Бақыт Беделханұлы: ҰЛЫМ, САҒАН АЙТАМ. .


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 34 бет
Таңдаулыға:   

Бақыт Беделханұлы: ҰЛЫМ, САҒАН АЙТАМ . . .

Танымал әртіс Бекжан Тұрыс көрермендерге «Ұлым, саған айтым . . . » атты моноспектакль ұсынбақ. Бұл туралы «Қамшы» порталы М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Әке - балаға сыншыл», бауыр еті баласының қурай басын сындырмас қуыс кеуде болып өспей, экран ішінде есіргендерге еліктемей, ұяда сіңірген ұятын сақтап, әулет абыройын асқақтатып, әлеуметтің жайын ойлар азамат болып өскенін қалайды. Ал, бала қашан да жаңаға ұмтылады.

Әке мен бала арасындағы тартыстың тамырлануынан тек қана түсіністік пен мейірім ғана сақтап қалады. Санаға сыймайтын сауалдарының жауабын жетелі бала ең алдымен ардақ тұтқан әкесінің болмысынан табады. Адамгершілік, қайырымдылық, елжандылық, ұлтына қызмет қылу деген арда ұғымдар балаға теориямен түсіндірілмейді, үй ішінде үлкендердің үлгісімен сіңетін абзал қасиеттер. Бүгінде үлкен мінберлерден байыбына жетіп, тереңіне бойламай айтыла салатын «ұлт, ұлттық ой, ұлттық құндылық» деген көлгірсулерден гөрі, осы бір үркек ұғымдарды ұядағы баласына ерте бастан ұғындырып, жоғатқанды түгендеп, барды бағалауға үйрететін, өз арманы мен мақсатын елдік мұратпен ұштастыруға үндейтін әке тілегі мен келешегін көңіл түкпірінде өзгеше кейіптеген бала көзқарасы әрқашан сабақтас болса игі. Кешегіге қарайлаудан гөрі жаңаның жетегімен жүруді жөн көретін, білім мен білікке көбірек сүйенген бүгінгінің көшбастар буынына иба мен иман қатар сіңсе, бірлікті берекем деп таныса, қатардан қалмасымыз анық.

Ердің жасы 50-ге келіп жатқан театрдың талантты артисі, сахна сайыпқыраны Бекжан Тұрыс ұлт дегенде ұлағатты сөз айтуға ұмтылатын сергек ойлы азаматтардың бірі ретінде, «Ұлым, саған айтам» атты мерейтойлық моноспектакль өткізіп, баласы Мағжан екеуі мәртебелі көрерменіне мағыналы кеш сыйлайды. Өнер қонған жүрегінің шырылы азаматтық көзқарасы болып айқындалған Бекжан бұл кешін әнмен әдіптеп, жырмен көмкеріп, қадіріне бойлаған қазағын Мағжан екеуі қайыра бір серпілтпек. Кеш М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында 6 желтоқсан күні өтпек.


-
Біздің театр осыдан тоғыз жыл бұрын Оралға келіп кеткен еді. Бірақ мен белгілі себептермен келе алмадым. Осы жолы көрерменнің театр өнеріне ықыласы бөлек екенін байқадым. Келгелі бері қазақтың қанына сіңген қонақжайлық қасиеттерін көрсетуде. Мұның бәрі өнерге деген құрмет деп түсінемін. Өнерпаздың еншісі ел ішінде болғаннан кейін біз елмен біргеміз.

- Енді сіздің өнер жолыңызға ойыссақ. Жалпы өнерде жүргеніңізге, Әуезов театрында қызмет еткеніңізге қанша жыл болды? Өнерге баулыған ұстаздарыңыз кімдер?

- Өнерге бала кезден құштар болып өстім. Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Шошанай деген шағын елді мекенде дүниеге келген едім. Бала шағымнан өнердің хас шеберлері Елубай Өмірзақов, Әнуар Молдабеков ағалардың өнеріне ғашық болдым. Кинодағы бейнелерін қызыға тамашалайтынмын. Олардың жасаған бейнелері, сомдаған образдары жүректе мәңгі орнықты. Солардай болсам деген арман алға жетеледі. Өнерге ес біліп, есейіп келдім. Азаматтық борышымды өтеп келген соң қазіргі Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында оқыдым. Ал өнердің қара шаңырағы - Әуезов театрында 1990 жылдан бері еңбек етіп келемін. Жоғары оқу орнының 3-курсында оқып жүрген кезде ұлы режиссеріміз, «қазақтың Тайбурылы» атанған Әзірбайжан Мәмбетов ағамыз осы театрға алып келді. Кеңестер Одағының халық әртісі Шолпан Жандарбекова, Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов, Асқар Тоқпанов секілді ұлылардан сабақ алдым. Асқар ағамыздың «Өнерді тек өнері биік адамдар ғана ала алады» деген әдемі сөзі бар. Сондай жандардан дәріс алдық. Өнерге алғаш келіп, театрдың табалдырығын аттаған кезде анам өнерге адал бол деп батасын берді. Сол қағиданы берік ұстануға тырыстым. Адалдықтан айнымай, өз мамандығыма жанымды салып, қызмет етіп келемін. Театрға қылдай қиянат жасаған жоқпын. Бүгінгідей дәрежеге жеткенім өз мамандығыма адалдығымның арқасы деп ойлаймын. Осы аралықтағы өмірім театрға телініп, театрмен бірге өріліп келеді.

- Бекжан аға, ұлыңыз Мағжан да кішкентайынан «Ұят болмасын» бағдарламасы арқылы елге танылды. Сол кішкентай Мағжан әлі де өнер жолында ма?

- Иә, Мағжан кішкентайынан сахнаға шықты. Бес жасында ойда жоқта «Ұят болмасын» бағдарламасына кастинг арқылы қабылданды. Әрине, бұл менің қалауым емес еді. Ол кезде Мағжан анамның қолында болатын. Бірде Алматыға тісін емдетуге алып келіп, үйде қалдыратын ешкім болмағандықтан, өзіммен бірге театрға ертіп бардым. Сонда балалар арасында жүріп жатқан кастингке қатысып, өзі ауылда өскен Мағжан солардың ішінде бірден көзге түсті. Бастапқыда қарсылық білдіргеніммен, кейін келісімімді бердім. Содан бастап Мағжан аталған бағдарламада ауыл баласының рөлін сомдаса, кейін Әуезов театрындағы қойылымдарда кішкентай балалардың рөлін ойнап жүрді. Осы қара шаңырақта өнерге тәрбиеленді. Өзім оны өнерге жолатқым келмей, 8-сыныпқа аяқ басқанда театрдан шығарып алдым. Өнер саласының ішінде актердің жолы өте қиын. Бұл - күрделі кәсіп, оның сыры тереңде. Талай нәрселерді жұдырықтай жүректен өткізесің, жүйкеге де, жүрекке де салмақ түседі. Өзгенің өмірін жаңартамын деп жүріп, өзіңнің өміріңе қауіп төнетін кездер болады. Актерлік өнер жолы осындай кедір-бұдырлы болғандықтан, ұлымды бұл саладан аулақ ұстағым келді. Мағжан физика-математика мектебін бітіріп, арнайы оқу грантын ұтып алғаннан кейін Энергетика және байланыс университетіне оқуға қабылданды. Бұл да - ақылдасып қабылданған шешім болатын. Үшінші курсқа келгенде өзінің жүрегі бәрібір өнер деп соғатынын жиі айтатын болды. Қарсылық танытқаныммен, келіспеске амалым қалмады. Бірақ оқуын орта жолда қалдырмай, жақсы тәмамдаймын деген сөзінде тұрды. Әскери борышын өтеді. Биыл Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясын бітіргелі отыр.

- Сіз ұлыңызды тәрбиелеу арқылы ұлт тәрбиесіне атсалысып жүрген әкесіз. «Ұлым, саған айтам . . . » деген атаумен үлкен кеш өткізгеніңізден де хабардармыз. Осы ретте кейінгі жас ұрпақтың бойынан қандай қасиеттерді көргіңіз келеді?

- Өзім ұлдарымыз рухты, қыздарымыз қылықты болса екен деп жүрген жанмын. Сол кеште ақын Бақыт Беделхан менің ұл тәрбиесі, ұлт тәрбиесі жөніндегі жүрек түкпіріндегі ойымды мына бір өлең жолына сыйғызып берген еді:

Ұлым, мен саған айтам,

Сенен басқа кімге айтам.

Жұдырықтай жүректі жұлқып алып,

Алқымыма тығылған мұңды айтамын.

Жұрт болуды ұмытқан қызды айтамын,

Ұлт болуды ұмытқан ұлды айтамын.

Салт-санамның сары алтын сандығысың,

Сенен басқа ұлым-ау, кімге айтамын.

Сол кеште оқылған Бақыт Беделханның мына бір өлеңі де көңілдің кілтін дөп басты:

Ұлым саған сенемін, сенбесем айтамын ба,

Енді саған болмайды шайқалуға,

Қан кешу замандардың қарымтасын,

Қамдан, қамдан қайтадан қайтаруға.

Жалғыз ұлтым бар және жалғыз жұртым,

Бірақ жалғыз емеспін байтағымда.

Соның бәрін жаратқан ары таза

Алаш дейтін,

Қауқар бер, күш-қуат бер қайсар ұлға!

Біз - үлкенін ардақтаған, салт-санасын салмақтаған, ата-бабадан келе жатқан дәстүрін - дәулетім деген халықпыз. Қазір бізде батысқа еліктеушілік көп. Хас өнерді менсінбей, жат өнердің жылымына түсіп, жандары жатталып барады. Олардың келешегі кемел болады деп айту қиын. Ең алдымен, баланы ұлттық рухта тәрбиелеу керек. Бүгінде тарихын, тегін, жеті атасын білмейтін, өз тілінде сөйлеуді намыс көретін ұрпақ жетіліп, өсіп шықты. Соларды көргенде жүрегің ауырады, санаңда сан сұрақ туындайды. Ұлттың ертеңі бүгінгі ұрпаққа тікелей байланысты. Телеарналардың өзінде ел-жұртты толғандыратын, ұлтты рухтандыратын дүниелер кенжелеп тұр.

Біздің кезімізде бірі - инженер, бірі - зоотехник, бірі - мұғалім болуға талпынатын. Қазір екінің бірі әртіс болғысы келеді. Өнерді жеңіл жолға айналдырып алды. Жалпы актерлық мектептің жөні бөлек. Осындай таза өнердің қор болғаны жаныңды ауыртады. Жастардың бәрін бірдей кінәлауға болмас. Бірақ басым көпшілігі осындай.

- Сіз сұқбаттарыңызда атақ үшін емес, өнерге қызмет ететініңізді айтып жүрсіз. Жалпы атақ-абырой дегенге қалай қарайсыз?

- Атақ-абыройдың келуі де бір сәттік, кетуі де бір сәттік. «Елден үмітіңді үзбе. Тілеуің елмен бірге болсын» деп жатады. Мен атақ алмай тұрған кезде де осындай болатынмын. Өнер ең алдымен ұлтқа қызмет етуі тиіс. Атақ - актердің еңбегіне берілетін баға. Соның өзінің қазір төмендеп кеткені соншалық, кез келген адам алады. Бұл - қызғаныштан туған ой емес. Кешегі тақыр жерден театр ашып, осы өнерді жасап кеткен ағаларымыз сол атаққа қандай еңбекпен жетті десеңізші. Ал қазір жылт етіп көріне сала, атаққа ие болған адамдарды көргенде жаның ауыратыны рас. Тіпті қайраткерлердің өзін қолдан жасаудамыз. Аспанға түкіріп жүргендер көп, бірақ сол түкірігі айналып бетіне қайта түсетінін солар білмейді-ау. Мен үнемі осындай ойларымды ұялы телефонға түсіріп қоюды әдетке айналдырдым.

Ауылдан ұзап шыққан балаға «бәленшенің баласы» деп емес, «қазақтың баласы» деп қарайды. Мұны мен әр ортада айтып жүремін. Әрқайсысымыз «қазақтың ұлы», «қазақтың қызы» деген атқа лайықты өмір сүруіміз керек. Өтірік ғұмыр кешуді өмір сүрудің негізгі тегіне айналдырып алған қазіргі құйтырқы адамдардың тірлігін көргенде жүрегің ауырады. Жастарға керегі - ұлттық рух. Рух бар жерде қыз - ұятсыз, ұл - ұлағатсыз болмайды.

- Қазақ театр өнерінің бүгінгі деңгейіне көзқарасыңыз?

- Көштен қалмай, бірде ары, бірде бері ілбіп келе жатырмыз. Жарқырап кеткен түгіміз жоқ. Кемшілігіміз де, жақсы тұстарымыз да бар. Әлі де алдағы күннен үміт көп. Театр кешегі Шаниннен бастау алады. Кезінде біздің театрдың әлемдік деңгейге көтерілген кездері болды. Арасында толқулар болып тұратын шығар. Тоқыраулар да болды, енді қайта еңсесін тіктейтін шығар деген ойдамыз.

Өнер - ұлтқа қызмет ету керек дегенмен, оны екінің бірі ұға бермейді. Шынайы ұлттық болмыс байқалмайды. Ел басына күн туса, жарқырап алдан көрінетіндер жоқтың қасы. Кім біледі, мұның да оларға пайдасы бар шығар. Енді біреулер кинода жүреді. Сол киноға кешегі Сер-ағалар да (Серке Қожамқұлов) түскен. Қазақтың киносын жасаған солар. Олар театрда жұмысы бар кезде үш күн бұрын түсірілім алаңын тастап кетіп қалатын. Сонау Нарынқолдан жаяу тартып кеткен кездері де болған. Бүгінгі жастарда ондай ерлік жоқ. Керісінше, театрға келмей қояды. Мұның өзі - өнерге қиянат. Сөзі мен ісі қабыспайтын жандар да бар. «Мен» деп кеудесін керетіндер көп. Талант пен танымалдылық - екі бөлек нәрсе. Осылайша өнердің қадірін қашырып алдық.

- Ұлттың жанашыры ретінде өзіңізді мазалаған ойларды ұялы телефонға сақтап қояды екенсіз. Осындай сұқбаттарда да оқырманға ой салар, көңілге түйген тағылымы мол ой-пікірлеріңізбен бөлісесіз. Соның барлығын бір кітапқа жинақтап, оқырманға ұсыну ойыңызда жоқ па?

- Қазіргі уақытта жұрттың бәрі кітап шығарғыш болып кетті ғой. Бірақ мен бұл жайлы ойланбаппын. Өзім үшін жазып қоямын. Жалғыз өзім қалың ойдың жетегінде отырып, көңілге түйген жас ұрпақ, бүгінгі қоғам, өмір мен өнер жайлы ұялы телефонға жазған жазбаларым бүгінде 700-ге жуықтап қалыпты. Оның кәдеге асатын кездері де көп. Осындай сұқбаттарда айта жүремін.

- Отыз жылға жуық өміріңізді театр өнеріне арнапсыз. Осы уақыт аралығында қандай рөлдерді сомдадыңыз?

- Күні бүгінге дейін үлкенді-кішілі әр түрлі жанрдағы 50-ге тарта рөлде ойнадым. Соның ішінде көрерменнің ерекше ұнататын кейіпкерлері болады. Шәкәрімді, «Адасқақтағы» - Біржан, «Сыған серенадасындағы» - Шәмші, «Қош, махаббаттағы» - Бағдат, бір «Абайдың» өзінде бірнеше рөлді сомдадым. Әшірбек ағамыз айтатын «Комедияға жан салмайтын актер, ол - Бекжан» деп. Бір кездері мені режиссерлер комедияда көп ойнататын. Ал қазіргі рөлдерім көбіне трагедиялар мен драмалардан бұйырады. Жасандылықты жек көремін, сахнада шынайы ойнауға тырысамын. Кейіпкерлерімнің бейнесін аша алмасам, өзімді одан сайын қайрап, олқылықтың орнын толтыруға тырысамын. Театрды бір кісідей танып-білетін адамдар менің бір-біріне ұқсамайтын образдарымды жадында сақтары сөзсіз. Ол образдарды елдің ішінен іздейтінмін. Бір кездері өз кейіпкерлерімді танып-біліп, сезіну үшін жындыханада, қарттар үйінде тұрғаным бар.

- Сұқбатымыздың соңын осы сапар барысымен түйіндесек. Тарихы тереңнен бастау алатын Орал қаласы сізге ұнады ма?

- Оралға бұған дейін де келіп жүргенмін. Бұл жолғы сапарда ұзақтау аялдадық. Қала Астана секілді жыл санап өсіп келеді екен. Әсіресе, қазақы ортаның көптігі көңіл қуантты. Жаңа, әдемі шағынаудандар пайда болған. Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында болдым. Қаланың тазалығы, халқының қонақжайлығы ұнады. Театрдың да өз көрермендері қалыптасқан секілді.

- Бекжан Асаубайұлы, сырлы сұқбатыңызға, тәлімді ойларыңызға рахмет! Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірімізге ат басын бұрған бұл сапарларыңыз бен сіз айтқан дүниелер оқырманға ой салары сөзсіз.

Түйін: Бекжан Тұрыспен сұқбаттасып, оның әсерлі әңгімесін тыңдай отырып, оның бір бойынан ұлтқа, өнерге жанашыр азаматтың, қамқор әкенің, сахна шеберінің бейнесін көре алдық. Талмай еңбектеніп, шаршамай ізденіп, театр сахнасында әр түрлі рөлдер жасаған өнер иесінің шынайы келбетін көрдік. Кітап оқуға жаны құмар кейіпкеріміздің рухани жан-дүниесінің тазалығы да тәнті етті.

Бекжан Тұрыстың орамды ойларынан

***

«Сөз азаттығы, ой бостандығы шектелген бүгінгі қоғамдағы жандар қысқа тіршілікте лайықты өмір сүрудің орнына адамның рөлін ойнап жүрген құбыжық сияқтымыз. Кейде керемет жарқырап тұрған, қолдан жасалған адам мүсіндердің арасында өмір сүріп жүргендей боламын. Әділетті - ойыншыққа, адамды - қуыршаққа айналдырдық. Арлының сорын, арсыздың түгін қайнатып, жылпостың жүзін жайнатып қойдық. Ғылымды саудаға, өнерді қалжаға айналдырған шаян құйрық, сиыр бүйректенгендер елдің берекесін алып болды. Өнер - өмірдің үзілмес бір бөлігі, ал сахна - сезімтал жандардың мекені дейміз. Өкінішке орай, бүгінде сезімталдық кез келген өнер адамының бойынан табыла бермейді. Артыс-тартысты, алыс-жұлысты өнерім деп білетіндер көбейді. Қазіргі өнер жеке бастың қамына қарай һәм атақ пен абыройға қызмет ететін болды. Бізде қазір шын жақсысын емес, көңіл жарасқан өз тапшысын асыра мақтау әдетке айналып кеткен. Адалдық жоғалып, арамдық молайған кезеңнің бәрі мақтау, мадақтау. Ал сол мақтау арқылы біреуді өсіруге, енді біреуді өшіруге де болатынын білеміз бе?! Тұлға деген аяулы ұғымды, ең биік өлшемді кез келген көлденең көк аттының қанжығасына байлап беріп жүрміз. Ең болмаса, солардың арасында жілігі татитыны болса ғой дейсің. Атағынан ат үркетін ағалар бар, алты ауыз сөздің арқауы болар ой айтпайды. Күні кешегі жұрттың абыройы, ар-ожданы, тәлімгері, мақтанышы дейтін қаламгерлер өздері айтысып, бір-бірін даттауға көшті. Сонда бүгінгі ұрпақ кімге қарап бой түзейді? Бүгінгі мастанып, босқа көкіп жүргендер кісіліктің жолына түссе, өмір мен өнердің қадірін білсе дейсің. Шындықтың бетіне тура қарасақ, кемшілігіміз жетіп жатыр. Кемшіліксіз адам болмайды, оны өзі де аңғармай қалатын кез болады. Соны ескерткенде, қателік санап, қабылдай біліп, түзетуге тырысса, адам боп жаралған соң, өз мінін өзі түсініп тұрса, олай болмаған күнде мініңді тауып айтқан адамды қауып алмай, соны мойындап, түзетуге қам қылса ғой дейсің. Өкінішке қарай, олай емес. Бізде қазір шыны керек, «өзім білем» деушілер көп. Сол «өзімбілемдік» талайды орға жықты. Көңілдің іздейтіні көп, табары жоқ. Амалым қайсы . . . »

***

«Әр ұлттың өз болмысы, ерекшеліктері болады. Оның әрқайсысы - бүкіләлемдік, бүкіладамзаттық мәңгілік құндылық. Біз бүгінде өз құндылығымыздың ішінен қажетімізді таба алмай жүрміз. Ол рас. Ұлын айбар, қызын әдеп тұтқан ел болатынбыз. Ұрпағымыз сылдыр ой қалыптасқан салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптың жөн-жосығына ықыласпен, шын пейілмен бет бұрса дейсің. Бірақ, амал қайсы, бет бұра алмай жүр. Бүгінгі идеологияның әлсіздігі - қазіргі жас ұрпақты қазақтың өзіне тән мінез-құлықтан, қазақы қасиеттен алыстатып бара жатқандығында. Жастардың көбі өз ұлтының бай тарихын, мол мұрасын білмейді, саналарында жаһандық жасанды мәдениет ессіз ентелеп тұр. Телеарнаны қоссаңыз, қаптаған мағынасы жоқ, ұлттық үлгіден жұрдай сериалдар, қазақ менталитетінен алшақ, тәлім-тәрбие бермейтін түрлі бағдарламалар. Елге ой салатын, жұртты оятатын, ұлтты рухтандыратын дүниелер діңкелеп тұр. Тау толғатып, тышқан тауыпты дегенде құрықтан қамшы сабын шығара алмайтын өз олақтығымызда жатқан сыр бұл. Сондықтан тарихымыздың жоғын жоқтап, кем-кетігін толтырып, кемшілігін түзеуге әрдайым дайын болуымыз керек. Ұлтын сүйе білетін терең ойлы, текті ұрпақ қана ұлт рухын жоғары көтереді. Ұлттық рух пен сананың амандығы - жалпы әлемдік санатқа жаңа іліне бастаған ел амандығы. Елдік салтымызды сақтай отырып, егемендік қалпымызды қорғауға бірге қызмет етсек, шіркін!»

***

«Ұлттың ертеңгі рухани сапасы бүгінгі жеткіншек ұл-қыздың тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты. Ұлттың ұлы болуы да, ұсақ болуы да ұл-қызымыздың мақсат-мүдделерінің ұлылығы мен ұсақтығына байланысты. Күбірлеп ой қазбайтын, дүбірлеп тойда озбайтын, артыс-тартысты өнерім деп білетіндер көбейді. Бүгінгі жастардың басым көпшілігі дәстүрлі таным мен талғамнан көз жазып барады. Өзінікін жатсынады, жаттың жылтырағына әуес. Думаншыл шоу көбейді. Көптің көңілі жеңіл, арзан күлкіге сатылып барады. Ұлттың шынайы тыныс-тіршілігін, боямасыз өмірін көрсететін дүниелер жоқтың қасы. Бүгінгі ұрпақтың жаһан дүниенің көшінен қалмай, атыс-шабыс кинолар мен даңғырлаған даңғаза әуеннің жетегіне еріп бара жатқаны да жасырын емес. Жаңашылдыққа көзсіз ұмтылып, ұлттың бет-бейнесін жоғалтып бара жатқан жастарымыз үшін дәстүрлі тағылымы мол құндылықтарымыз жайлы өз ойымда жүрген дүниені сыртқа шығарғым келгені де бұл»

***

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ұлылардың ұлағатты сөздері
Ақын және домбыра. Поэзиядағы домбыра бейнесі
Ж.Нәжімеденов шығармашылығының көркемдік жүйесі
Жұмекен Нәжімединов шығармаларындағы қосарланған синонимдер
Қазіргі қазақ поэзиясының даму барысы
Отбасы – көркем әдебиетте
Көркем тілді адамтану парадигмасы тұрғысынан зерттеу (Ж.Нәжімеденов өлеңдерінің тілі негізінде)
Ұлттық тәрбиенің өзегі - адамгершілік тәрбиесі
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы
Қазақ тіліндегі синонимдердің зерттелуі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz