Модульді - интерактивтік технология арқылы оқыту мәселесінің зерттелуіне шолу



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 29 бет
Таңдаулыға:   
ОМАРОВА САНДУҒАШ САДЫҚҚЫЗЫ
Қазақ мектебінің 8-сыныбында сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технология арқылы оқыту әдістемесі

13.00.02 - Оқыту және тәрбиелеу теориясы мен әдістемесі

(бастауыш, орта және жоғары білім жүйесіндегі қазақ тілі)

Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2009

Жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Қазіргі қазақ тілі теориясы және оқыту әдістемесі кафедрасында орындалды.

Ғылыми жетекшісі: филология ғылымдарының докторы,

профессор Б.Қ.Қасым

Ресми оппоненттер: педагогика ғылымдарының докторы,

профессор С.Р.Рахметова

педагогика ғылымдарының кандидаты,

доцент Г.Ж.Серікбаева

Жетекші ұйым: Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық

университеті

Диссертация 2009 жылдың 1 шілдесінде сағат 14.00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде (050010, Алматы қаласы, Достық даңғылы, 13, кіші конференция залында) филология, педагогика ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі

Д 14.09.04 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады.

Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Қазыбек би көшесі, 30)

Автореферат 2009 жылдың 30 мамырында таратылды.
Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, филология

ғылымдарының докторы, профессор Қосымова Г.С.

Кіріспе
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Стратегиялық дамудың басымдық мәндегі салаларының қатарында қазақ тіліне шұғыл бетбұрыс жасалуы үшін Елбасымыздың жылма-жылғы Жолдаулары мен Қазақстан халқы ассамблеясының сессияларындағы сөздерінде, сондай-ақ баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен сұхбаттарында берілген жетекші нұсқаулар айрықша қуат дарытатыны күмәнсіз. Заман дамып, алға басқан сайын соғұрлым білім беру жүйесі де түбегейлі өзгеріп, қазақ тілін оқыту технологияларының жаңа түрлері пайда болуда. Қазақстан Республикасында білім беруді жетілдірудің 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында: Халықтың барлық жіктерінің сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету; Мемлекеттік тілді басым дамыту; білім беру процесін оқу-әдістемелік және ғылыми қамтамасыз етуді жетілдіру, - деп көрсеткендей [1,2] сапалы білім беру мәселелерін елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі ретінде қарастырып, болашақ мамандардың саналы болып өсуіне, сапалы білім алуына жағдай жасайды.

Бағдарламада көрсетілген бағыт қазақ мектептерінде білімді шәкірт даярлаудың негізі ретінде алынып отыр. Оқушыларға 8-сыныпта қазақ тілі пәнінен берілетін білім сапасын жаңа заман талаптарына сай іріктеу мен меңгертуде модульді-интерактивтік технология арқылы оқыту ерекше орын алады. Ғылым мен техниканың қарыштап дамыған кезеңі жалпы білім беретін орта мектептерде сөйлем мүшелерін меңгертудің жаңа түрін қажет етеді. Қазіргі кезеңде 8-сынып оқушысына сөйлем мүшелерін теориялық, практикалық жақтарынан игертуді мұғалімнің қалыптасқан әдістеме бойынша жүзеге асыруы әрдайым пәрменді бола алмайтындығын тәжірибе көрсетіп отыр. Өйткені бүгінгі мектеп оқушысының білімді даяр күйінде қабылдап, сонымен қанағаттанатын жағдайдан өтіп, білімді өз бетімен ізденіп, ой белсенділігі арқылы қорыта алатын тұлға дәрежесіне көтерілгені анық. Сондықтан 8-сыныпта сөйлем мүшелерін меңгерту модульді-интерактивтік жоспарлауды, сабақты соған лайықтап құруды талап етеді.

Модульді-интерактивтік технология арқылы 8-сыныптың қазақ тілі сабақтарында сөйлем мүшелерін оқытудың басты ерекшелігі оқушылардың өз бетімен білім алуына, олардың ізденімдік-зерттеу дағдыларының қалыптасуына бағытталады.

Модульді-интерактивтік технология арқылы оқыту 8-сынып оқушысының білімін жүйелеу және талдап, бағалауда сабақтың сапасын жақсартумен бірге олардың өзіндік ізденісін арттырып, шығармашылық қабілетін дамытады. Бұл тұста мұғалімнің басты міндеті оқушыларға модульді-интерактивтік технологияны қолдана отырып, сабақ барысында орындалатын тапсырмаларды, оқушының білім деңгейін дұрыс анықтау, пәнге деген қызығушылығын арттыру болып табылады. 8-сыныпта қазақ тілін оқытудың дәстүрлі әдістемесінен модульді-интерактивтік технологияға өту оқушыны сабақ үстінде ойландыра білуге, сөйлем мүшелерін толық меңгеруге жетелейді. Басқа пәндерді модульді технология арқылы оқыту мәселесі әртүрлі деңгейде қарастырылып жүргенмен, қазақ мектептерінің 8-сыныбында оқытылатын сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технология арқылы оқыту арнайы зерттеу нысанасы болған жоқ. Қазақ мектептерінің 8-сыныбында сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технология арқылы игертудің әдістемесін ұсыну - қазіргі уақыт талабы. Сондықтан да тақырып өзекті.

Зерттеу нысаны. Қазақ мектебінің 8-сынып оқушыларына қазақ тіліндегі сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технология арқылы оқыту үрдісі.

Зерттеу пәні. Жалпы білім беретін қазақ мектептерінің 8-сынып оқушыларына сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технология арқылы меңгерту.

Зерттеу мақсаты. 8-сынып оқушыларына сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технология арқылы меңгертудің ұтымды ғылыми-теориялық әдістемесін ұсыну; сөйлем мүшелерін игертудің тиімді амал-тәсілдерін айқындау.

Зерттеудің міндеттері. Осы мақсаттарға жету жолында:

- модульді-интерактивтік технология арқылы сөйлем мүшелерін оқытудың ғылыми-теориялық негіздерін дәйектеу;

- сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технология арқылы оқытудың тиімді жолдарын ұсыну;

- сөйлем мүшелерін меңгертуге модульді-интерактивтік технологияның бір түрі - тірек белгілерін қолданудың ұтымдылығын дәлелдеу;

- сөйлем мүшелерін игертуде ойын элементтерінің тиімділігін көрсету;

- педагогикалық эксперимент арқылы модульді-интерактивтік технологиянын тиімділігін дәлелдеу міндеттері қойылды.

Зерттеудің ғылыми болжамы. Сөйлем мүшелерін оқыту барысында модульді-интерактивтік технологияны қолдану оқушылардың қазақ тілінен алған білімдерін жүйелеп, оны сапалы да терең меңгеруге көмектеседі. Модульді-интерактивті технология арқылы қазақ тілінің сөйлем мүшелерін меңгерту әрбір оқушының жеке қабілеттерін ескеріп, өз әрекетін нәтиже ретінде тануға мүмкіндік туғыза отырып, оның жан-жақты рухани дамуына бағдар береді.

Жетекші идея. 8-сыныпта сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технология арқылы оқыту мемлекеттік тілді қатысымдық тұрғыдан меңгерте отырып, оқушылардың пәнге қызығуын, ынтасын арттыратын әлеуметтік, танымдық мотивтердің қалыптасуына жол ашады. 8-сынып оқушыларының дүниетанымдық көзқарасын тереңдетеді, сапалы білім мен іскерлік дағдысын қалыптастырады. Сөйлем мүшелерін модульді-интерактивті технология арқылы оқыту қағидалары кешенді жаттығулар мен тапсырмалар арқылы пысықталып, оқушының алған білімін бекітеді, сауаттылығын арттырады.

Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері. Сөйлем мүшелерін оқыту бойынша қазақ тілін оқыту әдістемесі, психология, педагогика, лингвистика жайлы әдебиеттер мен әдіскер-ғалымдардың зерттеулері, ғалымдардың синтаксисті игеруге қатысты соңғы пікірлері басшылыққа алынды.

Зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысында ғылыми-теориялық әдістер, баяндау, иллюстрациялық түсіндіру, сипаттау, салыстыру, сұрыптау, жинақтау, талдау, интерактивті, тірек белгілерін, ойын элементтерін пайдалану, эксперимент, қорытындылау әдістері қолданылды.

Зерттеудің негізгі кезеңдері. Зерттеу үш кезеңге бөлініп жүргізілді.

Бірінші кезеңде (2003-2005 жж.) зерттеу тақырыбына байланысты библиографиялық жұмыстар жүргізіліп, материалдар жинақталды, жоспар жасалды, ұсынылып отырған тақырыптың мақсат, міндеттері айқындалды, қазақ мектебінің 8-сынып оқушыларының қазақ тілі бойынша білім деңгейін анықтау мақсатында сауалнама, бақылау жұмыстары жүргізілді. Жаңа технологияның үлгілеріне талдау жасалып, олардың ерекшеліктері нақтыланды.

Екінші кезеңде (2005-2007 жж.) модульді-интерактивтік технология арқылы оқытуға арналған ғылыми-әдістемелік әдебиеттерге, бағдарламалар мен оқулықтарға жан-жақты талдау жасалынды. Сөйлем мүшелерін меңгертуге арналған модульді-интерактивтік технологияның басты белгілері, ұстанымдары айқындалып, оларды жүргізу әдістері анықталды. Сөз етіліп отырған технологияның білімдік жағымен қатар танымдық-тәрбиелік қырына да назар аударылып, олар іске асырылды. Белгіленген әдістемелік жүйе бойынша оқыту эксперименті жүргізілді.

Үшінші кезеңде (2007-2009 жж.) сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технология арқылы оқытуға арналған эксперимент материалдары жинақталды, мектеп оқушыларына сөйлем мүшелерін меңгерту үшін қолданылатын модульді-интерактивтік технологияның жүйесі бойынша бақылау эксперименті жүргізілді. Эксперимент жұмысының нәтижелері қорытындыланып, ұсынылған әдістеменің ұтымдылығы анықталды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы:

- қазақ мектептерінің 8-сыныбында сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технология арқылы оқытудың ғылыми-теориялық негіздері айқындалып, 8-сыныпта сөйлем мүшелерін оқытудың әдістемесі ұсынылды;

- модульді-интерактивтік технологияның мазмұны, құрылымы және өзіндік ерекшелігі анықталып, оларды оқытудың жолдары көрсетілді;

- модульді-интерактивтік технология арқылы сөйлем мүшелерін талдау үлгісі мен кешенді тапсырма жүйесі жасалды;

- 8-сыныпта сөйлем мүшелерін тірек белгілері арқылы оқытудың амал-тәсілдері ұсынылып, модульді-интерактивтік технологияны пайдаланып, ойын әдісімен сөйлем мүшелерін меңгертудің ұтымдылығы анықталды;

- 8-сыныпта сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технология арқылы оқытудың ұтымдылығы тәжірибе жүзінде дәлелденді.

Зерттеудің теориялық маңыздылығы. Сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технология арқылы меңгертуге байланысты тұжырымдалған ғылыми қағидалар қазақ тілі әдістемесін теориялық тұрғыдан толықтырады. Сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технология арқылы меңгертудің басты ұстанымдары лингводидактика мен әдістеме ғылымының ғылыми-теориялық жағынан дамуына септігін тигізеді.

Зерттеу жұмысының практикалық маңыздылығы. Қазақ мектептерінің 8-сыныбында сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технология арқылы меңгерту әдістемесін мектеп мұғалімдері, лицей, гимназия, колледж оқытушылары, ізденушілер, магистрлер, әдіскер ғалымдар тәжірибеде қолдана алады. Зерттеу нәтижелерін жоғары оқу орындарының қазақ филология факультеттерінің оқу үрдісінде, сондай-ақ мұғалімдердің білімін жетілдіру курстарында да пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

- оқу үрдісінде модульді-интерактивтік технологияны қолдануға қатысты ұстанымдарды жүйелі іске асыру мектеп оқушыларының теориялық білімі мен жеке тұлғалық біліктілігін дамытады;

- қазақ тілін оқыту барысында сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технологияға сүйене отырып, тірек белгілер арқылы меңгерту тілді оқытудың жаңашыл әдістемесіне жатады;

- сөйлем мүшелері мен оның түрлерін модульді-интерактивтік технология арқылы оқыту барысында танымдық, ізденімдік, өздік және шығармашылық тапсырмалар жүйесі кешендік сипатқа ие болады;

- аталған технология негізінде ойын арқылы қазақ тіліндегі сөйлем мүшелерін оқыту оқушылардың білімге қызығушылығын тудырып, сабақ сапасын арттырады.

Зерттеу жұмысының талқылануы мен жариялануы. Зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Қазіргі қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасының мәжілісінде, әдістемелік семинарда талқыланды.

Жұмыстың негізгі мазмұны мен нәтижелері халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Баян-Өлгей, 2009), халықаралық, республикалық, аймақтық ғылыми-практикалық конференция материалдары жинақтарында, республикалық ғылыми-әдістемелік басылымдарда жарияланды.

Жұмыстың мазмұнына қатысты халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдарында 9 мақала, бақылау Комитеті бекіткен тізімдегі республикалық басылымдарда 5 мақала, барлығы 14 ғылыми мақала жарияланды. Бір әдістемелік құрал баспадан басылып шықты.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Диссертациялық жұмыстың кіріспесінде зерттеу тақырыбының өзектілігі, зерттеу нысаны айқындалып, негізгі мақсат, міндеттері белгіленді. Зерттеудің ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық құндылығы көрсетіліп, әдіс-тәсілдері анықталды, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар, зерттеу жұмысының жариялануы мен талқылануы баяндалады.

Зерттеу жұмысының бірінші бөлімі Қазақ мектебінің 8-сыныбында сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технология арқылы оқытудың теориялық негізі деп аталады.

1.1 Модульді-интерактивтік технология арқылы оқыту мәселесінің зерттелуіне шолу. Бұл тармақта модульді және интерактивті технологиялар арқылы оқыту мәселесін әрі тәжірибе жүзінде, әрі ғылыми негізде зерттеген шетелдік және қазақстандық ғалымдар еңбектеріне талдау жасалынады.

Атап айтсақ, қазақ тілін модульмен оқыту мәселесін жан-жақты саралап, ғылыми тұрғыда зерделеген ғалым К.Жақсылықова өз еңбегінде орыс тілді бөлімдерде қазақ тілін сапалы оқытуға бағытталған модульмен оқыту әдістемелік жүйесіне алғаш рет теориялық сипаттама беріп, олардың негізгі белгілері мен өлшемдерін, қағидалары мен заңдылықтарын анықтады. Тілді оқытуда модульді қолдану әдістемесіне де мән берген ғалым К.Жақсылықова: Бұл технология модульге ену және одан шығу бақылауымен қамтамасыз етіледі. Бұл жерде модульге ену бақылауы дегеніміз - студенттердің модуль материалын игермей тұрғандағы олардың бастапқы білім деңгейін тексеру жұмысы. Ал модульден шығу бақылауы студенттердің модульді игеру деңгейін тексереді. Модульден шығу бақылауының нәтижесі студенттің келесі модульмен жұмыс жасауға өту-өтпеуінің, яғни мүмкіндігі бар-жоқтығының көрсеткіші болып есептеледі, - дейді [2,21].

Модульді оқытуды практикада кеңінен қарастырған әдіскер-ғалым М.Жанпейісова бақылау-зерттеу нәтижелерін жинақтай келе: ...осының арқасында оқу процесі модульдық сипат алып, құрылымы ортақ, бірақ мазмұны әр түрлі жеке блоктардан жасалады, - деп, модульді сабақтың құрылымын нақты береді [3,9]. Ал әдіскер-ғалым Г.Нұрбекова: ...оқытудың интерактивтік түрлері - шетел тілін оқыту процесіне әрекетке бағытталған сипат беретін оқытудың белсенді формалары, - деп көрсетеді [4,6].

Бірінші бөлімнің аталған тармағында модуль арқылы оқытуды (П.Юцявичене, Т.В.Проснякова, В.И.Панченко, Г.Қ.Нұрғалиева, Н.Оралбаева, Л.Екшембаева, К.Сариева, З.Бейсенбаева, М.М.Жанпейісова, К.Жақсылықова т.б) және интерактив негізінде оқытуды (М.И.Махмутов, Е.В.Пономаренко, Ш.Бағиева, А.А.Бейсембаева, Р.Құдиярова, М.Бұлақбаева, Ә.Әлметова, М.Мұқашева, Г.Нұрбекова т.б.) әр қырынан зерттеген ғалымдар еңбектеріне сүйене отырып, қазақ мектебінің 8-сыныбында сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технология арқылы оқыту мәселесі қарастырылады.

1.2 8-сыныпта сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технология арқылы оқытудың лингвистикалық негізі. Бұл тармақта сөйлем мүшелерін оқытудың лингвистикалық негізін зерттеуге арналған әдебиеттер қарастырылады. А.Байтұрсынұлы қазақ тілін оқыту методикасының да іргетасын қалаушы болып саналады. Тілші Баяншы, Қай әдіс жақсы? еңбектерінде әдістеме мәселелерін сөз етеді. Автор сөйлем мүшелерін оқытуда жеңілден ауырға, оңайдан қиынға, жайдан күрделіге деген ұстанымдарды негізге алған. А.Байтұрсынұлының тілді оқытудағы талаптары кейінгі тілші-әдіскерлер еңбектеріне негіз болады.

Белгілі ғалым С.Аманжолов арнайы сөйлем мүшелерін зерттеп, сөйлемнің қай түрі болса да синтаксиске кіретінін, сөйлемді түсіну, оның синтаксистік қызметін айырып білу, оның мүшелерін тану, ондағы түр мен мазмұнның қарым-қатынасын білу мәселелері жалпы тіл біліміндік (лингвистика) методологияға (бағыт әдісіне) байланысты екендігін айтады.

Сол сияқты зерттеу жұмысында Х.Арғынов, Ә.Хасенов, Р.Әмір, Т.Сайрамбаев, Ғ.Қалиев, Б.Қасым, Б.Шалабай, З.С.Күзекова, Б.Сағындықұлы, Қ.Шаяхметұлы, Ж.Әмірова, Ж.Көпбаева т.б. тілші-ғалымдардың пікірлері сараланды.

Қарым-қатынас жетекші мәнге ие болатын жасөспірім кезеңде оқушы үшін сөйлеу тілін жетілдіруге бағыттайтын практикалық жұмыстарды мейлінше жиі әрі жүйелі орындатудың маңызы үлкен. Оқушының ойы нақты берілуі үшін сөйлемнің негізі дұрыс қалануы керек. Олай болса сөйлемнің дұрыс құрылуы оны құрайтын сөйлем мүшелерінің орын тәртібіне, оның өзіндік белгілеріне тікелей байланысты. Сөйлем мүшелері синтаксистік категория ретінде өзінің грамматикалық мағынасымен, морфологиялық табиғатымен анықталады. Сөйлемге негізгі материал болатын сөз бен сөз тіркесі сөйлем құрамына енгенде жаңа сипатқа ие болады. Ондағы әрбір сөз морфологиялық тұлғаға еніп, грамматикалық құрылымға түскенде, оның тілдегі атқаратын қызметі айқындалады, яғни сөйлем құрамында сөйлем мүшелерінің өзінің нақты атқаратын синтаксистік қызметі бар.

Жеке ғылыми бағыттар ретінде қалыптасқан құрылымдық синтаксис, туындаушы синтаксис, функционалды синтаксис, коммуникативті синтаксисте тіл бірліктері мен сөйлеу бірліктері әр түрлі аспектіде қарастырылады. Құрылымдық синтаксисте тіл бірліктері жекелей алынып, ішкі байланысты құрылымдық-мағыналық деңгейде қарастырылса, функционалды синтаксисте осы белгілердің қалыптасуы контекст, мәтін деңгейінде зерттеледі. Ал коммуникативті синтаксисте сөйлем мүшелері мен сөйлемнің актуальді мүшелерінің арақатынасы анықталады.

Профессор Б.Қасым модульдік технология мен синтаксистің жалпы біртұтас жүйесі ретінде қарастырып, көрсеткішінің өлшемдіктерін береді және сол өлшемдіктердің алгоритм тәртібімен әрқайсысының кіші жүйелерінің құрылым жүйелерін айқындап өту оқыту әрекетінің басты міндеті деп санайды [5,64].

Модульді-интерактивтік технология арқылы сөйлем мүшелерін оқытуда оқушыларға алдымен синтаксистік талдауға берілген сөйлемнің мағынасын меңгертіп, сөйлемдегі әр сөздің жеке мағынасына түсінік берілді. Ғалым Б.Қасым мағына - сөзді лексема ретінде танытатын негізгі көрсеткіш екендігіне тоқталса, тілші Г.Қосымова сөздің дәлдігі ойдың айқындылығын көрсететіндігін, сөз қолданыстағы дәлдік сөйлеушінің ойлау жүйесінің тереңдігімен, қазақ әдеби тілінің байлығы мен нормасын жетік білуімен өлшенетіндігін айтады [6,28]. Тілдің ішкі даму заңдылықтарын жетік білген оқушы сөйлем құрастыруда әр сөздің мағынасын айқын түсініп, синтаксистік талдау барысында сөйлем мүшелерінің қызметіне нақтылы сипаттама беріп, объективті саралай алады.

С.Жиенбаев, Н.Сауранбаев, М.Балақаев, Р.Әміров, О.Төлегенов, Т.Сайрамбаев еңбектерін негізге ала отырып, профессор З.С.Күзекова қазіргі қазақ тіліндегі мезгіл пысықтауышты зерттеу нысаны етіп, оның жасалу жолдары, мағыналары мен қызметіне тоқталады.

Қазақ тілі сабақтарында модульді-интерактивтік технология арқылы сөйлем мүшелерін меңгерту жоғарыда аталған ғалымдар еңбектеріндегі грамматиканың ғылыми теориялық негізіне, тіл фактілеріне сүйене отырып жүргізіледі. Сөйлем мүшелерін оқытуда көркем әдебиеттерден үзінді ретінде алынған, тәрбиелік мәні бар мәтіндерді бірте-бірте күрделендіре жеңілден-ауырға, оңайдан-қиынға ұстанымымен жүйелі ұйымдастыру оқушылардың тілін ұстарта отырып, қазақша ойлау қабілетін де шыңдайды. Сабақта қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктері туралы қосымша мағлұмат көзі ретінде дидактикалық тапсырмалар топтамасында арнайы іріктелген танымдық мәтіндермен қатар, тілші ғалымдардың өмір жолынан, шығармашылығынан хабардар ететін мәтіндер де ұсынылады.
1.3 8-сыныпта сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технология арқылы оқытудың психологиялық негізі. Мұнда психолог-ғалымдар Л.С.Выготский, Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдов, Л.В.Занковтың, В.В.Репкиннің теориялары қазіргі күндегі оқу-танымдық үрдістің танымдық және дамытушылық мүмкіндіктерін көрсетуде кеңінен қолданылатындығы және М.Мұқанов, Қ.Жарықбаевтың еңбектеріндегі жеке тұлғаның жетіліп дамуына ықпал ететін психологиялық әрекеттердің маңызы жайлы айтылады. Оқушы әрекетінің даму барысы оның физиологиялық даму мүмкіндіктерімен үйлесе келуін де қажет етеді. Мұғалім оқу-танымдық үрдістің жетекшісі мен ұйымдастырушысы ретінде оқушының биологиялық және әлеуметтік дамуын үйлестіріп отыруды басты назарда ұстайды. Адам баласының танымдық қызметі оның жасөспірім кезеңінде ересен белсенділікпен өтеді. Қазақстанның көрнекті қоғам қайраткерлері Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев психологияға байланысты арнайы еңбектер жазса, А.Байтұрсынұлы да өзінің бірнеше психологиялық мақалаларын жариялады.

Ж.Аймауытов педагогика мен психология мәселелерін зерттеп, оқушылардың ғылымның әр саласынан білім алуын көздеген ғылыми еңбектер мен оқу құралдарын жарыққа шығарды. Олардың ішінде Тәрбиеге көмекші (1924), Психология (1920), Жан жүйесі және өнер таңдау (1926) деп аталатын еңбектері - қазақ мектептері тарихындағы педагогика, психология мәселелеріне арналған тұңғыш зерттеулер. Бұл кезеңдегі оқушының қабылдауы, зейіні, қиялдауы туралы мәліметтер алу қиын болғанымен, ес пен жады (оперативная и долговременная память), сөйлеу мен ойлау сияқты таным үрдістерінің танылуы мүмкін.

Таным үрдісінің осылай қалыптасуы мен өтуінде интуиция мен интеллект (біліктілік) үлкен орын алады. Оқушының теориялық ойлауы дамуға бейім тұратындығының бір қыры ретінде оқу-танымдық мотивтің айқындалып, оқушы үшін білім алу мотивінің маңыздылыққа айнала басталуында. Қазақ тілін оқыту әдістемесінде оқушылардың мотивін қалыптастыру мәселелері арнайы зерттелініп келді. Профессор С.Рахметова оқушылардың тілін дамытудың психологиялық негіздерін зерделей келе, оқушылардың әңгімелесуі олардың сабаққа ынталылығының көрсеткіші екендігін арнайы атап көрсетеді [7,97]. Өйткені тіл дамыту үрдісінде оқушының ойлауын дамытумен байланысты механизмдер жеткілікті болатыны белгілі. Сол маңызды заңдылықтар С.Рахметованың еңбектерінде зерттелініп, қазақ тілін оқытудың жаңа технологияларын жүзеге асыруда басшылыққа алынып келеді.

Ә.Алдамұратовтың орта және жоғары сынып оқушыларына грамматиканы оқытудың психологиялық ерекшеліктері туралы еңбегінде де психолингвистикалық мәліметтердің ана тілін оқытуда басшылыққа алыну кажеттілігін көрсетеді. Оқушының мектепке, білім алуға, оқу-танымдық үрдістің жекелеген бөліктеріне деген қарым-қатынасы оның ой-санасында оқу-таным қызметіне деген өзіндік көзқарасы қалыптасқандығымен байланысты болып келеді. Сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технология арқылы оқыту - оқу-танымдық үрдіс болып саналатындықтан, мұндағы мотивтің оймен, ойлаумен тығыз байланыста болатыны айтылады.

1.4 8-сыныпта сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технология арқылы оқытудың педагогикалық негізі. Педагогика ғылымына қатысты ой-тұжырымдар, оқыту және оның теориясы мен заңдылықтары, дидактикалық ұғымдар зерттеу жұмысының негізі болады.

Педагогикалық оқыту теориясы - білім берудің формалары мен әдістерін, оқытудың мазмұнын қамтылады. Қазақ тілін оқыту әдістемесі дидактика теориясына сүйенеді. Дидактикада қазақ тілінен білім берудің ұстанымдары мен әдістерінің теориясын, оқу үрдісінің заңдылықтары қарастырылады. Ян Амос Коменскийдің Ұлы дидактика атты еңбегінің негізі білім мен тәрбиені бірлікте меңгерту. Ең бастысы мектептің мақсатын гумандық негізге құрып, ақылды, білікті, зиялы адам тәрбиелеу мәселесіне назар аудартылды. Аталған еңбектің тарауларында оқыту ісіне қойылатын басты дидактикалық талаптар: оқытуға қолайлы уақытты таңдау, оқушыларды сабақ оқуға ынталандыру, материалды біртіндеп күрделендіру, анық пайда келтіретін нәрсені ғана оқыту, саналы меңгерту, сатылы оқыту, оқу көрнекілігі т.б. баяндалады.

Қазақ тілін оқыту әдістемесін жүйе ретінде тану үшін оның әдіснамалық, теориялық, әдістемелік-технологиялық негізін құрайтын әрбір ілім негіздері басшылыққа алынады. Солардың ішінде ұлттық педагогиканың тұғырнамасын жасаған Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытовтардың еңбектері кейінгі әдістеме ғылымның дамуына мүмкіндік жасады.

Сөйлем мүшелерін 8-сынып оқушыларына модульді-интерактивтік технология арқылы меңгертудің педагогикалық негізінде қазақ тілін оқытуда жаңа технологияларды енгізу мәселелерін зерттеген Ф.Ш.Оразбаева, Г.К.Нұрғалиева, К.Жақсылықова, М.М.Жанпейісова, Н.А.Оразахынова, Н.Ж.Құрманова, З.Бейсенбаева т.б. педагог-ғалымдардың пікірлері талданады. Бұл зерттеулерде оқушының жеке тұлғасын дамытуға негізделген жаңа оқыту технологияларын қазақстандық мектептерге енгізудің тиімді жолдары, жаңа технология бойынша жоспарлау мәселелері қарастырылады. Қазақстандық мектептерге енгізіліп жатқан жаңа технологиялардың ішінде сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технология арқылы оқытуды зерттеу ісі қолға алынбай келеді. Сөйлем мүшелерін оқытуға байланысты қазақ тілін оқыту әдістемесінде бірталай зерттеулер бар. Оқушының ойлау қабілеті тілдік қатынасқа негіз болатын болса, осы тілдік қатынас теориясын қазақ тіл білімінде ғылыми-әдістемелік негізі ғалым-әдіскер Ф.Ш.Оразбаеваның еңбектерінде жан-жақты зерделенген. Тілдік қатынас ТҚ - адамның ойлау, пайымдау, сөйлеу, тыңдау, түсіну, айту, пікірлесу т.б. әрекеттеріне тікелей қатысты құбылыс [8,3] - деп, анықтама бере келе, ғалым тілдік қатынастың ауызша және жазбаша түрлерін сипаттайды. Дәстүрлі оқыту жүйесінде жазбаша тілдік қатынас оқушы үшін басым түрде қолданылып, ауызша тілдік қатынас көбіне мұғалімнің іс-әрекеті ғана болып келсе, модульді-интерактивтік технологияда оқушы белсенді субъектіге айналып, ауызша тілдік қатынас та, жазбаша тілдік қатынас та қатар жүзеге асады. Әрі бұл белсенді оқытудың дамытушылық серпіні материалды меңгерту барысында сөйлем мүшелеріне талдауды жүйелі жүргізу үшін де қажет.

Әдіскер-ғалым Х.Арғынов сөйлем мүшесін меңгертуде сөйлем мүшесі болатын сөз немесе сөз тіркесінің негізгі белгілеріне оқушылардың назарын аударту қажет екенін айтады.

Ғалым Н.А.Оразахынова сөйлем мүшелері туралы ережеге сүйене отырып, жай сөйлемнің түрлері сөйлем құрамындағы тұрлаусыз мүшелердің қатысы арқылы анықталатындықтан сөйлемдегі сөздерді сөйлем мүшелеріне талдағанда сатылай кешенді талдау технологиясының тиімді екендігін көрсетеді. Бұның өзі қазақ тілінің ғылыми негіздеріне сүйене отырып оқушыларға материалды жүйелі меңгертудің қажеттілігін дәлелдейді.

Сөйлем мүшесін модульді-интерактивтік технология арқылы оқыту барысында оқушылардың теориялық, практикалық ойлаулары мен тілін дамытудың дидактикалық негіздері жүйесін құрайтын төмендегі компоненттер алынады:

- модульді-интерактивтік технологияның дидактикалық ұстанымдары;

- сөйлем мүшелерін оқыту барысында оқушылардың теориялық, практикалық ойлаулары, тілін дамыту әдістері мен тәсілдерінің дидактикалық табиғаты;

- сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технология арқылы оқытудың сабақ түрлері мен ерекшеліктері;

- оқыту мазмұны мен мақсаты.

8-сыныптың қазақ тілі сабақтарында сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технология арқылы оқыту жүйесіне ену үшін және әрбір компонентті өзара байланыстыру үшін, байланыс және қатынас анықталуы керек екені белгілі. Ондай байланыс ретінде біз оқу-танымдық қызметті алып отырмыз. Ал қатынас ретінде дидактикалық қатынас алынады. Оқу-танымдық қызмет - дидактиканың жетекші категориясы, ол дидактиканың заңдарына бағынады. Оқу-танымдық қызметті жақсы да нәтижелі ұйымдастыру үшін, ғылыми негіз болып отырған оқыту, оқу-танымдық қызмет, оқытудың мақсаттары, білім алу, оқыту-тәрбиелеу әдістері сынды дидактиканың басты ұғымдары анықталады. Оқытудың белгілері ретінде мыналар көрсетіледі:

- белгілі бір мақсатқа бағытталу;

- жүйелілік;

- ағымдылық (процессуалдық);

- екіжақтылық (мұғалім мен оқушы қызметтерінің тұтастық сипаты).

Оқытудың мұндай сипаттары оқу-танымдық қызметке тән. Сондықтан оқыту дегенде оқушыға дайын білімнің берілуі ғана емес, оқушынын танымдық, ізденімділік қызметін ұйымдастыру деп түсініледі.

1.5 Модульді-интерактивтік технологияның мазмұны мен құрылымы. Мұнда модульді-интерактивтік технология арқылы деңгейлік (ішкі) саралауға бағдарланған тапсырмаларды, 8-сыныптағы қазақ тілі сабағында берілетін материалдардың оқушыларға түсінікті болуын және қазақ тілін тереңірек меңгеруге қабілетті, қызығушылығы бар оқушылардың белсенділігін ескере отырып, жүйелі орналастыру қажеттігі қарастырылады.

Модульді оқыту технологиясын қолданудың міндеттеріне, ғалым М.Жанпейісова оқу модулінің үш құрылымды бөліктен, яғни кіріспе, сөйлесу және қорытындыдан тұруы негіз болатындығына тоқталады [3,11]. Бұған мұғалімнің алдын-ала сөйлесу бөлімінде қарастырылатын оқу материалының негізгі мазмұнын белгілеуі, оқытудың белсенді формаларын таңдап алуы, әр түрлі күрделілік дәрежесіндегі үш деңгейлік тапсырмалар және олардың жауап үлгілерінің дайындалуы, әрбір оқушыға немесе топқа арнап үлестірмелі материалдардың әзірленуі жатады.

Жалпы білім беретін орта мектептердің 8-сыныбына арналған С.Аманжолов, А.Аманжолов, Г.Қосымованың Қазақ тілі оқулығындағы негізгі оқылатын сала - синтаксистің сөйлем жүйесі. Жаңа білім мазмұнындағы бір ерекшелік - сөйлем тарауы оқу бағдарламасында 8-сыныптың оқулығында жүйелі түрде берілген. [9]. Бағдарламада сөйлем мүшелерін оқытуға 19 сағат бөлінген. Модульді-интерактивтік технология арқылы сөйлем мүшесін оқыту алдымен екі үлкен модульге бөлініп жүргізіледі.

Бірінші модуль бойынша сөйлем мүшелерінен алған білімдерін жинақтап, жүйелеу, жалпы модуль жайлы түсінік беру, бастауыш пен баяндауыштың сөйлемнің тұрлаулы мүшелері болатын себептерін, бастауыш және баяндауыш болатын сөз таптарын, дара, күрделі және үйірлі бастауыш болып келуін, тұрлаулы мүшелердің сұрақтары мен сөйлемдегі орны жайлы, бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықша жайлы түсінік беріліп, оларды бекіту үшін оқытудың жұптық және топтық интерактивті әдісі қолданылады.

Екінші модуль бойынша сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері, бірыңғай мүшелер мен жалпылауыш сөз меңгертіледі.

Әр модульден кейін міндетті түрде білімдерін байқау мақсатында тестік бақылау жұмысы қарастырылған. Бұдан басқа деңгейлік тапсырмалар, Брейнг-ринг және Бақытты сәт сияқты оқыта үйрету ойындары да берілген, бұл тапсырамаларды орындатқызу арқылы да оқушылардың білімін байқап, бақылап отыру көзделген.

Модульді-интерактивтік технология арқылы оқыту төмендегідей ерекшеліктерге ие:

:: оқыту мақсатының, нәтижесінің айқындылығы;

:: оқу материалының бөліктерге бөлініп берілетіндігі;

:: әр бөліктің мазмұны, құрылымы жағынан толықтығы;

:: мұғалімнің кеңесші, бағыт беруші қызметін атқаратындығы;

:: оқушының мүмкіндіктеріне қарай өз бетімен білім ала алатындығы;

:: мұғалім мен оқушының арасында субъект-субъектілік қарым-қатынастың болатындығы;

:: модульді-интерактивті сабақ жоспарының мазмұнын толықтыруға, өзгертуге икемді құрастырылатындығы;

:: модульді-интерактивтік оқытудың белгілі бағдарламаға негізделетіндігі және тақырыптарды жекелендіруге мүмкіндіктің болатындығы;

:: сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технология бойынша оқыту барысында оқушының шығармашылық ойлауға қалыптасатындығы.

Демек, модульді-интерактивтік оқыту - жеке интерактивті (белсенді) модульдерден тұратын оқытудың түрі.

8-сыныпта сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технология бойынша оқытудың сапасы оқушының талабы мен қызығушылығына, қазақ тілі мұғалімінің педагогикалық-әдіскерлік тәжірибесіне, ұсынылатын тақырыптың қажеттілігіне байланысты. Жоғарыда айтылғандарды түйіндей отырып, төмендегідей тұжырымға келуге болады.

Сонымен, ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ тіл біліміндегі сөйлем мүшелерін оқыту
Орта мектепте қазақ тілін оқыту әдістемесі
Модульдік оқыту технологиясы туралы
Жоғары оқу орындарында Қазақ диалектологиясы пәнін модульдік технология арқылы оқыту
ҚАЗАҚ ТІЛІН АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖҮЙЕСІМЕН ОҚЫТУ
Кибернетикалық және математикалық әдістерді педагогикалық әдістерге енгізу
Сайтқа қойылатын талаптар
Дистанциялық оқыту құралдары
Сөз тіркестерін оқытуда оқытудың модульді - интерактивті технологиясы арқылы оқытудың тиімділіктері
Формативті бағалаудың әдістері
Пәндер