Әбіш Кекілбаев (1939-2015)


Әбіш Кекілбаев (1939-2015)
Өмірбаяны.
Кекілбайұлы Әбіш 1939 жылы 6 желтоқсан күні Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы (бұрыңғы Гурьев облысы), Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде туған. Арғы атасы Жаңайұлы Қожаназар қазақтар көшін Маңғыстауға бастап келген топтан. Белгілі білікті, беделді, дәулетті адам. Ата шаңырағын ұстап қалған ұрпағы Жаманқұл немересі Кекілбайды үйлендірген соң, 1924 жылы Оңдыда қайтыс болған. 1928-31 жылдары асыра сілтеу, тәркілеу кезінде Кекілбай ата мекеннен баз кешіп Түркменстанның Красноводск портында жүкші, Бекдаш химия кәсіпорнында біраз жыл жұмысшы болып істеп, елге 1937 жылы Баку мен Макачкала арқылы оралған соң Оңдыдағы колхозда колхозшы, Таушық кенішінде шахтер болды. 1942 жылы соғысқа алынып, майданда 3 рет жараланып, Сталинград маңында қайтыс болады. Әбіш Кекілбайұлының анасы Айсәуле Жұмабайқызы дәулетті, ел ішінде аты шыққан бидің отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленген. 1936 жылы әуелі Оңдыда колхозшы, Таушықта 1942-45 жылдар аралығында стахановшы шахтер, 1945-62 жылдары «Екпінді» колхозында жұмыс істеді. Әбіш Кекілбайұлы 1957 жылы Таушықтағы мектептің 1 сыныбына барып, 1948-1954 жылдары Оңды орталау, ал 1956-57 жылдары Үштағандағы орта мектепте оқиды. Әдебиетке құмарлығы мектеп қабырғасында басталады. 1957 жылы 5 мамыр «Лениншіл Жастың» белсенді ауылдық тілшісі ретінде Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің мақтау қағазымен марапатталады. 1957 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің филология факультетіне түседі. Университетте әдебиет бірлестігін басқарып, жас талаптар шоғырын жарыққа шығарады. Соңғы курста оқып жүріп, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарады. Мұнда ол сыншылық қабілетімен көзге түседі. «Қазақ әдебиетінен» кейін 1962-65 жылдар аралығында «Лениншіл Жас» газетінде бөлім меңгерушісі болып істеді. 1965-68 жылдары ҚазССР Мәдениет министрлігінде, 1968-70 жылдары Кеңес армиясының қатарында, 1970-75 жылдары «Қазақфильм» студиясында бас редактор, 1975-84 жылдары Қазақстан КП ОК мәдениет бөлімінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі, 1984-86 жылдары ҚазССР Мәдениет министрінің орынбасары, 1986-88 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының 2-ші хатшысы, 1989-90 жылдары ҚазССР тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы Орталық кеңесінің төралқа төрағасы. 1990 жылы Қазақстан КП ОК бөлім меңгерушісі. 1991 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің Мәдениет, тіл және ұлтаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитеттің төрағасы, 1992-93 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1993-95 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі. 1994-95 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1996-2002 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып істеді. 2002 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты. Әбіш Кекілбайұлы Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне екі рет, Мәжілісіне бір рет баламалы негізде депутат болып сайланады. Әбіш Кекілбайұлының алғашқы өлеңдер жинағы «Алтын шуақ» 1962 жылы, «Бір шөкім бұлт» 1965 жылы жарық көрді. Ауыл өмірінен жазылған повесть, әңгімелер жинағы «Дала балладалары» - Әбіш Кекілбайұлының кең тынысты эпик, суреткерлік болашағын танытады. 1974 жылы «Дәуірмен бетпе-бет» сын мақалалар жинағы, «Бір уыс топырақ», 1979 жылы «Тырау тырау тырналар», Маңғыстау түбегінің өткені, бүгіні, болашағы туралы «Ұйқыдағы арудың оянуы» тарихи танымдық баян, 1982 жылы «Шыңырау» повестер жинағы, 1992-93 жылдары Таңдамалы екі томдық, 1995 жылы «Заманмен сұхбат» 1998 жылы «Азаттықтың ақ таңы», публицистикалық мақалалары, толғамдары, 1999 жылы 12 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты. Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984) романдары қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланып, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын алды. 2001 жылы шыққан «Талайғы Тараз», 2002 жылы шыққан «Шандоз» тарихи тақырыпты ғылыми дәйекпен, дерекпен түсінікті ұғымды етіп жеткізудің жаңа бағыт-бағдарын белгілеп берді. 2009 жылы «Сыр десте» деп аталатын автордың көп жылдық ой-толғаулары, эссе, естелік, сөйлеген сөздерінің 5 томдық жинағы жарыққа шықты. Әбіш Кекілбайұлының көптеген шығармалары ТМД халықтары мен шетел тілдеріне аударылған. Ол ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының 1986, Қазақстан Республикасы Президентінің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының 1995, «Отан» орденімен 1999, Түркі елдері қауымдастығының шешімімен «Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін сыйлығын» алады. 2003 жылы «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапатталды.
Шығармашылығы
Ә. Кекілбаевтың алғашқы өлеңдер жинағы «Алтын шуақ» 1963 жылы жарық көрді. Одан кейін «Бір шөкім бұлт» (1966, повесть және әңгімелер), «Дала балладалары» (1968, повестер), «Дәуірмен бетпе-бет» (1972, сын мақалалар), «Тырау-тырау тырналар» (1973, жолжазба очерктер), «Бір уыс топырақ» (1974, роман және повестер), «Құс қанаты» (1975), «Баллады степей» (1975, «Молодая гвардия» баспасы), «Последний снег» (1978, повестер мен әңгімелер), «Баллады забытых лет» (1979, романдар, повестер, «Известия» баспасы), «Конец легенды» (1979, повестер), «Үркер» (1981, роман), «Елең-алаң» (1984, роман) кітаптары жарық көрді. Жазушының бірқатар шығармалары орыс, неміс, болгар, поляк, мажар, чех тілдеріне аударылды.
Ә. Кекілбаев Г. Мопассанның «Пьер мен Жан», «Өмір» романдарын, Ш. Айтматовтың «Ерте қайтқан тырналар» повесін қазақ тіліне аударды. Л. Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» роман-эпопеясын, И. Буниннің бірқатар шығармаларын тәржімалауға қатысты. В. Шекспирдің «Король Лир», «Ромео мен Джульетта», К. Гоццидің «Турандот ханшайым», М. Кәрімнің «Ай тұтылған түн», М. Фриштің «Дон-Жуанның думаны» пьесалары және басқа да шығармалар Ә. Кекілбаевтың аудармасы арқылы республика театрларының репертуарына енді.
«Құрмет белгісі» (1989), «Отан» (1999), «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» (2004) мемлекеттік наградаларымен, «Содружество» (2003, ТМД ПАА) орденімен, сондай-ақ төрт медальмен марапатталды. Қазақстанның Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының (1987), Президенттік Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының (1995) лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері (2009) атанды.
1963ж. «Алтын шуақ» өлеңдер жинағы.
1966ж. «Бір шөкім бұлт» (повесть және әңгімелер) .
1968ж. «Дала балладалары» (повестер) .
1972ж. «Дәуірмен бетпе-бет» (сын мақалалар) .
Отбасы
Жары: Жұмабаева Клара Калекенқызы (1941 ж. т. )
Балалары:
ұлдары - Әулет (1965 - 2013), Дәулет (1975) ;
қыздары - Заузат (1967), Сәулет (1971)
Немерелері:
Динара (1982), Абыл (1986),
Жібек (1992), Зухра (1993), Батухан (1995),
Баязит (1997), Елдар (2002), Алуа (2006)
Әбіш Кекілбайұлы жарымен. (Барселона, 2001 жыл)
Мазмұны
- Ә. Кекілбаевтың өмірбаяны.
- Шығармашылығы.
- Отбасы
- МЫРЗАТАЙ ЖОЛДАСБЕКОВ: ӘУЛИЕ НЕМЕСЕ КЕКІЛБАЕВ ФЕНОМЕНІ ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС
- Жолданбай қалған хаттар
Жыл басталды. Бұл жылды олай болады, бұлай болады деп жатыр. Біздің бір білеріміз - осы жылда замандасымыз Әбіш Кекілбаевтың жетпіс жасқа толатыны. Біраздан бері болмысы биік, көз алдыма ұстаған отшырақ-факел секілді, күнде болмаса да, араға күн салып сыр бөлісіп алмасам, әлденем ұмыт қалғандай, көңілім құлазығандай сезілетін мақтанышым, дәуіріміздің заңғар жазушысы туралы көкейімде жүрген ойларымды ортаға бір салсам деуші едім. Орайы жаңа келді.
Әбіш туралы көп ойландым, көп толғандым. Әдебиетті де біраз ақтаруға, Әбіштің өз дүниесіне де, сөз орамдарына да қайта-қайта үңілуге тура келді. Қысқасы, Әбіш әлеміне кіре қою тарих, әдебиет тарихы жайында жазып жүрген мен секілді кісіге оңайға түсе қойған жоқ. Әбіш жайында терең толғанып, кітап жазса болар еді, бірақ қолымнан келе ме, келмей ме деп жүрексіндім. Өйткені, Әбіш маған жүзіп өте алмайтын мұхиттай, жүріп өте алмайтын шексіз ұлы даладай, асу бермейтін биік шыңдай, алынбайтын қамалдай көрінеді. Сондықтан қазаққа Әбішті берген Аллаға мың шүкірлік айтып, бұл жолы көкейімдегі кейбір ойларымды айтып, ағалық ақ пейілімді, достық ықыласымды ақтарғанды жөн көрдім.
Құдай аузыма салды ма, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында ел алдында: “Маңғыстау - әулиелер мекені, бұл түбекті 362 әулие мекен еткен, солардың арамызда тірі жүрген 363-шісі Әбіш Кекілбаев” деген едім. Бұл сөз кезінде “Қазақ әдебиеті” газетінде жарияланды да. Мен бұл пікірден бүгін де айнығаным жоқ. Пір Бекеттің ұрпағы Әбіш расында да табиғатынан, жаратылысынан, дәуір құндағынан, тарих құрсағынан заты қазақтың пейілінен әулие боп жаралған тұлға. Оның шалқар білімі, тұнық поэзиясы, кемел кеңесі, терең толғауы, күміс көмейі бағзы қазақ жырауларын, дана билерін еске салады.
Әбіш - философ, ойшыл, шешен, терең жазушы, үлкен саясаткер, көрнекті мемлекет әрі қоғам қайраткері. Сыйласпыз. Бауырласпыз. Жанымыз жақын доспыз. Біз Цицерондарды көргеніміз жоқ. Ол да адам баласы ғой, шешендігі Әбіштен артық болмаған шығар. Кезінде Мұхтар Әуезовтерді жазып алуға құрал болмады, құнтсыздығымыздың да кесірі аз болған жоқ. Соның салдарынан талай асылдарымыздың айтқандарынан айырылып қалдық. Әбіштің ел алдында сөйлеген сөздерін жазып алып отырса жақсы болар еді.
Мен Әбішті ең алғаш Алматыда “Лениншіл жас” газетінің 25 жылдығында көріп ем. Онда КазГУ-дің студентімін. Әбіш оныншы класс оқушысы екен. Газеттің белсенді жас тілшілері қатарында Алматыға сонау Маңғыстаудан шақырылыпты. Бұйра шашты, ай маңдайы жарқыраған, миы шекесінен шығып кете жаздаған баланың топ жарып сөйлегені әлі күнге жадымда. Сонда жұрт: “Мына бала болайын деп тұр екен”, десіп еді. Халық айтса қалт айтпайды дегендей, жұрттың айтқаны дәл келді.
Өз басым Әбішті адам аяғы баспаған арал секілді күнде ашамын, ашқан сайын жаңа қырынан танимын.
Әуелгі сөз әдебиеттегі Әбіш туралы.
Өмірдің арғы-бергісін түгел сүзіп, адам мінезіндегі шарпысқан жақсылық пен жамандықтың арғы жігін ажыратып, кісі санасындағы көзге көрінбейтін, сыртқа сезілмейтін сезім шырғалаңын рентген сәулесі секілді тап басып тани білетін жазушы дарынын тарқатып көп айтуға болар еді. Жазушының көркем сөзі “жоқ” деп жерге қараған, “бар” деп аспандаған ақикөз мінездер көшірмесі емес, өмірдің өзіндей қарапайым жабы көңіл де, асқақ қиял да, жасыл бояуы да, жарқылдақ шарпысуы да қатар алмасқан, сегіз таспа қамшының өріміндей арпалыстар тоғысы. Тағдыр талайының жанартау секілді ауық-ауық дүр сілкінісі. Жан әлемінің қат-қабат тылсым тұңғиығы. Жырланып бітпейтін адамгершілік, ізгілік мұраты. Кейіпкер көңіл-күйінің көркем сөздегі суреті, ұлы уәйімі, мұңы, сыры, сергелдең сипаты.
Заманына - адамы демекші, әуел бастағы етек-жеңі мол тарихи хикаяттары мен “Үркер”, “Елең-алаң” романдарындағы адам шындығын дәуірлік шындыққа ұластыра суреттеудегі стильдік алуандығы, алысты жақындатып, я болмаса жақынды алыстатып көрсететін дүрбі салу машығы секілді - салыстырмалы аллегория әдістерін түп қопара қолданған салиқалы, сындарлы эсперимент елестейді. Жылт еткен көріністен жалпылық мән іздеу, даңғайыр жалпылықтан даралық мінез құбылысын теріп алу - әдебиеттің күндіз қолға шам алып іздейтін үрдісі. Қай-қай шығармасын оқып шықсақ-тағы әрқилы дәуір туғызған әртарап әдеби мектептің барша қасиет-қадірін алақанға салғандай түстеп-танып аламыз.
Ең әуелі Альбион жағалауынан екпін алған, кейінше орыс классикасын баураған романтизм әдісі - жазушының “Аңыздың ақыры” романында танылса, роман жанрына Бальзак бастаған көргіштік пен індете зерделеу үрдісін әкелген классикалық натурализм мектебі “Үркер”, “Елең-алаң” дилогиясында жойқын ағысты, кең тыныспен көрініс табады. Әсіресе, Әбілқайыр хан басындағы мың тарап ой мен арпалысты жан толғанысы - біраз тұста қаламгердің өз қиялына ұқсап кететіні қызық - автор көбіне хан болып қаһарланады, хан болып уәйім жеп пұшайман болады. Сосынғы “Құс қанаты”, “Шыңырау” хикаяттары классикалық реализм стилінен туындаған таза суретшілдік, байқау мен бипаз баяндаудың әдемі үлгісі. Әрідегі Горький, берідегі Леонов ат ізін салған әлеуметтік реализм стилі “Тасбақаның шөбі”, “Күй” секілді шағын шығармаларына қан тамырдай лүпіл қаққан - өмірді өзінше оқып-тоқыған соны сөз, терең пайым, күрделі пәлсапа. Кейіпкердің жан арпалысының тұңғиығы. Өзінің білгенін өзге де білсін деген, өзі таңғалғанға өзге де таңдай қақсын деген жан жомарттығы, жүрек тазалығы туралы кейінгі әңгімелері қағазға түскен ой ағыны дейсіз бе, ойдың суреті дейсіз бе - әдебиеттегі авангардизм үрдісінен елес береді. Базбір пәлсапалық толғаныстары сол үрдістен бұтақтап бүр жарған бүгінгі әдебиет мектебі - жиырма бірінші ғасырдағы магиялық реализм, мистикалық реализм нышандары көңілге сиқырлы сарын боп құйылады. Жұрттан бұрын байқап, өзгеден ерек сезілген сезім сәулесі көкірегіңізге жарық шашып, көреген болып шыға келесіз. Тұтқын күйшіні тірілей жерге көміп, ата жауынан айбынын асырған түрікпен Жөнейттің мінез шарпысуы . . . түсінде күйшінің қу басынан қашуы . . . домбыра үнінің еттен өтіп, сүйекке сіңуі - сұрапыл теңеумен суреттелуі бұрын-соңды әдебиетте болмаған құбылыс. “Жөнейт жаңа ғана жүрегі атша тулап, шекесі дыңылдап, жүйкесінің бәрі шарт үзілердей шиыршық атып жатыр еді. Енді бәрі де тынши қалыпты. Бәрі де әлгі пәтуәсына бас изегендей. Манадан бері кірпігін тіреп-тіреп тұра қалған көп тіреу де құлапты. Ояуында көңілін паршалап, жан жүйесіне уша сіңіп қалған ойран ой ұйықтаған соң да мазалады”. Бас кейіпкердің жан тәсілім алдындағы хал-күйін мұншалық терең ашу - әдебиеттегі ой суретінің көрінісі екені кәміл.
Бұл не сонда? Бұл - әдебиеттегі Әбіш.
Дүниеде бір шындық бар. Ол - адамның рухани өміріне үңілу, сол арқылы қоғамның қозғаушы күшін табу, әлгі күш, әлгі пәрмен арқылы әлеуметтік толқындар мен қайшылықтардың көзге көрінбейтін астарын ашу, әдібін сөгу. “ . . . Адамға тән кәсіптердің ішіндегі ең бір қолдан келместей қиыны да, ақылға сыймастай құбыжығы да жазушылық шығар”, - дейді бір сөзінде Әбіш. “Қолыңда жоқ аспапты ойша тартып, құлақ құрышыңды қандырар саз ояту, қолыңда не бояу, не қылқалам жоқ, әйтсе де әуелі өз жанарыңды, сосын оқушы жанарын арбап алар сан қилы сурет тірілту, қолда жоқ граниттен қолда жоқ қашаумен қолын қусырып алдыңда отырмаған әлдебіреудің тұтас мүсінін сомдап, сосын оған тіл бітіру, жан бітіру, дірілдеген сезім, дірдектеген қан бітіру, ол - ол ма, ондаған, тіпті жүздеген сіз бен біздей жұмыр басты пенделерді ойдан таратып, оларды сіз бен біздің тағдырымыздан қиын болмаса, еш жай емес талқыға салу . . . тұтас бір халықты, тіпті күллі бір ғаламды қайтадан жасақтап, қайтадан орнату, әй, қайдан оңай бола қойсын!” Айнақатесіз Әбіштің тағдыры осы.
Әбіштің көркем ойлау тәсілі де ғажап.
Жазушының лексикасы бай, шұрайлы, нәрлі сөздік қоры баурай береді. Күнделікті қолданыста жоқ, әзелгі бабалардың қойны-қонышынан ұмытылып түсіп қалған тірі сөзді тап басып “сөйлеткенде” еріксіз ризалық сезімге бөленесіз. Әбіш сөйлеткен бұл сөздер көнерген, ескірген архаизм емес. Қайсы біріміздің жадымызға ілікпей, енді біріміздің қолданысымызға енбей жүрген, жақұт секілді, көңілге судай сіңіп, тастай батып, көзге жарқ етіп, жүрекке жылы тиетін “тірі байлық”. Көз алдыңызға көркем сурет қалқып шығады.
Жазушының көркем ойлауы - туған, өскен ортасымен егіз тамшыдай. Ешбір қаламгердің сөз саптасына ұқсамайды. Өзінше бөлек, қиыр көкжиегі кең, бірегей тынысты құбылыс. Үстірт шешендерінің төгіп сөйлейтін суырып салмасын, тапқырлығын еске түсіреді. Сөйлемдері жағаға жылжыған теңіз толқынына ұқсап, бірін-бірі асықтырып, ығыстырып, ентелеп әдемі бір көрініс құрайды. Ішкі ырғағы басым. Ұйқасқа бейім. Жазушының сөз саптау, сөйлем құрау стилін бірер сөйлемін оқып-ақ “о, мынау пәленшенің сөйлемі ғой”, - деп түстеп танып алуға болар еді.
Әбіш мектепте оқып жүрген кезінде жоғарғы сыныпта логика пәні оқытылатын (өкінішке орай, қазір бағдарламадан алынып қалған) . Логикалық ойлау жүйесі, силлогизм сыры жазушыға әуел бастан-ақ санасына сіңіп, ойына ой қосып үлгерген. Бір ойдан келесі ойды сабақтау, одан екінші, үшінші сөйлемді тарқатып әкету; айналып келіп шүу бастағы маңызды межеге соғу, пайымшыл оқырманға пікір сабақтастығы, жүйелілік - жазушы силлогизмінің күре тамыры. Күнесі мен көлеңкесін бірдей ашып алақанға салғандай етуі - ойлау машығының саралылығы!
Қазақ тілінің тасқайнарынан буырқанып шығып жатқан ғажайып тіл байлығына тәнті
боласыз.
Әбіш кейіпкерлері күңіреніп сөйлейді, жан әлеміңді тінте тіл қатады. Тіл мен жақтан айырылған мақауға “мәңгүрт” деп айдар тағып, киізқұлақ көрбілтеге селт еткізер күй сазын сіңіріп, салауатты ауызға салиқалы сөз салып, нені айтса да жер-жебіріне жетіп айтатын, қай тарапқа көз салса да тоқып алар терең ой, сұңғыла сезім табатын суреткерлік дарынға тәнтісіз. Жоғарыдағы ең бір қиын, ең бір “қорқынышты” кәсіптің бала жасынан соңына шам алып түсіп, дүние тіршілігінде өз сөзін, өз шындығын айтып келе жатқан, сөз қасиеті қонған қаламгердің әр шығармасы - көкірегі ояу оқырманға тәбәрік. Социализм дейсіз бе, қайта құру дейсіз бе, демократия дейсіз бе, ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің ақ таңы дейсіз бе!. . Бәріне де қаламгер халыққа қаратып өз шындығын айтып келеді. Кешегі күні өткен таптық күрес бүгін топтық жікшілдікке, кешегі бетке айтар сөз - бүгін сыртыңнан ши жүгіртуге, кешегі баққұмарлық, таққұмарлық бүгін кеп мансапқорлыққа айналмаса деп шырылдайды. Бұл жұрт ақезу тартыс пен қызылшеке кикілжіңді қап-қабымен арқалап жүріп, өз қандасын сыртқа теуіп, жатқа жорғалап қызмет жасап, аталы сөзге тоқтамай, айқайшыға еліріп жүріп, ешкімге жаттығы жоқ, ештеңеге кенделігі жоқ ел қатарына қашан ілігеміз деп Әбіш жазушы уәйім жейді.
Нені тәптіштесе де жеріне жеткізіп тебіренеді. Неге үңілсе де ұңғыл-шұңғылына көз жіберіп қазымырланады. Көркем прозаға қалам сілтесе де, қаламгер тағдыры туралы толғанса да жазушы айтар сөзін жайдақтатпай, жер-жебіріне жеткізіп, қазып айтамын деп - жақсы мағынасында - қазымырланып ділмәрсиді. Әбіш қазымырланса - ұлтына қаратып қалғымайтын намысты қамшылап, келер күнге адаспай жетудің жолын іздейді. Ортақ үйіміздің түтіні түзу шығып жүр ме деп алаңдайды. Атадан қалған рухани асыл мұра, қап-қап қазынамызды шашып-төгіп алмадық па деп уәйім жейді.
Ең ғанибеті, жазушы сөздің жанын сезіне алады. Бейне, виртуоз сазгерлер секілді тілдің тас бұлақтай көзінен нәр алып, ана тіліміздегі байтақ байлықты молынан қолданып, стильдік жаңалық ашады. Сөздің бір-бірімен құйылып келетін ұнасымы мен жарасымын ұстаған кезде - абыз шешеннің кестелі сөзіндей ерекше өрнек туғызады!
Оқиықшы: “Қайда қараса да, көретіні ел үстінен күн көрген пысықайлық, кісі үстінен пайда тапқан кісәпірлік, атасын бұлдап ас жеп, руын бұлдап ат мініп, параменен тақ алып, жаламенен бақ алып жатқан қырқыс пен қырылыс, соның бәріне көніп, бәріне төзіп, жел өтінде, қой шетінде беки еретін мүсәпірлік. Жазушының көз алдынан көлеңдеп өтіп жатқан қыр суреткерінің сиқы сол. Қорғансыздың күні . . . Жетімдік . . . Жуандық . . . Ескілік көлеңкесі . . . Ал соның бәрін көріп-біліп жүрген “оқыған азаматтардың” да құр әншейін “сөніп-жанудан” басқа бітіріп жатқаны шамалы”, деп Әуезов ұстазын тебірентеді. Жазушының әдеби толғамының өзі осындай болғанда, көркем прозасынан өртше қаулаған ішкі ағыс, ұнасым, ұтырлы сөз, көркемдік бояу, аллегориялық апшу, синтаксистік серпін тауып ғажапқа қалар едіңіз. Әзелде Әуезов әупірімін тап басып танып шүйіркелескен жазушы Мүсірепов мұзарт асуына аяқ салған кезде тауға шыққандай биіктейді. “Ол. . әрбір шынайы дарын өз құдіреті өзін қызықтауға, өнерді қызықтауға емес, адамдардың адамгершілігін өсіруге, “сүйсінуге тұратын нәрсеге сүйсінтіп”, “жек көруге тұратын нәрсені жек көргізіп”, ылғи кемелденіп отыруына жұмсалуға тиісті деп үйретті”. Биіктер туралы сөз айту үшін биіктен көрінетін қаламгердің кәнігі мінезі.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz