Мағжан Жұмабаев поэзиясының көркемдік ерекшелігі



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 7 бет
Таңдаулыға:   
Мағжан Жұмабаев поэзиясының көркемдік ерекшелігі

Халқымыздың маңдайына біткен жарық жұлдыз, әдебиетіміздің алып тұлғасы, Абай поэзиясынан - "ақындықтың әбілхаят суын" (М.Әуезов) қана ішіп, қазақ поэзиясына жарқын да нәзік, сыршыл да сұлу әуезе әкелген сезімтал да сыршыл ақын - М.Жұмабаевтың бар туындысы халқына арналған.
Алдыңғы толқын ағалар - Ахмет, Міржақып секілді Мағжанға да замана желі жайлы тимеді. Сол кездегі озбыр саясаттың тақпаған кінәсі болмады. Бірақ, мұның бәрі ақынның елім, жерім, қазағым деп соққан жүрегіне, асау арманына тұсау бола алмады.
Жүрегін жалын атқызған әрбір құбылысқа, селт еткізген нәзік сезімге Мағжан сұлу да сырлы сөздерін арнады. Мағжанның асыл қазынасын, рухани байлығын танып білу, оны талдай отырып, келешек ұрпаққа сол қалпы нәзіктігімен, сыршылдығымен жеткізу біздің міндетіміз.
Өмірдің қанша теперішін басынан өткеріп, сан қилы соқпағына түссе де бар білгенін, бар түсінгенін сол жолдың қилы кезеңін ақырғы досы - жырымен өрнектеген суреткер. Бұған ақын шығармашылығымен тереңірек танысқан сайын көз жеткізіп, ақындық талантын еріксіз мойындайсың. Оның өмір ағыны, заман қабағы, халық тағдыры жайлы сан алуан ойлары, толғанысы мен тебіреністері жырларының өне бойынан айқын көрінеді.
Ақынның нағыз өзіндік бағыт - бағдары мен айырым қырлары поэзиясынан көрініс береді.
"Поэзия дегеніміз негізінен алғанда - өмір, өмірдің мәні, өмірдің мөп - мөлдір сәулесі, шып - шымыр құймасы, қоп - қою тұнбасы..." - дейді Белинский. осы пікірге Мағжан поэзиясы қалай жауап қайырады. Бұл үшін Мағжан өлеңдеріне кезек берейік. "Қысқы жолда" өлеңінде:
...Ызғарлы жел долданып,
Екі иінінен дем алып.
Іштен тартып осқырып,
Кейде қатты ысқырып.
Аңдай ұлып бір мезгіл
Біресе сақ - сақ күледі...- дейді.
Табиғат бүкіл әлем құбылысы ақынның жан- дүниесімен үндесіп, сырлы сұлу, кейде тіпті ақылға сыймас қиял ғажайып ертегілерінде суреттелген ерекше бейнелер санаңда тіріліп, еріксіз көз алдыңа келеді.
Аяздың ызғарлы болуы да, желдің аңдай ұлып, біресе ішін тартып осқырып, ысқыруы да Мағжан жаңалығы емес, бұрыннан бар нәрсе. Ал, оған жоғарыдағыдай мінездеме беріп кейіптеу, тірі жандай етіп, бүкіл әлемді жандандыра суреттеу, міне сол арқылы табиғаттың жұмбақ сырын көз алдына келтіру ақынның суреткерлік шеберлігінің дәлелі.
Ақын талантының құдіретті шабытымен кестеленген өлең жолдарының мағынасы сурет болып, санаңа еніп, сезіміңді еркіңе қоймай билеп алып, сүттей сапырып, айрандай ұйытады.

... Дала, дала. Сар дала!
Жапан түзде бір қара...
Шілде.Оттай ыстық күн
Дала-өлік. Жоқ бір үн.
Жер де жатыр тұншығып.
("Жазғы жолда",153-б.)
Ақынның бұл өлеңінде де табиғат адам жанымен ұштасып жатыр. Табиғат аясында жалғыз қалған жолаушының жан-дүниесі астаң-кестең. Белгісіз бір сергелдеңге түскен, тек қана:
...Аңсап есін жия алмай,
Көзіңнің жасын тия алмай,
Өлсем екен тұншығып!...- деп, өлім іздейді.
Адам баласы өмірдің қызығына тойып болдым деп, өлімді аңсаушы ма еді? Әрине, жоқ. Ал, Мағжан өлеңінің кейіпкері өлімді аңсайды. Себебі: тек біреу ғана, ол өмірді бар теперішін басынан өткізеді, торығуды өткізді, жалғыздықтан жалықты. Мұндай адамға " көк күл болып", " жем жемірілсе де" әсер етпейді. Ал, осындай әбден торыққан адам бейнесін берудегі Мағжан суреткерлігін қараңыз! Ол өз кейіпкерінің өмір жолын теріп, істеген әрбір ісі мен көрген азап - қорлығын тізбелеп жатпайды. Тек " сақ - сақ неге күлмейді?"- дей келіп, " өлсем екен тұншығып!"- деген сөздерді өз аузынан айтқызып, азап пен қорлыққа түскен адам бейнесін береді.
Бұл кездегі табиғат көрінісі қандай? Лүп еткен жел де жоқ, аспанда іліп алар бұлт та жоқ, тек оттай ыстық қана күн ғана бар әлемді күйдіріп бара жатыр. Жер де, адам да тұншығады.
Қарапайым ғана көріністер мол сырға ие болып, жол, дала, аспан, бұлт бәрі - бәріне жан бітіп, адам жанымен тілдескендей әсер қалдырады.
Адам мен табиғат арасы ақын өлеңінде ажырамас бірлікте, тоғысқан күйде, яғни, айнала өмір, ол осы өмірді ақынның қабылдауы сырлы сөз күшімен әсерлі сурет береді.
Ақын елдің елдігін, дарқан даланың кеңдігін жырласын, ақша қардың ақтығын, махаббаттың пәктігін жырласын, ең бірінші өз дүние түсінігі, ішкі жан күйі тұрады, сонысымен әлемді, бүкіл дүниені толғандырып, бірге тебірентеді.
Мағжан өлеңдеріне тереңнен көз жіберсек, оның аса қалап, сүйіп жырлаған тақырыбы адам, адамның ойы, ішкі көңіл - күйі, арпалысқан сезімдері екенін білеміз.
Мағжан махаббат лирикасын жан - тәнімен беріле жырлады. Өз көңіліндегі қас - қағым сәтті қағып алып, өлең жолдарына бөлейді. Өлең тек сырт оқиғаны шертуге құрылмай, ішкі дүние әлемінің тылсым қайнауларын паш еткен:
...Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін,
Патша тағы бүкіл дүние малына...
Бұл өлең - лирикалық қаһарманның жан дауысы. Қос ғашықтың жан мен сезім сұлулығының ғажайып бір үйлесім тапқан сәтін қимаудағы ақтарылып айтқан ақтық сөзі, ішкі назы, күйдіріп, жандырған махаббатының сазы. Лирикалық қаһарман сүйген жанының таң нұрындай мөлдір, таза сұлулығын тамсана тамашалайды да, өз жүрегінің тереңінен:
...Шашың - қара, денең - ақ бұлт, жүзің - Ай,
Тісің - меруерт, көзің сәулем құралай,-
деген жыр жолдарын төгеді. Қол жетпес асыл арманын сүйгендегі ләззат, бақыт сезімдеріне тіл бітіреді. Дүниенің бар байлығын жарымен өткізген уақытының әр сәтіне айырбас жасамайтын тұрақтылығына сендіре, махаббаттың биік қасиеттерін келістіре жырлайды. Бірақ, бәрінен кереметі - сүйгенінің жан сұлулығы мен жан тазалығын суреттей отырып, өз жүрегінің дүрсілімен үн қатуы. Лирикалық қаһарманның осындай алапат сезімді сәтін беруде М.Жұмабаев керемет бейне, көркем сурет жасай білген.
"Лирикалық шығармадан оқырман бірауық өз басының жай - күйін көреді. Оның қайғысымен қайғырып, қуанышымен, шаттығымен, үмітімен тыныстайды, оның көзімен көріп, құлағымен естіп, тілімен сөйлейді",- деп В.Белинский айтқандай, сыршыл Мағжан өзінің терең ойын, сезімтал жанын жалпы жұртқа бұрын беймәлім түкпірін кенет жарқырата ашып, бір түрлі бір нәзік дірілмен, назды сырға, сырды жырға айналдырады да, өзінің осы күйіне оқырманды ортақтастырады.
Ақынның осы күйі кең даланы тербетіп, әсем үнге бөлейді.
Ақын өлеңіндегі отты сезім, жалын атқан көңіл оқырманның өне бойына қан жүгіртіп, жүрегін тербейді. Оқырман енді ақынға айналады. Туысы бөлек екі адам сезім тілімен туысады, екі адам бір адамға айналады.
Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталады",- деп ақиық ақын - Мұқағали айтпақшы, Мағжан поэзиясында махаббат лирикасының құдіреттілігін халық мойындап, тілге тиек етіп жүр.
Лириканың жан біткенді тұтқындап әкетер сезім күші осындай. Мысалы үшін:
...Келші, көзім, күн бетіңді көрейін,
Сүйші сәулем, тұншығып мен өлейін.
Жет, жұлдызым, жылжып қана жібектей
Жұлдыз - жүзік, айды- алқа ғып берейін...
Өлеңнен өз сүйгеніне заңғар көктегі жұлдызға дейін, айға дейін әперуге даяр адамның, мөлдір махаббат иесінің аңқылдаған кіршіксіз таза көңілінің самалы еседі. Ақын жырлауындағы шын махаббатт - азап жолы. Оның қайғысы мен қуанышы да бірге жүреді. " "
...Махаббат - бір тікенек
Жүрекке барып қадалар.
Бақытсыз ғой бұл жүрек,
Тамшылап одан қан ағар.
Махаббат - бір тәтті у
Ішер жүрек, төгер жас.
Махаббат - адам сезімінің тереңнен көз тастар ең биік шыңы. Егер осы ең ұлы сезім"махаббат пен ғадауат майдандасқан"(Абай) жұдырықтай ғана жүрекке тікенек боп қадалса не болмақ?
Ақын поэтикалық өрнек, ерекше бейне жасауда үнемі ізденіс үстінде. Ол үнемі өз көргені мен сезгенін жырлауда образбен ойлайды. Айнала, күллі дүние суретке айналып кетеді. Мағжан бір-бірін шынайы сүйген жүректердің сағыныш жасын махаббаттың тәтті уына теңейді. Бұл образ Мағжанға дейін ешбір ақынның туындысында кездеспеген, қазақ әдебиетіндегі соны, тың бейнелеу, тың образ.
Ал, у дегеннің өзі денеге тисе, өртеп жан дүниеңді аласұртып, адам өмірін қас - қағым сәтте қиятын, өліммен табыстыратын ажалдың от қамшысы емес пе? Ал, ақын осы уға да соны мағына, соны көзқарас береді. Бұл қолданыста ол бізге бұрынғыдай соншалық қорқынышты, үрейлі емес, бір түрлі жағымды естілетіндей.
Мағжан өлеңдерінде теңеуді болсын, айқындауларды болсын әйтеуір өлең көркі болсын деп, оңды - солды қолданбайды. Оның алдына қойған мақсаты - "тілге жеңіл, жүрекке жылы"(Абай), нысанаға дөп тиетін, көркем де бейнелі қолдану. Ал, таланты кем, өресі қысқа "шала шекспир","танылмаған толстойлар" ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
МАҒЖАН ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ТҮР ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ ПОЭЗИЯСЫ
М. Жұмабаев
Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын талдау
ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ әдебиетіндегі символизм сипаты
М. жұмабаевтың шығармашылығының жалпы қазақ әдебиетінде алатын орны
Көркемдік тәжірибе және ақындық шеберлік
Мағжан өлеңдерінің өрнегі
Мағжанның жаңашылдығы
ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ поэзиясындағы ұлттық сипат
Пәндер