Білімдіден шыққан сөз


«Бекітемін»
ООӘжҚББО кеңесінің
шешімі №
А. Кашкинов
« . . . » . . . 2020 ж.
Дайындаған:
Түпқараған ауданы, Ақшұқыр мектеп-лицейінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі Байекеева Рысгул Биргалиевна
Әдістемелік құрал, (бағдарлама) 34 бет.
Рецензия (қысқаша нұсқада)
Эсселер мен шығармалар жинағы - маңызды әдістемелік құралдардың бірі. Жинақталған эсселер мен шығармалар жинағы көптің сұранысына ие болары сөзсіз. Заман талабына сай білім алушылар мен барлық пән мұғалімдері эссе жаза білуі керек. Дарынды шәкірттерім Тұрарбеков Тәттімбет пен Тұрарбек Мерейдің шабыттана жазған эсселері мен шығармалары, өлеңдері түрлі тақырыптарды қамтиды.
«Ұсынылды»
Сараптау комиссиясының
отырысы хаттама № . . .
« . . . » . . . 2020 ж.
Менің мамандығым
Ұстаздық - ұлы мамандық. Ұлы дейтін себебім, ұстазға бас имейтін адам жоқ. Ұлағатты ұстаз сол бойда өз еңбегінің жемісін көрмесе де, бірнеше жылдан кейін көруі мүмкін.
Балаң шағымнан Ұлы істерді ғана атқаратын, білім мен тәрбиені қатар беретін батыр жүректіге айналу басты арманым болған еді. Сол арманға жету жолында өз ұстаздарыма еліктей жүріп, қылықтарын қайталайтынмын. Үйге келе салысымен, өзімнен кіші інілеріме білгенімді үйретуді машығыма айналдырғанымды ең алғашқы ұстаздық жолға түскендік дер едім. Ұстаздарымды ерекше қадір тұтып, кесе көлденең өтпей, айтқан әрбір сөзін ұғынып, өміріме азық ететінмін. Өмірімде ұстаздық шабыт берген мектептегі сынып жетекшіме және қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген абзал апайыма алғысым шексіз. Тек оқытып емес, керек қасиеттердің бәрін бойыма сіңірді, биікке ұмтылдырды. Жан-жақты ізденімпаз болуға машықтандым.
Мұғалім - дарындыны іздеуші, бағыт беруші. «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» пәндерінің мұғалімі білім алушылардың ішінен талантты мен талаптыны, қабілетті мен дарындыны тауып, шығармашылыққа баулып, қызығушылықтарын ояту керек. Шығарма жаза алатын оқушылардың санын көбейтуі керек. Ұстаз тек білім бере отырып, білімге барар жолды нұсқағаны жөн. Шәкірттер қандай мамандық алып шықса да, сауатты сөйлей алатын, жаза алатын болуға тиіс. Қазақ тілінің мәртебесін көтеруді ойлайтын, ұлттық санасы жаңғырған, «Мәңгілік ел» идеясын іске асырушы ұрпақтың санын еселеу мақсаты алдымызда тұр. Мол мүмкіндіктерді пайдаланып, сабағымды түрлендіре өткізіп отырамын. Кіршіксіз болуға тырысып, бағыт беремін. Жаһандану дәуірі - жандану дәуірі болғандықтан білім саласы да бәсекеге қабілетті болмасына болмайды. Осы ретте қазіргі заманға сай мұғалімдікті таңдай отырып, шығармашылық, жазушылық, өнерлілік, ақындық қасиеттерді бойымда ұялата білдім, сонымен бірге байқампаздық, сауаттылық, көшбасшылық, зерттеушілік, жаңашылдық сияқты қасиеттерден де кенде емеспін. Зерттеуші-мұғалім болу - заман талабы. Баяғы құлдық сананы кетіру үшін, рухани жаңғыру кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Мен өзімнің барлық шығармаларымды, ғылыми мақалаларымды, түрлі баяндамаларымды, эсселерімді, газетке жарияланған еңбектерімді, сонымен бірге оқушылар шығармашылығын енгізіп, «Ұстаз ізденісі - ұлт болашағы» атты жеке авторлық кітабымды шығардым. Алдағы уақытта эсселер жинағын, өлеңдерімді және оқушыларымның түрлі шығармаларын, өлеңдерін жинақтап, тағы бір кітап шығару ойымда бар. Мен шегінбек емеспін, мен уақытпен санаспай еңбек ете беремін.
Қазіргі таңда мен өз мамандығымның майталманымын. Мен ұстаздық қызметті бастағалы, талай шәкірттерім түлеп ұшты. Еткен еңбегім далаға кеткен жоқ. Шәкірттеріме өзімнің шаршап тұрғанымды білдірмейтінмін. Ең бірінші сәлемдесуге, адамшылыққа үйрететінмін. Содан болса керек, кездесіп қалса, оқушыларым ерекше ниетімен амандасып, көптен көрмей кетсем, өздері іздеп келіп жатады. Сол кезде менің жүрегім нұрға толып, бет ажарым ажарлана түседі. Менің мамандығым тек мәртебелі ғана емес, ғұмырлы мамандық болып табылады. Ізденуді талап ететін мамандығымды мақтан тұтамын. Басқа мамандықтарға қарағанда, жауапкершілігі мол ұстаздық емес пе?! Менің мамандығым қасиетті, менің мамандығым мәртебелі бола бермек! Менің мамандығым - менің мақтанышым! Менің шәкірттерім - менің мақтанышым! Ұстаз аз жалақы алғанына қарамастан, бай адамдардың қатарынан табылады, өйткені жан-дүниесі, рухани дүниесі бай, жақсы шәкірттерімен бай. Ең сауапты істі, ең керемет тарихта қалатын істі тек ұстаздар атқарады. Маған қандай қызмет ұсынса да, мен ұстаздық мамандықтан кетпес едім.
Авторы: Тұрарбеков Тәттімбет Қуанышбекұлы
Менің болашақ мамандығым
Менің таңдаған мамандығым-дизайнерлік. Дизайнер-асыл да, қасиетті мамандық. Бұл мамандық адамзатты жақсылыққа, жан дүниесін сәбидей тазалыққа, мол рухани байлыққа жетелейді. Мамандықтың жаманы жоқ, дегенмен, «дизайнер болсам» деген асқақ арман маған маза берер емес. Мамандығымды мен емес, мамандығым мені таңдап алардай күй кешіп жүрмін. Тума таланттың тұла бойындағы өнер ерте болсын, кеш болсын жарып шығары анық.
Жілігінің майын шағып ішкен майталман маман болу - қай-қайсының да арманы, тек соны әр адам қабілет-қарымына қарай қателеспей таңдаса болғаны. Сұранысқа ие боларлық, бәсекеге қабілетті маман қазіргі нарық заманында аса керек. Барымызды сақтап, салт-дәстүрімізді жалғастыра отырып, ұрпаққа бар рухани байлығымызды беру біздің борышымыз. Дизайн-көркемсурет және сәулет өнеркәсіп бұйымдарының ең үздік үлгілерін жасау және заттық ортаны үйлестіру шараларын қамтитын бағытының атауы.
Мен өзім таңдаған дизайн қызметінің ерекшелігі - әсем әрі көркем жасалған тұтыну заттары мен бұйымдарының қоршаған ортаға лайық үлгісімен жүзеге асыру, ұдайы олардың жаңа үлгілерін ойлап табу болып табылады. Термин жаңа болғанымен, оның негізі ерте заманда-ақ қалыптасқан. Дизайн өнері заман талабына орай өзгеріп, дамып отырады. Меніңше, дизайнер мамандығы «өлмейтін», болашағы бар және мүмкіндіктері мол мамандықтың қатарына жатады. Маған ерекше ұнайтын тұсы барлық өнер түрлерінің басын бір адам бойына біріктірерлік қасиетке ие болуында жатыр.
Мен өмірлік жоспарымды осы кезден бастап бекітіп қоюға шешім қабылдадым. Ол жоспарлар былай бөлінеді: күндік жоспар, апталық жоспар, айлық жоспар. Мүмкіндігімше болатын, орындалатын нәрселерді жоспарлаймын, алайда қиялыма да ерік беретін кездер болады. Жаңалық біткеннің бәрі қиялдан туады. Әр күн жатар алдында «Мен бүгін не істедім?», «Не бітірдім?», «Кімді ренжіттім?» «Қандай мүмкіндігімді қалт жібердім?», «Ертең не іс істеуім керек?»деген тәрізді ойлармен өзіме есеп беремін. Мамандығыма бастар жол осы жоспарлар емес пе? Үлкен армандарды кішкентай армандар құрайды. Сөйтіп-сөйтіп тәй-тәй басқан баладай ойымды іске асыруға талпынамын. « Мақсат қой да, талпына бер алға қарай!» деген ұран - менің өмірлік ұстанымым. Ең бастысы ішкі рухың биік, білімді болуың шарт.
Кейбіреулер өзінің кім боларын, қандай мамандықтың иесі болып шығарын дөп басып айта алмай күмілжиді. Менің ерекшелігім өзімнің қандай мамандық иесі боларымды баяғыда-ақ шешіп қойғанмын. Оны жүрек қалауым мен қабілетіме қарай таңдап алдым десем де болады.
Менің қазіргі алдыма қойған мақсатым: ескі, пайдаланбай қалған нәрселерден жаңа, басқа нәрсе ойлап табу, яғни ештеңені керексіз қылмау. Қолым қалт етсе, қуыршағыма қиынды маталардан көйлек тігемін. Ол үшін алдымен суретін салып аламын. Суреттерге қарап отырып рахаттанамын. Егер сәтті шықса, ерекше қуанып, арман белесіне бір барып қайтамын. Сол көйлекті киіп алғандай би билеп, ән салатыным бар, сосын өзімді өзім әйгілі дизайнер маманы деп те елестетемін.
Суретшілер дизайн және мүсінші туындыларын жасайтын суретшілер болып бірнеше топқа бөлінеді. Бейнелеу өнерінің шығармашылық тақырыптары сан алуан. Соның ішінде менің таңдағаным «Ұлттық киім»өнері. Ұлттық киім үлгілерімен қатар, заманауи үлгідегі киім үлгілерінің суретін шабыттана саламын. Оларды ешкімге ұқсамайтын ерекше сәнді етіп салғанды, тек суреттеп қана қоймай тігуді де ұнатамын. Қазақ өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар суретші-дизайнер болсам деген арманым бар. Тек дизайнер ғана емес, сол сызып салған киімдерімді тігетін тігінші болсам да, артық болмас деп ойлаймын. Қазіргі кезде талғампаздар қауымы шет елдерден шыққан киімдерді киеді. Ал мені осы мәселе қатты толғандырады. Өзіміздің отандық сапалы матадан ерекше үлгідегі киімдер шығаратын фабрикам болса деген болашақтағы жоспарым бар. Сол фабрика әлем жұртшылығының қызығушылығын туғызып жатса қандай керемет! Елімнің мерейі болар еді.
Бірін-бірі қайталамайтын киім түрлері, неше түрлі өрнекті көздің жауын алар маталар, сан алуан әшекей бұйымдарды шығару менің айқын мақсаттарымның негізгісі дер едім. Өнер мен бизнесті қатар бағындыру - қазіргі заман талабы. Әрбір қазақтың ұлтжандылық қасиеті жоғары болып, ұлттық киімдерді тек мерекелерде ғана емес, барлық уақытта мақтанышпен киіп жүрсе деген тілегім де жоқ емес.
Жалпы өнер түрлерімен айналысу қиын деп жатады. Менің ойымша, өмірде ешқандай қиын нәрсе жоқ, тек оны жеңе білсең болғаны. Өнер адамға туа бітті беріледі, оны еңбегіңмен ғана ары қарай дамыта аласың, ал жалқау болсаң, өнерің бойыңда тұншығып қалады. Қазіргі кезде біздің балалық шағымыз жақсы кезеңге тап болды. Біздің қазір қолымызда барлық мүмкіндік бар, сондықтан әр сәтті босқа өткізбей, мақсатыма жетуге осы кезімнен ұмтыламын, мүмкіндіктерімді пайдаланамын. Еліме қалтқысыз еңбек етіп, халқымның мақтанышына айналамын! Қалайда дизайнер мамандығын игеріп, ата-анамды қуантатын, елімнің керегіне жарайтын тұлға боламын!
Нашақорлық - қоғам дерті
Нашақорлық дерті әлемдік проблемаға айналып кеткелі қашан? Енді уақыт өткен сайын нашақорлықтың дерті асқынып кетпесе екен. Бұл тыйым салынған есірткі адамды ұйықтату, есінен тандыру, ұйқымен ұмыттыру, жансыздану сияқты аса қауіпті індетке әкеледі. Ең қорқыныштысы, нашақорлыққа ұшыраған адам онсыз өмір сүре алмайтындығында және қылмыс жасауға бейім тұратындығында жатыр. Мектеп жасындағы бойжеткендер мен бозбалалар есірткі заттарды көп қолданатындардың қатарына жатады, себебі, адам бозбала мен бойжеткен жасында көп еліктегіш келеді, сондықтан мектеп жасындағы балаларды есіркіден сақтандыруымыз керек. Ол үшін «Нашақорлық - қоғам дерті» деген тақырыптарда міндетті түрде тәрбие сағаттарын өткізіп, темекі сияқты зиянды нәрселерден аулақ болудан бастаймыз. Сақ болу үшін бейтаныс адамдардың тартып, иіскеп көруге шақыруына бармауды жастарға, балаларға ескерту керек. Көбіне түнгі клуб пен би алаңдарында, тіпті базарларда да сатып алуға болады екен. Есірткінің қаншалықты қауіпті екенін білмеу және бұл мәселеге жеңілтектікпен қарау білімсіздіктен болады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 9 наурыздағы №186-қаулысымен бекітілген тізіміне медициналық мақсатта пайдалануға тыйым салынған 72 атау көрсетілген. Гашиш, анаша, героин, кокаин, каннабис, апиын тағы басқа есірткі заттар қауіпті түріне енеді. Бұл кесірдің қолдан жасалған түрлері эфедрин, фентози деп аталады. Есірткі қабылдаудың бірнеше түрі бар. Бірін егу арқылы қабылдаса, енді бірін иіскеу, шайнау арқылы қабылдайды. Иіскеп қабылдайтын адамды токсикоман дейді, жалпы қолданатын адамды наркоман дейді. Қай түрі болмасын, миға тез жетеді. Есірткі қолданатындар ашушаңдықпен бірге көздері суланып, жиі есінеп, іші өтіп, асқазаны ауырып, тамаққа тәбеті болмай, жиі құсатын болады. Орталық ми жүйесінің жұмысын істен шығарып, арты өлімге апарады. Есірткі қабылдайтын адамды бірден байқауға болады, оның түрі көгеріп, құрғап, тістері сап-сары болып, көзінің іші қып-қызыл болып тұрады. Мемлекет тарапынан да есірткі бизнесіне қатаң тыйым салынған. Қоғамда есірткі заттарға қарсы күресіп, қылмыстардың алдын алу жолдары қарастырылуда . . . Статистика бойынша қылмыстың көбі осы зиянды нәрсені пайдаланудан шығады екен. Жасөспірімдер әуелі ол қымбат тұратын есірткіге қол жеткізу үшін, әмиян ұрлаудан бастап, кісі өлтіруден де тайынбайтын жағдайға жететін көрінеді.
Мемлекет тарапынан есіткіге тәуелді адамдарды тегін емдеу де қолға алынған. Олардың емделуге құқы бар. Сол үшін мемлекетіміз жылда қыруар қаржы қарастырады. Өркениетпен бірге келген бұл қара құрт қаржылық жағынан мемлекетке шығын әкеліп отыр емес пе?!
Қорыта айтқанда, болашақ ұрпақ үшін нашақорлық - қауіпті індет. Ғасыр дертінің алдын алу - баршаға міндет! Бүгінгі заманның қауіпті індетінен жас ұрпақты арашалауға үлес қосайық! Салауатты өмір сүру деп, әлеуметтік өмірді жақсарту, бос уақытты тиімді пайдалану, денсаулықты сақтау, нығайту, сапалы тамақтанумен бірге зиянды нәрселерден аулақ болуды айтамыз. Жастардың тура жолдан ауытқымауын қоғам болып қолға алуымыз басты міндеттердің бірі болып табылады.
Білім кілті кітапта
Кітап - байлық. Ал кітап мекені - кітапхана. Тарихымыздың талай сыры мен құпиясы сол кітапханада жатыр. Кітап тұратын, тіпті жеке кітапханаң болса, қандай бақыт! Үйімізге кітап қорын сақтауды әдет қылған дұрыс. Қасиетті қазыналы мекенді мекендеушілер - абыройлы кітапханашылар. Кітап оқумен қатар кітапханашы соңғы технологияларды да жетік меңгергені жөн. Жалпы өзім кітапханаға көп барамын, әсіресе мектеп кітапханасына көп барамын. Жылы жүзбен қарсы алған кітапханашыны көргенде, ерекше рухани күш бойымды кернегендей боламын, содан соң қойға тиген қасқырдай отыра қаламын да оқи бастаймын. Содан болар білім деңгейім мен жан-жақты дүниетанымым дамып келе жатқанын байқаймын.
Кітап - рухани құндылық. Кітап өмірді ұзартады. Барлық маман иесі кітаптан сусындайды. Кітапқа құмар адам жаңалыққа құштар, жан дүниесі таза келеді. Білім мен тәрбиені қатар беретін кітаптың орыны ерекше . . . Білімді адам қашанда кітап атты құралын мәпелеп ұстайды, әр кітаптың құнын біледі. Білімді адам ғана бақытқа қол жеткізеді. Білімді болу үшін тек кітап қана көмектеседі.
Білімді адам сөйлегенде мүдірмейді, ақылына ақыл қосып, басқалармен тез тіл табысады. Қай заманда да кітапсыз білімді адам болған емес. Біздің алдымызда Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы: «Ғасыр білімсіз өмір сүру мүмкін емес, халықты салауатты да, сауатты өмірге бағыттауымыз керек»-деген сөздерін тірек етіп, насихаттау міндеті тұр. Кітапты сүйгенде ғана білімге, бақытқа қол жетеді.
Білім кілті кітапта
Баға жетпес кітапқа.
Ылғи оқып, дос болсаң,
Достасады кітап та.
Кітап оқы, сыйла оны қазағым,
Кітап жайлы талай өлең жазармын.
Кітап - біздің ақылшымыз, досымыз,
Бұл айтқаным, бұл айтқаным аз әлі.
Аталы сөздер мен баталы сөздерді де кітаптан аламыз.
Денсаулықты сақтау үшін де білім керек. Ол үшін кітаптың денсаулыққа қажет жағын да қарастырдым. Ғаламтор кітаптың орнын ешқашан алмастыра алмайды. Егер ұйықтар алдында телефонды пайдаланса, қауіпті ісік ауруының пайда болуына әсер етеді, егер жатар алдында кітап оқыса, ұйқысыздық ауруынан сақтайды. Ұйқысыздық ауруынан емделу үшін, мамандар кітап оқуға кеңес береді.
Кітап сөзі ескірмек емес! Қандай кітап болса да, қастерлеп, биік ұстайық! Кітаптар санының көбірек шығып таралуына үлес қосайық! Кітапты қолдау - мемлекетті қолдау. Кітапты қорғау-болашақты қорғау . . .
Бүгінгі білімің - ертеңгі байлығың
«Білім ал, білім ал» деп ата-анам неге қақсайтынын енді түсінгендеймін. Бұрынырақтан ата-бабамыз «екі қолға бір күрек табылар» десе де түптің түбі білімнің керек екенін біліп кетті. Оған келтірер дәлелдер аз емес. Қазақ халқының мынандай мақал-мәтелдері бар: «Білімнің басы-бейнет, соңы-зейнет», «Ғылым-теңіз, білім-қайық», «Алтын алма, білім ал», «Білегіңе емес, біліміңе сен», «Білім инемен құдық қазғандай», «Өнер-ағып жатқан бұлақ, білім-жанып тұрған шырақ», «Кітап-алтын қазына», «Ақыл азбайды, білім тозбайды»т. б.
Абай атамыз айтқан:
«Білімдіден шыққан сөз
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге,
Көкірегінде болсын көз», -деп.
Ғылым-білімді уағыздаған ағартушы ақын ақылды, білімді адамды аса жоғары бағалауы әбден орынды. Бұл пікірлі ойлары ғылым-білім үйренуге ұмтылған жастарға айтқан сөздерінен де айқын танылады.
Білімді адамның қоғамдағы орны бөлек ерекшеленіп тұратыны белгілі. Ондай адамның өзіндік ой-пікірі болады. Егеменді еліміздің өркендеп дамуы үшін де білімді тұлғалар көп керек.
Ол үшін бүгіннен бастап ойланып, тек терең білім алуға ден қоюымыз керек. Білімнің жолдасы - ақыл мен талап. Білім оңайлықпен келмейді, ол талаптанумен қатар көп еңбектеніп, ізденіп, кітап оқып толықтырамыз, содан соң ғана, үлкен жетістіктерге қол жеткіземіз, сонда ғана бұл өмірге «кірпіш болып қаланарың» сөзсіз.
Байлық деген не? Байлықтың екі түрі бар: біріншісі, өмірдегі қажеттіліктердің мол болуы, екіншісі, рухани азық пен мәдениеттің молдығы.
Адам боп дүниеге келген соң, денемізге қажетті азықты жеумен қатар, рухани азық жинау да парызымыз. Ал білімді жанға екі байлық та оңайлықпен өзінен-өзі қатар келеді деп ойлаймын. Болашақта бала-шағамды қиындыққа ұшыратпай, молшылықта күн кешу үшін, рухани байлықты, білімді мол жинауым қажет деген ойға келдім. Ол үшін қазіргі таңда менің елім барлық жағдайды жасап отыр. Кемеңгер, елімнің көрегенді көшбасшысы Н. Ә. Назарбаевтың білім саласына деген қамқорлығы керемет!
Бүгінгі білімің - ертеңгі байлығың.
Қорқыттың нақыл сөздері - тәрбиенің көздері
Түркі халықтарының тарихи тұлғасы Қорқыт атаның нақыл сөздерінің бір бұрысы жоқ. Ойлап қарап отырсам, бұл нақыл сөздерді Қорқыт ата өзінің өмірден алған сабақтарынан алған. Қорқыт сөздерін ұйып тыңдайтын қауымы сол кезден бастап ұлы тұлғаны қастерлей білген. Қорқыттың түркілердің оғыз ұлысынан шыққан данагөй, көріпкел, бақсы, ұлы күйші, жыршы, ел басқарған көрнекті қайраткер екенін білемін. Алайда оның оның философияға тұнып тұрған нақыл сөздерінің орны бір бөлек. Оның нақыл сөздерінің құдіреттілігі мен маңыздылығы неше ғасыр өтсе де, оның ескірмеуінде жатыр. Қорқыт атаның тәрбиенің көзі бола білген нақыл сөздері барлық тақырыпты қамтиды. Мәселен, адамның тәкаппарлығы мен кішіпейілділігі, саналылығы мен санасыздығы, ақ ниеті мен қара ниеті, адалдығы мен арамдығы, байлығы мен кедейлігі, достығы мен дұшпандығы, қорқақтығы мен батырлығы, инабаттылығы мен дөрекілігі, әдемілігі мен тұрпайылығы туралы салыстыра суреттеп, жас ұрпақты жиіркенішті қылықтардан және мінезден бойын аулақ салуға үндейді.
Осындай қанатты сөздерді қазақтың мақал-мәтелдеріне ұқсатып мазмұнына қарай тақырыптарға бөлдім:
- Қорқыт атаның тұрмыстық қажеттіліктеріне және жеке қасиеттерге байланысты нақыл сөздері:
- Ер жігітке қара таудай мал бітсе, жияр, көбейтер, талап етер, бірақ несібесінен артығын жемес.
- Мыңғырған мал жиғанмен адам жомарт атанбас.
- Қонақ келмеген үйдің құлағаны артық.
- Жалған сөз бұл дүниеде болмаса игі
- Есекке қанша жүген салғанмен ат болмас.
- Тәкәппарды тәңірі сүймес.
- Ат тұяқты келеді, ақын тілді келеді.
- Өтірік сөз өрге баспайды.
- Қорқыт атаның ана туралы нақыл сөздері;
- Ана-ердің серігі, батырдың бағдаршысы, ұрпақтың ұлы анасы
- Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман
- Анасыз қыз ақылға жарымас, әкесіз ұл сыйға жарымас.
- Ниеті құрыған әйел, нысапсыз әйел, кесір әйел
- Ананың көңілі балада болар.
- Ақ сүтін тоя емізсе, ана көрікті.
- Ұлдың кімнен туғанын ана білер.
- Қыз анадан көрмейінше үгіт алмас. т. б.
- Өмір мен өлім туралы қанатты сөздері:
- Өмір барда өлім бар, өзгеру бар.
- Өлмес өмір жоқ, сынбас темір жоқ, бәрі де өледі, өзгереді, ұмыт болады.
- Ажал уақыты жетпейінше, ешкім өлмес.
- Өлген адам тірілмес.
- Мәңгі-бақи өлмейтін, ұмытылмайтын нәрсе-адамның өмірінде істеген игілікті ісінің нәтижесі т. б.
- Туған жер, елге арналған қанатты сөздері:
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz