Қазақ поэзиясының ұлттық сипаты


Кіріспе Зерттеу жұмысының өзектілігі: ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында қазақ поэзиясында ешкімге ұқсамайтын өз даусымен, өз болмысымен, өз үнімен жарқ етіп танылған Тыныштықбек Әбдікәкімов, Ұлықбек Есдәулетов - қазақтың біртуар көрнекті ақындары. Асқан талантымен, айбынды ақындығымен, асқақ азаматтығымен ерекшеленген аталмыш ақындар қазақтың қара өлең жазирасында қалам тербетті де, әлем поэзиясындағы ірі тұлғаға айналды. Олардың шығармалары ұлттық рухқа, рухани-адамгершілікке толы. Ақын поэзиялары - ұлттық сананы сілкіп оятып, оқырманға рух беретін қуатты дәру, жан-дүниеңе ізгілік нұрын шашатын энергия көзі. Құт-береке құюшы құндылық. Осы орайда ешкімге ұқсамайтын өзіндік дара жолы, ақындық қолтаңбасы бар ақын шығармашылығын зерттеу бүгінгі әдебиеттанудағы өзекті мәселелердің бірі деп білеміз. Т. Әбдікәкімов, Ұ. Есдәулетов поэзияларының көркемдік ерекшелігіндегі ең бір негізгі арқау - оның өлеңі өміріне, өмірі-өлеңіне айналғандығы. Зерттеу жұмысымыздың өзектілігі де осы мәселеден бастау алады. Зерттеу жұмысының мақсаты: Дипломдық жұмыстың негізгі мақсаты- қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов пен Ұлықбек Есдәулетов поэзиясындағы ерекшеліктер мен ондағы ұлттық рухты зерттеу, ақындық ерекшелігін танытатын мәселелерді зерделеу. Алдымен оның поэзиясындағы жанрлық, тақырыптық, стильдік өзгешеліктерді таба отырып, олардың сырына, қалыптасу тарихына үңілу. Осы мәселелерді анықтай отырып, оның өз кезеңі әдебиетіндегі алатын орнын, шығармаларының танымдық-эстетикалық мәнін айқындау. Зерттеу міндеттері: Тыныштықбек Әбдікәкімов, Ұлықбек Есдәулетов өлеңдерінің өзіндік стиліне шолу жасай отырып, ондағы негізгі ұлттық рух сипатының басымдылығымен байланысты екендігін негіздеу; ақын лирикаларын тақырыптық жағынан топтай отырып, оның идеялық құндылығын анықтау; - эпикалық туындыларын талдау арқылы, ақын шығармашылығының негізгі кредосы рухани-адамгершілік құндылықтарға сүйенетінін айқындау; - Т. Әбдікәкімов, Ұ. Есдәулетов поэзияларындағы азаматтық әуен, ұлттық рух мәселесіне талдау жасау. Зерттеу нысаны: Тыныштықбек Әбдікәкімов пен Ұлықбек Есдәулетовтің өлеңдер жинақтары.
Әдіснамалық және теориялық негіздері: Аталған мәселелердің шешімін табу үшін көптеген ғалымдардың, әсіресе поэзиялық шығармалардың стильдік, жанрлық мәселелеріне арналған бірқыдыру еңбектерді басшылыққа ала отырып, олардың ой-тұжырымдарына сүйендік. Атап айтсақ: З. Ахметов «Өлең сөздің теориясы», «Поэзия шыңы-даналық», Б. Кәрібаева «Қара өлең және лирика», А. Егеубаев «Сыр мен сымбат», Қ. Мырзалиев «Сөз сиқыры», Қ. Бекхожин «Өлең өткелдері», С. Негимов «Өлең өрімі», Қ. Мәшһүр-Жүсіпов «Өлең-сөздің патшасы».
Зерттеу әдістері: Тақырып ерекшелігіне және жұмыс мақсатына байланысты бітіру жұмысты жазу барысында түсіндіру, сипаттама, салыстыру, талдау, зерттеу әдістері қолданылды.
Зерттеудің ғылыми жаңашылдығы: Тыныштықбек Әбдікәкімов пен Ұ. Есдәулетовтің ақындығымен қатар қоғам қайраткері ретіндегі тұлғасына мән берілді;
Ақын поэзияларындағы азаматтық әуен, ұлттық рух сияқты халықтық мәселелер талданып, олардың маңыздылығы негізделді;
Тыныштықбек Әбдікәкімов пен Ұ. Есдәулетов поэзияларының тақырыптық ерекшелігі, стильдік саралығы талданып, ақынның өзіндік қолтаңбасының қалыптасу барысына шолу жасалды.
Жұмыстың практикалық маңыздылығы: Дипломдық жұмыста қамтылған мәселелер мектеп оқушыларының, филология факультеті студенттерінің білімін тереңдетуге септігін тигізеді деген ойдамыз.
Диплом жұмысының құрылымы: Дипломдық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытынды бөлімнен және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Кіріспеде зерттеудің көкейкестілігіне тоқтала отырып, ғылыми жағына сипаттама берілді. Қорытындыда болжамды дәлелдейтін негізгі тұжырымдар берілді.
1 Қазіргі қазақ поэзиясындағы ұлттық нақыш 1. 1 Қазақ поэзиясының ұлттық сипаты «80-90 жылдардағы қазақ поэзиясы жайлы сөз қозғағанда, осы жылдардағы тарихи жағдайды айтпай кету мүмкін емес. Бұл кезең халқымыздың өмірінде аса үлкен тарихи маңызы бар уақыт болғаны мәлім. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы ұлттық сананың ұлы төңкерісі болды. Орыс империясының шырмауындағы қазақ халқы бодандық бұғауын үзіп шықты. Желтоқсан оқиғасы жаңа тарихи кезеңге жол ашты. Қазақ халқы егемендігін жариялап, Ата Заңын қабылдап, өзін әлемге танытты. Тарихымыз бен мәдениетіміздің көлеңкелі жақтарының ашылуының ұлтымыздың рухани өміріндегі маңызы ерекше. Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжан шығармаларының жарыққа шығуы поэзиямыздың көркемдік көкжиегінің кеңеюіне, ұлттық бояуының айқындала түсуіне өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Дамыған сайын, ондағы ұлттық белгілер ашық бедерлене түсті. 80-90 жылдардағы қазақ ақындарының өлеңдері осы ойымызды айғақтайды» [1, 126 б. ] . Поэзия - қасиетті де киелі сөз. Поэзияны үлкен құлып десек, оны ашатын алтын кілт - ақын жүрегі. Ақын халықтың сүйікті де ардақты азаматтарының қатарында тұрады. Халық қалаулысы болу ақынның тілге шешен болуы ғана емес, сонымен бірге халық тұрмысының шындығын суреттеуі, оның қуанышына бірге қуанып, қайғысына бірге қайғыруы. Орыстың ұлы сыншысы В. Г. Белинский поэзияға мынадай анықтама береді: «Поэзия - сәбидің күнәсіз ажары, жарқын жанары, күміс күлкісі, жанды қуанышы. Поэзия - көрікті қыздың жүзіндей ұялшақ, албырт қызғылт, теңіздей, көгілдір аспандай тұңғиық көзінің ынтықтық сәулесі. Әйтпесе оның қара көзіндегі өткір от, мәрмәр иығына төгілген бұйра шашының толқыны, торғын кеудесінің демігіп тыныстауы, күміс үнінің гармониясы, сиқырлы сөзінің музыкасы, тал бойы, сұңғақ сымбатының мінсіз мүшелері, сұлу қозғалыстарының ғажайып сиқыры… Поэзия - қайраты қайнардай балғын жігіттің отты көзі, өрен ерлігі, тентек тегеуріні, аспан мен жерді жалынды құшағына сыйдырмақ болған тойымсыз талабы… Поэзия - ұйығандай, құйылғандай орныққан, өз еркін әбден билеген, өмір үшін жетіккен, тәжірибемен шыныққан, рухани күші теңескен көңіл көзі көреген, ойға батыл, майданға батыр ер қуаты. Бүкіл әлем, гүл. Бояулар, дыбыстар, бар жаратылыс, барлық өмір - поэзия дүниесі, осы құбылыстардағы құпия қуат, оларға тіршілік, ойнақы өмір беретін сырлар - поэзияның тетігі мен жаны. Поэзия - әлемдік өмірдің қан тамырының соғуы, сол өмірдің қаны мен оты, жарығы мен күні» [2, 126 б. ] . Поэзия Фариза ақынша айтқанда: «Поэзия - әйелдей жұмбақ әлем, Сиқыр сырын түсінер тұлға да кем Жаны - тұнған тұңғиық тереңдікте Қимылы - ырғақ, әуен Поэзия - арудай құпиясын Ұқтырар жылдап әрең…» [3, 38 б. ] «Шетсіз де шексіз кең далада тыңдаушысы ашық аспан, толағай таулар мен жазира жайлау болған қазақ халқы әу бастан өлең мен жырды еншілеп өскен небір төкпе, суырып салма сұңғыла ақындар өз елін өнер құдіретімен тамсанта білген. Бауыры жазыла түскен бәйге атындай арқалы ақындар алқалы топта жыр төккенде, бойында қаны қызып, бала қырандай шаңқ етіп, сілкінбей қалған дала перзенті болмаған. Сол ақын халық, батыр халық елдің дәстүрінен нәр алып, оны қастерлеп, уақыт елегімен елеп-екшеп, барған сайын жаңарта, құлпырта беру болашақтың міндеті» [4, 3 б. ] . Қазіргі қазақ поэзиясы ақынға да, өзіне лайықты бояуға да кенде емес. «Бүгінгі қазақ өлеңдеріндегі ең қымбат, ең қызықты проблемалардың қатарында өзекті екі желіні атап едік. Олар - поэзиямыздағы халықтық рух пен азаматтық әуен, дауыс» [1, 197 б. ] . «Азаматтық үн… Жалпы, қай дәуір ақындарын оқысақ та, негізінен өлеңіне өміршең қуат, сөнбес от беріп тұратын тағы да осы азаматтық әуен, ақынның дүниетанымдық позициясы. Оларды ғасырлар қойнауларынан тыбыстырып, жалғастырып жататын дәстүр өзектері де сол төңіректен туындайды» [1, 143 б. ] . Азаматтық лирикаға ғалым З. Ахметов былайша анықтама береді: «Азаматтық лирика - лирикалық поэзияның әлеуметтік мәселелерді қозғайтын үлкен бір саласы. Өмір жөнінде, халықтың тағдыры туралы ой-толғамдар ақынның өз көңіл-күйімен терең ұштасып, өзінің өмірге қатынасын суреттеу арқылы көрінеді. Адамның белгілі бір дәуірге байланысты ой-арманын, мақсатын жырлайды, жалпы әлеуметтік мәселелерді толғайды. Сондықтан азаматтық лириканы кейде саяси-әлеуметтік лирикаға қосады. Әлеуметтік тақырып, саяси сарындар, әрине лириканың барлық түрінде кезедеседі. Халық қамын, оның қоғамдық халін шығармасына арқау еткен әрбір ақын лирикасында азаматтық сарын басым болмақ. Тақырыпты көтеру арқылы ақын заман сырын ашады. Әсіресе оның қайшылықтары мен кемшіліктерін көрсетеді, алға, болашаққа жол сілтегендей ой қозғайды» [5, 32 б. ] . «Нағыз лирикалық туындылар жеке адамның жан дүниесін, толғанысын, тағдырын бейнелеп, сол арқылы бүкіл бір ортаны, қоғамды, заманды сипаттап береді» [2, 239 б. ] . «Ақынның көңіл-күйі әрқашан өзі өмір сүрген қоғамдық ортаның хал-жағдайына байланысты, өзін қоршаған шындықтың саяси-әлеуметтік сырымен сабақтас. Ол қуана шалқыса да, жабырқай толғанса да лирикада сол кезеңнің шындығы мен сыры жатады» [7, 310 б. ] . В. Г. Белинскийдің сөзімен айтсақ: «Ұлы ақын өзі туралы, өзінің жеке мені туралы айтса, жалпы жұрт туралы, бүкіл адам баласы туралы айтқаны; өйткені оның тұлғасында жалпы адам баласына тән күллі қасиеттердің бәрі бар». [2, 135 б. ] . «Поэзиядағы азаматтық үн әрқашан оның өнерлік күшін де, қоғамдық қызметін де айқындайтыны белгілі. Бүгін азаматтық дегеннің де мазмұны өзгерді. Бір кезде ұран үлгісінде жазылған өлеңдерді, риторика мен жалаң социологиялық үгітке толы жырларды ғана азаматтықтың үлгісі есебінде қараған кездеріміз де болған. Бүгін соның бәріне қарсы күресе отырып, қоғамдық құбылысқа, адамның жан дүниесіне тән сипаттарға терең талдау бере білетін жырлардың бәрінен де азаматтық үн табамыз. Шын ақын өз дәуірінің, өз замандасының сырына үңілмей тұра алмайды. Содан тапқаны мен көргенін айтады, сол негізде халық өмірі, оны толғантқан мәселелер жайлы ойланады, соның бәрін оқушысымен бөліседі. Поэзия - өзіңді, өз құпияңды ашу, жария ету, Абай тілмен айтқанда, «сырыңды жұртқа жаю». Поэзиядағы азаматтық әуен де сондықтан ақынның азаматтық кейпінен тұрады. Өз заманының алдыңғы қатарлы идеясымен қаруланған, әрқашан жаңалық пен жақсылықтың жаршысы, биік мұраты бар ақын - өз елінің азаматы да. Ендеше, оның бойындағы ақындық пафос пен рух та, оның адамзатпен, уақытпен сырласуы да, өзімен-өзі кеңесетін шақтары да қоғам, ел мүддесімен, адамзаттың көкейкесті арманымен ұштасып жатады», - дейді С. Қирабаев [4, 40 б. ] . «Азаматтық - идеялық-эстетикалық категория. Ол ақынның творчестволық позициясын, дүниетанымын белгілейді, сөйте тұра, өлең сөзге өлмес өмір сыйлайды» [1, 143 б. ] . «Ақын мен уақыт - егіз. Ақынды уақыт туғызады, ал ақын өз творчествосында сол уақыттың жанды бейнесін жасайды, заман шындығын, өмір сырын уақыт тезімен өлшеп, оны көркем образға айналдырады. Уақыттың үш мезгілі де ақын еңбегіне өлшем бола алады, оның ойына ой қосады, түсінігін байытады, сезімін толықтырады. Осы үшеуінің бірлігін сақтай отырып, ақын жалпы уақыт атынан сөйлеуге өкілдік алады. Шындыққа, тарихи фактілер жүйесіне өз дәуірінің көзімен қарап, уақыттың заманға әсерін таниды. Бүгінгі өмір материалын кешегімен салыстыру оған ертеңгі болашақты барларлық мүмкіндік туғызады. Мезгілдің осы бірлігін, тұтастығын танығанда ғанаақын ойы толысады, көзқарасы жетіледі. Егер ақын тек көргенін тіркеуші ғана болса, ол өмірде аңдағанын тарих сабағымен жинақтап қорыта да алмайды, ілгері тіршілікке тіреу ете алмайды. Шын ақын өмірі бір адамның басынан кешкендерімен шектелмейді. Ақын көптің өмірін сүреді, көп көргенді көре алады, көп сезгенді сезе алады. Бұл - ақын сезімі жалпы және жеке адам сезім-күйінің жиынтығы деген сөз. Ол жеке адам көңіл-күйін заман рухымен жалғастырады. Жалпылық пен жекелікті осылай тұтастыра алғанда ғана ақын азаматқа айналады, өзінің ақындық, азаматтық тұлғасын қалыптастырады. Поэзиядағы азаматтық әуен де ең алдымен ақынның азаматтық тұлғасына байланысты. Әдебиеттің халық алдындағы биік мақсат-мұратын дұрыс түсініп бағалаған, сөз өнерінің күнін ардақтай сыйлаған, өмір шындығын, қат-қабат құбылыстарын оның терең мазмұнына үңіле отырып суреттей алған ақын жыры әрқашан қоғамдық, азаматтық мәселелерді көтереді. Ақынның азаматтық тұлғасын оның шығармаларының азаматтық үні ғана таныта алады» [8, 159 б. ] . Жазба әдебиетте азаматтық сарын Абай шығармаларынан бастау алады. «20-ғасырдың бас кезінде бұл сарындағы лирика Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов поэзиясында үлкен әлеуметтік маңызға ие болды. Қоғамдық өмірдің ең көкейкесті мәселелері халықтың тағдырына, мүдделеріне кемшілігіне байланысты сарындар азаматтық лирикаға арқау болды. Азаматтық лириканың тамаша үлгілерін С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, С. Мұқанов, Т. Жароков, Қ. Аманжолов, М. Мақатаев, Қ. Мырзалиев, Т. Молдағалиев, Ж. Нәжімеденов шығармаларынан табамыз» [5, 33 б. ] . «Қай заманда да қазақ өлеңінің бағы тайып, сағы сынған жері жоқ. Заман сырын, замандас келбетін, яғни өмірдің өзін жырлау жөнінде қазақ ақындарының монында қарыз жоқ сияқты. Атам заманғы Кет-Бұға, Асан-Қайғыдан Абайға, кешегі Мағжаннан Мұқағалиға дейінгі аралықтағы ақындардың шығармаларын оқи отырып осындай ойға қалып, түйін түйесің және бұл пікірдің талассыз екенін мойындайсың» [9, б. 410] . Тіл тұсалып, ой тұтқындалған тұста, шындық шырғалаңға түсіп, сөздің саудаға салынған, саясаттың қақпайына бағынған кешегі тоқырау жылдары да қазақ жыры ақиқат жолын ұстады. Орағытып өтіп, орайын тауып, қиын жағдайда қисынын келтіріп, кемел ойлы, келісті, кестелі жыр маржандарын тізген ақиық ақындардың көркемдігін шығармаларын оқи, біле жүріп те осындай ой түйіп, тұжырым жасайсың. Әлбетте, әр заманның өз жыршысы болуға тиіс. Рас, ұлы ақындар ұлт өмірінде өшпес із қалдырып, жырлары мәңгі жасайды. Солай бола тұра әр заманның сыры бөлек, ендеше жыры да бөлек қой. Қазір заман да, қоғам да, соған орай өмір де, адам да өзгерген шақ. Жалғыз қазақ елі емес, жер жүзінде ғажайып жаңалықтар, ғаламат өзгерістер бар. Ендеше, сол уақыт көшінің-алмағайып заманның аңсысын аңсап, ақиқатын аңғартып өлеңде өрнектейтін өзгеше сипаттағы жаңа ақындар керек. Бұл орайда қазіргі қазақ әдебиетінің орға жығылып, орта жолда қалып қоймайтындығы көңілге медет, ойға азық. Ескі және жаңа замандардың арасындағы өлара мезгілдің өзінде-ақ қазақ поэзиясына сыры да, жыры да бөлек жаңа ақындар толқыны келіп қосылып, ұлтымыздың көркем ойының көшін түзуде. Жаңарған заман, өзгерген қоғам сияқты жаңа ақындар да көктен түскен, ғажайыптан пайда болған жоқ. Абай, Махамбет, Мағжан, Ілияс дәстүрін дәріптеп, қазақ өлеңінің жұлдызын жарқыратып, көкке көтерген Қасым, Ғафу, Жұмекен, Мұқағали, Фариза, Тұманбай, Қадыр сынды саңлақтардан қара үзіп кетпесе да жаңа ақындарға із салған кешегі Кеңшілік, Жұматай, Жарасқан, ортамызда жүрген Темірхан, Мұхтар, Иранбек, Исраил, Ұлықбек, Есенғали. Осынау кешегі жас, бүгінгі бас ақындардың тынымсыз ізденістері, құдай берген құдірет дарындары нәтижесінде қазақ поэзиясына жаңа ақындардың тегеуірінді легі келіп қосылғаны анық. Олар біреу-екеу емес, бір топ. Атап айтсақ, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Гүлнар Салықбаева, Жанат Әскербекқызы, Нұрлан Мәукенұлы, Маралтай Райымбекұлы. «Толқыннан толқын туады» дегендей, осы ақындарымыздың ізін басып келе жатқан жас толқынның бар екенін айтпай кету мүмкін емес. Шын ақын - қашанда өзгеріс, қашанда жаңару мен жаңғыру. Әрине, ол өзгерістер, ол жаңару мен жаңғыру өзінен-өзі пайда болып, өзінен өзі түзіліп жатпайды. Олар ақын жанының қоршаған орта әсерімен, ең бастысы уақыт пен заман лебімен жанды байланысынан пайда болары белгілі. Ақын толысып, кемелденген сайын оның бойындағы құбылыстардың ошағы кеңіп, отыны молая түседі. Заманмен байланысты о баста басталғандай әлсіз бір талшықтармен емес, білем-білем күре тамырлармен жалғасып кетеді. Мұнан да дәлірек айтсақ, ақын бара-бара өмірдің, уақыт пен заманның қызығы мен мұңын төбе үстінде отырып қадағалап, бақылаушыдан сол өмірдің, сол заман мен уақыттың қызығымен гүлдеп, мұңымен өртенушіге айналады. Бұл - енді ақынның уақыт пен заманмен тағдырлас болып кетуі.
1. 2 Қазіргі қазақ поэзиясындағы азаматтық сарын
«Ақын атаулының жетем деп қиял еткен қия шыңы болады. Онсыз ол ақын емес. Жету, жетпеу сол шыңға - талант пен тағдырдың ісі. Ол екеуі қос қанаттай егіз қатар болуы шарт. Талантты тағдыр қостамаса, талант - тұл. Сондай-ақ тағдырды талант қыздырмаса тағдыр мұзбен тең» [12, 184 б. ] .
Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым,
Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның, -
деп Төлеген Айбергенов айтқандай, ақын жүгінің ауыртпалығын белі қайыспай көтере білу тума талантқа ғана тән.
«Адамның өмірдегі белсенділігінің, қимыл-қарекетінің ірілі, ұсақтылығына байланысты оның ашу-ызасы, қайғы-мұңы, қуанышы мен ой-арманы да ірілі, ұсақты болады. Кесек мінезді адамнан кесек іс туады… Ал таланты биік ақыннан аласа ойлы жыр тууы екіталай» [12, 190 б. ] .
Бұл қазақтың «таланты биік» ақыны Фариза Оңғарсынова туралы айтылған сөзеді:
Сенде тас та қастерлі, аспан да алау,
Сенде жанды тербетер дастан бар-ау.
Менің мынау өмірге құштарлығым
Сені жақсы көруден басталған-ау, - [1, 7 б. ]
деп жырлаған Фариза ақынның ізін басып келе жатқан бауыр-сіңлілерінде азаматтық әуен қалайша көрінеді екен. Бір сәт соған тоқталып өтейік.
«Өмір сүру дегеніміз сезіну мен ойлау, қайғыру мен қуану: басқа өмірдің бәрі де өлім» - деген Белинскийдің сөзі ең алдымен ақын үшін айтылған. Өйткені ақын өмірі - өлең, ал өлең өмірі - сезіну мен ойлау, қайғыру мен қуану. Адам бойындағы осы қасиеттерді ақын басқалардан өзгеше сезінеді. Ол қуанса - дүниені басына көтере әлемге бар дауысымен шаттана айғайлайды, қайғырса - күйінішіне бүкіл тіршілікті ортақ ете отырып, пәлені төндіріп жазады. Оның сезімталдығы мен ойшылдығы да осыдан туады. Бұл - өмірді толық сезінуден, оған деген құштар сезімнен ғана туатын қасиет. Ақынның өлеңсіз тіршілігі жоғын түсіну де осы жағынан қиынға соқпайды» [8, 456 б. ] .
«Өлең - үздіккен көңілдің үзіліп түскен моншақ-нұрлары…
Өлең - адам жанының жауынды, дауылды сәттерінің көрініс…
Нағыз жыр мен шынайы лириканың табиғатын жарқыратып ашар «сөз патшасының» осынау қайталанбас мінезі айрықша сипатқа ие болып, ерекше ырғаққа, берік ұйқасқа, бедерлі де бейнелі сөзге бөлінген тұста ақынның абыройы артып, бағы жанбақ. Өрнегі бөлек, үлгісі таза жырларды оқып отырып, тебіренбеу, толқымау, қуанбау, қайғырмау, таңырқамау, тамсанбау мүмкін емес. Өйткені мұндай өз оқырманын адаспай тауып, жаңылмай тілдесер жырдың өмірі ұзақ, ғұмыры баянды болады» [13, 3 б. ] .
Қаза қәдебиетіне, қазақ поэзиясына 90-жылдардан бастап жаңа леп, жастолқын келіп қосылды.
Қазақ жырының түндігін желкілдете келген Гүлнәр ақынымыз:
Тасып жатыр қара су…
Қара суда тас қала,
Тасқа айналмай мен қалай төзіп жүрмін
Масқара! [14, 72 б. ] .
«Г. Салықбаева өлеңдерінің өзгеше қасиеті - ой айқындылығы, сезім мөлдірлігі, ақыл айқындылығы, мазмұн байлығы, әрі оны жыр жолдарына түсіргенде мейілінше қысқа қайыруға ұмтылыс, жан тебіреністерінің жүрек толғататын құдіретк үшінің мықтылығы» [9, 404 б. ] .
Жанасың кеп,
Жаның бардай бірнеше,
Әппақ-әппақ сеніміңді қарша атып.
Өмір деген - кедір-бұдыр бір көше,
Мәңгілікке апаратын, шаршатып, [14, 28 б. ]
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz