ДӘУРЕН ҚУАТТЫҢ КІРЕКЕЙ- КҮНЕКЕЙ ӘҢГІМЕСІНДЕГІ ТАРТЫС


Тайманова Сара Тамшыбайқызы,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент.
Болашақ университеті
Қазақстан, Қызылорда қ.
E-mail: sara. taimanova@mail. ru
Байдәулетова Аякөз Өтеуқызы,
филология ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы
Болашақ университеті
Қазақстан, Қызылорда қ.
E-mail: Ayiagoz_i@mail. ru
Дәурен Қуаттың «КірЕкей- КүнЕкей» әңгімесіндегі тартыс
Аңдатпа. Мақалада жазушы Дәурен Қуат әңгімесіне негіз болған аңыз-әпсананың сюжеті талданады. Оқиға кейіпкерлерінің арасындағы тартыс арқылы қаламгердің танымдық көркем ойлары ашылады. Баба-лардан қалған мұраның рухани құндылығына мән беріледі.
Кілт сөздер: көркем шығарма, ауыз әдебиеті, жанр, әпсана, әпсана-әңгіме, мифтік бейне, тартыс, адамгершілік, имандылық, руханилық.
Аннотация. В статье будет проанализировано предание которое послужило мотивом для рассказа писателя ДауренаКуата. Через конфликты между главными персонажами, раскрывается познавательные художественные замыслы автора. Также в этом рассказе придается особое значение к духовным ценностям наследий предков.
Ключевые слова: художественное произведение, устная литература, жанр, легенда (миф), мифологический разговоры, мифический образ, борьба, гуманность, нравственность, духовность.
Annotation. The article will analyze the fable that served as a motive for the story of the writer DaurenKuat. The author's cognitive artistic intentions are revealed, through conflicts between the main characters. Also, this story attaches special importance to the spiritual values of the heritage of ancestors.
Keyword: work of art, oral literature, genre, legend, legend-conversation, mythical image, struggle, humanity, morality, spirituality.
Қазіргі қазақ әдебиетінде негізгі ойды жалпы адамзаттық және ұлттық игіліктер негізінде көркемдеп беру тәсілі белең алуда. Соның бірі - көркем шығарманың сюжеттік желісіне аңыз әңгімелерді арқау ету арқылы әлемдік өркениетке ену жағдайында ұлттық мәдениет пен руханиятты жаңғыртудың мүмкіндіктерін пайдалану.
Жалпы адамзаттың рухани ғұмыры: салт- дәстүр, мәдениет, тәрбие мен білімнің өзара сабақтастығымен дамиды. Оның жан азығы - көркем шығарма, халықтың бай ауыз әдебиеті, ана тілі.
Халықтың өткен тарихы мен мәдениетін білмей тұрып алға жылжу да қиын. Сондықтан да қаламгерлер бүгінде өткенімізді ой елегінен өткізіп, жоғалтқан ұлттық құндылықтарымызды ұрпақ санасына сіңіруді, жетілдіруді көздеп келеді. Соның ішінде халықтық мұра - ауыз әдебиетінің бай жанры аңыз әңгімелерді шығармаларына негіз етіп ұрпақтың рухын көтеру, жалынды қайсар мінезбен өр рухты көтеру арқылы отансүйгіштік қасиеттерін жетілдіруде. Сондай-ақ рухани бай, саналы, жан-жақты мәдениетті, ілтипатты болуға, еңбекқорлыққа икемді және бәсекелестікке бейім, туған жердің тарихын білетін тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыруды көздейді. Себебі ол ұлттық дүниетанымының кеңеюіне оң әсерін тигізеді. Соның бірі - Дәурен Қуаттың «Кірекей - Күнекей» әңгімесі.
«Кірекей- Күнекей» жанры жағынан әпсана-әңгіме. Фольклортанушы ғалым С. Қасқабасов: «Әпсана - бағзы бір замандарда болыпты-мыс делінетін оқиғаларға немесе пайғамбардың, әулие-әнбиелердің ғажайып істерін баяндайтын діни сюжеттерге негізделген, сондай-ақ нақтылы тарихи, кітаби дерек, тиянағы жоқ, таза қиялдың жемісі ретінде туған, фольклорлық прозаның көркемдік сипаты мейлінше қанық үлгісі. Әпсанада аңызға да, мифке де, ертегілерге де тән жанрлық белгілер бірдей ұшырасады», - дейді [1, 95] . Біз қаламгер шығармасынан осы жанрлық белгілерді аңғарамыз.
Әпсана-әңгіме сюжетінде қазақтың дәстүрлі ұғымында шектен шыққан сүйкімсіз, жалған айтып жағынатын, өтірік айтып мүләймсудің бейнесі ретінде қабылданған мифтік бейне Жезтырнақ, Күнекей, Ажырай мен Айбүбі бар. Олар - ертегі-жырларда, ең ескі дәуірдегі халықтың аңыздарында кездесетін кейіпкерлер. Жазушы бабалардан қалған байырғы аңыз сюжеті негізінде әңгімені өрбіту арқылы бүгінгі күннің өткір де өзекті мәселесін көтереді. Ол - жаратушыны мойындау, елдің бірлігі мен ынтымағы, тәуелсіздігі.
Қаламгердің ә дегеннен-ақ шығарма арқауына негіз болған оқиғаны суреттеу шеберлігі де оқырманды қызықтыра түседі. Шығарма сюжетінің арқауында өмір үшін тартыс біреу емес бірнешеу. Соның бірі - аңшының жын-перілермен тартысы.
Әңгіме жоғалған әйелін іздеп, жын-перілермен алысып, албасты- сайтандармен айқасса да аңшының қара аюдың апанын таба алмағанын баяндаудан басталады. Жын-перілер көзін байлап адастырып отырса да адамнан айла асқан ба? Толағайды дүниеге әкелерде толғағы теріс келіп, қиналған жарының емі, Айбүбі ананың айтуынша, ұрғашы аюдың терісі екенін біліп, Тәңіртаудың етегінде қонжықтарын ертіп жүретін қоңыр аюды алып келгені есінде. Кірекейдің терісіне оранған Күнекей аман-есен босанып, ұл туды. Осы оқиға есіне түскен аңшы жоғалған әйелін табудың құпиясы осы деп шешті. Оқырман ізім-қайым жоқ болған әйелінің сырын ашқан Аңшының ендігі іс-әрекетін білуге ынтығады. Бұл қаламгердің өзіне тән әдеби әдісі болса керек. Сонан соң әпсана-әңгімеде автор алдымен қараша айындағы табиғатты суреттейді. Ымырт үйірілген шақта сүт пісірім уақыттай терістіктен соққан тікенек желге жауырынын тосып тұрған аңшыға Тәңіртаудың табиғаты да бір сырдан хабар бергендей. Қараша үй, қара жартастар мен қапталған қазан таулар, бесіктегі шырқыраған сәби үні оның тыныштығын бұзды. «Күннің астын жайлаған Күдері ердің қызы қайдасың?» деп сәбидің анасын іздей бастады. Бірақ анасынан еш дыбыс жоқ. Қолына қаруын ұстап дөң басына барды. Аңшы бұл өңірде жын-пері көшіп жүретінін біледі. Жұбайын жын-пері ұрлауы мүмкін. Өзі де олармен талай алысқан. Кеше ғана бұланның етін иығына енді көтеріп ала бергенде, мүттәйімнің мүләйімсіп «олжаңмен бөліс» деп жетіп келгенін есіне алды. Кемпір кейпіндегі мүттәйімге аңшы аңның қол басындай етін сылып бере салған. Ол да шайнамай қылғытты. Адам- аңшы тәсілге көшті, жаны ашыған кісі кейпінде: «Кейуана, - деген, - кейуана, арып-ашып қайдан келесіз? Кемпір шашын жайып сұңқылдады: «Қайдан келуші ем, балам? Құлан ұшып өлген құрдымнан келем. Тас емшегі суалған, жүзі солып қуарған мен бір ғаріп анаңмын. Көлеңкеңнен қалдыра көрме, көкетайым». Аңшы нән қарағайды тасалана бере: «Шеше, ендеше мынаның ұшынан ұстай жүріңіз», - деді де, кемпірдің мойнына қыл шылбырды атып ұрды. Кемпір тырнағын кезеп ұмтылғанда, Аңшы шылбырды шірене тартты да, қарағайдың діңіне орап жіберді. Сөйтсе кемпір кемпір емес, кәдімгі Жезтырнақтың өзі екен, қыл шылбырдың қылын суырып, түте бастағанда Аңшы шақпақ тұтатып үлгерді. От шылбырдың бойымен ақты. Шылбырды үзіп тастап қаша жөнелген Жезтырнақ: «Аңшы, мен сенің қыр соңыңнан бәрібір қалмаймын. Қатыныңды жадылап, балаңның балғын тәніне шеңгелімді бір қандармын. Мына Қойқаптағы жынның бәрін ізіңнен өргізермін!» - деді айқайлап [2, 23] .
Жезтырнақ - әлем халықтарында кездесетін мифтік бейне. Ол ертегідегі жағымды кейіпкерлердің қас жауы. Ол оттан қорқады. Әпсанада Жезтырнақ жай кетпеді, кектеніп кетті.
Аңшының Жезтырнақпен арпалысынан басталған тартыс жын-перілер әлемі мен жер бетіндегі адамзат әлемінің арасында өрбиді. Тартыстың болу себебі - Аңшы-адамның түз тағысына қиянаты мен жын-перілердің адамның жұбайлық өміріне қарсылығы. Олай дейтініміз, «Ер Төстік» ертегісінде перінің қызы Бекторының жұбайлық өмірге қарсылығы секілді Жезтырнақ та аңшының өзімен ғана айқаспай, оның жұбайы мен баласына тісін қайрап кетеуі. Сондай-ақ ілкі заманнан хабар беретін перзентсіз кейіпкерлер Жезтырнақпен қатар Ажырай баба мен Айбүбі әже және «мүттәйім» сөзі.
Үйдегі жылаған сәбидің дауысын естіп шыдамай келген қос мұңлық баланы жұбатып, бауырларына басады. Ел ішінде аңшының жарын жын жетелеп кеткен деген әңгіме гулейді.
Екінші тартыс - хайуанаттар әлеміндегі тартыс. Одан әрі ымырт кеште бастау басына барған Күнікейді ұрлап кеткен Аршалының қара аюы. Күнікейдің ту сыртынан қадалған көз. Қараңғы тас үңгірдегі есінен танған, омырауынан сүті саулаған, зар қаққан әйел-ана тағдыры талқыға түспек. Осы оқиға туралы Тәңіртаудың ұшар басын мекен еткен Ата қыранның хабарынан жиналған хайуанаттар Алтын шаңырақ тауының басындағы әйел ұрлаған аюдың іс-әрекетін талқыға салады. Ең бірінші Балқы дейтін жыландар ордасының көсемі сөз алады. Аю болса Бапының төрелігіндегі аңдар сотында кінәлінің орнына барып отырады. Бұл - хайуанаттар әлемінің көне заңы. Алтын шыңырақтың ұшпа тасы - айыпкердің орны. Егер ол кінәсіз болып ақталса, қауымға оралады, егер ақталмаса ұшып өледі.
Төреші - Бапы.
Әйелді апанына әкелген аюды хайуанаттар «Қара дүлей» дейді. Ол бұл қауымға кейін келген, жатжерлік аю. Аршалының аңғал, момын жыртқыш аңдарына ұқсамайды, ызалы, алапат күштің иесі. Оған қауым басшылығы өмір сүруге, тұқымын көбейтуге рұқсат берген соң ғана өз жайымен өзі еркін жүрген болатын. Енді таудың аң-құсын дүрліктіріп, дүрбелеңге салып отыр. Оны осындай әрекетке баруға мәжбүрлеген Кек екен. Автор баяндау тәсілі арқылы одан әрі Тәңіртаудың күнгей бетінен келген дүлей аюдың өз аузынан тағдырын баяндатады. Оқырман аюлар өмірінің тіршілігімен таныс болады.
Қара дүлей аюдың әке-бабаларының тағдырынан адамзаттың оларға жасаған қаскөйлігін және оның зардабын біледі. Тұқымынан жалғыз қалған, өрт шалған орманнан аман қалғандар бет-бетімен кетеді. Соның бірі - Дүлей. Ол: «Аюлар, білесіздер, үйір ертпейміз, жұптасып қана өмір сүреміз. Бірақ сонда да біз үшін ата-ана қымбат, бала тәтті. Біз тым балажан аңбыз. Қонжықтарымызды қорбаңдатып ертіп жүргенді тым жақсы көреміз. Кейде олар салқы төс аюлардың салмағын көтере алмайтын зәулім шынарлардың жас бұтақтарына өрмелеп, зәре-құтымызды қашырып ойнайды. Кейде қытықтасаң оянбай, өтірік өлген болып жатып алады. Ол кезде қонжықтайды арқалап жүруге тура келеді. Ал арқаңа бір қонды ма, қонжықтар содан қайтып түспейді, танауы пысылдап ұйқыны соғадай-ай келіп!», - деп [2, 27] болған оқиғаны баяндайды.
Өртке оранған мекенді, өмір үшін жанталасқан әкесі мен анасының отқа тірідей қуырылып, қауыммен бірге қара орманның күліне көмілгенін көрген қонжық адамның құлдығына түседі. Тағылық мінезінің барынан айырылып адам-қожайынның ырқына көнеді. Оның жонын сипап еркелеткенін, шойын шоқпармен ұрғанын, тілерсегін тіліп, аспақта асылып тұрып адамның көзіне бағынғанын, жон терісін сыпырып алып қара шыбынға жем қылғанын, ең соңында тағылық мінезінен айрылғанын баяндайды. Шынжырдан босатып сиырлармен бірге өріп, күйіс қайыруды ұққан шамаға жеткенде қожайыны: «Қара дәу, саған қатын әперейін, қатын әперіп тұқым-тұяғыңды тегіс құлданайын. Соғыссам - жауынгерім, соқаға салсам - құж желке қара өгізім боласың», - деп таудан бір жас кірекейді әкеп қойнына салады. Бұл - кірекейдің ажалы да Аңшыдан болса, екі қонжығын тасқын дария жұтады. Ызаланған, барынан айрылған Дүлей үшін Адам-аңшы - оның қас дұшпаны. Бұл жерде екі әлемдегі мейірімділік пен жауыздық таразыға түседі.
Автор аю мен адамның арасындағы тартысты суреттеуде Жер бетіндегі тіршілік иелерінің өз әлемі бар екенін меңзейді. Олардың да тіршілігі, іс-әрекеті бар. Өзгелер секілді өмір үшін, отбасы үшін күреседі.
Әңгіме сюжетін Аңшының жезтырнақпен арбасуынан бастауы да жазушының ерекшелігі. Оқырман хайуанаттар әлемінен біраз хабардар болады да, әттеген-ай деген өкінішті сезімнің жетегінде отырады, не болар екен деген ойдан арыла алмайды. Одан әрі Бапы Балқы:
Аңшы - адам, ал адам - біздің Тәңірден кейінгі иеміз. Жазмыш солай!
- Бәрібір сіздің әйелді алып қашқан ұрлығыңыз жөн емес, - деді.
- Неге-е-е? - деп күркіреді Дүлей. - Адамнан көрген қорлығым мен Аңшы-адамнан көрген жауыздығыма мына қылған қайратым жауап бере алмай ма?!
- Жауап бере алмайды, - деді кенет байсал тауып, бабына көшкен Бапы ысылдап.
- Жазмыш солай, жауап бере алмайды. Сенің апаныңда жатқан әйел - Күннің астын жайлаған Күдері ердің қызы. Күдері айдаһар аулайтын көк перінің сойынан еді. Менің арғы атамның алты басын кесіп алып, қанжығасына бөктерген сойқан - сол. Мен бірақ Күдерімен кек қуысқан жоқпын, бітіскенмін. Бәрімізден алапаты асқан адаммен кектесу - ажалыңа асығу емес, Жаратқан Хақтың назасына қалу, кәріне ұшырау. Жаратқанның кәріне ұшыраған аң түгіл адамзат қауымының неше атасы да жер бетінен жойылып кеткен. Кәне, ер болсаң айтшы маған, Мұсаның қауымына билік жүргізбек болған перғауындардың көлеңкесі қалды ма мынау піл сауырлы қара жердің бетінде? Перғауындар адамдардан да күшті еді, әлеуетті еді. Диюлармен дос еді. Сол перғауындар секілді, ей, аю, сенің де тұқымың тұздай құрып жүрмесін, қайт райыңнан! Қайтар әйелді Аңшыға! [2, 31]
Ызалы ашуыннан, кек алу райынан қайтпаған Дүлейге қарсы Шаған бұғы аюдың да жауыздығын бетіне басады. Өтірік бұғы болып шақырып қанша маралым мен бұзауымды, әулеттің анасы Көке Маралдың қарнын жарып, тәнін көмбеге басып, шірітіп жегенін еске түсіріп Қара Дүлейге ұмтылады. Оны қара қабылан ұстап қалады. Одан соң қашанғы шыдаймыз деп әділдік іздеп ортаға елік шығып, Бапыдан барлық жыртқыш жан-жануарлардың ісін таразыға салып, әділдігін айтуды сұрайды. Оған тау ешкі де, бұлан да, киік, көртышқан бәрі қосылады. Жауыздық сендерде жоқ па?- деп нәзік үнді Еңлікгүл де шығады. Адамның аңдарға көзқарасы мен аңдарға адамның көзқарасы қатар баяндалады. Одан әрі оқырман да әділет іздеген хайуанаттар да, тамырын тереңге жая алмаған өсімдік те Қара Дүлейдің үстіндегі тонның тарихын біледі. Бапы:
- Сенің бабаң Ғайса пайғамбарды қорқытпақ болып, қой терісін жамылып жолын тосты. Сөйтіп, Құдайдың кәріне ұшыраған. Сенің тегің - адам! Сен адамнан азғансың. Түс ұшпадан, апаныңа орал! Апаныңа орал да, ұрпағыңның бірін адамзат қауымына қайтар! - деді. Жыландар көсемі Бапы Балқы аюды жауапқа тартып, адамның болмысын қадірлеуге үндейді.
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz