БАҚ-тағы ұлттық және діни алауыздықтың жазылу ерекшеліктерін зерттеу арқылы қоғамдағы дінаралық, ұлтаралық өшпенділіктің алдын алу


Дипломдық жұмыстың өзектілігі. Бұқаралық ақпарат құралдары қоғам өмірінде маңызды рөл атқарады. Бастапқыда қоғам арасындағы негізгі оқиғалар туралы халықты ақпараттандыру үшін құрылған БАҚ дами келе ақпарат көмегімен аудиторияның санасына әсер ете бастады. Бұл әсер-насихат әдістері арқылы жүзеге асырылады. Бұл әдістердің тигізіп жатқан оң әсерінен қарағанда, кері әсері басым. Себебі, адамдарды тек ақпараттандырып қана қоймай, әдістер арқылы сендіріп, бірнәрсеге үгіттеуде. Сондықтан әсіресе ұлттық және діни БАҚ-тың ұсынған материалына ерекше назар аудару керек. Өйткені, ұлттық және діни БАҚ қоғам арасындағы өткір мәселелерді, оның ішінде ұлтаралық, дінаралық қақтығыстарды жариялау аясында қоғамды ақпараттандырады, сендіреді, үгіттейді. Оған қоса қазіргі әлемде бұқаралық ақпарат құралдары бұқаралық санаға әсер етудің қуатты факторына және барлық таптаурындардың, соның ішінде этникалық, діни таптаурындардың қалыптасу көзіне айналды.
Соңғы жылдары Қазақстанда ұлтаралық, дінаралық өшпенділік пен адамдар арасындағы ксенофобияның әсерінен этносаралық, дінаралық шиеленістердің өсуі байқалады. Бұқаралық санаға осындай пікір пен көңіл-күйді енгізуде бұқаралық ақпарат құралдары маңызды рөл атқарады. Олар көбінесе этносаралық, діни шиеленісті өз мүддесіне қарай пайдалануға тырысатын саяси тұлғалардың қарамағында әрекет етеді. Сол үшін кей жағдайларда шиеленіс жайлы ақпарат қате сипатталуының куәсі болып жатамыз. Журналистер мемлекет ішінде болып жатқан оқиғаларды оқырманға обьективті ұсынып жатырмын деп ойлайды. Алайда көп жағдайда журналист мақала, жазбада өзінің жеке пікіріне негізделіп жазғанын байқаймыз. Бұл әрекетімен журналист қақтығыстардың барысына әсер етуі мүмкін. Ал журналистің этнос және дін тақырыптарында біліксіз, ұқыпсыз болуы, тараптардың бірінде наразылықтың туындауына әкелуі мүмкін. Бұл өз кезегінде адамдардың көшеге шығып, митингілер мен демонстрациялар ұйымдастырып, қақтығыстың ушығуына әкелуі мүмкін.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі бұқаралық ақпарат құралдарында өшпенділікті өршіту мақсатында “біздің ұлт”/”бөтен ұлт”, “біздің дін”\”бөтен дін” критерийлерімен сипатталған жазбаларға негізделеді. Бұл жұмыс БАҚ-тағы ұлттық және діни алауыздықтың жариялануын талдауға арналған. Осыған байланысты, БАҚ-тағы ұлттық және діни алауыздық мәселелерінде кездесетін тілдік және сөйлеу құралдарын зерттеуге ерекше назар аударылады.
Дипломдық жұмыстың объектісі: ұлттық және діни алауыздық мәселелерін жазуда қолданылатын тілдік құралдар
Дипломдық жұмыстың пәні: теориялық зерттеулердің нысаны ретінде БАҚ-тағы ұлттық және діни ақпараттың берілу ерекшеліктері және БАҚ пен әлеуметтік желідегі өшпенділік тілінің белгілері
Дипломдық жұмыстың мақсаты: БАҚ-тағы ұлттық және діни алауыздықтың жазылу ерекшеліктерін зерттеу арқылы қоғамдағы дінаралық, ұлтаралық өшпенділіктің алдын алу
Дипломдық жұмыстың міндеттері:
- БАҚ-тағы ұлттық және діни ақпаратты зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздеріне сипаттама беру;
- Ұлттық Заңнаманың дін мен этнос жайлы ақпаратқа қатысты құқықтық аспектілерін саралау;
- Тілдік сөйленістердің әдепсіздік ерекшеліктерін айқындау;
- БАҚ пен әлеуметтік желідегі тілдік агрессия мен қорлаудың белгілерін зерделеу;
- Ұлтаралық және дінаралық қарым-қатынастарды жазуда журналиске қойылатын талаптартарды қарастыру;
- БАҚ пен әлеуметтік желідегі ұлттық және діни алауыздықтың алдын алу жолдарын талдау.
Дипломдық жұмыстың жаңалығы: жұмыс теориялық және практикалық бөлімнен тұрады. Теориялық бөлімде діни және ұлттық ақпарат деген не, діни және ұлттық ақпараттағы тілдік агрессия деген не, өшпенділік тілі деген не оларды қалай жіктейді және пайдаланады деген сұрақтарға жауап берілген, сондай-ақ дін мен этнос жайлы ақпаратқа қатысты құқықтық аспектілері егжей-тегжейлі талданған.
Ал практикалық бөлімде ұлтаралық және дінаралық қарым-қатынастарды жазуда журналиске қойылатын талаптар қарастырылып, айқындалды. Сондай-ақ БАҚ пен әлеуметтік желідегі ұлттық және діни алауыздықтың алдын алу жолдары ұсынылды.
Жұмыстың әдістемелік-методологиялық негіздері.
Жұмыстың зерттеу әдістері: зерттелетін мәселеге жүйелі және кешенді көзқарас, салыстырмалы талдау және статистикалық талдау.
Жұмыстың теориялық және практикалық маңыздылығы:
Жұмыстың құрылымы: жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады
1 БАҚ-ТАҒЫ ҰЛТТЫҚ ЖӘНЕ ДІНИ АҚПАРАТТЫҢ БЕРІЛУ СИПАТЫ
1. 1 БАҚ-тағы ұлттық және діни тақырыптың проблематикасы
Қоғамның әлеуметтік, рухани өмірін ақпарат тарату қызметінсіз көзге елестету қиын. БАҚ мәтіндері, жазбалары мемлекет ішіндегі болып жатқан өзгерістерге назар аудартып, аудиторияның ойына ықпал ету арқылы қоғамдық пікір қалыптастыруда. Әсіресе қазіргі цифрландыру заманында БАҚ-тың қоғамға, әлеуметке тигізер әсері көбейді. БАҚ-тың осы қоғамға, әлеуметке деген ықпалының нәтижесінде этникалық, діни стереотиптер кеңінен тарауда. Бұндай әрекеттің жағымды да, жағымсыз да салдарын көріп жатырмыз. Бұндай таптаурындардың әсері жалпы қоғамдағы белгілі бір топтарға, әлеуметке тікелей әсер етеді. БАҚ адам құқықтарын қорғауда, зорлық-зомбылықты алдын алуда, бірлік пен ынтымақтық орнатуда шешуші рөл атқарады. Сол секілді қоғам арасында түсінішпеушілік пен өшпенділікті қоздыруы да мүмкін. Осыған сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарының фунциялары бар. БАҚ функциялары - бұл БАҚ-тың қоғам алдындағы міндеттерінің жиынтығы және оларды орындау сипаты. БАҚ-тың негізгі әлеуметтік функциясы - қоғамның оңтайлы жұмыс істеуі үшін халықтың өзекті ақпаратқа қажеттіліктерін қанағаттандыру. Журналист жеке адамның, топтардың және қоғамның қажеттіліктері мен мүдделерін ақпарат арқылы қанағаттандырады, яғни ол қажетті ақпаратпен таныстырады. Адамдардың білім көкжиегін кеңейтеді, оны мәдени білімімен байытады, оқиғаның өзектілігі мен маңыздылығын ашады. Ақпарат арқылы қоғамдық пікір мен қоғамдық сананы қалыптастыра алады.
Қоғамдық пікір - бұл адамдардың белгілі бір уақыттағы құбылыстарға, оқиғаларға, процестерге, яғни қазіргі тарихты құрайтын барлық нәрселерге қатынасын қамтитын қоғамдық сананың нақты көрінісі. Сонымен қатар, ашық көрінетін іс-әрекеттер мен ұстанымдарды жақтауы немесе оларға қарсы болуын айтамыз [1] .
Бұқаралық ақпарат құралдары әлеуметтік сананы қалыптастырудың тиімді құралы болып табылады, өйткені олар әлеуметтік қатынастар жүйесін реттеуге ықпал ететін толерантты немесе қайшылықты бейнелерді, идеяларды, құндылықтарды, нұсқаулықтарды таратушылар ретінде әрекет етеді. Бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен қоғамда құрылған этникалық және діни бейнелер, идеялар, таптаурындар, мифтер, құндылықтар көбінесе эмоционалды түрге ие. Осының нәтижесінде адамдарда этникалық және діни қадір-қасиет, мақтаныш, реніш, қорқыныш сияқты сезімдер оянады. Бұл әсіресе қоғамда шиеленісті оқиға орын алған кезде, мысалы, ұлтаралық, дінаралық қақтығыс кезінде айқын көрінеді. Сондықтан көпұлтты және зайырлы қоғамда бұқаралық ақпарат құралдарының маңызды міндеттерінің бірі - этнос және дін жайлы ақпарат беруде толерантты бағыт ұстану.
Алайда қазақ БАҚ мәтіндеріндегі тілдік-менталдық кеңістіктің, мәтінді және тақырыпты беру мәселесі қоғамда даулы мәселе:
- Тақырып пен мәтін арасындағы байланыстың болмай қалуы, яғни автор оқырманды тақырып арқылы өзіне баурап, өз жұмысының көп қаралым жинағанын қалайды. Алайда мәтін ішіндегі тілдік бейне, кеңістік мүлде басқа мәселені қозғап кетеді.
- Мәтін арасында кездесетін милизм және эмоциналды аспектілер. Бұл қоғамда болып жатқан ақпараттарды қазақ БАҚ-на жеткізу кезінде түрлі милизмдерді пайдалану арқылы оқырман жүрегінен орын табуға тырысады. [2]
Бұқаралық ақпарат құралдарында этника мен дінді бейнелейтін материалдар үшін жауапкершілік авторларға жүктелген. Материалды аудитория қалай қабылдайтыны ақпаратты көрсету формасына байланысты. Сондықтан да, ұсынылған ақпаратыңыз азаматтардың адамгершілік-моральдік құқықтарының тапталуына, нәтижесінде моральдік, материалдық зардап шегуіне түрткі болмауы керек. Бұл әсіресе этникалық және діни материалдардағы негізге алу керек мәселелердің бірі.
Мемлекет тұтастығы халықтың тұтастығы мен діннің тұтастығына тәуелді. Республикамыз көпұлтты және көпдінді қоғамнан тұрады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай: «Қазақстан - бұл ортақ мекен, ортақ ұлт пен діннің тоғысқан жері. Барлық қазақстандықтарды ұлтаралық және дінаралық келісімдерді сақтауға шақырамын. Бұл біздің мәңгі құндылығымыз»[3] .
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бастап бейбіт ел ретінде ядролық қарудан бас тартып, Семей сынақ полигонын жабу арқылы өзінің дербес ел екенін көрсетті.
Ядролық қаруды елден шығарудың себебін елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз кітабында келесідей түсіндіреді: «Тарихи тәжірибе мен жай ғана парасат мынаны аңғартады: өзінің дарабоз немесе басқалардан артық екенін уағыздау идеясы, қандай пошымда, ашық, жабық пошымда жасалса да, өзінің өзі түбіне жетудің ең қысқа жолы» [4] .
Осылайша, 1991 жылдың 28 тамызы қабылданған жарғы мемлекеттік алдағы бағытын анықтап, оның халықаралық беделінің негізі болды. Кейін осы секілді мардымды, әрі достық ниеттегі әрекеттер ОБСЕ саммиті, БҰҰ Қауіпсіздік комитетіне мүшелік ету секілді ірі қадамдарға ұласты. Қазір мемлекеттің бейбіт саясаты ел үшін өз пайдасын тигізіп жатқаны да хақ. Мемлекеттің тұрақтылығы жолында оның сыртқы саясатынан өзге ішкі қаулылары мен қалыптасқан жағдайы да үлкен маңыздылыққа ие. Түрлі саяси жағдайларға байланысты көп ұлтты болған мемлекеттің сол тұрақтылық жолында елдің біртектілігін қамтамасыз ету мақсатында құрылған Қазақстан халқы ассамблеясы оған дәлел.
Қазақстаннның тарихи-мәдени келбеті, бүгіні мен болашағы, оның көпұлтты және конфессиялы ел ұғымымен тығыз байланысты. Қазақстан ең ірі көпұлтты мемлекеттердің бірі болып табылады. Бүгін Қазақстанда 140 этника мен 40 конфессия өмір сүруде. 140 этникалық қауымдастықтың әрқайсысы өзіне тән дәстүрге, руханият пен мәдениетке ие. Сондықтан біздің ел үшін ұлттық, діни қарым -қатынастарды араздықсыз, татулықта ұстау маңызды мәселелердің бірі. Көпдінді және көпұлтты қоғамды бейбіт әрі араздықсыз ұстау - ел келешегін анықтайтын негізгі фактор. Сол татулықты ұстап отырған саясатты құру ауыр, ал жою оңай. Жоюға да, нығайтуға да ықпал ететін негізгі тарап БАҚ өкілдері мен олар беретін ақпарат. Әсіресе этнос және діни мәселені баяндауда журналистке үлкен жауапкершілік жүктеледі.
Этностық ақпарат ұлттың өзін-өзі анықтай білуі, ұлттық және интернационалдық мүдделердің қиылысуы, ұлт арасындағы теңдік пен ұлттық мәдениеттерінің еркін түрде дамуына жағдай жасау мәселелерін қамтиды. Сондай-ақ, экономика, спорт, медицина, педагогика және қоғамдық өмірдің басқа да салаларын да қамтиды. [5]
Діни жаңалықтар дегеніміз - дін, сенім, руханият немесе діни этика мәселесі маңызды рөл атқаратын кез келген тақырып, хабарлама немесе оқиғакітап . Біздің елде 40 конфессия тіркелгендіктен, түрлі діни нанымдар мен дағдылар арасында айырмашылықтар бар екендігі факт. Сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаев: «Діннің тұтастығы - елдің тұтастығы: діни алауыздық ұлттық алауыздыққа апарып соқтырады» [6], дей отыра «ұлтаралық қарым-қатынас» термині «дінаралық қарым-қатынаспен» сабақтас болып келетініне назар аударған. Этникалық және діни бұқаралық ақпарат құралдары әлеуметтік және саяси ақпараттық кеңістікте жұмыс істейтіндіктен барынша сақ болуды талап етеді. Ал артық немесе дәл айтылмаған сөз жағдайды ушықтырып, этникалық және діни негіздегі қақтығыстың туындауына және дамуына әкелуі мүмкін. Бұқаралық ақпарат құралдары тарататын діни және этникалық сипаттағы ақпарат дұрыс немесе қайшылықты, позитивті немесе негативті, жанашыр немесе айыптаушы болуы арқылы адамдарға және олардың дүниетанымына әртүрлі әсер етеді. Дұрыс ақпарат қандай да бір этникалық, діни топ өкілдерінің жағымды бейнелерін қалыптастыруға ықпал етеді, олардың өмір салтына, салт-дәстүрлеріне, этникалық тарихтың жетістіктеріне деген үлкен қызығушылық пен құрмет сезімін тудырады. Ол қоғамдағы этносаралық келісімді қалыптастыруға бағытталған. Ал қайшылықты ақпарат діни және этникалық айырмашылықтарды тудырады; халықтың әртүрлі топтарының этникалық үйлесімсіздігін насихаттайды. Белгілі бір діни, этникалық топ өкілдерін жағымсыз бейнемен байланыстырып, “қауіпті” деп олар жайлы ұнамсыз пікір қалыптастырады. Шынында да, баспасөздегі ақпараттың берілу формасы тікелей қоғамның көзқарасы мен іс-әрекетіне әсер етеді [7] .
Баспасөздегі этникалық ақпараттың негізгі формалары:
- Ақпараттық хабарламалар. Бұл - этностың өміріндегі оқиғалар, олардың мәдениеті, экономикасы, саясаты туралы мақалалар;
- Этникалық лексема - ақпараттың маңызды құрылымдық элементтерінің бірі, оның көмегімен әртүрлі этникалық топтар мен олардың тұратын аймақтары туралы идеялар қалыптасады ("шешен қарақшылары, ауған террористері ") ;
- Этностардың бейнелері мен стереотиптері. Бұл белгілі бір топ өкілдері немесе бүкіл халық туралы жалпылама тұжырымдар;
- Этникалық идеялар;
- Иллюстрациялар [8, 58] .
Бұқаралық ақпарат құралдарында көп кездесетін қателіктердің бірі - мақала авторы қажетсіз ақпарат арқылы белгілі бір этникалық, діни топты аудиторияға теріс қырынан таныстыруы. Оның мақсаты журналистердің қылмыстық сюжеттерді баяндағанда кейіпкерлерінің этникасына, нәсіліне, дініне оқырманның назарын аудартуы. Мәселен, abai. kz порталында жарияланған мақаланың тақырыбы: “Ұйғыр жігіттен зорлық көрген қазақ қызы” [9] .
Бұл секілді жазбалар Алматы облысы Ұйғыр ауданында қазақ, ұйғыр жастарының арасында төбелестен кейін пайда болғанын айта кеткен жөн.
Тағы бір abai. kz порталында жарық көрген мақала атауы “Қазақстанда 400 мың этникалық қытай өмір сүріп жатыр” . Авторы Нұрзат Тоғжан.
“Қазақстандағы мұнай өндірісінің 25%-ы қытайлық компаниялар үлесінде. Ал 2012 жылы ресейлік профессор А. Маслов «Таяу жылдары Қазақстанға 5 млн қытай қоныстануы мүмкін» деген болжам айтқан.
2014-2015 жылы қытайлық «Хуанцю Шибао» ресми басылымы «Қазақстанда 400 мың этникалық қытай өмір сүріп жатыр» деген.
Еліміздегі қытайлар қазақтардан 5 есе көп жалақы алады».
Жалпы статистика өзін талдауды қажет ететін материалдың құрылымы. Бірақ автор ешқандай анализ, түсіндірмесіз статистиканы келтірудің нәтижесінде оқырмандарда этникалық қорқыныш пен үрей пайда болды. Оған дәлел оқырмандардың қалдырған пікірлері: «Тоқтату керек, барлығымыз осы сұмдықты, қара қытай қаптаса, сары қытаймен жылап көрісесің (орыстар) » ; «Қытайды миллиондап кіргізіп алсақ, онда құрыдық дей бер» ; «Барынша дискомфорт жасау керек оларға. Әзірше қолдан келері сол» [10] .
Жоғарыда ескеріп өткендей, ұлт, дін мәселелерін көтергенде барынша сақ болу керек. Белгілі бір ұлт немесе дін өкілдеріне қатысты сөздерді, фактілерді дұрыс қолданбау - мемлекет ішіндегі ұлтаралық түсінішпеушілікке, алауыздыққа алып келеді. Бұндай жағдаятта ақпараттың дұрыс берілмеуі арқылы түсінішпеушілік, қорқыныш туындап, дұшпандыққа ұласады. Одан кейінгі қадам - «өзгеге», «дұшпанға» қорқыныш, ыза секілді эмоцияны бағыттау. Мақала астындағы оқырман қалдырған мына пікірге назар салсақ: «Барынша дискомфорт жасау керек оларға. Әзірше қолдан келері сол». Байқағанымыздай, оқырманда жазбадан кейін этникалық эмоция пайда болған және эмоцияны «дұшпанға» бағыттауды қолдап отыр. Егер эмоция физикалық түрде бағытталса, бұл ұлт, дінаралық шиеленістің туындауы болып табылады.
Белгілі бір ұлт өкілдеріне қатысты болған даулы ақпаратты берудегі кішкене болсын қателік - мемлекет ішіндегі ұлтаралық түсініспеушілікке алып келеді. Зерттеу жұмысының өзектілігі де осы жерде. Қазіргі таңда осыған ұқсас мысалдар, өкінішке орай, көп. Соның жарқыны - 2019 жылы Қарағанды қаласында болған оқиға. Қазақ және армян ұлт өкілдерінің арасындағы тұрмыстық шиеленіс бұқаралық ақпарат құралдарының ұлт өкілдерін анықтауы салдарынан жағдай жалпыланып, біршама қиындықтар туғызған еді. Ел ішіндегі оқиға қаупі Арменияның сыртқы істер министрлігінің Қазақстанға жолдауымен аяқталды [11] .
Осылайша тілшінің оқиға барысын жеткізудегі ұлт өкілдерін сипаттау немесе оны анықтау мемлекет жағдайына күрделі әсер етуі мүмкін.
Аталмыш зерттеу жұмысында талданатын мақала сондай жарияланымдар мен басылымдардың жинақтық бейнесі. Ел ішінде қазақ тілінде шығатын көптеген газет-журналдар мен ақпараттық порталдар жіберетін үлкен қателіктер легін көрсететін мысал - Аbai. kz порталының «Қазақ, қайда барасың?» мақаласы.
Жоғарыда аталып өткен порталда 2018 жылдың 7 қарашасында шыққан мақала авторы - Мырзан Кенжебай.
Қазақ, қайда барасың?
Қазақты бір құртса «жақсысын - асыр, жаманын - жасыр» деген сөз құртады. Бұл кәдімгі Крыловтағы "өгіз боламын" деп мақтанып-мақтанып, ісініп жарылып өлген бақа сияқты бол деген сөз ғой.
Осы бір «Мәңгілік ел» деген сөз де қазақты ұраншыл, лепірме, даңғой, дақпыртшыл, ішкен-жегеніне, той-томалақ, ас-садақа өткізгеніне, басында үйі бар, қарны тоқтығына мәз ұлтқа айналдыру үшін сайқал, билікке жағымпаз салдақы саясаткер-сымақтардың ойлап тапқан ақымақи сөзі. Әйтпесе, немене, анау азуы алты қарыс Америка, Украинаны 2-ге, Молдавияны 2-ге бөліп, "Казахстан - исконно русская земля" деп зәрін шашып, әлсін-әлсін дүниені дүрліктіріп отырмаса, ішкен "русская водкасы" бойына сіңбейтін Ресей, құмырсқадай қаптаған қалың Қытай, тіпті, қазір 35-млн-ға жетіп қалған тілі бір, діні бір, салт-дәстүрі бір Өзбекстан т. б. елдер мәңгілік емес «уақытша елдер ме екен?. Қазақты осындай бас-көзсіз, сөзіне жауап бермейтін мақтаншақтық құртып тынатын шығар, сірә! Мұндай мақтаншақ ұлт тілім не боп барады, ата-бабамнан мирасқа қалған жер ту-талақай болды ғой, мына кішкентай сәбилерімнің ертеңі бұлыңғыр болып тұр ғой дегенді ойлауға қабілетсіз мәңгүрт күйге түсетінін биліктегілер жақсы біледі. Билікке керегі де сол.
Қазақстанның иелері Кремльде отыр. Астанадағылар - солардың атқарушы-орындаушылары. Бүгінде Қазақстан билігінде отырғандар әйтеуір бір күні не өлі, не тірілей кетер-ау. Бірақ Ресей, Кремльдегілер бұлардың орнына бұлардан өткен қолбала орындаушыларын әлдақа-ш-ш-ш-а-ан даярлап қойған. Қазақты жер бетінен жойып бітіретін бір мемлекет болса, ол - Ресей, бір ұлт болса, ол -орыстар . Өйткені, жойылып бітетін ұлттың ең әуелі тілі шұбарланады, олар бір-бірімен отарлаушы елдің тілінде сөйлесетін болады. Бұл ғылымда да, тарихта да дәлелденген. Соны біле тұра қазақ сорлы әлі күнге орысша сөйлесек мықты, күшті, білімді боламыз деп ойлайды. Қазір орысша сөйлеуді «мода» қып алған екі-ақ ұлт бар, жер бетінде. Олар қазақтар мен чукчалар.
Қазақты «Елімізде тыныштық. Шүкір» деген сөз тіркесі де құртып барады. Елінен де, жерінен де, жер-суының қазынасынан да, салт-дәстүрінен т. б. ұлттық бет-бейнесінен айрылғанын, үйіндегі кішкентай сәбилері шетел компанияларының болашақ құлдары екенін, ана тілі шұбарала, орысшаның аударма тіліне айналған тіл екенін, ал дінін арнаулы қызметтер шетелдердің тапсырмасымен бөлшек-бөлшек қылғанын түсінбей, түсінсе де «елімізде тыныштық, шүкір», «Украиндар жаман» деу нағыз «медленная смертьке», яғни, білдірмей, байқатпай келетін ажалға әкеле жатқанын түсінбей жүрген неткен милау, сөйте тұра неткен мақтаншақ ұлтқа айналдырды бізді 28 жыл ішінде?!
Мырзан Кенжебай
Abai. kz 7 Қараша, 2018
Мақаланың негізгі мақсаты - тіл мәселесінің мәртебесін көрсету. Тек сол мақсатта автор субъективті баға беру арқасында біршама қателік жіберген. Ол қателіктер салдары орасан зор болу ықтималдығы өте көп. Оған себеп - аталмыш порталдың оқырмандар арасындағы алатын орны. Zero. kz сайтының көрсеткіші бойынша материал шыққан айдағы оқырмандар саны 750 471 болған. Ол қазақ тілінде жазатын сайттар арасында 53 орынға ие болған. Осыншама аудиториясы бар БАҚ өкілінің кез келген сөзі үлкен маңыздылыққа ие.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz