Жазушының публицистік шеберлігін қазақтың шешендік дәстүрі аясында қарастырып, болмысты көркем бейнелеу ерекшеліктерін зерделеу


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Ш. ЕСЕНОВ атындағы КАСПИЙ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖӘНЕ ИНЖИНИРИНГ УНИВЕРСИТЕТІ
УДК 82. 91 Қолжазба құқығында
Текіш Мәдина
ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ КӨСЕМСӨЗІ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ
6М011700 - Қазақ тілі мен әдебиеті
Педагогика ғылымының магистрі ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертация
Ғылыми жетекші:
«Қазақ филологиясы» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулетова Бибіайша Ильясқызы
Қорғауға жіберілді:
«Қазақ филологиясы» кафедрасының меңгерушісі
Отарова Ақмарал Нұрғожақызы
«» 2022 ж.
Ақтау, 2022
Жұмыс «Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті» КЕАҚ-да орындалды.
Ғылыми жетекшісі: Нұрдәулетова Бибіайша Ильясқызы, «Қазақ филологиясы» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы
(Т. А. Ә., ғылыми дәрежесі, лауазымы және жұмыс орны)
Рецензент . . .
(Т. А. Ә., ғылыми дәрежесі, лауазымы және жұмыс орны)
Қорғау күні сағатта мекенжайы бойынша Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің магистрлік диссертациялар қорғау жөніндегі мемлекеттік аттестациялық комиссиясының отырысында өтеді
ЖОСПАРЫ
КІРІСПЕ
І. ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ПУБЛИЦИСТИКАСЫНЫҢ ЖАНРЛЫҚ, ТАҚЫРЫПТЫҚ-ИДЕЯЛЫҚ СИПАТЫ
1. 1 Ә. Кекілбаев шығармашылығы және оның зерттелуі
1. 2 Ә. Кекілбаев - көсемсөз шебері
1. 3 Ә. Кекілбаев көсемсөзінің жанрлық және тақырыптық-идеялық сипаты
ІІ. Ә. КЕКІЛБАЕВ КӨСЕМСӨЗІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯНЫҢ КӨРІНІСІ
2. 1 Ұлттық идея ұғымы: анықтамасы мен пайымдалуы
2. 2 Ә. Кекілбаев көсемсөзіндегі ұлттық идея
2. 3 Ә. Кекілбаев көсемсөзінің әлеуметтік сана мен ұлттық идеяны дамытудағы орны
ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ә. Кекілбаевтың 80 жылдығына арналған Ақтау қаласындағы жиында сөйлеген сөзінде: «Əбіш Кекілбайұлы - адамзаттық болмыстың жоғары деңгейіне көтерілген біртуар тұлға, қазақ халқының ұлы перзенті. Зиялы қауым оған айрықша құрмет көрсетіп, «Қазақтың таңдайы» деп атады . . . «Аңыздың ақыры», «Елең-алаң», «Үркер», «Шыңырау» - қайталанбас туындылар. Классик қаламгердің бұл еңбектері əлем əдебиетінің алтын қорына тиесілі. Жазушы қара сөздің құдіреті арқылы елдің намысын оятып, рухын көтерді» [1], - деп атап өткендей, Ә. Кекілбаевтың әдеби шығармашылығы - қазақтың сөз өнерін биікке көтерген, тіліміздің байлығы мен оралымдылығын, бейнелілігі мен шешендігін паш еткен ерекше феномен екені шындық.
Ә. Кекілбаевтың әдеби мұрасының көлемді бір саласы - оның көсемсөзі. Әбіш Кекілбаев көсемсөзінің бір ерекшелігі - ондағы тақырып өзектілігімен қатар, тілдік-стильдік көркемдігі, шешендік-ділмарлық қасиеті екенін зерттеушілер айтып келеді. Ділмарлық пен шешендік қасиет - сөзді қадірлегін ата-бабаларымыздан келе жатқан руханият мұрасы. Ауыз әдебиетінен басталатын шешендік өнер кейін жазба әдебиетінде жалғасын тауып, жаңа әдебиеттің идеялық-көркемдік сапасының бір қыры ретінде тұрақталды. Әдебиеттегі сол ділмарлықты өткен ғасырда М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин сияқты сөз зергерлері дамытса, оны іліп әкетіп біздің заманымызға жеткізген, орайлы айшықтармен, ұтқыр тапқырлықпен көркейте түскен қаламгердің бірі - Әбіш Кекілбаев.
Ә. Кекілбаев шығармашылығы қазір жан-жақты зерттеліп келеді. Ол туралы жеке монографиялар жазылып, баспасөзде көптеген мақалалар жарияланып, жазушы шығармашылығы түрлі ғылыми аспектіде сөз болғанмен, жазушы публицистикасы, оның ішінде ұлттық идея мәселесіне қатысты тұжырымдарын талқылайтын арнайы зерттеу жазылған емес. Жазушы публицистикасындағы көсемсөздік пен шешендік дәстүр жалғастығы тұрғысынан зерделеп, қаламгердің публицистикалық мұрасына баға беру - қазіргі әдебиеттанудағы өзекті мәселелердің бірі деп білеміз.
Қазақ публицистикасының, оның ішінде ұлттық идея проблемасы турасында Ә. Кекілбаевтың көсемсөзшілік еңбегі зор десек, заманының өзекті мәселелерін көтеріп, елдік және мемлекеттік тұрғыда баяндаудағы шешендікпен өрілген қаламгер щеберлігінің орны үлкен. Жазушының көсемсөзіндегі қазақтың шешендік дәстүрін дамытып, қоғамның көкейтесті мәселелерін ұлттық идея тұрғысынан бейнелеуін әдеби-теориялық пайымдап, нақты ғылыми ой тұжырымдау - қаламгердің суреткерлік шеберлігін танытуға қосылатын үлес болады деп ойлаймыз.
Зерттеудің мақсат-міндеттері. Зерттеудің мақсаты - Ә. Кекілбаев публицистикасындағы ұлттық идея тұжырымдарының ұсынылу жолдарын, қоғамның өзекті мәселелеріне үн қата отырып, ұлттық идеяға қызмет ететін тың ойларды жеткізуін идеялық-көркемдік тұрғыдан пайымдау.
Бұл мақсатқа жету үшін алдымызға мынадай міндеттер қойылды:
- Ә. Кекілбаев көсемсөзінің жанрлық, идеялық-көркемдік сипатын, тақырыптың көкейтестілігін, ойшылдық пен шешендік дәстүрдің көріністерін, идеялық-көркемдік сипаттарын қарастыру;
- Қаламгер публицистикасындағы ұлттық идеяның сипатталу ерекшеліктерін пайымдау;
- Жазушының публицистік шеберлігін қазақтың шешендік дәстүрі аясында қарастырып, болмысты көркем бейнелеу ерекшеліктерін зерделеу;
- Қаламгердің публицистикалық шеберлігіндегі ділмарлық-шешендіктің маңызына баға беру.
Зерттеудің нысаны мен пәні. Зерттеу жұмысын жүргізуге қажетті әдеби материалдар ретінде жазушының әр кезеңде баспадан шыққан кітаптары: 12 томдық (Алматы. «Өлке» баспасы, 1999), 20 томдық (Алматы. «Мереке» баспасы, 2019) және 5 томдық (орыс тілінде, Алматы. «Жазушы» баспасы, 2009-2011), сондай-ақ жазушының көсемсөздері жинақталған «Сыр десте» атты 5 томдық шығармалары жинағы (Алматы. «Нұрлы әлем» баспасы, 2009) пайдаланылды. 3 томдық «Әбіш Кекілбаев» энциклопедиясының (І том - 2018; II том - 2020, Алматы. «Арыс» баспасы) материалдары, тағы басқа материалдар дереккөз ретінде назарға алынады.
Зерттеудің әдіснамалық негіздері. Зерттеу жұмысында әдебиеттанудың теориялық мәселелерін зерттеген, оның ішінде публицистика, көсемсөз теориясы, шешендік өнер туралы еңбектер жазған әдебиеттанушы ғалымдар А. Байтұрсынов, М. Әуезов, С. Қирабаев, З. Ахметов, З. Қабдолов, Б. Адамбаев, Г. Қосымова, А. Қыдыршаев, Ж. Дүйсенбаева, С. Жұмабеков т. б. еңбектеріндегі негізгі ой-тұжырымдар басшылыққа алынды.
Зерттеу әдістері. Зерттеу барысында әдеби-көркем зерттеудің тарихи-әдеби, мәдени-тарихи, салыстырмалы-типологиялық, әдеби талдау түрлері пайдаланылды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Ғылыми жұмыстың жаңалығы - Ә. Кекілбаев көсемсөзінің маңызын айқындап, онда қазақ қоғамы үшін маңызды ұлттық идеяны көтерген автордың шеберлігін қарастырған зерттеу жұмысы болуында. Онда:
- Ә. Кекілбаевтың публицистикасындағы ұлттық идея мен тәуелсіздік талаптарының баяндалуы, оның идеялық-көркемдік сипаттары жан-жақты қарастырылды;
- Мақалаларындағы мемлекетшілдік пен елшілдік идеялардың сипатталу ерекшеліктері әдеби-теориялық тұрғыдан пайымдалды;
- Жазушының суреткерлік шеберлігі қайраткерлік парасаттылық пен шешендік дәстүр аясында қарастырылып, қоғамдық мәселелерді дегдарлықпен байыптау ерекшеліктері зерделенді;
- Жазушының қаламгерлік шеберлігіндегі көсемсөздің орны айқындалып, маңызына баға берілді.
Зерттеуге ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
- Ә. Кекілбаевтың публицистикалық мақалалары мен эсселері - қоғамның өзекті мәселелерін көтерген, қазақ тарихы мен тағдырына қатысты түрлі кезеңдегі оқиғаларға негіздей отырып, тарихтың сабағын көсемсөзшілік шеберлікпен ұсынатын еңбектер. Оларда қоғамның өзекті мәселелері шынайы баяндалып, жоғары идеялық-көркемдік тұрғыдан бейнеленген;
- Жазушының мақалаларында, сөйлеген сөздері мен эсселерінде, әсіресе, тәуелсіздік жылдарындағы көсемсөзінде қазіргі кездегі заман мен қоғам жайы, әлемдік рухани трендтер, тәуелсіз Қазақстанның болашағы жайлы кеңінен қарастырылып, өркениет көшіне ілесу, елді алдыңғы қатарлы елдердің қатарына шығарудың өзекті мәселелері көтеріледі;
- Жазушы публицистика жанрын жаңа деңгейде дамытуға атсалысып, оны тақырыптық-идеялық, ғылыми-танымдық және көркемдік деңгейге көтерді, жазушы тілі өзінің байлығы мен бейнелілігі, оралымдылығы мен өткірлігі, шешендік-ділмарлық сипатымен ерекшеленеді.
Жұмыстың практикалық маңызы. Зерттеу нәтижелері білім алушылардың публицистика поэтикасын, оның ішінде ұлттық идеяны пайымдайтын ізденіс жұмыстарына көмекші құрал бола алады.
Зерттеу нәтижелерін жүзеге асыру. Зерттеу жұмысының нәтижелерін жалпы білім беретін мектептер мен жоғары мектеп жүйесіндегі филология мамандықтарында білім алушыларға арналған арнаулы курстарда және оқу құралдарын дайындауда пайдалануға болады.
Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу. Зерттеу нәтижелері зерттеу практикасы кезінде және ғылыми тағылымдама барысында сынақтан өткізілді.
Зерттеу нәтижелерінің дәйектілігі. Зерттеу нәтижелеріне авторлық ізденіс барысында нақты ғылыми еңбектерге сүйеніп, ғылыми еңбекті орындау талаптары тұрғысынан дәйектеу арқылы қол жеткізілді.
Зерттеу тақырыбы бойынша жарияланымдар. Зерттеудің негізгі тұжырымдары халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференциялар мен ғылыми жинақтарда баяндама тезистері түрінде жарық көрді.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы екі тараудан, кіріспе мен қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І. ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ПУБЛИЦИСТИКАСЫНЫҢ ЖАНРЛЫҚ, ТАҚЫРЫПТЫҚ-ИДЕЯЛЫҚ СИПАТЫ
1. 1 Ә. Кекілбаев шығармашылығы және оның зерттелуі
Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауларында, Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» [2] мақаласында руханият мәселелері, оның ішінде әдеби мұралардың танымдық және тәрбиелік маңызы туралы ой-тұжырымдарды әдеби материалдар негізінде жүзеге асыру - қазіргі гуманитарлық ғылымдардағы өзекті мәселелердің бірі. Осы орайда көрнекті жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Ә. Кекілбаевтың әдеби мұрасын әдеби-теориялық тұрғыдан зерделеу - әдеби мәтіндер негізінде танымдық-тәрбиелік, әлеуметтік-эстетикалық және әдеби-теориялық кешенді ғылыми жұмыстарды іске асырудың бір тұғыры. Ә. Кекілбаевтың публицистикалық шығармаларына жан-жақты талдау жасай отырып, олардың жанрлық-құрылымдық сипаттарын, поэтикалық-көркемдік құралдар мен тәсілдердің өзіндік қолданысы мен ерекшеліктерін пайымдау; суреткердің қоғамдық мәселелерді өзектілік тұрғысынан көтеріп, бейнелеуіндегі өзіндік принциптері мен формаларын, жазушы шығармаларындағы қазіргі таңдағы өзекті мәселе - ұлттық идеяны қарастырудың маңызы айқын көрінеді.
Көрнекті сөз зергері, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик-жазушы Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен қызметтік жолы, шығармашылық еңбегі мен қоғамдық қызметі - адамзаттық рухани құндылықтарды пайымдау мен ұлттық әдебиетті дамытудың, халыққа қызмет қылудың жарқын үлгісі болып табылады. Жазушының әдеби мұрасы - қай кезде де халқымыздың рухани сұранысына ие құндылықтар қатарына жатады. Оны жас ұрпаққа оқып-үйретудің, сол арқылы жастарды адамгершілік пен отаншылдыққа тәрбиелеудің, сөз өнері мен шешендікке баулудың, ақыл-ой және көркемдік-эстетикалық жағынан дамытудың маңызы күмән келтірмейді.
Ә. Кекілбаев 1939 жылы 6 желтоқсан күні Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданындағы Онды ауылының Мырзайыр деген жерінде колхозшының отбасында дүниеге келген. 1947 жылы 7-шахтадағы бастауыш мектептің бірінші сыныбына барады. Көп ұзамай Таушық аулындағы мектепке ауысады. Таушықтың көмір шахталары жабылғаннан кейін 1949 жылы Ондығы келіп, осындағы жетіжылдық мектепті 1954 жылы бітіріп шығады. Одан кейін қайтадан Таушыққа оралып, 8-9 сыныптарды сонда оқып, 10-сыныпты Ұштағандағы Ленин атындағы мектептен бітіреді.
Орта мектепті үздік бітіргеннен кейін, 1957 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, 1962 жылы бітіріп шығады. Университетте оқып жүрген кезінде-ақ ерекше журналистік қабілетімен көзге түскен ол әуелі Қазақстан Жазушылар одағының орғаны «Қазақ әдебиеті» газетінде, сосын жастардың «Лениншіл жас» газетінде қызмет істейді. 1963 жылы Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданады.
1962-1965 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде, содан соң «Лениншіл жас» газетінде әдеби қызметкер және бөлім меңгерушісі, 1964-1968 жылдары ҚазССР Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық алқасының мүшесі болады. 1970-1975 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының Бас редакторы, 1975-1984 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің мәдениет бөлімінің нұсқаушысы, сектор меңгерушісі, 1984-1986 жылдары ҚазССР Мәдениет министрінің орынбасары, 1986-1988 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, 1988-1990 жылдары ҚазССР Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы Орталық комитеті Президиумы төрағасы, 1990 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бөлім меңгерушісі, 1991 жылы Қазақстан Жоғары кеңесінің депутаты, мәдениет, тіл және ұлтаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы, 1992-1993 жылдары республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1993-1994 жылдары ҚР Президентінің Мемлекеттік кеңесшісі, 1994-1995 жылдары ҚР Жоғары кеңесінің төрағасы, 1995 жылы мемлекеттік кеңесші, 1996 жылы ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, комитет төрағасы, 1996-2002 жылдары ҚР Мемлекеттік хатшысы, 2002-2010 жылдары ҚР Парламенті сенатының төрағасы, Пармаленттегі халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі секілді жоғары лауазымды қызметтерде істейді.
Жазушылық қадамын «Алтын шуақ» (1962) атты жыр жинағымен бастаған жазушы «Бір шөкім бұлт» (1965), «Дала балладалары» (1967), «Тырау-тырау тырналар» (1974), «Бір уыс топырақ» (1974), «Құс қанаты» (1978), «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984), «Шыңырау» (1982) прозалық кітаптарымен оқырман қауымның оң бағасын алып, ықыласына бөленіп, талантты жазушы ретінде танылды. «Ұйқыдағы арудың оянуы» (1979), «Дәуірмен бетпе-бет» (1972), «Заманмен сұхбат» (1996), «Әдебиет әлемі, өнер өрісі» (1999) танымдық-публицистикалық еңбектерінде ел мен жер тағдыры, әдебиет пен өнер дамуы жайында тереңнен ой толғады. Кейін «Абылай хан» (1996) тарихи-драмалық дастанын, «Ғапыл дүние» (1999) өлеңдер мен драма кітабын, «Үш белес» (2001), «Талайлы Тараз» (2002), «Шандоз» (2003) т. б. танымдық еңбектерін жариялады. Жазушының «Екі томдық таңдамалы шығармалары» (1989), «Он екі томдық шығармалар жинағы» (1999), «Жиырма томдық шығармалары» (2019), «Сыр десте» публицистикалық еңбектерінің бес томдық жинағы (2009) жарық көрді. Жазушының туындылары бірнеше әлем тілдеріне (орыс, неміс, болгар, поляк, чех, венгер) аударылған.
1986 жылы «Үркер», «Елең-алаң» романдары үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. «Қазақстанның Еңбек Ері» (2009), академик-жазушы, «Қазақстанның Халық жазушысы» атақтарын иеленді, бірнеше орден-медальдармен марапатталған.
А. П. Чеховтың «Ваня ағай», Л. Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік», В. Шекспирдің «Король Лир», «Ромео мен Джулетта» трагедияларын, Г. Мопассанның «Пьер мен Жан», «Өмір» романдарын қазақ тіліне аударған. Жапон поэзиясымен бірге М. Лермонтов, Э. Капиев, Р. Ғамзатов, Г. Гейнеден аудармалары бар. Карл Гаццидің «Тұрандот Ханшайымын» (қытай ертегісі), Г. Ибсен мен И. Буниннің бірқатар туындыларын, О. Сүлейменовтың өлеңдерін де аударуға үлес қосты.
Әдебиет әлеміне алғаш рет өлеңмен қадам басқан қаламгер тұңғыш «Алтын щуақ» (1962) жыр жинағында ақындық қуатын танытып, туған жер мен табиғат, соғыс кезеңінің суреттері мен жастық шақ жырлары арқылы оқырманға үлкен үміт сыйласа, «Дүние ғапыл» (1999) атты екінші жыр жинағында ақындық есейген сананың ойшыл да сыршыл, ел мен жер тағдырына алаңдаулы салиқалы толғамдарын өзіндік көркемдік өрнекпен жырлайды. «Абылай хан» халықтық қаһармандық драмалық дастаны тәуелсіздік таңындағы бүкіл қазақ драматургиясының жетістігі болды.
Ә. Кекілбаев әсіресе прозаик ретінде кеңінен танымал. Әлем әдебиетінің таңдаулы үлгілерімен еркін сусындаған жазушы суреткер ретінде адамды тану мен оның рухани тіршілігін бейнелеуде өзіндік ерекшеліктерімен, қаламгерлік қолтаңбасымен дараланды. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ прозасының көрнекті өкілі ретінде Ә. Кекілбаев шығармашылығы кеңестік реалистік прозаның таңдаулы өкілдерінің шығармашылығымен сабақтас дамып, реалистік дәстүрлермен сусындай отырып, өзіне дейінгі және замандас әлем әдебиеті классиктері шығармашылығындағы сан алуан көркемдік жүйелермен сабақтасып отырды. Суреткердің поэтикалық қолтаңбасындағы сыншыл реалистік өмір суреттерімен қатар, романтикалық сарындар, экзестенциялдық толғамдар, мифтік мәнер-өрнектер мен модернистік соны сипаттар, философиялық астарлар мен психологиялық ширығулар жымдасып отырады.
Қаламгерлердің өзіндік жеке көркемдік әлемі, дара шығармашылық концепциясы, қайталанбас стилі қалыптасты. Ә. Кекілбаев шығармаларында романтикалық поэтика тілдік айшықтардан айқын сезіледі. Жазушы прозасы поэтикалық инверсиялардың, ішкі экспрессияның, символикалық рефрендердің қайталануы нәтижесінде қара сөзбен жырланған өлеңдей әсер қалдырады. Фольклорлық дәстүрдің көркемдік жетістіктерінен нәр алған Ә. Кекілбаев прозасының стилистикасы поэзия тілімен табиғи жарасым табады. Көркем шығармада жазушының қолданған тәсілдер жүйесі оның стиль ерекшелігімен, суреткерлік қолтаңбасымен тұтасып, ой мен сезім қуатын танытады, шығарманың идеялық, көркемдік сапасын мазмұн мен пішін бірлігінде анықтайды. Жазушы туындыларының эстетикалық табиғатын танытуда үндестік пен ырғақтың айрықша орны бар. Өлеңге біртабан жақындайтын прозаның ырғақты, әуезді сипаты, экспрессивті қуаты жазушы туындыларындағы романтикалық бояуды қалыңдатады. «Ханша-дария хикасындағы», «Аңыздың ақыры» романындағы лирикалық реңк-бояудың молдығы, тілдік өрнектің эмоционалдық бояуға қанықтығы бірден көзге түседі, автор шартты тұспалдар секілді романтикалық бейнелеу тәсілдерін шебер пайдаланады. Ә. Кекілбаевтың патетикаға, ырғаққа, лиризмге, әуезділікке құрылған поэтикалық прозасында қайталаулар, тіл экспрессивтігі, инверсиялар, поэтикалық метафоралар, символдар романтикалық стиль табиғатынан туындайды.
Жазушы шығармаларында, сондай-ақ, қоғам мен адам арасындағы қайшылық, жалғыздық қасіреті, қоршаған ортаны адамның жатсынуы секілді модернизм өрнектері де кездеседі. Күнделікті күйкі тірліктен жоғары тұратын рухты, адам табиғатының трагедиялығын, болмыстың жеке тұлға тіршілігімен үйлесе бермейтін қайшылығын бейнелеген шығармаларда («Шыңырау», «Шеткері үй», «Ақырғы аялдама» т. б. ) романтикалық сипат пен модернистік ұстанымның байланысы байқалады.
Шынайы суреткердің көркемдік әлемі мен ізденістер аясы қалыптасқан тар шеңберге сыймай, одан әлдеқайда кең ауқымға құлаш ұрды. Суреткер өз заманының кезеңдік тынысына, идеологиялық қыспағына шектеліп қалмай, шығармашылық рухани ішкі дербестігін сақтап қалуға тырысты. Осыған байланысты шығармаларының идеялық тынысы мен көркемдік өрнегінде өзіндік ерекшелік, поэтикалық құбылыстар молынан ұшырасады. Алайда жазушының көркемдік жүйесінің дамуында реалистік бейнелеу құралдары мен әдістері басымдық алатыны шындық.
Ә. Кекілбаевтың шығармашылығы әдебиеттану ғылымы мен әдеби сында кеңінен зерделеніп келеді. Әдебиетші ғалымдар жазушы шығармашылығын ғылыми тұрғыдан зерделеп, арнайы еңбектер жазып, диссертациялар қорғады, ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері жазушының сан қырлы таланты туралы көптеген еңбектер жазуда. Жазушы шығармашылығын арнайы зерттеген ғалымдардың қатарында Ж. Дүйсенбаеваның, Қ. Жүсіптің, А. Исмакованың, Г. Пралиеваның, Т. Сыдықовтың, Ә. Спанның т. б. зерттеу еңбектерін ерекше айтуға болады.
Жазушының сан-салалы еңбегі, жазушылық шеберлігі туралы көрнекті қайраткерлер мен қаламгерлер С. Қирабаев, М. Жолдасбеков, Қ. Сұлтанов, С. Абдрахманов т. б. еңбектеріндегі ой-тұжырымдар өзінің құндылығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ ғалымдар мен сыншылар Қ. Ергөбек, Г. Орда, С. Жұмабек, жазушының замандас қаламгерлері Т. Медетбек, А. Жақсыбаев, Б. Нұржекеев, Г. Бельгер т. б. жазушы шығармашылығы туралы қалам тербеп, ордалы ойларын ортаға салды.
Ә. Кекілбаев шығармашылығы туралы жарияланған кейбір еңбектерді атап өтуге болады. Оларда авторлардың зерттеу нысанына қатысты Ә. Кекілбаев шығармалары поэтикасының жекелеген аспектілері сөз болады. Ғалым Ж. Дүйсенбаева «Ә. Кекілбаев және заман шындығы» монографиясында [3] Ә. Кекілбаев туындыларындағы тарихи тақырыптың игерілуі, тарих образдардың сипаты, типтендіру жолдары, жазушының тарихи құжаттар мен мұрағат деректерін пайдалануы, фольклорды қолдану машығы мен характер жасау шеберлігі секілді мәселелерге тоқталады. Жазушы шығармашылығының тарихилығы мәселесі әдеби-теориялық тұрғыдан қарастырылады. Белгілі ғалым Қ. Жүсіп «Шың мен шыңырау» әдеби сын-зерттеу еңбегінде [4] жазушының көркем мұрасының басты арнасы - прозалық шығармаларын зерделеген. Жазушының әңгімелерін, повестері мен романдарын жеке қарастырған үш тараудан тұратын еңбекте прозалық шығармалардың тақырыптық-идеялық бағдарына, көркемдік ерекшеліктеріне, образдар жүйесіне талдаулар жасалған. Ә. Кекілбаев шығармашылығын зерттеуші Ә. Спанның «Заңғар» роман-эссесінде [5] жазушының шығармашылық лабораториясына үңіліп, көптеген шығармаларының жазылу себептерін, ондағы кейіпкерлердің прототиптерін, шығармалардың автор өмірбаянына қатысы мен оларда суреттелетін орындар туралы пайымдайды. Кейбір шығармалардың идеялық-көркемдік сипаттарына да тоқталады. Сондай-ақ ғалым А. С. Исмакованың «Казахская художественная проза. Поэтика, жанр, стиль» атты зерттеу еңбегінің [6] қазіргі қазақ прозасының мәдени архетипі, көркем мәтін құрылымындағы әдеби және әдеби-эпикалық кодтар туралы тарауында Ә. Кекілбаев прозасының көркемдік-стильдік ерекшеліктері туралы кейбір соны пайымдаулар кездеседі. Автор, әсіресе, жазушының «Бәсеке» повесіндегі фольклорлық жанрдың ықпалы туралы талдаулар жасайды. Бұл еңбектерде Ә. Кекілбаев шығармаларының поэтикасына қатысты жекелеген жайлар ғана сөз болып, кейбір көркемдік ерекшеліктер арагідік талданады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz