САМҰРЫҚТЫҢ СИҚЫРЛЫ ҚАУЫРСЫНЫ


Ольга ГУМИРОВА
САМҰРЫҚТЫҢ СИҚЫРЛЫ ҚАУЫРСЫНЫ
1 - тарау
Бетін әлдене жұмсақ жанай өпкеннен оянған Мұрат, бетімнен сүйген анашым болар деп ойлады. Бір көзін абайлап ашқаны сол, көріп жатқан түсі ғайып болды. Бөлмеде жалғыз еді, ал жанындағы жастықта бір қауырсын жатыр. Қауырсынның бір жартысы - алтынмен, ал екіншісі күміспен апталғандай. Ол бұрын-соңды мұндайды еш көрген емес!
- Міне, керемет! Бұны дереу Нурик пен Агатаға айтуым керек!
Таңсәрі болғанына қарамастан, жарты сағаттан кейін достар ауладағы балалар алаңында жолықты.
Нурикпен бірінші сыныптан бері дос. Олар мүлдем екі бөлек болса да, бес жылда бір-бірімен еш ренжісіпеген. Кілең беске оқитын Нұрлан сабырлы да естияр, ал даукес те ұшқалақ Мұраттың басы үнемі бір шатаққа қалып жүреді. Десе де балаларды біріктіретін бір нәрсе бар - екеуін де тарих пәні қызықтырады, саяхатқа шығуды армандайды. Екі дос Мұраттың атасы Серікбол Қадырұлымен бірге Қазақстанның картасын сағаттап зерттеуден жалықпайды.
Атасы археолог еді, бүкіл елді аралап шыққан, тіпті, туристердің баруы қиын жердің бәрінде болған. Ол жазғы демалыс уағында екі досты экспедицияға өзімен бірге алып шығуға уәде берді.
Агата сыныпқа өткен күзде келді. Жирен шашты бұйра бас, бадырайған көк көзді, арық қыз. Олар көрші болып шықты. Бір жолы Мұрат Агатаның арқа қоржынын мектепке дейін көтерісіп барды. Солай дос боп кетті. Агатаны сыныптастары қалпақ, өзгеше сөмке, желбезекті киімге әуес болғаны үшін қалжыңдап «ханшайым» деп атайтын. Оның көйлектерін дизайнер анасы тігіп беретін, ал, айрықша әшекейлерді небір ерекше материалдардан Агатаның өзі жасап алатын.
- Қалай ойлайсыңдар, мына бір ерекше қауырсын қай құсқа тиесілі? - деп сұрады таңғы олжасын қорапшадан шығарған Мұрат. Қауырсын қолдан қолға өтті.
- Мүмкін, тотықұстыкі болар, - деп топшылады Агата.
- Менде тотықұс жоқ қой, - деген Мұрат иығын қиқаң еткізді.
- Ондай болса, бұл жыл құсынан түсіп қалды, - деп өз ойын білдірді Нұрлан.
Бәрі бірдей аспанға қарады.
Көк жүзінде күннің алғашқы сәулесімен алтынданған қазбауыр бұлттар жүзіп бара жатты. Құстар тобы көрінбейді.
- Жыл құстарына әлі ерте, - деп қорытты Мұрат.
- Иә, қызық жағдай . . . - Нұрлан қауырсынды телефон камерасына түсіріп алды, - биология мұғалімі Елена Рүстемқызына көрсетейін. Мүмкін, нендей құстікі екенін білер . . .
Балалардың арт жағынан:
- Маған тексеріп көретін бір ой кеп тұр, - деген дауыс естілді. Ол таңғы жүгірістен келе жатқан Мұраттың атасы екен. Ауладағы достарды көріп, көктем демалысының бірінші күні таңсәріден далаға шығуға не мәжбүрлегенін білмек болған екен.
- Ал, мен қауырсынмен бал ашамын! - деп айғай салды Агата. - Қауырсынды жоғары лақтырып, қай бағытта ұшатынын қарау керек. Барлық сұрақтың жауабын сол жақтан табамыз.
Ұлдар бірдеңе істеп үлгермеді, Агата Нұрланның қолындағы қауырсынды жұлып ап ұшырып жіберді.
Кенеттен соққан жел екпіні қауырсынды іліп алып, шыр айналдырып, ауладан алысқа ала кетті.
- Агата, сен не істедің? - деп айғайлады Мұрат. - Қауырсынды жоғалтып алсақ, ешқашан құпиясын аша алмаймыз.
- Онда қуып жету керек! - деп ата ұсыныс айтты да бірінші боп қуа жөнелді. Балалар соңынан ерді.
Қауырсын ауладан зып етіп шығып кетті. Ол соңына түскендерді мазақ еткендей, бірде жерге төмен құлдиласа, енді бірде күрт жоғары шарықтап, көк аспанда көрінбей кетті.
Балалар қызбалықпен таңсәрідегі сирек жүргіншілерді таң қалдырып, бірнеше орам жүгіріп өтті. Мереке күні болғандықтан, қала көшелерінде бұл уақытта адам аз еді.
Гүл бағында қауырсын біраз айналды да, орындыққа қонды. Балалар демалу үшін аялдады.
- Сондай сүйкімді, - деп дауыстады орындықтың астына көз салған Агата. - Адасып кетсе керек!
Орындықтың астына тығылған күшікті бірінші қыз бала көрді. Күшік өте арық екен. Жүнінің түсі ерекше, күмістей сұр. Ал көздері қос жұлдыз сияқты жылт-жылт етеді.
Атай күшікке қарай еңкейіп, қолын созды. Күшік қыңсылап, алақанын иіскеді, сосын қызғылт тілімен абайлап жалап алды.
Серікбол Қадырұлы сөмкесінен бутерброд алды да күшікке берді. Өте аш бола тұра, асықпай жей бастады. Болған соң жердегі қиқымға дейін түгел жеп алды.
- Біз оны Көксерек деп атайық. Осы ат қалай? - деп сұрады Серікбол аға достардан.
- Алақай! Ақыры күшікке қолым жетті-ау? - деді Мұрат өз қуанышын жасыра алмай.
- Ал, достым, қалай, бізбен жүресің бе? - деді Серікбол Қадырұлы күшіктің ай-көздеріне қарап. Ол келіскендей, құйрығын бұлғаңдаттты да қуана үрді.
Агата қолындағы білезігін шешіп, Көксеректің мойнына қарғыбаудың орнына кигізіп, оған ашық түсті лента байлап қойды.
- Ал, енді, қауырсын қайда? - деп кенет еске алды Нұрлан. - Ұшып кетті ме?
- Тіпті де ұшып кеткен жоқ! - деді Агата дауыстап.
Балалар үйшіксіз күшікті не істерін білмей жүрген уақытта, сиқырлы қауырсын оларды күткендей орындықта жатыр еді. Ал, мәселе шешіліп еді, ол қайтадан жоғары көтеріліп, достардың үстінен бір айналып өтті де алға қарай ұмтылды.
- Қауырсын, құдды, соңынан еруімізді күтетін сияқты, - деп болжады Нұрлан. - Мүмкін, әлдекімге көмек қажет болар?
- Әбден мүмкін, - деді бұған келіскен Серікбол Қадырұлы.
- Бірақ, кімге? - Агата жан-жағына қарады.
Аз өтті ме, көп өтті ме, қауырсын достарды үлкен терекке алып келді. Ұзақ жасаған теректің жасы, мүмкін жүз жыл, болмаса екі жүз, бәлкім одан да көп. Оның ұшар басы көкке тіреліп, діңі бірнеше адамның құшағына сыйғандай.
Достар кенеттен аяқтың астынан әлдебір әлсіз шиқыл естіді. Көксерек те құлағын тіге қалды. Қара түйме танауымен жан-жақты иіскей бастады. Осылайша із алған ол ағаштың түбіне қарай жүгірді, достары да соңынан ілесті.
Былтырдан қалған жапырақтар үймесінде балапан отыр екен.
Не балалар, не атай мұндайды бұрын-соңды көрмеген еді. Оның бір қанаты алтын, ал екіншісі - күміс, бір көзі күндей жарқыраса, екіншісі - толған айдай екен.
- Қандай сүйкімді балапан, - Агата сүйсінгенінен толқып кетті, - шамасы, жерде отырып тоңған-ау!
Атай сақалын сипады:
- Мені ойландырып тұрған нәрсе, ол мұнда қайдан келді?
Достар ерекше балапанның қасына үйіріле қалды.
Агата еңкейіп, аянышты дауыспен сыбырлады.
- Әбден ашыққан шығар! О, міне, тамағы!
Қыз ұяның жанынан жұлдызқұртты көрді.
Наурыз айында қайдағы жұлдызқұрт, бұлай болуы мүмкін бе? Бірақ сол сәтте достардың ешқайсысы бұған таңданбады. Саяхатшылар алдын-ала Агатаның балапанды тамақтандырмақ болған ниетін білсе ғой . . .
Агата қоңыз-өрмекші, анау-мынау жәндіктен қорқатын қыз емес. Ол балапанға таңғы асын бермек боп, жұлдызқұртты қолына алғаны сол . . .
Бұдан әрі таңғажайып жайттар басталды.
Агатаның алақанындағы жұлдызқұрт жылдам үлкейе бастады, бірнеше секунд ішінде аузы апандай құбыжыққа айналды. Агата балапанды кеудесіне жасырып үлгермесе, балапанды жұтып қояр ма еді.
Қаһарына мінген құбыжық қыздың қолына кенедей жабысып, бірге ұшпақ болды. Көксерек те қапы қалмай, Агатаның кроссовкасынан шап беріп тастай қатып ұстап алды. Құбыжықтың, балапанымен қоса Агатаның, қарғыбауынан ұстап тұрған күшіктің артынан Мұрат, ал, олардың соңынан Серікбол Қадырұлы мен Нұрлан да көкке самғай жөнелді.
Аспан күңгірт тартты. Көтерілген құйын бұлардың бәрін үйіріп алып, бос кеңістікке тастай салды. Мұрат жел зуылының арасынан үлкен бір құстың ащы үнін естіді, мүмкін, оған солай көрінді ме . . .
2 - тарау
- Біз қайдамыз? - деп қорқа сұрады көз түрткісіз қараңғыға үңілген Агата. - Бұл жерден шыға аламыз ба?
- Шытырман оқиға деп осыны айт! - Мұрат тіптен қорыққан да жоқ. - Бұл жай қауырсын емес деп айттым ғой сендерге, ал, сен Нурик екеуің «тотықұстың қауырсыны, тотықұстың қауырсыны» дедіңдер!
- Бұл өзі неткен жұмбақ құс, білер ме еді, - деп міңгірледі ойға шомған Нұрлан, - осы бір қаһарлы құбыжық балапанды не үшін ұрламақ болды . . .
- Біз Мұрат қауырсынын тауып алған жұмбақ құспен әлі кездесерміз деп ойлаймын, - деді оны үміттендірген Серікбол Қадырұлы.
- Ал, Көксерек қайда? - деп қобалжыды Мұрат.
- Мен мұндамын! - күшіктің даусы естілді, атайдың жанынан қос жұлдыз - көзге жарқ ете қалды.
- Оһо! - деп таң қалды бала. - Біздің күшік сөйлей де алады екен ғой? - Сыныптастарым бізге сенбейді-ау! Анашым да.
- Бастан кешкен шытырман оқиғаны сыныптастарға айту үшін, алдымен осы жерден шығу керек, ал, ол үшін қауырсынды табуға тиіспіз, - деп еске салды Нұрлан. - Бізді осында алып келген сол, осы жерден алып шығатын да сол болуы тиіс.
- Ол, мұнда жатыр ғой, - деп Мұрат қауырсынды қалтасынан шығарғаны сол еді, ол сол заматта жарық қоңыздай бәсең жарқ етті, - құбыжық бізге тап берген сәтте ұстай алдым да, сенімді жерге жасырып қойдым.
- Ал, балапан қайда? - деді елеңдеген Агата. - Мен оны қолымда ұстап тұрған ем, бірақ, ол қазір жоқ.
Достар жан-жағына қарады.
Айнала әу бастағыдай көзге түрткісіз қараңғы емес еді. Қауырсыннан түскен жарық шамалы, алайда заттардың сұлбасын байқауға болатын.
Діңгектері қым-қуыт өрнектер жасай бір-біріне жыландай оратылған ағаштарда бірде-бір жапырақ, бірде-бір құстың ұясы жоқ еді. Жерде ешбір шөп те, ешбір жәндік те, ешбір жылға да жоқ. Меңірейген тыныштық, мұндайды өлі тыныштық деп айтады.
- Егер бұл орман болса, онда қызық орман екен, - деп бөтен біреулер естіп қоймасын дегендей, ақырын сөйлеген Агата достарына ойын білдірді.
- Бұл туралы ешбір энциклопедиядан оқыған жоқпын, - деп досымен келісті Нурик. - Құбыжық бізді басқа ғаламшарға алып кеткен жоқ па, осы?
- Жоқ, біз Жердеміз, дәлірек айтқанда жердің астындамыз, - деп топшылады Мұраттың атасы. - Біздің орман деп тұрғанымыз - жер бетіндегі ағаштың барлығын қосқан күнде де оған жетпейтін алып ағаштың тамыры. Шамасы, бізді осы жердің қауіпті мекендеушілерімен кездесу күтіп тұр.
Серікбол Қадырұлы аузын жиып үлгермеді, кенет кеңістік дірілдеп, тарсылдап, күйген иіс шықты. Бірден пайда болған отты бұлттан аждаһаның үп-үлкен басы шыға келді. Мұрат сиқырлы қауырсынды қалтасына әзер тығып үлгерді.
- Қош келдіңдер! - деп ақырды Айдаһар, аузынан қуырылған кәуәп иісі бар түтінді қонақтарға қарап будақтатып. - Маған көптен бері мұндай маңызды қонақтар келмеп еді! Ал, мен айдаһарды өлтіруді армандаған батырларды сондай сағынып қалыппын!
- Балапанды ұрлаған сіз бе едіңіз, құрметті Айдаһар? - деп Агата сесті үнмен құбыжықтан сұрады. Ол өте қорқып тұрса да, балапанға деген аянышы басым еді.
- Мен. Ол бейшара балапан бұл дүниеде менен басқа ешкімге керегі жоқ.
- Ол құс-анаға керек, сондықтан сіз оны дереу қайтаруға тиіссіз! Ол әлі кіп-кішкентай, қорғансыз ғой! - деді Агата дауысын қатты шығарып.
- Міне-міне. Әлі кішкентай және қорғансыз кезінде ұрлау керек. Әйтпесе, кейін оған менің шамам келмей қалады!
- Қолыңыздан кішкентайлармен соғысудан басқа ештеңе келмей ме деймін? Біз оны сізден бәрібір алып кетеміз!
- Неткен батыл қыз! Сенің жауынгерлік күйің маған ұнап тұр! - айдаһардың қатты күлгені сонша, жоғарыдан майда тастар ұшып түсе бастады да төңіректі шаң қапты. - Өмірде ғой, бәрі жедел әрі оңай: айғай сап, аяғыңмен жерді тепкілесең бітті, мәселе шешіледі. Ал, ертегіде мүлдем олай емес. Балапанды алу үшін, алдымен мені өлтірулерің керек!
Осылай деді де, балаларды қаттырақ қорыту үшін өзін барынша көрсетуге тырысты.
Бұл, от жаққан ошақтай жалын атқан апандай аузы бар, жарғақ қанатты, жылан денелі нағыз айдаһардың өзі болатын. Одан да қатты қорқыта түсу үшін, ол өз тұтқындарына қаһарына мінген айдаһардың жауынгерлік биін орындады.
- Ал, қалай, қорқынышты ма? - деп сұрады Айдаһар биін аяқтап.
- Жалпы, әсерлі, - деп келісті Нурик. - Сіздің түріңіз бен мінез-құлқыңыз энциклопедиядағы сипаттамаға сай.
- Ал, сізді міндетті түрде өлтіру керек пе? - деп сұрады Мұрат білгісі кеп.
- Әлбетте! Сұрақ қоюдың не жөні бар? Қайсымыздың күшті екенімізді жекпе-жекте біле аламыз! - деп ақырды Айдаһар. - Онсыз сендер ертегі құсының балапанын ала алмайсыңдар.
- Хм, - деді Нұрлан дүдәмал күйде. - Мүмкін, басқа жолы бар шығар? Сіз болашақ ұрпақ үшін сақтауға тиіс, өте сирек кездесетін аңсыз. Менің ойымша, сіз тіпті Жер бетіндегі жалғыз айдаһарсыз. Сондықтан да көзіңізді жоймай, керісінше зерттеу керек.
- Иә, иә! - оны өзге серіктері бір ауыздан қостады.
- Ал, мен балапанға айырбас үшін портретіңізді салар едім! - деп ұсыныс жасады Агата. - Аузыңыздан жалын атпай, түтін будақтамаған кезде сондай сүйкімдісіз.
Айдаһар мұндай сөздерден абдырап та қалды:
- Өздерің біртүрлі қызық екенсіңдер, сендердің кесіріңнен бүкіл ертегі аяғынан келуі мүмкін. Сондықтан тезірек семсерлеріңді алып, маған бір-бірден немесе бәрің бірге шабуыл жасаңдар! Ал, мен сендерді отпен күйдіремін, тістеймін!
- Алайда біздің қаруымыз, тіпті ойыншық семсеріміз бен пистолетіміз де жоқ. Біз ондай ойыншықтармен ойнайтын жастан өтіп кеттік, - деп иығын қиқаң еткізді Мұрат.
- Сендерге қаруды мен берейін, - Айдаһардың таңданысында шек жоқ еді. - Бұл қалай болғаны? Балапанды құтқару үшін менің жерасты патшалығыма келесіңдер, ал, өздеріңмен бірге семсер алмапсыңдар? Қалайша бұлай болуы мүмкін?
Айдаһар ысқырып, әлдебір сиқырлы сөздерді айтып еді, достардың тура алдына көне бір семсер жерге кеп шаншылды. Балалардың бойымен бірдей семсер екен.
- Олар айбарлы қаруды әбден қарап шықты, содан соң Мұрат оны бар күшімен жерден суырып алды:
- Оқулықтарымды салған арқа қоржынымдай ауыр екен, - деді ол өз әсерін білдіріп. Сабынан ыңғайлап ұстады да айдаһарға жақын келді. Ол да ұрысқа дайындалды. Ал, Мұрат семсер сермеудің орнына құбыжыққа зер салып қарады.
- Айдаһарды өлтіру оңай болмас, - деп ойын түйді бала, - қабыршағы темір екен.
Сөзі сенімді шығу үшін семсермен айдаһардың мойнын ұрғылады, Өзіне тән сыңғыры естілді.
Айдаһар аузын жапты да, наразы боп сұрады:
- Мен шабуылды әлі ұзақ күтемін бе?
- Қазір, бір минут, - деп қолын сілтеген Нұрлан досына кеп қосылды, - сізді жақсылап көріп алуымыз керек.
Балалар айдаһарды жан-жағынан қоршап алды.
- Назар салыңыздар, қабыршақтары сондай қызық - деп дауыстады Агата. - Бұлар бағалы тастармен көмкерілген алтын табақшалар.
- Онда әлдебір таңбалар бедерленген, - деп өз байқағанын айтқан Нурик. - Қызық, олардың мағынасы қандай?
- Қай тілде жазылған екен? - деп сұрады Мұрат атасынан.
Серікбол Қадырұлы үнемі алып жүретін үлкейткіш әйнегін қалтасынан алып, жұмбақ жазуды қарай бастады.
- Мен көне тілдер маманы емеспін, алайда, жазулар бірнеше тілде жазылған деп болжай аламын. Мұнда түркілердің сына жазуы, қытай иероглифтері және парсы әріптері бар. Мүмкін, айдаһардың денесінде бірнеше мыңжылдық шежіресі жазылған болар, - деді де Айдаһарға қарап: - Мына мәтінді дауыстап оқып бере аласыз ба?
Айдаһар қысылып қалды:
- Мен көне тілде оқи алмаймын. Бұл қорғаныш сауыт-сайманы бабамнан қалған, ал, оған өз бабасынан қалған. Бұл жазуға кемінде төрт мың жыл, мүмкін одан да көп!
- Демек, сіз өте бағалы археологиялық артефакт екенсіз! - деп қуанды Мұрат. - Сізді сақтау керек, ал, сіз мына керемет сауыттарды семсермен бүлдіргенімізді қалап тұрсыз!
- Иә, иә, - деп келісті досымен Нурик. - Егер оқи алсақ, қабыршақта айдаһарлардың жер бетінде пайда болу тарихын әлемге паш ететін өте маңызды ақпарат жазылған.
- Егер оны жойсақ, адамзат бізді кешірмейді! - деп қосып қойды Агата.
- Мен түсінбедім, төбелесесіңдер ме, жоқ па? - деп нақтылады айдаһар.
- Жоқ! - деп жауап берді достар хормен.
- Демек, таңдауларың осы ғой! - Айдаһар ашуланды. - Мен жақсы болсын деп едім. Сендермен ұрыс ашар едік, ол жарты сағаттық қана іс. Сендер мені жеңер едіңдер, мүмкін балапанды алар едіңдер де қалаған жаққа кетер едіңдер. Бірақ, мейлінше күрделі де қатерлі жол таңдадыңдар. Егер менің барлық тапсырмамды орындасаңдар ғана балапанды қайтарам, ал, олар тіпті де оңай емес!
Балалар сұраулы жүзбен Мұраттың атасына қарады.
- Біз еңсереміз! - деді Серікбол Қадырұлы сенімді түрде. - Сендерге қолымнан келгенше мен де көмектесемін! - деп шәу ете қалды Көксерек. - Әлі кішкентай болсам да, біраз нәрсе білемін, қолымнан да келеді.
3 - тарау
- Қолыма түстіңдер! - Айдаһар ызалана қарқ-қарқ күлді. Күлкісінен көзге көрінбейтін таулар тарс-тұрс опырылып, жанартаулар оянды, достардың аяғының астындағы жер қозғала бастады.
- Менің бірінші тапсырмам дайын. Соңғы болуы да әбден мүмкін! Орындай алмасаңдар, өмір бойы менің жерасты патшалығымда қаласыңдар, ал балапанды жеймін! - деді де, Агатаның көзіне жақтырмай қарады.
Қыздың қатты жылағысы келді, бірақ ол өзін ұстады. Қарсыласқа қорыққаныңды білдірмеу керек.
- Жалпы айтқанда, маған алып кемпірдің ұршығын, шаған ағашының емдік жапырағын, Нұһ кемесінің жаңқасын, әлемдегі ең таза суды, әулие Бек қарияның сиқырлы тамшыларын, жолбарыс бейнеленген қалқанды, Байбосын көпестің асатаяғын, ағаш өсіп тұрған үңгірден еңбек құралын, Әмір Темірдің жазбасын әкеп бересіңдер, тағы да . . .
- Бәрін тізіп айтқан сияқтымын, - деді Айдаһар пергамент қағазға үңіле қарап. - Мен - әділ айдаһармын, егер менің тапсырмамды орындасаңдар, мен де өз уәдемде тұрамын. Бұған қоса мен мейірімді айдаһармын, сондықтан да менің сұрағанымды ұмытпасын деп тізім дайындап қойдым.
Айдаһар Мұратқа пергамент қағазын берді.
Содан кейін аузынан отшашу шығарып, дереу көзден ғайып болды.
Айнала тым-тырыс боп, қараңғы басты.
- Тап бір көрдей дерсің, - Агатаның дауысынан көз жасы сезілді, - біз шынымен айдаһардың тапсырмасын орындай алмасақ ше?
Ұлдар бір-біріне қарады. Айдаһардың сөзі оларға да жайсыз тиді, бірақ қобалжығандарын блдірмеуге тырысты.
Мұрат үміттене атасына қарады:
- Шынымды айтсам, айдаһардың айтқанынан ештеңе де түсінбедім. Айтып тұрғаны нендей ұршық, Бек қария деген кім . . .
- Біздің елде қазір жолбарыс бар ма? Ғасырдың басында Іле өзенінің қамыстарын мекендейтін Тұран жолбарысы болатын, бірақ ол әлдеқашан құрып біткен - деп қостады досын Нұрлан. - Шаған ағашы туралы да ешқашан естімеппін. Ал, Нұһ кемесінің жаңқасы туралы айтқаны, тіпті сандырақ . . .
Тек атай ғана тым салмақты еді.
Ол қауырсынды пергамент қағазына жақындатып, оны зерттей бастады.
Ал, Айдаһар мектепте айдаһарлар тілінен тек екіліктер алатын, - деп мырс етті. Серікбол Қадырұлы - Мәтінде қате өріп жүр.
Балалар күлді.
- Нашар баға алғаны үшін Айдаһар анасы бұрышқа тұрғызып, тәтті бермей жазалағанын көз алдыма елестетіп тұрмын, - деп көңілдене түсіндірді Мұрат.
- Ал, онда не тұрыс! Уақыттым аз, - деді балаларға Серікбол атай, - «Дүниетану» сабағында, сондай-ақ Қазақстанның тарихы мен географиясы сабақтарында өткендеріңді, энциклопедиялардан оқығандарыңды еске түсіруге тура келеді, сол білімнің барлығы біздің қажетімізге жарайтын болады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz