Шығыс Қазақстандағы қола дәуірінің тарихнамасы


Кіріспе
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялап, жаңа даму жолына түсуіне байланысты оның ішкі мәдени салаларында үлкен өзгерістер болып жатыр. Бұлар әсіресе Мемлекеттік «Мәдени мұра», «Мәңгілік Ел», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламаларынан тікелей көрініс тауып отыр. 2004 жылдан бері қолға алынып отырған бұл бағдарламалар ұлтымыздың тарихқа өркениеттілік тұрғысынан қарауының өлшемі екендігін көрсетеді және де ол Қазақстандағы көптеген ескерткіштердің толыққанды зерттелуіне де жағдай жасап, тарих қойнауындағы түйткілі көп мәселелердің шешімін шығаруға бастама ретінде археологияға да зор серпіліс алып келді. Мемлекеттік қаржыландыруға сай көптеген ескерткіштерде кешенді далалық зерттеулер жүргізіліп, бірқатар нысандардан тың материалдар алынды. Жыл сайын жаңа мағлұматтар алынып, қомақты археологиялық қор жасалынды. Әйтсе де, жекелеген дәуірлердің зерттелген ескерткіштерін бір ізге түсіріп, оның тарихын баяндауға, бұрынғы уақыттардағы негізгі ізденістердің мәнін, археологиялық нысандардың тарихи маңыздылығын көрсету кемшін тартып тұрғандығы жасырын емес.
Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған дипломдық жұмыстың атауы «Шығыс Қазақстан қола дәуірінде». Зерттеудің өзектілігі - Шығыс Қазақстан қола дәуірі ескерткіштерінің тарихы мәнісінің ауқымы кең, Отандық ғылымдағы маңызы зор болып табылғандықтан, қалай зерттелгендігін, бұл өңірдің аумағында қандай археологиялық нысандар бар екендігін көрсете отырып, қандай артефактілер алынғандығын, кімдердің дала кезіп қазба жұмыстар жүргізгендігін жүйелеп, қазіргі тарихнамадағы күрделі проблемалардың қырларына мән беріп көрсету болып табылады. Осы дипломдық жұмыстың басты зерттеу обьектісі ретінде Шығыс Қазақстандағы археологиялық ескерткіштер алынып отыр.
Мерзімдік шеңбері б. з. б. ХVІІІ-VІІІ ғасырлар аралығын қамтиды.
Территориялық зерттеу шегі - Қазақстан Республикасының Шығыс Қазақстан облысы және аталған аумақпен шекаралас өңірлер.
Дипломдық жұмыстың мақсаты - қола дәуіріндегі Шығыс Қазақстанның археологиялық ескерткіштерін сипаттау, олардың зерттелу тарихнамасын баяндау, басқа өңірлермен ұқсастықтары және ерекшеліктерін анықтау.
Міндеттері:
- Шығыс Қазақстанның патшалық Ресей тұсындағы зерттелуін тарихи деректер негізінде қарастыру;
- Кеңес үкіметі және Қазақстанның тәуелсіздік алған мерзіміндегі аталған аумақ бойынша жүргізген ғылыми зерттеулерінің барысы мен маңыздылығын айқындау;
- Шығыс Қазақстандағы қола дәуірі ерте және дамыған кезеңдері ескерткіштерін сипаттау, көршілес аумақтардағы археологиялық нысандармен ұқсастығы, айырмашылығы және байланысын көрсету;
- Қола дәуірінің кейінгі кезеңіндегі Шығыс Қазақстан бойынша ескерткіштерінің ерте темір дәуіріндегі тарихи нысандармен тарихи байланысына және ескерткіш иелерінің еліміздің аумағындағы ірі тайпалық одақтар мен дамыған өркениеттердің қалыптасуындағы орнына мән беру.
Жұмыстың негізгі принципі - объективтілік және тарихшылдық.
Жалпы алғанда, қола дәуірі адамзат тарихындағы маңызды тарихи-мәдени кезең болып саналады. Себебі бұл уақытта қола металлургиясы кең қанат жайып, ол еңбек құралдары мен қару-жарақтарды жасауда басты материалға айналды да, қоғамдағы өндірістік қатынастардың дамуына өз септігін тигізді. Адам баласы алғашқыда мысты игерген болатын. Кейіннен иі жұмсақ мысқа түрлі мөлшерде металдар (қалайы, қорғасын, күшала, т. б. ) қосып, балқуы тез, мықты, ұзақ уақыт тоттанбайтын, өңдеуі жеңіл қоспа (қола) өндіріп, одан өзіне қажетті бұйымдарды жасады. Қоладан жасалған еңбек құралдарының өндіріске енуі шаруашылықтың дамуына, шаруашылық түрлерінің алға басуына алып келді. Дегенмен, металл игерудің күрделілігіне орай тастан жасалған бұйымдар да қола дәуірінде бұрынғыдай қолданыла берді.
Адамзат тарихында бұл кезең мыс алғаш рет игерілген энеолит (мысты тас) пен одан кейінгі қола дәуірлерін қосып палеометалл (ежелгі металл) деп те атау орын алған. Ол шартты түрде б. з. б. Ү-ІҮ мыңжылдық пен б. з. б. І мыңжылдықтың бас кезін қамтиды. Кейбір ғалымдар мысты игеру одан әлдеқайда ерте уақыттарда орын алған деп есептейді.
Әлі күнге дейін Еуразияның әрбір тарихи аймақтарында қола металлургиясы қашан пайда болғандығы жайлы пайымдауда ғалымдар арасында пікірталастар орын алып отырғандығы белгілі. Қола дәуірінің нақты қай кезде қалыптасқандығын дәл айту қиын да күрделі мәселелердің бірі. Себебі, әрбір тарихи өңірде немесе Еуразиядағы елдердің аумағында қола дәуірі түрлі мерзімде орныға бастаған еді. Бұған ең алдымен сол жерлерде кен орындарының болуы немесе болмауы өзіндік әсерін тигізіп отырған. Қазіргі таңда жинақталған материалдарға қарап, мамандар мынадай ортақ тұжырым ұстанады: алғашқы кезде қола б. з. б. ІҮ мыңжылдықта Оңтүстік Иран мен Месопотамияда белгілі болған, одан кейін б. з. б. ІІІ-ІІ мыңжылдықтар шебінде Үндістан, Кіші Азия, Сирия, Палестина мен Кипр, т. б. жерлерге, соңынан б. з. б. ІІ мыңжылдықта Еуропа мен Азияның басым бөлігіне таралған. Қазақстан тарихнамасында қола дәуірі б. з. б. ІІ-І мыңжылдықтар аралығын, нақтылай түскенде б. з. б. ХҮІІІ-ҮІІІ ғасырлар аралығын қамтиды. Бірақ, соңғы жылдардағы зерттеулер бұған да өзгерістер енуі мүмкін екендігін толық көрсетіп отыр. Сірә, бұл хронологиялық көрсеткіш алға қарай мамандар тарапынан 3-4 ғасырға жылжуы ықтимал. Қалай болғанда да Қазақстанда қола металлургиясының қарқынды дамуына көп жағдайда кен көздерінің молдығы өз септігін тигізгендігін айта кетуге тиіспіз. Еуразия төскейіндегі кен көздері мол аймақтардың барлығы да ертеден металлургиялық орталықтар ретінде кеңінен танылған. Қазіргі уақыттарда да олардың көпшілігі кенді өңірлер ретінде белгілі. Жекелеген аймақтарды атап кетер болсақ, бұлардың қатарына Шығыс Қазақстан, Орталық Қазақстан, Жетісу, Орал өңірі т. б. жатқызуға болады. Әсіресе түсті металл кендері Шығыс және Орталық Қазақстанның аумағында мол ерте кездерден мол көлемде кездесті. Бұл орталықтардың бәрі де көне замандарда-ақ кен алатын ресурс ретінде белгілі болып, бұл жерлердегі кен алынған ілік орындар археологтар тарапынан зерттелген. Мамандардың пайымдауынша Қазақстандағы әрбір кен орнынан кем дегенде бірнеше жүз тонна кен алынып, нәтижесінде қоғам қажеттілігін өтейтін жүз мыңдаған заттар жасалынды. Сондықтан да мұнда қола дәуірінің бірегей мәдениеттері ежелден-ақ қалыптасқаны анық деуге негіз бар. Қай өңірлерде алғаш рет металл өндіру дамығандығын нақтылайтын - болашақтағы стационарлық жұмыстар болмақ. Табиғи ресурстарға бай Қазақстан аумағы да ілкі замандардағы металл өндіру ісінің алғашқы ошақтары қатарына кіруіне толық мүмкіндігі бар. Мұны дәлелдеу үшін кешенді де жоспалы, жүйелі жұмыстар жүргізу қажет.
Шығыс Қазақстанда алғаш рет ғылыми мақсатта академик В. В. Радлов XIX ғасырдың 60-шы жылдарының басында Семей өңіріндс қазба жұмыстарын жүргізіп, қола дәуірінің бес қорымын, Шүлбі өзені бойынан мыс балқытатын пеш қалдықтарын, кен қазу орындарын тапты. Өз зерттеулерінің нәтижесінде алғаш рет Шығыс Қазақстанның археологиялық ескерткіштерін дәуірледі [1] .
Шығыс Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштерін зерттеуде Орыс географиялық қоғамының Омбыдағы Батыс Сібір бөлімі мен Семейдегі бөлімшесі маңызды роль атқарды. Семейге жер аударылған Е. П. Михаэлис қаланың мәдени өмірінің өзгеруіне үлкен үлес қосты. Ол А. А. Леонтьев, П. Д. Лобановскийлермен бірге 1883 жылы Семенде алғаш рет музей және кітапхана ашты, бір айдан кейін-ақ ол кітапханаға Абай Құнанбаев келіп, Е. П. Михаэлиспен танысып, таныстықтары достыққа ұласады.
Көне мәдениет ескерткіштерін жинауда, тарихи-мәдени ескерткіштерді тіркеуде, қамқорлыққа алуда қазба жұмыстарын жүргізуде Н. Я. Коншин, В. Никитин, ағайынды В. Н. Белослюдовтар, Ф. Н. Педащенко, А. В. Андриановтар елеулі жұмыстар атқарды [2] .
Жүйелі түрдегі мақсатты археологиялык зерттеулер Шығыс Қазақстанда 1935 жылдан Ленинград Ғылым Академиясының қолдауымен жүзеге асты. С. С. Черниковтың басшылығымен 1947 жылы Өскемен және Бұқтырма су электр станциялары құрылысының басталуына байланысты мақсатты қазба жұмыстары қолға алынып, оған Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнология институты да қатысады [3] .
Қазақстан Ғылым Академиясының тарих, археология және этнология институты Шүлбі археологиялык экспедициясының палеолит отряды ашкан (Ж. Таймағамбетов. 1982, 1983, 1987 жылдар) Шүлбі ГЭС-ін су басу аймағын зерттеу кезінде жер бетінен жүздеген тас құралдарының табылуы қазба жұмыстарын жүргізуге негіз болды. Мәдени қалдықтар жердің босаңдау жамылғы қабаттарында 35-40 см биік астыңғы террасада, Шүлбі өзенінің Ертіске құяр сағасындағы қыратта табылады [4] . Қазбаның жалпы көлемі 100 шаршы метрден асады. Құралдар жасауға шикізат ретінде қара, сұр, жасылдау түсті кремний жынысты ұсақ жұмыр тастарды, халцедонды және тау хрусталін пайдаланган. Шүлбі тұрағы мен ондағы қазба жұмыстар көрінісін, табылған заттарды профессор Ж. К. Таймағамбетов әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультеті жанынан өзі ұйымдастырған дүние жүзі бойынша санаулы музейлердің бірі болып табылатын “Қазақстанның ежелгі дәуірі музейінде” жинастырған.
1990 жылдардың алғашқы жартысында, орта тұсында қаражатты көп қажет етпейтін бұзылуға жақын тұрған бірқатар ескерткіштер зерттелді. Шығыс Қазақстандағы осындай нысандардың бірі Побока қонысында Ткачев басқарған экспедиция жұмыс істеді. Нәтижесінде бірнеше баспана орындары аршылып, қола дәуіріне жататын тұрмыстық-шаруашылық бұйымдарп жиыстырылады. Алынған материалдар Қазақстандағы қола дәуірі қоныстарынң тарихи сипаттамасын жасауға біршама мүмкіндіктер береді. Жалпы алғанда, ХХ ғасыр соңына таман Шығыс Қазақстан бойынша 20-дан астам қоныс орындары анықталған. Олардың арасындағы Захарика-1, Волчовка, Барашки-1, т. б. жайлы толымды мағлұматтар зерттеуші-археологтар А. А. Ткачев, Н. А. Ткачева, Ю. А. Лысенко еңбектерінде берілген [5] . Алынған мәліметтер негізінде бұл мамандар қола дәуірі қоныстарынң динамикасын, дамуын, үй тұрғызу ерекшеліктерін жан-жақты сипаттап берген.
Соңғы 15-20 жылда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарихшы-археолог ғалымдары (Ә. М. Оразбаев, Ә. Т. Төлеубаев, Ж. К. Таймағамбетов, Ғ. Қ. Омаров, т. б. ) Шығыс Қазақстанның көне дәуірін зерттеумен айналысуда [6] . Ол археологиялық экспедиция жұмысына Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің зерттеушілері мен студенттері ат салысуда.
Шығыс Қазақстанда қола ғасырына жататын қоныс, қорым, кен орындары, ғибадатхана, тас бетіне салынған суреттер мен бейнелер (петроглифтер) көптеп табылған. Бұл жұмыста осы дәуірге жататын басты-басты ескерткіштердің жай-күйінің қазіргі тарихымен қатар, ішінара «дала галереясы» саналатын осы уақыттағы жартас бедерлеріне де ден қойылды. Себебі жартас суреттерінің кейбірі маңындағы құрылысы күрделі нысандармен (қоныс, зират, т. б. ) тығыз байланыста болған еді. Олардың барлығын кешенді түрде зерттегенде ғана толымды мәлімет алуға болатындығы айдан анық.
Шығыс Қазақстан қола дәуірі басқа аймақтар мен өзге тарихи кезеңдерге қарағанда көбірек зерттелгенімен, аталмыш дәуірдегі тарихи проблемалардың көпшілігі шешіле қойған жоқ. Неғұрлым қола дәуіріне тән ескерткіштер көбірек зерттелген сайын бұл тарихи-мәдени кезеңге қатысты сан алуан мәселелер легі де ұлғая бастайтындығы тарихи шындық болып отыр. Мұның өзі бір шетінен отандық археология ғылымының дамуын да көрсетеді. Жыл сайын жүргізіліп отырған далалық ізденістер ескерткіштер туралы ақпараттар легін ұлғайта түседі. Кейбірі уақыт өте келе зерттеушілер тарапынан қағыс қалып та жатады. Мұндай олқылықтарды болдырмау үшін тарихнамалық бағыттағы ізденістер арқылы кез келген ғылым саласы өткенін зерделеп отыруы қажет.
Қазіргі таңда, Қазақстан тәуелсіз республика болған кезде, археология жаңа социум ішінде жаңаша қоғамдық статус иемденді, мұның өзі оның дамуына мол мүмкіндіктер ашып отыр. Әлбетте, бұл бірден орныға салатын дүние емес, әлі өтпелі кезең қиыншылықтарынан өту, ғылымның қызметін айқындайтын тиісті заңнамалық база орнықтыру, мамандар (кадрлар) әлуетін қалыптастыру, зерттеу жұмыстарын қаржыландыру сауалдарын шешу керек. Тәуелсіздік жылдарында еліміз саяси, экономикалық және мәдени дамуында белестерден өтті. Қазақстан экономикасы, әлеуметтік салалары, ғылыми және мәдени әлуеті дамып жатқан демократиялық мемлекет ретінде қалыптасты. Сол себепті де бүгінгі күні тәуелсіз республикамыздың археология ғылымының дамып жатқан және болашақта дамитын бағыттары туралы сөз қозғаса да болады.
Археологиялық және тарихи зерттеулердегі басым бағдар ретінде Қазақстан археологиясының Еуразиялық мәдениет пен тарихқа жататындығы туралы қалыптасқан ережені қала беруі тиіс. Шығыс Қазақстан өңірі тарихының үздіксіз дамығандығына, оның аумағында қалыптасқан сан алуан мәдениеттердің сабақтастығына көпшілік еңбектерде ерекше мән берілген. Осыған байланысты археология ғылымына тиесілі тұжырымдамалық негіздерді дамыту, Шығыс Қазақстан территориясын кешенді түрде зерттеу үшін ғылыми бағыттарды, ғылыми деректері, басымдық бағдарлары мен практикалық тұрғыдан шешілуі тиіс және шешілу үстіндегі мәселелерді мынадай блоктарға топтастыруға болады:
1. Тас, қола және темір дәуірлеріндегі, орта ғасырлардағы археологиялық мәдениеттерді зерделеу; мәдени қабаттары бар шөгінділерге, археологиялық мәдени қабаттардың жұрт-орындарына, жекелеген кешендер мен бұйымдар категорияларына тән типологиялық және сыныптамалық проблемаларды зерттеу; жергілікті мәдениеттер мен олардың нұсқаларын бөліп көрсету.
2. Хронологиялық жүйе, кезеңдестіру, салыстырмалы және абсолюттік хронология құрылысын зерттеу; хронологиялық мәліметтер қорының типологиясын зерделеу; жалпы және жергілікті кезеңдестірудің өтпелі кезеңдеріндегі сәйкестік мәселелерін қарастыру.
3. Мал шаруашылығы, егіншілік және ирригация сынды ежелгі өндірістердің техникалық деңгейі мен эволюциясын зерделеу; ежелгі металлургия мен тау-кен ісі, керамикалық өндіріс, тоқымашылық секілді қолөнерді зерттеу.
4. Адамның шығу тегіне (антропогенез), адам қоғамының (социогенез) даму кезеңдеріне, тайпалар мен халықтардың қалыптасуы (этногенез) қатысты мәселелерді талдау; кенттендіру (урбанизация) мен көшпелілікті (номадизмді), көшпелі және отырықшы өркениеттердің өзара байланысын, ежелгі өнер мен архитектураны, байырғы қоғамдағы дүниетаным мен идеологияны зерделеу.
5. Палеоэкология мәселелерін зерттеу; картографиялық, топонимикалық, палеогеографиялық, палеозоологиялық және археологиялық жаңғыртулар; археологиялық нысандардан көрініс тапқан түрлі мазмұндағы сипаттамаларды модельдеу сауалдарын қарастыру; тәжірибелік қайта құрулар.
6. Археологиялық түсініктердің мәні мен рөлін анықтау, олардың сызбасын жасау; семантикалық талдау; комбинаторлық, статистикалық, нормативтік, математикалық модельдеу мен тілдік қасиеттердің нәтижелерін интерпретациялау принциптерін қарастыру.
7. Ескерткіштерді есепке алу (төлқұжатын жасау), қалпына келтіру мен адаптация, археологиялық мұраны консервациялау және сақтау; теориялық принциптер мен технология, әдістемелік бағыттарды зерттеу; археологиялық ескерткіштерді сақтау, регенерациялау мәселелері; топтама қорларының каталогын жасау; археологиялық ескерткіштерді музейлендіру және археологиялық туризмді дамыту.
8. Шешілуі тиіс басымдылықтар арасынан Қазақстанның социум ретінде адамзат тарихи дамуының үрдістеріне тигізген әсерін теориялық тұрғыдан қарастыру ерекшеленеді; осы өңірде өмір сүрген автохтонды тайпалар мен халықтардың Еуразиядағы заттай және рухани өркениеттер эволюциясына қосқан үлесін бағамдалуда; қазақ халқына тән мәдениет, өнер, дүниетаным тамырлары, оның мемлекеттілігінің дамуы және ру-тайпалық құрылымдардың біртұтас қауымға бірігуі зерделенуде.
9. Археологиялық мәліметтер, жазба және нумизматикалық дереккөздерінің негізінде ежелгі дәуір мен орта ғасырлардағы отырықшы өркениеттер мен көшпелі мәдениеттердің өзара байланысы зерттелініп жатыр, жекелей алғанда, отырықшы ел мен көшпелілілік тоғысқан аймақтардағы байырғы қала өркениетінің бастапқы кезіне қатысты сауалдар, көшпенділердің отырықшылыққа көшуі қарастырылуда.
10. Қолөнер, сауда және ақша айналымындағы, ауыл шаруашылығындағы, идеология мен демографиядағы және әлеуметтік қатынастардағы қала құрылымын, құрылысын және архитектурасын зерттеу қолға алынуда.
11. Археологтар Еуразия тарихындағы маңызды рөл атқарған және атқарып келе жатқан ірі этностардың бірі түрік тілдес халықтардың ғылыми тарихын жазуға қатысады. Бұл, негізінен, қазақ, өзбек, түрікмен, татар және басқа халықтардың жекелеген тарихы елеулі түрде қарастырылғанымен, жалпы түрік халықтарының тарихы әлі күнге дейін қарастырылмаудан келіп туындайды. Қолдағы материалдар олардың мәдениетін Орталық Азияда кейінгі қола дәуірінде өмір сүрген түріктер ата-бабасымен, ерте темір дәуірімен, соның ішінде сақ мәдени қауымдастығымен байланыстыруға мүмкіндік береді. Әлі күнге дейін көне түрік жазуының қайнар-бастаулары шешіле қойған жоқ.
Ежелгі тарихты зерттеу кеңестік тарихқа қарағанда ұзақ жылдар бойы кемшін тартып жатты. Сол себепті де қазіргі таңда тарихтың осы бір бөлігі көпшіліктің қызығушылығын оятуда. Тарих ғылымында қоғамның дамуын беске бөлген формациялық теорияны қолдану ысырылып тасталды. Осыдан алғашқы қауымдық құрылыстан өркениеттерге өту, мәдениет пен өркениет парадигмалары қатынасына қатысты қызығушылықтың оянуы да түсінікті жайт. Археологтар Шығыс Қазақстан аумағынан табылған көне өркениеттердің деңгейі қай дәрежеде болғандығын, бұл өркениеттердің қалыптасуындағы бастапқа кезеңдер мен олардың даму динамикасы жайын анықтауға тырысып келеді. Бұл сауалдар Қазақстан археологиясының ежелгі және орта ғасырлық археологиясындағы ділгер мәселелерді құрайды. Және де дәл осы бағытта соңғы жылдары елеулі табыстарға қол жеткізілді, әрине, мұны одан ары кеңейту және дамыту қажет.
Б. з. б. ІV-ІІІ мыңжылдықтарда Еуразия далалы аймақтарында климаттың ылғалданғандығы анықталып отыр. Мұндай жағдайда ежелгі Қазақстанның Есіл, Тобыл, Ертіс секілді алаптарында өмір сүрген бұрынғы кезбе аңшылар мен балықшылар тобының отырықшылығы күшейе түсті, шаруашылықта мал өсіру мен егіншілік секілді өнім өндіруге көшуі сынды сапалы өзгерістер орын алды.
Өткен ғасырдың 80-жылдарының бас кезінде далалық аймақтардан байырғы қала (протогород) өркениетінің ескерткіштері ашылды. Олар б. з. б. ХVІІІ-ХVІ ғасырларға, яғни ерте қола дәуіріне жатады. Еуразия тарихының контестінде қарастырсақ, ашылған байырғы қала мәдениеті хронологиялық тұрғыдан былайша орын алады: бұл Кіші Азиядағы Троя ІV; материктік Грекияда ерте микен кезеңі; Мысырда ортаңғы (орта) патшалық дәуірі; Тигр мен Евфрат өзендері аралығындағы қала-мемлекеттердің дамыған мәдениеті. Археологтар ашқан бұл өркениетке Арқайым мен Сынтаста (Синташта), Кент типіндегі ескерткіштер тән болып келеді. Бұл уақыттың қоныстары тікбұрышты, немесе жоспары бойынша дөңгелек, гипс пен сазбалшықтан тұратын арнайы блоктардан тұрғызылған қабырғалармен қоршалған. Қабырғаларында парапеттер, мұнаралар, лабиринтті есіктері, орлары мен шығып тұрған фортификациялық құрылыстары бар еді. Ішінде ақсүйектердің және қатардағы қауым мүшелерінің баспаналары (үйлері), қолөнер шеберханалары орналасқан. Орталық алаң ғұрыптық мейрамдар жиыны үшін пайдаланылды. Бұл қоныстарда, дәлірек айтқанда байырғы қалаларда (протогорода) көшелердің коммуникациялық, су жинайтын орын жүйелері болды. Ауданы 150-300 шаршы м баспаналар екі қабатты еді.
Шығыс Қазақстан қола дәуірі ескерткіштерінің қазба барысында қоладан жасалған қару-жарақтар мен еңбек құралдары, әшекейлер көптеп табылған. Ұсталар мен металлургтар байырғы қала маңына орналасқан некропольдардағы бай қабірлерден табылған ат-арбалы жауынгерлер сияқты қоғамның белді де сыйлы мүшелері болды. Мұнда ғибадатханалық кешендер де орналасты. Ұсақ тұрпатты тастан жасалған адам денесі түріндегі ғұрыптық мүсіндер табылған. Сірә, бұл ежелгі Месопотамия тұрғындары сияқты жыл сайын өтетін мейрамдарда құлшылық ететін құдайлардың бейнесі болар. Түрлі белгілері бар саз балшықтан жасалған «дәрі» (таблетка) пішінді табличкалар да табылған. Мүмкін бұл жазудың бастапқа белгілік жүйесі болар. Әдетте, жазудың шығуы мемлекеттіліктің басталуымен тығыз байланысты екендігі дәлелденген.
Байырғы қала (протогород) тұрғындары егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысқан қауымдар еді. Адамдар егін егіп, ирригациялық жүйелерді салды, асыл тұқымды мал өсірді. Металл құю, оның ішінде мыс пен қоланы өндіру ісі жоғары дәрежеге жетті. Мемлекеттілік қайнар-бастауларымен байланысты бұл өркениет экономикасының негізін осы қола металлургиясы құраған еді. Айта кететін бір жайт, осы уақыттарда Батыс пен Шығысты жалғастырған болашақ Жібек жолының негізі біртіндеп қалыптаса бастаған болатын. Монументті архитектурасы мен мыс өндірген көптеген қоныстары бар Шығыс Қазақстанның дамыған типтегі ескерткіштері кейінгі қола дәуіріне жатады. Бұл кезде Шығыс өңір Орталық Қазақстан секілді мыс пен қола өндірілетін және олардан еңбек құралдары мен қару-жарақтар жасайтын ірі орталықтардың біріне айналды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz