Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметін қарастыру


Жұмыс түрі:  Реферат
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 14 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТІРЛІГІ

. . .

ҒЫЛЫМИ ЖОБА

Тақырыбы:

«Ахмет Байтұрсыновтың әлеуметтік көзқарасының негізгі өзегі»

Секциясы: Қазақ тілі мен әдебиеті

Орындаған 9 « А » сынып оқушысы: Полетаев Никита

Жетекшісі: Көпеева Думан Амандыковна

2021-2022 оқу жылы

Мазмұны

І Кіріспе . . .

ІІ Негізгі бөлім

1. 1 А. Байтұрсынұлының әлеуметтік көзқарасының қалыптасуы

1. 2 А. Байтұрсынұлының әлеуметтік ағартушылық ой-пікірлері . . .

Қорытынды . . .

Пайдаланылған әдебиеттер . . .

Аннотация

Қазақ даласының әр сүйем жері үшін қасықтай қаны қалғанша күрескен, халықтың қаһарман ұл-қыздары әрдайым жұртшылық жолында. Олардың көбісі эпос кейіпкерлеріне айналып, қастерленеді.

Өзі өмір сүрген қоғамның ең өзекті деген әлеуметтік мәселелерін биік деңгейде көтеріп, оны шешудің жолын көрсете алған ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының есімі бізге де сондай ардақты.

А. Байтұрсынов «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметін ұйымдастырып құруда белсенді қызмет етіп, осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруда үзенгілес зиялы қайраткерлердің көшбасшысы болды. «Алаш» партиясының кемеңгері ретінде өзінің білімділігімен, саяси сауаттылығының тереңдігімен ерекшеленді. Азамат соғысының аласапыранында әскери-соғыс істеріне қатысты белсенді ақыл-кеңес беріп, соғыс зардабынан түрлі азапты шегіп, ашаршылық пен ауруға ұшыраған қазақ халқына азық-түлік пен медицина көмегін ұйымдастырды.

Өзектілігі: Қазақстанға, қазақ халқына сіңірген еңбегі зор, тау тұлғалардың қатарында Ахмет Байтұрсынұлы тұр. Міне, сол себепті бүгінгі күн талабы Қазақстанның тәуелсіздігі жолында, жерінің тұтастығын сақтап қалуда тарихымыздан орын алып отырған Ахаңның өмірі мен қызметін талдауға жаңа көзқараспен қарауды, жаңаша бағалауды қажет етеді және бұл, әрине тақырыптың өзектілігін көрсетеді.

Мақсаты: Халқын қалтқысыз сүйген, сол кездегі аянышты халіне күйінген, болашағына зор үміт артқан Ахмет Байтұрсынұлының өміріне, шығармашылық жолына және ғылыми жетістікеріне шолу жасау және қазіргі уақыттағы қазақ жастарына дара тұлғаның есімін кеңінен насихаттау.

Міндеттері:

Қойылған мақсаттан шыға отырып, келесідей міндеттер қойылды:

• Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметін қарастыру;

• ғылыми зерттеу салаларын анықтау, оқушылар арасында сауалнама жүргізу;

Кіріспе

Сан ғасырлық алуан қатпарлы тарих көшінде халқының басын қосқан, жарқын болашаққа бастаған, беделін асырған, намысын оятқан, абыройын қорғаған тұлғалар, әлбетте, аз болмаған. Ұлт тарихының қалың оқулығы бізге тағылым аларлық сан тұлғаның өмірі мен өнегесін ұсынғанда, олардың ішінен мемлекет тізгінін қолына ұстаған хандар мен билерді, ел іргесін жаудан қорғаған баһадүрлерді, әлеумет өмірін кең толғаған жыраулар мен ақындарды, ән мен күйін әуелеткен өнерпаздарды, халқына жол нұсқаған ойшылдарды көреміз. Бойына алуан қабілетті сыйғызған осындай айтулы тұлғалардың ортасында барша қазақ “Ахаң” деп құрмет тұтқан, “Ұлт ұстазы” деген аса мәртебелі ат иеленген-Ахмет Байтұрсынұлының ерекше орны бар.

Елдің басына төнген кешегі қара бұлттың көбесі сөгіліп, азаттықтың ақ туы көк аспанда желбірегелі бері қазақ руханиятына зор үлес қосқан ұлт қайраткерлерінің еңбектері мен шығармашылығы туралы жазылып, мәдениетіміздің шамшырағы жанғандай болды. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз қайта тіріліп, руханиятымыздың кем-кетігінің орны толықты. Осы бір тұста туған халқымен қайта қауышқан Ахмет Байтұрсыновтың жөні бөлек. Талай уақыт архив пен жасырын құжаттарда сақталып келген оның есімі тәуелсіздік таңымен бірге қайтып келді.

Ахмет Байтұрсынов - қазақ мәдениеті мен руханиятында тұтас бір дәуірді алып жатқан үлкен тарихи тұлға. Оның тағылымға толы шығармалары өз кезеңінің негізгі ұранына айналып қана қоймай, бүгінгі күні ұлтының айнымас темірқазығына айналды. Ол өзінің тума талантын халқының жолында шыңдап, іргелі істердің аңдатпасы ретінде тарихи сахнаның бедерінен көрінген. Ол қараңғыдан жол тауып, қазақ қоғамына өзінің сәулесін төкті. Оқу мен білімнің қажет екенін түсінген А. Байтұрсынов қазақ даласына жарық беріп, ағартушылық қызметпен айналысқан еді. Бұл оның елі үшін туған арда азамат екенінің айқын көрінісі.

ХХ ғасыр басындағы тарихымыз небір күрделі оқиғаларға толы болғанын білеміз. Бұл қазақ жерінің патшалық Ресей құрамына толық еніп, отаршылдық езгінің ең күшейген шағы болатын. Өз жерінде өзінің негізгі азаматтық құқықтары шектелген қазақ баласының дәл осы күйін Ахаң секілді арда туған азаматтар ғана түзей алар еді. Қазақ халқына ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтерген, жұртшылықтың санасына демократиялық ойлар сіңіріп, алға жетелеуге ұмтылған зиялы топ қалыптаса бастаған едіОсыған байланысты Сәкен Сейфуллин былай дейді: “А. Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі. Оқығандардың арасынан шыққан өз заманында патша арам қулықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губернатор, соттарға күшін сатып, тілмаш болып, кейбір оқығандары арларын сатып ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызметтерін қылды . . . ”. Ол қазақ халқына отаршылдықтың қамытынан құтқарар жол - алдыңғы қатарлы дамыған елдердің қатарына қосылып, өнер-білімге ұмтылу деп біліп, халық арасында ағартушылықты насихаттау жұмысына кіріседі. “Алға басып, жұрт қатарына кіру керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек” деген ол қоғам дамуына қажетті, өзге жұрттан қалыс қалмаудың жолы ғылым мен білімнен іздеп, халқын дамыған, мәдениетті ел болуға шақырып, қазақ елінің келешегін тәуелсіздікке жетелеген халықтың рухани жетекшісіне айнала білді және отаршылдықтың азабын тартқан өз халқының мәдени-әлеуметтік және рухани болмысын көтеру үшін қызмет етіп, қазақтардың білімді болуына, сауатын ашуға және оның санасын жоғары деңгейге көтеруге ұмтылды.

Өткен ғасырдың алатеуім шағында “Алаш қозғалысы” деген атпен тарихымызға енген ұлт-азаттық қозғалысының қайраткерлері саяси сахнаға шықты. Оның саяси көсемі-Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан болса, тұтас дәуірдің рухани көсемі-Ахмет Байтұрсынұлы еді.

Бұл қозғалыс қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіру үшін күреске шыққан ұлы оқиға болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Алаш арыстары бізге мемлекетшілдік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті” деп аса жоғары баға берді. Қазақтың ұлт ретінде сақталуының қорғаны да, кепілі де ұлттық мемлекеттілік екенін ұғынған көшбасшы топтың ең алдыңғы сапында Ахмет Байтұрсынұлы тұрды. Бұл туралы қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаев: “Ахмет Байтұрсынұлы-ұлттық тарихымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға. Бәлкім, біреулерге бұл орынсыз тұмсану болып көрінер, оған дейін де бұл далада Фараби, Иасауи, Қорқыт, Асан Қайғы, Ыбырай, Шоқан, Абайлар да өтті ғой десер. Ол рас . . . Бірақ, Ахмет Байтұрсынұлы оларға ұқсайды да, ұқсамайды да. Ұқсайтыны: ол да аталмыш алыптар сияқты, ұлттық дамуымыздың үрдісі мен қарқыны қалған дүниедегі даму үрдісі мен қарқынына сәйкес келмей кенде қалып, көрер көзге тығырыққа тірелген халқына адастырмас жол іздеді. Ұқсамайтыны: Ахмет Байтұрсынұлы ондай жол Қорқыт пен Асан Қайғыдай үйреншікті үрдісті аман сақтап қалатындай жаңа қоныс іздеумен табылады деп түсінбеді. Фараби мен Иасауидей өз тұсындағы кең жайылған антикалық немесе исламдық дүниетанымға уақытылы көшу арқылы барлық мәселені шешуге болады деп ұқпады. Абай мен Шоқан, Ыбырайлардай теңдікке жетудің жолында тек ағартушылықпен шектелгісі келмеді. Оның үстіне, бұлардың ешқайсысын да Ахмет Байтұрсынұлының рухани қалыптасуына тікелей әсер етті деу тым асыра айтқандық болар еді” деп, Ахаңның ұлт тарихындағы тарихи орнын дәл бағалаған болатын.

Барлық саналы ғұмырын ұлт күресінің қасиетті жолына арнаған Ахмет Байтұрсынұлының есімі ел шежіресінде көптеген қырынан айтылады. Біріншіден, ол-қайраткер тұлға. Алаш қозғалысының бастауында тұрып, оның өрістеуіне, жалпыұлттық қозғалысқа айналуына ерен еңбек сіңірген шын мәніндегі ұлт қайраткері. Тіпті, Алашорда таратылып, кеңестік билік орнаған шақта да Ахаң қайраткерлік тұғырында қалды. Соның жарқын мысалы-қазақтың кеңестік кезеңде автономияға қол жеткізуіне басты себепкер болғаны және қазақ жерінің тұтастығы үшін большевиктік билікке дегенін орындатқаны. Екіншіден, ол-сан буын қазақтың сауатын ашқан ұстаз. Оның әліпбиін осы күнге дейін миллиондаған қазақтар пайдаланады.

Негізгі бөлім

1. 1 А. Байтұрсынұлының әлеуметтік көзқарасының қалыптасуы

Қазақ халқы мәдениетінің тарихынан көрнекті орын алатын қайраткерлердің бірі - ағартушы ұстаз, қазақ тілі білімінің негізін қалаушы, ғалым Ахмет Байтұрсынов. ХХ ғасырдың алғашқы отыз жыл ішінде қазақ халқының қоғамдық-саяси, мәдени-ағарту және әдеби болашағын ойлап, санасын оятуда, сауатын ашуға, жағдайын жақсартуға күш-жігерін, білімін арнағандардың бірі. Мұхтар Әуезовтың сөзімен айтқанда, қазақ халқының «Рухани көсемі» болған А. Байтұрсыновтың ұланғайыр еңбегі сан салада көрінеді. Өткен ғасырдың алғашқы жылдарында А. Байтұрсыновтың елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған істері қалың елге кеңінен тарай бастайды. Әсіресе сол кездегі оның өлеңдерін Уфадағы «Ғалия» медресесінде білім алып жүрген жастар сүйіп оқиды. Ақынның өлеңдері жас өскіндердің жүрегіне жылы тиіп, саналарында сілкініс пайда болады. Осының нәтижесінде жастардың ұйымдастыруымен халық арасында қаражат жинап, газет ашу ісі қолға алынады. Бұл газеттің аты «Қазақ» деп аталып, оған редакторлыққа Ахмет Байтұрсынов шақырылады. Міне, газет ашылған 1913 жылдан бастап А. Байтұрсынов кәсіби түрде өз қызметін атқарды. Осы уақыт аралығында Ахаң халықтың көкейіне қонатын дүние шығарсақ, елдің жыртығын жамайтын мәселе көтерсек деген ниетте еңбек етті және бұл ойлары толықтай жүзеге асты. А. Байтұрсынов редакторлық еткен «Қазақ» газеті «халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» айналды.

Ахмет Байтұрсынов үшін оқу-ағарту идеясы - оның әлеуметтік қызметінің арқауы, азаматтық борышының негізі, идеологиялық бағытына айналды. 1895 жылы 9 маусымда Ақтөбе уезі, Арынғазы ауыл мектебіне жолдама алған Ахаң аз ғана уақыт ішінде жастығына қарамастан өзінің өте білімдар мұғалім екенін көрсетеді.

Бастапқы кезде Ахметкерей Қонысбаев деген байдың үйінен мектеп ашып, кейіннен Аманқарағай ауылнай мектебінде бір жылға жуық бала оқытады және сол жердегі Аманқарағай қорықшысының қызы Александра Ивановнаға үйленеді.

1911 жылы Орынборда Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» жинағы шықты. Бұл ұлтын ұшпаққа шығармақ ақынның дабылы секілді. Себебі, Ахаң ештеңеден хабарсыз, ойсыз жатқан халқын маса секілді шағып, оятуды мақсат етеді. Сондай-ақ, осы мақсат жолында өзінің алған бетінен қайтпайды. Бұл жинақтағы «маса» бейнесі - еркіндікке ұмтылған, халқын оятуға бел байлаған, азаттықты аңсаған жанның келбеті. Тіпті, ол дәл осы жолда талай соққы жеп, небір қиын сәттерге ұшырайды. Алайда, ол бастапқы көздеген ұлы мұратынан алыс кетпейді. Бұл туралы ол өлеңде: «Пәленің түрін көрген мен - Сары маса, Халықты оянсын деп сөзбен шаққан» дейді.

Алайда, А. Байтұрсыновтың ұлттық намыс жолындағы бұл еңбегін сол сәтте қаралаушылар да табыла кетті. Оның істеп жатқан іргелі істерін жоққа шығарғысы келіп, алдына кесе-көлденең тұратындар көбейді. «Өз ауылының иттерінің үріп-қапқаны» жанына қатты батқан Ахаңның сол кездегі хәлін түсіне алдық па? Туған халқын өнер-ғылымға бағыттап, ағартушылық қызмет атқарып жүрген оны өзіміз ұстап бердік. Халқын қараңғыдан жарыққа шығармақ болған оның бұл еңбегін қандай асыл әрекетпен теңесек те, артық етпейді.

Ахмет Байтұрсынов Алаш қайраткерлерімен иық тірестіре ұлтына қызмет етті. Алаштың негізгі мақсаты - азаттықты алып, халқының өз қолы өз аузына жететін күнді тудыру еді. Осы жолда аянбай тері мен қанын төкті. Ұлттық қазынамыз бәсекеге түскен кезеңде небір айла-шарғыға барған олардың көзсіз ерліктерін бүгінде мақтан етіп айтып отырмыз. Тағылым мен тәлім, өнеге мен өсиет қабысқан Алаш қайраткерлері ұлтқа қажетті дүниені беруге тырысты. Оқу-ағарту ісін жандандырып, ел арасында білімнің салтанат құруына жол ашты. Бұл тұрғыда А. Байтұрсыновтың есімін ерекше атап өтуіміз керек. Оның тағылымға толы тағдыры тек ұлттық күрес жолында өтті.

Бүгінде Ахмет Байтұрсыновтың шығармалары халық арасында кеңінен танымал. Оның есімін қазақ халқының тәуелсіздігімен байланыстырмау мүмкін емес. Осы жолда аянбай еңбек еткен оның тағылымға толы істері бүгінгі күні өз дәрежесінде бағаланып жатыр. Бұның бәрі ұлт мүддесін берік ұстанған Ахмет Байтұрсыновтың халқына деген сүйіспеншілігінен туындайтын дүниелер.

ХХ ғасырдың басында үркердей топтанып шыққан қазақ зиялы қауымының аса көрнекті өкілі, өзінің жалпы рухани болмысы жағынан «оқыған азаматтардың тұңғыш көсемі» ретінде танылған Ахмет Байтұрсынұлы болатын. Ол өзі өмір сүрген қоғамның көкейкесті әлеуметтік мәселелерін биік деңгейде қозғаған, адамды рухани қалыптастырудағы оқу-білімнін құдіретін терең түсінген ағартушы - реформатор еді.

Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылы 25 қаңтарда Торғай уезінің құрамындағы Тосын болысының Сарытүбек елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Байтұрсын - тегі жағынан атақты Үмбетей батырдың немересі. Ол ел ішінде өзінің шыншыл, батыл мінезімен танымал, беделді кісі болған. 1885 жылы уез бастығы Яковлев Байтұрсын тұратын ауылға келіп, оның інісі Ақтасты тез тауып бермедіңдер деп, ауыл адамдарын ұрып-соққанда, мұндай шектен шыққан әрекетке шыдай алмаған Байтұрсын Яковленті қамшымен тартып жібереді. Қатты соққыдан уез бастығы есінен танып, атынан құлап түседі. Осыдан кейін отряд пен ауыл тұрғындары қақтығысып, адам шығыны болады. Бұдан кейін көп ұзамай Байтұрсын інісі Ақтаспен бірге 15 жылға Сібірге жер аударылады. Бұл оқиға сергек ойлы балаға қатты әсер етіп, санасында мәңгі өшпес із қалдырады. Алайда, ол қарапайым халық пен әкімшілік арасындағы қақтығыстың әлеуметтік астарын, әділетсіздікке қарсы күрескен әкесі мен ағасының соншалықты қатаң жазалануының негізгі себебін толық түсіне алған жоқ еді.

Он үш жасар Ахметті әкесінің інісі Ерғазы Торғайдағы екі кластық орыс-казақ училишесіне орналастырады. Оны ойдағыдай бітірген, білімге құштар жас шәкірт мұнымен қанағаттанбай, Орынбор қаласындағы мұғалімдер мектебін де тәмамдайды. 1895 жылы оқуды аяқтағаннан кейін Қостанай, Ақтөбе, Қарқаралы уездеріндегі ауылдық, болыстық мектептерде, екі кластық училищелерде сабақ беріп, бала оқытады. Сөйтіп, ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин салған ағартушылық жолды жалғастырып, халықты оқыту, өнер-білімге тартуды өмірінің айнымас мұратына айналдырады.

1905 жылғы бірінші Орыс революциясы басталғанда Ахмет Байтұрсынұлы Қарқаралыда еді. Осында өткен 4 жылда оқытушылық жұмыспен қатар саяси жұмысқа да белсене қатысады. Ол бұқара арасында жүргізген үгіт-насихат жұмыстарынан қарымды қаламын да, қажырлы қызметін де аямады. Сондай нақты әрекеттің бірі - 1905 жылдың 26 маусымында Қоянды жәрмеңкесінде Жақып Ақбаев, т. б. оқыған қазақ зиялыларымен бірігіп Санкт-Петербургке, патша үкіметінің жоғары басқару орнына жолданған петиция болды. Онда империяның отарлық, орыстандыру саясатының зардаптары, адам құқығын таптаған орыс шенеуніктерінің шектен шыққан озбырлық әрекеттері ашық айтылып, соған байланысты қазақ халқының талап-тілектері мәлімделген еді.

Ахмет Байтұрсынұлының бұл сияқты саяси іс-әрекеттері жергілікті орыс әкімшілігінің назарына ілігіп, ол патша саясатына қарсы пікірлер айтты деген айыппен 1907 жылы Қарқаралы түрмесінде біраз отырып шығады. Ал 1909 жылы оған Ә. Бекейхан және басқа қазақ оқығандарымен бірігіп бұқара халық арасында үгіт жүргізіп, патша үкіметіне қарсы наразылық туғызды деген жала жабылады. Сөйтіп, Семей губернаторының жарлығымен әуелі Қарқаралы түрмесіне қайта түсіп, кейін Семей түрмесіне ауыстырылады. Ал 1910 жылғы 21 ақпанда Орынбор қаласына жер аударылады. Орынбор қаласындағы тоғыз жыл текке кеткен жоқ. А. Байтұрсынұлы қазақ тілі мен әдебиетінің теориялық мәселелерін зерттеу ге құлшына кірісіп, оқулықтар мен оқу құралдарын жазады. И. Крыловтың 40 мысалын қазақ тіліне аударады. Қазақ қоғамын тәуелсіздік үшін күреске шақырған манифестей әсер еткен «Маса» атты өлеңдер жинағын шығарады. Ол осындағы Бөкейхан бастаған қазақ зиялыларымен біріге отырып, ұлтын ұйқыдан оятудың бірден-бір тиімді құралы ретінде «Қазақ» газетін шығаруды ұйғарады.

Газет бұл миссияны абыроймен атқарды. Оны алғашқы кезде 3000-нан астам адам жаздырып алса, кейіннен жабылар алдында таралымы 8000-ға жетелі. Мұның сол кез үшін үлкен жетістік болғаны даусыз. Газеттің бұқаралық сипат алуында оның 1912 жылдың наурызынан 1917 жылдың қыркүйегіне дейін редакторы болған А. Байтұрсынұлының үлесі ұшан-теңіз.

«Қазақ» газетінде жарияланған коғамдық-әлеуметтік тақырыптарға арналған мақалалар, онда ел билеушілердің әділетсіздігі мен парақорлықтарының қатаң сынға ұшырауы патша әкімшілігінің үнемі назарында болып отырды. Осы үшін оның редакторы бірнеше рет жазаланған. Мәселен, «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 80-ы санында Байтұрсынұлының өзі дайындаған бас мақаласын Орынбор губернаторы Сухомдинов қазақтың үкіметке қарсылығын туғызу мақсатымен жазылған деп бағалап, авторды 1500 сом айып төлеуге, болмаса үш айға тұтқындауға шешім шығарады. Сонда қойған басты кінә - мақалада бұрынғы Дала ережесін жою туралы патша үкіметі жаңа Заң жобасының бірсыпыра баптарының қазақ жұртының мүддесіне қайшы екенін ашық айтқаны еді.

Ахмет Байтұрсынұлы 1917-ші жылғы Ақпан революциясының нәтижесінде талай ғасырдан шексіз билеп-төстеп келе жатқан монархияның құлауын халықтарға азаттық әкелген оқиға ретінде шын көңілмен қабылдады. Ол революция екпінімен және көзі ашық, озық ойлы зиялы қауыммен бірге 1917-ші жылдың 21-26 шілдесі аралығында өткен Бірінші бүкілқазақ сьезін ұйымдастырушылардың бірі болды. Ал осы жылдың желтоқсан айының 5-13 күндері өткен Екінші бүкілқазақ съезінде Алашорда өкіметі құрылғанда А. Байтұрсынұлы жаңа үкіметтің халық ағарту саласындағы оқулықтар дайындайтын комиссияның құрамына кіреді. Алайда ұлт мүддесіне сай, ұлттық нышандарға негізделген тәуелсіз мемлекет идеясы ұзақ өмір сүре алмады. Болышевиктер Алаш арыс-тарының асыл армандарын жоққа шығарды.

1. 2 А. Байтұрсынұлының әлеуметтік ағартушылық ой-пікірлері

1919 жылы Кеңес өкіметі халық алдында бедел жинау мақсатында Алашорда қайраткерлеріне кешірім бергеннен кейін, А. Байтұрсынұлы өз қалауымен жаңа үкімет жағына шығады да, бірден алуан түрлі жауапты мемлекеттік істерге араласады. Халық ағарту комиссары, Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің мүшесі лауазымдарын атқара жүріп, Қазақстанда автономиялық мемлекет құру, жаңа әлеуметтік қатынастар орнату ісіне зор үлес қосты. Алайда, ол автономиялық мемлекетті тәуелсіздік жағдайда көргісі келді. А. Байтұрсынұлына большевиктік революция нәтижесінде орнаған озбырлық пен қорқытуға негізделген пролетериат диктатурасын, қазақтың ұлттық этнопсихологиясына жат коммунистік интернационологияны танып-білу мен толық қабылдау қиын болды. Бұл оның 1920-шы жылдың 17 мамырында В. И. Ленинге жазған хатынан анық байқалады. Онда орыстар өздерін ғана коммунист-интернационалистер деп атау арқылы патшалық үкіметтің саясатымен ғасырлар таныс орыстан бөлек өзге ұлттың сенімін оята алмайды дей келіп, А. Байтұрсынұлы мұнан әрі Ресей құрамындағы қазақ халқының ұлттық болмыс-бітімін жоғалтпай, қазақты мәңгүрттенуден аман алып қалудың нақты жолдарын ұсынады. Қазақ мемлекетінің саяси сипаты қандай болуы қажеттігі туралы ойларын айқын баяндай келіп, мыналарды ескеруді ұсынады:

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ахмет Байтұрсынұлы шығармаларының тарихи маңызы
Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырбаяны
Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен қызметі
Ахмет Байтұрсынов қоғам қайреткері
МЫСАЛ ЖАНРЫН МЕКТЕПТЕ ОҚЫТУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
Қазіргі қазақ әдебиетін оқыту әдістемесімен Ахмет еңбегінің сабақтастығы
Ахмет Байтұрсынұлының педагогикалық көзқарастары
А. Байтұрсыновтың педагогикалық көзқарастары жайлы
Шәкәрім Қ. мұрасы Ә.Бөкейханов зерттеуінде
Ахмет Байтұрсыновтың қазақ халқының рухани көсемі ретіндегі орны
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz