МОҢҒОЛИЯ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ТАРИХИ НЕГІЗДЕРІ МЕН ҚОНЫСТАНУЫ


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 6 бет
Таңдаулыға:   

МОҢҒОЛИЯ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ТАРИХИ НЕГІЗДЕРІ МЕН ҚОНЫСТАНУЫ

Серик Айгерим Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, тарих факультеті, Археология және Этнология кафедрасының 2 - курс магистранты

Кілттік сөздер: Моңғолия қазақтары, Қобда, Баян-Өлгий, Сыртқы Моңғолия, Алтай, Мәнжу-Цин

Алтай тауының теріскей беті Қобда өңіріне алғаш қоныстанған қазақтар - Орта жүз Абақ - керей рулары еді. Олар негізінен Ертіс өзенінің солтүстігі Батыс Алтай тауы жағын мекен еткен қазақтардың ұрпағы. Бұл өлкеге алғаш тұрақты мекендене бастаған қазақтар негізінен Абақ - керейдің шеруші, жәдік, ителі, қарақас, жәнтекей, молқы руларының ауылдары. Аталмыш мәселелерді жан-жақты зерттеу, қазақтардың Моңғолия топырағында басынан кешірген өмір тарихы, қазақы салтсана, тіл мәдениетінде болған кейбір өзгерістерді айшықтау жалпы қазақ тарихының бір кемтігін толтырып, қазақ тарихын зерттеу, зерделеу мүмкіндігін арттыра түсері сөзсіз.

Айта кететін бір жәйт, бүгінде қазақ пен моңғол деген екі халық, екі ұлыс елдің тарихының тоғыстығына байланысты бірқатар материалдар осы күнге дейін толық зерттелмей, екі елдің архив қорларынан шыға алмай жатқаны ақиқат. Жалпы алғанда Баян-Өлгей мен Қобда аймақтары Моңғолиядағы қазақтардың ең тығыз орналасқан жері. Соның ішінде 6-7 атадан бері Қобда өңірінде қоныстанған қазақтар осы аймақтың жергілікті тұрғындары десе де болғандай. Қобданың өлке тарихы қытай жылнамаларында ерте ортағасырлардан басталады. Өлкенің өзегі Алтай таулары мен әйгілі Қобда дариясы. Қобда Көк түркілердің ежелгі мекені. Өлкені әуелі Көк түркілер, одан Қырғыз, Ұйғыр, Қидан, Наймандар мекендеді.

Шыңғыс хан 1204 жылы наймандарды жеңіп, мұндағы аймақты өзіне қаратты. 1206 жылы Ұлығ Моңғол ұлысы (Их Монгол улс) құрылғанда бұл өлкені Хорч ноянның құзыр билігіне берді. Ол туралы «Моңғолдың құпия шежіресінде» былай деп жазады: « . . . үш мың Баариндерге Тахай, Ашиг және Адарғандық Чинос, Тоолис, Теленгіт аймағын қосып он мыңдық етіп Хорчының билігіне берілсін. Ол Ертіс дәриясы бойындағы Орман жұртына дейінгі ел, жұртты билесін. Орман жұрты да Хорчыға қарасын. Оның рұқсатынсыз кімде кім Орман жұртына қарай қоныс аударушы болмасын. Хорчының сөзіне көнбегендер жазалансын» [1] . ХҮІ ғасыр соңына дейін өлкені Хорчы ұрпақтары биледі. 1368 жылы моңғолдың державалық билігі құлағаннан кейін 150 жыл бойы өлке ойраттардың жеке-дара билігінде болды. ХҮІІ ғасырдың орта кезінде ойраттың төрт аймағы: Чорос, Дөрвөд, Торгууд, Хошууд негізінде Хотогчин батыр хунтайшының басшылығында Жоңғар (Зуун гар) хандығы құрылды. 1755-1758 жылдары жоңғарларды Чиң державасы басып алады.

Ресейліктер 1865 жылы Қобдаға өз консулдығын құрып, 1867 жылы мұнда ресейдің алғашқы сауда керуені келді. Қазақтардың алғаш Қобда бетіне келе бастауы да осы кезден басталады. Бұл оқиғалар Қобда өлкесін зерттеуге жол ашты. 1870-1920 жылдар аралығында Қобдаға Ресей шығыстанушы, өлкетанушылардың 12 экспедициясы келді. Олардың ішіндегі ең ірілері Г. Н. Потанин, В. В. Сапожников, И. Г. ГруммГржимайло, А. М. Позднеев, А. Д. Симуков экспедициялары. Барлығы да Қобдада болды. Г. Н. Потанин, В. В. Сапожниковтар Қобдада бірнеше ай, әйгілі моңғолтанушы ғалым Б. Я. Владимирцов 6 ай, А. В. Бурдуков Ханкельцик өзені бойында орналасқан Я. И. Мокиннің сауда өкілдігін бастап 1908-1927 жылға дейін 19 жыл тұрды. Барлығы да аса құнды еңбектер жазды. Аталмыш зерттеу жобасында олардың еңбектері кеңінен қолданылды. Барлығы да Қобда асқан қазақ көші туралы жазды. Далама Дамбийжанцанмен жақын ара-қатынаста болған А. В. Бурдуков 1912-1914 жылдары қазақтар қасірет тартқан «Жалама айдаған» оқиғасының куәгері болды. Ол бұл туралы жазды да. Қобда зерттеудегі әйгілі еңбектердің қатарында Цэвээн-Жамсраноның «Дархад, Хөвсгөл нуурын Урианхай, . . . Хасаг, Хамниган нарын гарал, үндэс байдлын үгүүлэл», Д. Гонгордың «Ховдын хураангуй түүх» атты еңбектері жатады. Д. Гонгор Қобданың тарихын термелесе, Ц. Жамсраны алғаш Қобда асып келген қазақтардың саны туралы мәлімет берді. Бұл еңбектер этно-демография тұғысынан да құнды. [2, 3] Моңғолия қазақтарының тарихы туралы З. Қинаятұлы және басқалар жазды. Автор Моңғолия қазақтарының әлеуметтік, тарихи-мәдени жағдайына тоқталып, ол жақтағы қазақтар жайлы жан-жақты мағлұмат берді. Негізінен алғанда З. Қинаятұлы ХVІІІ-ХІХ ғғ. Қобда аймағының табиғаты мен тарихи географиясы, ондағы қазақтардың жағдайы, тыныс-тіршілігі, көпке мәшһүр болған адамдар жайлы баяндайды. Дегенмен де автор ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі саяси оқиғаларды назардан тыс қалдырды. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру үшін осы мақала дүниеге келіп отыр. [4]

Қобда бетіндегі қазақтар ХХ ғ. бас кезінен бастап біршама уақыт берекелі өмір сүрді. Сол дәуірді Ү. Ақыт қажы «алшаңдап азғантай жыл кеңдік көрген», «бір-бір үй, бір-бір ауыл болып», «толықсып бақ дәулетке толады» - деп сипаттап, кейіннен халықтың бейбіт өмірі бұзылғанын айтады. Дәл сол кезде, бұрынғы Цин империясының батыстағы тірегі Қобда өңірі кімнің иелігінде болуы өте күрделі мәселеге айналды. Цин империясының күйреуі Ресей үшін аса ұтымды болды. Себебі Ресей сыртқы Моңғолияның тәуелсіздік алуына қол ұшын берді. 1911 жылы Моңғолияда тарихи бетбұрыс басталды. Моңғол әулетінің Мәнжу-Қытай отаршылдығына қарсы жүргізіп келген ұлт-азаттық қозғалысының нәтижесінде Моңғолия ұлт бостандығын қолына алды. Моңғолияның астанасы ұлы Хүрээде доңыз жылы желтоқсан айының басында, Еуропа санауы бойынша 1911 жылдың 1 желтоқсанында Моңғолдың хан, ван, гун, әкімдері мен дін басыларының ұлы құрылтайы Моңғолия дербес ел болғанын жария етіп, күллі Моңғол әулетіне арнаулы үндеу шығарды. Үндеуде Моңғолия ұлт тізгінін өз қолына алғандығын, бұдан былай ешкімге бағынышты емес екендігін мәлімдеді. [5]

Богдахан Халханын төрт аймағынан әскер жасақтау туралы құпия түрде тапсырма берді. Ұлы Хүрээнге бірнеше күннің ішінде мың әскер жасақтады. Богдахан 1911 жылдың 30 желтоқсанында Хүрээдегі Мәнжу-Цин амбаны Сандоны үш күннің ішінде Моңғолиядан өз еркімен кетуін талап етті. Моңғол жерінде арқа сүйер күші қалмаған Сандо амбан Моңғолиядан кетуге мәжбүр болды.

Сөйтіп, Моңғолиядағы Мәнжу-Цин әулетінің 220 жылға жалғасқан билігі құлады. Осы тұста Мәнжу-шүршіттің Қытайдағы билігі де құлап, дербес Жунго мемлекетін құрғаны да әлемге аян болған еді. Сөйтіп, ұлы Хүрээде 29-желтоқсанда әмір Богда Жабзундамбаны хан көтеруге арналған салтанат өтіп, Жабзундамба Моңғолияның үкімет және дін басы, зайыбы Дондогдулам «Улсын дарь эх» (ел анасы) деп жарияланып, ұлыстың хас таңбасы және алтын әріппен жазылған мәртебелі ұсыныс хаты Богдаға табыс етіліп, азиялық ұлы үрдіс бойынша ақшыл түстен басталған тоғыз сыйға тартылды. 1912 жылдың 1 қаңтарын «Богданы көп болып хан көтерген» немесе дербес Моңғолияның бірінші жылы деп санап, ұлы Хүрээнің Богдахан билігіндегі Моңғолияның астанасы етіп жариялады. Осынау жаңаша жыл санау 1941 жылға дейін, ұлы Хүрээнің аты 1924 жылға дейін жалғасты. Моңғолияның мемлекеттік үрдісі осылайша тағы бір рет бой көрсетті.

Алтай, Қобда өңіріндегі халықаралық шиеленісті жағдай біршама саябырлаған шақта Қобда қазақтары «Жалама айдаған» деген ауыр оқиғаға душар болды. Бұл оқиғаның басталуына қазақтың өз арасындағы алауыздық, ынтымақсыздық, бақталастық тартыс үлкен кесірін тигізді. Бұрындар Моңғолия жеріне төрт мәрте келген, Дамбийжанцан Алтай бетіндегі қазақтарды Қобда бетіндегі ағайындарымен қосылып, бүкілкіндік Азияны қамтыған саяси аласапыранында үлкен күш пен дербестікке қол жеткізу мүмкіндігін тудырмау үшін қазақтарды моңғол жұртының ішіне қарай мәжбүрлікпен қоныстандырып, шашырату саясатын әскери зомбылықпен жүзеге асырған. Қазақтарды өз жұртынан 300-350 шақырымға мал-мүлкімен айдап, аса қатыгез, қанішер әрекеттерге барып, қазақтардың үрейін алды. Осы тұста қазақтың бас біріктіретін елағалары дүниеден озып, ел басы бірікпей қалды. Дүрбіттер ортасына қазақтарды айдап апарған оның жендеттері қазақтарды будда дініне зорлап енгізу, әскери басыбайлыққа пайдалануды көздейді. Алайда, қазақтар тойтарысына тап болып, «Қазақтар бір түннің ішінде Бұрғыстай жағасында жаудың 33 әскерін жайратып, 300 ауыл үй, мал-мүлкін алып, Бөхмөрөн өзенін өрлеп көшіп, Ресей жері Қос-Ағашқа бар» [6]

Жаламадан азат болған қазақтар Тува жері арқылы Қосағашқа өтіп, ондағы қандастарын паналап, кейіннен 1913 жылы мемлекетаралық келісім бойынша кері қайтарылды. Қобда қазақтары осы тұста әлеуметтік-экономикалық, саяси жағынан үлкен дағдарысқа ұшыраған. Қазақтардың біраз бөлігі тувалықтар мен алтайлықтар арасында қалып қойғандығы туралы ауызекі деректер бар. 1913-1915 жылдар аралығында Қобда бетінің ежелгі тұрғын қазақтарының басым көпшілігі мекеніне қайта оралды. 1913 жылы шілдеде Қобда қазақтарының өкілдері Моңғолдың жаңа билеушісі Боғда ханға хат жолдап, Сыртқы Моңғолия құрамына кіруге дайын екенін мәлімдеді [7] . Ұсыныс сол күйінде толығымен қабылданды және оған Сыртқы Моңғолияның Ресей ықпалында болуы себеп болды. Сонымен қатар, 1914 жылы 8 қыркүйектен 1915 жылдың 15 маусымына дейінгі Ресей, Қытай мемлекеті, Сыртқы Моңғолия арасындағы келіссөзде, моңғолдар тарапынан кіргізген жобада « . . . Қобда қазақтары мекендеген жер . . . т. б. қатарлы жерлер Моңғолия шекарасына сиысады», - деп белгілейді [8] . Осының негізінде Сыртқы Моңғолия деген ұғымға 1, 5 млн. км2 жер, 600-700 мың адам енді. Сөйтіп, 1911-1921 жылдар аралығында Қобда бетіндегі қазақтар Сыртқы Моңғолия құрамында қалғанымен, саяси тұрғыдан бейтарап болып, іс жүзінде өзін өзі биледі. Аса аумалы төкпелі осы дәуірде қазақ атқа мінерлері әрбір оқиғаға көз тігіп, өзінше қорытынды жасап, ұлттық, рулық биліктен арылмауға тырысты. 1921 жылы Моңғолияның батысына Бакич, Сокольницкий, Казанцев, Кайгардов бастаған Қазақ төңкерісінен соққы алған ақ гвардияшылар 2000-2500 әскері келсе, соңынан қызыл армия қолы қуа келіп, қазақтар тұрған өлкені шайқас алаңына айналдырды. К. К. Байкалов, Ц. Хасбаатар бастаған қызыл әскерлер Кайгардов бастаған ақтармен 1921 жылы тамыз айында Баян-Өлгейдің Сақсай деген жерінде кездесіп ұзақ шайқасады.

«Алтай 7 ұраңқай ауданының Бадрах деген әкімі, қазақтың 12 Абақ-керейін билеген Дөрбетхан деген әкімдері қызылдардың қолбасы мен Моңғол өкіметінен батыс өлкеге жіберілген өкіл Хасбаатарға келіп, қазақ халқының жайын баяндап, өз ықтиярлығымен Сыртқы Моңғолияда жеңген революцияшылдарды мойындап, олардың билік құрамына кіріп, бір өкіметте болуға келісім жасап, мәлімет қалдырды» - деп жазады оқиғаның куәгері Ц. Дамбадорж. К. К. Байкаловтың отряды қоршауда ауыр жағдайда күн кешіп, Қосағашқа қазақтарды бірнеше рет елшілікке жіберіп, солардың арқасында қызыл армияның 21- дивизиясының Исаков, Фроловтар басқарған 185 және 55-полк әскерлері көмекке келіп, ақтардың жеңіліс табуымен оқиға аяқталды. Қобда қазақтары бұл оқиғаға басынан аяғына дейін бел ортасында жүріп қатысты. [9]

1924-жылы Моңғол Халық Республикасының (МХР) мемлекеттік алғашқы құрылтайға қазақтан Т. Дәуітбай, Ибрахим, Қанафия қатарлы үш өкіл қатысып, жаңа мемлекеттің іргетасын қаласып, мемлекет ісінде өз қабілеттерін байқатумен қатар жалпы моңғол халқы алдында Қобда өңірінде қоныстанған қазақ ұлтының өкілдерінің бет бейнесін көрсетіп берді. Олар Коминтерн өкілі Т. Рысқұловпен пікірлесіп, кеңесін тыңдап қайтады. [10]

1937-жылдан бастап қазақтар арасынан ұсталатын адамдар тізімі жасалады. Оған ру басы, бай, молда, би, зиялылар, өкімет белсенділері т. б. қамтылып, қазаққа тым қатал тиіскенін соңғы кезде зерттеу жасаған моңғол ғалымдары да мойындап отыр. 1937-1938 жылдары саяси жаламен қанша қазақ құрбан болғаны жайлы деректер толық емес, тізім жасалмай келеді. Доктор Х. Зардыханның мәлімдеуінше саяси жалған жаламен 3270 қазақ жазаланған. 4300 отбасы 21000 қазақтан 2000-дайы Х. Чойбалсаның бұйрығымен атылғанын жазады [11]

МХРП ОК-і басқармалары Моңғолиядағы қазақ ұлтының мәселесін 1938-жылы екі қайта саралады: Онда жергілікті әкімшілік орнату, өндіріс, сауда орнын құру . . . халықтың тұрмысымен мәдениетін арттыруға арналған шаралар белгіленгенімен нақты нәтижеге жетпеді. 1938-жылдан қазақтың әкімшілігін ру атымен емес жер-су атымен атауға шешім шықты. Қазақтар-Хужирт, Цагаангол, Дэлүүн, Тұлба, Улаанхус, Цагааннуур, Баяннуур, Сақсай т. б. жер-су атымен аталған әкімшілік бірліктерге бөлінді. Бұл қазақтың қандастық-рулық бірлігін ыдыратып, ұлттық сезім, ұлттық салт-дәстүрлер, ұлттық мінезіне кері әсер етіп, мәңгүрттер көбейіп сорақы жат көріністер бой көрсетудің басы болды.

Сондықтан да, қазақтар мұндай жайлардың ары қарай-жалғасуына қатты қарсылық көрсетіп, өздері мекендеген өлкесінде қазақтың ұлттық әкімшілік-территориялық бірлігін құру мәселесін қайта-қайта көтерумен болды. Сөйтіп, МХР-сының VIII құрылтайынан елдегі қазақтардың талап тілегін орынды қабылдап, олардың саяси, экономикалық жағдайы толыққанын назарға ала отырып, қазақтың автономиялы жеке дара аймағын құру туралы тарихи маңызды шешім қабылдады. 1940-жылдың маусымның 25-інде МХР-сының кіші құрылтайының Басқармаларының Қазақ ұлттық дербес аймағын құру туралы жарлығы қабылданып, бұл елдің ерекшелігіне сай қазақтардың өзін-өзі билеу құқығына ұлттық бірлік ретінде мақұлдап, қазақтардың талап-тілегін орындап іске асырды. 1940-жылы тамыздың 19-20-сы күндері аймақтың алғашқы құрылтайы ашылып, 84 өкіл қатысып, Баян-Өлгий аймағы құрылып, аймақтың кіші мәжіліс мүшесіне 32 адам, аймақ әкіміне Б. Қабый /1899-1955/ сайланды. Моңғолия Мемлекеттік Кіші құрылтайы, өкімет тарапынан 1940-жылы қазанның 4-күніндегі 38-жиналысы Баян-Өлгий қазақ аймағы құрылғаны туралы аймақ өкілдері құрылтайы шешімін заңды қуатты деп танып ресми қуаттап, бекітті [12] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ХIX–XX ғ. басындағы тарбағатай өңірінің қазақтары (тарихи-этнографиялық зерттеу)
Моңғолия қазақтарының этнографиялық зерттелу мәселелері
Моңғолиядағы социалистік құрылыс жылдарындағы қазақ диаспорасы
ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ МҰРАЛАРЫНЫҢ ЖИНАЛУЫ
Қазақ этногенезінің сақ кезеңі
Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы және оның қызметі
ҚАЗАҚСТАН МЕН МОҢҒОЛИЯНЫҢ ҚАРЫМ - ҚАТЫНАСЫ
Шыңжан өлкесіндегі қазақтар
Алыс, жақын шетелдік қазақтар тілінің зерттелуі
Монғолия жерінде қазақ диаспорасының қалыптасуы, тарихы мен ерекшелігі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz