Ә. КЕКІЛБАЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ МАХАМБЕТ БЕЙНЕСІ


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 51 бет
Таңдаулыға:   

Ә. Кекілбаев шығармаларындағы Махамбет бейнесі

Қазақ әдебиетінде Махамбет ақын тағдыры, өлеңдері ақын-жазушыларды еліктіріп, өзіне тәнті еткен. Әйтсе де, ақын шығармашылығының тұңғиығы әлі де алдырар емес. Себебі Махамбет Өтемісұлы халық поэзиясы бесігінде емін-еркін өсті. Бірінші, ол ана тілінің уызына өз ұясынан, аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермеген Өтеміс биден - сусындап өсті. Өрлігі де содан дарыған. Оған дейінгі Қазтуған, Ақтамберді, Шалкиіз, Доспанбет сияқты жорық жырауларының да, кейінгі Асанқайғы, Бұхар жырау сынды жорық жырауларының да дәстүр-үрдісін ілгері дамытты. Тың бағыт, мектеп қалыптастырды. Оның игі әсер ықпалы, өнеге тәлімі бүгінгі ақындар шығармашылығында толығып, ішкі күш-қуаты, рухы жағынан ғаламат биікке көтерілді.

Дауылпаз ақын Махамбет - толағай тұлға, халық көтерілісінің жалынды үгітші-жыршысы, оның қос көсемінің бірі. Ақынның өмір жолы, асқақ өлеңдері әрқашан ақын-жазушыларды, зерттеушілерді толғантып келді. Соның бірі -Исатай мен Махамбеттің көрнекті жоқшысы - Шернияз ақын. «Адайда - Абыл, Тазда - Есенбақ, үштің бірі - өзім-ақ», - деп, Абыл атын әспеттеп өткен. Өзінен жасы көп үлкен ақынды ұстаз тұтқан. Үлгі-өнегесін ұстанған. «Бүлдірмеген ештеңең қалған жоқ», - деп, сұлтанның айыбын бетіне басуға келгенде ол:

- Кешегі Исатайдай есіл ерді

Орысқа ұстап бердің тіл білмеген.

Айдаттың жалғыз бауырың Исатайды,

Сенен де қалмақ жақсы шүлдірлеген.

Па, шіркін, Исатайдай сабаз тумас!

Қас итсің, қасыңа да адам жуымас!

Ел ұстап, жұрт билейтін қылығың жоқ.

Хан емес, қас қатынсың мұндар қубас! -

деп, Абыл ұстазынан да өткізіп жіберген. Жәңгір қанша жайсыз болды дегенмен, қала салдырып, мешіт аштырып, елін өркениетке бастап, тарихта ізі қалды. Ал, Баймағанбеттен не қалды? Тіпті, жер бетінде моласы да жоқ. Тарихтың талақ тастаған жұмыртқасы болды.

Шернияз - Махамбеттің қасына көп ерген шәкірті де. Соның бір айғағы - кейінірек ақын Б. Аманшин атыраулық ақын Құмар Жүсіповтен жазып алған «Махамбеттің Шерниязға айтқан жұмбағы» атты өлеңі. Шернияз қанша қарманып ойланса да, бұл жұмбақты шеше алмаған. Махамбет тұңғиығы түбіне бойлатпаған. Шернияз тұстас ақындардың оған тісі батпаған. Тек Абыл ақын ғана соны қиналып барып шешіпті. Шешімін ұзақ, өлең-толғау түрінде айтып қалдырыпты.

Шіркін-ай, осыны шешуге қазіргі аузымен құс тістеп жүрген ақындарымыздың бірі талаптанып көрсе, қандай ғанибет болар еді.

- Халық жыршыларының Ығылманның «Исатай-Махамбет» дастанына дейін көтеріліс туралы көлемді жыр шығаруға тәуекел етпеуінің өзіндік себептері бар. Олардың алдында көтерілістің көркем шежіресіндей қуаты мен құнары басым Махамбет жырлары тұрғанда, одан асып айту мүмкін емес деп, көбінің жүрегі дауаламаса керек, - дейді ғалым Қ. Сыдиықов.

Біздіңше, осы - дәлме-дәл айтылған тұжырым. Махамбетті құрмет тұтқан оның рухы, ақындық қуаты алдында бас иіп, дергейіне жығылған Мұрат көтеріліс туралы толық жырлауды Ығылман Шөрекұлына берген. Дерек - «бұл істе ұйытқы болған Халел Досмұхамедов», - дейді.

Ол да бірден Ығылманға жығыла кетпеген. Ақындардың өз алқасының шешіміне жүгінген. Сонда көпшілік таңдауы Ығылманға түсіп, орталарынан соны сұрыптап шығарған. Қандай жауапкершілік! Осы кезде өткізіліп жатырған «тендер» деген ресми атауы бар көкпар, небір құйтырқылық, жымысқылық жайлаған додаға үлгі, өнеге болатын жоралғы ғой. Ығылман ақын көптің бұл сенімін ақтап шыға алған.

Поэзияда: Шернияз Жарылғасұлы, Ы. Шөреков, І. Жансүгіров, Б. Аманшин, Қ. Бекхожин, С. Жиенбаев, Ж. Нәжімеденов, С. Мәуленов, Ж. Молдағалиев, М. Әлімбаев, Х. Ерғалиев, О. Сүлейменов, М. Мақатаев, Ф. Оңғарсынова, М. Шаханов, Қ. Мырзалиев, Ж. Әбдірашев, Т. Медетбек, Р. Ниязбек, А. Вознесенский, М. Сатыбалдиев, Н. Сейітов, Б. Серікбаев, А. Байтөрин, С. Адай, С. Жетпісқалиев, И. Оразбаев, Ұ. Есдәулет тағы басқалар Махамбеттің күрескерлігін, ақындығын өз туындыларында әр қилы сомдайды.

Ғалым Қ. Әбдезұлы «Тарих және тағдыр» атты зерттеу еңбегінде: «Бұлардың арасында жаңа жанрлық форма - өлең-роман арнаған қаламгерлер де ұшырасады. Айталық, Р. Ниязбектің «Махамбет майданы» атты туындысын осы қатарға жатқызуға болады. Екі жүз өлеңнен тұтастырылған поэзиялық шығармада Махамбет өмір-тағдырының барлық кезеңдері қамтылып қана қоймай, сол тарихи тұста қоғамдық-әлеуметтік сахнаға шыққан қазаққа белгілі тұлғалардың барлығының халық санасындағы орны айшықталып шығады. Өлең - романның басты құндылығы - бүгінгі заман рухымен терең сабақтасып жатқандығы», - дейді [38, 109 б. ] .

Махамбет өмірінің ең бір қиын, ақтық кезеңіне бойлаған әйгілі прозашы Т. Әлімқұловтың шығармашылығына терең талдау жасаған Қ. Әбдезұлы сол қатарға: «І. Жансүгіровтің «Исатай-Махамбет», Б. Аманшиннің «Жақия», «Ғ. Слановтың «Махамбет», «М. Ақынжановтың «Исатай-Махамбет», соңғы кезде жарық көрген С. Жүнісовтің, Ә. Таразидың, И. Оразбаевтың «Махамбет» туындыларын да жатқызатынын» атап өткен [38, 109 б. ] . Махамбет ақынның аруағына, өр рухына өлең арнамаған ақын кемде-кем. «Махамбет бейнесі ел есінде ғана емес, талай ақынның жырларына да арқау болды, ардақталды. Талай ақынның жырларының өзегі болып отыр» [130, 183 б. ] .

Махамбеттің өмірі, оның шығармашылығы да біршама зерттелді. Махамбеттанудың негізін салушы Х. Досмұхамедовтан бастап, ғылыми түрде зерттеген Қ. Жұмалиевтен бермен қарай, Е. Бекмаханов, М. Әуезов, С. Мұқанов, А. Жұбанов, Ә. Қоңыратбаев, К. Сейдеханов, И. Кенжалиев, С. Жүнісов, Ә. Тарази, Қ. Бекбаев, М. Мәжитов, Ө. Қарашин, Х. Әбисатов, А. Шамғонов, Ж. Құлиев, З. Ахметов, М. Қозыбаев, Ә. Дербісәлин, Г. Сербаринов, Қ. Өмірәлиев, Б. Аманшин, Қ. Сыдиықов, З. Қабдолов, С. Зиманов, Р. Сыздық, Р. Бердібай, Ғ. Есім, Т. Кәкішұлы, Х. Сүйінішәлиев, Ә. Дербісәлиев, Ә. Нарымбетов, Қ. Әбдезұлы, А. Еспенбетов, М. Неталиев, З. Ғ. Бисенғали, Б. Хасанұлы, М. Тілеужанов, С. Негимов, Ж. Тілепов, С. Мәшімбаев, Қ. Мәдібай, А. Марданов, Ө. Әбдиманұлы, Б. Әбілқасымов, Б. Майтанов, Т. Тебегенов, С. Мақпыров, М. Құлкенов, Р. Отарбаев, Б. Момынова, С. Өтениязов, Ғ. Шашкина, С. Бүркітов, О. Тұржан, А. Рязанов, В. Шахматов, В. З. Галиев, Н. Савичев, М. Адрисова, тағы басқалар қарастырған зерттеулерінде ақын өмірі мен шығармашылығы әр түрлі тақырып аясында сөз болды.

Махамбеттің тұлғалық көркем бейнесі қазақ әдебиетінде әңгіме, повесть, романдарға негіз болған. Олар: Қ. Жұмалиев «Айқас», «Тарлан атты жолаушы», Т. Әлімқұловтың «Қараой», Ә. Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі», Ә. Тарази дың «Тәж», Қ. Мұқанбетқалиевтың «Бас жұтқан бас», М. Мәжитовтің «Барлыбай түбіндегі ән», Қ. Бекбаевтың «Нарыннан кету», «Мұнар күн» тағы басқа шығармаларды атауға болады.

Қазақ қаламгерлерінің ішінен зерттеулері мен көркем шығармасы әр кез қатар жазылған, бүкіл өмірін махамбеттануға арнаған Б. Аманшиннің әр жанрда жазылған еңбектерін ерекше атауға тиіспіз. Олар: «Махамбеттің ұрпақтары » [131], «Махамбет қашан қаза тапты?!» [132], «Махамбет Өтемісовтің тұңғыш жарияланған өлеңі» [123], «Ереуіл атқа ер салмай» [134], «Жүректің әмірімен» (Н. Анов пен Штейннің «Тың» атты пьесасы туралы) [135], «Махамбет мұрасы төңірегінде » [136], «Ереуіл атқа ер салмай» [137], «Жыр семсер» [138], «Махамбеттің тағдыры» [139], «Исатайдың семсері» (повесть) [ 140], т. б, сонымен қатар әдебиетте даулы болып келген Махамбет баласы Махмұттың қызы Нұрбикенің Маңғыстауда тұрып жатқан ұрпақтарынан (Байғали баласы Орақтан) ақынның «Мінгені Исатайдың Ақтабаны-ай» өлеңінің тұңғыш рет өзге нұсқасын жариялаушы және оның ұрпақтары Байғали мен Нұрбике туралы пікір айтып, ақын мұрасының келер ұрпаққа дұрыс жетуін қадағалаған қырағы қызғышы.

Махамбет туралы қазақ әдебиетінде дастан, әрі тойнағы бөлек зерттеу еңбек жазған жазушының бірі - Ә. Кекілбаев. Ә. Кекілбайұлының құмартып, түбітиек бозбала шағынан бастап қалам тербеп, келе жатқан сүйікті тақырыбы - Махамбет. «Махамбет» дастаны - қазақ әдебиетінде Махамбет тақырыбына алғаш жазылған шығармалардың бірі, бұл дастан автордың 1958 жылы студент кезінде өмірге келген.

Өзі кезінде көп әдебиетшілерден мақтау алған дүние. Бірақ, жазғандарын жариялауға келгенде, тым кірпияз, асығып-аптықпайтын жазушы мұны қоржын түбінде ұзақ ұстаған. Дастанның «Қызғыштың әні» бөлімі Махамбеттің сол аттас өлеңінің негізіне құрылған. Дастан: Махамбет сынды бұла перзентінің халі мен бірге қайғырған даласының жай-күйі, Махамбет пен патшаның унтер офицері арасындағы диалог пен эпилогқа құрылған. Ешкінің асығындай шымыр да шағын шығарманың бас-аяғы - 252-ақ жол. Махамбет те бір - қызғыш құс та бір. Сол бірлікті біз де сақтап, ақынның бітім-болмысы бөлек «Қызғыш құс» өлеңіне тоқтала кетейік:

«Қызғыш құс» - мұңды элегия. Қаламгер, әсіресе, «Қызғыштың әні» арқылы Махамбеттің сол бір қиын кезеңдегі жағдайына жақсы түсінік бере алған.

Махамбеттің көп өлеңдерінен «Қызғыш құстың» бітім болмысы бөлек. «Исатайдан айырылып» делінуіне қарағанда, 1838 жылдан соң шығарылған шығарма. Бір ерекшелігі қызғыштың аты аталатын өлең жолдарының бәрі де Исатайға арнап шығарылған:

Қызғыштай болған есіл ер,

Қайран да жұрттан не көрді?! [141, 132 б. ] .

Өзі: «Жалғыздық», «Адыра қалған Нарынның», «Біткен істің міні жоқ» өлеңдерімен сарындас. «Қызғыш құс» ақынның өзге шығармаларындай емес, тәптішке түспей, жоғалмай, міні құрымай, құйрық-жалы күзелмей жеткен бақытты шығарма. «Махамбет - психологиялық паралеллизмнің өз кезеңіндегі теңдесі жоқ шебері», - десек, соның айқын үлгісі - осы өлең.

Қызғыш - су құсы, көлінің қорықшысы болғанда, Махамбет жерінің қорғаны, елінің жоқшысы. Екеуінің де «қанаты қатты», топшысы тегеурінді, бірақ «мойын бос», ерік күштінің қолында. Сол сеп болып, бұл - елден, құс - көлден айырылып, екеуі құла түзде табысып, мұңдасады! Тілімізде «қызғыштай қору» деген қалыптасқан тұрақты тіркес бар. Құстың бұл түріне ел берген жалғыз мінездеме - осы. Соған қарағанда, оған: бауырмалдық, күрескерлік тән. Басқа қандай қасиеттері бар еді? Ол сыршыл ақынға несімен жақты? Дауылпаз, күрескер ақынның аузына: бүркіт, қаршыға, лашын сияқты қыран құс түспей, дәл осы қызғыштың түсуі, оны өте-мөте жақын тартуының сыры неде?

Қызғыш - қандай құс? Қызғыштың қандай құс екеніне бірнеше энциклопедияда берілген анықтама-түсініктер бізді қанағаттандырмады. Соның ұшығын неміс ғалымы Альфред Брэм (1829-1884) ұстатқандай болды. Бүкіл ғұмырын жан-жануарларды зерттеуге сарп еткен, артына «Хайуандар өмірі» атты бірнеше томдық анықтамалық еңбек қалдырған ғалымның сол шығармасының 11-ші томынан қызғышқа қатысты төмендегі жолдарға көзіміз түсті:

«Қызғыш - ерте көктемнің алғашқы хабаршыларының бірі, қараторғаймен, бозторғаймен бірге ұшып келеді. Кейде бұл құс қыс ызғары қайтпаған кезде келіп қалып, қиын күндерді бастан кешеді. Тобымен ұшып, отанына жете салысымен, жан-жаққа бытырап, жаздың тіршілігіне кіріседі.

Бұл - жылдам ұшатын, үнемі тыным таппайтын, қағілез құс. Ұшқаны өте тамаша, бұралаң-бұлтарысы көп, әсіресе, басына қауіп төнгенде, тіпті, тез самғайды. Қызғышты неғұрлым көп бақыласа, соғұрлым оның жақсы, ақылды құс екеніне көз жеткізуге болады. Оның аңшы біткеннің аузын аштырып, айран-асыр қалдыратын сақтығы - құрметтеуге лайық.

Ол қандай адамға сеніп, қандай адамнан қашу қажеттігін де жақсы біледі. Жаманшылықты ешқашан ұмытпайды. Өз жұбы өлген қайырсыз жерді жылдап ұмытпай жүреді.

Қызғыш барлық төрт аяқты жыртқыштарды өте-мөте жек көріп, оларға үлкен ерлікпен қарсы тұрады. Ол ізшіл иттің басынан шүйлігіп ұшып, өлермендікпен қарсыласады. Қызғыш түлкіге де солай шабуыл жасайды. Бірақ, түлкі көп ретте өжетірек құстың бірін қолға түсіріп қалады да қалғандарын қатты абыржытып, қорқыныш себеді» [142, 215-216 бб. ] .

Бұл жолдардан қызғыш пен ақын арасындағы ғажап ұқсастықты көреміз. «Адам баласының табиғатқа қатысы қашан да әдемілік негізін қалаған. Үндестік - іргелі эстетикалық ұғым». Ол - ерте келетін жыл құсы. Махамбет те - кезеңінен ерте келіп қалған ердің сойы. Ол жылдам, қағілез болғанда, Махамбет те - нағыз белсенді харекеттің, күрестің адамы. Қызғыш екі аяқты жауын алыстан айырса, ақынның да сақтығы бір басына жетіп артылады. Екеуі де төрт аяқты итке есе бермегенімен, айласына құрық бойламайтын түлкі сұмға алдырып қалады. Екеуі де кеткен кегін, наласын ұмытпайды. «Ер дініне берік», қанаттының ханы - қаршыға мен бүркіт, хан сарқытына үймелеген маңайындағылар қарға болғанда, қызғыш оларыңнан қыңбайды.

Елдің ханы - Жәңгір, Баймағанбет сұлтан, боқ шоқыған қарғасы - Қарауылқожа, Балқы, Шонты болғанда, солардың жағасына қол апарып жүрген адамның қызғышы - ел қорғаны - Махамбет! Қандай ұқсас тағдыр! Сұңғыла ақын аспан мен айдын еркесі құс арасынан өзінің сыңары дегдар қызғышты қалай дәл тапқан? Соны өлеңінде қалай шебер кестелеген?

Айтып-айтпай немене,

Құсалықпен өтті ғой,

Махамбеттің көп күні! [143, 104 б. ] .

Шынтуайтқа келгенде, айтарын айтып кеткен Махамбет бұл бейопа тірліктен ұпайын түгендеп те кетті. Оның құсалықпен өткен жасын ғұмырының бір күнінің өзі «жарамды бір теріге алғысыз» жаманның шаршысына толып, шабын білеп өткізген бүтін бір өміріне бергісіз. Қазан түбінің қаспағын қырып, қырғыш болып өткенше, асты көл, үсті шексіз кеңістікте қанатың қызып, айдарыңнан жел есіп, самғап, қызғыш болып өткенге не жетсін! Көп күнімізді құсалықпен өткізіп жүрген кешегі ақын Махамбет емес, бүгінгі мына біз мұңлықтар емес пе екенбіз?! Махамбеттер өлгенмен, рухы өлмепті. Қараойда бас кесілгенмен, тіл кесілмепті. Туырлық тұл емес екен, түбіне ту қайта байланды. «Кейін қалған жас баланың көңілі жай табар» күн де туды.

Қызғыш байғұстың дауысын қаперіне де ілмеген, бәрі-бәрі тамам болған талақ - дүние-ай!. . Жалғыз жаяу жолаушы өзге ешкім де емес, ол - Махамбет.

- Қыр желі,

Арсылдама, абалама!

Құр жаяу жолаушыны табалама.

Ол кеше қыран еді саңқылдаған,

Ал, бүгін - жалпылдаған қара қарға, -

дейді [144, 36 б. ] . Бұл сәтте ол ақын жайынан да анық хабар береді. Өкініші бар - өксуі жоқ, қыжылы - бар қынжылудан ада, иілгенмен, иліге кетуден азарда-безер кәдімгі өзіміздің Махамбет! Өте ұқсас тағдыр. Құс - тағдыр, адам - тағдыр! Қандай егіз ұқсастық!

Енді жас Әбіштің қаламына іліккен «Махамбет» дастанының «Қызғыштың әні» бөліміне назар салсақ . . . Ақын қазасын аза тұтқан бар тіршілік, жансыз табиғат жауыздар ісінен түңіліп, лағынет айтқан. Табиғаттың мұңайған кейпі поэмада кейіптеулер арқылы түйдек-түйдек тізбегімен берілген:

«Қыр кезереді, безереді», «нұрлы күн безеді», «жылан жол жетелейді», «көлеңке жүзіледі», «бұлдыр күн шөгеді», «өлімді естігенде, ала қыр еңкілдейді», «жел зарлады», «жел кеңкілдеді», «боз дөң кемпірдің иығындай селкілдеді», «түз гүлдері батырға келіп жамырады», «бар дүние құлақ түрді», «көктің де көзінен жас құлап тұрды», «жер бауырлап, басын соқты», «қаймығып, қайғылы аспан қаймақтанды», «асқар таудың асқақ жаны жер болды», «асқар тау бұл қорлыққа шыдай алмай, бармағын шайнап қалды», «тосын өлім теңізді де теңселтті», «толқындардың балуан қолы төмпештеп, бай-байлап көкірегін ұрып жатты», «алап азадан абдырады», «тентек жел қырды мұз-тілімен жалап тұрды», «жел жаяу аттының тірсегін сабап тұрды», «қыр кектің бір үйірін айдап қалды», «қыр желі құтырынды, ысқырынды», «ақ боран азу тісін қайрап қалды», «қасқа дала қайғыдан қар жамылды», «аспан ана айналаға уыс-уыс ақ шашын жітіріп, жұлып жатты», «ер өлім айналасын дүрліктірді», «қаралы ауыл қайғыдан қалғып қалды», «қара дауыл тек екіленіп тұрды», «жел сыңсыды», «дөңнің иығы құнысты», «жетім елік маңырады», «ботасыз аруана аңырады», «бұлттың көзінен жас ақты», «адыраспанның қураған соңғы жапырағы үзіліп түсті», «тіпті, түбінен жұлынған ебелек екеш ебелек те ыққа қарай ебіл-себілі шығып жылап бара жатты» т. б.

Осыншама тірліктің бәрін қабыстырған қаралы істің кінәлісі - бір адамды қаламгер жанамалап атын атамай өлең шумақта:

- Бұл да бір ісінсін, шіренсін бір.

Бетіне қаны шауып, түр енсін бір!

Ертең ол Махамбеттің басын алып,

Генералдан крест бер деп тіленсін бір!

Ар жағын ақшаға әкеп тіреп қойсын,

Қырғызды боқтап-боқтап іреп қойсын.

Қазақтың азаттығын көрге көміп,

Басына патша темір крест қойсын! -

дейді [144, 36 б. ] . Әңгіме мазмұны кімге бағышталғаны айдан-анық. Ол - Баймағанбет сұлтан. Өлеңді жолдағы мазмұнды тереңдете ашу үшін, қаламгердің «Шандоз» деректі-тарихи баянындағы оған қатысты ойларын кеңірек ашып, салыстыра түсіндіреміз:

«Пугачев бүлігі басылған соң, қазақ даласының батысын қамтыған қазақ руларының дүрбелеңінде Айшуақ балалары да көзге түсіп, орыстың «Сахарная, Антонов, Каленов бекіністеріне шабуыл жасаған балаларының ұрлығы үшін» Айшуақ сұлтан Орал бекінісіне қамалып, 1787 жылға дейін тұтқында болады», - дейді [96, 36 б. ] .

Орыс сеніміне бірден кіріп кетуіне қарағанда, Баймағанбет ол оқиғадан қалыс қалған. Жәңгірдің тұсында ол - Жайықтың Бұхар бетінің әміршісі. Көтерілісті басу жолындағы белсенді күрес басшыларының бірі. 1841 жылғы К. Бутенов пен П. Никифоров елшілігін Сырдарияға дейін бастап барған экспедицияға қатысады. «4-ші күні колонна жазықпен ілгері жүріп, Бұлақсай өзенінің бойына жетіп тоқтады. Осы жерде маған ол уақытта Жайық сырты қазақ ордасының басшысы сұлтан Баймұханбет Айшуақов келіп қосылды. Генерал адьютант Перовскийдің бұйрығы бойынша ол мені Яксартқа дейін, одан қайрар жолда бастап жүруге тиіс болды . . . Мен оны даланы тамаша білетін орысшаға жетік адам ретінде таныдым. Ол күн сайын мені қазақтардың жаз кезіндегі негізгі тамағы қымызбен қамтамасыз етіп отырды. Ол алдыңғы лектегі менің қасымда болды. Соңымыздан бір топ сұлтандар мен билер және қымыз құйылған үлкен саба артулы екі аяқты арба еріп отырды», - деп жазады экспедиция басшысы Бас штаб офицері, әскери барлаушы И. Ф. Бларамберг [145, 240 б. ] .

Бұдан белгілі болғаны - Баймағанбет орысша жүйелі білім алған адам. Хиуаға баратын елшілік құрамында Махамбетке дос-жар пейілдегі офицер Мұхамедшәріп Айтов та болыпты. Ал Баймағанбет тобында немере інісі поручик Мұхамед-Әли 160 қазақ жасағымен болған екен. Бұлар 1 август күні Ырғыз бен Торғай өзендерінің қиылысқан жерінен кірекештерді және 400 түйе, 40 қазақ кірекештерді алып кері қайтқан. 17 август күні Ырғыз өзені бойынан Баймағанбеттің өзі де кейін қайтулы. И. Ф. Бларамберг оның жанында 18 би, ақсақал, сұлтандардың болғанын, аттанар қонақасыда олардың кезекпен келіп, басшыларының қолынан ет асағанын тәптіштеп жазады. И. Ф. Бларамберг осы сапарда полковник Баймағанбет Айшуақовты қатты жақсы көріп, достасқан. Баймағанбеттің кейіннен генерал-майор шенін алуы - орыс ұлықтарымен осындай қарым-қатынасы, үкімет алдындағы сіңірген қызметінің арқасы. Өлең жолдарындағы ой тарих деректерін осылай ашады.

Махамбетке қарсы жау топты ұйымдастырушы - Баймағанбет. Махамбет - Баймағанбет сұлтан құрған тордың қасіретті құрбаны.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Әбіш Кекілбаев мемлекет қайраткері
Қоғам және мемлекет қайраткері, қаламгер, драматург, философ, сыншы Әбіш Кекілбайұлының өмірі және қызметімен танысу
Әбіш Кекілбаевтың шығармаларындағы тарихи тұлғалар
Қазақ әдебиеті
Ақын мұрасының тақырыптық, жанрлық, көркемдік аясы
Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығы
Шандоз шығармасының жаңа танымдарын зерттеу
Қазақ прозасындағы кейіпкер болмысы және авторлық ұстаным. Суреткерлік шеберлік және көркемдік әдіс-тәсілдер
Ә. Кекілбаевтың повестеріндегі тарихи тұлғалар тағылымы
ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиет
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz