Қазақтың ұлы билері


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 12 бет
Таңдаулыға:   

Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

Факультеті «Филология және әлем тілдері»

Мамандығы «ҚТӘ»

РЕФЕРАТ

Тақырыбы: Қазақтың ұлы билері

Орындаған: Нұртазина. Қ. Н

Тексерген: Каупенбаева. С. М

Жоспары

I. Кіріспе

II. Негізгі бөлім

1. Төле би Әлібекұлы

2. Қазыбек би Келдібекұлы

3. Әйтеке би Бәйбекұлы

III. Қорытынды

IV. Пайдаланылған әдебиеттер

Кіріспе

Әр халықтың өз заманына қарай хандары, билеушілері немесе рухани ұстаздары болды. Сол сияқты қазақ елінің де тарихтың даму сатысына қарай хандарына ақыл қосып, қара халықтың сөзін сөйлеп, түрлі мәселелерін шешіп отыратын билері болған.

Би болу қаншалықты қиын болса, соншалықты мәртебелі. Оның даңқы туыс-туған, ру-тегінің ғана емес, өзі туған өңірдің де атағын асыратын. Сондықтан баланы би-төрелікке тәрбиелеу ісіне ата-ана ғана емес барлық ауылдастары ат салысқан. Би болуға деген құштарлықтан қастерлеу, еркін ойлап, шешендік тілде еркін сөйлеу және айтыс-тартыста парасат-пайым танытып, ұтымды да, ұтқыр сөз табу қажет. Сонда ғана қазақ жерлерінің тұтастығын сақтап, үш жүздің бірлігін нығайту сияқты халық құндылықтарын аманат етіп, би сайлаған. Және әулеттік, рулық, қауымдық қоғамдық мәселелердің бәрін аталмыш құндылықтар қисынымен қарастырған. Бұған қарасты «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген даналық бар.

Билер ұғымы туралы түсінікті С. Негимов «Шешендік өнер» атты кітабында: «Би шешендер мұрасы - ұлт, заман, мемлекет тағдырын өмір, тіршілік тұрмыс құбылыстарын, адамгершілік дүниесін жан-жақты қозғап, әділ таразылайтын, ғаламат тұжырымды тұрлаулы пікірлер қорытатын, нәзік талдаудар жасайтын, туған халқының ақыл-ой дәрежесін, рухани болмысын танытатын теңдесі жоқ өмір оқулығы» деген еді.

Билер тарихында әр қайсысы жеке дәуірге лайықты Майқы би, Асанқайғы, Жеренше шешен, Әнет баба, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Сырым, Ескелді, Қарауыл Қанай би, Байдалы би, Бөлтірік, Жанқұтты, Ақтайлақ би, т. б. атауға болады. Олар өздерінің ойлау еркіндігімен, ұшқырлығымен, тапқырлығымен алғырлығымен тілдерінің мейлінше орамдылығы, жылдам ой қорыту қасиеттерімен, сыншылдық-шыншылдығымен таңқалдырған.

Жалпы алғанда, ұлттық би-шешендік өнердің тарихы мен теориясы мәдени, саяси, рухани дәстүрлермен тамырлас. Ұлттық сананың кемелденуіне, мәдениеттің көркеюіне, дүниетанымдық дамуына «билердің биі», «Жеті жарғы» заңын жасаушылардың ірі өкілі Тәуке ханның кеңесшісі, үш кемеңгер Төле бидің, Қаздауысты Қазыбек бидің, Әйтеке бидің, Абылай ханның бас билері Байдалы мен Қарауыл Қанай бидің, қолбасшысы Ескелді мен Балтық билердің және т. б жүздеген тұлғалардың қайраткерлік ерен еңбегі қазақтың ескі сөздерінде айрықша аталады.

Әйтеке би бүкіл қазақ халқын парасаттыққа, сол арқылы бірліктің биігіне шақырған. Ал бір даудың ретінде: «Ашу деген - ағын су, алдын ашсаң арқырар. Ақыл деген - дария, алдын тоссаң тоқырар . . . Кісі бірге туыспау керек, бірге туысқасын сөз қуыспау керек. Сөз қуған пәлеге жолығады, жол қуған кәдеге жолығады», - деп байлам жасапты. Осылардағы түйдектеген философиялық ой оралымдары ар жағы түркі, алты алаш, бер жағы қазақ жамағаттары бірлік, туыстық жолын қуып берекеге жетсек деген арнасына құйса керек.

С. Сейфуллиннің қазақ билерінің болмысының халық өмірінің сан-алуан қырларымен байланыстылығын, билердің көп қырлы функциясын атап көрсетеді. Әдебиетші ғалым С. Негимов бұл турасында “. . бұған қоса ол әрі батыр, әрі әнші-ақын, жыршы, сыншы, сәуегей, шежіреші, ғұлама, бір сөзбен айтқанда, әмбебап дарын екендігін ескертеді”, - деп пайымдайды. Қазірде жаңаша ойлау диалектикасы тұрғысынан әдеби мұрағаттарымызды қайыра екшеп жатқан тұста билер функциясының аясын барынша кең арнада қарастырып жүрген еңбектердегі теориялық ой-пікірдің жоғарыдағы С. Сейфуллин еңбегінен бастау алатынын көреміз. Мысалы зерттеуші Мұқадес Есламғалиұлы би - көсем, би - шешен, би - ақын, би - заңгер, би - емші, мәмлегер, би - батыр, би - саясаткер, қоғам қайраткері, би - ойшыл-ғалым, би - психолог, әртіс, би - тәрбиеші деп қазақ билерінің халық өміріндегі, қоғам алдындағы он түрлі қызметін түстегенде, жоғарыдағы С. Сейфуллиннің пікіріне сүйенгендігін байқаймыз.

Қазақ мемлекетінің нығаюына, өркендеп дамуына би-шешендердің қосқан үлесі өте көп. Олар халқының болашағына, тағдырына, ілгері басуына, адамгершілік қасиеттерінің гүлденуіне ерекше еңбек сіңірді. Қазақ билері сонымен қатар рухани тұтастықтың кепілі бола білді, қоғамның рухани жағынан жаңғырып-жаңаруына, бақытты заман орнауына, ұлттың тілімен дінінің құдіретін түсінуге қызмет етті.

Би - рудың билеушісі, әкімі ғана емес сонымен қатар өз ортасының, уақытының беделді, белді азаматы, ақылшысы. Ақылы асқан, ойы түпсіз терең би-шешендердің табиғатына ісқимыл әрекетіне мейірімділік, ізгілік, ақжарқын мінез, байыптылық, көкірек көзімен, есте сақтаушылық, әр нәрсенің обал-сауабын ойлаушылық тән. Бұлар жоқ жерде дана сөзің далаға кетеді. Тыңдаушың ұқпайды. Билік айту, өнерпаздықпен өнегелі. Сөз өрбіту - даналыққа баулу, рухани қорек беру, адамгершілікке шақыру, әдептілікке тәрбиелеу. Тағылым беру деген сөз.

Қазақ билері туралы деректер көп емес, бірақ олардың айтқан өткір сөздері және дұрыс әрекеттері халықтың аңыз-әңгімелерінде жақсы сақталып келеді. Солардың өзі де халқымыздың басынан кешкен үлкенді-кішілі оқиғалардың жаңарғанындай, жаугершілік замандардың, жауынгер ұрандарындай естіледі, елдің еркіндігі, жерінің бүтіндігі үшін күрескен ерлердің есімдері биік үлгі болып адамгершілікке баулиды.

Келер ұрпаққа үлгі болар даналықтың көзі болған билердің өміріне жеке-жеке тоқтала кетсек.

Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы армандап өткені - тәуелсіз ел болу. Қазақ елі өтпелі кезеңнің барлық қиындықтарын жеңіп, әлемдік сахнаға көтерілді. Еліміздің осындай биіктіктерді бағындыруына барлық адамдар сүбелі үлес қосты. Ұлттық қасиетіміз бен ұлттық намысымызды оятқан, әлемге қазақтың танылуына, бостандық пен еркіндіктің бастауында қазақ халқына әйгілі билеріміздің орны ерекше болған . Кемеңгер үш дүлдүлділдің бірі Төле би жайында төменде сөз қозғаймыз.

Төле би (1663-1756) - қазақ халқының бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері. Қазіргі Жамбыл облысының Шу өңіріндегі Жайсаң жайлауында туған. Ұлы жүздегі Дулат тайпасының жаныс руынан шыққан. Әкесі Әлібек момындығы үшін ағайындары арасында «қарашоғыр» атанғанымен, өзіндік беделі бар би болған. Бала күннен жас Төле әкесіне ере жүріп ел көріп, жұрт танған, қазақ халқының ақындық-шешендік тәлімалған.
Он бес жасынан ел билігіне араласып, ақыл-парасаттылығы, әділ шешімі, шешендік өнерімен көзге түскен.

Төле би жас кезінде талай жасы үлкен атақты абыз билердің алдынан өтіп батасын алады. Төле бала әуелі Әнет бабаға барыпты. Жасы жүзге тақап отырған Әнет баба ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. Төле “Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ” дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады:

- Балам, мынаны сындырып көрші. Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.

-Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы? Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт етіп оп-оңай сындыра береді.

Әнет баба:

- Бұдан не түсіндің, балам? - дейді. Сонда Төле бала:

- Түсіндім, баба, бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. “Саяқ жүрген таяқ жейді” демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой.

- Бәрекелде, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл.

Жастайынан ел ынтымағын ойлай білген ол өзінен тұлға қалыптастырып, елінің елеулісі, халқының қамын ойлар біртуар азаматқа айналды.

Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билермен бірге Тәукені хан етіп сайлауға, үш жүздің ұлыстарын бір ортаққа бағындыруға, сөйтіп, бірегей қазақ хандығын нығайтуға, жоңғар шапқыншылығына қарсы бауырлас қазақ, қарақалпақ және өзбек халықтарының жауынгерлік одағын құруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға қатынасқан. Ордабасы жиыны кезінде жоңғар басқыншылығына қарсы бүкілхалықтық тойтарыс беруге ұйтқы болған. Шашырап кеткен қазақтардың басын қосып, Ресей мен Қытай секілді екі алпауыт мемлекет арасында оңтайлы саясатты жүргізген Абылай ханды өкіл бала етіп тәрбиелеп, азамат қатарына қосуда Төле би дің қызметі орасан. 1742 жылы Абылай тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғарлардың қолына түсіп қалғанда оны тұтқыннан босатуда Төле би белсенділік танытқан. Төле би ішкі және сыртқы саясатта сара бағыт ұстанған. Хандық пен мемлекет тұтастығын, тәуелсіздігін діттеп, жаугершілікте дұшпан қолында қалған қалалар мен жерлерді қайтаруға күш салған. 1734 жылы Ресей патшасы Анна Ивановнаға және 1749 жылы Орынбор губернаторы И. Неплюевке хат жолдап, бодандықты қабылдауға ризашылық танытқан. Бұл сол тарихи кезеңде шарасыздан жасалған қадам болатын. Ол жоңғар шапқыншылығынан титықтаған халықтың жағдайын жақсартуды бірінші кезекке қойған.

Қазақ хандығының ыдырау және жоңғарлардың басқыншылық соғыстары кезеңіңде Төле би басшыға тән қасиетін таныта білді. Жоңғарлар жағдайды пайдаланып, қазақ халқын жойып жібергісі, ал тірі қалғандарын қуғын-сүргінге ұшыратқысы келді, Төле би Қабанбай, Бөгенбай және Жәнібек батырлармен бірге бітұгас халық майданын құрып, азаттық жолында күрес жүргізді. Халық ауыз әдебиетінде Төле би туралы көптеген тарихи аңыздар сақталып қалған. Халық арасында Төле би айтты деген мақал-мәтелдер, нақыл сөздер кең таралды. Шымкентте, Түркістанда және Ташкентте билік басында болған Төле би сәулетті ғимараттар салуға да белсене атсалысты. Төле би есімі күллі қазақ тарихына қатысты ірі оқиғалармен тығыз байланысты.
Төле би өзі 12 жыл билік жүргізген Ташкентте, атасы Жүніс ханның қасына жерленген. Ел аузында Төле би туралы көптеген тарихи аңыздар сақталған. Оның атымен байланысты айтылатын нақыл сөздер, мақал мәтелдер, билік кесімдер де ел арасына кеңінен тараған. Төле би есімі тек Ұлы жүзде ғана емес, Орта жүз бен Кіші жүзде де аса құрметпен аталады. Бұл оның бүкіл қазақ халқының тағдырына қатысты ірі оқиғалардың ортасында жүргенінің айғағы. Бұған Төле бидің замандасы, тағдырласы Қаз дауысты Қазыбек бидің «Төле би дүниеден өтті» деген суық хабарды естігенде: «Төле өлді дегенше, дүниеден әділет өлді десейші. Бүтін билікке Төле жеткен, бүтін хандыққа Есім жеткен, бұл екеуіне кім жеткен?» деп, жер таянып, көзіне жас алуы да куәлік етеді. Бұл үш арысқа тірек болған үш асылдың бірінің екіншісіне берген бағасы. Бұдан асырып, жеріне жеткізіп, айту мүмкін де емес. Өйткені олар қасында бірге жүріп, бір бірінің қадір қасиетін жете таныған алыптар ғой!

Руға бөлінгендердің құруға асыққаны. Атаға бөлінгендер адыра қалады. Көпті қорлаған көмусіз қалады. Хан азса халқын сатады. Халық азса хандыққа таласады» деп жауап берген екен. Төле бидің артында кейінгі ұрпаққа жарық жұлдыздай жол көрсетіп, жөн-жоба сілтейтін көптеген өсиет сөздері қалған. Оның шешендік сөздері айтпақ ойының ұшқыр да тапқырлығымен, тап басатын көркем теңеулерінің дәлдігімен, тілінің өткір де айқындылығымен ерекшеленеді. Бидің Данагүл есімді келінінің де есімі көпке танымал. Төле би Шымкент, Түркістан және Ташкент қалаларында көпшілік пайдаланатын ғимараттар салу ісіне белсене араласқан. Төле би халық арасында «Қарлығаш әулие», «Қарлығаш би» деген атпен де танымал. Оның бұлай аталуы жайлы да аңыз сақталған. Төле би Ташкенттегі Шайқантәуір зиратына жерленген. Қабірі Бабырдың нағашы атасы Жүніс хан мазарының қасында. Төле би қабіріне кесене салынған. Ғибратты ғұмыр кешкен бидің жарқын бейнесіне көптеген ақын мен жыраулар оралып, оның даналығын шығармаларына арқау етіп отырған. Өткен дәуірлерде А. Левшин, П. Маковецкий, Л. Баллюзек секілді, т. б. орыс зерттеушілері өз еңбектерінде Төле би есіміне ілтипат білдіріп, құрмет тұта атап өткен. Әр кезде Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Шәкерім Құдайбердіұлы, С. Сейфуллин, М. Әуезов, Б. Адамбаев, Н. Төреқұлов, т. б. Төле биге байланысты әр тараптағы зерттеулері мен ой-қорытындыларын жариялаған. Жамбыл облысында Төле би есімімен аталатын елді мекен бар. Оңтүстік Қазақстан облысында бір ауданға Төле би есімі берілген. Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облысында және Астана қасалында Төле биге ескерткіш қойылған. Алматыда, Шыментте және бірқатар елді мекендерде Төле би есімімен аталатын көшелер бар.

Келдібекұлы Қазыбек би (1665-1765) - қазақтың мемлекет және қоғам қайраткері, Әз Тәуке хан құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, атақты шешен, Орта жүздің төбе биі, «Жеті жарғы» аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі.

Шыққан тегі Орта жүздің Арғын тайпасының Қаракесек руынан. Қазыбектің анасы Тоқмейіл ұтымды да тапқыр сөздерді көп білетін зерек кісі болыпты. Анасы айтқан есті сөздерді кішкентай күнінен жаттап өскен ол ер жете келе өзі де солай сөйлеуге машықтана бастайды. Осы өнерінің арқасында бала биден дана биге айналып, «қара қылды қақ жарған Қаз дауысты Қазыбек би», «алты алаштың ардағы» деген атаққа ие болады. Содан болар Тәуке хан мемлекет тұтастығына жарықшақ түсірмей, халықты бірлікте ұстау үшін үш жүзді өзінен шыққан үш биге билету арқылы басқарғанда, Орта жүзге осы Қазыбек биді тағайындайды. Ол ел басқару ісіне араласып, Қазақ хандығының ішкі сыртқы саясатына елеулі ықпал жасап отырады.

Қаз дауысты Қазыбек би, Қазыбек Келдібекұлы - қазақ халқының XVII - XVIII-ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. 1665 жылы Сыр бойында дүниеге келген. Арғы аталары Шаншар абыз, Бұлбұл, өз әкесі Келдібек - есімдері елге белгілі әділ билер болған.

Қаз дауысты Қазыбектің оқыған жерлері, алған білімі туралы нақты дерек жоқ. Дегенмен, ел аузындағы әңгіме, аңыздар мен биден жеткен шешендік сөздер оның өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәміздерін, ата жолы заңдарын мейлінше мол меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығын айқын аңғартады. Әділдігі мен алғырлығы үшін Тәуке хан Қазыбекті Орта жүздің Бас биі еткен. Би Әз Тәукенің тұсында хан кеңесінің белді мүшелерінің бірі болса, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай ел билеген кезеңдерде де мемлекет басқару ісіне жиі араласып, ішкі-сыртқы саясатта ақыл-кеңестер беріп отырған.

Бидің жастық шағы мен бүкіл саналы өмірі қазақ елінің өз ішінде рулық-тайпалық алауыздықтар мен хандық билікке таластың неғұрлым өршіген, көрші мемлекеттердің көз тігуі жиілеп, Жоңғар шапқыншылығы үдей түскен кезеңге тап келді. Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге қарағанда, ол Тәуке ханның белгілі би-батырлары бастаған елшілігіне ілесіп алғаш рет қалмақ қоңтайшысы Цэван Рабданға барғанында 14 жаста екен. Қылышынан қан тамған қаһарлы қалмақ ханының алдында қазақ билері жасқаншақтық танытып, күмілжіңкіреп қалған сәтте жасөспірім Қазыбек: «Дат, тақсыр!» деп жұлқынып алға шығады да:

«Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.

Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз.

Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз.

Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз.

Бірақ асқақтаған хан болса - хан ордасын таптай білген елміз.

Атадан ұл туса - құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса - күң боламын деп тумайды, ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз.

Сен темір болсаң, біз көмірміз - еріткелі келгенбіз, қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенбіз.

Танымайтын жат елге - танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең - шабысқалы келгенбіз.

Сен қабылан болсаң, мен арыстан - алысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз.

Бітім берсең - жөніңді айт, бермесең - тұрысатын жеріңді айт!» - депті.

Жас баланың бұл сөздерінен бас алыспақ батырлықты да, ынтымаққа шақырған ізгілікті де аңғарған қалмақ ханы әділдікке жығылып, өжеттігі мен шешендігіне риза болып: «Дауысың қаздың дауысындай екен, бұдан былай сенің есімің Қаз дауысты Қазыбек болсын», - деген екен. Соның арқасында елшілік жау қолындағы 90 тұтқынды шабылған мал, тоналған мүлігімен шашау шығармай қайтарып алып, елге олжалы оралған екен. Қазыбек бұдан кейін де жоңғарларға екі рет елшілікке барып, ел намысына дақ түсірмей, көздеген мақсатын орындап қайтқан.

Тәуке хан үйсін Төле, алшын Әйтеке, арғын Қазыбек билерге жаңа заң жобасын - «Жеті жарғыны» жасатып, Күлтөбенің басында бүкіл халық алдында қабылдатты. Сөйтіп, ұлы үш бидің көмегімен ел ішіндегі әдет-ғұрып нормалары, жер-су, қоныс иеліктерінің мөлшері, жесір дауы, құн төлеу, кек алу, ұрлық-қарлыққа тыйым салу, ағайын-туыс, ру арасындағы дау-дамайлар, ел бірлігі, мемлекет басқару, Отан қорғау, сыртқы жаулардың шабуылдарына тойтарыс беру, ұрпақ тәрбиесі, т. б. мәселелердің шешілу жүйесі жаңаша белгіленді.

Ел «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» нәубетіне ұшырап, қатты күйзеліске түскен кезеңде Қазыбек би өзге де билермен бірге Сәмеке, Әбілмәмбет хандардың, Барақ, Батыр, Абылай сұлтандардың арасын жарастыруға күш салды, оларды өзара ынтымаққа шақырды. Орыс патшасымен достық қарым-қатынас орнатуды жақтады. Абылай сұлтан тұтқынға түсіп қалғанда Қазыбек би Абылайды құтқару үшін қолдан келген барлық дипломаттық айла-әрекеттерін жасаған. Би 1762 ж. Абылай сұлтанға Қытай боғдыханынан іргені аулақ салуға кеңес берген. Қазыбек мемлекет істерімен қатар руаралық, сұлтандар арасындағы кикілжің тартыстарға да әділ билігін айтып отырған. Орыс патшасының өктемдігіне қарсы 1740 жылғы башқұрттар көтерілісінің басшысы Қарасақалдың Қабанбай батырға бармас бұрын Қазыбек биге келіп паналағаны белгілі. Ал Барақ сұлтан қысастықпен 1748 ж. 24-тамызда Кіші жүз ханы Әбілқайырды өлтіргенде, мұны ел бірлігіне іріткі салатын қылмыс деп бағалаған.

Жоңғар басқыншылығына қарсы халық күресін ұйымдастырушылардың бірі болған Қазыбек би елдің азаттық алуы жолында аянбай тер төгеді. Абылай сұлтан жоңғарлардың қолына тұтқын болып түсіп қалғанда, оны босатып алуға белсене араласады.

Сондай ақ ол Ресей, Бұқар, Хиуа мемлекеттері арасындағы еларалық мәселелерге де араласып, бейбітшілік пен достықты дәріптеуші мәмілегер болған, аразды татуластырып, алысты жақындастырып отырған. «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деп, ол елшілік қызметті де мінсіз атқарған тұңғыш дипломат. Оның тұңғыш рет он сегіз жасында елшілікке атшы болып барып, басшы болып қайтқаны ел аузында әлі күнге аңыз болып айтылады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстан тарихындағы қазақ билері мен батырларының ролі
ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ БИІНІҢ ӨЗІНДІК ӨРНЕГІ
Билер қызметі
Қазақ музыка театрының би өнері
Қазақ би өнерi
Ұлы қазақ билері
Қазақ қоғамындағы батырлар мен билердің рөлі
Би-шешендер
Қазақ қоғамына билер ықпалы
Шешендік өнер
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz