Қазақ - парсы әдебиеттерінің ортақтастығы


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 71 бет
Таңдаулыға:   

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Павлодар педагогикалық университеті

Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі

«Қорғауға жіберілді»

БББ жетекшісі

М. И. Оразханова

МАГИСТРЛІК ДИССЕРТАЦИЯ

Тақырыбы: « Қазақ-парсы әдебиеттерінің рухани алмасулары

және оны ЖОО-да оқыту»

Білім беру бағдарламасы: 7М01710 - Қазақ тілі мен әдебиеті

Орындаған
С. Кибатова
Орындаған:

Ғылыми жетекші

ф. ғ. д., профессор

:
С. Кибатова: С. Сүтжанов
Орындаған: Нормабақылаушы
:
С. Кибатова: Б. Сарыбаева

Павлодар 2022 ж.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Павлодар педагогикалық университеті

Кибатова С.

МАГИСТРЛІК ДИССЕРТАЦИЯ

Қазақ-парсы әдебиеттерінің рухани алмасулары

және оны ЖОО-да оқыту

Білім беру бағдарламасы: 7М01710 - Қазақ тілі мен әдебиеті

Павлодар 2022 ж.

Аңдатпа

Көлемі 70 беттен тұратын зерттеу жұмысы қазақ және парсы әдебиеттеріндегі үндестіктер мен сабақтастықтарды, байланыстарды зерттеуге арналған.

Басты мақсатымыз - қазақ және парсы әдебиеттері байланыстарының дамуын, бағыт-бағдарларын айқындау және алмасу тұрғысында байқалған жекелеген қаламгерлер шығармашылықтарындағы әсер-ықпал көріністерін бағамдау, сөйтіп төл сөз өнеріміздің тақырыптық, жанрлық және көркемдік деңгейін анықтау. Міндеттеріміз:

  • шығыс әдебиеттеріне тән генетикалық, типологиялық және аймақтық ұқсастықтарды ашып көрсету;
  • діни-сопылық негізде жазылған шығармалардың сюжеттік, идеялық сарындастығын бажайлау;
  • қос халық қаламгерлерінің өзара ықпал-әсер көріністерін дәйектеу;
  • қазақ, парсы ақын-жазушыларының шығармашылық үндестіктері мен көркемдік-эстетикалық ерекшеліктерін пайымдау.

Әдеби байланыстар түрлері негізінде қарастыратын болсақ, қазақ және парсы әдебиеттері әр кез тығыз қарым-қатынаста болған.

Парсылардың төл туындысы ретінде саналатын «Авестаның» өзі түркі әдебиетіндегі ертегі мен аңыздардың сюжеттерімен үндеседі, ұқсас кейіпкерлерді де анықтауға болады. Бұл екі халықтың сонау ескі замандардағы тікелей немесе жанама байланыстары арқылы пайда болған.

Типологиялық ұқсастықтар да баршылық. Батырлар эпосында, ғашықтық жырларында, қисса-дастандарда кездесетін ортақ белгілер мен мотивтер - соның дәлелі. Парсы әдебиетінің белді өкілдерінің шығармаларын негізге алып, олар қозғаған тақырыпқа қайта оралып, өзінше бір өрнекпен жырлаған ақындарымыз да жетерлік. Бұл - генетикалық байланыстардың көрінісі.

Қазақ-парсы әдеби байланыстарын айғақтайтын тағы бір бағыт - сопылық әдебиет. Бұл жерде парсы сопы ақындарымен Абайдың, Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіптің туындыларындағы сарындастықты байқауға болады.

Зерттеу барысында Руми, Жәми, Қожа Хафиз, О. Һаям, Сағди туындыларының бірақатар қазақ ақындарының шығармаларымен ықпал-әсерлері пайымдалды. Парсы әдебиетінен сусындаған олар, төл әдебиетімізді дамытты, жаңа тақырыптар мен сюжеттердің келуі арқылы түрлендіріп, өрісін кеңейтті.

Кеңес дәуірі кезіндегі екі елдің әдебиетіне қатысты зерттеулер сол кездегі жүйенің талабына сәйкес жүргізіліп, бірқатар факторлар есепке алынбаған болатын: екі елдің де Шығыс елдері қатарына жатуы, Ислам діні, халықтар байланысының тарихының тереңдігі. Бұл зерттеуде аталмыш мәселелер ескерусіз қалмады.

Зерттеу нәтижесін ежелгі дәуір әдебиеті тарихына арналған оқулықты толықтыруда пайдалануға болады. Ғылыми жұмыста жасалған тұжырымдар мен қорытындыларды ЖОО-да қазақ әдебиеті бойынша жүргізілетін арнайы курстар мен семинарларға қажетті қосымша оқу құралы ретінде ұсынуға болады.

Резюме

Resume

Мазмұны

Кіріспе

1. Қазақ-парсы әдебиеттерінің ортақтастығы

1. 1. Әдеби байланыстар - әдеби үдерістің ажырамас бөлігі

1. 2. Қазақ-парсы әдебиеттері байланысының зерттелуі

1. 3. Рухани алмасулар бастауы. Авеста жайында

2. Қазақ-парсы әдебиеттеріндегі рухани алмасулар мен үндестіктер

2. 1. Қазақ және парсы қаламгерлері арасындағы ықпалдастықтар

2. 2. Сопылық әдебиеттегі үндестіктер

2. 3. Қазақ-парсы әдебиеттерінің байланысын ЖОО-да оқыту

Қорытынды

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Кіріспе

Қандай да болмасын мемлекеттер арасындағы рухани байланыстар мен үндестіктерді зерттеу екі елдің мәдениетін жақындастырады, сонымен қатар өзге де байланыс түрлеріне жол ашады. Қазақ-парсы әдебиеттерінің байланыстарын зерттеу аталмыш халықтардың жақындастығы тарихтың терең қойнауларына кететінін көрсетті. Әдебиетте ғана емес, саяси-әлеуметтік салаларда да біздің елдер өмірі тоғысып жатқанын танытты. Бұл зерттеу жұмысы қазақ-парсы әдебиеттерінің байланысын тағы бір айшықтай түсіп, жаңа зерттеулер көкжиегін белгілейді ме деген ойдамыз.

Тақырыптың өзектілігі :

Көркем өнер қайраткерлерінің шығармашылықтарын қазақ-парсы әдеби байланыстары негізінде тұтас алып қарастырған әрі нақты зерттеу жұмыстарын жүргізген еңбек жоқтың қасы. Болған күнде де ол еңбектер кеңестік идеология ықпалынан аспай, шығыстық-парсылық сипаттағы шығармалардың үйлестігіне, ұқсастығына теріс баға беруімен шектелді.

Уақыт талабына сәйкес туындаған, типологиялық үндестіктер мен дәстүр сабақтастығы негізінде жазылған туындылардың тақырыптық, жанрлық ұқсастықтары мен сюжет, идеялық мотив сарындастығын ашып көрсету өте қажет. Осы орайда, қазақ қаламгерлерінің парсы ақындарымен шығармашылық үндестігі, кей тұста әсер-ықпалы негізінде төл әдебиетімізге әкелген құбылыстық сипаттары дәстүрлі таным-түсінік, ағымдас ой-сана, концепция тұрғысынан байқалды.

Зерттеу нысаны:

Жұмыста қазақ-парсы қаламгерлерінің шығармалары зерттеу обьектісінің нысанына айналды және әдебиет өкілдерінің мұралары көтерілген мәселелерге сәйкес игерілді. Сонымен қатар, типологиялық салыстырулар жүргізу арқасында қазақ, парсы ақындарының (Руми, Жәми, Қожа Хафиз, О. Һаям, Сағди және Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп) туындылары түпнұсқа түрінде әрі дәйектеме ретінде берілді.

Зерттеу пәні:

Қазақ, парсы ақындарының шығармаларын салыстыра зерттеу арқылы танылған әдеби-рухани алмасулар.

Зерттеу мақсаты - қазақ және парсы әдебиеттері байланыстарының дамуын, бағыт-бағдарларын айқындау және алмасу тұрғысында байқалған жекелеген қаламгерлер шығармашылықтарындағы әсер-ықпал көріністерін бағамдау, сөйтіп төл сөз өнеріміздің тақырыптық, жанрлық және көркемдік деңгейін анықтау. Осы мақсатты орындау барысында мына төмендегідей міндеттерді шешуге талпыныстар жасалды:

  • шығыс әдебиеттеріне тән генетикалық, типологиялық және аймақтық ұқсастықтарды ашып көрсету;
  • діни-сопылық негізде жазылған шығармалардың сюжеттік, идеялық сарындастығын бажайлау;
  • қос халық қаламгерлерінің өзара ықпал-әсер көріністерін дәйектеу;
  • қазақ, парсы (Руми, Жәми, Қожа Хафиз, О. Һаям, Сағди және Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп) ақын-жазушыларының шығармашылық үндестіктері мен көркемдік-эстетикалық ерекшеліктерін пайымдау.

Зерттеу әдістері:

Ғылыми еңбекті әзірлеу барысында тарихи-типологиялық және салыстырмалы-компаравистикалық әдістер пайдаланылды.

Тақырыптың ғылыми жаңалығы.

Жұмыс - қазақ және парсы халықтары ақын-шайырларының шығармашылықтарын тұтас салыстыра қарастырып, олардың үндестігін, үйлесімін жан-жақты көрсетуге талпынған алғашқы еңбек.

Осы тұрғыдан келгенде ұлттық әдебиетіміздің тарихындағы жалпы әдеби процестегі қазақ-парсы ақындарының діни негізіндегі рухани алмасуларына ерекше көңіл аударылды. Сөйтіп шығысқа тән көне мұралар мен қисса-дастандардың тарихи-генетикалық, типологиялық ұқсастықтарын айқындауға тырыстық.

Зерттелу деңгейі:

Зерттеу объектісі етіп отырған қазақ және парсы халықтары рухани байланысы, өзара қарым-қатынастары 50-жылдардан бері біршама сөз болып келеді. Бұл тақырып аясында М. О. Әуезов, С. Мұқанов, Ә. Тәжібаев, Қ. Жұмалиев, Ы. Дүйсенбаев, З. Ахметов, С. Қирабаев, Ә. Жиреншин, З. Қабдолов, Т. Кәкішев, сынды белгілі әдебиетші ғалым, сыншылармен қатар шығыстанушы ғалымдар Е. Бертельс, В. Бартольд, Л. Гумилев, В. Жирмунский, Н. Конрад, И. С. Брагинский, И. В. Стеблева, И. М. Фильштинский, М. Т. Степанянц, П. А. Гринцер сияқтылар да ой толғап, қалам тербеді. Сондай-ақ, Е. Ысмайылов, М. Дүйсенов, Р. Бердібаев, Ш. Сәтбаева, Н. Келімбетов, М. Мырзахметұлы, Ө. Күмісбаев, Д. Қамзабекұлы, С. Сүтжанов, т. б. қазақ әдебиетінің басқа шығыс елдер әдебиеттерімен өзара қарым-қатынастарын сөз етіп, ғылыми мақала, монография тарауларын жазды.

Зерттеу жұмысының ғылыми әдістемелік негізі:

Ғылыми жұмысқа арқау болған мәселелерді зерттеу барысында әдебиеттану ғылымындағы теориялық, әдіснамалық тұжырымдар мен көзқарастар, ғылыми ұстанымдар негізге алынды. Диссертациялық жұмыста А. Байтұрсынұлы, Б. Кенжебаев, Н. Келімбетов, Р. Бердібай, Ш. Сәтбаева, М. Мырзахметұлы, Ө. Күмісбаев, Д. Қамзабекұлы, С. Сүтжанов т. б. отандық ғалымдар еңбектері мен ұжымдық зерттеулері басшылыққа алынды.

Зерттеудің ғылыми-теориялық мәні:

Зерттеу нәтижесін ежелгі дәуір әдебиеті тарихына арналған оқулықты толықтыруда пайдалануға болады. Ғылыми жұмыста жасалған тұжырымдар мен қорытындыларды ЖОО қазақ әдебиеті бойынша жүргізілетін арнайы курстар мен семинарларға қажетті қосымша оқу құралы ретінде ұсынуға болады.

Жұмыс құрылымының жобасы. Жұмыс кіріспе, қорытындыдан басқа іштей тараушаларға жіктелген екі үлкен тараудан тұрады. Еңбектің соңында әдебиеттер тізімі көрсетілді.

1. Қазақ-парсы әдебиеттерінің ортақтастығы

1. 1 Әдеби байланыстар - әдеби үдерістің ажырамас бөлігі

Әдеби үдерісті белгілі бір ел әдебиетінің өмірі мен дамуы ретінде түсінуге болады. Әдебиеттегі кезең-кезең бойынша орын алған өзгерістердің бәрі әдеби процестің құрамына кіріп кетеді. Сондықтан біз әдеби байланыстарды әдеби процестің құрамынан тыс қарастыра алмаймыз. Және оның әсері зор екенін мойындауымыз керек. Қандай да бір екі елдің әдебиеттері арасындағы рухани алмасулар сол әдебиеттерді жетілдіруге, өрістетуге, тың идеялар мен жаңа бағыттар арқылы байытуға үлкен үлес қосады.

Әдеби байланысты жеке алып қарастыратын болсақ, оны белгілі бір ұлт әдебиетінің өзге де әлем елдері әдебиетімен қарым-қатынасы ретінде түсінген жөн. Әдебиеттану ұлттық әдебиеттердің өзара қатынасының бір түрі ретіндегі әдеби байланысқа XVIII-XIX ғасырларда назар аудара бастады және оны зерттейтін салыстырмалы әдебиеттануды қалыптастырды. Салыстырмалы әдебиеттану өз кезегінде аударма мәселесі, әдеби байланыс, типология, шетелдік мәдениеттер мен ұлттық құндылықтарды өзінің зерттеу нысаны ретінде таниды. Осылардың арасындағы біз назар аударып отырған әдеби байланыс - адамзат баласының ежелгі тарихынан келе жатқан және жаһандану үдерісіне жол ашатын мәдениетаралық қарым-қатынастардың жемісі.

Әдебиеттердің өзара байланысын зерттеудің әртүрлі әдістемелік жолдары мен формалары халықтардың мәдени-тарихи дамуының өзіндік ерекшелігімен анықталады. Сонымен бірге, әр ұлттық аумақта нақты жағдайларды ескере отырып жүзеге асырылатын негізгі әдістемелік принциптер туралы да айтуға болады.

Біріншіден, барлық сарапшылар бірнеше әдебиеттердің ұқсас құбылыстарымен танысу оқырмандардың шет тіліндегі көркем мәтінді, жалпы адамзаттық маңызы бар көркемдік құбылыстарды түсінудегі, ұлттық-эстетикалық дәстүрді қабылдаудағы қиындықтарын жеңуге көмектеседі деген заңды қорытындыға келіп отыр. Әр түрлі әдебиеттердің шығармаларын салыстыру, олардың проблемаларының ортақтығын анықтау, бір ұлттық жазушының екіншісіне әсерін көрсету шетелдік жазушылардың шығармашылығын оқырманның рухани әлеміне жақындатуға ықпал етеді.

Екіншіден, әр түрлі әдебиеттердің өзара әрекеттесуі мен өзара байытылу фактілерін анықтау ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар ажырамас бірлікте көрініс беретін Қазақстан мен алыс-жақын шетел әдебиеттерінің дамуын танытады.

Қазіргі әдебиеттануда өзара байланысты және өзара тәуелді әдеби байланыстардың келесі түрлері анықталған:

  1. Тура және жанама байланыстар. Әдебиеттер арасындағы ұқсастық олардың тікелей немесе жанама байланыстары нәтижесінде пайда болатын құбылыс.
  2. Типологиялық байланыстар. Бір-біріне тәуелсіз дамыған әдебиеттердің шығармаларында ортақ белгілер мен мотивтер байқалуы.
  3. Генетикалық байланыстар. Бір жазушының екіншісіне идеялық және шығармашылық тұрғыдан әсер етуі қарастырылады.

Ғалым В. М. Жирмунскийдің пікірінше, әдеби байланыс мәселелерінің тарихи дұрыс шешімін жасау үшін мына секілді методологиялық түсініктерді ескерген жөн:

1. Әртүрлі идеологиялық (оның ішінде әдеби) әсер-ықпал заңды әрі шартты. Бұл шарттылық ұлттық дамудың қоғамдық және әдеби ішкі заңдылығымен анықталады. Ал, ықпалдың мүмкін болуы үшін сыртқы идеологиялық талап іске асуы тиіс: аталмыш қоғам мен әдебиеттегі көп не аз айқындалған ұқсас даму тенденциясының міндетті түрде болуы қажет.

Демек, тарихи-типологиялық үйлестік пен әдеби қарым-қатынастар диалектикалық байланыс пен әдеби даму процесіндегі бір тарихи құбылыстың екі аспектісі ретінде қарастырылуы тиіс.

2. Түрлі әдеби ықпалдар образдың әлеуметтік өзгерісіне байланысты болмақ. Әрине, ол шығарманың қоғамдық жағдайларға, сол қоғамдық даму кезеңіндегі ұлттық өмір мен болмыс және әдеби дәстүр ерекшеліктеріне, сондай-ақ, қаламгер шығармашылығының көркемдік және идеялық өзгешелігіне қатысты екені рас.

Демек, байланыс пен әсер-ықпал проблемасын зерделейтін әдебиет тарихы үшін, былайша айтқанда, әдебиетті салыстырмалы-тарихи зерттеу үшін олардың тарихи ұқсастығынан гөрі тарихи шарттылығы мен айырмашылық сипаттары туралы мәселе өте маңызды.

3. Сонымен қатар, халықаралық әдеби байланыстарды зерделеуге қатысты негізгі әрі жалпы проблеманы, яғни, идеологияны дамытудағы дәстүр мен ықпал рөлі мәселесін ұсыну қарастырылмақ.

Барлық идеология іспетті, белгілі бір дәуірдің әдебиеті мен белгілі бір қоғамдық бағыт тақыр жерде емес, керісінше, идеологиялық әдеби дәстүрмен қатынастағы күрделі процесте пайда болады [1, 54] .

Жалпы, салыстырмалы әдебиеттану туралы түсінік өзара сіңісті екі бағыттың - генетикалық байланыс пен типологиялық сипаттама бірлігі іспетті. Бұл бағыттардың арасында байланыс барында талас жоқ, өйткені, байланыстарды зерттеу тұсында типологиялық салыстырудың қажеттілігі туындайды. Типологиялық сипат құнарлы топырақ секілді, әдеби алмасулардың тууына итермелейді. Алайда, түрлі әдеби құбылыстардың кереметтерін сөз еткенде, байланыстар мен ұқсастықтарды салыстыра зерттеу қажет емес. Сондықтан байланыс мәселесі типологиялық сипат, үйлесім және сәйкестік проблемаларымен әрі бірге, әрі бөлек қарастырылады.

Әдеби байланыстың осы негіздегі процеске әсері кеңес дәуірі кезінде-ақ одақ ғалымдарының қызығушылығын туғызып, зерттеу жүргізуге итермеледі. Диалектикалық түсінік тұрғысында әдеби байланыс пен әдеби процесс түрлі тарихи кезеңге орай, ауысып отыратын әдеби болмыс жағдайы бола отыра, бір-бірінен ажырағысыз екендігін көптеген ғалымдар, атап айтқанда, А. С. Бушмин, Н. И. Конрад, М. Б. Храпченко, И. Г. Неупокоева, Г. И. Ломидзе және т. б. атап көрсетті.

Көрнекті ғалым А. С. Бушмин әдебиет аралық байланыстардың көркемдік үрдіске демеу беретін тарихи-әдеби сабақтастыққа қажетті жағдай туғызатынын баса айтады. Олар әлеуметтік пен көркемдік тәжірибені қорытындылау мен беруге, шындықты интеллектуалды-эстетикалық түрде меңгеру жетістігіне жетуге қызмет етеді. Демек, өз алдына бөлек, жеке ұлттық не аймақтық мәдени даму болуы мүмкін емес. Сондықтан әдеби байланыс пен сабақтастықты зерделеу мәселесі аталған тақырыптың методологиясы мен методикасын зерделеп зерттеудің қажеттілігін ұсынады.

Бұл жөнінде А. С. Бушмин былай дейді: «Қарқынды дамыған әдебиеттің баяу дамығанға әсері бұл - адамзаттың көркемдік даму сатысындағы, сабақтастықтағы өте айқын заңдылығы. Алайда, әрқалай даму ұлтаралық әдеби сабақтастық жағдайын өшіре алмайды» [2, 35] .

Осы тұрғыдан келгенде, тарихи-әдеби даму әрбір ұлт әдебиетінің ерекшелігі мен әрбір кезең өзгешелігі күрделі әрі көпқырлы қарым-қатынастардың уақыты мен кеңістігіне мүмкіндік туғызады. «Ұлттық әдебиеттердің ортақ ғұмыр кешетін себебі, олар бір-біріне ұқсамайды, біреуінің ерекшелігі оған деген басқа әдебиеттің қызығушылығын туғызады және интернационалдық байланыстар жүйесінің дамуына жағдай жасайды» [3, 14] .

Қазақ әдебиеті өзінің көпжылдық тарихында түрлі ұлт әдебиеттерімен байланысқа түсіп, өзіндік ерекшеліктер мен кезеңдерге ие болып отыр. Ең бірінші назар аударатын мәселе - бауырлас түркі халықтармен ежелгі дәуір әдебиетіміздің ортақтастығы. Тіліміз ұқсас, тегіміз бір қырғыз, тәжік, өзбек, татар, әзірбайжан, түркімендермен бізді, әсіресе, фольклорлық туындылар жақындастырады. Ал Шығыс шайырлары Фирдауси, Низами, Науаи, Хұсрау, Физули, Жәми, Сағди, Хафиз, Омар һаям туындылары, арабтың «Мың бір түні», үндінің «Қалила мен Димна», «Тотынама» сияқты дүниежүзіне танымал шығармалары өз кезегінде халық арасында кең тараған, кейбір сюжеттік желістері өлең, дастан, қиссаларға арқау болған. Батыс пен Шығысты әдебиетімізде тоғыстырған тұлғалар, екі жаққа да бірдей танылған дарындар да бар. Олардың қатарында орта ғасырларда өмір сүрген Әбу Наср әл-Фарабиді және ХІХ ғасырдың ІІ жартысында төл әдебиетімізге, жалпы мәдениетімізге, айтулы бетбұрыстар әкелген Абай Құнанбайұлын айтуға болады. Батыс пен Шығыстың әсері кейінгі ақын-жазушыларымыздың туындыларында да танылып, әдебиетіміздің өз дамуында жаңа биік дәрежелерге көтерілуіне себеп болды.

Әдеби байланыстар бір жақты болды деп түсінбеген абзал. Қазақ даласы, мәдениеті мен әдебиеті туралы деректер елімізге келген шетелдік саяхатшылар еңбегінде баршылық. Жекелей ақындар мен жазушылардың да туындылары шетел тілдеріне аударылып, өзіндік бағасын алып жатыр.

Әдеби байланыстар жайында Г. И. Ломидзе: «Жалпы, әлемде еш саңылаусыз, томаға-тұйық, өз қалпымен, өз сұраныс, талаптары тұрғысында ғана өмір сүретін әдебиет жоқ. Қай әдебиеттің жүріп өткен жолына қарасаң да, қандай айқын, қайталанбас жағдайда қалыптасса да, сол не өзге деңгейі басқа әдебиеттер жетістігінен көрініс береді. Тек өз тұрғысында және бірыңғай өзінің ғана күш-қайратынан нәр алып өркендеген әдебиет жоқтың қасы» [4, 10] . деген сөзі біздің жоғарыда келтірген ойымызға дәлел болып отыр.

Әсіресе, тілі ұқсас, діні бір, тегі тамырлас болып келетін халықтардың мүдде ортақтастығы себебінен ақын-жазушылары рухани үндестікке де ешбір бағыттаусыз-ақ келіп жатады. Әдебиетте орын алатын сол тоғысулар, байланыстар, сарындастық пен шығармашылық тұрғыдағы әсерлесулер әдеби үдерістің заңдылықтарының бірі ретінде танылады және аталмыш әдебиеттің биік дәрежеде дамуына ықпал етеді.

Жоғарыда келтірілген пікірге ұқсас әдебиетші ғалымдардың ойлары әдеби байланыстың кез келген халықтың рухани тұрғыдан болсын және мәдени жағынан болсын дамуында үлкен мәнге ие екенін айғақтайды. Батыс, кеңес, және өзіміздің зерттеушілердің еңбектерінің мазмұны осыған саяды.

Екі ел әдебиеттеріндегі байланыс пен рухани үндестіктер, сол әдебиеттердің дамуы ережелерінің ұқсастығы мен шындықты жеткізуде қолданған бейнелі көркемдеу амалдарының жақындығына, ортақтығына негізделеді. Әдебиеттер арасындағы байланыс, одан басқа рухани құнды жәдігерлердің өзара алмасуы буыны қата қоймаған әдебиеттің дамуы мен өркендеуіне мүмкіндігінше толық жағдай жасайды. Сонымен қатар жаңа жағдайларда өрістеуіне жол ашады.

В. М. Жирмунскийдің мына пікіріне назар аударайық: «Халық неғұрлым мәдениетті болған сайын, соғұрлым оның басқа халықтармен байланысы мен өзара қатынасы қарқынды болмақ» [1, 73] . Біздің зерттеуіміздің шеңберіне кіретін парсы әдебиеті сондай әдебиеттер қатарынан. Ол - Шығыс елдері шеңберінен шығып, Еуропа мен сонау Батысты өзіне қаратқан, таң қалдырып, тамсандырған әдебиет. Яғни әдебиеті жоғары деңгейде дамыған парсы елі бүкіл әлем әдебиетімен қарым-қатынасы ұлғайтып, байланысқа түсті, Шығыстың құнарлы жырларымен әлем әдебиетін сусындатты.

Әдеби байланыстар - өте күрделі құбылыс. Онда халық өміріндегі мәдени, саяси, тұрмыстық өзгерістер көрініс табады әрі үнемі ауысып отырады. Осы күрделілігі мен көпқырлылығына сәйкес әдеби байланыстар, біріншіден, әдебиеттердің ғаламдық дәрежеде өсу жолдарына, екіншіден, түрлі ұлттар мәдениеттерінің тарихына және ең соңғысы - белгілі бір ақын-жазушының шығармаларына қатысты орын алады.

Әдеби байланыстар әдебиеттанудың негізгі мәселелерінің бірі болғандықтан, көптеген зерттеу еңбектері, пікірсайыстар мен конференцияларға арқау болды. Кеңестер Одағы құрамындағы ұлттардың әдеби байланыстарын өз зерттеулерінде сөз еткен В. М. Жирмунский, Г. И. Ломизаде, Н. И. Конрад, И. Г. Неупокоева, т. б. ғалымдар зор үлестерін қосты. Әдеби байланыстарға қатысты басты мәселелерді қозғай білді.

Дегенмен, ғалымдардың басым көпшілігі өздерінің тұжырымдарын кеңестік жүйе қалыптастырған тәртіп аясында ұсынып отырады. Мысалы, жекелей ұлттық әдебиеттердегі дүниежүзілік әдеби ілгерілеу деңгейінің сипаттары мен алға жылжуларына мүмкіндік берген жаңашыл өзгерістерді ғаламдық әдебиетте социалистік реализмнің пайда болып, қалыптасуымен байланыстырады [1, 41] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ, шығыс және еуропа әдеби байланыстары
Түркі және монғол тілдеріне ортақ лексика
Мақыш Қалтайұлы
Орта ғасыр әдебиетіндегі «қисса – дастандар» үрдісі
ХХ ғасыр басындағы әдеби үдеріс
Азия мен Қазақстан халықтары әдебиеттерінің өзара жақындастығы
Бүркіт ысқақовтың шығармашылығы
Этнопедагогика мен этнопсихологияның ортақ белгілері
Қазақ-өзбек әдеби байланыстары
Шәкәрім поэзиясының еуропа, орыс әдебиетімен байланысы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz