ХАЛЫҚ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ӨТІРІК ӨЛЕҢДЕР туралы


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 54 бет
Таңдаулыға:   

Зерттеу жұмысының сипаттамасы. Қазақ халық ауыз әдебиетінің қалыптасып, даму тарихын зерттеу мәселесі, оның ішіне балалар фольклорының жанрылық құрамын айқындау қазақ фольклортану ғылымының өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Ғалымдар арасында «балалар фольклоры» терминінің ауқымына қандай шығармаларды сыйғызуға болады деген сауал төңірегінде көптеген пікірлер бар. Бірқатар ғалымдар балалар фольклорына тек балалар өздері айтып, өзддері орындайтын, бүлдіршіндер арасында ғана өмір сүретін шығармаларды енгізуді ұсынса, енді бірқатар зерттеушілер балалар фольклорына тікелей бала тәрбиелеуге қатысты барша шығармаларды жатқызу шарт, сондықтан оған үлкендердің балаларға арнап айтатын туындылары да енеді деген пікірді ұстанады. Тұтастай алғанда балалар фольклорын іштей топтап, жанрлық түрлерге саралауға біржола қалыптасқан, айнымас ұстам әлі жоқ. Бұл жалпы бүлдіршіндер мұрасының өзіндік табиғатының аса күрделілігінен болса керек. Ғалымдар екіұдай болғанымен, балалар фольклорында өзіндік орны айқын, бала тілін, ой-қиялын дамытуға, бала көңілін сергітіп, сөздің астарлы сырын ұғуға септігін тигізетін жанрлардың бірі - өтірік өлеңдер.

Қазақ жастары ұйымдастырған әдеби ойын-сауық кештері бұл жанрдың қалыптасуына негіз болды, яғни алғашқыда өтірік өлеңдер үлкендерге арналған шығармалардың бірі болса, ейіннен келе балалар арасынан көрініс тапты.

Зерттеу жұмысының өзектілігі. «Қазақ баласының шыр етіп жерге түскенінен ер жеткенге дейінгі ғұмыры өлеңге толы. Қазақ баласының алғашқы еститіні - ана әлдиімен барлығы дерлік өлеңмен өрнектеліп келсе, бозбалалық шақ негізінен махаббат жырларына толы» [1, 51], - деп М. Дулатов айтқандай, қазақ халық ауыз әдебиеті мұралары жетерлік. Баланың дүние есігін ашқанынан бастап, қартайғанға дейінгі өмірі, тұрмысында кездескен, басынан өткен жайларының бәрі де ауыз әдебиетінен көрініс табады. Осы мұраларды зерттеу, жинақтау, жариялау ісі әрқашан өзекті болып келеді. Сонымен қоса, өтірік өлеңдерді де бүгінгі ғылым жетістіктері тұрғысынан қарастырып, арнайы сөз ету қазақ фольклортану ғылымындағы көкейкесті мәселелердің бірі.

Өтірік өлеңде таудай нәрсе тарыдай, не керісінше таудай нәрсені тарыдай етіп көрсету қажет. Өмір шындығы өлең жолдарында фантастикалық дәрежеде көрсетілуі тиіс. Сонда ғана шығарманың тыңдарманы табылып, ол бала жанын еліктіріп, арман-қиялын қанаттандыра түседі, аса қызықты сипатта көрініп тұрған салыстыра білуге ынта-ықыласы артады. Баланың ойын оятып, зейін-зердесін кеңейту үшін ақын нағыз шебер болуы тиіс, күнделіктегі тұрмыс-тіршіліктегі таныс зат, құбылыстарды қарама-қарсы шендестіре, әсірелей суреттеуі, адам ойына келмейтін дәрежеде қиыстыруы тиіс.

Сонымен, өтірік өлеңдердің қалыптасып даму тарихын зерттеу, жинақталып, баспа бетінде жариялануы, әрі көркемдік ерекшеліктері мен жанрлық сипатын анықтау біздің жұмысымыздың өзектілігі болып табылады.

Зерттеу жұмыcының ныcaны . Ғалымдардың өтірік өлеңдердің зерттелу, жинақталу, жариялау жұмыстарының тиімділігін анықтау. Зерттеудің негізгі мaқcaты. Қазақ халық ауыз әдебиетіндегі өтірік өлеңдердің қалыптасуы мен дамуын, балалар фольклорында алатын орнын айқындау.

Зерттеудің негізгі міндеттері:

- Өтірік өлеңдердің зерттелуінің негізін көрсету;

- Өтірік өлеңдердің жиналуы мен жариялануын мысалдар арқылы практика жүзінде дәлелдеу;

- Өтірік өлеңдердің жанрлық және көркемдік ерекшеліктеріне сараптама жасау.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Өтірік өлеңдердің ерекшеліктері мен қажеттіліктерін, тәрбиелік мәнін ашып көрсету.

Зерттеудің дереккөздері. М. Дулатов [1], А. Байтұрсынұлы [5], М. Ғабдуллин [7], К. Ісләмжанұлы [11] ғылыми еңбектері дереккөздер ретінде қолданылды.

Зерттеудің әдіcнамалық материалдары. Жұмыстың ғылыми негізі ретінде А. Байтұрсынұлы, З. Сейітжанұлы, З. Ахметов еңбектері алынды.

Зерттеудің теориялық және практикалық мәні. Зерттеу жұмысында алынған нәтижелері халық ауыз әдебиеті пәнінің тәжірибелік мәселелерін қарастыруға көмектеседі.

Зерттеу жұмыcының құрылымы: Зерттеу жұмыcы кіріcпеден, екі тaрaудaн және қoрытынды мен пaйдaлaнғaн әдебиеттер тізімінен тұрaды.

І ХАЛЫҚ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ӨТІРІК ӨЛЕҢДЕР

1. 1. Өтірік өлеңдердің зерттелу тарихы

Халық ауыз әдебиеті - талай ғасырлар жемісі. Халық жыраулары, жыршылары, ертекшілері осы сонау ықылым заманнан рухани асыл қазына ретінде сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп, бүгінгі біздің дәуірімізге жеткізген. Адамзат өзінің сонау балаң кезінде, табиғаттың жұмбақ, тұңғиық сырына ойы жете алмаған кезінде сол табиғаттың сиқырлы алуан жұмбағын шешсем, оны өз игілігіме жаратсам, бағындырсам деген арманын өзінің ауыз әдебиетімен бейнелеген. Адамның табиғаттың дүлей, мылқау күшімен арпалысы да сол ауыз әдебиетінде өрнектелген. Қоғамдық, әлеуметтік, экономикалық өмірдің ілгерілеуіне, адамның ой-санасының өсуіне, өзін қоршаған табиғаттың сырына терең бойлауына байланысты ауыз әдебиеті де мазмұны, формасы жағынан байып, дамып отырған.

Халық ең асыл өнері - бай ауыз әдебиеті арқылы өзінің тарихын, халықтық рухын бейнелеген. Қорыта келгенде, ауыз әдебиетінің толып жатқан түрлерін эпостық, драмалық және лирикалық жанрдың маңына топтауға болады.

Жалпы «фольклор» ағылшын сөзі, «халық даналығы» деген ұғымды береді. Алайда, бұрынғы кеңестік елден басқа өркениетті елдерде «фольклор» кең мағынада түсіндірілген. Оған халық музыкасын, халық биін, халық өлеңін, халық театрын, халық әдебиетін, халық қолөнерін, ырымдар мен ғұрыптарды, салттар мен нанымдарды жатқызады.

Фольклордың қалыптасып даму тарихын, тектері мен түрлерін зерттеу ісі қай кезеңде болмасын әдебиетші ғалымдардың басты назарында болған. Фольклор ұлттың халық болып қалыптасуындағы басты тармақтардың бірі болып табылады.

Қазақ халық ауыз әдебиеті жайына көңіл аударып, ой-пікір білдіру ісі XVIII ғасырдан бастау алады. Қазан төңкерісінен бұрынғы фольклордың зерттелуін өз ішінен екі кезеңге бөліп қарастырамыз. Бірінші кезең XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың ортасына дейінгі уақытты, ал екінші кезең XIX ғасырдың II жартысы мен XX ғасырдың басына дейінгі уақытты қамтиды. Бірақ, XVIII ғасырда фольклор жеке бір ғылым ретінде зерттелмей, тек қазақ халқының тарихын, әдет-ғұрпын толығырақ білу мақсатында қосымша ретінде ғана қарастырылды. Сонымен, бұл кезеңде қазақ фольклорының жанрлық түрлері арнайы жиналып зерттеу нысаны болған жоқ [2, 10] .

XIX ғасырдың I жартысында қазақ фольклорын зерттеу жұмыстары, негізінен алғанда, тарихи-этнографиялық сипатта болды. Қазақ фольклорының жанрлық жүйесі мен идеялық-көркемдік ерекшеліктерінен гөрі, өлең-жырлардың қай жерлерде, қандай себеппен айтылғандығы, ақын-жыраулардың өнері молырақ сөз болды. Зерттеушілер өз көздерімен көрген жәйттерді, содан алған әсерлерін қағаз бетіне түсірген. Бұл кезеңнің зерттеушілеріне Г. Ю. Клапрот, Г. Н. Спасский, Ф. Назаров, Г. Мейендорф, А. Каменский, т. б. зерттеушілерді жатқызамыз. Олардың еңбектері мақала және кітап түрінде жарық көріп отырған [3, 21] .

Қазақ халық ауыз әдебиетіндегі өтірік өлеңдерді жүйелі, толығырақ зерттеу ісі, ғылыми мақсатта хатқа түсіп жариялана бастауы XIX ғасырдың II жартысынан басталады. Бұған себеп қазақ халқының Ресей құрамына толық еніп, қоғамдық-экономикалық, саяси-әлуметтік жағдайының өзгеруі. Бұл кезеңде қазақ фольклоры мен этнографиясын зерттеу екі бағытта жүзеге асты. Алғашқылары - әскери адамдар мен саяхатшылар. Олар қазақ жерінің топографиясы жасап, жер-су, тау-тас, мекен-жацына байланысты әңгіме-аңыздарды хатқа түсіру ісімен айналысты. Екіншілері - шенеуніктер мен миссионерлер. Олар қазақ тілін зерттеп, қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздіктер жасады, орыс әріпінде жазылған оқулықтар жазды. Сонымен қатар, ауыз әдебиеті шығармаларын да өз мақсаттарын пайдаланды. Сөйтіп, 80жылдардан бастап, әсіресе, 1890-1900 жылдар аралығында қазақ халық ауыз әдебиеті жөнінде ғылыми еңбектер мен библиографиялық көрсеткіштер жиі шыға бастады. В. В. Григорьев, В. В. Вельяминов-Зернов, Н. Ф. Костылецкий, И. К. Березин, Н. И. Ильминский, А. Е. Алектров, А. В. Васильев, П. М. Мелиоранский, А. П. Харузин, Н. И. Гродеков, Н. Ф. Катанов, Я. Я. Лютш, Г. Н. Потанин, В. В. Радлов сынды т. б. зерттеушілер қазақ фольклоры мен этнографиясын жинауға ат салысты.

Мәселен, В. В. Радлов бастырған «Түркі руларының халық әдебиеті нұсқалары» жинағының үшінші томы түгелдей дерлік қазақтың ескі ауыз екі шығармаларынан тұрады. Мұнда ол қазақтың тұрмыс-салт жырлары мен өлеңдерін «Үлгі сөз», «Бата сөз», «Ұзатқан қыздың өлеңі», «Жоқтаған жыр», «Қайым өлең», «Бақсының сөзі», «Қара өлең» деп мазмұнына қарай бірнеше тоопқа бөледі. Барлығы отыз алты өлең. Соның он бірі - үлгі сөз, біреуі - бата сөз, сегізі - ұзатқан қыздың өлеңі, төртеуі - жоқтау жыр, төртеуі - қайым өлең, біреуі - бақсының сөзі, жетеуі - қара өлең. В. Радлов өтірік өлеңді «Қара өлең» деп аталатын бөлімге топтастырады және 12 шумақтан тұратын өтірік өлеңді мысалға келтіреді. Дәл осы нұсқаны фольклортанушы, әрі ақын М. Көпеев те жазып алған. Фольклорға тән заңдылық бойынша бұл екі нұсқаны салыстыру барысында кейбір өзгешеліктер байқалады [4, 12] .

Жалпы әлемдік фольклортану ғылымында фольклорлық шығармаларды сюжеті, салт дәстүрге қатысы, айтылу мақсаты мен орнына қарай үлкен екі салаға бөлетіні белгілі. Олар: ғұрып фольклоры және көркем фольклор. Бұл жіктеу көптеген халықтар фольклортану ғылымында орныққан. Орыс фольклортану ғылымында оларды «бытовой фольклор» және «художественный фольклор» деп қарастырады. Ғұрып фольклоры дегеніміз тұрмыс-салт, наным-сенім, ұлттық дүниетаным негізінде туған сюжетсіз әрі синкретті сипаттағы халық поэзиясы болып табылады. Ғұрып фольклорына тұрмыс-салт жырлары, мұң-шер өлеңдері, үйлену салт жырлары және т. б. халық поэзия жанрлары жатады. Көркем фольклор деп мазмұны, тақырыптық-идеялық ерекшелігі, оқиғалар желісі, сюжеттік құрамы, композициялық құрылысы, образдар жүйесі және поэтикасы негізінде халық өмірін суреттеген сюжетті көркем шығармалар жиынтығын айтамыз.

Көркем фольклор құрамына қазақ эпостары, ертегілері, хикаялар және сол сияқты сюжетті халық поэзиясы мен проза жанрларын жатқызамыз.

Қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салушы, теоретик А. Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» еңбегінде жоғарыда аталған жалпы типологияға сүйеніп, қазақ фольклоры жанрларын үлкен 2 салаға топтайды. Алғашқысы - сарындама, екіншісі - сауықтама. Сарындама - фольклордың халықта өмір сүріп келе жатқан салт-санаға байланысты саласы. Осы сарындаманы өз ішінен салт өлең, ғұрып өлең және қалып сөз деп жіктейді. Ал, сауықтама деп барынша сауық үшін айтылатын жырларды атайды. Бұл жырлар да өз ішінен ермектеме, ертегі жыр және ертегісімек деп бөлінеді. Осының алғашқысы сауықтаманың ермектеме немесе ермек сөз деп аталатын торабына ертегі, жұмбақ, жаңылтпаш және өтірік өлеңді жатқызады. Біз қарастырып отырған жыр - өтірік өлеңнің қалай пайда болғандығы жайлы ғалым мынандай бір ертегіні мысалға келтіреді: «Бір хан қиысын келтіріп, қырық ауыз өтірік өлең айтқан адамға қызын берем деген. Соған біреу қырық ауыз өлең айтып, қызын алған дейді» [5, 384] .

Өтірік өлеңге М. Ғабдуллин мынандай анықтама береді: «Қазақтың ертедегі салты бойынша, ойын-сауық кездерінде айтылатын өлеңнің бір түрі». Бұл жанрдың ерекшелігін былай түсіндіреді: «Нақтылы деректерді мол шеберлікпен үдеген фантастикалық дәрежеге жеткізу, адамның ойына келмейтін «өтірік» әңгімеге айналдыру қазақ ауыз әдебиетіндегі өтірік өлеңдер түрінің негізгі бір ерекшелігі болып табылады». Сонымен қоса, өтірік өлеңде тарыдай нәрсені таудай етіп, не керісінше таудай нәрсені тарыдай етіп көрсету қажеттігін де ескертеді. Себебі, сонда ғана ол бала жанын еліктіріп, арман-қиялын қанаттандыра түседі. Жалпы айтқанда, нақтылы деректерді мол шеберлікпе үндеген фантастикалық дәрежеге жеткізу өтірік өлеңдердің негізгі бір ерекшелігі болып келеді.

Осы тұста ғалым Б. Шалабаевтың мына бір пікірімен келіседі: «Өтірік өлеңдер айтайын деген ойын суреттейін деген көріністерін тыңдаушыға әсірелеу, бейнелеу, шендестіру арқылы жеткізіп отырады» [6, 211] .

Өтірік өлеңді айту оңай болғанымен, шығару оңай емес деп есептейді М. Ғабдуллин. Ол ақыннан ақындық өнерді талап етумен қатар, қиял-ойдың мол болуын қажет етеді. Бұл ойды дәлелдеу үшін өтірік өлеңдерден мысал келтіреді:

Бір қоянды міндім де аспанға ұштым,

Екпініне шыдамай жерге түстім.

Алты күндей ақ боран соғып еді,

Жалғыз қурай түбіне ас қып іштім

Немесе:

Дүниенің ауыры үрген қарын,

Жалғыз өзім көтердім соның бәрін.

Алты атанға үш төстеп артып едім,

Көтере алмай жығылды атандарым.

Немесе:

Аспанға алты жерден тіреу қойдым,

Той қылып мың масаны сонда сойдым.

Жүрегін біреуінің төрт бөліп жеп,

Нансаңыз өмірімде бір-ақ тойдым.

Бұл келтірілген мысалдарда суреттелген көріністердің бәрі де әсірелеу, шендестіру ретімен берілген. Бір нәрсені екіншісіне салыстыра отырып әдемі бейнелер жасаған. Сонымен қатар, нақтылы шындықтан алынған жанды-жансыз деректерді тыңдаушыға қызықты түрде жеткізе алған. Бұлардың бәрін автор өз атынан, өзін қатыстыра айта отырып, адам сенбестік күлкілі әңгімелер тудырған. М. Ғабдуллин өтірік өлеңдердің авторларын «жыршы-ақын» деп атайды [7, 68] .

Өтірік өлең - қазақ халқының тұрмыс салтына байланысты шығарылған ауыз әдебиетінің көне түрі. Біріне бірін шендестіре айту арқылы бір заттың екінші заттан өзгешелігін көрсету болып табылады [8, 211] .

Ал, зерттеуші З. Ахметов өтірік өлеңге «Өтірік өлең дегеніміз - қазақ ауыз әдебиетіндегі өмір құбылыстарын шындыққа жанаспайтындайй етіп айтатын өлең түрі. Негізінен алғанда өмірде бар нәрселер өлең қылып айтылады, бірақ сол нәрселердің сипат-ерекшеліктері, қимыл-әрекеттері табиғи қалпынан өзгертіліп, мүлдем нанымсыз етіп көрсетіледі. Сондай-ақ әртүрлі жануарларға, аң-құстарға, жәндіктерге адам істейтін әрекеттрер телініп айтылады немесе адамның істейтін істері шындықтан алшақталып сипатталады», - деген анықтама береді және мынандай өлеңді мысал етеді:

Бақа қызын беріпті көбелекке,

Жүгіріп қара шыбын жеңгелікке.

Құмырсқаның бір туын ұстап алып,

Той қылып, ат шаптырды төңірекке.

Немесе:

Ақ тышқанға күмістен таға қылдым,

Көр тышқанның терісін жаға қылдым.

Көбелектің терісін жыртпай сойып,

Он бес қарыс жиындық саба қылдым.

Он бес жігіт жиылып көтере алмай,

Енді саба қылмасқа тоба қылдым.

Сонымен қоса, зерттеуші З. Ахметов өтіріктердің халық ауыз әдебиетіндегі өзіндік ерекшелігін былай суреттейді: «Өтірік өлең халық поэзиясында айрықша тапқырлықтың, өмір шындығын жақсы біле отырып оны өзгертіп, қисынсыз түрге келтіріп айтуға шеберліктің белгісі ретінде бағаланған. Асылында, қисынсыз нәрселерді қиыстырып айтып, өтірік өлең шығару да оп-оңай нәрсе емес және өтірік өлеңнің адамның ой-қиялына түрткі болып, көңілін көтеру жағынан да өзіндік мәні бар. Өйткені, өтірік өлең құлаққа тосын естілетін, ақылға қона қоймайтын қисынсыздығымен, тыңдаушысын, оқырманды елең еткізіп, таң қалдырып, айтылған жайларды зейінге алып, өтірік пен шындықтын арасын барлап, байқауға, ойлануға мәжбүр етеді. Қисынсыз нәрсенің сондайлық екені былай да ап-анық сияқты болғанымен, оның өтірік екені шындықты жақсы түсіну арқылы айқын аңғарылады», - дейді [9, 160] . Осы бір анықтама арқылы өтірік өлеңнің де өзіне тән танымдық мәні барын ұға аламыз.

Халық ұғымында бала бес жастан бастап өзінше дәурен кешеді және бұл жастағы баланы «ойын баласы» деп атаған. И. С. Кон осы жастағы балаларға қатысты: «. . Барша халық бес пен жеті жас мөлшеріне ерекше мән береді. Бес, жеті жаста бала естияр болады деп есептеледі де, жаңа әлуметтік жүк арқалай алатындай орнықты мінезге ие болады», - дейді. И. С. Кон бұл жастағы балалардың әлуметтік қызметіне ата-аналардың балаларға өздерінен кішілерді бағып-қарауды, мал-жанға қарауды, басқа да үй ішілік жұмыстарды сеніп тапсыра бастауын, балалар бұл тараптағы міндеттерді өз мойнына жауапкершілікпен ала алатындығын айтады [10, 97] .

Бұл жастағы балардың әлуметтік орны, ойнайтын ойыны, ойы мен сөзі және айтатын жыры өзгереді. Осыған сай, К. Ісләмұлы бұл жастағы балалар поэзиясын «жеткіншектер поэзиясы» деп атап, оны іштей маусымдық жырлар, арнау-тілек өлеңдері, тақпақтар, сұрамақтар, қызықтамалар, мазақтама және өтірік өлеңдер деп жіктейді. Өтірік өлеңге ғалым «Қазақ халық поэзиясындағы ерекше қызғылықты, балалар құмарта тыңдап, қызыға жаттап алатын фольклорлық жанр» деп анықтама береді. Сонымен қоса, өтірік өлеңді бүлдіршіндер ғана емес, үлкендер де сүйсіне тыңдайды, тіпті бүгінгі айтыста да бұл жанр тіріле, жаңа қырынан танылып жүргендігін тілге түйреу етеді. Сол сияқты халық «Тазша баланың қырық өтірігі» жөніндегі ертегіні де ұрпақтан-ұрпаққа қастерлей жеткізіп келетіндігі аян. Бұл өтірік өлеңнің қазақ халық ауыз әдебиетіндегі көне де, дәстүрлі жанр екендігінің айғағы болып табылады. Біз білетіндей, ел арасында өтіріктің қара сөзбен айтылатын түрлері де мол кездеседі. Тіпті, әр ауылдың өзінің қиыннан қиыстырып, «өтірікті тыңдай, ақсақты тыңдай» қылып әңгімелейтін адамдары болған. Бұл күндері белгілі Әлімжанның өтірігі, Судырахметтің өтірігі делінетін әңгімелер айқын айғақ [11, 81] .

Өтірік өлеңді іштей үлкендерге арналған және балаларға арналған деп шартты түрде жіктейміз. Үлкендерге арналған өтірік өлеңдердің негізгі тақырыбы - өмір шындығын көрсету. Бұл шығармаларда қарама-қарсы жағдайлар баяндалып, келтіре ұйқастырылып отырады. Байдың сараңдығын, ханның қаталдығын күлдіре отырып қатты сыналады. Бұл ақындардан ерекше тапқырлықты қажет етеді. Халықтық өтірік өлеңдерде осы тапқырлық молынан кездеседі. Сонымен, мұндай өтіріктерде әрқашан әлуметтік салмақ жатады.

Балаларға арналған өтірік өлеңдерге келер болсақ, балалар репертуарындағы өтірік өлеңдердің ересектер жырынан үлкен ерекшеліктер бар. Ең алдымен, балалар өлеңдерінде үлкендер өтірік өлеңдеріндегі салмақты әлуметтік ой, терең мағына байқала бермейді. Олардың құрылысы қарапайым болыпкеледі. Көбінесе төрт жолдан тұратын қара өлең үлгісіндегі қысқа шумақтардан келеді және ұзақ сонар сюжет те жоқ. Өлеңдердегі жан-жануарлар да балаларға күнделікті өмірден таныс болып келеді. Мысалы:

Мініп алып құртқа,

Өрмеледім бұлтқа.

Алып келіп Айды,

Көрсеттім көп жұртқа.

Немесе:

Жасадым жұмыртқадан алтын табақ,

Сүңгі мұзды боршалап еттім тамақ.

Шегірткенің сирағын қасық жасап,

Ертеден кешке дейін іштім шалап.

Осы сынды қазіргі өтірік өлеңдердің табиғаты жайлы Ш. Ахметов былай дейді: « . . . біздің заманымызда туған өтірік өлеңдер балаларды мәз-мейрам етіп, көңіл-күйін өсірумен қатар, оларды қиял пырағына мінгізеді» деп бағалап, «адам қиялының, арманының өрісін кеңейтетін, қиыннан қиыстырып көп болжаулар жасауға мүмкіндік беретін және ұтымды пікір тудыратын қызықты жанр» деп бағалайды. Ш. Ахметов - қазақ балалар әдебиетін зерттеуге үлкен үлес қосқан ғалымдардың бірі. Өзінің «Қазақ балалар әдебиеті тарихының очерктері» деп аталатын зерттеу еңбегінің «Ауыз әдебиеті - балалар әдебиетінің алтын қоры» атты тарауында алғаш рет «балалар фольклоры» терминін қолданады және ішкі жанрларға жіктейді [12, 35] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ халық шығармашылығындағы өтірік өлеңдер
ХАЛЫҚ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ӨТІРІК ӨЛЕҢДЕР
Өтірік өлеңдердің жанрлық сипаты
Балалар әдебиетіндегі бесік жырларының маңызы
Бaлaлaр aуыз әдeбиeтi-бaлaлaр әдeбиeтiнiң aлтын қoры
Балалар поэзиясының әдеби-көркемдік және тағылымдық-тәрбиелік мақсаттарды ұштастырушы сипаттарын теориялық негіздеу
Сәбилік ғұрып жыры
«Батырлық ертегілер»
Балалар әдебиетінің қалыптасу тарихы
МӘШҺҮР ЖҮСІП КӨПЕЙҰЛЫ МҰРАСЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ ДӘСТҮР
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz