Махамбет батырдың Баймағанбет сұлтанға айтқан сөзі
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
Филология факультеті
Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы
ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
Тақырыбы: Махамбет Өтемісұлының шығармаларындағы ұлттық идеяны оқыту жолдары
6B01701 - Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы
Орындаған:_________________________ __________________ Есетова М.
(қолы)
Ғылыми жетекші: аға оқытушы __________________ Карбозов Е.
(атағы) (қолы)
Қорғауға жіберілді:
Хаттама № ____ , ____ _________ 20___ ж.
Кафедра меңгерушісі: _________________________________ Темірболат А.Б.
(қолы және мөрі)
Норма бақылаушы: ___________________________________ ___
(қолы)
Алматы, 2022 ж.
РЕФЕРАТ
Диплом жұмысының көлемі:
Мақсаты: Махамбет шығармаларын әдеби тұрғыдан зерттеп, ақын шығармаларындағы ұлттық идеяның көріністерін анықтап, бүгінгі Жаңа Қазақстанның талабына қарай саралау және оқыту жолдарын анықтау.
Объектісі: Махамбет Өтемісұлы шығармалары
Пәні:
Нәтижелері:
- Махамбет шығармаларының зерттелуі жайлы еңбектерге шолу жасалынды;
- Махамбеттану ғылымының қалыптасуын зерделенді;
- Ақын өлеңдеріндегі ұлттық рухтың көрінісі анықталды;
- Ақын поэзиясының көркемдік ерекшелігі көрсетілді;
- Махамбет өлеңдеріндегі ұлттық идеяны оқыту жолдарын әзірлеу.
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..3
1 МАХАМБЕТТАНУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ... ... ... ... ... ... . ... ... ... .5
1.1 Махамбет шығармаларының зерттелуі ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... .5
1.2 Дауылпаз ақын өлеңдерінің идеялық-көркемдік ерекшеліктері ... ... ... ... .22
2 ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ - ҰЛТ ӘЛЕУЕТІНІҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ ... ... ... ... ... ... 31
2.1 Махамбет поэзиясындағы ұлттық идеяның көрінісі ... ... ... ... ... ... ... ... ... .31
2.2 Ақын шығармаларындағы ұлттық идеяны оқыту әдістемесі ... ... ... ... ... ..45
ҚОРЫТЫНДЫ ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...57
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..59
Кіріспе
Диплом жұмысының өзектілігі. Тәуелсіздік - халқымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған, жатса түсінен, тұрса есінен кетпеген асыл арманы. Алайда, тәуелсіздік бұлттан шыққан күндей жарқ ете қалмағаны ақиқат. Бұл қасиетті бостандық жолында талай арыстарымыз өзін құрбан етті.
Тәуелсіздік туралы толғанғанда алдымен елін, жерін қорғаған батыр бабалардың өшпес өнегесі ойға оралады. Халқының ұлт азаттығын аңсаған, тәуелсіздігін көксеген, әділет жолына жанын пида еткен тұлғалардың бірі әрі бірегейі - Махамбет Өтемісұлы.
Махамбет Өтемісұлы - қазақ халқының азаттығы, теңдігі жолында, ақ найзасымен, азаткер асқақ жырымен, қасық қаны қалғанша күрескен, тіпті сол жолда құрбан болған әрі батыр, әрі, ақын. Оның есімі - ерлік пен өрліктің, адамдық пен адалдықтың, биіктік пен білгірліктің тұтасқан бірлігіне айналған қастерлі есім.
Кеңес үкіметі кезінде Махамбет шығармашылығы қоғамның ықпалына қарай талданған болатын. Ержүрек ақынның жырларын бай-манап, хан-патшаға қарсылық ұғымы шеңберінде ғана бағалауға ұмтылды. Бірақ еліміз егемендігін алған соң, Махамбет жырларын қайта қарап, оның поэзиясының қадір-қасиетіне, құдіретіне мағыналы баға берілді. Қазіргі таңда дауылпаз, ақын туралы тарихи, әдеби зерттеулер том-том болып жарық көрді, деректі фильмдер де түсірілді. Алайда, ақиық ақын, ақберен батыр, күйші-сазгер Махамбет Өтемісұлы туралы ғылыми зерттеулер әлі де жалғаса беретіндігі сөзсіз.
Қазіргі таңда жаһандану дәуірінде еліміздің ұлттық идеясын қалыптастыру көкейкесті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі өз дамуының белгілі бір жетістікті кезеңіне жеткен кез келген ел өзінің ұлттық идеясын қалыптастыруы қажет. Ұлттық идея, ұлт пен ұлттық бірегейліктің қалыптасуына тікелей әсер етеді. Ұлттық идея осы ұлттың өзі туралы, қоршаған әлем мен тарихи үдерістегі өзінің орны мен миссиясы туралы, өзінің тарихи өткені мен болашағы туралы барынша жалпы көзқарастарды аңғартады. Ол халықтың бар күш-жігері мен іс-әрекетін замана алға тартып отырған аса жауапты тарихи міндетті жүзеге асыруға жұмылдыруға септігін тигізетін, сол үшін әлеуметтің тұтастығын қамтамасыз ететін рухани күш, саяси платформа, ұлттық идеология немесе әлеуметтік бағдардағы парадигма.
Осы ретте диплом жұмысымыздың негізі нысаны - Махамбет шығармаларының мемлекетіміздің ұлттық идеясын қалыстастырудағы ықпалы ерекше. Өйткені Махамбет біздің ұлттық идеямыздың ең басты тарауларының бірі болып табылады. Махамбет өлеңдеріндегі басты идея, негізгі ұстаным - азаттық сарын, ұлттық рух. Оның рухты поэзиясы қанша уақыт өтсе де, өз маңызын жоймайды. Өйткені ұлттық идея - мәңгілік идея. Ол күн тәртібінен түспек емес. Ұлттық идея және азаттық бір нәрсенің екі жағы секілді. Бірінсіз бірі жоқ. Ақынның қай өлеңін алсаңыз да, ол патриот, жамбасы жерге, басы жастыққа тигенше халқын сүйген, халық мұңын жырлаған ақын екенін дәлелдейді.
Сол себепті де бұл дипломдық жұмыс Махамбет Өтемісұлы шығармаларындағы ұлттық идеяны бүгінгі заман талабына сай танып білуге және ақын поэзиясы арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық идеяны дарыту жолдарын анықтауға арналады.
Диплом жұмысының нысаны − Махамбет Өтемісұлы шығармалары
Диплом жұмысының мақсаты - Махамбет шығармаларын әдеби тұрғыдан зерттеп, ақын шығармаларындағы ұлттық идеяның көріністерін анықтап, бүгінгі Жаңа Қазақстанның талабына қарай саралау және оқыту жолдарын анықтау. Аталған мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттерді шешу көзделді:
- Махамбет шығармаларының зерттелуі жайлы еңбектерге шолу;
- Махамбеттану ғылымының қалыптасуын зерделеу;
- Ақын өлеңдеріндегі ұлттық рухтың көрінісін анықтау;
- Ақын поэзиясының көркемдік ерекшелігін көрсету;

Бітіру жұмысын жазуда негізге алынған теориялық еңбектер: Зерттеу жұмысының теориялық негізі ретінде М. Әуезовтің Әдебиет тарихы еңбегі, Х. Досмұхамедұлының Исатай-Махамбет, Махамбет батыр еңбектері, Қ. Жұмалиевтің ХVIII-XIX ғасырлардағы қазақ әдебиеті еңбегі мен Махамбет атты монографиясы, Егеулі найза еңбегі, Ә. Кекілбаевтің Шандоз еңбегі, Ә. Сарайдың Исатай мен Махамбет атты тарихи зерттеуі, А. Шәріптің Қазақ поэзиясы және ұлттық идея еңбегі, О. Тұржанның Махамбет өлеңдерінің поэтикасы еңбегі және тағы да басқа ғалымдардың еңбектері, мақалалары қарастырылды.
Зерттеу әдісі: Салыстырмалы талдау, жүйелілік, жинақтау, тұжырым жасау әдістері пайдаланылды.
Зерттеу жұмысының құрылымы: Зерттеу жұмысы екі үлкен тараудан, қорытынды бөлімнен және пайдаланылған әдебиеттерден тұрады.
1 МАХАМБЕТТАНУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
1.1 Махамбет шығармаларының зерттелуі
Халқының азаттығы үшін алысып, елі үшін егескен ержүрек батыр, күрескер ақын - Махамбет Өтемісұлының қазақ әдебиетінде алатын орны ерекше. Рухы биік жырлары ақынның атадан туған аруақты ер екенін дәлелдей түседі. Тарихшы ғалым Тілекқабыл Боранғалиұлы өзінің Ғасырдан тәбәрік атты еңбегінде: Қазақ жырының ой-санасы - Абай, ар-намысы - Махамбет. Абайдың ғибратымен, Махамбеттің жігерімен еңсе тіктеген әлеуетпіз. Бірі - рухани ұстазымыз, бірі - рухты ұранымыз, - деп, Махамбеттің өзгеше жан екенін сөз етті.
Махамбет - ғасырдан-ғасырға жалғаса беретін, уақыт өткен сайын қын түбінде жатпас алмас қылыштай жарқырай беретін тұғырлы тұлға. Оның шығармалары - бұқара өмірінің рухани-поэтикалық шежіресі, шаруалар қозғалысының шынайы бейнесі. Махамбеттің өлеңдері бостандық пен әділдікті, халық көсемдерінің батырлығын қалың халық бұқарасына паш ету мақсатында жазылды. Ақын өмірі мен шығармашылығын зерттеу жұмыстары Қазан төңкерісінен кейін қолға алынып, тыңғылықты жүргізіле бастады.
Елінің елдігі үшін халқының рухын асқақтата көтеріп, жол бастаған Исатай мен Махамбет сынды батырлардың есімдерін ең алғаш рет ардақ тұтып, сөзден ескерткіш орнатып, күллі қазаққа алғаш таныстырған - Халел Досмұхамедұлы болды. Жан-жақты ғұлама ғалым 1920 жылдардан бастап қазақ әдебиетіндегі Махамбет ақындық әлемінің ерекшелігі туралы әңгіме қозғап, шығармаларын талдауда поэтикалық бағытта алғаш тұшымды ойлар айтқан.
Халел Досмұхамедұлы Махамбет Өтемісұлының әдеби мұрасын жинақтап, 1925 жылы Ташкент қаласында Исатай-Махамбет атты кітап етіп шығарады. Кітаптың мазмұны: 1. Исатай қозғалысының қысқаша тарихы. 2. Исатай-Махамбет атты Ығылманның өлеңі. 3. Махамбет батырдың Баймағанбет сұлтанға айтқан сөзі. 4. Махамбет батырдың басқа сөздері [1, 27].
Зерттеуші ғалым бұл кітабында дауылпаз ақынның өлеңдерінің туу тарихын баяндаған. Мәселен, Махамбеттің көпшілікке таныс туындыларының бірі Ереуіл атқа ер салмай туралы былай дейді: 1837 жылы жедді жұлдызының 12-сінен 13-не қараған түні Исатай мен Махамбет Жайықты жарып өткен соң, қасындағы қырық жолдасымен көштен адасып далаға қонады. Күн суық боран. Ертемен тұрса, батырлар қар астында тоңып қалған екен. Сол заманда Бөкейлік қазақтары едәуір тәрбиелі екен. Жұрттың көбі қыстыгүні ағаштан не тастан салған жылы үйге, күнде ішетін шайға үйреніп қалған екен. Етіктің орнына елдің бір қатары кебіс-мәсі киеді екен. Далада қоңып тоңып тұрған жігіттердің көбі жылы үйді, жұмсақ төсекті, қызыл шайды жоқтайды. Сонда Исатай айтыпты дейді: Ай, жігіттер! Қазақ ел болам десе: құс төсек төсенбесін, шай ішпесін, қималы етік кимесін, - деп жұртына сәлем айтады. Сол уақытта Махамбет батыр Исатайдың сөзіне таңданарлық ғажап өлеңін айтып жауап береді. Сонда Ереуіл атқа ер салмай өлеңі пайда болған деседі, - деп нақты деректерге сүйеніп жазады [2].
Ереулі атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Құбыланы төрткүл оңға алмай
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,
Алты малта ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала
Сақалы шығып жат болмай,
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылық, шөл көрмей,
Арып-ашып жол көрмей,
Өлеңді төсеп ет жемей,
Ер төсектен безінбей,
Ұлы түске ұрынбай,
Түн қатып жүріп, түс қашпай,
Тебінгіні теріс салмай,
Темірқазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме [3,55]?!
Ал Махамбет батырдың Баймағанбет сұлтанға айтқан сөзінің шығу тарихы жан досы Исатайдың өлімінен соң болған. Исатай қаза тапқан соң, Махамбет қол жинай алмай, біраз әбігерге түседі. Бір жағынан патша үкіметінен де қашып жүреді. Сондай күндердің бірінде Байнақ деген кісі оны Баймағамбет ханның алдына алып барады. Хан батырға өлең айтып бер деп сұрайды, алайда ержүрек ақын айтпаймын десе де, хан сұрауын тоқтатпайды. Содан хан қоймаған соң, досы Исатайды жоқтап, өткір тілімен ханға қаратып өлеңін айтады. Ақынның бұл өлеңі хан қасындағыларға ұнамайды. Бірақ Баймағанмбет хан: Бұлай айтпаса Маханбет батыр бол ма, батырдың сөзін көтермесем мен хан болам ба? - деп жауап берген екен.
Кешегі Исатайдың барында,
Алақандай Нарында,
Басушы едім құлаштай.
Жәбір беріп, жала етсең,
Былғанған басым ықыласқа - ай.
Мен бір шарға ұстаған
Қара балта едім,
Шабуын таппай кетілдім,
Қайраса, тағы жетілдім,
Көрмес, келмес деп едім,
Өз еркімен бетімді - ай.
Есігіңнің алдына
Ұрмай-соқпай келтірген,
Арманың бар ма құдайға
Мынау Махамбет сынды жетімді - ай [3, 98]!!!
Халел Досмұхамедұлы Махамбет батыр атты шағын зерттеу еңбегінде батырдың шыққан тегін баяндай келіп, Махамбеттің өзі әрі батыр, әрі жырау, әрі домбырашы, сондай-ақ өте қызулы, көпті қыздырып, көңілін аударып ертетін адамның түрі болғанын атып көрсетеді. Ол хан, сұлтандарға қарсы халық мұңын, оларға деген қарғысын өзінің өлең-жырлары арқылы батыл да ашық айта білген. Оның ерлік пен елдікке толы рухты өлеңдері Исатай бастаған көтерілістің ұраны болды. Мысалы Баймағамбетке айтқан сөзінде:
Өздеріңдей хандардың,
Қарны жуан билердің,
Атандай даусын ақыртып,
Луәзін көкке шақыртып,
Олжа қылсам деп едім [3,102], - дейді.
Махамбет шығармашылығын Мұхтар Әуезов те өз еңбегінде қарастырды. Ол 1927 жылы жарық көрген Әдебиет тарихы атты еңбегінде ақын өлеңдеріне бірінші рет талдау жасады. Аталған еңбектің Тарихи жырлар, Зар заман ақындары тарауларында Махамбет жайында жазылды. М. Әуезов Махамбеттің әдебиет тарихындағы орнын Бұхарадан соңғы Зар заман ақындарының басы Махамбет деп көрсетті. М. Әуезов 1933 жылғы Ә. Қоңыратбаев, М. Жолдасбековпен Қазақ әдебиеті оқулығында Махамбет Өтемісұлының өмірбаянынан, шығармашылық мұрасынан толымды мәлімет бере отырып, Махамбет поэзиясының көркемдік сипатын алғаш рет теориялық негізде кең қамтып қарастырады. Махамбет бұрынғы, соңғы қазақ ақындарының ішіндегі ең бір күштісі деп саналуға тиіс. Бұның сөзі деген сөздің кесектік ірілігінен басқа молдығы да жеткілікті екен [4] - деп атап көрсетті.
Бүкіл ХІХ ғасыр әдебиетінде қимыл мен күрес жырын Махамбеттей қып жырлаған ерекше ақын болған емес деп пікір білдірген Мұхтар Әуезов Махамбеттің өлең үлгісіндегі өзгешелікті анық көрсетіп айту арқылы Махамбет поэзиясының теориялық негізделу мәселеріне қарай бұрылыс жасады. Кейінде әдебиеттану ғылымында, өлең сөздің теориясында құрылым жөнінен үнемі назарда болған Махамбеттің Ереуіл атқа ер салмай өлеңінің өзгешелігін көрсеткен М. Әуезов пікірі ХХ ғасыр басында айтылған. Қазақтың өлең өзгешелігін танудағы тың түйін. Өлең құрылымындағы дәстүрлі желілерді қарастыра отырып, М. Әуезов нақтылы теориялық негіздеме жасайды. Ғалым: Ереуіл атқа ер салмай Махамбеттің барлық өлеңдері сияқты ауызша айтылған, тыңдаушыға қолма-қол суырылып беріліп отырған өлең. Сол ретіне қарай, сапылдатып бір-ақ желдіртіп өткен бір шумақ өлең. Мағына жағынан ұзақ бір сөйлем есепті. Қатар жарысқан неше алуан ойдың байлауы ерлердің ісі бітер ме? деген аяққы жол. Ауызша айтылған желдірме болғандықтан ұйқасы кейде келіп, кейде келмейді [5], - деп ақын өлеңдеріне талдау жасайды.
М. Әуезов Махамбеттің осы өлеңіне түсініктеме беруінде қазақ жырының оның ішінде ауызша жырдың арғы-бергідегі өзіндік сипаттарын саралайды. Мысалы:
Ереулі атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай [3, 55], - дегендегі ылғи келетін е дыбысы - ауызша өлеңнің бар нәрі боп кетеді. Бұл дауысты дыбыстан құрылған үндестік болғанда ассонанс деп аталады.
Ол бір жерінде қат-қабаттап кетіп, өзге бір жерінде шанжау-шанжау түсіп, тырағайлап отыратын ұйқас; сөз қыздырмаға айналған сайын аяқтағы ұйқас айнығыш; қазақтың ертеректегі ауызша жырында екпін-тасқын аяқтағы ұйқастан шықпайды; сөз-сөздің басында келетін дыбыстар күйімен, үндесетін орайынан шығады. Осылайша ауызша жырдың бірнеше ерекшелігін атап көрсетіп, Махамбет өлеңінде ілгерідегі ауызша жырдың, Бұхар үлгісінің өрнегі кездесетінін көрсетіп, ақын өлеңдерінің өзгешілігін тап асып айтады: Махамбетте жалтартпа, тұспал сөз, ой көмбесі жоқ, нақты, тура сөз. Оның Ереуіл атқа ер салмай жыры екпінді, келте, кесек бір қимыл жыры. От шашқан, іші-тысы бірдей тұтас жыр. Бұл жыр - көтеріліске үндеген жыр [5].
М. Әуезов Махамбеттің Арғымақтан туған қазанат, Баймағамбетке айтқаны өлеңдеріндегі ақын халін анық жеткізеді. Оның жеңілмейтін рухын өлеңінен таниды, танытады. Жеңілдім деп бас ұру жоқ, кішіреймек емес дейді. Сыртқы халі ғана жеңілушінің халі, осы бірнеше өлең төңірегінде М. Әуезов Махамбеттің ақындық рухын ақындық алымын, өлең жасаудағы әдіс-тәсіл, шеберлік сырларын тұтас таниды, тұтас көреді. Тұтас түйінмен тұжырымдайды. ...Бұрынғыша тізбек суреттерді (қоспақтың баласы, шабақ, қылқан, деген сияқтыларды) іштей байланыстырып, не қарсы қоюмен, не үйлестірумен байланыстырып отырып, алғашқы бірбеткей ереуіл-қарсылық шабуыл сарынымен бітіреді [4].
Махамбеттануды қалыптастыруға ұзақ жылдарын арнаған, ақын шығар- машылығын зерттеу мен жинауға ірі үлес қосқан, жүйелі талдаулар жүргізіп еңбектер жазған акдемик Қ.Жұмалиевті де ерекше айтамыз.
Қажым Жұмалиев Маханбет Өтемісұлының өміріне, халық көтерілісіне, шығармаларына, реализміне, романтизм элеметтеріне, Исатай образына, өлеңдердің көркемдік ерекшеліктеріне және жиналуы мен басылуына тоқталды.
Оның бұл саладағы жұмыстары ақын өлеңдерін жинап бастырудан басталған болатын. Махамбет өлеңдері бірінші рет 1925 жылы Ташкентте, екінші рет 1939 жылы Алматыда басылып шықты. Зерттеуші-ғалым Махамбет өлеңдерінің бұрынғы баспаларына кірген өлеңдері негізінде Гурьев облысының маңында сақталып, сол өлкеде туып, өскен ақындардың аузынан алынған өлеңдер екенін, Махамбеттің негізгі өлеңдерін жатқа білген Қаратоқай Мұрат ақын да, одан кейін Ығылман Шөреков жаттап алып, 1925 жылғы баспаға шыққан өлеңдер де, 1939 жылғы басылып шыққан өлеңдері де осы Ығылман ақыннан жазылып алынғанын көрсетеді [6, 169].
Қажым Жұмалиев 1938 жылы Орда ауданында болып, бұрынғы хан орданың тұрған жері Жасқұстан бастап, Теректі, Баршақұм, Жаңқала, қысқасы, Махамбеттің туған жері мен өмір сүрген жерлерін, сондай-ақ көтерілістің болған жерлерін екі ай аралап, көптеген жаңа материалдар жинайды. Халық аузынан ақынның бұрын бізге белгісіз көптеген өлеңдерін жазып алады. Атап айтсақ, Әй, Махамбет, жолдасым, Мінгені Исатадың Ақтабаны-ай, Исатай деген ағам бар, Арқаның қызыл изені, Мен құстан туған құмаймын, Белгілі туған ер едім, Арғымақ сені сақтадым, Арғымақтың баласы, Қарағай шаптым шандоздан, Адыра қалған Нарынның, Еңселігім екі елі, Атадан туған ардақты ер - не бары төрт жүз жол өлең [6, 171].
Жаңадан жазылып алынған өлеңдердің негізгі мазмұны: хан-сұлтандар мен қара халықтың күресі, сол халық көтерілісін басқарған Исатай мен оның туының астында болған батыр ұлдардың мезгілсіз өлімін қайғы етіп, орындалмай қалған ұлы тілекті арман ету, қапыда өткен өмірді, әлде болса оптимистік романтикалық бағытта жыр ету, әлде болса күресті аңсау. Жаңадан табылған ақын өлеңдерінің жанры бұрынғы өлеңдерімен үндес. Яғни, саяси, үгіттік лирика. Сөз қолданыс, сөйлем құрылысы жақтары да дәлме-дәл келеді. Мысалы мына өлеңі Ереуіл атқа ер салмайдың түрінде құрылады:
Қақақулап шақырмай,
Қанды көбік түкірмей,
Бұзбай құлан пісірмей,
Мұз үстінде от жақпай [3, 67].
Бұл өлеңнің кейбір жолдары дәл сол мағынада, бірақ басқа сөздермен, Ереуіл атқа ер салмайдың кейбір жолдарын қайталайды:
...Алғашқы алған арудың,
Ақша бетін солдырмай:
Ата менен ананы,
Қайғыменен қатырмай,
Әлпешті ұлың, жат болмай,
Шайған жалғыз малтаның
Сатқан да суы ат болмай..[3, 67].
Зерттеуші-ғалым Махамбеттің сөз образдарынан халық әдебиетінің, оның ішінде батырлық жырлардың өрнектерін көреді. Алайда, ақынның өзіне тәр бір ерекшелігі барын жоққа шығармайды. Оның әрбір образы әрі үздік көркем, әрі терең мазмұнды, логикасы күшті, көп сөздері афоризмге негізделген [7].
Осылайша Маханбет Өтемісұлының өлеңдерін жинақтап, толықтыра отырып, 1948 жылы дауылпаз ақынның шығармашылығына арналған Махамбет атты монографиясын жариялайды. Бұл еңбегінде ақынның шығармашылығы жайында құнды пікірлер айтады.
Ғалым Махамбет шығармашылығын сол уақытта тарихи жағдаймен байланыстыра зерттеді. Сол үшін көтерілістің шығу тарихына байланысты ел аузынан және мұрағаттардан көптеп материалдар жинақтады. Жиналған деректер бойынша ақынның жан-жақты шығармашылық биографиясын жасады.
Махамбет ескі кертартпа қоғамның ортасында өсті. Оның дүние танушылық көзқарасына көтерілістің әсер еткені анық. Сол арқылы өмір шындығын көре білді. Мысалы, мына өлеңінде:
Арғымақтан туған қазанат
Шбауыл салса нанғысыз.
Қазанаттан туған қаз мойын
Күнінде көз көрінім жер шалғысыз...
Айырдан туған жампоз бар
Нарға жүгін салғысыз.
Аруанадан туған мая бар,
Асылын айуан десең нанғысыз.
Жақсыдантуған жаман бар,
Күндердің күні болған
Жарамды бір теріге алғысыз [3, 57], - дейді. Бұл үзіндіден ақынның өмір шындығын дұрыс тани алғандығын байқатады.
Махамбет, ең алдымен, халқын, отанын сүйген патриот ақын. Оның өлеңі - елін тереңнен сүюдің айқын үлгісі [6, 147]. Өзінің қара басын ғана ойламай, әрдайым қарапайым халықты ойлады. Халқы үшін өз жанын беруге де әзір болды. Қара нар керек біздің бұл іске деген өлеңінде:
Тоқтамай тартып шығарға
Қас үлектен туған қатепті
Қара нар керек біздің бұл іске.
Қабырғасын қаусатып,
Бір-біріндеп сөксе де
Қабағын шытпас ер керек
Біздің бүйткен бұл іске [3, 39], - дейді.
Ақынның қай өлеңін оқып қарасақ та, ол елін сүйген нағыз ұлтжанды азамат болғанын, жамбасы жерге, басы жастыққа тигенше халқын сүйген, халық мұңын жырлаған ақын екенін аңғара аламыз.
Қажым Жұмалиев Махамбет өлеңдерін талдау кезінде ақын туындыларындағы реализм, романтизм мәселелерін қозғайды. Махамбет Ордадан кетерде ханға айтқан сөзінде былай дейді:
Он екі төбет, шұнақ хан,
Шабатының ел екен,
Күндейтінің мен екем.
Хан ұлына қас болу,
Қара ұлына бас болу -
Мендей ерге жөн екен [3, 117]! - дейді. Ақынның бұл айтқанынан оның реалист ақын болғанын байқай аламыз. Ол ешкімнен қорықпай шныдықты бетке басып айтқан. Жәңгір ханға айтқан тағы сөзінде:
Хан емессің, қасқырсың,
Хас албасты басқырсың.
Достарың келіп табалап,
Дұшпаның сені басқа ұрсын.
Хан емессің, ылаңсың,
Қара шұбар жылансың.
Хан емессің, аянсың,
Айыр құйрық шаянсың [3, 95], - дейді. Бұл өлеңінде Жәңгірден еш тайсалмай, оны қасқырға, қара шұбар жыланға, айыр құйрық шаянға теңейді.
Ақын шығармаларының барлығы дерлік осындай реалистік бағытта жазылған, өткір туындылар болып табылады. Ал романтизм мәселесіне келсек, ғалым Махамбет өлеңдеріндегі ақындық көңілден туған романтикалық тебіреніске толы жолдары көтерілістің алғашқы кезеңдеріне келетіндігін айтады. Мысалы:
Беркініп садақ асынбай,
Біріндеп жауды қашырмай,
Білтеліге оқ салмай,
Қорамсаққа қол салмай,
Қозы жауырын оқ алмай,
Атқан оғы жоғалмай,
Балдағы алтын құрыш болат
Балдағынан қанға боялмай,
Қасарысқан жауыңа
Қанды көбік жұтқызбай,
Халыққа тентек атанбай,
Үйде жатқан жігітке
Төбеден тегін атаң болар ма [3, 83]?! - дейтін өлеңі көтерілістің алғашқы күндерін меңзейді. Ал жеңілістен соң туған Ереуіл атқа ер салмай өлеңінде де романтизмнің элеметтері көрініс табады. Ғалым бұл өлеңді прогрессивті романтизм қатарына жатқызады. Өйткені бұл өлеңде бойкүйездікке салынбай, діттеген мақсатқа жету жолындағы оптимистік сарын байқалады.
Махамбеттанудың дамуына еңбек сіңірген қаламгердің бірі - Берқайыр Аманшин. Ол өмірінің біраз бөлігін Махамбеттану ғылымына арнап, ақын туралы халық арасында таралған аңыз-әңгімелерді жинастырып, ақын шығармаларын жүйелеп талдаған.
Берқайыр Аманшиннің Махамбет Өтемісұлына және оның шығармашылығына арнап жазылған еңбектері екі түрлі бағытты қамтиды. Алғашқысының тарихи-тағылымдық мәні басымырақ болды. Ол Исатай бастаған көтерілістің тарихнамасын жасап, көтеріліске қатысқан қолбасшылардың, қатардағы сарбаздардың ғұмырнамалық дерегін әзірледі. Ал екінші бағыттағы еңбектері ақынның шығармашылығы жайында болды. Берқайыр Аманшин Махамбеттің туындыларын жүйелеп, өлеңдерінің мәтіндеріне текстологиялық талдаулар жасап, ақын болмысын ашуға тырысты. Оның өлеңдерін экспрессивті, иррационалды жағынан қарастырып, тек Махамбетте кездесетін өзіндік ерекшеліктерін көрсетті. Қаламгердің Махамбет жайында жазған еңбектері махамбеттану ғылымынының іргелі еңбектер қатарына қосылды. Сондай-ақ алдыңғы толқын зерттеушілер Х. Досмұхамедов, Қ. Жұмалиев сынды ғалымдар еңбектерін толтырып қана қоймай, кейінгі зерттеулерге жолбасшы болып, әдебиетші ғалымдардың тарихи ізденістеріне жөн сілтеуші сенімді таным көзі ретінде әдеби ғылыми ортада толығынан мойындалды.
Қаламгердің Махамбет туралы зерттеулері, ең алдымен, баспасөзде жарық көрген. Қазақ әдебиетінің 1955 жылғы жиырмасыншы санында жариялаған Махамбеттің ұрпақтары атты алғашқы мақаласында-ақ көп жайлардан хабардар етеді. Содан бастап Б. Аманшин өзіне дейінгі махамбеттану саласында Махамбет өмірі жөнінде үстірт баяндалып келген құпия сырлардың көмбесін аша бастайды. Махамбеттің әкесі Өтеміс туралы, оның хан билігін жақтаушы Исатаймен дүрдараздығы, соған қарамастан, Өтемістің баласы Махамбеттің жанқияр досы болғандығын алғаш болып айтқан да Б. Аманшин еді. Бұл ғалым зертханасының тарихи фактілерге бай екендігін танытса керек.
Ақынның Даладағы дауыл туындысы да Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісін суреттейді. Бұл - сюжетті поэма. Ол Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтеріліс оқиғасын арқау етіп, Князьдағы қараңғы үй, Кездесу, Үбі келгенде, Махамбет пен Қарауыл, Балқының үйін өртеу, Ордаға! Ордаға!, Махамбеттің монологы атты жеті бөліктен құралған әр бөлімі Махамбет өмірінің белгілі бір кезеңін қамтып, көтерілістің тарихи даму сәттерімен тікелей қатынаста өріледі. Әр оқиғаның тұсында көзге түсетін ерлер бейнесі есте қаларлықтай жарқын шыққан. Поэма Махамбеттің монологымен аяқталады:
Аллалап басым көтердім,
Әдіра қалып қу тақтай,
Арқама тастай тигесін
Айтып та айтпай не керек.
Алдыртып жауға еркімді,
Басыма ноқта кигесін.
Аш өзегім күйгесін, -
Сөйлеп те Махаң не десін? (Аманшин Б. Құтты мекен: Өлеңдер мен поэмалар жинағы. - Алматы: Жазушы, 1984. - 269 б.)
Автор бұл поэмасында Махамбетті тап үшін күрестің емес, ел азаттығы жолындағы, патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы күрескер ретінде сомдайды.
Қаламгер сондай-ақ Махамбет туралы көлемді тарихи көркем роман да жазды. Роман Махамбеттің тағдыры деп аталады. Бұл романды жазу үшін ол көп еңбек етіп, біршама уақытын арнады. Қазақтың белгілі ақыны Ғафу Қайырбеков романның алғашқы басылымының алғы сөзінде: Ол тек қана осы романды - өз шығармашылығының өркеші, биігі болады деп санады да, соған сандаған жылдарын сарп етті, - деп жазғанындай, Махамбеттің тағдыры романы - Б. Аманшиннің ұзақ жылғы талмай ізденген ізденістерінің нәтижесі болып саналады. Туынды - тек Махамбеттің ғана емес, 1836-1838 жылдардағы халқымыздың басынан өткен ірі тарихи кезеңге, яки ел басындағы әлеуметтік жағдайларды көтере білген сюжеттік композициялық өрнегі шеберлікпен құрылған кең тынысты шығарма.
Романның тақырыбы - ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Ішкі Бөкей ордасындағы патшалық Ресей мен жергілікті хан-сұлтандардың екі жақты езгіге ұшырап, озбыр саясаттың құрбаны болған қара халықтың қыл үстіндегі азалы тағдыры. Романның негізгі идеясы - қарапайым қара халықтың басына қара бұлт үйірілген шақта өз қара бастарын ойламай, халық мүддесі үшін, ел қамы жолында күреске шыққан, халық ұлдары Исатай мен Махамбеттің азаматтық қасиеттерін ашып көрсету және осындай қиын-қыстау дәуірде тек байып қалуды ғана көксеген, халықты аямай қинаған Жәңгір хан Бөкейұлы, Қарауылқожа Бабажанұлы, Шыңғали Орманұлы секілді ел басшыларының қатыгездігін, аярлығын көрсетіп, болашақ жас ұрпаққа тарих шындығын ашып кету. (Аманшин Б. Махамбеттің тағдыры: Роман. - Алматы: Жазушы, 1991. - 398 б.)
Әдебиет зерттеушісі, фольклортанушы Балтабай Адамбаев Махамбет туралы жаңа мағлұматтар атты зерттеу мақаласында Махамбетке қатысты тың деректер клетіреді. Атап айтсақ, еліміздің батыс аймақтарында халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап жүріп, халық арасынан дауылпаз ақынның бұрын көпшілікке белгісіз үш өлеңін жазып алады. Ол өлеңдер Махамбеттің Шонты биге айтқаны, Махамбет жайсаң мен едім, Ханды өлтірер күн қайда деп аталады [6, 217].
Бірінші өлеңді бүгінгі күні Батыс Қазақстан облысының Чапаев ауданында тұратын жыршы Таутекенов Әділдің аузынан жазып алады. Бұл өлеңде батырдың қайғысы, Жәңгір ханның халыққа ұнамсыз болғаны, өздерінің қапында шабылғаны, туып-өскен жерінің қасиеттері жайында айтылады. Ал Махамбет жайсаң мен едім, Ханды өлтірер күн қайда деген өлеңдерді қазіргі Маңғыстау облысы, Ералиев ауданына қарасты Ералиев атындағы ауыл шаруашылық артелінің мүшесі, Тұрғанбетов Кенжебай қарттың аузынан жазып алады.
Ғалым мақаласының соңында Махамбеттің әдеби мұралары халық арасында көп таралғандығын және оны әлі де жинай түсу керек деген қорынтынды шығарады.
Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, әдебиеттанушы Құлмат Өмірәлиев те махамбеттану саласына арналған елеулі еңбектер жазды. Оның Махамбет поэзиясының өзіне дейінгі дәуірдегі поэзия үлгілерімен байланысы атты еңбегі Махамбет өлеңдерін зерттеу саласындағы құнды сараптамаларымен ерекшеленеді. Ғалым Махамбеттің өзінен бұрынғы Бұхар секілді жыраулардың дәстүрімен дидактикалық-философиялық үлгідегі толғаулар айтқанын жеткізеді.Ақынның бұл үлгідегі өлеңдеріне - Тайманның ұлы Исатай, Орай да борай қар жауса, Жалған дүние, Аймақ көл, Ұл туса, Ай астында бір көл бар, Аспандағы бозторғай, Пыр-пырлап ұшқан қасқалдақ, Жалғыздық, Арғымақтың баласы атты туындыларын жатқызады. Махамбет өзіне дейінгі поэзия өкілдерінің үлгісін пайдаланғанымен, оның өзіндік ерекше сипаты да болды. Ол - ерлікті мадақтаған ақын. Оның өлеңдері тұтасымен дерлік ерлік, дауынгерлік тақырыпқа құрылған [6, 240], - деп келтіреді ғалым.
Қазақ әдебиеттануы мен әдебиет теориясының аса көрнекті қайраткері, академик Зейнолла Қабдолов та Махамбеттануға өлшеусіз үлес қосты. Махамбет! Бұл есім - өмірдегі қасіреттің синониміне, өнердегі қасиеттің символына айналған аса аяулы әрі ардақты есім. Көзі ашық, көкірегі ояу қазақтың бір де бірі бұл есімге бейтарап қарай алмайды! - деп пікір айтқан Зейнолла Қабдолов Махамбет туралы роман жазуды жоспарлаған. Алайда өкінішке қарай бұл романды аяқтауды тағдыр жазбады. Аяқталмаған романның алғашқы тараулары З. Қабдоловтың өзі дүниеден өткеннен кейін жарық көрген бес томдық таңдамалы шығармаларының бесінші бөлімінде Мұз үстінде от жаққан атты тақырыппен жарық көрді. Болашақ романның алғашқы беттеріндегі оқиғалардан-ақ оқырманға терең әсер тастайтын Арыстан еді-ау Исатай, Қаһарман ақынның тағдыры мен тағылымы, Айбын мен айдын, Ақын өлімі деп аталатын атаулар бірбірімен іштей сабақтасып, тұтас дүниенің енді көтеріле бастаған қабырғаларын көзге елестетеді.
Аяқталмаған романнан шамамен жүз бет көлемінде үзінділері қалды. Осы үзінділердің ішінде ерекше көзге түсетін бір ерекшелік - Махамбет, Исатай тағдыр кешкен табиғи орта, атамекен суреті кең ауқымда суреттеледі. Табиғат көріністеріне автор айырықша мән береді. Зейнолла Қабдолов өз романында Махамбет қазасын суреттейтін эпизоттарды қағаз бетіне толық түсіріп, үлгеріп кете алмағанымен, бірақ ақын қазасына алып келетін барлық оқиғалардың дәлелдеректерін айна-қатесіз, нанымды, сенімді суреттеулер арқылы алып келеді. Махамбеттің соңғы күндерде, жалғыз қалғанда, күллі өмір жолын көз алдынан өткізіп, ой тұңғиығына батқан сәттерін суреттеген беттермен роман нүктесі төмендегідей қойылады: Сол баяғы жалғыз үй, сол баяғы екі құлынды бие, екі боталы түйе, бір ат. Қазір боталар босатылып, құлындар ағытылған. Бәрі қосылғанда тоғыз құрапты; кәдімгідей көз кідіртер бір табын мал. Және бәрі қосылып, топталып, бірге жайылып жүр; тоғызы да Қаройдың Дендер жақ беткейінде-шідерлеулі кер арғымақтың төңірегіне шоғырланып, бірбірінен қара үзбей жайылады. Осыдан кейін роман Махамбеттің басын шабуға келген бір топ жендеттердің, яғни сау желіп, суыт келе жатқан тобырдың оңаша отырған қараша үйге өңмеңдей кіріп, залым ойларын іске асыруға беттеген зымиян іс-әрекеттерін суреттеумен тәмамдалады. (Қабдолов З. Шығармалары. - Алматы: Қазақэнциклопедиясы, 2014. - 312 б.)
Қазақ әдебиетіндегі ақындық өнердің жаңа дәуірі Махамбеттен басталды деуге болады, - деп жазған Әбіш Кекілбайұлы Шандоз атты роман жазып, махамбеттану саласына елеулі үлес қосты. Ол Махамбет туралы шығарма жазуды оқушы кезінен армандаған. Студент кездегі ғылыми зерттеу жұмыстарында Махамбет жырлары көркемдігінің даралығы туралы талай ойлар айтып, Махамбет туралы поэма да жазған. Алғашқы мақала, зерттеулерінде ақын поэтикасының негізгі арналарына көңіл бөледі. Ақын өмірбаяны туралы көп материал жинаған.
Шандоз - ХІХ ғасырдың бірінші жартысында алуан түрлі саяси-әлеуметтік қайшылықтар қабаттасқан ел дүрбелеңінің Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа ұласуын тарихи деректерге орай, қаламгер танымы мен қабылдауына сай бейнелейтін жаңа роман. Аса қиын, күрделі қайшылықтар мейлінше шиеленіскен ортаны көркем бейнелейді. Шандоз романында тарихи дерек пен қаламгер толғамдары кезек ауысып, оқырман қиялын бірде өткен күндер өрнектеріне - Махамбет заманының шындықтарына, тіпті, кейде одан да бұрынғы тарихтарға алып кетеді. Махамбет өмірбаянына қатысты біз біле бермейтін деректер мен мүлде теріс қабылданған идеологиялық бұрмалаулар, өтіріктердің түгел болмағанымен, бастылары айтылады. (Кекілбайұлы Ә. Шандоз. - Алматы, Арыс баспасы, 2004. - 360 б.)
Бұл романда Махамбеттің шығу тегі мен әкесі, өскен ортасы мен отбасын құруы, білім алу қайнарлары, қоғамдық қызметі, Жәңгір ханмен арадағы кикілжің, қазақ елі мен орыс мемлекеті арасындағы қарым-қатынастар туралы және Махамбеттің Жәңгір ханның баласы Зұлқарнайды тастап кетуі жайында өте құнды деректер айтылады. (Кекілбайұлы Ә. Шандоз. - Алматы, Арыс баспасы, 2004. - 360 б.)
Сонымен қатар Шандозда Махамбеттің тегі, жүрген жолы, басқан ізі, ақынға қатысты әйел мәселесі, сонымен қоса ел аузынан жиналған тың деректер мен аңыздай болып айтылып жүрген сөздердің тарихи болмысы, шындығы жайында мәліметтер айтылады.
Әдіш Кекілбайұлы махамбеттану ғылымының алдында тұрған міндеті туралы: Шамасы Кеңес жылдарындағы идеологиялық ұйытқымалық Махамбет мәтіндеріне де өз салдарын аз тигізбесе керек. Ереуілші ақынның бірде-бір толғауында патша, орыс, кәпір деген сөздердің атымен кездеспеуі де таңғаларлық жай... Ақын жырларының әлеуметтік зілін әріге асырмай, Жасқұс пен Жәңгірдің маңайымен шектеуге тырысу әнтек байқалады. Сонда Махамбеттің бар ерлігі мен өрлігі Жәңгір хан, Баймағамбет сұлтан, Қарауыл қожа хакім, Балқы билерді сілейте балағаттаумен тынған ауыл арасының көп тентек телісінің бірі болады да шығады. Бұл - ақынға да, тарихи шындыққа да үлкен қиянат. Сондықтан ақын жырларын әлі де болса жинақтай түсіп, ел аузындағы төңкеріске дейінгі, төңкерістен кейінгі, соғыс жылдарындағы, тоқырау тұсындағы жарияланымдық нұсқаларды өзара салыстырып, бастапқы қалпына келтіру - ақын алдындағы әлі атқарылмай келе жатқан парымыз (Кекілбайұлы Ә. Шандоз. - Алматы, Арыс баспасы, 2004. - 360 б. 339 б.), - дейді және романның соңын: Оның өмірі мен өнері ақиқат пен әділдікке бас ұрып өтер барша адамзатқа әрдайым түсінікті, әрдайым қастерлі(354), - деп аяқтайды.
Махамбеттануға қатысты зерттеулерге өлшеусіз көмек көрсетіп отырған, әрі ғылыми негізді өткір мәселелерді жиі көтеріп жүретін екі баспагер-қаламгерді ерекше көрсетуге болады. Бірі - Мереке баспасының бас дирек- торы Мереке Құлкенов болса, екіншісі - Арысқорының президенті Ғарифолла Әнес. Мереке Құлкеновтың қазақ халқының ұлы ақыны, айбынды батыры, аруақты күйшісі Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуына орай жарық көрген Махамбет елі атты кітабы болашақ Махамбеттанудың мызғымас іргетасы болып қаланды. Ал Ғарифолла Әнес Махамбет шығармаларының тілдік ерекшеліктерін зерттеген болатын.
Махамбет туралы біраз еңбектерге қалам тербеген жазушы Әнес Сарайдың да Махамбеттану ғылымына сіңірген еңбегі атап өтпесек болмайды. Ол 1997 жылы жарық көрген Исатай мен Махамбет атты тарихи зерттеуінде ұлы ақын өмірбаяны мен шығармашылығына қатысты тарихи, деректі тың материалдарды қоғамдық санаға алғаш ұсынады. Сондай-ақ жазушы Махамбеттің сауатты болғандығы, мұсылманша оқығаны туралы: Махамбет қана емес, Өтемістің барлық балалары шағатайша, мұсылманша оқу-жазуға өте сауатты болған. Махамбеттің өз қолымен жазған екі хатының мұрағаттан табылуы - бұған дәлел. Әсіресе ақынның Хиуа сапарынан қайтып оралған соң күрескер серіктеріне жолдаған хаты - сол кездегі жазу өнерінің үлгісіндей ( Сарай Ә. Исатай-Махамбет тарихы Әнес Сарай. - Алматы: Мерекенің баспалар үйі ЖШС, Mereke baspasy, 2012. - 528 б.), - дейді.
1.2 Дауылпаз ақын өлеңдерінің идеялық-көркемдік ерекшеліктері
Зар заман ақындарының зарлы жырының арасынан жарқ етіп жалын шашып, өршіл рухтың өр жырын тудырған тұлға- Махамбет Өтемісұлы. Бұл күндегі қайраған кектің, ашынған ар-намыстың, басқыншыға бас ұрмаған ерліктің белгісі боп қалған Махамбет поэзиясының азаттық сарындағы жыр көшіндегі орны ерекше. [8]
Ақын жырлары жыраулар толғауларымен ұштасып келеді. Бұл - Махамбет поэзиясы тіл ерекшелігінің бірі. Махамбет- өзіне дейінгі қазақ поэзиясының ғасырлар бойы қалыптасқан,шыңдалған, елек көзінен өткен табысын жинақтап, оны әрі қарай жаңа бағытта жалғастыруға бет алған суреткер.
Бұл ерлік-азаматтық, жауынгерлік өлеңдер болғандықтан, оның лексикасында қару-жарақ атаулары мен соғыстық, ереуілдік, ұғымдағы сөздер де кездеседі.
Махамбетті әдебиетіміздегі Ерекше құбылыс., Феномен, Дауылды жырлардың дауылпазы, Классик ақын көтеріліс жаршысы деп бағалап жатырмыз.Бұндай бағаға лайық деп те ойлаймыз. Себебі Махамбет жырларының тууы да сол заман мен қоғамдағы қайшылықтан туындағаны Ерулі атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, Толарсақтан саз кешіп жүргенде туған, сонымен қатар өзіндік өрнегі бар, бітімі бөлек шығармашылығымен ерекшкленіп тұратын ақын сонысымен ерекше.
Ұлттық өзіне тән, іштей дамытып рухы бар, сол рухтың ерекшелігін сыртқа шығарып, сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа беруші күшті-тіл-деген қағида Гумбольдттың философиялық-ленгвистикалық бағдарламасының негізін құрайды.
Осыған орай Махамбет өлеңдеріндегі дыбыстық үндестікті хал-қадірімізше сөз етпекпіз.Махамбет жолы - курес жолы, жыры- аңызға айналған бір ғұмыр.
Шоқан Уәлихановтың эпос, ертегі-аңыздардың тарихи мәні бар деген бұл пікірін негізді десек, тарихи мәліметпен мидай араласып жатқан тарихи оқиғалардың нақтылы сәулесі болған Махамбет поэзиясының тарихи мәні зор, ол тарихи документ екендігіне шек келтіруге болмайтыны ашық, талассыз.
Махамбеттің біркелкі өлеңдері лиро-эпикалық түрге жатады. Бірақ бұл сөзден олардың ішінде лирика жоқ деген ұғым тумауы керек. Лиро-эпикалық деген сөздің өзінде сол түсінік бар. Өзі мен Исатайдың алға қойған тілек, мақсаттарын өздерінің хан-сұлтандарға қарым-қатынастарын жай баяндау түрінде айта келіп, кей жерлерінде не лирикалық шегініс ретінде, не ішкі күйінішін сыртқа шығару мақсатымен айтылған лирикалық шумақтарда да аз кездеспейді. Екінші сөзбен айтқанда, Махамбеттің бірқатар өлеңдерінде эпостық сарын жалынды лирикамен аралас келеді.
Кешегі Исатайдың барында,
Алақандай Нарынды
Басушы едік құлаштай!
Жәбір беріп жапа етсең,
Былғанған басым ласқа-ай!
Мен бір шарға ұстаған қара балта едім,
Шабуын таппай кетілдім.
Қайраса, тағы жетілдім...
Көрмес, келмес деп едім,
Өз еркіммен бетіңді-ай!
Жалпы алғанда Махамбетке тән нәрсе - лирика. Махамбет өлеңдерінің негізгі көпшілігі лирикалық өлеңдерге жатады. Сонымен қатар Махамбет лирикасы өзіне шейінгі қазақ әдебиетіндегі болып келген лирикалық өлеңдерден анағұрлым айырмасы да, өзіне тән ерекшелігі де бар.
Махамбет өлеңдері өз басынан кешірген ауыр халдерді сезіне отырып, терең толғап суреттеумен қатар, ол өз кезіндегі тарихи оқиғалармен байланысты туған қалың бұқараның көңіл күйін де көрсете білді. Оның өлеңдерінде өзінің көңіл күйі мен ел күйі ұштасып жатты. Сондықтан оның лирикасын әлеуметтік сарындағы, саяси-үгіттік лирика деп атауға тура келеді.
Қоғамның тапқа бөлінуінің негізінде таптық күрес туады да, сол таптық күрес саяси, таптық жырларды туғызады. Бірақ бұл жаңа мотивтегі поэзия көркем лирикаларға өзінен бұрынғы поэзияның әсері
болуы да мүмкін. Әйтсе де олардың өзіне тән ерекшеліктерін де байқау қиын емес.
Қоғамның тапқа бөлінуі және сол тапқа бөлінудің негізінде туған тап күресі қазақтың фольклорінде де айқын көрінеді. Соған қарағанда саяси лириканың бастамасы ауыз әдебиетінде жатыр деуге болады. Демек, Махамбеттің саяси лирикалары ауыз әдебиетінде бір тамыры фольклор традициясымен байланысты. Жалпы, саяси лириканың өзіне қас ерекшелігі - үгіт-насихат істерді көпшілікке үндеу, белгілі бір топтың не таптың алдында тұрған тілек, мүддесін көркемсөз арқылы көпшіліктің сана-сезіміне жеткізу, үгіт арқылы оларға әсер ету болса, Махамбет поэзиясында бұл бағыт қатты сақталады.
Біз жоғарыда да Махамбеттің өміріне байланысты Ішкі Бөкей ордасының шаруашылық жағдайы әлеумет өмірінде тап тартысын күшейтті, сол қайшылықтармен байланысты шаруалар көтерілісі туды дедік. Ол көтеріліс өзінің қолбасы батырымен қатар, жалынды үгітшісін де туғызды. Бұл тәрізді тарихи жүкті мойнына артқан адамның бірі - Махамбет. Сондықтан да Махамбет поэзиясының басты қасиеттерінің бірі саяси үгіт болуы заңды. Бірақ саяси үгіт поэзиясын жасаушы тарихта жалғыз Махамбет емес, басқалар да болды. Әйтсе де солармен салыстырғанда да, Махамбеттің тағы өз ерекшелігі бар. Бізше, Махамбеттің негізгі ерекшелігі - оның бір сырлы, сегіз қырлылығында. Махамбет өлеңдері тек жалаң құрғақ үгіт емес, оның өлеңдерінде жалынды, саяси өткірлік пен терең ой, нәзік сезім әрдайым ұштасып, біте қайнасып жатады. Махамбет өлеңдерінде бұл үшеуінің жігін ашып, бөліп алуға болмайды. Осы қасиеті ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz