Қазақ әдебиетінен тапсырмалар


2-БӨЛІМ КӨШПЕНДІЛЕР МӘДЕНИЕТІ
САҚТАР
ТЫҢДАЛЫМ МЕН АЙТЫЛЫМ
1-тапсырма. «Түртіп алу» әдісі. Тыңдалым мәтініндегі автор көзқарасын, көтерілген мәселені анықтаңдар.
Автордың көзқарасы . . .
Көтерілген мәселе . . .
2-тапсырма. Тыңдалым мәтіні бойынша сұрақтар құрастырып, көркемдегіш құралдарды қолданып, диалог құрыңдар.
ТҰМАР ПАТША - ТОМИРИС
Алты ғасыр әріде бұл дәуірге,
Тайпа болған табынған Күн Тәңірге.
Арғы атасы бүгінгі қазақтың - Сақ,
Шошақ бөрік атанған сол дәуірде.
О бастан ата-баба туын тіккен,
Кең даласы киелі, құтты мекен.
Берекелі Сыр жері - Сақтар елі,
Ұлы Дала төсінде қоныс тепкен . . .
Қара қылды қақ жарған әділдікпен,
Тұмар патша сан жылдар билік еткен.
Тарихтың тереңінен, тұңғиықтан,
Атақ-даңқы бүгінгі күнге жеткен.
Дәуір өткен, ғасырдан ғасыр өткен,
Жылдар жылжып жаңарып заман өткен.
Ұрпақ өскен, ұрпақтан ұрпақ өскен -
Ұлы Дала мәңгілік Атамекен.
Сағат Қалназаров
ОҚЫЛЫМ
Қазақта тарихыңды білмесең келешегіңді болжай алмайсың деген нақыл сөз бар. Сондықтан тарихты шыққан тегімізден таратқан дұрыс болар. Академик, ғалым-антрополог Оразақ Смағұловтың айтуы бойынша, біздің дәуірімізге дейін екі мың жыл бұрын Қазақстан аумағында Каспий теңізі мен Қара теңіз далаларын қоса бүгінгі қазақтың рулары мен тайпаларының ата тектері өмір сүрген дейді.
Тарихтың атасы Геродоттың айтуынша, жер бетін түгел бағындырмақ болған Кир патшасы теңізден өтіп, Скиф тауларын (Ұлытау) бетке алып жол тартқанда сол кезде осы сары даланы мекен еткен скифтердің ержүрек батыр қызы Томирис (Тұмар қыз) көшпенділердің әскерін бастап, Кирдің құмырсқадай қалың қолымен шайқасқа түсіп, ақырында қан құмар Кирдің басын алған екен.
http://kazgazeta. kz/
3-тапсырма. Тыңдалым мәтінімен салыстырып, талдау жасаңдар.
Екі мәтіннің ұқсастығы . . .
Екі мәтіннің айырмашылығы . . .
Көзделген аудиториясы . . .
Мақсаты . . .
Мазмұны . . .
Стилі . . .
Тілі . . .
4-тапсырма. «Ізден, ойлан, талқыла» әдісі. Қосымша дереккөздерінен сақ патшайымы - Томирис (Тұмар қыз) туралы ақпарат жинап, жұпта талқылау жүргізіңдер.
ӘДЕБИ ТІЛ НОРМАЛАРЫ
Орфографиялық норма
«Орфография» сөзі «дұрыс жазамын» дегенді білдіреді. Орфография-сөзді бірізді жазудың тәсілдерін белгілейтін ереже. Орфография дыбыстарды қандай әріппен беруді, сөздерді, оның бөлшектерін бірге, бөлек немесе дефис арқылы жазуды, бас әріптердің қолданылуын, тасымал тәртібін белгілейді.
Қазақ тілінде сөздің түбірі жуан болса, қосымша жуан жалғанады, сөздің түбірі жіңішке болса, оған қосымша жіңішке жалғанады. Бұл заңдылық буын үндестігі деп аталады. Мысалы, ғұн-дар, тайпа-лар; көсем-дер, өрнек-тер, тағы басқа.
Кей жағдайларда жалғаулар буын үндестігіне бағынбай да қолданылады:
1. Көмектес септігінің жалғауы буын үндестігіне бағынбай жалғанады. Мысалы: баламен, қонақпен т. б.
2. Сөздің соңғы буынында ә дыбысы, я әрпі бар сөздерге және х дыбысына аяқталған сөздерге жуан қосымша жалғанады. Мысалы: тарихқа, қияға, күнәға т. б.
3. Соңғы буында ю әрпі бар сөздерге, рк, рг, кт, ск, нк, лк, нг, нкт сияқты дыбыстар тіркесіне және жіңішкелік белгісіне (ь) аяқталған сөзге жіңішке қосымша жалғанады. Мысалы: ансамбльден, рульді, Томскіден, хирургке, полюске, циркте т. б.
5-тапсырма. Мәтіндегі жалғауларды анықтаңдар.
Ғұндар (хундар) Тәңірге табынған, олар бізге ата-бабаларымыздан ауысқан барлық заңдар мен әдет-ғұрыптарды, неке мен азаматтық салт-дәстүрлерді түгел ұстанған.
Ғұндар көсемін тәңірқұт деп атаған. Ол «көк пен жерден туған, күн мен ай тағайындаған» деген мағынаны білдіреді. Ғұндар жыл сайын көктемде өздерінің «ата-бабаларына, көкке, жерге және аруақтарға» құрбан шалып отырған. Күн сайын тәңірқұт Тәңірге: таңертең шыққан күнге, кешке айға сыйынған. Ғибадат ету рәсімі жұлдыздар мен айдың орналасуына қарай орындалған. Яғни, ғұндардың өз жұлдызнамасы болған. Тоқетерін айтқанда, сыйыну бағышталатын нысан Көк Аспан мен оның Жоғарғы Құдайы-Тәңір болған.
Ежелгі Қазақстан мифтері. Қазақстан балалар
энциклопедиясынан
КӨШПЕНДІЛЕР ДӘСТҮРІ
3 - 4-сабақ
Ой түрткі. «Ассоциограмма» әдісі. «Көшпенділер дәстүрін» қандай ұғымдармен байланыстырар едіңдер? Пікірлеріңді айтыңдар.
ТЫҢДАЛЫМ МЕН АЙТЫЛЫМ
1-тапсырма. Мәтінді тыңдап, «Қос жазба күнделігін» толтырыңдар.
2-тапсырма. Мәтіннің негізгі ойын анықтап, «Ұлттық ойын - ұлт игілігі үшін керек» тақырыбында негізгі ойға сәйкес мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестерді қолданып, пікірталас өткізіңдер.
КүресНартайдың жайлауда көрген қызықтыры көп болды. Солардың бірі - күрес. Балуан күрес. Атасы елге құрметті адам ғой. Оның жайлауда жүргенін естіген жұрт жиі тойға шақырады. Бұл жолы Нартай атасы екеуі сүндет тойға барды. Ол сонда көрді күресті. Той иелері басқалар сияқты көкпар да, бәйге де бермей, осы күрес түрін ұйымдастырыпты.
Абыр-сабыр әбден қызған бір сәтте ауыл шетінен «Балуан күрес!», «Балуан күрес!» деген дауыс шықты. Ел солай қарай беттеді. Нартай да достарымен осы араға жетті.
Келсе, қораланған топ ығы-жығы екен. Ортадағы алаңқайды қоршап, шеңбер жасапты. Алдыңғы жаққа саңылау тауып, әрең өтті. Сол екен, алдыға шыққан үлкен кісі ойын ережесін таныстырып, тігілген бәйгені атады. Жеңіп шыққан жігітке - арғымақ ат. Паһ!!!
Артынша сақадай сайланып тұрған атан жілік жігіттер кезек-кезегімен бақ сынаса бастады.
Алғашқылардың айқасы, шаршы топқа жаңа түскендіктен болар, аса ұзаққа созылмады. Тез жығып, тез тұрып жатты. Ең тартыстысы, кеше ғана танысқан Бекен деген баланың ағасы мен тағы бір кісінің арасындағы күрес болды.
- Анау менің ағам, - деді Бекен бір кезде иығынан түртіп. Жүзіне қарап еді, мақтаныштан бал-бұл жанып тұр екен. Сәттілік тілеп, қолын алып қойды.
Бұлар соңғы кезеңге іріктеліп шыққан күш иелері болатын. Бірін бірі ала алмады.
Бағанадан күреске көзі үйреніп қалған Нартай анық байқады: олар бірін-бірі ала алмай жүрген жоқ… бір-біріне батырып қол сала алмай жүр. Ебін тауып, жамбасқа алады. Бірақ мүлт кетіп, босатып жібереді. Берісейін деп тұрған екеуі жоқ.
Жақтас жігіті жеңсе, ұран салып, айқайлап қоя беретін жұрт та үнсіз. Екеуінің қағыс-шалысын қалт жібермей бағып, қадала көз салады. Бекеннің ағасы жастау, ал ана кісі егделеу екен. «Гәп осында болса керек» деп топшылады Нартай ішінен.
Кенет бір кезде қазылық жасап жүрген кісі қол көтеріп, айқасты тоқтатты. Екі балуанның білегінен ұстап, көпшілікке қарады.
- О, ағайын! Бұл екі балуан да үлкен күш илері. Біреуі ауылымыздың көптен бергі мақтанышы болса, екіншісі жаңа көзге түсіп келе жатқан жас қайрат. Үлкен жығылса, сүйек жасиды, кіші жығылса, сағы сынады. Сондықтан да, бүгін екеуі де жеңімпаз. Менің жасаған қазылығым осы. Келісесіздер ме? Күрес те ата-бабамыздың салт-дәстүрінің бірі ғой. Енді сол әдет-ғұрпымыз бойынша әдептен озбай, екеуін тең деп санайық, - деді қос балуанның да қолдарын тік көтеріп.
- Әй, бәрекелді! Қазылық деген осы! - деп дауыстады үлкендер жағы.
- Әділ шешім! - деп қолдады ақсақалдар.
Нартай Бекен досын бас салып құшақтап, ағасының жеңісімен құттықтап жатты.
Серік Нұғыман
Есіңе сақта!
Хроника - журналистиканың ақпараттық жанрларына жататын шағын ақпараттық мақала.
Хрониканың ерекшеліктері:
- ақпарат ауызша айтылады немесе жазылады;
- көлемі шағын, бір жолдан, бір сөйлемнен кейде қысқа мәтіннен тұрады;
- оқиға туралы егжей-тегжейлі түсіндірілмейді, тек фактілер келтіріледі;
- Кім? Қайда? Қашан? деген сұрақтарға жауап беріледі.
Хроникада
- бір шараның не оқиғаның қашан, қайда өтіп жатқаны, оған кім барғаны туралы баяндалады;
- бір тақырып төңірегінде әр жерде қандай оқиғалар болып жатқаны туралы ақпарат беріледі;
- кейде тілші журналистер әр жерде болған оқиғалардан қысқа ғана ақпараттар береді;
- Көптеген газеттерде хроникалар «Жер-жерден», «Қысқаша да бәрі», «Облыс бойынша», «Мәдени хабарлар», «Спорт жаңалықтары», тағы басқа бас тақырыптарға біріктіріліп беріледі.
ОҚЫЛЫМ
3-тапсырма. Мәтінді хроникалық шағын ақпараттық мақалаға айналдырыңдар.
Көшпенділер рухын асқақтатқан дүбірлі дода
Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің алтыншы саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатын тамашалады. Сондай-ақ, салтанатты іс-шараға Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған, Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов және Венгрияның Премьер-Министрі Виктор Орбан қатысты.
Салтанатты рәсім дәстүрлі театрландырылған көрініспен басталды. «Өмір ағашы» деп аталатын қойылымда өнерпаздар адамзаттың пайда болуынан Көк бөрілердің ұрпағы саналатын түркілер дәуіріне дейінгі кезеңді бимен бейнеледі. Көшпенділердің тасқа таңба қашап салғаны, темірді терідей илеп, қылыш жасағаны сахналанды. Ұйымдастырушылардың семсерді таңдап алуы бекер емес. Түркілер, көшпенді халық үшін қылыштың маңызы зор. Өйткені бес қарудың осы түрін алғаш жасаған Ұлы түркілер болатын. Сондай-ақ Ұмай ана бейнесі, аударыспақ, қыз қуу секілді көшпенділерге тән ұлттық ойындар көрсетілді.
Жалпы, ашылу салтанатының сценарийі көшпенділер идеясы мен «Манас» жырын жазушы Шыңғыс Айтматовтың туындыларымен байланыстыра театрландырылды. Бұдан бөлек көрермендер арнайы лазерлік шоу тамашалады. Соңында сайысқа қатысушылар салтанатты сап түзеп сахнаға шықты. Осылайша екі сағатқа созылған рәсімде көшпенділердің өмір тарихы, салт-дәстүрі кеңінен көрсетілді.
www. egemen. kz сайтынан ықшамдалып алынды
ӘДЕБИ ТІЛ НОРМАЛАРЫ
Шылаудың емлесі
Шылаулардың көпшілігі өздері байланысатын сөздерден бөлек жазылады және кейбіреуі дефис арқылы жазылады.
1. Және, мен (бен, пен) шылаулары бірыңғай мүшелер мен ыңғайлас мәнді сөйлемдерді байланыстырып, қайталанбай қолданылады. Сондықтан бұл жалғаулықтар байланыстырған сөздер мен сөйлемдердің арасына үтір қойылмайды. Мысалы: Шығанақ пен Олжабек соңына ала кірді (Ғ. Мұстафин) . Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, Бірінің сөзі жамау, бірі құрау (Абай) .
2. Да (де, та, те) шылауы өзі қатысты сөздің соңғы дыбысына қарай үндестік заңы бойынша бірде да, бірде де, бірде та, бірде те болып өзгеріп отырады. Да (де, та, те) бірде жалғаулық, бірде демеулік ретінде қолданылып, өзіне қатысты немесе байланыстырып тұрған сөзден бөлек жазылады. Мысалы: Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан (Абай) . Толқын да, ағыс та күшейген (Ғ. Мүсірепов) .
3. Ма (ме, ба, бе, па, пе) демеулік шылауы сөйлемге сұрау мәнін үстеп, сұраулы сөйлем жасаудың бір жолы болып табылады да, өзі тіркескен сөзден бөлек жазылады. Мысалы: Ақын аты ақын ба, Құрғақ сөзбен мақтаса? (Жамбыл) . Ерте ме, кеш пе, пайдаға ма, зиянға ма сен барыңды бересің (Ғ. Мүсірепов) .
4. Өзінің алдындағы сөздің белгілі бір септік жалғауында тұруын қажет ететін шылаудың түрін септеулік шылаулар дейді. Мысалы: жөнінде, үшін, сайын, арқылы, таман, дейін, соң, кейін, бұрын, әрі, бері, гөрі.
5. Тілімізде -ақ, -ай, -ау, -мыс, (-міс), -ды, -ді демеулік шылаулар өзінен бұрын тұрған сөзбен дефис (-) арқылы жазылады. Мысалы: Өзің-ақ бар! Күннің суығын-ай! Орнын жаңа тауыпты-ау! Кісілер келді-ау деймін (Б. Момышұлы) . Осындай көп хабарға қанып келген-ді (М. Әуезов) .
4-тапсырма. Тыңдалым мәтініндегі бөлек жазылатын шылауларды анықтаңдар.
5-тапсырма. Мәтіндегі шылауларды емлесіне сай жазыңдар.
Көк жайлау көңіл қытықтайды. Аспан төріне сурет салып, ақша бұлттар сеңдей соғылысады. Жайма-шуақ, момақан, селдір шуда бұлттар.
Дәл осы күн райының жайлылығын таңдап алғанда /ақ/, той қызығы бірінен-бірі өтеді.
Ат бәйгесін, палуан күресін, қыз қуу /мен/ жаяу жарысты жұрт тамашалаған. (О. Әбдібаев)
Оң жақта тау жатыр. Сол жақтағы құздың түбімен оқ жыланша ирелеңдеп тау бұлағы жосылып барады. Сол құз /бен/ таудың аралығында алып мұнара үұсап Қарашоқы жаралыпты. Қарашоқының ұшар басында отырған Беріктің қарсы алды - жасыл жайлау. Сонау төменде құлындай /ғана/ болып бұлдырап Көкбесті көрінеді. (Б. Әлсеров)
Жазға қарай жайлаудың шөбі жетіле бастайды. Ол кезде жер беті масаты кілемдей құлпырады. Қыстан арықтап шыққан мал жайлауға іліккен соң /ақ/ тойына семіреді. Мал /ғана/ емес, адамдар /да/ сергіп, жиын-той өткізіп, аунап-қунап қалады. (Н. Қазыбеков)
Есіңе сақта!
Күрделі жоспар құру
Адам мәтін жазарда ол мәтінде не жазатындығы туралы ойланады. Алдымен, мәтіннің жанры таңдалады: мақала, әңгіме, эссе, тағы басқа. Жазатын жанрындағы мәтінде не жазылу керектігін, қандай ойларды айтқысы келетіндігін саралайды, жүйелейді. Жазатын ойларды шағын тақырыпшаларға жинақтап, жоспар құрады.
- Жоспар қарапайым жоспар және күрделі жоспар болып екіге бөлінеді.
- Жазылатын мәтінде қаралатын мәселе, жазылатын ойлардың тереңдігіне қарай жоспар да күрделенеді.
- Күрделі жоспар кіріспеден, негізгі бөлімнен және қорытындыдан тұрады, олардың әрқайсысына жекелеген тақырыпшалар қойылады. Негізгі бөлім кем дегенде 3 бөлімнен тұрады. Күрделі жоспар жазудың мынадай өз үлгісі бар.
ЖАЗЫЛЫМ
6-тапсырма. Оқылым мәтіні бойынша күрделі жоспар құрыңдар.
7-тапсырма. «Көшпенділердің өнер туындылары» деген тақырыпта жазылатын мақала жоспарын құрыңдар.
Жоспар
І. Кіріспе
ІІ. Негізгі бөлім
1.
2.
3.
ІІІ. Қорытынды
ҚАЗАҚТЫҢ БАСПАНАСЫ - КИІЗ ҮЙ
5 - 6-сабақ
ТЫҢДАЛЫМ МЕН АЙТЫЛЫМ
1-тапсырма. Тыңдалым мәтінінің мазмұнына сүйеніп, диалог құраңдар.
2-тапсырма. «Киіз үй - көшпенділер мәдениетінің озық үлгісі» деген пікірге келісесің бе? Тақырыпқа сәйкес пікір білдіріп, пікірталас өткізіңдер.
Шаңырақ-киіз үйдің қасиеті, киелі мүлкі. Қазақтың көптеген жақсы сөздері осыған байланысты айтылады. Шаңырақ «үй, отбасы» деген мағынаны да білдіреді. «Шаңырағың биік болсын» деген тілек бар. Киіз үй шаңырағы тоғын, күлдіреуіш, кепілдік деген бөліктерден тұрады. Тоғынды, яғни шеңберді, қайыңнан оюлап, өрнектеп жасайды, жиілеп қаламдық ояды. Күлдіреуіш шаңырақ күмбезін жасайды. Кепілдік күлдіреуіштің орнынан қозғалып кетпеуі үшін қызмет етеді.
Үйші үй сүйегін толық жасап болғаннан кейін, оны қызыл түсті жосамен немесе қызыл, көк бояулармен бояйды. Егер үй қайыңнан жасалса, оны өсімдік майымен майлайды. Ол ағашқа піл сүйегі түстес оң береді, әрі оған су сіңбейді. Салтанатты ордалардың шаңырағын, уығын, кереге басын, маңдайшасын оюлайды, өрнектейді. Ауқаттылар күміспен, сүйекпен, мүйізбен әшекейлейді.
ОҚЫЛЫМ
3-тапсырма. Екі мәтінді салыстырып, талдау жасаңдар.
А мәтіні
Киіз үй жасаулары
Сағақты кереге
Шаңырақ біреу,
Шаңыраққа сексен уық болар тіреу
Алты қанат боз үй дейсің мұны,
Сынамаққа сұрай қалса біреу-мінеу
Ең алғашқы күлдіреуіштен сығалар таң,
Керегенің басында адалбақан
Төрдегі текеметке малдас құрып
Көнен хикаясын шертер атаң.
Іргеден маңдай төсеп еспе желге
Қымыз іш
Сырқат қалмас еш денеңде
Кесе қап, аяқ қап пен әбдіре, сандық.
Артық мүлік болмайды көшпелі елде.
Тап-таза
Ететұғын ауасы жас,
Киіз үйге жұрттың ынтық болғаны рас
Жылы, жеңіл
Тігуі, жығуы оңай
Үй басуды үйренер зерделі жас.
Ә мәтіні
Адалбақанның алар орны ерекше
Жазы жайлауда, қысы қыстауда көшіп-қонып жүрген қазақ халқының негізгі баспанасы - киіз үй болғаны белгілі. Ұлтымыздың көшіп-қону тәжірибесінен туындаған киіз үй - жаздың ыстығы мен қыстың суығынан, күннің аптабы мен түннің дым-сызынан сақтаған. Көшпелі тұрғын үй - тез жығып, шапшаң тігуге, яғни көшіп-қонуға ыңғайлылығымен талай ғалымдарды таңғалдырған. Шындығында да, жарты сағат ішінде жығып-артуға, жарты сағат ішінде көліктен түсіріп, құрастырып алуға болатын мұндай үй бүгінге дейін еш жерде ойлап табылмады десек артық айтқандығымыз емес.
Осынау жиналмалы киіз үйдің керегесінен бастап, есігі, уықтары, шаңырағы ағаштан дайындалған. Табиғи таза өнім ретінде, қазақ тұрмысында үй ішінде тұратын бұйымдар да ағаштан соғылған. Сандық, кебеже, жүкаяқ, ағаш төсек, адалбақанның қай-қайсысын алып қарасақ та ерекше шеберлікпен жасалғанын көреміз.
Жоғарыда аталған бұйымдардың алғашқыларын көріп, біліп, естіп жүргеніміз рас, алайда, адалбақан жайлы көп айтыла бермейді. Ашаның көмегімен киіз үйдің шаңырағын күлдіреуішінен іліп алып, жоғарыға көтеретін адалбақан киіз үйді құрған уақытта қолданылады. Ең қызығы, оның бұйым ретінде өзге де қызметтері бар екен.
Жалпы, қолөнершілер адалбақанды ағаштан да, темірден де жасайды. Ертеде оны жасайтын ісмерлерді «үйшілер» деп атаған. Үйшілер адалбақанға қызыл түсті қайың мен жеміс ағаштарын қолданған. Тарих беттерін парақтар болсақ, адалбақан ХІХ-ХХ ғасырларда кеңінен қолданыста болған екен. Әсемдік үшін ою-өрнектермен өрнектелген адалбақанды күміс ілмектер және зергерлік әшекейлермен безендірген, жиектеріне алты дана ілгіш орналастырған. Осыған қарап-ақ адалбақанды үй ішінде киімілгіш ретінде пайдаланғанын байқауға болады. Оған киім, аяққап, қоржындар, тіпті қару-жарақтар ілген.
www. egemen. kz сайтынан ықшамдалып алынды
ӘДЕБИ ТІЛ НОРМАЛАРЫ
4-тапсырма. Тыңдалым мәтініндегі үндестік заңына бағынбайтын сөздерді теріп жазыңдар.
5-тапсырма. Оқылым мәтініндегі жалғаулар мен шылаулардың қолданылуын түсіндіріңдер.
Үлгі: жосамен
6-тапсырма. Мәтіндегі үндестік заңы бойынша жалғанған қосымшаларды табыңдар.
Киіз үй
. . . Өйткені, киіз үйің - киелің бұл,
Жасыңнан көкейіңе түйерің бір.
Ағашы киіз үйдің - үй сүйегі,
Ендеше, ең алдымен, сүйегін біл.
Жаралған тал, қайыңнан үй сүйегі,
Қазаққа Құдай берген бұл сый еді.
Ағаштан жонып, кесіп, иіп, тесіп,
Жасайтын ұсталарды ел сүйеді.
Оларды бір-ақ сөзбен «үйші» деген,
Тілеуін бай тілеген, би тілеген.
Ордасын орнатам деп ерекшелеп,
Хан, төре тең сөйлескен үйшіменен.
Үйшілер - нақ ұсталар ерінбейтін,
Ешқашан бос қызыққа берілмейтін.
Бастаған үйі бітпей тыным таппас,
Осы ғой «өз-өзіне сенім» дейтін . . .
Әбубәкір Қайран
ЖАЗЫЛЫМ
7-тапсырма. «Киіз үй - көшпелі өмірге бейімделген баспана» тақырыбында әңгіме жоспарын құрыңдар.
8-тапсырма. Құрылған жоспар бойынша жанрлық және стильдік ерекшелігін сақтай отырып, көркемдегіш құралдарды орынды қолданып әңгіме жазыңдар.
ҚАЗАҚТЫҢ ЗЕРГЕРЛІК ҚОЛӨНЕРІ
7 - 8-сабақ
Ой түрткі. Сұрақтарға жауап бер
1. Қазақтың зергерлік қолөнері дегеніміз не?
2. Зергерлік қолөнердің жасалу тәсілі туралы білесің бе?
ТЫҢДАЛЫМ МЕН АЙТЫЛЫМ
1-тапсырма. «ПОПС» формуласын қолданып, тыңдалым мәтіндегі автордың көзқарасы мен көтерілген мәселені анықтаңдар.
Бірінші сөйлем: «Менің ойымша, …».
Екінші сөйлем: «Себебі, мен оны . . . деп түсіндіремін».
Үшінші сөйлем: «Оны мен . . . деген деректермен, мысалдармен дәлелдей аламын».
Соңғы сөйлем: «Осыған байланысты мен . . . деген шешімге келдім».
2-тапсырма. «Аквариум». Тыңдалым мәтіні бойынша бірнеше сұрақтар құрастырып, диалог құрыңдар. Диалогте көркем бейнелеуіш, эмоционалды-экспрессивті сөздерді қолданыңдар.
Қазақтың зергерлік қолөнері
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz