Фольклорлық шығармаларды оқытудың қажеттілігі


МАЗМҰНЫ
Кіріспе . . . 3
- Фольклорлық шығармаларды оқытудың қажеттілігі . . . 6Фольклор - халықтық педагогиканың озық үлгісі . . . 6Қазақ фольклорының жанрлық ерекшеліктері . . . 15
- Фольклорлық шығармаларды оқытудың теориялық және әдістемелік негіздері . . . 27Жеке тұлғаға бағыттап (саралап) оқыту технологиясы . . . 27Онлайн жүйесінде фольклорлық шығармаларды саралап оқыту . . . 35Фольклорлық шығармаларды оқытуда цифрлық технологияларды пайдалану . . . 45
Қорытынды . . . 50
Пайдаланған әдебиеттер тізімі . . . 53
Қосымшалар. . . . 55
КІРІСПЕ
Жұмыс тақырыбының өзектілігі. Елбасымыз «Ұлттық болмысты сақтау - рухани жаңғырудың басты шарты», -деген болатын. Шындығында да ұлттық негізін сақтаған ұлттық ұрпақтары ғана өркениеттер адасуынан жол тауып, бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасады. Ұлттық болмыс деген сөзді қазақы тіл мен діл, мәдениет пен тарих, салт-дәстүрлер мен ұлттық құндылықтар құрайды. Аталған ұғымдар бір сөзбен айтқанда, халық даналығының, фольклордың өне бойынан көрінеді. Фольклорлық шығармалар - ертегі, аңыз, батырлар жыры, шешендік сөздер т. с. с үлгілердің - бойынан жиырма бірінші ғасырда іздеу салынған ұлттық кодты, ұлттық мінезді кездестіруге болады. Қазақ халқының фольклоры - эстетикалық тәрбиенің қайнар көзі. «Сөз қадірін білмеген өз қадірін білмейді» деп тұжырымдаған қазақ халқының халықтық педагогикасы тікелей фольклорлық шығармалардан, ежелгі наным-түсініктерден бастау алады. Сондықтан да ұлттық негізін ұмытпайтын ұрпақ тәрбиелеу үшін мектеп бағдарламасында фольклорлық шығармаларды оқытудың маңызы зор.
2020 жылы әлемді қамтыған төтенше жағдай онлайн оқытудың қоғамға қаншама мүмкіндік сыйлайтынын көрсетті. Пандемия кезіндегі карантин жағдайында смарт технологиялардың көмегімен білім алу үрдісі тоқтамады. Қазақ қоғамы нағыз онлайн оқытумен танысты. Осы уақытқа дейін аты аталғанмен, тәжірибеде сыналмаған электронды оқыту технологиялары өз мүмкіндіктерінен хабар берді. Бір жылға жуық уақыт ішінде білім беру жүйесінде айтарлықтай өзгерістер орын алды. Әрине, осы уақытта Қазақстан мектептерінде білім берудің жаңа моделінің негізі қаланды. Бұған әлемдегі төтенше жағдайларға қарамастан смарт құрылғылардың көмегімен-ақ әлемдегі беделді жоғары оқу орындарына оқуға түскен Отандастарымыз дәлел. Яғни, ондайн оқытумен бірге сан түрлі педагогикалық технологиялар да дамыды.
Зерттеу жұмысы тақырыбының өзектілігі - фольклорлық шығармаларды мектепте қазақ әдебиеті пәнінен білім беруде теориялық негіз ретінде пайдаланудың, халық әдебиетін мектеп оқушыларына онлайн жүйесінде оқытудың артықшылықтарын көрсету. Себебі біздің ойымызша, халық өмірінің тарихи тәжірибесін, көне кезеңнен бастап қалыптасқан ұлттық ерекшеліктерін ой өрісіне салып, қайта оқу, қайта бағалау өз ұлттық болмысын таныған адам өзге ұлттың да рухани жетістігінен хабардар бола алады деп ой тұжырымдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар фольклорлық шығармаларды оқытуда заманауи инновациялық технологияларды пайдалану оқушылардың жаңа ақпаратты қабылдау кезіндегі оқу-танымдық әрекеттерін тездетуге, оқу пәніне деген ынтасын арттыруға, сабаққа белсене қатысуына жағдай жасайды. Әрі цифрлық технологияларды жоғары деңгейдегі көрнекілік құрал ғана емес, онлайн оқу жүйесіндегі негізгі ақпарат көзі ретінде пайдаланудың артықшылықтарын көрсетеді. Оқушыларға тапсырма беруде, олардың білімін бағалауда қолданылатын әдіс-тәсілдердің саны артып, сабақтың сипатын түрліше құру мүмкіндігі артады. Демек, онлайн жүйедегі білім беру процесінің нәтижелілігі артып, оқушылардың оқылатын материалдарға деген жағымды қарым-қатынасы қалыптасуы да осы зерттеу жұмысының өзектілігін білдіреді.
Мәселенің маңыздылығы бойынша жазылған теориялық еңбектер жеткілікті. Қазақ фольклорын зерттеуде, оның сипатын, табиғатын түсіндіруде, жанрлық ерекшеліктерін көрсетуде әдебиеттанушы ғалымдардың(С. Қасқабасов, М. Әуезов, С. Садырбаев, А. Сейдімбек, Қ. Алпысбаева т. с. с) еңбегі зор. Педагогика саласында да фольклорлық шығармаларды оқыту әдістемесі туралы жалпы қазақ әдебиетін оқытудың инновациялық әдістемесі (Қ. Бітібаева), ертегілерді оқыту (А. Едігенова), халық ертегілерін орыс тілді мектеп оқушыларына оқыту (Г. Мұратбаева) т. б бағыттарда бірқатар еңбектер жарық көрді. Дегенмен олардың көпшілігі дәстүрлі оқыту жүйесіне арналды. Сондықтан зерттеу жұмысымызда отандық еңбектерден Көкшеева Ғайни Таласқызының «Бастауыш сынып оқушыларының қазақ балалар фольклоры арқылы эстетикалық қызығушылығын қалыптастыру» атты диссертациясын қарастырып отырмыз. Фольклорлық шығармаларды оқыту білім беру бағдарламасы үшін таңсық емес. Әр жанрдағы фольклорлық шығармаларды оқытудың әдістемелік құралдары да бар. Алайда фольклорлық шығармаларды онлайн жүйесінде оқытудың жаңа әдістерін, сандық технологияларды пайдаланып оқыту мәселелері қазіргі қазақ педагогикасында жеткілікті деңгейде зерттелмеген. Ал еліміздегі, әлемдегі білім беру үдерісінің жаппай қашықтықтан және онлайн оқыту жүйесіне ауысуы бұл мәселені қолға алу қажеттілігін білдіріп отыр. Онлайн жүйесінде немесе қашықтықтан оқыту кезінде фольклорлық шығармаларды теориялық негіз ретінде қарастырудың әдістері мен мүмкіндіктерін зерделеу қазақ педагогикасы үшін маңызы бар тақырып деп ойлаймыз. Мәселенің ауқымдылығы мен заманауилығы дипломдық жұмыстың тақырыбын «Онлайн жүйесінде фольклорлық шығармаларды цифрлық технологиялар арқылы оқыту» деп таңдауымызға негіз болды.
Жұмыстың мақсаты. Зерттеу жұмысының мақсаты - фольклорлық шығармаларды онлайн жүйесінде, сандық технологияларды пайдаланып оқытудың қажеттілігі мен әдіс-тәсілдер теориялық тұрғыдан негіздеу және практика жүзінде ұсыну жолдарын көрсету.
Жұмыстың міндеттері. Жұмыстың мақсатына жету үшін төмендегідей міндеттер негіз етіп алынды:
-Фольклорлық шығармаларды оқытудың барлық форматында теориялық негіз ретінде пайдаланудың қажеттілігін дәлелдеу;
- Қазақ фольклорлық шығармаларының жанрлық көптүрлілігі мен оларды оқытудың ерекшеліктерін анықтау;
- Фольклорлық шығармаларды оқытуда жаңа педагогикалық технологияны пайдалану мүмкіндіктерін қарастыру;
-Қазақ фольклорын оқыту барысында цифрлық технологияларды пайдаланудың қажеттелігі мен тиімділігін дәлелдеу.
Зерттеу жұмысының нысаны: фольклорлық шығармаларды оқытуда цифрлық технологияларды ұтымды пайдалану
Зерттеудің әдістері: ғылыми зерттеу мәселесі бойынша фольклорлық, педагогикалық, психологиялық әдебиеттерге теориялық талдау жасау; оқу құжаттары (жоспар, бағдарламалар мен оқулықтар) мен мұғалімдердің нәтижеге жеткен тәжірибелеріне талдау; бақылау; педагогикалық эксперимент; мәліметтерді математикалық тұрғыда өңдеу.
Зерттеудің ғылыми болжамы. Егер фольклорлық шығармаларды оқытуда инновациялық және сандық технологияларды тиімді пайдаланса, бұл оқушылардың фольклорлық шығармаларға деген көзқарасының жаңаруына, қызығушылығының артуына, халық педагогикасына сүйеніп эстетикалық біліп беруге, балалардың шығармашылық қабілеттерін арттырып, патриоттық сезімдерін күшейтуге мүмкіндік береді.
Жұмыстың теориялық-әдіснамалық негіздері қазақ фольклорының табиғаты мен теориясын сипаттайтын ғылыми еңбектер; фольклорлық шығармаларды білім беруде пайдалану жөніндегі бүгінгі тұжырымдамалар; қазақ әдебиеті пәнін оқытудың, тереңдете оқытудың инновациялық әдістемелері; педагогикалық процесті ұйымдастырудағы тұлғалық іс-әрекеттік қатынастар; ұлттық мәдениет пен фольклордың білімдегі рөлі туралы қағидалар; оқушыларды эстетика-этикаға тәрбиелеу турасындағы қағидалар; халық педагогикасы мен фольклорлық шығармалардың таным-тәрбиелік маңызы туралы теориялық тұжырымдар саналады.
Жұмыстың практикалық маңыздылығы. Зерттеу нәтижелерін мектептерде, лицей мен гимназияларда, қашықтықтан оқыту курстарында, білім беру мекемелерінде пайдалануға болады.
Жұмыстың құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытынды мен пайдаланған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.
1-тарау. Фольклорлық шығармаларды оқытудың қажеттілігі
- Фольклор - халықтық педагогиканың озық үлгісі
Әдебиет - ең алдымен, тәрбие құралы. Ал тәрбие - маңыздылығын жоймайтын ұғым. Әдіс-тәсілдер қаншалықты жаңарып, білім беру қарқыны қарыштап дамыса да білім тәрбиемен үндескенде ғана оң нәтиже бермек. Фараби сөзімен айтқанда: «Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы». Бүгінде оқыту технологияларының сан түрі пайда болды. Бірақ «қалай оқытамын?» деген сұрақ пен «нені оқытамынның» маңызы бір. Сондықтан қазақ әдебиеті сабақтарында фольклорлық шығармаларды оқытудың маңызы зор. Сабақ барысында фольклорлық шығармаларды контент ретінде пайдалану арқылы сабақтың таным-тәрбиелік құндылығын арттыруға болады. Фольклорды оқыту арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу, адасудың алдын алу жүзеге асады. Себебі фольклор - халық тәжірибесі.
Фольклор - барлық халыққа тән, күрделі әрі синтетикалық өнер түрі. Оның табиғаты - синкретті: бірнеше өнер түрінің элементтері қатар көрінеді (шешен сөз, ән, күй, театр, би т. с. с) . Сондықтан да фольклорды тарих, психология, әдебиет, әлеуметтану, этнология сынды әртүрлі ғылымдар қарастырады. Халықтың салт-санасын, таным-түсінігін, психологиясын, мәдениеті мен әдебиетін фольклорлық шығармаларға қарап аңдауға болады. (Терминнің «халық даналығы» деген мағынаны білдіруі де тегін емес) . Фольклорды зерттейтін ғылым фольклортану деп аталады. «Әдебиеттану терминдерінің сөздігі» бойынша: «Халық даналығын (фольклорды) зерттейтін, өзіне тән заңдылықтары бар, дербес ғылым фольклортану деп аталады. Қазақ халқының бай фольклорлық мұрасын зерттеу әлемге ортақ теориялық-методологиялық әдіс-тәсілдер мен ондағы жетістіктерге сүйенеді» [1, 218] .
Зерттеулерде «фольклор» ұғымын білдіруге «ауыз әдебиеті», «халық әдебиеті», «халық ауыз әдебиеті» деген терминдер жарысып қолданылады. Бұрынғы оқулықтарда бұл терминдерді синоним ретінде қарастыру да байқалады. Алайда «фольклор» терминін тек халық ауыз әдебиетін, яғни халықтың ауызша туып, ауызша тараған шығармаларын атауда қолдану Кеңес Одағының социалистік жүйесімен байланысты. Бұлай атау дәстүрі Ресейде он тоғызыншы ғасырда, ал Ресейдің қарамағындағы халықтарда жиырмасыншы ғасырда қалыптасты. Кеңестік жүйе орнықпаған өзге елдерде «фольклор» концептісі халықтың әдебиетін, музыкасын, биін, театрын, қолөнері мен ырымдарын, салттарын қамтып, кең мағынада жұмсалады. Шындығында да фольклор мен халық ауыз әдебиеті бір емес. Жоғарыда аталған терминдердің («ауыз әдебиеті», «халық әдебиеті») ешқайсысы да әлемдік деңгейде мойындалған «фольклор» ұғымын бере алмайды. Фольклордың аясы кең. Оның үстіне, фольклордың жанрлары болып табылатын әртүрлі ырымдар мен салттардың, арбау, жауын шақыру, күн жайлату жоралғыларының болмысы әдебиетке (сөз өнеріне) сай келмейді. Себебі аталған амалдар өмір құбылысын не сезімді көркем түрде бейнелеп, қайта жаңғыртуды көздемейді. Яғни, фольклор мен әдебиетті теңестіру әрі фольклордың аясын тарылтады, әрі сөз өнерінің көркемдік-эстетикалық қуатын төмендетеді. Сондықтан «халық әдебиеті» деп тұтас фольклорды емес, өнерге қатысы бар көркем фольклорды атау орынды[2, 20] . Сонымен, белгілі бір халықтың ауызша тараған әдеби шығармалары сол халықтың бай фольклорының бір бөлігін ғана құрайды. Алғашқы зерттеуші ғалымдардың (В. Томсен және т. б) фольклорға тек ауызша өнер туындыларын жатқызып қана қоймай, сонымен қатар шаруа өмірінің әртүрлі этнографиялық бөлшектері мен шындықтарын жазып, халық тұрмысына кеңінен жақындағаны кездейсоқ емес. Осылайша фольклорды зерттеу халықты танудың, халық мәдениетін түсінудің алғашқы қадамы болды.
Фольклорлық шығармалардың әр жанры дәуірдің әр кезеңінде әртүрлі міндет атқарады және әртүрлі мақсатта орындалады. Сондықтан фольклордың синкреттілігімен қатар атқаратын функциялары да көп. Біріншіден, фольклор эстетикалық әрі сейілдік қызмет атқарады. Жанрлық өзгешеліктеріне қарамастан, халық мұрасының әрқайсысынан әдемілік пен асқақтықты, трагедиялық және комикалық эстетиканың категорияларын аңғаруға болады. Түрлі әуендер, би түрлері мен қойылымдар ең алдымен көрерменге жағымды әсер сыйлайды. Жоқтау, қоштасу сынды мұңды жырлар да эстетикалық әсер сыйлайды. Мифологиялық нанымға негізделген арбау сынды салттардың өзі белгілі бір деңгейде әсемдіктің шекарасынан шықпайды. Фольклордың екінші функциясы - танымдық және тәрбиелік. Эстетикалық функциясы бойынша фольклорлық шығармалар «Қалай айтамын?» деген сұраққа жауап берсе, танымдық қызметі нені айту керектігін қарастырады. Таным тұрғысынан әр жанр білім қорын көбейтуге үлес қосса, тәрбие тұрғысынан адамгершілік қасиеттерге шақырады. Мысалы, ертегілердің үнемі жақсылықпен аяқталуы, театрлық шығармаларда зұлымдықтың жазалануы т. с. с. Сонымен қатар, ырым-тиымдар да гигиеналық-санитарлық талаптарды сақтауға, этикалық қағидаларды бұзбауға шақырады. Үшіншіден, фольклор утилитарлық қызмет атқарады. Яғни, белгілі бір деңгейде тұрмыстық қажеттіліктерді өтейді. Аталған үш функциясынан бөлек, кейде фольклор идеологиялық мақсатта да жұмсалады. Мәселен, халық ертегілерінде мыстан кемпір немесе жалмауыз кемпірдің болуы, олардың зұлым болатыны, әрі әйел адам екендігі өз кезегінде патриархаттық қоғам құру идеясын меңзейді.
Сонымен, қазақ халқына тән сөз өнерін үш түрге бөле аламыз: фольклор, ауыз әдебиеті, жазба әдебиет. Ауыз әдебиетін ақын-жыраулар шығармашылығы құрайды. Фольклорды сөз өнерінің басқа түрлерінен ерекшелейтін бірнеше сипаты бар.
Біріншіден, фольклор - ежелгі мәдениет және мұра. Себебі ол бірнеше дәуір мен кезеңнің қорытындысы ретінде, бірнеше қоғамның іс-әрекеттерінің нәтижесі ретінде пайда болады. Алғашқы адамдардан бастап, ата-бабаларымыздың айтқан сөздері, тұтынған заттары, сенімі мен нанымы, әдеби мұралары біз үшін әрі мәдениет, әрі фольклор. Қазақ фольклоры да ежелгі дүниетаным мен рухани мәдениетке тән белгілер мен түсініктерді өз бойында сақтап келген. Алғашқы қауымдық құрылысқа тән дүниетанымдар ұлттық фольклорда әртүрлі сипатта көрініс береді. Мәселен, барлық заттарда жан бар деп есептеу, жан адамнан затқа, немесе керісінше ауыса алады деп ойлау - анимизмнің белгілері. Бұндай белгілер қазақ фольклорында ертегілерде кездеседі. Бұл адамның жануар кейпіне енуінен, жануардың адамша сөйлей алуынан т. б көрінеді. «Ер төстік» ертегісіндегі Шалқұйрық аттың иесін құтқарып алуы, «бетегеден биік, жусаннан аласа қалыпқа келуі», адамша тіл қатуы айтылған анимистік белгіге жатады. Анимизмнен бөлек, тотемизм мен табу да қазақ фольклорында жиі ұшырасады. Тотемизм түсінігі белгілі бір адамдар тобының қандай да бір жануарды кие санауын білдіреді. Бұл түсінік бойынша қазақ халық әдебиеті мен мәдениетінде бірнеше мотивтер қалыптасқан: хайуанаттар туралы ертегілер, Қобыландының шешесі қабыланның жүрегіне жерік болуы, аң-құстың тілін білетін адамның қасиетті саналуы, қасқырдың тісін не тырнағын, терісін сақтап қою т. с. с. Тотемизм табыну мен кие тұтудан пайда болса, табу қорқыныштан пайда болады. Алғашқы қауым адамдары дүниеде зиянды күштер көп деп сенген және олардан қорғану үшін түрлі тиымдар ойлап тапқан. Табу элементтері фольклорлық шығармаларда ғана емес, күнделікті тұрмыста да кездеседі. Ауызекі қолданыстағы бүйірді таянбау, босағаны кермеу секілді ырым-тиымдардың көпшілігі табудың мысалы. Ал фольклорлық шығармаларда табу кейіпкерлердің тағдырына әсер етеді. Яғни, ертегінің не дастанның кейіпкеріне белгілі бір тиым салынады. Ал ол тымды бұзады да, бәлеге тап болады. Бұл туралы Қазақ әдебиеті тарихының бірінші томында төмендегідей мысал келтіріледі: «Ер Төстіктің жаңа түскен келіншегі Кенжекей қайын атасы Ерназарға Сорқұдықтың басына қонбасын деп тиым салады. Алайда, Ерназар оны тыңдамайды. Ақырында, оны жалмауыз кемпір ұстап алып, сүйікті ұлы Төстікті беруге мәжбүр етеді. Осылай тиымды бұзып, сорға ұшыраған Төлеген, Мамай, Едігенің әкесі т. с. с қаһармандар тағдырында ежелгі табудың, яғни алғашқы қауым адамының дүниетанымы жатқанын айғақтайды»[2, 23] . Ерте кезеңдерде пайда болып, кейін біраз өзгерістерге ұшыраса да әлі күнге дейін қолданыстан жойылмаған тағы бір ұғым - магия. Бұл - қандай да бір сөздің не әрекеттің киесі бар деп сену. Киесі болғандықтан, сол сөз не әрекет басқаларға әсер ете алады деген түсінік халықтық фольклорда орныққан, әлі күнге дейін де сақталған. Фольклорлық шығармалардың ішінде, негізінен ертегі мен мифте магиялық пайым анық байқалады. Мысалы: сиқыр жасау, әртүрлі сөздер айту, арбау, хайуанға айналдыру т. б. Олардан бөлек бата мен қарғыс, алғыс та өз кезегінде сөздің құдіретіне сенуді, магиялық сипатты білдіреді. Аталған танымдар ежелгі қауымдық құрылыс кезінен қалған архетиптік белгілер екені айтылды. Ал одан кейінгі рулық қоғам кезінен де күні бүгінге дейін жеткен фольклорды құраушы ұғым бар. Ол - шамандық. Бұл наным ғажайыптарды жүзеге асыра алатын адам бар деп түсіндіреді. Яғни, шаман (бақсы) барлық дүниенің сырын біледі, жер астын, үстін, аспан әлемін еркін шарлап жүре алады. сол қасиетінің арқасында күллі адамзатты қауіп-қатерден қорғайды. Қазақ фольклорлық шығармаларында Ертөстіктің жер астына түсіп кетуі, Қорқыттың дүниенің төрт бұрышын шарлауы, ертегілердің «Ай астындағы Айбарша сұлу», «Күн астындағы Күнікей қыз» аталуы - бәрі шаманизмнің белгілері. «Бәйтерек» архетипі де, оның жер мен көкті ұстап тұруы да - шамандық сананың жемісі. Бүгінде бақсыға сену көп кездеспесе де, шамандық түсініктер толық жойыла қойған жоқ. Қаншама ғасыр өтіп, қаншама қоғам ауысса да аталған наным-ғұрыптардың санада сарқыншақ түрінде болсын сақталуы фольклордың ежелгі дүниетанымның сарқылмас мұрасы екенін дәлелдейді.
Екіншіден, фольклор - күнделікті өмірдің бір бөлшегі. Ол тұрмыспен біте қайнасып кеткен рухани мәдениет. Себебі біз күнделікті өмірде фольклорды жиі пайдаланамыз. Сәбидің дүниеге келуі, үйлену салты, адамның өмірден өту т. б дәстүрлердің қайсыбірі де күнделікті тұрмыстың бір бөлшегі. Бұлардың ешбірі де фольклорсыз орындалмайды. Бәрінде де өлең-жыр, тілек-бата айтылады, ырымдар жсалады, дұға оқылады. Исламдық өркениет қанат жайса да, әлі күнге дейін «отқа май құю» дәстүрі халықтық қолданыстан шықпаған. Алайда халық оны «шаманизм» не «магия» деп есептемейді. Еш мақсатсыз, емін-еркін, тұрмыстық қажеттілік есебінде қолдана береді. Фольклордың осындай утилитарлық қызметі үнемі қолданыста болатын материалды мәдениеттен де байқалады. Қолөнер мен тұрмыстық бұйымдар да кең мағынасында фольклордың бір бөлігі. Яғни, фольклор қоғамға әрқашан да керек болған, солай жалғаса да бермек. Осы орайда С. Қасқабасовтың қазақ халық әдебиетін «мәңгілік фольклор» деп атауы тегін емес. Ғалым бұлай атауының себебін төмендегідей түсіндіреді. «Фольклорда әр заманғы өмір шындығының көрінісі бар, онда әр дәуірде ғұмыр кешкен бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігінің, дүниетанымының, салт-санасының, діни нанымдары мен ұғымдарының, әдет ғұрыптарының алуан түрі бой көрсетеді. Олай болса, бүгінгі заманғы зерттеушілер фольклордан осыдан бірнеше мың жыл бұрын ғұмыр кешкен бабаларымыздың өмір салтын, мәдениетін, дүниеге көзқарасын, дінін зерделеп, біліп-тануына мүмкіндік алады»[3, 4] .
Үшіншіден, фольклор - әдебиет (сөз өнері) . Оның синкреттілік сипаты жоғарыда талданып, дәлелденді. Фольклор әрі әдебиет, әрі театр, әрі би, әрі ән. Сонымен қатар фольклорға көркемдік сипат, орындаушы мен тыңдаушы, көрермендер тән. Алғашқы дүние адамдарына тән мифтік сана фольклорда көріктеуіш құрал ретінде қызмет етіп, қазіргі әдеби поэтикаға негіз болды. Сөз өнері болып қалыптасу барысында қарапайымнан күрделіге қарай өту, ғажайыптық сипат алу, эстетикалық міндет сынды түрлі процестер жүзеге асты. Фольклорды өнер ретінде тануда күтілетін бірнеше белгілер де бар. Олардың негізгілері: тұтастану, типтендіру, кейіпкерлерді суреттеу тәсілдері т. с. с. аталған процестер, шығармалардың тұрақты композициясы. Алайда аталған ерекшеліктер фольклорды толықтай сөз өнері деп тану керек дегенді білдірмейді. Фольклордағы индивид тілдің, даралық қасиеттің болмауы, салт-санаға негізделуі - әдебиетке тән емес құбылыс. Демек, фольклор - әрі өнер, әрі руханият.
Фольклордың да өзіне тән табиғаты, теориясы бар. Жоғарыда аталған сипаттар мен функциялардың өзі фольклорға тән теорияны құрайды. Сонымен қатар, теорияға көркемдік әдіс те жатады. Бұл туралы С. Қасқабасов еңбектерінде кеңірек тұжырымдалады. Ғалымның пікірінше, фольклор романтикалық типтендіру әдісін қолданып, кейіпкерді суреттеуде дәріптеу мен әсірелеу сияқты тәсілдерді пайдаланады. Уақыт пен кеңістік те фольклорлық шығармаларда шынайы өмірден алшақ болады. Стандартты формалар мен стиль фольклорлық шығарманың өзіне тән баяндау формасын қалыптастырады. Осылайша ескі мен жаңаның, шындық пен қиялдың бірін-бірі алмастырып қолданып, қатар берілуі - фольклорлық шығармалардың негізгі ерекшелігі. Аталғандардан бөлек, фольклор теориясының элементтері: импровизацияның болуы, шындық болмысқа қатыстылығы, сюжеттердің типтік ерекшеліктері, фольклорлық сана, сюжеттік контаминация т. с. с. Бұлар фольклорды әдебиетке жақын етеді[4, 12-13] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz