ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ ФОТОСУРЕТ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ ДЕРЕККӨЗІ РЕТІНДЕ



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 24 бет
Таңдаулыға:   
МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..2-3

1 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДАЛА ФОТОСУРЕТІНІҢ ДАМУ ТАРИХЫ (1822-1917 ЖЫЛДАР) ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..4-9

2 ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ ФОТОСУРЕТ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ ДЕРЕККӨЗІ РЕТІНДЕ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...10-19

ҚОРЫТЫНДЫ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 20

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР МЕН ДЕРЕКТЕР
КӨРСЕТКІШІ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .21-23

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері отандық тарихшылар құпияға толы қазақ тарихын зерттеуде біршама жетістіктерге жетті. Тарихты жаңа қырынан танитын сүбелі еңбектер мен ғылыми жұмыстар жарыққа шықты. XIX ғасырдың соңында қазақ халқының Ресей империясы құрамында болуына байланысты ұлан-байтақ жеріміз бен тарихқа бай халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрып және өмір тіршілігін зерттеу орыс зерттеушілерінің қолында болды. Қазақ өлкесінде айдауда болған орыс ғалымдары мен зерттеушілері фотосуреттер арқылы қазіргі кезде бізге беймәлім болып келген қазақтың ұлттық дәстүрі, ғұрыптары мен тұрмыс-тіршілігін жеткізеді. Нәтижесінде, біз XIX-XX ғасырлардағы тарихымызды фотосуреттік дерек көздері арқылы білуге мүмкіндік аламыз. Осыған орай, мұражай, мұрағат қорларындағы фотосуреттер материалдарын ғылыми айналымға енгізу, осы түрлі тарихи дереккөздерге қатысты деректану мәселелерін дамыту, олардың негізінде қазақ халқының матералдық мәдениеті белгісіз болып келген беттерін ашып, көрсету зерттеу жұмыстың өзектілігі болып табылады.
Еліміздің иллюстрацияланған тарихын тануға, тарихты фотоқұжат арқылы нақтылауға мүмкіндік беретін тарихи деректер қатарын визуалды фотодеректер құрайды. Орта Азия халықтарының ХІХ - ХХ ғасырдың бас кезіндегі мәдениеті, тұрмысы мен шаруашылығы статистар, шығыстанушы зерттеушілер, топографтар мен әскерилер түсірген фотосуреттерде сақталып, ғылыми деректік фотоқұжаттар қатарын құрап отыр. Тарихи кезеңдерде түсірілген кез келген фотосуреттер сол дәуір - дің болмысын дәлме-дәл бере алады және ол мәңгілікке сақталады.
Зерттеу жұмыcының мaқcaты. Қазақ даласында фотосуреттерді түсірген экспедициялар және ХІХ ғасырдың екінші жартысы - ХХ ғасыр басындағы фотоматериалдар негізінде қазақтың дәстүрлі этнографиясын зерттеу және қазақ өлкесі мен материалдық мәдениеті туралы фотодеректер жинаған саяхаттардың қазақ тарихына қосқан үлесі мен маңыздылығын анықтау ғылыми жұмыcтың негізгі мaқcaты болып тaбылaды.
Зерттеу жұмыcының міндеттері. Ғылыми жұмыcтың мaқcaтын aшудa мынaдaй міндеттерді іcке acыру бacшылыққa aлынaды:
- қазақтың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігінің бүгінгі күнде сақталмаған кейбір қырларын аша түсетін этнографиялық фотосуреттердің қалыптасуының өзіндік ерекшеліктерін зерттеу;
- қазіргі таңда мұражай, мұрағат қорларында сақтаулы фотосуреттердің деректік маңызын сипаттау. Яғни, қазақтың шаруашылық құрылымын, тіршілік ету жүйесін, әдет-ғұрыптарының орындалу үдерісін және ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақтың дәстүрлі қоғамының кейбір қырларын фотосуреттер негізінде қалпына келтіру;
- фотоаппараттың пайда болуымен қалыптасқан фотосуреттің ғылыми танымның жаңа құралы ретіндегі атқаратын қызметін бағамдау. Осы ретте, қазақ даласына түрлі экспедициялар негізінде жинақталған фотосуреттердің қазақ этнографиясын зерттеудің құралы ретіндегі рөліне баға беру;
- ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақстанның территориясында орыс зерттеушілері тарапынан жүргізілген экспедициялар негізінде дала суреті пайда болды. Яғни, осы кезеңдегі қазақтың дәстүрлі этнографиясы туралы құнды деректер беретін фотосуреттердің жинақталу тарихын қарастыру.
Зерттеу жұмыcының деректік негізі. Ұсынылып отырған жұмыста, қазақ халқының XIX ғ. соңы мен XX ғ. басындағы болмысы мен материалдық мәдениетінен көрініс беретін мұрағат пен мұражайлардағы сирек кездесетін фотосуреттік деректер кеңінен пайдалынылған:
1. Музей қорларындағы фотосуреттер:
- фотодеректер сақталған музейлердің ішіндегі бірегейі - Ресейдегі алғашқы әрі іргелі ғылыми зерттеу мекемесі ретінде құрылған Санкт-Петербург қаласындағы Ресей Ғылым академиясына қарасты әйгілі Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография мұражайы (Кунсткамера) болып табылады. Кунсткамера қорында қазақ этнографиясына қатысты 5 (бес) мыңнан астам әртүрлі мұражайлық артефактілер сақталған. Олардың қатарында аса мол фотоматериалдар да бар. Аталмыш мұражай қорында А.Л. Кун, Я.В. Верещагин, С.М. Дудин, Н.А. Ермолин және Л.Я. Штернберг сияқты танымал Ресей зерттеушілерінің Қазақстанның әр өңіріне жасаған экспедициялары барысында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін бейнелейтін фотоматериалдары мен альбомдары да сақтаулы тұр.
- Қазақстандағы фотодеректер, негізінен, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық Мұражайы қорында жинақталған. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық мұражайының фотоқұжаттар коллекциясы ХIХ ғ. соңы - ХХ ғ. бірінші жартысында Қазақстанда болған зерттеушілер - С.И.Руденко, С.М.Дудин, Д.П.Багаев, А.Л.Мелковтардың антропологиялық және этнологиялық экспедициялары барысында алынған, сондай-ақ Семей статистикалық комитеті жинақтаған деректерден тұрады.
2. Мұрағат қорларында сақталған деректер. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар мұрағаты мен Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағаты қорында жекелеген адамдар тарапынан өткізілген және арнайы мұрағат мамандары тарапынан жинақталған фотоматериалдар деректік негіз болып табылады.
- Фотоальбомдар мен арнайы көрмелердің каталогтары да құнды деректердің көзі болып табылады. Өйткен, бұл басылымдар өздері арнайы қатысқан көрмелер атап айтқанда, Парижде қойылған С.М. Дудиннің, Алматыдағы К.В. Щенниковтің көрмесі т.б. өзге де көрмелердің каталогтары мен бағыттық нұсқаулықтары ерекше назар аудартады [16].

1 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДАЛА ФОТОСУРЕТІНІҢ ДАМУ ТАРИХЫ (1822-1917 ЖЫЛДАР)

Қазақтың өлкесі Ұлы Даланың төсінде жатыр. Еуразия даласының қақ төрінде орналасқан қазақ жерінде ежелден көшпелі өркениеттер қалыптасқан болатын. Қазақ жерінің автохтонды халқы болып саналатын қазақ халқының тарихы өте бай. Отандық тарихтың әлі де зерттеле қоймаған беттері жетерлік. Әсіресе, XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ халқының ұлттық ерекшелігі, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі кешенді әрі жан-жақты зерттеле қойған жоқ. Осы уақыт аралығындағы қазақ этнографиясының зерттелуіне фотоқұжаттық деректердің маңызы ұшан теңіз.
Жалпы, тарихты зерттеуде фотоаппараттық құрылғылардың маңызы ерекше. Қазақ даласында фотоаппараттар XIX ғасырдың соңында Ресей зерттеушілерінің ғылыми әрі барлау экспедициялары нәтижесінде пайда болды. Ресей ғалымдары мен зерттеушілері қазақ этнографиясының жаңа қырынан зерттелуіне қосқан үлесі зор.
Ендеше, дала фотосуретінің қанат жайып, дамуының тарихына көз жүгіртсек.
Революциялық қозғалысқа қатысқаны үшін бірнеше рет тұтқынға алынып және Сібірге айдалғаннан соң, Кунсткамера директоры академик В.В. Радловтың өтінішімен, С.М. Дудин Санкт-Петерборға қоныстануына мүмкіндік алды және мұражайдың ғылыми жобаларына белсене қатысты. 1891 жылы ол Радловтың Орхон экспедициясында суретші болып қызмет атқарды. Одан оралған соң, ол музейдегі қызметін үдете жалғастырды әрі ол фотоға түсіру өнерінің мүмкіндіктеріне және оның ғылыми тұрғыдан тарихи дерек қалдыратын құралы екеніне баса назар аударды. Көп кешікпей С.М. Дудин Кунсткамераның хатшысы әрі ғылыми сақтаушысы қызметіне тағайындалды. Сонымен бірге, ол Шығыс Түркістанның көне ескерткіштері бөлімін басқарды. С.Дудин - орыс этнографиялық ғылымының негізі саналатын Радлов оқуларының тұрақты хатшысы болды. Ол 1900 жылдан бастап 1908 жылды қоса, жыл сайын дерлік Түркістан өлкесіне келіп-кетіп тұрды [47, с. 165].
Фотосурет өнері ХІХ ғасырдың аяқ кезінде техниканың ең соңғы жетістігі еді. Ал С.Дудин болса ғылым үшін қажет деп түсірілген этнографиялық фотосуреттердің негізін қалаушылардың бірі, әрі белсенді насихаттаушысы болды. Ол фотосурет өнерінің теориясы мен тәжірибесіне айтарлықтай өз үлесін қосты.
С.М. Дудинді бүгінгі таңда Қазақстанда межеу қалған визуальды антропология деп аталып жүрген ғылыми бағыттың негізін құрушылардың бірі деп есептеуге болады. С.М. Дудинді Орта Азия халықтарының этнографиясы бойынша ІІІ Александр императордың Орыс мұражайының Этнографиялық бөлімінің коллекцияларының негізін қалаушы деп те санауға болады. Оның есімімен байланысты Орыс мұражайының коллекциясындағы жинақта 4000-нан астам мұражайлық бұйымдар мен 1500-ге жуық фотосуреттер сақталуда.
1899 жылы С.М. Дудин қатысқан Жетісу, Ақмола және Семей облыстары қазақтарының ортасынан этнографиялық жәдігерлерді жинауды көздеген экспедициялардың материалдарының маңызы өте жоғары. Бұл экспедиция ХІХ ғасырдың соңы - ХХ ғасырдың басындағы ең ірі әрі көлемді, және нәтижелі ғылыми әрекет ретінде Кунсткамераның тарихына енді. Экспедицияның басты мақсаты, алдағы кезде өтетін Париж қаласындағы бүкіл әлемдік көрмеге арнаулы экспозиция ұйымдастыру болды. Экспедиция жұмысы барысында қазақтың көшпелі тұрмысынан, атап айтқанда, олардың өмірі және табиғат көріністерін, адамдардың бет-бейнесін, олардың күнделікті тірлігін, киіз үйлерінің жасау-жабдықтарын, қыстауларын, көш-қонын, ұлттық киімдер үлгілерін, музыкалық аспаптары, сияқты барлығы 500 фотосурет түсіріп алудың мүмкіндігі туды [43, 153-154 б.].
Кунсткамераның Орта Азия мен Қазақстан халықтары бойынша түсірілген суреттерінің арасынан таңдап алынғандарын жылжымалы көрмелерде көрсетті. Кунсткамераның аталмыш иллюстрациялары бар құжаттарының бір бөлігі 1992 жылы Алматыға жеткізілді. Осы кезде танымал суретші Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде Қазақтар Петербургте атты көрме ұйымдастырылды. Аталмыш көрмеде этнографиялық бұйымдармен қатар белгілі фото-суретшілердің де суреттері қойылды. Көрмеде 1899 жылы С.М. Дудин, К.В. Щенников 1908 - 1910 жж., сондай-ақ 1920 жылдың аяғына жататын А.Л. Мелковтың Кунсткамера үшін жинаған суреттері де болды. Бұл кезде С.М. Дудин мен К.В. Щенниковтың түсірген суреттерінің біраз бөлігінің ең алғаш көрсетілуі еді [48, 47 б].
Фотоға түсіру пайда болғанға дейін этнографиялық экспедицияларға суретшілер де қатысты. Олар көрген нәрселерін дәл сол қалпында айнытпай, шынайы салуға тырысты. Кунсткамераның иллюстрациялық материалдарындағы қазақтардың мәдениеті жайындағы ең алғашқы фотосуреттер орыс суретшісі Василий Васильевич Верещагиннің (1842 - 1904) салған суреттерінен құралды. Аталмыш альбомның аты - Туркестан. Этюды с натуры В.В. Верещагина, изданные по поручению Туркестанского генерал - губернатора на высочайше дарованные средства. 26 листов с 106 рисунками. Санкт-Петербург. 1874 [49].
В.В. Верещагиннің қазақтар туралы салған суреттері 1867 жылы оның ең алғаш Түркістан өңіріне баруынан басталды. Бұл суреттерді ол сол кездегі Түркістан генерал-губернаторы К.П. Кауфманның тапсыруымен салған болатын. Альбом Орта Азия халықтарының этнографиясына арналған еді. Осылайша аталмыш жұмыстың есебіне В.В. Верещагиннің салған суреттері қамтылып, ол Туркестан атты альбомға енді.
Фотография туындылары және оларды ғылыми әлемде қабылдау этнографиялық білімдердің жинақталу процесіне септігін тигізді. Сонымен қатар, Кунсткамераның коллекциясына ғасырлар бойы белсенді түрде молынан жинақталған фотографиялар мен иллюстрациялар қазақтардың мәдениетіне қатысты әртүрлі тақырыптарды қамтиды.
Мұражайға тапсырылған кейбір фотоколлекциялар әуесқой-фотографтардың, сондай-ақ әртүрлі топтағы адамдардың, мамандардың қазақ жеріне қызметтік мақсатта жасаған саяхаттары барысында түсірілген.
Бейтаныс өңірге келу, ресейліктер үшін таңқаларлық жаңа әлемді ашқанмен бірдей болды. Орталық Ресейден қашықта жатқан сол өңірге кәсіби шығыстанушы-мамандардың келіп жұмыс істеуі сирек ұшырасатын. Осыған байланысты империядан шеткері жатқан аймақтардан корреспонденттер жинаған кез-келген суреттер мен материалдар, сондай-ақ, назардан тыс қалып келген бұйымдар мұражай үшін, сөз жоқ құндылықтар еді. Ендігі жерде аталмыш құндылықтар этнографиялық зерттеулер үшін баға жетпес дерек ретінде музей қорында сақталумен келеді.
Кунсткамераның қазақ халқының және Орталық Азия елдеріне қатысты көптеген фотоматериалдарының ішінде Кауфман Альбомы атымен кеңінен танымал болған Түркістан альбомы да сақталған. Оның мұқабасындағы Түркістан альбомы. Түркістан Генерал - губернаторы К.П. фон Кауфманның жарлығы бойынша 1-томын А.Л. Кун құрастырған деген атауы алтынмен апталып жазылған. Альбом мұражайға 1874 жылы түсті [50, И-674]. Ол 48 картон парақтарынан және 116 фотосуреттен тұрады. Том күрең түсті картон папкаға салынған. Оны ішіндегі әр фотография картон парақтарға желімделген. Картонның бетіне альбомның фотосуреттерін түсіріп, оны құрастыруға белсенді түрде атсалысқан авторлардың бірі, шығыстанушы Александр Людвигович Кунның (1840-1888) аты жазылған. Түркістан альбомы Константин Петрович Кауфманның (1818-1882) және оның көмекшілерінің аймақты толық зерттеп білуінің нәтижесінде құрастырылды.
Түркістан альбомы 1871-1872 жж. құрастырылды. Ол тақырыптық жағынан жаулап алынған немесе Ресейге қосылған Сырдария облысының және Заревшан округының халықтарының мәдениетіне арналған. Түркістан өлкесі халықтарының типтері атты тарауында әртүрлі халықтардың, оның ішінде қазақтардың ер адамдар мен әйелдердің портреттері және дәстүрлі киімі, соның ішінде, мерекелік, салтанатты киім үлгілері ұсынылған. Мысалы, кейбір фотолардың астына Қырғыз (қазақ) Жұлыбай, қырғыз (қазақ) Айсүймек деп жазылған.
Қырғыздардың (қазақтардың) көші атты суретте қазақтардың көшпелі тұрмысы және басына ақжаулық тартқан, атқа мінген қазақ әйелінің көрінісі бейнеленген. Жанында көшке дайындалып, үстіне жүк теңделген түйе тұр. Сонымен қатар, киіз жабындары алынып, ағаш қаңқалары бейнеленген киіз үй көрсетілген. Бұл сурет шынайы, табиғи қаз-қалпында түсірілген. Фотография өнерінде пайда болған техникалық жетістіктерге байланысты сол кезде түсірілген келесі бір фотосуретте Қазақтардың бәйгесі деп аталады. Онда аттар шауып бара жатқанда түсірілгендіктен кескіні бұлдырап, анық көрінбейді. Сондай-ақ, алыстағы сирек орналасқан киіз үйлер де көрінеді. Дегенмен, аталмыш суреттің этнографиялық маңызы зор, әсіресе деректік құндылығы жоғары. Жекелеген суреттерде Түркістан және Шымкент өңірлерін мекендеген қазақтардың қыстауы, жайлауы және сол сияқты ірі елді мекендер түсірілген. [50, И-1718].
Түркістан альбомы беттерінде тасымал құралдары мен күш көліктерінің түрлері көрсетілген. Олардың ішінен мысалға Сиыр мінген әйелді келтіруге болады. Бұл сюжет Кунсткамера коллекциясындағы иллюстрацияланған басқа суреттермен үндес келеді [50, И-26432]. Альбомда әр суретке байланысты автордың түсіндірмелері қоса берілген. Жинақтаушының ескертпесі бойынша, бай қырғыздар (қазақтар автор) сиырға немесе бұқаға мінуді масқаралық деп санаған. Ондай жағдай тек кедейлер арасында ғана жиі кездескен, олар мүйізді ірі қараға суретте көрсетілгеніндей кәдімгі ер салып мінетін болған.
Одан басқа 1880 жылы зоолог, препаратор И.С. Поляков Кунсткамераға Семей өңірінің қазақтарының фотосуреттерін тапсырды. Суреттерді арнайы фотограф маман түсірген. Олар жоғары сапалы қоңыр-ақшыл түсті суреттер. Уақыт өтсе де түсі оңбастан сақталып келеді. Фотосуреттер қалың картонға желімделген. Әр суреттің астына бірінші орысша, сосын неміс тілінде қара түсті тушпен көркемдеп сурет туралы жалпы мәлімет жазылған. Қатырма қағаздың астына орыс тілінде И.С. Поляков. 1880 ж деген жазу жазылған. Суреттердің көптеген бөлігін сақтап қою мақсатында И.С. Поляковтың фотоколлекциялары музейдің көне жинақтары ретінде бағаланады. Ол тек бір ғана халықтың, яғни, қазақтардың өмірін танып білуге арналған. Қазақтардың қаз қалпында сақталған көшпелі тұрмыс этнограф ғалымдардың үлкен қызығушылығын туғызды. Сонымен қатар, И.С. Поляковтың музейге тапсырған коллекциясы ішінен қазақтардың мәдениетіне қатысты көптеген мақалалар жарық көрді. Дегенмен, әдеби сарындағы сипаттамалар дәстүрлі қазақ өмірінің барлық қырын ашып бере алмады.
1883 және 1890 жылдары Кавказ Статистикалық комитетінің бас редакторы, зерттеуші Николай Карлович Зейдлиц (1831-1907) қазақтардың бас киімдері мен әшекейлері бейнеленген екі фотографияны сыйға тарқан. Н.К. Зейдлицтың Бозашы бидің әйелі атты суретінде сәукеле үш түрлі көріністе көрсетілген. Яғни, аң терісімен әдіптелген, әшекей салпыншақтар, көп түсті тастар, және бағалы металдар тігілген тұстарын ерекшелеп көрсеткен. Әйелдердің өңіржиектері де әртүрлі. Солардың бір түрі мойынға тағынып емес, әйелдің тізесінің үстінде жатқан күйінде түсірілген (Қосымшада 1-сурет).
Қазақтардың материалдық және рухани мәдениетіне қатысты фото коллекцияның жинақталуына Жетісу облысы Лепсі уезінің бастығы Константин Николаевич де-Лазари үлкен еңбек сіңірді. Аталмыш жұмыс барысын ол төмендегідей жолдармен жеткізді: Музейдің корреспонденті ретінде мұражайдың барлық сұрақтарына мұқият, шын көңілмен жауап беруге тырысамын, сондай-ақ, оның барлық тапсырмаларын орындаймын... қырғыздардың (қазақтардың) өмірі жайлы не керек, соның бәрімен қамтамасыз етуді өтінемін, қандай нәрсеге көңіл аударуым және нені толық сипаттауым керек? [53, л. 80-81; 54, с. 34-36]-деп топшылайды.
К.Н. де-Лазари коллекцияларын Кунсткамера қызметкерлері асыға күтті. Кунсткамераның бас қорының сақтаушысы Дмитрий Александрович Клеменц жинақтаушыларға жасаған ұсыныс мәлімдемесінде қазақтардың мәдениеті мен рухани өмірі жайында әрқандай аспектілері жайында төмендегідей айтып өтті: Біздің коллекциялар тіпті аз. Қазақтар (қырғыздар) бөлімі тіптен жоқтың қасы деуге болады. Сондықтан мәлімет бересіздер дегенге сенімдімін. Мұндай қызықты іс халық мәдениетін терең қастерлеушіліктен туады деп айтуға болады [55, л. 15-16].
Академик, барон В.Р. Розен 1899 жылы Кунсткамераға Я.Я. Лютче фототоптамасын сыйға тартқан болатын [50, И-512]. Оның құрамына Шығыс Түркістанның барлық халықтарының суреттері кірді. Атап айтсақ, көріністердің бірінде Қашғар қазақтарының киіз үйдің алдында киіз басулары суреттелген. Осы уақытқа дейін сақталынған суреттерде Ферғана облысы халқының тұрмыс-тіршілігі және діни наным-сенімі суреттелген.
Кунсткамера бай қорының толықтырылуына 1899-1901 жж. Томск облысының Бийск қаласының фотографы Николай Александрович Ермолин де өз еңбегін сіңірді. 1899 жылдың желтоқсанында мұражай зерттеушіден Алтай қазақтарының сәукелесін 25 рубльге сатып алды. Осы қалыңдықтың бас киімі мұражай топтамасындағы екінші сәукеле ретінде саналды. Н.А.Ермолин сонымен қатар қазақ халқының өмірін сипаттайтын фотосуреттерді жіберген болатын [50, И-523, 590].
Осыдан кейінгі жылдарда да Кунсткамераның фотоматериалдар қоры жеке тұлғалардың және экспедиция мүшелерінің коллекция материалдарымен толықтырылып отырды.
Кунсткамера 1915 жылы танымал фотограф Михаил Антонович Круковскийден (1865-1936) Оңтүстік Орал халықтарының фототоптамасын сатып алады, оның ішінде Орынбор даласының қазақтарының да суреттері бар [50, И-1919]. Ол 1905 жылы мұражай тарапынан Сібір губернияларына, оның ішіде Орынбор өлкесінде этнографиялық зерттеулер жүргізіп және фотоға түсіру мақсатында іс-сапар жасап қайтады [69, с. 275]. М.А. Круковскийдің бұл топтамалары Кунсткамера қорындағы XIX-XX ғғ. басындағы қазақ халқының тарихы мен этнографиясына қатысты иллюстрациялық жинақтарды толықтыра түсті. Осы шаққа дейін қазақтар туралы фотокадрлардың барлығы бірдей сақталмаған. Суреттер ішінде қазақ бейнелері, базардағы көріністер бар.
1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін елдегі жағдай түп тамырымен өзгеріп, ол Ресей мұражайларының қызметі мен ғылым келешегіне де өз септігін тигізді.
1920 жж. қазақтарға қатысты фотоколлекциялар, 1920 жж. соңында құрылған Орынбордағы (мұнда 1920-1925 жж. Қазақстан астанасы болған) Қазақ өлкесін зерттеу Қоғамының өлке тарихының жұмысымен байланысты [50, И-4077; И-1343; И-1351; И-1352; И-1380; И-1395; И-1658; И-1659].
1927 жылы жергілікті Жетісу мұражайы халық ою-өрнектерін қағазға түсіру мақсатында қазақ ауылдарына жиырма жас суретші-өлкетанушыларын жіберіп алып, сонымен қорын біршама байытып алады. Олардың ішінде Александр Лаврентьевич Мелковта болуы мүмкін, өйткені ол сол жылдары Қазақстанды зерттеу Қоғамының экспедиция құрамында жұмыс істеген болатын. А.Л. Мелковтың 1920 жж. соңында салған этнографиялық суреттері мен түсірген фотосуреттері Кунсткамераға 1939-1940 жж. түсе бастайды.
Жалпы, қазақ даласында фотоаппараттық құрылғылардың пайда болуы өлке тарихы мен этнографиясының жаңа қырынан зерттелуіне негіз жасап берді. Бұл жағдай, өз кезегінде, дала фотосуретінің дамуына әсер етті. Ресей зерттеуші ғалымдарының түсірген фотосуреттерінен бізге белгісіз болып келген материалдық мәдениетіміздің ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік алдық.

2 ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ ФОТОСУРЕТ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ ДЕРЕККӨЗІ РЕТІНДЕ

Біз өткен тарихымызды деректерден біле аламыз. Сол деректердің қатарына фотоқұжаттар жатады. XIX ғ. ортасында пайда фотоқұрылғылардан қазақ тарихын зерттеп-білуде өте құнды дерек аламыз.
XIX ғасырдағы қазақ қоғамын фотосуреттерден көру зертеушілер үшін қызығушылықтың ең жоғарғы формасы болып табылады. Себебі, қазақ халқының сол кездегі тұрмыс-тіршілігі, болмысы мен мәдениеті бізге тек мұрағаттық деректер, автобиографиялар мен қолжазбалар арқылы ғана белгілі болып келді.
Міне сондықтан, ата-бабаларымыздың осыдан екі ғасыр бұрынғы материалдық мәдениетін фотодеректерден танып-білу өте маңызды екендігі талас тудырмасы анық. Қазақ этнографиясының зерттелуіне Ресей ғалымдары мен зертеушілері елеулі үлес қосты. Жұмысымыздың осы бөлімінде қазақ жерінде түрлі себептермен болған Ресейдің этнограф, ғалымдары мен зерттеушілерінің фотоқұжаттарына ғылыми талдау жүргізе кетсек.
ХІХ ғасырдың соңы - ХХ ғасырдың басында Кунсткамераға этнографиялық коллекция жинау үшін экспедициялар ұйымдастырудың жаңа кезеңі басталды. Бұл жоспар бойынша, 1899 жылдың мамыр-маусым айларында этнограф, ғалым С.М. Дудин Семей облысына келіп қайтты. Бұл сапарды Ғылым Академиясы мен В.Н. Тенишевтің этнографиялық бюросы Парижде өтетін бүкіләлемдік көрме үшін ұйымдастырады. Ғылым Академиясының есептерінде, бұл этнографиялық материалдар жинау мақсатындағы ғылыми сапар - музей тарихындағы ХІХ ғасырдың соңы - ХХ ғасырдың басындағы ең ірі әрі жемісті экспедиция ретінде кірді. 1899 жылғы экспедиция кезінде С.М. Дудин қазақ ою-өрнектерінің суретін салуға, этнографиялық бұйымдарды жинауға мүмкіндік алды. Кунсткамера қорын көшпелілердің өмір-тұрмысын көрсететін фотосуреттермен (500-ге жуық) толықтырды [50, И-1199].
1899 жылы салынған Дудиннің суреттерінде киіз үйдің жабдықтары, қыстау, жайлау, қазақ киімдері, музыкалық аспаптар, үй жасаулары бейнеленген. С.М. Дудин 1899 жылы Қазақстандағы жұмысы барысында В.В. Радловтың коллекция жинау тәсіліне сүйенді. Мысалы, көшпелілердің үй құрылысын зерттеу үшін: Киіз үйдің құрылымын толық түсіну үшін, алдымен оның суреті және түрлі көлемдегі ағаштан жасалған бөліктері және оларды құрастыру әдістері көрсетілген суреттер, сонымен қатар жеке бөліктерінің, әсіресе, есігі мен шаңырағының суреттері болуы керек....
1899 жылы С.М. Дудин коллекциясына бай киіз үйінің жиынтығы, киіздердің оралған түрі және бақан түрлері тақырыбындағы көптеген фотосуреттер кірді. Шаңырақ және керегенің бөлшектері, өрнектелген ағаш есік, төсек жиһаздары мен кебеже, Қоянды жәрмеңкесінен сатып алынған киіз үйдің бөліктері, киіздердің кептірілуі, басылуы жеке-жеке түсірілген. Сондай-ақ С.М. Дудин материалдық мәдениеттің басқа да бөлімдері бойынша да материалдар жинаған. Киімге байланысты фотокадрларда С.М. Дудин ерлердің, әйелдердің, қыздардың, бозбалалар мен жігіттердің, жесірлердің сонымен бірге ауқатты және кедей қазақтардың бірнеше киім түрлерін түсірген. С.М. Дудин қазақтардың күнделікті өмірін, мал, егін шаруашылығымен және аңшылықпен шұғылданушылардың, әр түрлі қолөнер кәсіп иелері - ұста, зергер, етікші, ағаш шеберлерінің, тоқымашылық өнермен айналысушылардың кәсіптерін бақылады. 1899 жылы С.М. Дудиннің өзі жасаған фотоколлекция топтамасында суретке қысқаша ғана жазба қалдырған. Бұл мәліметтер фотосуреттердің мазмұнын ашу үшін толық мағлұмат бере алмайды. 1992 жылы Алматы қаласында өткен, Кунсткамера топтамасынан қойылған Петербургтағы қазақтар көрмесі кезінде 1899 жылы С.М. Дудин түсірген кейбір фотосуреттердегі ақпараттар кеңейтіле түсті. Мысалы Дудиннің суретінде Бай қазақтың отбасы деген жазу ғана болды.
Бір қуанарлығы сол, енді кейбір суреттерден көрмеге келушілер, қазақ ағартушысы Шоқан Уәлихановпен туыстық қатынасы бар Шормановтар әулетінің туыстары екендіктерін білді. Осы әулет ішіндегі ең атақтысы - Мұса Шорманов отаршыл орыс патшалығына қызмет еткен полковник еді. Ол қазақ этнографиясын зерттеумен айналысқан болатын. Соңғы жылдары ол туралы мақалалар көптеп жариялана бастады. Біздің көзқарасымыз бойынша барлық Шормановтар әулеті үлкен ілтипатқа ие. Зерттеуші С.М. Дудин 1899 жылғы экспедициясында Мұсаның ағасы, бай мал шаруашылығының иесі Иса Шормановтың отбасында болып суретке түсірген.
Иса Шормановтың шөберелері Мағида, Талиба, Мағмура Шормановтардың мәліметтері бойынша, Бай қазақтың отбасы фотосуретінде киіз үйде солдан оңға қарай отырғандар: ақсақал Иса, ортада орта жастағы ұлы Зинда, Исаның жұбайы - Жақай Шорманова және олардың немерелері, Зинданың балалары, қызы Бапық пен ұлдары Рақымтай мен Ақуа (4-сурет, қосымшада). Оның шөберелерінің айтуы бойынша, Жақай әжей ауқатты отбасынан шығып, 99 жыл өмір сүрген. Сондай-ақ әжесінің сол қолында алты саусақ болғандықтан, суретке көрсетпей түсетіні туралы айтылған (С.М.Дудин түсірген фотосуреттегідей).
Иса Шорманов өте бай болған және мал өсірумен айналысқан. Екі рет қажылыққа барған. Соның соңғысы - ХХ басырдың басында Меккеден келе жатқан екінші сапарында жолда қайтыс болды. Иса Шорманұлы Сауд Арабиясының Джидда қаласында жерленген. Исаның артында қалған жалғыз мұрагері - Зинда Шорманов. Ол әкесінің ізін жалғастырып, мал өсірумен айналысып, Петерборға ақ патшаға арғымақ апарғанда, оның ұлдарының бірі Керім бірге барған (Дудин суретінен). 1928 жылы кеңестік дәуірде Зинда Шормановтың дүние-мүлкін тәркілеп, бес адамнан тұратын отбасымен бірге Ақтөбеге жер аударды. 1933 жылы аштықтан жұбайы Мағида көз жұмды, ал 1935 жылы өзі де дүниеден өтті. Шормановтың балалары мен немерелері өздерінің ата-тегін айтуға қорқатын. Бір ұлы ғана тегін сақтап қалған, онда да өзгертіліп, Шерманов болып жазылған. Қалғандары Зиндин, Исин және т.б. деп аталған.
С.М. Дудин 1899 жылғы экспедициясына жақсы дайындалғандығын көруге болады. Ол экспедиция барысында өзі зерттеуге келген халықтың мәдениетімен жақын танысты. Мамандармен кеңесе отырып, қазақ халқының дәстүрлі мәдениетін тани білді. Ш.Уәлихановтың ағартушылық қызметімен және туыстары жөнінде ізденуші Г.Н. Потанин мен Н.И. Веселовскийдан толықтай мәліметтер алуы мүмкін. С.М.Дудиннің 1899 жылғы коллекциясындағы Күйеуге шыққан ауқатты әйелдің үй киімі атты фотосуретте Зинда Шормановтың әйелі Мағида Шорманованың (түп тегі Аблаева) бейнесін түсіргендігін сенімді түрде анықтауға болады. Бәдігүл Шыңғысқызы Аблаева (түп тегі Уәлиханова) Шоқанның туған әпкесі болғандықтан, ол Шоқан Уәлихановтың жиені болып келеді. Келесі фотосуретте С.М. Дудин Мағиданы балаларымен бірге киіз үйде түсірген (5-сурет, қосымшада).
Аталған коллекциядан, жинақтаушылар барып көрген Шормановтардың жеке иеліктері мен қыстақтарын, сондай-ақ, Баянауыл өңірінің жалпы көрінісін көруге болады. Осылайша Шормановтар отбасы түскен фотосуреттері мен әулет тарихын баяндайтын қызықты деректер біздің көптеген музей фотосуреттерін анықтауда көп көмегі тиді.
1908-1909 жж. К.В. Щенников түсірген бұл отбасы тарихын баяндайтын фотосуреттер 1992 жылы Алматы қаласында өткен фотокөрмеде өз жалғасын тапты.
Шормановтардың ұрпақтары берген ақпарат, К.В. Щенниковтың коллекцияны тіркеу кезінде жіберілген қателіктерін жөндеп, фотосуреттердегі бейнелерді анықтауға көмектесті. Коллекциялық фотоматериалдарда бірқатар фотосуреттер: Сұлтан Мұхаммед Аблаевтың отбасы, Сұлтан әйелі және қыздарымен, Сұлтан және қазақтар, Сұлтанның қызы ұлттық киіммен, Бай (дәулетті) киіз үй және т.б. аннотацияларымен берілген.
Негізінде, К.В. Щенников суреттерде Шоқан Уәлихановтың жиені, яғни оның әкпесі Бәдігүл Шыңғысқызының баласы Сұлтан Аблаевты суреттеген. С.М. Дудин коллекцияларында Бәдігүл Шыңғысқызының қызы, Сұлтан Аблаевтың әпкесі, Зинда Шормановтың әйелі Мағида бейнеленген. К.В. Щенников Сұлтан Аблаевты және оның отбасын түсірген. К.В. Щенников тек С.М. Дудинмен бірге ғана емес, одан кейін де қазақ зиялылары Шормановтар-Уәлихановтар-Аблаевтард ың арасында болған.
Сұлтан Аблаевтың туысқаны Зиндина Мина Ахатқызының айтуы бойынша, ол ХІХ ғасырда реалды училищені бітіріп, 1917 жылға дейін қазақ ауылдарында мәдени-ағартушылық қызметпен айналысқан. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында Ақмола уезінде халық сотында төреші болды. Сұлтан Аблаевтың ауылы Қарағанды облысы, Ақмола уезі, Жіңішке шатқалында болған. Сұлтан Аблаев ұлының үйін мектеп жасауға, ал бөлмелердің бірін әрдайым өзі қолдап жүрген Сәкен Сейфуллинге берген.
Сұлтанның өз отбасының ортасында: анасы, бауырлары, әйелі және ұлымен түскен ескі фотосуретін Абылай ұрпақтары сақтап қалған. Фотосуреттің артқы жағында Сұлтан жазған өлең жолдары бар. Оның екі әйелі болған, екіншісі - балаларының күтушісі болған неміс қызы. Отбасылық дәстүрге байланысты, Бәдігүл Шыңғысқызы ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
А. Г. Серебренников мұрағаты, патшалық Ресейдің Түркістан өлкесін отарлау саясатының тарихи дерек көзі (1840-1870 жж. )
Жабаев Жамбыл/ Мұхамбет-Салық Бабажанов/Уәлиханов Шоқан Шыңғысұлы
Императорлық Қазан Университеті жанындағы Тарих, археология және этнология қоғамы
Көрнекті партия, мемлекет қайраткері
ОТБАСЫЛЫҚ ҒҰРЫПТАР ЖӘНЕ БЕТАШАР ЖЫРЫ
ФОТОГРАФИЯ ЖАНРЫ ДАМУ ТАРИХЫ
Жалаңтөс батыр
Шыңғыс хан
Қазақ халқы этнографиялық ескерткіштерінің мұралық маңызы
Елбасы еңбектерінің жастарды отансүйгіштікке баулудағы рөлі мен маңызы
Пәндер