Денсаулық - зор байлық. Жұмысқа қабілеттіліктің сатылары


«Мемлекеттік тілде оқытатын Заречный орта мектебі» КММ
«Денсаулық - бірінші байлық»
(6, 7 сыныпқа арналған факультативті курс бағдарламасы)
Құрастырушысы: Әбдісалық Құралай Алдабергенқызы,
биология пәні мұғалімі
Заречный, 2020
ӘОЖ:
КБЖ
Рецензент:
Б. М. Утегенова - пед. ғыл. кандидаты, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті педагогика кафедрасының профессоры
ISBN
Курс барысында оқушылар салауатты өмір салтын қалыптастыру жолдарымен, жеке басының денсаулығын жетілдіру және нығайту, өзін - өзі тану әдістерімен танысады.
Оқушылар омыртқа жотасы, көз, мойын, қолдарға арналған, таңғы және тыныс алуға байланысты жаттығулар кешенімен, көз, тіс, шашты күту тәсілдерін, шынығу жасау түрлерін, өз денесін күтуге арналған бағдарлама жасай алуға және мінез - құлқына баға беру тәсілдерін қарастырады.
ӘОЖ:
КБЖ
Әдістемелік материал мектеп әдістемелік кеңестегі хаттама №1 отырысында басып шығаруға бекітіліп, ұсынылды.
ISBN
©Әбдісалық Қ. А.
КІРІСПЕ
Өзектілігі: Адам өміріндегі ең бастысы - денсаулық. Дені сау, білімді, жан -жақты дамыған адам ғана өз өмірін дұрыс жолға қоя алады. Денсаулықты сақтау және қалыптастыру әрбір адамның өз қолында. Ол үшін салауатты өмір салтын ұстану қажет. Жасөспірімдік кезең өмірдің ең ғажабы. Бұл кезеңде адам ағзасында елеулі өзгерістер болады, сондай - ақ, өмір сүру дағдысы қалыптасады. Жасөспірімнің болашақ өмірі үшін осы кезеңде зиянды әдеттерге үйір болмай өз денсаулығын күту керек.
Өз ағзасын басқара алуы үшін, ең бірінші адам ағзасының құрылысы қандай, қалай жұмыс жасайды, ненің ағзаға пайдалы, пайдасыз екенін білуі қажет. Мектеп жасындағы оқушылар мен жасөспірімдердің осы кезеңде зиянды әдеттер темекі шегу, алкогольдік ішімдіктер мен есірткі заттарға әуестенулеріне байланысты зиянды әдеттердің әсері туралы арнайы тақырып арналады. «Бірінші байлық - денсаулық» деп тегін айтпаған. Бұл орайда әр адам өз денсаулығына дұрыс мән беріп, денсаулығын күту мәдениетін қалыптастыруға назар аударғаны жөн. Өйткені адам капиталының сапасы мен саны оның денсаулығына тікелей байланысты екені сөзсіз. Яғни, дені сау ұлт қана өміршең мемлекет құра алады.
Осы ретте елімізде халық денсаулығын жақсартуға барынша көңіл бөлініп отырғанын жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, республикада соңғы 20 жылда мыңға жуық денсаулық сақтау нысаны салынған. «100 мектеп және 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында заманауи емдеу орталықтары көптеп ашылды. Алайда соған қарамастан, түрлі ауруға шалдыққандар саны жылдан жылға өсе түсуде. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2016 жылға арналған есебі бойынша, өткен жылы Республика тұрғындарының науқастану көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 56823 адамды құраған. Ал, онкологиялық ауруға шалдығу көрсеткіші 100 мың тұрғынға 200 адамнан келеді екен. 2016 жылы осы науқастан қайтыс болған 15763 адамның жартысы - еңбекке қабілетті жастағы тұрғындар. Яғни, тепсе темір үзетін жастағы азаматтарымыз. Осы ретте «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» - дейтін халық нақылы еске түседі. Одан бөлек, ауру неғұрлым ертерек анықталса, соғұрлым құлан-таза айығып кетудің де мүмкіндігі көбірек емес пе?! Әсіресе дәрігерлер тұрғындардың уақытылы тексеруден өтуге мән бермейтінін айтып қынжылады. Бұл сөздің жаны бар. Мәселен, қатерлі ісік скринингі бағдарламасы 2007 жылдан бері мемлекет тарапынан толығымен қаржыландырылып отыр. Бірақ сол скринингтен өтуге баратындар саны тым аз. Міне, содан болар, онкологиялық диспансерлерде тіркелгендер саны барған сайын өсе түсуде. Тіпті қазір 20, 30 жастағылар осы ауруға шалдығатыны ешкімді таңғалдырмайды. Жыл он екі ай жүргізілетін тегін тексеруден өтуге мойын бұрмаудың қайғылы аяқталатынын дер кезінде ескере бермейміз. Дәрігерлер қатерлі аурулар бастапқы сатысында анықталса, 80%-ға дейін жазылудан үміт бар дейді. Өкінішке орай, қазіргі ақпарат алу жеделдеп, мағлұмат алудың түрлері молайған шақта қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланбаудың салдары осылай аяқталуда. Осы ретте халық денсаулығының төмендеуін елдегі әлеуметтік жағдайдың деңгейіне сілтесек те, әр адам ең алдымен өз денсаулығына өзі жауапты екенін естен шығарып жүрміз. Күнделікті өмір салты - спортпен айналысу, зиянды әдеттерден аулақ болу, дұрыс тамақтану, дәрігерге дер кезінде қаралу - денсаулықты сақтаудың қарапайым шарттары осылар екенін әрқайсымыз жақсы білеміз. Демек, ең бастысы, өзімізге деген көзқарасты өзгерту қажет. Сонда ғана өз ағзамызға өзіміз көмектесіп, жанымыз бен тәнімізді рухымызға бағындыра аламыз.
Н. Ә. Назарбаев: «Халықтың денсаулығы - ел дамуының аса маңызды тұтқасы, болашағымыздың кепілі», - деп тағы да айрықша айқындап атап өтті. Сонымен қатар келешек атқарылатын істердің басты стратегиялық бағыттарын да көрсетті.
Бірінші: балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына айрықша көңіл бөлу.
Екінші: халықты қол жетерлік және саналы медициналық көмекпен қамтамасыз ету.
Үшінші: отандық медицина ғылымын дамыту.
Жастар - болашағымыздың алтын тірегі.
Халық денсаулығы тек медицина қызметкерлерінің кәсіби тірлігі ғана емес, бүкіл қоғамның тұтас денсаулық сақтауға және нығайтуға арналған үйлескен іс-қимыл әрекеттерінің жемісі екенін баршамыз да ұғынуға тиіспіз. Сонда ғана қоршаған ортаны сақтай отырып, таза су ішіп, дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салттарын тұрақты қалыптастырсақ болашақтың жарқын кепілі болмақ.
Тақырыбы: Денсаулық - зор байлық
Анықтамалық ақпарат
Адамның денсаулығы - қоғам байлығы. Әрбір адам өз денсаулығының мықты болу жолдарын қарастыру керек. Дені сау адамның көңіл-күйі көтеріңкі болып, еңбекке әрқашан құлшына кіріседі. Халқымыз: «Дені саудың - жаны сау» - деп орынды айтқан. Отанымыздың келешегі, көркеюі - салауатты өмір салтын сақтау қолдауда.
Қараңғы үйге кіріп келіп шам жақсаңыз, шам үйді жарық қылады. Көп қызыл гүлдің ішінен бір ақ гүл көрсең, көзің соған түседі. Біздің де өмірімізді жарық қылатын, жан-жағымызға тамаша сәулесін шашатын, өмірдегі басты байлық - денсаулық. Денсаулық - бұл адамның еңбекке белсенді болуы, әрі ұзақ өмір сүруі, тәннің саулығын және рухани саулығын сезіну.
Жеке бас тазалығының ережелері.
- Күнделікті бір уақытта тұр, бөлмеңді желдетіп ал да, шынықтыру жаттығуын жаса;
- Ертең ерте тісіңді тазалап, беті-қолыңды, мойның мен құлағыңды жу;
- Ұйықтар алдында жуынып, бөлмеңді желдетіп алуды ұмытпа;
- Тамақ ішердің алдында, жұмыстан кейін, әжетханадан соң міндетті түрде қолыңды жу;
- Бет орамал пайдалан, мұрныңның әрқашан таза болуына көңіл бөл;
-Түшкірген, жөтелген кезде мұрның мен аузыңды бет орамалмен жауып, теріс айналып түшкір немесе жөтел;
- Шашыңды дұрыстап күт: уақытылы тара, буып немесе өріп қой;
- Төсегіңді жинау, жеңіл-желпі киімдеріңді өзің жуып, үтіктеу, түймеңді қадап, бәтеңкеңді тазалау - бұл әркімнің-ақ қолынан келетін іс;
- Ұқыпты да жарасымды киінетін бол. Киімің таза және үтіктелген болсын;
- Мектепке киетін киімің мен үй киіміңді ұқыпты ұстап, уақытылы ауыстыр. Ал, қонаққа барарда жарасымды да сәнді киінген жөн;
- Үйден шығарда сырт бейнеңді айнаға қарап түзеуге әдеттен;
- Аяқ киіміңді күтіп киіп үйрен, тазалауға уақыт бөл;
- Мектепте ұстайтын, үйде пайдаланатын заттарыңды реттеп ұста;
- Өзің отыратын орынның тазалығын қадағалап, шаңын сүрт;
- Кітап - дәптеріңді пайдаланып болған соң, орнына қой;
- Ине-жіп, қайшы, тарақ, кітапша сияқты заттардың өз орнынан табылғаны дұрыс. Алсаң, орнына деру қой;
- Сырт киіміңді орындыққа тастай салмай, киімілгішке іл. Мектеп формасы мен үй киімің араласып жатпасын.
Тері тазалығы - адам денсаулығының кепілінің бірі. Ыстық сумен және сабынмен жуынған жағдайда ғана теріні түрлі микробтар мен лас нәрселерден айықтырып, тазартуға болады. Адам терісінің ең өсімтал бөлігі - шаш пен тырнақ. Ол адамның миын күн сәулесі мен суықтан сақтайды. Әр шаштың өзінің өмір сүру мерзімі бар. Шаш сырт көзге өз қалпын сақтап тұрғанға ұқсағанмен, шын мәнінде күніне 100 тал шаш түсіп, 100 тал шығып отырады. Шашты аптасына 1 рет жуған жөн. Өте суық күндері бас киімсіз шығуға болмайды. Қолдың тырнақтарын аптасына 1 рет алса, аяқ саусақтарының тырнақтарын екі аптада бір рет немесе айына бір рет алады.
Өз-өзін бақылау сұрақтары:
1. Жеке бас тазалығының ережелері қандай?
2. «Дені саудың - жаны сау» ұғымын қалай түсінесің?
Тапсырма: Бос орынды толықтыр
1. Тісті күніне тазалауымыз керек .
2. Тамақтан кейін керек.
3. Тісті сапалы тазалау.
4. Жаңғақты шақпау керек.
5. Тәттіні болмайды.
Тақырыбы: Үй тұрмысының гигиенасы мен экологиясы
Анықтамалық ақпарат
Тұрмыс гигиенасының негізі - пәтерді күтіп, таза ұстау. Бөлмеге жиһазды толтырып жинай беруге болмайды. Себебі, ол шаңның көп жиналуына жол беріп, үйді таза ұстауды қиындатады. Тазалық сақтау үшін күн сайын шаңды сүртіп, еденді дымқыл щеткамен сыпыру, аптасына кемінде 1 рет жуып отыру керек. Терезені кірлетпей уақытылы сүрткен абзал. Жұмсақ жиһаз бен кілемдерді шаңсорғыш пен тазалаған жөн. Бөлменің ауасы таза болуы үшін терезе желдеткішін күніне 3 мәрте: таңертең дене шынықтырған кезде, бөлмені жинастырғанда және ұйықтар алдында (пешпен жылытылатын үйлердерде пеш жағылатын уақытқа туралаған жөн) 30 минуттай ашып, желдетіп алу қажет. Жазда терезелерді ашып қойған дұрыс. Егер отбасыда балалар, жасы ұлғайған немесе аурушаң адамдар болса, оларға жел қарысып қалмас үшін бөлмені сақтықпен желдеткен жөн. Бөлменің ауасын тазарту үшін механикалық желдеткіштер де пайдаланылады. Ас үйде, ваннада, дәретханада желдетуге арналған ауа тартқыштар болады. Пәтерді жинастырған кезде торды жиналған шаңнан тазалаған жөн. Қабырға арқылы да аздап ауа алмасады, сондықтан тұрғын үй қабырғасын майлы бояумен сырлауға болмайды. Мүмкіндігінше, бөлме температурасы жылдың жылы мезгілінде 22˚С-тан 25˚С-қа дейін, қыста 20˚С-тан 22˚С-қа дейін (алайда 18˚С-тан төмен емес) бірқалыпты болғаны абзал. Есіктер мен терезе рамаларындағы саңылауларды тығындап бөлмені жылы ұстауға болады. Температураны жоғарылату үшін электр каминдерді т. б. жылыту аспаптарын пайдалану керек. Пеш жаққан кезде иіс тиіп қалуынан сақталған жөн. Пешке от жағуды кешкі 20 сағаттан кейін тоқтатқан дұрыс. Отын толық жанып болғаннан кейін ғана пештің жаппасын жабады.
Кондиционер тұрақты температураны сақтай отырып, ауаны бір мезгілде шаң мен ылғалдан тазартады. Үйді күтіп ұстамаған жағдайларда (іргесі сыз тартқанда, төлені су басқанда, үйдің төбесінде, жабындысында ақау болғандағыдан басқа) : пешті жүйелі түрде жақпағанда, бөлме үнемі желдетілмегенде, үй ішіне кір жуып, кептіргенде бөлмеде сыз пайда болып, ауа ылғал тартады. Сыз адамды науқасқа шалдықтырады, үй қабырғасы мен жиһаздарының бүлінуіне әкеп соқтырады. Сондықтан кірді ваннада жуып, балконда немесе аулада (оған арнайы бөлінген жерлерде) кептірген жөн. Адам көбірек бас қосатын бөлмелердің таза болуына ерекше мән берген дұрыс. Әсіресе, ас үйді таза ұстау қажет. Бөлмелерде шыбын, тарақан, кеміргіштер пайда болмау үшін тамақты ашық, ыдыс-аяқты жуылмаған күйінде қалдырмай, тағам қалдықтарын жабылатын шелекке салып, уақытында шығарып отырған жөн. Ваннаны пайдаланған сайын жуып, су ағатын тесікті, унитаздарды күн сайын арнайы щеткамен тазалау керек.
Өзіндік бақылау сұрақтары:
1. Тұрмыс гигиенасының негізі?
2. Тазалық сақтау ережесін ата.
Тапсырма: Жұмбақтарды шеш.
Дымқылдап күнде сен,
Қолыңа сүйкесең.
Кетіп кір-ласың,
Тап-таза боласың. (Сабын)
Шомылған баланы,
Аймалап алады.
Сүртеді қолын да,
Сүртеді жонын да. (Сүлгі)
Едендi кеп жаласа;
Қалдырмас ол түгiндi.
Аузына таласа
Бар қиқым жүгiндi,
Тазалауы тамаша,
Кiлем мен алаша,
Жайнайды қараса. (Шаңсорғыш)
Кiр-қоқысты сүймейдi,
Сыртқа қуып сүйрейдi. (Сыпырғыш)
Кiр киiмдi қалайды,
Өзi кiрдi жалайды.
Суға түссе шомылып,
Дақты жояр талайғы. (Сабын)
Тақырыбы: Күнделікті дене күтімі
Анықтамалық ақпарат
Дене тазалығы дегеніміз - алдымен тері күтімі. Терінің дұрыс күтімі ағзаның қалыпты қызмет атқаруына әсер етеді. Тері алуан түрлі физиологиялық-биологиялық функцияны орындайды. Терінің құрылысы өте күрделі.
Жұмыс жасап, күнделікті тұрмыста шаруамен айналысқан шақта адам терісін кір шалады. Адам терлесе кір теріге жабысып қалып, терінің тыныс алуын қиындатады. Өйткені тері бездері бітеліп қалады. Осыдан барып теріде өтетін физиологиялық-биохимиялық үрдістердің қызметі мүлдем бұзылады. Бітелген май бездеріне жұқпалы ауру тарататын микробтардың енуі фолликулитті туындатады. Микробтар әсерінен терінің бетіндегі органикалық заттар ыдырап, жағымсыз иісті май қышқылы бөлінеді және тері қабынуы-дерматит дерті дамиды. Басқадай іріңді тері аурулары пайда болады. Тәуліктік тері гигиенасы үшін неше түрлі тәсілдер қолданылады. Олардың ішінде теріні тазалықта ұстау үшін денені иісі жақсы сабынмен сабындап жуу керек. Оны дағдыға айналдырған жөн. Аптасына бір рет моншаға барып жуыну, душқа шайыну керек. Ал жиірек кір шалатын бет, қол, мойын қосымша күтім жасауды қажет етеді. Қол кірлегенде оның терісінде неше түрлі жұқпалы ауру тарататын микробтар кебейеді. Ішек-қарын инфекциясы күрт инвазиясы, гепатит вирустары жиналады. Жұқпалы дерттердің таралуында қол кірінің қаншалыкты роль атқаратыны көптеген адамдарға белгілі.
Қолдағы барлық бактериялардың 90% тырнақ астында жиналады және оларды тек арнаулы щеткамен ғана тазартуға болады. Қол жуатын жерде кішкентай щетка тұруы пайдалы. Бет пен мойынды таңертең және ұйықтар алдында тазартып жуып отырған үлкен нәтиже беретінін айтпай кетуге болмайды. Адамның терісі құрғақ немесе майлы, ылғалды болып келеді. Ал, егер тері құрғақ болса, онда балалар сабыны деп аталатын сабынды, лонолині бар сабындарды пайдаланған да тері онша құрғамай қалыпты жағдайда тұрады. Аяқты аптасына кемінде бір рет, әсіресе жаз айларында, күнде жуып тұруды дәрігерлер ұсынады. Аяқ терлейтін болса, түнге қарай терден құтылу үшін суық сумен аяқты жуып, табанды, саусақ арасын аптасына екі рет 5% формалин ерітіндісі сіңген мақтамен сүрту керек. Қол, қолтық асты және дененің басқа бір бөліктері терлесе, дезодарант қолдану керек. Қазіргі кезде дезодарант өте көп.
Орыс буламысы, фин саунасы, жапон офуросы, сэнтосы ағзаға өте пайдалы. Моншаға түскеннен кейін адам өте жақсы дем альш сергіп қалады, жақсы ұйықтайды. Жұмысқа деген ынта-жігері арта түседі. Монша гигиенаны жақсы өткізеді. Денені сауықтырады. Әсіресе Сібірде тұратын орыс халқының моншасы. Олар ыстық моншаға түсіп, буланып қайың, емен жапырақтарынан жасалған сыпыртқылар мен сабаланып, содан кейін моншадан жүгіріп шығып қалың қарға аунап, кейіннен моншаға қайтадан түседі. Дене жақсы шынығады. Денсаулық артады.
Өзіндік бақылау сұрақтары:
1. Дене тазалығы деген не?
2. Ағзаның қалыпты қызмет атқаруына әсер етеді?
Тапсырма:
Дене тазалығына арналған тазалық және жеке гигиенаның ережесін берілген сөздерді пайдалану арқылы құру.
Сөздер: дәрігер, тазалық, тіс, дұрыс тамақтану, тері гигиенасы
Тақырыбы: Аурудан арылудың бірден бір жолы - ол қозғалыс
Анықтамалық ақпарат
Салауатты өмір салты мен адамның өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкершілік қағидаты - денсаулық саласындағы және халықтың күнделікті тұрмысындағы мемлекеттік саясатындағы ең басты мәселесі болуы тиіс.
(Н. Ә. Назарбаев )
Еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған мемлекеттік «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы қабылданды. 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асатын бұл жаңа бағдарлама отандық денсаулық сақтау жүйесінде «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дегенді ұстанатын болады. Бұл жаңа бағдарлама Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында, сондай-ақ Президент Жолдауында көрсетілген міндеттерді іске асыруға негізделген.
Елбасымыз айтқандай, халық денсаулығы-баға жетпес байлық, мемлекеттің қымбат қазынасы. Денсаулығы мықты адам ғана қоғамға лайықты қызмет етеді, оның дамуына, экономикасын жақсартуға үлес қосады. Сондықтан да, біз күнделікті өмірімізде де денсаулық туралы ұмытпауымыз керек .
“Дені сау ұлт” үшін инфрақұрылымын дамытудың маңызы жоғары. Балалық шақтан бастап дене шынықтыру мен спорттық даярлыққа және оған ең қолайлы мүмкіндіктер туғызуға ерекше ден қойылуы керек. Барлық жастағы адамдардың спортпен шұғылдануына, өздерінің бойларын сергек ұстауына, сөйтіп, өмір жастарын ұзартуына жағдай жасауы қажет.
Өйткені қазіргі кезде адам баласында көп қозғалыс жоқ. Қозғалыс болмаса қан айналыс болмайтынын біле тұра мән бермейміз. Қан айналым жоқ болса көптеген ауруларға бой алдырамыз.
Қазіргі заманда, яғни технологияның дамыған заманында орнымызда қозғалмай жұмыс жасау мүмкіндігі мол. Бірақ оның да пайдасыз жақтары бар екені бәрімізге мәлім. Себебі, мектеп жасындағы балалардың арасында омыртқаның қисаюы, жалпақтабандылық, балалардың қозғалысқа ынтасының жоғалуы, артық салмақтылық т. б. сияқты аурулар көптеп кездесуде. Сондықтанда мектеп жасындағы балалардың денсаулығын нығайту мақсатында мектеп, мектептен тыс мекемелердегі би бөлімдерінде ырғақты би сабақтары өскелең ағзаның толық дұрыс дамуына көп ықпал тигізетіні анық.
Дені сау баланың көңіл-күйі де жақсы болатыны анық, яғни, баланың өз-өзіне сенімділігі мен ерекшелігін сезіну жеке тұлға ретінде қалыптасуына маңызды рөл атқарады. Дәлірек айтар болсақ, бала өсіп дамиды, сонымен қатар әуенге сай ырғақты би қозғалыстарына деген қажеттіліктері ұлғаяды.
Ырғақты би қимылы тек ептілік әдемілік, шығармашылық мүсін ғана емес, баланы жігерлендіреді. Хореография сабағында тек қана би үйретіліп қана қоймай денсаулықтары нығайып, ой-өрістері дамиды. Бұлшық ет күштері жақсарып, икемділік, төзімділік қабілеттері дамиды және дене бітімдері түзеліп, сымбаттылыққа тәрбиеленеді, әдемілікке деген құштарлықтары артады, яғни ырғақты би қимылы баланың ішкі барлық ағзаларына әсер етеді. Мысалы, ішкі рухани жағдайы өзгеріп, мазасыздықты басып, қандағы кортизоль деңгейін жақсартып, жалпақтабандылық, омыртқа қисаю ауруларының алдын алады, сонымен қоса балалардың зияткерлік деңгейінің артуына, оның ойлау жылдамдығына ықпалын тигізе отыра есте сақтау қабілеттерін жақсартады. Ырғақты би балаларды эстетикалық құндылыққа тәрбиелейді, эмоцияналдық көңіл-күйін жақсартады.
Бимен айналысу арқа, іш және аяқ бұлшық еттерін нығайтады, әрі бүкіл ағзадағы және буындар мен омыртқадағы қан айналымын, сондай-ақ зат алмасу процесін жақсартады. Сонымен қатар, қимыл-қозғалыстың үйлесімділігін арттырып, дене бітімін жетілдіруге, тыныс алу жүйесін жаттықтыруға көмектеседі.
Қол, иық бұлшықеттеріне жаттығулар: қолды айналдыру, шынтақты бүгіп жіберу, қолды арқада біріктіру, сегіздік жасау, қолды бұру. Бұл жаттығуларды жасағанда оқушылардың қол буындарының жұмыс жасау қабілеттері артады.
Бел мен аяққа арналған жаттығулар:
1. Аяқтың ұшымен көтеріліп, қайтадан біртіндеп өкшемен төмен түседі;
2. Аяқтың ұшымен көтеріліп, содан кейін төмен түсерде жартылай иіледі;
3. Бастықтырғышқа қолмен таянып тұрып, екі аяқпен алма-кезек доп тепкенге ұқсас қимыл жасайды;
4. Бастапқы қалыптағыдай қолды белге таяныш, кейін оны екі жанға қарай созып бір тұрып, бір отырады;
5. Секірулер .
Осы жаттығулар кешенін жасата отырып оқушылардың дене қозғалысын арттыруға үлкен мән беру қажет. Бұл жаттығулар оқушылардың би билеген кезде өз денелерін қалыпты ұстауына көмектеседі. Сонымен қатар, тепе-теңдік ұстауға арналған бірнеше жаттығу түрлерімен айналысу қажет.
Өзіндік бақылау сұрақтары:
1. Қол және иық бұлшықеттеріне арналған жаттығулар?
2. Бел мен аяққа арналған жаттығулар?
Тапсырма:
Берілген жаттығу түрлерін кестеге дұрыс жіктеңіздер.
Қолды белге ұстап, басты оңға және солға айналдыру.
Алға қарай созылған қол алақанына екі тізені тигізе жүгіру.
Қолды иыққа ұстап, шынтақты алға және артқа айналдыру.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz