басты даму бағдарын белгілеп, берген стратегиялық жоспарларында халықтың рухани жаңаруына ерекше көңіл аударады. Оның айтуынша: Адамның ой-санасын бір сəтте өзгерту мемлекеттің қолынан келмейді. Бірақ мемлекет өзгерістер процесін объективті тенденцияларды түсіндіру, маңызды ақпаратты халыққа жеткізу жолымен жəне де, ең бастысы, өзіндік молшылыққа бағытталған əлеуметтік-экономикалық саясатты іске асыру жолымен жеделдетуге қабілетті. Адамдардың жаңа дүниетанымы қалыптасқанша ондаған жылдар қажет болады [1]. Сол жыдардың өту барысында қазақ қоғамдық өмірінде ағартушылық көзқарастардың ерекшелігі мен маңыздылығы өте жоғары.
Қазақстанда ағартушылық ойдың мəнін түсінуде қазіргі отандық ғылымда келесі теориялық жəне əдіснамалық қағидалар қалыптасқан:
* Біріншіден, қарастырылып отырған ағартушылық идеология нақты-тарихи шындық болып табылады. Ресейге қосылу, оның мəдениетімен кең танысу жəне сол арқылы еуропалық өркениетпен сусындау -- Ресейге бодан кезеңінің нəтижесі болып табылғанымен, қазақ ағартушылығы дүниежүзілік ағартушылық ойдан оқшауланбай, керісінше, онымен ортақтастықта -- XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасыр басындағы жалпы ресейлік қозғалыстың ықпалы тиген дербес құбылыс ретінде дамыды. Сондықтан Қазақстандағы ағартушылық идеологияны зерттеуде жалпы ағартушылық құбылысқа тəн белгілермен қатар, оны тудырған мəдени-əлеуметтік ортаның ерекшелігіне де баса назар аудару қажет.

* Екіншіден, осы ағартушылық идеологияның басты ерекшелігі -- оның азаттыққа, бостандық пен теңдікке ұмтылыс ниетіндегі кеңес өкіметіне дейін жəне сол өкімет тұсында өз мəнін жоймаған негізгі идеялық бағыт ретінде сақталуында (М.Дулатов Оян, қазақ!, М.Жұмабаев Тəңір, Мен кім, Тез барам т.б., А.Байтұрсынов Қазақ өкпесі, Тəні саудың жаны сау, Қазақша оқу жайынан, Ə. Бөкейханов, Ш.Құдайбердиев, М.Шоқаев, Ж.Аймауытов т.б.). Патша өкіметі мен сталиндік қуғын-сүргіннің зардабын басынан өткізіп, əділет пен шындық жолында халқының мұң- мұқтажын жоқтаған қазақ зиялыларының халықты оянуға, білімге, оқу-ағартуға шақырған еңбектері халық бостандығы мен теңдігі жолындағы күреспен тығыз байланысты болды.
* Үшіншіден, қазақ ағартушылығы күрделі де қайшылыққа толы эволюциялық даму сатысынан өтті. Ол өз дамуында керітартпа идеялық бағыттармен күреске толы болды. XIX ғасырдың екінші жартысы -- XX ғасырдың алғашқы кезеңінде ағартушылар кейбір діни түп негізшіл-клерикалды идеологиямен жəне əр түрлі діни-мистикалық бағыттармен келісімде болмады. Қоғамдық-саяси өмірдің маңызды бағыттары мен ілімдері де жеткілікті болатын. Оларға XIX ғасырдың орта тұсында пайда болған дəстүрлі-консервативті Тəңіршілдік бағытын, Ресейдің мұсылман халықтарының арасында кең тараған панисламизм мен пантюркизм ілімдерін жатқызуға болады. Қарастырып отырған рухани құбылыстың рөлі мен мəні нақтылы идеялық күрестің аясында көрінетіндіктен, берілген бағыттар мен ілімдердің табиғатын жете ұғыну қажеттілік пайда болады.
* Төртіншіден, Қазақстандағы ағартушылық ойдың қалыптасуына XIX ғасырдың 40 - 60- жылдарындағы орыс ағартушыларының, əсіресе батысшылдарының, славянофилдердің қайсыбір мұраттары қазақ ағартушыларының жанына жақын келді. Олар (Ш. Уəлиханов, А. Құнанбаев, Ы. Алтынсарин) Ф. Достоевскийдің, Н. Добролюбовтың, А. Герценнің, В. Белинскийдің еңбектерімен, ал кейбірі (Ш. Уəлиханов, А. Құнанбаев) олардың авторларымен таныс болатын. Халықшылдықты тəжірибелік іс-əрекетке жетекші етіп, идеялық бағдарға ала отырса да, нақты- тарихи жағдайда халық бұқарасының екіжақты, яғни, əлеуметтік жəне ұлттық қанаушылық пен жалпы аймақтық артта қалушылық себептеріне байланысты қазақ ойшылдары тұтас алғанда типтік ағартушылық тұғырды ұстанды. Яғни, белгілі қоғамдық топқа, дəлірек бұқара халыққа, бағытталып, қоғамдық прогресті саны басым топтың мүддесі үшін күреспен байланыстырған революцияшыл демократтарға қарағанда қазақ ағартушылары XVIII ғасырдағы Еуропадағы ешбір тап пен сословиені бөле-жармай, жалпы ұлттың атынан сөйледі. Бұл, бір жағынан, көрсетілген кезеңде берілген аймақтың қоғамдық қатынастарының пісіп-жетілгенін аңғартса, екіншіден, осындай ерекше жағдайда жалпы халықтық прогресс идеясы өзекті болғанын жəне оның аса маңызды қоғамдық қажеттілікті бейнелегенін көрсетеді.
* Бесіншіден, қазақ ойшылдары ағартушылық тұғырда қалғанымен, аңсаған қоғамды ұлт- азаттық күрес жолымен орнату əдістерін де жоққа шығармаған. Əйтсе де негізінде барлығы еркін, азат қоғам құрудың бейбіт жолын таңдады: жоғарғылардың реформасы көмегімен немесе əділ,таза білім мен басқару жəне ағарту, ғылым-білім арқылы өз халқының көзін ашып, санасы мен көңілін оятып, өздерін-өздеріне танытып, ескіліктен, езгіден арылтпақ болды. Бұдан тарихи құрылымы мен қоғамдық күштердің жіктелуі əлдеқайда өзгеше орыс революционер-демократтары секілді төңкеріс жолын қуаттап, оған бірден-бір шешуші əдіс, айқын жол деп шақырмауын кемшілікке жатқызу орынсыз болар еді. Керісінше, рух пен тəн арасындағы, жалпы аспан астындағы үйлесімділікті іздеп, сол жолда, бойды ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
XIX ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ САЯСИ ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨЗҚАРАСТАРЫНЫҢ СИПАТЫ
Қазақ педагогикасының тарихы
КӨНЕ ШЫҒЫС ФИЛОСОФИЯСЫ ТАРИХЫ
ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХЫНДАҒЫ ШИЕЛЕНІС
Қазақстанның Ресей құрамына енуі. Оқу құралы
1836-1838 ЖЫЛДАРДАҒЫ ХАЛЫҚ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ТАРИХЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Саяси ғылымның құрылымы
ХІХ-ХХ ғ.ғ. ағартушы философиясының қалыптасуы мен тарихи кезеңдері
Нарманбет Орманбетұлы, Тайыр Жомартбайұлы, Ығылман Шөрекұлы шығармашылығына мәтіндік талдау
Мектеп жасына дейінгі балаларды оқу еңбегіне үйретудің ғылыми педагогикалық негізі
Пәндер