Абайдың әдеби ортасы мен ақындық мектебі


С. АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ
Имамбаева Жадыра
ТУРАҒҰЛ АБАЙҰЛЫНЫҢ ӘДЕБИ МҰРАСЫ
7M02302 «Филология»
«Филология»мамандығы бойынша гуманитарлық ғылым магистрі академиялық дәрежесін алу үшін дайындалған МАГИСТРЛІК ДИССЕРТАЦИЯҒылыми жетекші: .
Кафедра меңгерушісі:
Өскемен, 2022
МАЗМҰНЫ:
КІРІСПЕ . . . 3
1 АБАЙДЫҢ ӘДЕБИ МЕКТЕБІ ЖӘНЕ ТҰРАҒҰЛ АБАЙҰЛЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
1. 1 Абайдың әдеби ортасы мен ақындық мектебі . . . 5
1. 2 Тұрағұл Абайұлының өмірі мен шығармашылығы . . . 31
1. 3 Тұрағұл Абайұлының қоғамдық қызметі . . . 38
2 ТҰРАҒҰЛ АБАЙҰЛЫНЫҢ ӘДЕБИ МҰРАСЫ
2. 1 Т. Абайұлының «Әкем Абай туралы» естелігі - абайтанудағы құнды еңбек . . . 61
2. 2 Тұрағұл Абайұлының ақындығы . . . 64
2. 3 Тұрағұл Абайұлының аудармалары . . . 69
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 77
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 78
КІРІСПЕ
Алаш сөзі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қайта жанданды. Тәуелсіздік бізге қазақ тарихындағы бұрмаланып, жабулы жатқан көп сырды ашуға еркіндік берді. Сол тәуелсіздікпен бірге біз кезінде «Алашшыл» атанғандарды-«Алаш арыстары» деп атауға мүмкіндік алдық.
Ұлттық сана мен төл тарихи танымның іргетасы бекіп қалыптасты. Әсіресе, сонғы жылдары Алаш қозғалысы тақырыбына деген әдеби-ғылыми қауымның ынтасы артып, іргелі монографиялық зерттеулер мен туындылар жарық көре бастады. Өз кезегінде бұл XX ғасыр басындағы дербес қазақ автономиясы - Алашорда үкіметінің құрылу тарихын, сондай-ақ Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт зиялыларының өмірі мен қызметін танып білуге үлкен мүмкіндіктер туғызды.
Кеңес өкіметі тұсында есімі ұмыт қалған сондай айтулы тұлғаның бірі - Турағұл Абайұлы Құнанбаев болды. Кезінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағын жарыққа шығаруда осы Турағұл мен Кәкітай Құнанбай балаларының сіңірген еңбегі зор екені жайында жылы лебіз білдірсе, ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов ұлы ақынның өмірбаянына қатысты мол мағұлматтарды Турағұлдың «Әкем Абай туралы» естелігінен алғанын айтады.
Ал абайтанудың білгірі Қайым Мұхамедханов «Турағұл Құнанбаев» атты мақаласында әлі де оның өмірбаяны толық зерттелмегенін, алдағы уақытта осы мәселенің ескерілуі қажеттігін көлденең тартады. Бұл жерде білікті ғалымның айтпағы негізінен Турағұл Абайұлының Алашорда үкіметіне тұсындағы қоғамдық-саяси қызметі жайында болған еді. Шындығына келгенде оның Алаш қозғалысы тарихында алатын орны ерекше. Мұны алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелдиев «Абайдың қазақ тарихындағы орны» мақаласында «Қажырлы қызметімен XX ғасыр басында ұлт өміріне жаңа серпін берген Ә. Бөкейханов бастаған зиялылар буыны Абай мұрасынан нәр алды. Абайдың бастаған ісін ақын ретінде - Мағжан, философ ойшыл ретінде - Шәкәрім, саясаткер ретінде - Әлихан, Ахмет, Халел, Мұстафа және басқалар жалғастырды . . . Абайдың немере інісі Шәкәрім, ұлы Турағұл, шәкірті әрі ағайыны Кәкітай және басқа ағайын-туыстары Алаш қозғалысына атсалысты, оған тілектес болды. Тарихи шындықтың бір қыры осындай», - деп тамыршыдай дәл басып айтады.
Ендеше осы мәліметтерді негізге ала отырып, ғылымға тамшыдай пайдамызтисін деп, барлық әдибеттер мен зерттеулерді ақтарыстыра келіп, жинақтай отырып диссертациямыздың алғашқы беттерін жазуға кірістік.
Зерттеудің өзектілігі . Турағұл Абайұлының әдеби мұрасы осы күнге дейін бір жүйеге келіп, жекелей зерттелмеген тың тақырыптардың бірі. Көптеген әдебиеттанушы ғалымдар Қайым Мұхамедханов, Бауыржан Ердембеков «Абайдың ақын шәкірттері» атты еңбектерінде Абайдың ақын шәкірттері туралы жалпылама мәлімет бергенімен, Тұрағұл Абайұлының шығармашылығын жекелей алып, ғылыми тұрғыдан зерттеген ғалым жоқтың қасы. Сондықтан бұл зерттеу жұмысының өзектілігі - Т. Абайұлының шығармашылық мұрасын жинақтап, талдау жұмыстарын жүргізу.
Зерттеудің міндеті мен мақсаты : Қазақтың бас ақыны Абайдың ақындық айналасында жүріп, қазақ поэзиясының қамбасын көптеген ақындар келіп қосылғанын жақсы білеміз. Оның ішінде ақынның өз балалары да барын таныдық. Соның ішінде Алаш қайраткері, ақын, жазушы, аудармашы Турағұлдың әдеби мұрасы көлеңкеде қалып бара жатқан соң алдымызға ғылыми еңбек жазуды мақсат етіп, мына нәрселерді міндеттедік:
- Абайдың ақын шәкірттері жайлы мәліметтерді саралау;
- Турағұл Абайұлының өмірімен танысу, зерттеушілердің еңбектерімен салыстыру;
- Көркем шығармаларымен толық танысып, толық талдау жүргізу;
- Қоғамдық-саяси қызметі жөнінде архив деректерін мысалға келтіре отырып зерттеу жүргізу.
Зерттеудің нысаны. Бұл ғылыми диссертацияға ұлы Абайдың сүйікті баласы әрі ақындық мектебінің дарынды шәкірті, Алаш ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті қайраткері Турағұл Құнанбаевтың қоғамдық-саяси қызметі, әдеби туындылары мен аудармалары туралы зерттеулер, мұрағат құжаттарын жинақтай келіп талдау жүргізіліп отыр.
Зертеудің ғылыми жаңалығы және қолданбалы мәні. Ғылыми диссертациямыздың арқауы болып отырған Турағұл Абайұлының аты елге мәлім болғанымен оның шығармашылығы, қоғамдық қызметі жайлы дерек жоқтың қасы. Бұл ғылыми еңбектің жаңалығы болашақ зерттеу жұмыстарының алғашқы баспалдағы екені. Ақынның бізге жеткен еңбектеріндегі көркем тілділікті, өзіндік стилін айқындау. Жазушының қоғамдық-саяси қызметінің маңызын көрсету.
Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері. Турағұл Абайұлының шығармаларындағы тілдік қор өте бай, сондықтан да жұмыстың ең негізгі нысанасы жазушы шығармасындағы көркемдегіш құралдардың (троптардың) қолданылу ерекшеліктері мен лексико-грамматикалық байланысы қарастырылады.
Жұмыстың методологиялық негізіне әдебиеттану мен әдебиет зерттеушілерінің еңбектерін М. Әуезовтың, З. Қабдоловтың, Қ. Мұхамедхановтың зерттеу еңбектеріне сүйендік.
Практикалық базасы. Жұмыстың ғылыми негізге сүйенген нәтижелері мен басты тұжырымдық қорытындыларын жоғарғы оқу орындарының студенттері мен жалпыға бірдей білім беретін орта мектептің жоғарғы сынып оқушыларына қазақ әдебиетінен арнайы семинар пәні ретінде пайдалануға ұсынылады.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Ғылыми диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 АБАЙДЫҢ ӘДЕБИ МЕКТЕБІ ЖӘНЕ ТУРАҒҰЛ АБАЙҰЛЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
1. 1 Абайдың әдеби ортасы мен ақындық мектебі
Қазақ елінде азаттық идеяларын іс жүзіне асырған Семейлік әдеби орта өкілдері болды. Ал Семейлік әдеби орта өкілдері кім десек, олар Абай тағылымын басшылыққа алған алаш арыстары мен Абайдың әдеби ортасында тәрбиеленген Абай ізбасарлары. Осы екі зиялы қауым ХХ ғасыр басында Алаш қаласында бірлесе келіп, Семейлік әдеби ортаны қалыптастырады. Яғни алаштың ұлтшылдық әдебиетін тудырды.
Академик С. Қирабаевтың: «Біздің әдебиетіміз ХХ ғасыр басында зор әлеуметтік міндет атқарған ұлтшылдық әдебиет болды. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы осы әдебиеттің басы-қасында болды. Ұлт мүддесі жолындағы саяси күресті әдебиетшілердің бастауы-біздің әдебиетіміз үшін зор мақтаныш»[1] -деуі біле-білген жанға көп нәрсені аңғартады.
ХХ ғасырдың басындағы Семейлік әдеби ортада әдеби-көркем туындылар туғызған қаламгерлердің бірнешеуінің шығармалары негізінде осы жайды дәйектемекпіз. Солардың ішінде Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Сұлтанмахмұд Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Әуезов, Сәбит Дөнентаев сынды алаш қайраткерлерінің әдеби туындыларының біразы осы Семейлік әдеби орта шығарған басылымдарда жарық көрсе, Абайдың тікелей шәкірттері Шәкәрім мен Көкбай және Абайдың бел баласы Турағұлдың да әдеби туындыларының Семейде жарық көргені аян. Міне осы арыстардың көркем туындыларындағы азаттық ой танымдар Абай тағылымынан, ұлттық төл әдебиет тарихынан, әлем әдебиеті қайнарларының ағартушылық, бостандық, гуманистік сипаттарынан нәр алып, ұлт әдебиетін өркендетуде ХХ ғасыр басындағы ояну дәуірі әдебиетін тудырды. Бұл әдебиет жайлы Б. Кенжебаев: «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті-ұлы дәуірдің:ілгерілеулер, күрес, көтерілістер, сұрапыл соғыстар, қиян-кескі көтерілістер дәуірінің әдебиеті. Күрделі, көп қырлы әдебиет»[2, 29] -деп жазады.
ХХ ғасырдың бас кезінде Семей шаһарында қазақ, татар, орыс тілдерінде көптеген газет-журналдардың шығып тұрғандығы ғылыми-көпшілік әдебиеттерден белгілі. Әсіресе, "Сарыарқа", "Абай", "Қазақ тілі" мерзімдік басылымдары жалпы қазақ баспасөзінің бетке ұстарлары дәрежесінде еді.
Семей өңірінде қалыптасқан дәстүр 1925 жылы "Таң" журналының дүниеге келуіне игі ықпалын тигізгендігі сөзсіз. Әрі журналдың қысқа мерзімде шығып үлгеруі Мұхтар Әуезов еңбегімен сабақтас. Он екі томдық Қазақ совет энциклопедиясында: "Таң"-Семей губкомы мен губерниялық атқару комитетінің саяси, шаруашылық, мәдени, әдеби журналы. Семей қаласында 1924 жылдың басынан 1925 жылдың орта кезіне дейін ай сайын шығып тұрды. Редакторы Мұхтар Әуезов болды"- делініпті.
Төңкерістен соңғы саяси, әлеуметтік ахуалды, тұралаған шаруашылық халді, қолға алына бастаған оқу-ағарту ісі мен мәдениет жаңалықтарын журнал тәптіштеп жазды. Әттең-айы, небәры төрт-ақ санының жарық көруі, ғұмырының қысқалығы.
М. Әуезов 1924 жылы Ленинград университетінің бір курсын аяқтап жазғы каникулге Семейге келгенде үкімет орындары өтініш жасап оқуын уақытша тоқтатқызды. 1924 жылдың күзі мен 1925 жылдың жазына дейін (яғни 1924-1925 оқу жылы) ол қандай жұмыстар атқарып еді. Еске түсірейік: губисполком мүшесі, Казпедтехникум оқытушысы, Семейдегі географиялық қоғамның толық мүшесі және қоғам төрағасының орынбасары, "Таң" журналының редакторы.
Аталған қызметтер бір мақсатқа бағындырылған. Ол - қазақ халқы білім дәрежесінің артуы, мәдениетінің өсуі, баспасөзінің қалыптасуы, түйіп айтқанда ұлттық руханияттың жандануы. Бұларды бір-бірінен ажыратып алу қиын.
Жоғарыдағы санамалап тізілген маңызды қызметтердің әрқайсысынан соңғы буын тамсанарлық із қалған. Мәселен, Семейдегі географиялық қоғам, оның төрағасының орынбасары М. Әуезов бас болып 1924 жылдың 27 желтоқсанында Абайды еске алу кешін өткізген. Көкбай ақсақал естелік айтқан. Бұл - К. Жанатайұлының қатты науқастанған кезі. Өмір сапары аяқталуға бет бұрған көненің көзі Көкбай ақсақалдан ескі нұсқаларды неғұрлым көбірек жазып алуды парызы санаған. Мақсатындай ұғынған игілікті ісін "Таң" журналында жүзеге асырған. Журналда Мұхаң жазып алған Көкбайдың оншақты материалы, Абайдың жарияланбаған өлеңдері мен қарасөздері, жазушының тұлтума шығармалары жарияланған. Бұлардың бәр-бәрін жеке-жеке мұқият тексеріп бүгінгі оқырман қажетіне жарату абзал. [3, 154]
М. Әуезов зерттеушілігі мен ұстаздығының тоғысатын жері - қазақ фольклористикасы мен абайтану. Абайтану сөз болғанда, Абайдың ақындық мектебі тілге тиек етілгенде ең алдымен бас шәкірт Шәкәрім есімі ауызға түседі.
Шәкәрім мен Әуезов бір Шыңғыстың тумасы, ағайын-туыс қана емес, рухани жағынан аға-іні. Терең тарихты ақтарып "Еңлік-Кебек" оқиғасының желісімен бірі поэма, екіншісі драмалық шығарма жазған. Творчестволық сайысқа түсіп ой жарыстырып, сұлу сөздің інжу-маржан үлгісін жасауға жетіскен. Шәкәрім (1858-1931) мен Мұхтар Омарханұлы (1897-1961) жас алшақтықтарына қарамай ғажайып сыйластық қарым-қатынаста болған.
Ахат Шәкәрімұлы "Менің әкем халық ұлы Шәкәрім" естелігінде ("Жұлдыз", 1922, №11) жазады: "Мұхтар әкеймен жиі келіп әңгімелесетін. Қыста да Мұхтар мен арқылы әкейге хат жазып, керекті сұрақтарына жазба түрде жауап алып тұратын. Кейінде Мұхтар марқұм айтатын, сол кезде шығыс әдебиеттеріне Шәкәрімдей жүйрік адам көргем жоқ. Шығыс әдебиетіме берілуіме себеп болған ұстазым Шәкәрім!".
Біз не деп жүрміз. Абайдың нәр алған үш бастау бұлақтары жөнінде "шығыс әдебиетінен келген ең аз сезілетін белгілер" деп Әуезов айтқан әдемі қисынның байыбына бара алмай келеміз. М. Әуезов санасымен ұғынып, көкірегімен тұшынғанымен Абайдың шығыспен байланысын ашық айта алмады. Айтуға заманы тұсау салды, қордалы ойы көмбеде қалды. Көмбені ақтару бүгінгі буынға парыз.
"Таң" журналы дүниеге келген мезгілде Ш. Құдайбердіұлы мейлінше шаттанып қуанған. "Таң" журналына жаңа әнмен байғазы", "Таң" журналына тағы бір әнмен байғазы" өлеңдерін жазған. Екі өлеңге де арнайы музыка жазған тағы да Шәкәрім. Сыйластық, қимастық, рухани туыстық емей немене?! Бұрынағырақта "Айқап" журналы мен "Қазақ" газетінің арасында түсінбестік пайда болып, іс насырға шаба бастағанда тоқтау салып, ақсақалдық танытқан Шәкәрім Құдайбердіұлының "Таң" журналы жарыққа шыққанда ақ жол тілеуі жарасымды мінез.
Ахат Шәкәрімұлының естелігінде әкесі Шәкәрім аузымен жеткізілетін мәнді сәт бар: "Абай бізді жақсы көретін, келгенде қасына жатамыз деп таласатынбыз. Абай: "Бұл кіші ғой!" - деп мені қойнына алып жататын, басқа балалар да Абайдың айналасына жайғасатын. Бізге әңгіме айтып беріп, оқыған оқуымды, жаттаған қиссаларымды айтқызатын еді".
Міне, керек десеңіз, ауыз әдебиетіне, фольклорға құштарлық. Қазақтың қойнында, әженің етегінде бір сиқыр бар-ау, тегі?! Атаның жұпар иіс аңқыған қойнына жатпаған, еркелеп әженің етегіне оралмаған қазақтың қанына ұлттық рух дари қояр ма екен.
Абай - Шәкәрім - Мұхтар арасында үзілмеген арқау, ғажайып дәстүр жалғастығы бар дейтініміз тегін емес.
Ғұлама Шәкәрім өмірінің соңғы жылдары оңашада, саятқорада өткендігі айтылып, жазылып жүр. 1930 жылы Ахат әкесімен үш айдай сол саятқорада тұрған. М. Әуезов "Таң" журналында Шәкәрім жадында сақталған ауыз әдебиеті үлгілерін бірінші болып қағазға түсірсе, білімді ортаның әдет-ғұрып, ғылым, мәдениет, өнер сабақтарын қапысыз бойына сіңірген тұлпардың тұяғы Ахат Шәкәрімұлы саятқорадағы әке тағылымын қапысыз түсінген, терең бойлап меңгерген. Ұлы Абай өнегесінен бастау алып күні бүгінге қаймағы бұзылмай сақталып келе жатқан тарихи, мәдени үрдіс, қуатты дәстүр ұрпақтар жалғастығындағы шешуші фактор. Мұхтар Омарханұлы мен Ахат Құдайбердіұлы арасындағы сыйласымды жарастық сөзімізге дәлел.
"Боран ашылған соң екеуміз және тауға шықтық. Бірақ, бұл күні боран болмаса да, күн бұлыңғырланып тұрды. Терісінен аздап ызғырық болып тұрған. Әкей биіктің ық күнгей бетінде отырған. Мен қарабұйра жинауға кіріскем, - деп жазады Ахат Шәкәрімұлы. - Әлден уақытта әкейдің қасына келіп байқасам, әкейдің екі көзінен құлай аққан жастың сорабын көрдім. Әкей көп жыламайтын, берік болатын. Жылай қалғанда өңі бұзылмай, көзінен жас парлап қана ағатын. Неліктен жылады екен деген ой келіп:"Неге жылағансыз?" - деп сұрадым.
- Өткен бір жағдай есіме түсіп, көңілім босап, көзіме жас келді деді. Басқа жұрт қазақты, әсіресе, өзіміз - надан, білімсіз, өнерсіз, мәдениетсіз дейміз. Өнерсіз надан қалғанымыз рас. Бірақ, жете тексерсек, біздің де зор білімді адамдарымыз болған. Жер жүзіне жайылған, ғылым іздеп, өмірін сарп еткен бабаларымыз өткен. Әбу-Насыр, Әбу-Сина, Қорқыт, Ұлықбек тағы-тағылар түрік қауымынан бізден шыққан. Тіпті кешегі өткен Әнет бабаңның өзі ғалым-философ адам екен. Соны да тани алмай, баға бере алмай келдік қой. Абайға не қылмадық, не көрсетпедік - қарғадық, сөктік, жала жаптық, ұрдық, соқтық, талас-тартыс, ұру партиясын қуумен өттік қой. Нақыл сөздердің иесі, алтын қазынаның қорларын жасаған - Асан, Бұхар, Марабай, Марқасқа, Өтеген, Үмбетей сияқты дүлділ, төкпе ақын, жыраулар, осыларды жете ұғып, түсіне алдық па? Жоқ!".
Әке мен баланың сыры ғана ма, исі қазақ зиялыларының ой сарайынан мәңгілікке орын алатын толғауы тоқсан тұңғиық байлам ғой. Барымызды көрсете алмай, өзімізді ұлықтауды ұят санап келе жатқан қазақ қоғамындағы қиянпұрыс, сыңаржақ жетесіз түсінік Шәкәрім ойшылды да қан жұтқызған екен ғой.
Ұзақ сонарға кетпей біраз топтай түйіндесек. Біріншіден, М. О. Әуезовтің "Таң" журналын шығарудағы еңбегі арнайы тексерілуі керек. Мүмкіндік жетсе, "Таң" журналының архивін іздестіріп тауып алсақ үлкен олжаға тап болар едік. Онда журнал қоржынында жарияланбай қалған дүниелер де қолымызға түсер еді.
Екіншіден, журналда жарық көргеннен өзге Шәкәрім айтқан сөздер, жинаған асыл маржандар мұрағат қойнауларынан қалың оқырман қауымға жол тартса кейінгі буынға табылмас олжа болмақ.
Үшіншіден, Шәкәрімнің ауызекі әңгімелері әдебиет, фольклор, этнография, тарих, құқық, психология ғылымдары тұрғысынан әбден сараланып, ғылыми айналымға түсуі әзірше мұқтаж дүниелерімізден.
Төртіншіден, Шәкәрім мұрасын зерттеуде, ең алдымен, Ахат ақсақал еңбектері алғашқы жоспарда тұруы шарт. Ахат Шәкәрімұлының перзенттік парызы Құрқұдықтан ешкімді жолатпай әкесінің сүйегін қазып алып қазіргі кесенеге арулап қоюымен ел-жұртының аузында жырдай жазылып қалса, келесі ерлігі әке мұрасын мүмкіндігінше тұтастай жинап, түптеп Қазақстан Республикасы ғылым академиясының қолжазбалар қоры мен Семейдегі Абай қорық-мұражайының кітапханасына мұқият табыстап кетуі. Шәкәрімді зерттеуді Ахат Шәкәрімұлының жинаушылық еңбегінен бастау абзал. Шәкәрімтанушылардың үнемі жадына сақталар қағида осы.
Ұлы Абайдың тұңғыш кітабы 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрді. Абай қайтыс болғаннан соң бес жыл өткеннен кейін. [5]
Әдебиет тарихына бажайлай қарағанда ақынның бірінші өлеңінің жазылу тарихы, алғашқы жинағының баспа көруі салмақтай саралаған ізденушіге аса маңызды. Әлемдік әдебиеттану ғылымында ежелден қалыптасқан үрдіс. Жекелеме өлеңнің туу тарихы, иә болмаса бір ғана өлеңді әр қырынан жіліктеп тексеруге арналған еңбектермен де таныспыз. Жүйеге түспегені демесеңіз бұл тектес ізденістер қазақ өлеңін зерттеушілер үшін де жат емес.
І. Бораганский баспаханасынан шыққан жинақта бастырған Кәкітай, Турағұл Құнанбай балалары екені анық көрсетілген. «1904 жылы Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар деп балаларына хат жаздым. 1905 жылғы апрель аяғында Кәкітай Абайдың қолжазба кітабын алып Омбыдағы маған келді. 1905 жылы жазғытұры саясат ісі қалай болғанын біздің «Қазақтың» оқушылары біледі. Кәкітай біздің үйде бірер жұмадай жатты. Абай, Пушкин, Лермонтов сөздерін бірге оқып, мәз-мейрам болдық. Анық таныстық» [6], - деп жазған еді Әлихан Бөкейханов. Шындығында Ә. Бөкейханов Абайдың өмірі мен шығармашылығын оқырманға таныстыруда, ұлы ақын мұрасының жеке кітап болып басылуына ұланғайыр еңбек сіңірген. Ә. Бөкейханов Абай өлеңдерінің құдіретін жіті аңғарып, бойлай ұғынған. Ресей географиялық қоғамының Семейдегі бөлімшесінде тізе қосып қызмет жасаған, сол тұстағы қазақ зиялыларының ат төбеліндей шоғырына айналған, бір-бірін алыстан танып, құрметтеген Абай мен Әлиханның арасындағы терең тамырлы байланыстың өзгеше сипатына ой жүгіртейік.
Әлихан Бөкейхановтың туған інісі Смахан Нұрмұхамедұлының тікелей ұрпағы Балабаршын Смаханұлы «Әлекеңнің әулеті» [7, 70] мақаласында төмендегі деректерді келтіреді: «Нұрмұхамед 1901 жылы алпыс бір жасында опат болған. Желтаудағы Бөкейхановтар зиратына жерленген. Нұрмұхамедтің әйелі - тобықты Мамай батырдан тарайтын Дулат батырдың қызы Бекжан ханым. Ел арасындағы аты - Бежекем. Дулаттың екінші қызы - Бошантай Құдайберді әйелі, Құнанбай келіні». Қарап отырсаңыз, Абай елі мен Бөкейхан әулетінде қарға тамырлы қазақтың ізі сайрап жатыр: бір жағынан нағашы-жиен, екінші жағынан сары сүйек құда. Рухани туыстық пен қандас қарындастықтың, қимас жақындастықтың тоғысып кетуі жаратушының ұрпақтар пешенесіне сыйлаған тағдыр - талайы.
Әлихан Бөкейхановтың ұлы Абай қайтыс болғанда 1905 жылы «Семипалатинский листокта», 1907 жылы Ресей географиялық қоғамы Семей бөлімшесінің жазбаларында, Кәкітай Ысқақұлы Құнанбаев дүниеден өткенде 1915 жылы «Қазақ» газетінде қазанама жазуы, кейін мұраларының жоқтаушылары қатарынан көрінуі тіпті де кездейсоқтық емес. Абай мұрасын баспаға даярлап, Турағұл мен Кәкітайға қайта-қайта хат жазып, жылдамырақ кітаптың оқырман қолына тиуіне құлшына кіріскен Әлиханның өзі оқыған Санкт-Петербургтегі баспагер Ілияс Бораганскийге жинақты табыстауға мұрсаты болмаған. 1905-1908 жылдар аралығында Ә. Бөкейханов Павлодар, Семей, Омбы абақтыларында тұтқындық күйден бас көтере алмай, ұлы ақын жинағын жариялауды тәмәмына жеткізуге уақыт тежеу салды. Десек те, Абай өлеңдерінің тұңғыш рет жинақ дәрежесінде қазақ оқырманына жол табуында Әлихан Нұрмұхамедұлының еңбегі орасан. Ол - аз олжа емес.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz