Жұмекен Нәжімеденовпен интервью



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 20 бет
Таңдаулыға:   
Амангелді Кеңшілікұлы: Өнерден өз жолын іздегендерге не айтасыз?
Жұмекен Нәжімеденов: Қалың орманда жалғыз қалған кісінің жүрісі қызық. Адасқанын сезген сайын берекесі ұшқан жолаушы әрі-беріден соң батыс пен шығысты айырудан қалады. Ондай жағдайға душар болған адам үшін жолындағының, маңайындағының бәрі жаңа, бәрі бейтаныс: жолға көлденең түскен бұта да, балақтан ілген әрбір тікен де оған кедергі бола алады. Оның бағытын жер қолайы, табиғи біту ыңғайы белгілейді. Поэтикалық творчество адамының да әуелгі жолы осыған ұқсас. Оның да ізі ирек, оған да көп нәрсе бейтаныс, оның да бағытын көбіне-көп жағдай билейді. Сондай-ақ қайтіп, қалай жол табу - нені аттап, неден айналып өту кісінің кісілігіне, талантына байланысты. Поэзияда да ғылымдағы сияқты сайрап жатқан жол жоқ. Әрине, жол жүрген сайын әр нәрсеге көз үйреніп, әлгіндей ну орманның көп түкпірлерінің көріне бастауы табиғи жай, көркем творчествода мұның атын тәжірибе жинау, машықтану деп атайды. Айырмасы: орманда бір қалтарыстан жалғыз аяқ жол кезіксе, адам қуанып қалады, өлеңде басқаша: ақын әрбір оңай табылған тіркеске сақтанып қарайды. Өйткені дәл тіркес өзінікі болмауы мүмкін. Міне, нағыз творчествоның қиындығы ғана емес, құны да осында жатыр.

Біз осы ақынға сын айтқанда, осы жақсы емес, жаңасы туралы айтамыз. Рас, қанша жақсы болғанмен бір жүрген жеріңді екі мәрте бассаң, өз ізің де өзіңдікі болудан қалады. Кейде өз төріңді ғана емес, өз көкірегіңді өзің тастап шыққың келетіні сондықтан. Әттең, қолдан келсе ғой! Басында айтылғандай қалың орманның, ой орманының ішінде жүрген адамның өз бағытын қалай өзгертетіні - стихиялық жайт. Осылай жүрейін, осы бағыттан қалайын деп, әдейі (саналы түрде) барып ешкім ештеңе айтқан жоқ. Колумбтың Индияны іздеп жүріп, Американы ашып алғаны содан. Бұдан, әрине, өнер адамы ылғи мақсатсыз қаңғырады деген ұғым шықпайды. Индияны іздеу бақыты да көрінгеннің маңдайына жазыла берген жоқ.
Амангелді Кеңшілікұлы: Дегенмен, бізде өнердегі өз жолын омбылап салып келгендерге, кейіннен көп сын айтылып жатудың себебі неліктен?
Жұмекен Нәжімеденов: Қайсыбір әдебиетшілер ... алғашқы адымдары жақсы еді, соңғылары бір түрлі болып кетті деп кінә қояды. Мейлінше жаңсақ пікір. Ақын солай, ылғи өзгеріп, жаңарып отыруға тиіс. Ол - адам. Өлең жазып қана емес, өмір сүріп келеді: тәжірибе қайда, әсер қайда? Ол жыр тоқитын станок емес. Кеше мақтағаныңды бүгін айыптайсың, кеше оқыған кітабыңды бүгін қайыра оқисың, басқаша әсер аласың. Өмір, уақыт заңы осылай. Қайта керісінше, кейбір ақындардың бұдан жиырма жыл бұрын жазған өлеңі мен күні кеше жазғанының арасынан ешқандай өзгеріс (түсінік, ұғым, көру, ой түю тәсілдері, т.б) көрмегенге таң болып қаласың. Баяғыда сондай еді, әлі сондай дегенге біраз жігіттер мақтанып қалатынын байқағанда, тіпті дал боласың. Мұндай ақындардың он бес-жиырма жинағынан он өлең оқысаң жетіп жатыр. Себебі: бәрі бірдей, ортақол, бәрі бір күнде жазғандай, түгел тінтіп керегі не? Станоктан шыққан матаның бір метрін көр не, он метрін көр не - бәрібір.
Бұндай жай мына бір белгілі анекдотты еске салады. ...Бір топ шал өткендегі өмірлерін айтып, мақтанып отырады: бірі - жас кезінде тоң ойғанын, топырақ аударғанын сөз етсе, екіншісі - атқа шауып, асау үйреткенін, енді біреуі күреске түсіп күшін сынағанын, қысқасы, бәрі де күнінде болған, қайратты, алымды жандар екенін, ал, қазір кәріліктен жапа шегіп отырғандарын ортаға салысады. Сонда, Қожанасыр тұрып: Жоқ, мен баяғы жиырма бес жасымдағы қалпымдамын-дейді. Әлгі шалдар бұған күдіктене, одырайыса қарасады. Өйткені,-дейді сонда Қожанасыр,-біздің ауылда жатқан қара тасты мен жиырма бес жасымда да көтере алмап едім, қазір де көтере алмаймын, қайратымның қайтпағандығын осыдан көре беріңдер.
Андрей Вознесенский поэзиясын талдай келіп, Юнна Мориц былай дейді: Плох тот поэт, который не обманул ожиданий и дал точно то, что обещал в юности. Значит, он лишен сильнейшего чувства - чувства пути... (Юность, №10,1981). Ләйім, бітпесін! Іздей берсін, қалың қара орманда жүрген кісідей, адасып тұрып іздесін. Өнеріңді де, өзіңді де ескіртпеудің, қартайтпаудың бірден-бір дұрыс емі осы.
Өнерге тән өміршеңдік, өмірге тән ерлік бар. Өлең жазған кісінің бәрі ақын емес екені - дәлелденген шындық. Шын ақынды жасайтын - өмір, содан алған әсер, тәжірибе болса керек. Біздің оптимизм деп жүргеніміз, бір сөзбен, өмірге сену деген сөз. Ал өнер - осы сенімнің айнасы.
Ақын бағбан сықылды: жыр бағының әр түбін күніге он түртіп, қисық өскен бұтағын қырқып, түзулерін мәпелеп ертеңнен қара кешке шейін дамыл таппайды. Дамыл атаулының бәрі - творчествоға қас нәрсе.
Амангелді Кеңшілікұлы: Ақындардың ішінде Мұқағалидың шығармашылығы үнемі назарыңызда болыпты.
Жұмекен Нәжімеденов: Талантты ақындарымыздың бірі Мұқағали Мақатаевтың Алатау, ассалаумағалайкүм атты өлеңі бар. Мақатаев поэманы да, өлеңді де көптеп, топтап жазып келе жатқан адам. Маған салса, оның басқа барлық жазғанын таразының бір басына, осы өлеңін бір басына салар ем. Кімге қалай екенін білмеймін, өз басыма осы өлең қатты ұнайды. Адамның қара көзімен ойнайтын сиқыр емес, қасық қанымен ойнайтын сиқыр бұл! Сырттай қарағанда осы өлеңде пәлендей әкетіп бара жатқан ештеңе жоқ сияқты. Тың теңеу, соны образ, терең ой сықылды өлең атаулының бәрінен талап етіліп жүрген қасиеттер де байқалмайды. Кейде өлеңді де бір сөзбен жандырып, бір сөзбен бүлдіріп алуға болады екен. Осындағы орынды қолданылған: жарықтық, босаға, ассалаумағалайүм үш сөз өлеңді жақсы көтеріп кеткен.
Ал, ең бастысы: ақын сезімінің шыншылдығы, мөлдірлігі. Осы күні дәуір тынысы, уақыт рухы, деген сөздер көп айтылады. Мұны айтқызып жүрген де сол уақыттың, дәуірдің өзі болуы керек. Дәуір тынысы, уақыт үні дорбаға салып, биіктеу қазыққа іліп қойған нәрсе емес: Ол ұмытылып барып, іліп алып жүре беруге келмейді. Космос, корабль, стадион, эстрада сықылды сөздерді қанша үйіп-төгіп пайдаланғанмен, уақыт рухы берілмейді. Уақыт рухын бере алатын да адам рухы. Шын мәніндегі азамат сөзі айтылған жерде қағабері қала алмайды; өйткені әрбір азамат - алдымен өз кезеңінің ұлы, өз ғасырының ұлы, жиырмасыншы ғасырдың азаматы, бесінші ғасырды жырласа да бүгіннің, осы кездің тілімен жырлайтыны - айтылып жүрген шындық. Әрбір жақсы шығарма - дәуір тынысын берген шығарма. Әрбір жақсы шығарманы жақсы ететін де сол дәуір шындығы. Талант деген дән іспеттес: құрғаққа, аңызаққа өспейді. Оның бораздасы - әжім, жаңбыры - тер, еңбекпен ғана ол көз сүйсінерлік көк алқапқа айналады.
Амангелді Кеңшілікұлы: Мұқағалидың өзі мен ақындығына берген бағаңыз да дәл келді
Жұмекен Нәжімеденов: Әр өнерпаздың, ақынның мықтап бір танылып, міні ойсырап, шыңы жарқырай көрінетін уақыты болады. Бұл жай - белгілі бір жылдардағы әдеби модаға да, ағым-алыпқаштыға да, тіпті, сол ақынның өлі-тірісіне де байланысты емес секілді...
Мұқағали марқұм көзі тірі кезінің өзінде жарқырап танылған шын мәніндегі таланттарымыздың бірі еді. Сондықтан шығар, өз басым осы қолжазбаны ұстағанда екі түрлі сезімде болдым. Оның бірі - қуаныш, бірі - қорқыныш. Қуанғаным - өзіме әлдеқашаннан таныс екпінді, әсерлі жырларымен қайыра кездесу рахаты, тұшыну, тану ләззаты да, қорқынышым - жақсы ақынның бұрын белгісіз орасан бір олқылықтарын (біреудің етегін түріп қараған секілді) мінін, осалдық жағын көріп қою; содан қауіптену, содан секемдену, түйсігі екен. Өйткені, әркім жақсы көрген, үміт еткен адамының бойынан ақау көргісі келмейді ғой. Мені, алдын ала ашылайын, әлгі айтылған екі сезім алдамады, екеуі де орнына табылды. Бірақ, қолжазбаны оқу үстінде қуанышым молыға, күшейе түсті де, қорқынышым бірте-бірте азая берді. Себебі, мен ақын жырларынан көрген кемшілік-міндерді кешіріп, соған да көндігіп үлгердім. Бұған әсер еткен - қолжазбаның ересен молдығы. Жеті жүз қырық бет өлең! Және кітап бетін көрмеген жаңа өлең.
О, жастық!
Сен өлгенде - мен өлемін,
Сенсіз мен қиылған бір бөренемін.
Көнеремін, білемін, көнеремін,
Көгере бер мәңгілік сен, өлеңім.
Жырсыз менің өмірге не керегім,
Жырдан басқа жұртыма не беремін?
Рас, жырдан басқа ақын не бере алады? Жырдан басқа жұрт не күтеді, не талап етеді? Бірақ көзі тірі ақынға талап тым көп. Ақынның жүріс-тұрысы, берген сәлем, алған қолы, тәртібі, мінезі... Мұқағали ондай талап-міндеттерден құтылған ақын. Бізбен бірге оның жыры қалды.
Мұқағали поэзиясы - шын мәніндегі халықтық поэзия. Айқын, ашық әуенді. Өлеңдерінің үнділігі жағынан ол көп ақынға үлгі, өнеге. Одан қазіргі қалам ұстаған жастар үйренер талай-талай қыр, сыр бар. Мұқағали ешқашан моданың ақыны болған жоқ, сондықтан, оның жырлары ескірмейді де. Атайы домбырашының қолындағы қой ішегін таққан домбырадай, барлық уақытта да күмбірлей естіліп отырмақ.
Ақыр түбі ақылдылар үйретер,
арамтамақ, азғын, ақымақтарды.
Лайым солай болғай. Мұқағали поэзиясының, негізінен, жарқындығының көп сыры - осы бір үмітшілдікте, сенімде де жатыр.
Сенемін!
Сенемін мен!
Сенемін мен!
(Сенбесең оқып қара өлеңімнен),
Мына жер, ана аспанның тереңінен,
Сенделіп, сенімді іздеп келемін мен!
Ақын сенімді іздеп те, сеніп те білген екен. Іздегенін - тапқан, тапқанын ұстай қолдана алған, от-ауызды, орақ тісті ақын батыл сөйлейді, жамандыққа, жаман мінезге төзімсіз-ақ. Мұнысы, ақынның осы, соңғы жырларында, әсіресе айқындала түскен секілді. Мына бір жолдарды оқығанда менің көз алдыма: Жазушылар үйінің коридорында әлдекімді ұстап ап, көзіне шұқып тұрған Мұқағали марқұмның аужар бейнесі елестейді:
Сен емессің, емессің!
Сен емессің!
Жақсылық көрген емес сенен ешкім.
Сен - өсекшіл қатынсың, ер емессің!
Алаңысың төбелес, ерегістің!
Жұрттың айтқан сөзіне қарамағам,
Мен де сені жағалап, ағалағам.
Бұл күні,
Естисің бе, жаман адам,
Басыңды бес тиынға бағаламан.
Амангелді Кеңшілікұлы: Бұл жолдар ақынның көңілін қатты қалғандарға атылған оқтай тым ащы айтылған екен...
Жұмекен Нәжімеденов: ...Бұ сын-ды қатал сөздерді естуге лайық адамдар әлі де жүр. Олар Мұқағалидың жан сырын, неге қуанып, неге ызаланатын ешқашан ұққан емес, баққандары әдебиеттің аз ғана қабілетті адамдарының төңірегінде өсек өрбіту, сөз көбейтіп, пікір тарату. Олар үшін өнер - тамақ асыраудың, дәреже, мансап өсірудің құралы ғана. Аз ғана талантты жандардың өнеріндегі, не өңіндегі сынықтықты көрсе - бір жасап қалатын қатыгездер...
Мақатаев жұртқа Қызылкөз бәле құсап көрінгенімен зады момын, жаны нәзік, сезімтал, жүрегі жалаңаш адам еді. Ол қулық-сұмдықты білмейтін. Оны ғұмыр бойы - еңбегі, өлеңі сүйреп келді. Өлеңдеріндегі сықылды алғырлық өзінде болған жоқ. Әйтпесе, өлеңін өзі сүйрер еді ғой. Өнерінің сүйреп әкелген жері - Мұқағалидың тірісінде көрген рахаты. Ал, өнерін өзі сүйрейтіндей пысықтығы болғанда, Мұқағали - Мұқағалидан әлдеқайда биік тұруға лайық жан. Сол олқылық енді толуға керек...
Амангелді Кеңшілікұлы: Жұмекен аға, өз дәуіріңіздің поэзиясы туралы ойларыңызды ақын-замандастарыңыздың шығармашылығын талдау арқылы жеткізіп бердіңіз. Сонымен оқырмандарыммен де бөліссем қайтеді?
Жұмекен Нәжімеденов: Қазіргі қазақ лирикасы - өскен елдің лирикасы. Әрбір өлеңнің көтерер жүгі нақтыланып, көздегені көрініп келеді. Тисе торғайға, тимесе терекке дегеннен арылдық. Мұны бір сөзбен өлеңнің сыйымдылығы (емкость стиха) артты дейміз. Поэзия нақтылығы дегеніміз де осы төңіректегі нәрсе...
Қазіргі өлең өнері, тағы да қайталап айтамыз, өскен өнер. 40-50 жылдары жазылған жап-жақсы өлеңдеріміздің кейбірі бүгін қарасаң ескіріп, ол жылдары шыққан биіктен аласарып қалыпты. Бұл - заңды нәрсе. Бірақ шын мәніндегі жақсы шығарма ешқашан ескірмеуі тиіс. Спортта спортшылар күнбе-күн рекорд жасай бермейді. Олар рекордтты өздерінен өздері озған шағында ғана жасайды. Мұндай шақ адам өмірінде біреу бола ма, он бола ма - оны айту қиын. Осы қағиданы поэзияға да қолдануға болады. Әр ақынның өзінен-өзі биік шығатын, өзінен-өзі озып кететін кездері болса керек...
Біздің кейінгі ақындарымызда жақсы өлең көп-ақ. Жақсы кітаптарымыз да бар. Бірақ жақсының жақсысы, жаңаның жаңасы болмай тұр. Алатаудың барлық жерінің биіктігі бірдей болса, ол дәл осындай әдемі, осындай әсерлі болмас еді. Осы жағынан қарағанда, пәленнің пәлен өлеңі-ай, шіркін!-деп тамсанатын үздік шығарманы біз алғы күннен күтіп келеміз...
Өнерде жақсы-жаманды айыратын талғам екені рас. Талғам - таланттың таразысы. Талантты таба қылатын да талғам, оны танытатын да талғам. Талғамсыз талант табасыз нан іспеттес. Қай бұрышы қалай қисаям десе де еркін. Бізде өзгеге қатаң талап қоятын талғампаздар толып жатыр. Ал сол талапты өзіне қоятын адам кемде - кем. Өзіне сараң, өзгеге жомарт жандар екінің бірінен шыға бермейді. Қолдан келсе дәл сондай болғанға не жетсін!
ЖЕЛКЕНІН ЖҰМЕКЕН ЖЕЛБІРЕТКЕН
Амангелді Кеңшілікұлы: Сіз талай ақынның өлеңдерін талдап, шығармашылығына сын елегінен өткіздіңіз. Кезінде бір ауыз сөзіңізбен арынын анықтаған ақындардың галереясын жария етіп, бағамыңызды бүгінгі оқырманның есіне тағы салсам бола ма?!
Жұмекен Нәжімеденов: Талант па, талапкер ме? Мұны әп дегеннен айыра қою да қиын болар. Әйткенмен, теңіздің тамшысынан да, бәрібір теңіз исі шығары хақ.
Кешеден бері көкейін ойын тескендей,
Бес жауын өтті құйынға мінген бес көлдей,
Бесінде атты арқандап едім шалғынға,
Малшынып келдім гүл өскен дария кешкендей.
Қалған жоқ үйдің малмандай болмай бір түгі,
Тырсылдап шықты туырлықтың да жыртығы.
Дүрліге жөңкіп түнімен достың отары
Саңқылдап шықты қара ауыз ит пен мылтығы.
(Суықтөбе).
Бұл - Жұматай Жақыпбаевтың жыр-шумақтары. Осы үзіндіден-ақ автордың - ақын екені көрініп қалды. Осы тамшыдан-ақ теңіз исі аңқып кетті...
Жұматайдың әр сөзі көненің көзі сықылды, көңілді елеңдетеді. Ақын - бармағының сиқыры бар ұста. Оның өлеңдерін оқығанда көз алдыңызға: он жетінші ғасырдағы қайыңның бетінен жасалған қымыз ожаудың түбіне жіңішке, болат бізбен әлденендей өрнектер салып отырған әккі шебер елестейді...
Жұматайдың қасына тағы бір талантты жас қосылды. Ол - Есенғали Раушанов.
Ақынның қолтаңбасы көрініп-ақ тұр. Тұма суы сықылды, мөп-мөлдір. Жас ақынның алғашқы кітаптың өзінен-ақ қалыптасып, буыны бекіп қалғаны байқалады. ...
Қадыр Мырзалиев - ақындық тапқырлығымен, ойының нақтылығымен ерекше көзге түскен ақын. Ол нені айтса да тауып айтады. Өнер алдындағы жауапкершілігін бүкіл ел, заман алдындағы парыз-міндет деңгейіне дейін көтере білген, шын мәніндегі мәдениетті ақын. Поэзияның осындай бейнетқоры Қадыр Мырзалиев - жастар аталатын кейінгілердің ішіндегі көрнектісі...
Төлеген Айбергенов сыршыл, жанып айтып, жарылқап тастайтын жақсы ақынымыз еді. Оның ақындық мінезі ер болатын. Жұлқынып, қызу сөйлейтін. Ежелгі халық поэзиясының отты, сазды рухын өлең жазудың осы заманғы техникасына сәтті ұштастыра білген бұл ақын тым ерте үзілді.
Тұманбай - нәзік сыршыл ақын ...
Қ.Шаңғытбаев поэзиясы туралы сөйлегенде, өлеңнің үндік, дыбыстық үйлесімін ауызға алмау мүмкін емес сияқты. Бұл - ақынның жақсы қырларының, негізгі қасиеттерінің бірі. Өлеңде үлкен адами-әлеуметтік ой, рух болып, ол осындай сұлулықпен төгіліп жатса, одан артық поэзия бола ма?...
Ғ. Қайырбеков - нені де болсын түйіліп келіп түйдектеп тастайтын, айтқыш, жарма жыршыларымыздың бірі.
Алдымен ақын көңілінің құпиясын, сырын, стилін түсінуіміз керек. Бізге сырын сеніп айтқан адамға біз де сенуге тиіспіз ғой. Мен Ғафудың жырларына сенемін, иланамын ... .
Сағи Жиенбаевтың жыр арнасында күркіреген көк толқын жоқ. Оның толқыны - бәсең ағатын, сабырлы мінезді - Ақ толқын. Күркіреген көк өзенде көбік те көп болады ғой. Сағида ондай болмайды...
Сағи ақын біреу қызықсын деп құбылуды білмейді. Ылғи да бір мінез, бір принцип. Барын орынды, ақылды пайдаланады. Сағи - шебер ақын. Оның әр сөзі орынында, әр бояуы керек жеріне ғана жұғады. Атқаны нысанаға дәл тиеді. Бұл - ақынның өлең ісіне ұқыптылықпен, сақтықпен қарауының арқасы, соның жемісі...
Ұлықбек Есдәулетов мал туралы былай жырлайды:
Ұранқай үйдей маяның
Іргесін үңгіп жепті мал.
Хайуанға берсең қалауын
Дүниені түгел жеп тынар.
(Алтайдың алтын тамыры кітабы)
Мұнда ешқандай арзан елігу, экзотика жоқ. Өмірдің өзі сынды қарапайым. Әрі қатал. Еліктеу, солықтаудан ада, әдемілікпен әсер етем деген арзан пиғылдан ада. Ащы-ақ, бірақ шындық ...
Шәміл Мұхамеджанов өз беті, қолтаңбасы, танымал дауысы бар лирик ақындарымыздың бірі еді. Өлеңдері сыршыл, нәзік, барынша ағынан жарылып, ылғи да ақиқатын айтатын ақын...
Ол қай өлеңде болса да жырдың шыншылдығын ғана қадағалаған секілді. Содан да ақын жырлары оқушыны еріксіз иландырады, секемсіх сендіреді. Шамағаң өлеңдері жалған, жалпылдақ теңеу, образдардан, жасанды, арзан техницизмнен ада, барынша қарапайым, өзінің мінезі сықылды кішіпейіл, бауырмал ...
Поэзия жастықтың ісі, жастыққа тән процесс дейміз. Осы пікірдің өзін кейде қайта қарағың кеп кетеді. Поэзия жастыққа тән деген тұжырымнан гөрі, талант қартаймайды деген тұжырым әлдеқайда әділ тұжырым, әділ қағида сияқты.
Шашына қарап-қарап шал есептеген адамдарымыздың жыр кітаптарын ашып қалсаңыз, жаңағы ойыңыздан ұялып, қалады екенсіз. Мұндай шалдарымыз, әрине, көп емес. Санап кетсеңіз, бір қолдың саусағына да жетпейді.
Қалижан Бекхожин өлеңді төгіп-ақ келе жатқан ақын. Өлеңдері барған сайын от алып, барған сайын жаңарып, жасылданып бара жатқан сияқты. Шаш ағарған сайын жыр бағы көгере түсетіндей.
Махамбеттің қабіріндегі тебіреніс алдымен ақынның өзін-өзі қайрауы, өзін-өзі жауапқа алуы деп түсінеміз.
...Ал, мен -
Боқсақтағы боз қамыстай,
Тоғышарға иілген,
Бошалақпын, боз баспын.
Қойшы мінген жабымын,
Бәйгеге түсіп озбаспын...
Сен, бейне
Мұзды балақ қыран ең,
Ажалын күткен қиядан.
Мен кейде
Жасықтардан жасқанып,
Өлімнен сескенгеніме
Сенің аруағыңнан ұялам.
Осы өлеңді естісе, Махамбеттің өзі де мәз болар еді. Қалижан поэзиясы - қашаннан адуын поэзия. Ол шым-шымдап еппен тартуды білмейді, ұстағанын жұлқып тартады не жұлып алады не шалқасынан түседі.
Сейсен Мұқтарұлының Нұр тоғысында деген жинағында ойлы, салмақты дүниелер бар. Ондай дүниелер қиялыңа көп орайда қанат бітіреді, көңіліңді серпілтеді. Оқушының айнала қоршаған ортаға, табиғатқа, жарық дүниеге деген құштарлығын арттырады, сүйсіндіреді, жирендіреді. Бұ қасиет ақын жырларының бүгінгі күнгі, осы бізге жақындығы, ойының, тілінің тірілігін көрсетеді. Поэзияға қоғамдық жүк артқызатын да ақынның сол қасиеті...
...Білем, білем -
Шаттыққа жыр арнаған
Жүрсек те біз тыныштықпен
тыныстап, -
бұғып жатқан,
бүлік-ылаң салмаған
Жетеді әлі
жарылмаған бомбалар
Жүре бермей
бақыт-нұрға баттық деп,
Қарау керек сақтықпен:
бізбен жалған тілдесіп,
бізбен жалған үндесіп,
Жарылмаған бомбалар
Арамызда жүрмесін!
Үзінді Темірхан Медетбековтың Жарылмаған бомбалар деген өлеңінен. Өлеңде Ұлы Отан соғысының кезінен жарылмай жатып қалған бомбалар, сол бомбаларды іздеу, табу жұмысы баяндалады. Ал, үзіндідегі соңғы екі жол жырды тереңдетіп жіберген. Топырақта қалып қойған бомба, денелерде қалған жарқыншақ-соғыс сықылды күллі адамзаттық трагедияның сарқыты - өз алдына фашистік түсініктен, фашизмнің өз ыдысында қалған Сарқыт жарылмаған бомбадан ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Жұмекен Нәжімеденовтің философиялық лирикасы
Ақын мұрасының тақырыптық, жанрлық, көркемдік аясы
Ж.Нәжімеденов шығармашылығының көркемдік жүйесі
Көркем тілді адамтану парадигмасы тұрғысынан зерттеу (Ж.Нәжімеденов өлеңдерінің тілі негізінде)
Жұмекен Нәжімединов шығармаларындағы қосарланған синонимдер
ЖҰМЕКЕН НӘЖІМЕДЕНОВ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ КӨРКЕМДІК СИПАТЫ
Қазақ тіліндегі синонимдердің зерттелуі
Мақтанышым – мемлекеттік рәміздер
Мемлекеттік рәміздер. Қасиетті көк байрақ
САТЫБАЛДИЕВ ӘБЕН
Пәндер