ХХ басында қазақ жазба әдебиеті



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 20 бет
Таңдаулыға:   
ХХ басында қазақ жазба әдебиеті ерекше екпінмен дами бастады. Жанр бойынша салаланып, көркемдік тұрғыдан жетіле түсті. Ғасыр басындағы қоғамдағы тарихи өзгерістерге сай заманның көкейкесті мәселелерін көтерді. Тарихи-әлеуметтік қайшылықтарды көрсетіп, күрескерлік ұлт-азатшылдық идеяларды да алға тартты. Әдебит дамуындағы осы ерекшелікті Мағжан шығармаларынан да байқаймыз. Жаңашыл әдебиет өкілі Мағжан Жұмабаев классикалық сипатта жамып жатқан қазақ әдебиетіне өзгеше бір дем бере алды. ХХ ғасырдың басында көзі ашық, көңілі ояу қазақ азаматтарын ойландырған барлық мәселе - поэзияда айқын көрініс тауып отырды. Азаттықтың, тәуелсіздіктің биік идеясымен қатар қазақтың өз ішіндегі өзекті проблемалары - сауатсыздық, әйел теңдігі, бұқара халықтың жағдайы поэзияның өзекті тақырыбына айналды. Әдебиттің қай бағытында жүрген өкілдер болсын, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Сондықтан олардың шығармалары мәндес әрі көтерген мәселелері де ұқсас болып отырды. (Омархан Әбдиманұлы, Шоқан Шортанбаев. ХХ басындағы қазақ әдебиеті, Алматы, 2017 жыл, 4-бет)
Сонымен, ХХ ғасырда қазақ поэзиясын әлемдік деңгейге көтерген біртуар ақындар дүниеге келді. Заманымыздың атақты жазушысы Мұхтар Әуезов айтқандай жарқыраған әшекейімен, Еуропалығымен тамсандырған жыры сұлу, сезімі сыршыл Мағжан, терең танымдық өлеңдерімен ерекшеленді. Ақын Блок пен Фет шығармашылығымен таныса отырып, тәржіма жасап, солардың рухында өз өлеңдерін жазып, өткен ғасырдың басындағы қазақ поэзиясына соны сипат, еуропалық үлгімен астасқан өзгеше өрнек әкелді. ХХ ғасырдың басында әдебиет айдынында қатар жүзген ақындардан Мағжан Жұмабаевтың басты ерекшелігі өлең өрімінің ерекше әсемдігі мен сұлулығында, ырғақтың жаңа үйлесім тауып көрінуінде болды. Мағжан туған табиғатты жырлап, кіршіксіз тазалықты содан іздейді. Ақынның шерлі жүрегі содан ғана тағат тапқан. Ақынның табиғатты жырлаған өлеңдері: Қайық, Жел, Толқын, Көкшетау, Алатау, Жазғытұры, Күз, т.б. Мағжан өлеңдеріндегі сұлу сезім оның махаббат тақырыбындағы өлеңдерінен айырықша сезіледі. Ақынның мөлдір сезімі жан сыры арқылы өріліп, өлең жолдарына өзгеше өрнек салады. (Омархан Әбдиманұлы, Шоқан Шортанбаев. ХХ басындағы қазақ әдебиеті, Алматы, 2017 жыл, 8-бет)
Мағжан - қазақ поэзиясында өзіндік жаңашылдығымен дәстүр қалыптастырған, соны ізденістер арқылы өзінің ақындық өнерпаздығына ғана тән әдеби әдістер әкелген ақын. Жалпы алғанда, Мағжан шығармашылығы - қазақ поэзиясына өзгеше леп әкелген соны шығармашылық ізденіс жемісі. (Елеукенов Ш. Мағжан. Алматы, 1994, 54 б.)
ХVІІ ғасырдан бастап әлемдік әдебиетте мынадай ретпен дәуірлеу кестесі түзілген: классицизм, ағартушылық реализм, романтизм, натурализм, реализм, символизм. Қазақ әдебиеті де осы кезеңдердің бәрін бастан өткерді. Дәл осы классикалық кестедегідей болмағанымен, біздің әдебиетіміз осы әдеби бағыттардың бәрін де меңгерді. Оған Мағжан Жұмабаевтың сіңірген суреткерлік еңбегі зор. Мағжан Жұмабаев поэзиясындағы романтизм тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған Е. Тілешовтің еңбегіне тоқталар болсақ, ол осы еңбегінде ақын шығармашылығын 1-кезең - 1915 жылға дейінгі шығармалары, 2-кезең - 1915 жылдан 1919 жылдар аралығындағы шығармалары және 3-кезең - 1920 жылдардан басталған шығармашылық кезеңі деп көрсетеді. Ғалым ақын шығармашылығын көркемдік тәсілдерді қолдануына қарай осылай бөледі. Мағжан шығармашылығының 3-кезеңіне келгенде, ғалым оны 1920 жылдан бастайды. Оның жазуынша, осы жылдан бастап ақын шығармашылығындағы негізгі көркемдік әдіс романтизмнің ішкі мазмұны өзгеріп, оның шығармашылығында символистік және реалистік көркемдеу тәсілдері белең ала бастайды. (Тілешов Е. Мағжан Жұмабаев поэзиясындағы романтизм. 10.01.2008 әдебиет теориясы мамандығы бойынша филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. Алматы, 1997, 14 б.)
Қазақ поэзиясына Мағжан əкелген символизм бейнелеу тəсілдерін қолдану тұрғысынан еуропалық символизмге сырттай ұқсас болғанымен, ішкі мазмұны жағынан басқаша болды. Айтып кеткеніміздей, еуропалық символизмде жазмышқа мойын ұсыну, шарасыздық, күйректік, дағдарыс, торығу күйлері басым болып келсе, Мағжанның символистік өлеңдерін айшықтап тұрған ерекшелік - рух асқақтығы мен сенім болды. Мағжанның символистік тәсілі екі арнада қалыптасты. Алғашқысы, этногенетикалық тегімізбен байланысты. Себебі, Мағжанның шығармашылығы қазақ әдебиетінің ояну дәуірімен тұстас келгендіктен, ұлтының көне тарихын тірілту арқылы ұлттық санасына қозғау салуға ұмтылды. Екіншісі, Еуропа және орыс әдебиетінің озық тәсілдерін пайдалана отырып, қазақ әдебиетін жанрлық және көркемдік жағынан байытты.
Этногенетикалық тарихымызға назар аударсақ, қазақ символизмінің алғашқы бастауы тау шатқалдарындағы қашап салынған суреттерден басталған. Ата-бабаларымыз дүние танымдарын аңдардың, құстардың образында бейнелеп отырған. Бұл сол кездегі ата-бабаларымыздың ойларын суреттермен образдап айта білгенін тағы бір дәлелдейді. Қазақ даласындағы тау шатқалдарына қашап жазылған суреттер образды ойлау мен символдық ойлаудың адам жаратылысымен бірге келе жатқанын дәлелдейді. Ойды символдап айту, символдап беру тәсілі қазақ топырағына жат болмаған. Оның шығу тегі: Адамзат табиғат құбылыстарын түсініп болмаған, айналасындағы қас күштердің қастандығынан қауіптеніп, оларды алдап, астарлап сөйлесу керек деген нанымы мен де астасып отырған, - дейді профессор Ш. Керім. (Қанарбаева Б. Мағжан символист: Зерттеу.- Алматы: Экономика, 2007.- 288 б.)
С. Кенжахметов: Қазақ халқының символизмі, ұлттық психологиямызға негізделген. Ол ішкі сезімдер мен іс-әрекетті сөзбен айтпай, ыммен, ишарамен, қимылмен, еппен сездіретін ұғымдар болып табылады. Мұны әдет-ғұрып деп атайды, - дейді. Мағжан ойды бейнелеп айтатын генетикалық көне дәстүрді, поэзиясында ойларын образды бейнелеу үшін пайдаланған. Сөйтіп оқырманның сезімін басып, көңіл күйіне ықпал етіп, ойын толқытқан. Оның ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінен көрінген символистік тәсілі Сарыарқаның ызғарлы көктемінің арасынан басын көтерген бәйшешектей болды. Себебі, осы кезеңде 1906-1914 жылдарды қамтыған орыс революциясының ызғары, қазақ даласына да сезілген кез еді. Сол кездегі қоғамдық қысым Мағжанның символистік шеберлігін шыңдап, бейнешіл ақын болып қалыптасуына септігін тигізді. Ендеше, Мағжан - Батыс әдебиетінде ХІХ ғасырда, орыс әдебиетінде ХХ ғасырдың басынан гүлдене бастаған символизмді, қазақ әдебиетінің топырағында түрлендірген ақын. Бейнешілдікті халықтың әлеуметтік тұрмысымен байланыстыра отырып, қазақ әдебиетіндегі символизм мектебінің іргетасын қалады. Оған Мағжанның Түн айтқызды деп аталатын өлеңін мысал етуге болады. Символистер түнді жамандықтың образында бейнелейді. Ендеше мұны Мағжанға жамандық себеп болып жазғызғандығын аңғарамыз. Өлеңде қазақ елінің басынан өткен қасіреті, қоғамның сырт көзден жасырын отырған саясаты, әлеуметтік-психологиялық күйзелісте беріледі. (Қанарбаева Б. Мағжан символист: Зерттеу.- Алматы: Экономика, 2007.- 289 б.)
Байғыз - халқы қырылып иен қалған ауылдар мен қыстақтарды, бос қалған қаланың орындарын мекендейтін құс. Аңыздарға сенсек, Шыңғыс ханның билігі кезінде, халқы тұтас қырылып қалған қалалардың орындарына, тек байғыздар ғана иелік жасаған екен. Бұдан байғыздардың жаманшылыққа ұшыраған жерлерде жүретін жамандықтың бейнесі екендігіне көз жеткізуге болады. Ақын ұлт трагедиясын бейнелеуде осы көне нанымды 1921-1922 жылғы аштыққа ұрынған халықтың басындағы қаралы жағдаймен байланыстырады. Сол жылдың соңында аман қалғандарына көмекке шыққан отрядтардың бірін, Мағжанның өзі басқарып шыққан болатын. Сонан алған әсерін сапарнамалық өлеңдер топтамасында келтірген. Сол кездегі ақынның ішкі қобалжуы мен күдігі өлең астарында өте әсерлі жазылған. Өлең небәрі сегіз жолдан ғана тұрады. Алдарынан ауыл адамдарының әдеттегідей қуана шықпай, керісінше, байғыздың түнде ауық-ауық үн беруімен ауылдың бүліншілікке ұшырағандығын бейнелейді. Халықтың басына түскен жаманшылық түн образында бейнеленген. Өзі де қараңғы түнде жалғыз келе жатқандай сезінеді. Төңіректегі тылсым тыныштықтың түңлігін түргендей, байғыздың үні ауық-ауық ащы шығып, иесі өзі екендігін сездіргендей болады. Жалғыз атты жолаушы төбесіне құлап кетердей төніп тұрған таудың биік-биік құздарынан қорықпайды, саңқылдап өз өктемдігіне көңілі тойғандай болған байғыз үнінен түршігіп, еркіне бағындырғысы келген даусынан үрейленеді. Қараңғыда сүрініп кетпейін деп қалбаңдап келе жатқан адамның күйін кешеді. Жан-жағын қармалаған түннен де, сол түнді жамылып бұғып, жамандықты хабарлап тұрған байғыздың даусынан да қорқады. Келе жатқан қатерге сенгісі келмей, ішкі күдігін жасырып, бәрін түннің қараңғылығынан көретіндігін:
Тауда түнде үн берген,
Тәңірі ме, әлде байғыз ба?
Үнді естіп жаным күңіренген, - деп ел басындағы жамандықты қараңғы түнде шыққан байғыздың үнімен, қазақ даласын жайлаған аштықтан кейін қаңырап қалған ауылдар мен далаға иелік жүргізген өктемдігімен бейнелейді. Халықтың оны ежелден жаманшылықтың хабаршысы деп қорқатыны, Кеңес өкіметінің кемшілігінен болған қасіреті етіп алынған. Бұл өлеңнің екінші астарында ақынның өз тағдыры бар. Ел дербестігін аңсаған ойын түн тыныштығын бұзып, ауық-ауық үн беріп қоятын байғызға балайды. Мағжанның бұл өлеңі - символизмнің (бейнешілдіктің) ең биік үлгісінде жазылған өлеңдерінің бірі десек те болады. (Жұмабаев М. Шығармалар. 3 томдық. 2-3 томдар. Алматы. Білім, 1996 ж. 121-б.)
ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің дүниежүзілік әдебиетпен байланысын айтқанда, Мағжан поэзиясындағы сентиментализм мен символизм сарындарының сол байланыс арқылы енгенін де атап өтуіміз қажет. Тереңірек тоқтала кететін бір мәселе, ол - ақын шығармашылығына батыстың символист-ақындарының əсері қалай болды деген сұрақ. Мағжанның еуропалық символизмнен үлгі алғаны анық. Алайда бұл үлгі еуропалық ақындар поэзиясынан алынды ма əлде орыс поэзиясымен келді ме? Ол туралы мағжантанушы ғалымдар кесіп айтпайды. Мағжанның Гете мен Гейне өлеңдерімен таныстығын білгенімізбен, басқа батыс ақындарын аударғаны немесе таныстығы болғаны туралы мәлімет жоқ. Қазақ символистінің шығармаларының еуропалық символизм өкілдері еңбектерімен ұқсас келуінің бір себебі олардан көшіруден және еліктеуден гөрі рухани жақындық іздеуіне көбірек ұқсайды. Сондай-ақ батыс ақындарының романтизм мен символизмге бет бұруында олардың өздері өмір сүрген қоғамдағы əлеуметтік-саяси оқиғалар маңызды рөл атқарған болса, Мағжанның поэзиясында символизмдердің көрініс табуына қазақ қоғамындағы өзгерістер әсер етпей қоймады. Олай болса, Мағжанның символизмге келуі құр еліктеуден туған емес, аласапыран жылдардағы ақынның ішкі толғанысын көрсетуге тырысқан шығармашылық əрекет болмақ. (Елеукенов Ш. Батыс-Шығыс əдеби тоғысуы проблемасы жəне Мағжан Жұмабаев Қазақ ССР ҒА хабарлары. -- Тіл, əдебиет сер., 1990. -- № 2. -- 41 - 43-б.)
Қазақ ақынының еуропалық əдебиетке бет бұрған кезеңіндегі шығармашылығының ерекшеліктері туралы Ш. Елеукеновтің мына бір пікірі де көңілге қонады: Мағжан Жұмабаев поэзиясында орыс жəне дүние жүзі классикалық əдебиетінің іздері сайрап жатыр. Абай үлгі алған батыс, орыс ақындарының қатарына ол Фет, Бальмонт, Мережковский, Брюсов, Блок сынды өз заманының поэзия дүлдүлдерін қосты. Орыс əдебиетінің, күллі батыс əдебиетінің жетістіктерімен тоғысқанда Мағжан поэзиясы олардың ығында қалып қойған жоқ. Қай уақытта да Мағжан қазақ елінің нақты жағдайына табан тірей сөйлеген. (Елеукенов Ш. Батыс-Шығыс əдеби тоғысуы проблемасы жəне Мағжан Жұмабаев Қазақ ССР ҒА хабарлары. -- Тіл, əдебиет сер., 1990. -- № 2. -- 41 - 43-б.)
Жүсіпбек Аймауытов атақты Мағжанның ақындығы туралы мақаласында: Мағжан еліктегіш ақын, еліктеу - ақынға мін емес, қандай көрнекті ақындар да алдыңғы ақындарға еліктемей жаза алмаған. Романтик Мағжан символистерге, кейде сентименталистерге, орыс ақындарына еліктеп жазса, бұл алданғандық, не адасқандық емес, іздену соқпағына өзін-өзі салып, сан түрлі сырлы саздарды қазақ поэзиясына әкелу әрекеттерінің басы еді. Орыс поэзиясындағы сол кездегі әртүрлі ағым бағытын Мағжан жақсы бағдарлап, қазақ поэзиясына енгізген... деп жазады. (Омархан Әбдиманұлы, Шоқан Шортанбаев. ХХ басындағы қазақ әдебиеті, Алматы, 2017 жыл, 14-б.)
Жүсіпбек Аймауытов тағы да: Қазақ әдебиетіне Мағжанның кіргізген жаңалығы аз емес, орыстың символизмін (бейнешілдігін) қазаққа аударды, өлеңді күйге (музыкаға) айналдырды, дыбыстан сурет туғызды, сөзге жан бітірді, жаңа өлшеулер шығарды. Романтизмді күшейтті, тілді ұстартты деп Мағжан шығармашылығына осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын-ақ әділ бағасын береді. ( Аймауытов Ж. Мағжанның ақындығы туралы Бес арыс. -- Алматы: Жалын, 1992. -- 293-б.)
Мағжан шығармашылығының идеялық тұсын сынға алған С. Мұқанов өзінің ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті кітабының Мағжанға арнаған тарауының қорытындысында: Ақындық жағына келгенде Мағжан, әрине, қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетіне жаңа түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ деп мойындайды. (Мұқанов С. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. -- Алматы: Атамұра, 2008. -- 242-б.)
Ал академик С. Қирабаев: Мағжан бүкіл ұлтқа тән ұғым-сезімнің, поэтикалық өнердің шекарасын кеңейтіп, қазақ әлемінің жан дүниесін ашып берді. Оның таза қазақтық рухы кімнен де болса жоғары. Мағжан суреткерлігі бүкіл қазақтың өмір үшін күресі мен қайғысын тұтас қамтиды. Халықтың сан-салалы тіршілігінің ол үшін бөтені жоқ. Бәрі де Мағжан қаламында өлең боп ойнап, сыңғырлап, сылдырап, жалтырап кетеді. Барлық ұлы ақындар сияқты, Мағжанға да шындықты сезінудің сиқырлы күші дарыған. Мағжан ақындығының құпиясы оның өз тұсының шындығын дәл бейнелеуінде ғана емес, өлеңінің сиқырлы күшінде. Ол бірде өмірдің күлкісіндей қуанышты бейнелесе, бірде жылаған, қайғы тұтқан қазақтың жан сезімін көрсетеді, ақын осындай алмасып, ауысып жатқан дүниенің бір сәттік қозғалысын көз алдыңа әкеледі және ол лып етіп өте шығады. Мағжанның ақындық жолының күрделілігі де осында деп ақынның сан қырлы болмысын ашатын пікір айтты. (Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері. -- Алматы: Білім, 1995. -- 133-б.)
Мағжан шығармашылығын алғаш зерттеуді қолға алған ғалым Бақыткамал Қанарбаева 19 желтоқсан 2018 жылы әдеби порталға берген сұхбатында мағжантануға қалай келгені туралы былай дейді: 1988 жылы Мағжан ақталды. Арыстар жарыққа шығып, зерттей бастадық. Жетекшілеріміз тақырып береді. Бірақ ешбірі Мағжанға жоламай қойды. Жай ғана мақтағанда түбін түсіреді. Бірақ жеме-жемге келгенде, ешқайсысы зерттеуге алмайды. Осы ойымды Серік Қирабаевқа айттым. Не істейсің сен? деп өзіме сұрақ қойды. Бақыткамал-ау, қалқам-ау, жігіттер қорқып жатқан дүниеге екі кішкене балаңыз бола тұрып сіз қалай барасыз, - деді. Көрейін деп қоймадым. Мағжанға осылай келдім. Өмірімде 10 кітап жазыппын. Соның төртеуі Мағжанға арналды. (adebiportal.kz порталы)
Ал қазақ әдебиетіндегі Мағжан символизмі турасында Мағжан - батыс әдебиетінде ХІХ ғасырда, орыс әдебиетінде ХХ ғасырдың басында гүлдене бастаған символизмді, қазақ әдебиетінің топырағында түрлендірген ақын деп келісті пікір білдіреді. (Қанарбаева Б. Мағжан символист: Зерттеу.- Алматы: Экономика, 2007.- 85 б.)
Мысалы, мына бір шумақты қарастырсақ, мұнда ақын желдің ерке мінезін, ешкімге мойынсұнбас еркіндігін баса жырлайды. Өйткені ақын жаны да сол еркіндікті аңсайтын еді:
Мазасы жоқ жел ерке,
Оянып, ап тым ерте,
Жорғалай басып кетеді.
Тыныш жатқан түс көріп,
Көлдің бетін кестелеп,
Оны әуре етеді.
Жүсіпбек Аймауытов Мағжан романтизмі мен символизмінің түп төркіні Батыстағы Байрон, Гейне, А. Мицкевичтен, Ресейдегі Пушкин, Лермонтов, Баратынский, А. Блок, М. Горькийден келіп шығады деген пікірді ұстанған. Бұған негіз де жоқ емес, мысалы, ақынның Толқын өлеңіне тоқталайықшы:
Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады,
Толқынмен толқын жарысад.
Күңіренісіп кеңеспен,
Бітпейтін бір егеспен,
Жарысып жарға барысад...
Сылдыр, сылдыр сылдырлап,
Бірінің сырын бірі ұрлап
Толқынды толқын қуады.
Жарына бал береді,
Береді де өледі,
Өледі толқын, тынады.
Жұмабаев М. Шығармалары. -- Алматы: Жазушы, 1989. -- 448 б.
Ақын тілсіз де тылсым толқынға жан бітіріп, жансыздан жанды сурет жасайды. Мұнда толқынның да өмірі мәңгі емес деген пікір жоқ. Өлеңнің ішкі сырына үңілсек, толқынның өлімі мәңгілікке жалғасқан өлім болады, жарына бал беріп, рахат тапқан өлім, ол тағы да мың қайталанып, мәңгілікке ұласқан тынымсыз тіршілік екені де белгілі. Сонда Мағжан Еуропа мен орыс символистерінің шығармаларындағы символизмді қазақша ойнатқан, поэзиядағы саз бен үйлесімге баса назар аудара отырып құбылтқан ақын болып тұр. Символизмнің негізгі жетістігі деп ой азаттығын, бейнелеу еркіндігін, азаттықты аңсау және сол азаттық пен еркіндіктің келеріне деген сенім сияқты белгілерді атауға болады. Еуропалық əдебиеттегі ақынды қызықтырған да символизмнің осындай ерекшеліктері болса керек. (Ыбырайым Б. Эстетикалық тəжірибе жəне рухани даму Əдебиеттанудың өзекті мəселелері: Акад. Серік Қирабаевтың75 жылдығына арнал. жин. -- Алматы: Комплекс, 2002. -- 121 - 125-б.)
Мағжан тек ақын ғана емес, аудармашы да бола білген. Әлемдік әдебиет пен мәдениеттің озық үлгілерін қазақ сахарасына асқан шеберлікпен тарата білді. Қазақ әдебиетіндегі қайталанбас көркем аудармалар Мағжанның қаламынан да туған. Орыс және өзге тілдерден аударма жасау барысында Мағжан орыс символистерінен өзіне жаңа өрнек, үлгі іздеген. Жаңашылдық пен әсемдікке жаны құмар ақын өзі аударған шығармалардан қазақ құлағына тосын жаңа сөз тіркестерін, ішкі мағынаны іздеп табады. Оны әрлеп, жаңғыртып, түрлендіріп оқырманы жатсынбастай етіп ұсынады. Жүсіпбек Аймауытов бағалағандай, Мағжанның төл шығармалары, аудармалары қазақта бұрыннан бар әдістер мен тәсілдерге символизм мен сентиментализм ағымдарының элементтерін енгізіп, еуропалық әшекейімен безендіре түсті. Сонымен, тәржімалар арқылы ХХ ғасыр басында жасаған әдебиетшілер орыс және әлем әдебиетінің озық үлгілерімен қазақ оқырманын таныстыра отырып, қазақ тілінің мол мүмкіндіктерін де ашуға тырысты.
Мағжан - сыршыл ақын. Махаббат тақырыптарына жазған өлеңдерінде өзгеше көзге түсетіні де - сыршылдық. Мағжан поэзиясының тақырыбы да әр алуан. Мағжан жырламаған тақырып жоқ десек те болады, бірақ сол замандағы барлық әдебиетшіге ортақ желі біреу ғана болды, ол - елінің тағдырына алаңдаушылық білдіру. Ләззат қайда, Жазғы таң, Зарлы сұлу, Туған жерім Сасық көл, Балалық шақ, Қазағым, т.б. жырларынан елге деген сүйіспеншілік пен терең тебіреніс сезіледі. Мағжанның терең толғаныс, ішкі қайшылықтың толқынысынан туған торығу сипатты мұңлы сарындағы өлеңдеріне: Мен сорлы, Жар, Жаралы жан, Алыстағы бауырыма, Батқан күн, Атқан таңның жыры, Бүгінгі күн өмір, өлім - менікі, Сарғайдым, Өмір, Қысқы жолда, Жазғы жолда, Жиегінде қара орман, Алдамшы өмір, Күзді күні, Мені де, өлім, әлдиле т.б. жатады. Символдық белгілер мен теңеулер қай өлеңінде болмасын кездесті. (Ахметов З. Ақын тұлғасы, адамгершілік мақсат-мұраты Нұрғали Р. Əдебиет теориясы. Нұсқаулық. -- Астана: Фолиант, 2003. -- 108-109 б.)
Сыршылдығынан бөлек бейнешілдігі де өз алдына ерекше болған ақын бейнешілдікті ең шырқау биігінде көрсету үшін өз басындағы қайғы мен қасіретті, мұңы мен зарын халық басындағы ауыр күндермен астастыра жырлайды.
Қап-қара түн. Түн баласы күңіренед.
Күңіренумен бір-біріне үн беред.
Сөгінеді, сүрінеді, жығылад,
Қара түнде көр көзімен не көред?!
Қап-қара түн. Шегір көзді жындар жүр,
Қап-қара түн. Қайғы мен қан ойнап тұр,
Қайғы менен қара қанға тұншығып,
Түн баласы ауыр ойлар ойлап тұр.
Қап-қара түн. Уақыт ауыр өтеді,
Ой артынан ойлар келіп кетеді.
Түн баласы көр көзінен жас төгіп,
Күн шығыстан бір пайғамбар күтеді.
Пайғамбар өлеңінің осы үзіндісінен ақынның ұлтының ғана емес, барша дүниенің жоғын жоқтағаны көрінеді. Батыстағы қайғы-қасіретті қап-қара түнге ұқсатуынан осыны байқаймыз. Қап-қара түнді жанды бейнеге айналдырған ақын ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Б.КЕНЖЕБАЕВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ТАРИХЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеудің ғылыми негіздері
«ҒАЗАУАТ СҰЛТАН» ҚИССАСЫНЫҢ ТАҚЫРЫПТЫҚ, КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Қазақ дәстүрлі жазба әдебиеті және кітаби ақындар шығармашылығы (ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. басы)
ӘДЕБИЕТТАНУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ
Алаш әдебиеттануын совет кезінде дамытқан ғалым
Зерттеу жұмысының әдіснамалық және теориялық негізі қазақ әдебиетінің тарихы, журналистика бойынша монографиялар және оқулықтар
Қисса Сейітбатталдың тақырыптық, нұсқалық және көркемдік ерекшеліктері
«Қазақ» газетінің шығу тарихы мен зерттелуі
Қазақтың дәстүрлі мәдениеті туралы
Пәндер