Білім берудің мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде анықтайтын


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 22 бет
Таңдаулыға:   

Дәріс №1

Тақырып: «Қазіргі замандағы білім беру және оның даму тенденциялары»

Жоспар

  1. Білім беру 21 ғасырдың стратегиялық басымдығы және білім берудің әлеуметтік мәні.
  2. Білім беру философиясы.
  3. Білім беру парадигмасының нәтижеге және жеке тұлғаға бағдарлануы.
  4. Білім беру саласындағы өзгерістерге әсер ететін факторлар және білім берудің даму тенденциялары.
  1. Білім беру - ХХI ғасырдың стратегиялық басымдығы және білім берудің әлеуметтік мәні. Үшінші мыңжылдықтың басында әлемдік деңгейде ғылым мен техниканың қарқынды дамуымен қатар, адамдардың арасында рухани жұтаңданудың көріністері айқын байқала бастады. Жаһандану үрдістерінің ықпалымен XXI ғасырға адамзат үлкен ғылыми-техникалық жетістіктерімен жетіп отырғаны белгілі. Жоғарғы дамыған электрондық техника, ақпараттық және өндірістік технологиялар, медицина мен генетикалық инженериядағы ашылып жатқан жаңалықтар, жасанды интеллект, физика, кибернетика т. б. салалардағы ғылыми жетістіктер адамзат қоғамының өркендеуіне, ілгері дамуына, адамдардың қол еңбектерін жеңілдетуге көп септігін тигізуде. Дегенмен, осындай жағымды жетістіктерге қарамастан қоғамда тастанды балалардың көбеюі, жасөспірімдер арасындағы қатыгездік, суицид мәселелері, қылмыскерлер санының артуы, зорлық-зомбылық пен лаңкестіліктің өсуі, т. б. жағымсыз әлеуметтік құбылыстар жиіленіп бара жатқаны байқалуда. Неліктен қоғам өркендеген сайын мұндай жағымсыз әлеуметтік құбылыстар азая түспейді? Осындай қарама-қайшылықтардың себептері неде?

Бұл парадокстың басты себептері - адамдардың құндылықтық бағдарларының өзгеруі, рухани-адамгершілік қағидаларының әлсірей бастауы, соның салдарынан азаматтық сана-сезім мен әлеуметтік жауапкершіліктің жеткіліксіз деңгейде дамуы. Сондықтан ХХІ ғасырда өндірістік, әлеуметтік қатынастардың күрделенуіне қатысты адами ресурс сапасын жақсарту мәселесі өзектеніп, білім беру ұғымына деген көзқарас әлемдік деңгейде өзгере бастады, себебі:

  • білім беру - ХХI ғасырдың стратегиялық басымдығы;
  • білім беру - мемлекеттің өркендеуінің маңызды қозғаушы күші;
  • білім беру - мемлекет бәсекелестігін сақтаудың негізгі;
  • білім беру - мемлекеттің адами капиталын қалыптастырудың іргетасы;
  • білім беру - әр тұлға үшін де, қоғам үшін де баға жетпес құндылық;
  • білім беру - адамның тұлғалық және кәсіби дамуының басты факторы.

Әр мемлекеттің әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болуы оның жер асты байлығымен, қарулық күштерімен, экономикасының жетістіктерімен ғана өлшенбеуі тиіс, мемлекеттің дамуындағы негізгі көрсеткіштердің бірі - адами капиталдың даму деңгейі, адами құндылықтар сапасы. Осыған орай атақты Абылай ханның «Білекке сенген заманда - ешкімге есе бермедік. Білімге сенер заманда - қапы қалып жүрмейік» - деп ескерткен сөздері бүгінгі күні де білім беру жүйесінің алдында тұрған өте жауапты әлеуметтік міндет. Сондықтан күні бүгінге дейін педагогика ғылымының негізгі категорияларының бірі ретінде саналып келе жатқан « білім беру» ұғымын қазіргі таңда кең мағынадағы әлеуметтік құбылыс ретінде қарастырған дұрыс.

Білім беру мәселесімен тек педагогика ғылымы ғана айналысады деп айтуға болмайды. Білім беру үрдісін философия, әлеуметтану, психология, экономика, мәдениеттану, саясаттану, т. с. с. басқа әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар өз тұрғысынан зерттеп қарастырады. Қоғамдағы көрініс тауып отырған адам іс-әрекетіне байланысты барлық әлеуметтік құбылыстардың себеп-салдары осы білім беру мазмұнынан іздестіріліп, бұл ұғымның ауқымының жылдан-жылға өзектене түсуін аңғаруға болады.

Ата-бабаларымыздан асыл мұра болып қалыптасқан әлеуметтік тәжірибені, көп жылдық ұлттық мәдениетті сақтап, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізе отырып меңгертуде білім беру үрдісінің маңызы зор. « Білім беру» ұғымы 18-19 ғасырлардан бастап ғылыми айналымға еніп (Д. Локк, И. Г. Песталоцци), бүгінде педагогиканың жетекші категорияларының бірі болып табылады.

Ғасырдан ғасырға білім беру үрдісі үздіксіз сипатқа ие болып келеді, себебі жыл сайын ғылыми білімдер көлемі көбейіп, ақпараттық технологиялардың жедел дамуына байланысты меңгерілген білімдер тез ескіріп, оларды уақыт талабына сай толықтырып, жаңартып, жетілдіріп отыру қажеттілігі туындауда. Білім беру ұғымы мазмұны жағынан да өзгерістерге ұшырап, жан-жақты кеңейе түсті. Педагогика ғылымында білім берудің түрлі анықтамалары кездеседі:

  • Кең мағынадағыбілім беру -жеке тұлғаның өз өмірлік жолын құзырлы таңдау мүмкіншіліктерін кеңейтуге және өзін-өзі дамытуға бағытталған үрдіс. (А. Г. Асмолов) .
  • Білім беру- жеке тұлғаның әлеуметтік жетілуі мен жеке өсуі қамтылатын, оның қабілеттіліктері мен мінез-құлқын жетілдіру үрдісі және нәтижесі (ЮНЕСКО, 1997) .
  • Білім беру- жеке тұлға мен қоғам мүддесі үшін жүргізілетін педагогикалық тұрғыдан ұйымдастырылған әлеуметтендіру үрдісі. (Педагогикалық энциклопедия, 1999) .
  • Білім беру- адам, қоғам, мемлекет мүддесіне, мақсатына бағытталған тәрбие және оқыту үрдісі (В. А. Сластенин) .

Осындай және тағы да басқа білім беру ұғымына берілген анықтамалардың көптігі оның кең мағыналылығының, көп қырлылығының, әлеуметтік маңыздылығының айқын дәлелі.

Қазіргі білім берудің негізгі мақсаты - білім алушыға тек академиялық білім беріп, білік пен дағдыларды қалыптастыру емес, сонымен қатар жеке тұлғаның бойында әлеуметтік құнды іс-әрекеттерге қатыса алуы үшін өзіне де, қоғамға да қажетті қабілеттерін дамыту. Осы тұрғыдан қарағанда білім берудің білім, білік пен дағдыларды қалыптастыру міндеттері арқылы жеке тұлғаның үйлесімді түрде эмоционалды, ақыл-ой, адамгершілік, рухани-құндылық, еріктік, физикалық қабілеттері жағынан толыққанды тұлға ретінде дамуы маңызды.

Білім беру үрдісі негізінде адам ғылыми-техникалық, жаратылыстану, әлеуметтік-гуманитарлық білімдер жүйесін меңгереді және мәдениет кеңістігінде өмір сүруге қажетті ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастырады. Білім алу нәтижесінде меңгерген білімдері мен дағдылары арқылы адам экономиканың, саясаттың, ғылымның, техниканың, мәдениеттің, өнердің дамуына араласып, өз үлесін қоса алады.

Білім берудің сапасы адамның білім алып жатқан мекемесінің (мектеп, жоғары оқу орындары) педагогикалық іс-әрекетіне тығыз байланысты болады. Ал жоғары білім берудің сапасы студенттердің кәсіби, оқу-танымдық, ғылыми-зерттеу жұмыстарына, кәсіптік педагогикалық тәжірибе деңгейіне тікелей байланысты. Бұл кезде студенттердің басым көпшілігінде өз бетінше білім алу және шешім қабылдай алу іскерліктері бекіп, белсенділік, табандылық, төзімділік, зеректік, жауапкершілік қасиеттері айырықша көрініс табады.

Білім берудің мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде анықтайтын Қазақстан Республикасының Білім беру жүйесі туралы заңнамасы бекітіліп, заман талабына сай жетілдіріліп отыруда. Заңнамалық құжаттар бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік білім беру саясаты және жалпы орта білім берудің мақсаты анықталған.

  • Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы. 27. 07. 2007 ж. (өзгерістер мен толықтырулар енгізілген 2022 ж. )
  • Педагог мәртебесі туралы. Қазақстан Республикасының Заңы 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 293-VІ ҚРЗ.
  • Қазақстан Республикасындағы 12 жылдық орта жалпы білім беру Тұжырымдамасы.
  • Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралыҚазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы № 345-ІІ Заңы.
  • Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 - 2025 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы.
  1. Білім беру философиясы. Білім беру ұғымының ауқымы кеңейген сайын, оның мазмұны да жан-жақты зерттеле бастады. Білім берудің әлеуметтік мәнін ашуда«білім беру философиясы»деген ұғым кеңінен талқылануда.

Білім беру философиясы көптеген сұрақтарға жауаптар іздестіреді. Қазіргі қоғамдағы жеке тұлғаның алатын орны қандай? Адамзаттың маңызды мәселелерін шешудегі білім берудің әлеуметтік мәні неде? Қазіргі кездегі білім беру саласы, оның даму бағыттары қандай? Білім беру құрылымы болашақта қандай болуы керек? Білім берудің қазіргі жағдайы қанағаттанарлық па? Осындай сұрақтардың барлығы білім беру нәтижелерінің қаншалықты өмір талабы мен әлеуметтік сұранысқа сәйкес келетінін айқындауға бағыттала отырып, білім беру философиясының зерттеу аясын анықтайды.

Философия ғылымының заңдары көптеген құбылыстарды зерттеуде, оларды танып білуде, түсіндіруде кеңінен қолданылады. Осыған байланысты білім беру саласындағы көптеген мәселелерді философиялық тұрғыдан түсіндіру көзқарастары ерекше жүйе ретінде қалыптасқан.

Білім беру философиясын жан-жақты зерттеген ғалымдар В. В. Краевский, Б. Л. Вульфсон, В. В. Кумарин, Б. С. Гершунский т. б. болған. Білім беру философиясы үш тұрғыдан қарастырылады:

  1. Білім беру философиясы- қолданбалы философия ретінде қарастырылады. Бұл тұрғыдан білім беру саласының даму заңдылықтарын негіздеу үшін жалпы философиялық қағидаларды қолдану жеткілікті деп есептелінеді.
  2. Білім беру философиясыныңмазмұны педагогика ғылымының теориялық-әдіснамалық мәселелерімен сәйкестендіріледі.
  3. Білім беру философиясыдербес ғылыми білімдер саласы, оның негізін тек білім беруге қатысты жалпы философиялық ілімдер ғана емес, білім берудің барлық аспектілерінің қызметтерін қамтитын жеке шынайы даму заңдылықтары құрайды.

Білім беру философиясының біртұтас нысанасы (объектісі) - барлық құндылықтық, жүйелілік, іс-әрекеттік, нәтижелік сипаттағы білім беру үрдісі. Білім беру философиясының зерттеу пәні - білім беруге қатысты пәнаралық теориялар, заңдар, заңдылықтар, категориялар, ұғымдар, терминдер, принциптер, постулаттар, ережелер, әдістер, болжамдар, идеялар, фактілер.

Б. С. Гершунскийдің пайымдауынша «білім беру философиясының мәні - білім беруге бетбұрыс алған философия», немесе «білім беру іс-әрекетінің барлық аспектілерінің өзіндік ғылыми парадигмасы».

Қазіргі қоғам дамуындағы саяси, әлеуметтік, мәдени өзгерістер білім беру саласына тікелей әсерін тигізіп, оның маңыздылығын арттыра түсті. Білім беру ұғымының күрделілігі, көпжақтылығы оны жан-жақты қарастыруды қажет етеді. Білім беру философиясының белгілі теоретигі Б. С. Гершунский білім беру ұғымын 4 аспектіде қарастыруға болатынын атап көрсетеді:

  • білім беруқұндылықретінде;
  • білім беружүйеретінде;
  • білім беруүрдіс және іс-әрекетретінде;
  • білім берунәтижеретінде.

Сурет 1. - Білім беру ұғымының 4 негізгі аспектілері

Білім беру неліктен құндылық ретінде қарастырылуы қажет? Әуелі құндылық дегеніміз не? Құндылық - кез келген индивид, топ, ұжым, этнос, т. б. үшін өмірлік маңызы жоғары материалдық немесе рухани нысаналар. Құндылықтар әр ұлт үшін немесе жалпы адамзат үшін маңыздылығына байланысты ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар деп ажыратылып қарастырылады. Әр ұлт үшін не құнды? Әрине, ол ұлттық тіл, мәдениет, салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, ұлт тарихы, т. б. Ұлттық құндылықтарды меңгеру негізінде адам санасында жалпыадамзаттық құндылықтарға деген көзқарастар қалыптасады. Олардың қатарына барлық адамдарға ортақ, ұлттық және нәсілдік айырмашылықтарына қарамастан маңызды болып есептелетін құнды нысаналар жатады. Мысалы: адамның өмірі, денсаулығы, бас бостандығы, адамгершілігі, қадір-қасиеттері, білімі, т. б. Адам санасында аталған құндылықтарға деген көзқарас білім беру жүйесі арқылы қалыптасатыны анық. Білім беру мекемелерінде алған білімдері мен тәрбиесі арқылы әр адам әлеуметтік қатынастарға бейімделіп, қоғамда өз орнын табуға мүмкіндік алады. Сондықтан да білім беру немесе әр жеке тұлға үшін білім алу үлкен құндылық болып есептеледі.

Білім берудің құндылықтық сипаты үш тұрғыдан қарастырылады.

  1. Білім ;
  2. Білім беруқоғамдыққұндылық;
  3. Білім беружеке тұлғалыққұндылық.

Сурет 2. - Білім берудің құндылықтық сипаты.

Неліктен білім беру мемлекеттік құндылық болып саналады? Себебі кез келген мемлекеттің экономикасы, ғылыми-техникалық прогресі, саясаты, экономикалық, мәдени, интеллектуалдық, адамгершілік әлеуеті білім беру саласының нақты жағдайына және оның ілгері даму мүмкіндігіне байланысты бағаланады. Осы тұрғыдан әрбір өркениетті дамып келе жатқан мемлекет үшін білім беруді қарқынды дамыту - оның басты стратегиялық міндеттерінің біріне айналған.

Білім беру үнемі болашаққа бағытталғандықтан, оның мемлекеттік маңыздылығын күшейтуге арналған нақты материалдық және моральдық міндеттер мемлекет тарапынан қарастырылады. Білім беру саласы мемлекет тарапынан басқарылады, және толығымен мемлекет бақылауы мен қадағалауында болады. Сондықтан Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» заңы (2007) және басқа да білім беру саласын жетілдіруге арналған мемлекеттік бағдарламалар, тұжырымдамалар, нормативті құжаттарда білім беру саласындағы шоғырланған мәселелерді шешу жолдары мен жетілдіру реформалары қарастырылған.

Неліктен білім беру қоғамдық құндылық болып саналады? Мемлекет пен қоғам тең мағыналы ұғымдар емес, олардың өзара қатынасы өте күрделі болып келеді. Білім беруді дамытуда олардың мақсат, мүдделері сәйкес келе бермейді. Дамыған қоғам мемлекет тарапынан қабылданған қаулылардың орындалуын талап етеді, білім беру заңын талқылап өзгертулер енгізе алады. Қоғам мүшелері өзекті білім беру мәселелерін шешу үшін қоғамдық ұйымдар құрады және қозғалыстар ұйымдастырады. Қоғам мүшелерінің әлеуметтік белсенділігі, олардың өз мүдделерін қорғай алулары, қоғамдық сананың дұрыс қалыптасуы білім беруді дамытудың негізгі жолдарының бірі және оның қоғамдық маңыздылығының көрсеткіші.

Неліктен білім беру жеке тұлғалық құндылық болып саналады? Жоғарыда қарастырылып отырған білім берудің мемлекеттік және қоғамдық құндылықтары жалпы әлеуметтік мәселелерді қарастырады, бірақ жеке тұлғаның білім алуға деген өзіндік қатынасын, оның деңгейі мен сапасын толық ашып көрсетпейді. Б. С. Гершунскийдің пікірі бойынша білім беруді дамыту саясаты әр жеке адамның дербес ерекшеліктерін, оның қажеттіліктерін, қызығушылықтарын және қабілеттіліктерін ескере отырып тұлғалық бағытта жүргізілуі керек.

Әрине, білім беру үнемі ұжымдық сипатта болатыны анық. Бірақ сол ұжым ішінде әрбір адам өзінің дербестігін, даралығын, жеке «Мен»-жүйесін жоғалтып алмауы өзекті педагогикалық мәселе.

Қорыта келіп тұжырымдайтын болсақ, білім берудің құндылығы осы аталып көрсетілген мемлекеттік, қоғамдық, жеке тұлғалық құндылықтардың өзара үйлесімді және тығыз қатынаста болуын көздейді. Тек осындай құндылықтық негізде жүргізілетін білім беру барысында ғана әр тұлғаның жан-жақты дамуына, теориялық білімдерді меңгеруімен қатар өз бойында қажетті құзыреттіліктерді қалыптастыруға қолайлы жағдайлар жасалуы мүмкін.

Білім беру жүйе ретінде. Дәстүрлі түсінігіміз бойынша білім беру дегеніміз деңгейлерімен, кәсіптік бағыттарымен ерекшеленетін білім беру мекемелерінің (мемлекеттік және мемлекеттік емес) жүйесі. Бірақ білім беру мекемелерінің мұндай алуан түрлілігі оны әлі жүйе деп қабылдауға негіз бола алмайды. Себебі жүйе дегеніміз кез келген объектілердің кездейсоқ жиыны емес, олардың элементтерінің өзара сәйкестендіріліп байланысқан жиынтығы. Қандай белгілері арқылы білім беруді жүйе ретінде сипаттауға болады? Ең алдымен деңгейлеріне, профильдеріне қарамастан жүйені және оған кіретін құрамды бөліктерді сипаттайтын жалпы, инвариантты сапалардың болуы қажет. Мұндай сапаларға икемділік, тұрақтылық, болжамдылық, тұтастық, сабақтастық, вариативтілік, динамикалық сапалар жатады. Білім беру жүйесі икемді және динамикалық түрде әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге бейімделе алуы керек және өзіндік психологиялық-педагогикалық негізін берік ұстануы маңызды. Жоғарыда аталған сапалардың өзі білім беру жүйесінің күрделілігін көрсетеді.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында білім беру жүйесі ретінде өзара бірлесе іс-әрекет ететін:

  1. білім берудің деңгейлерінің сабақтастығын қамтамасыз ететін мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттар мен оқу бағдарламаларының жиынтығы;
  2. білім беру бағдарламаларын типтеріне, түрлеріне, меншіктік формаларына қарамастан іске асыратын білім беру ұйымдарының жиынтығы;
  3. білім беру сапасының мониторингін жүргізетін ғылыми ұйымдар мен оқу-әдістемелік қамтамасыздандыратын білім беруді басқару органдарының және оған сәйкес инфраструктураларының жиынтығы қарастырылады.

Сонымен, біріншіден, білім беру жүйесі тарихи қалыптасқан бірі-бірімен сабақтасқан және біртіндеп бірі-біріне ауысатын білім беру парадигмаларынан туындайды. Екіншіден, білім беру жүйесінің нәтижелері болашақта көрініс береді, себебі білім беру мекемелерінің түлектері өздері білім алған жағдайлардан өзгеше, жаңа жағдайда өмір сүріп іс-әректпен шұғылданады.

Білім беруді жүйе ретінде анықтауда жеке тұлғаға бағытталған білім беру парадигмасы маңызды орынды иеленуде. Білім берудегі бұрынғы көп жылдар бойы қалыптасып қалған, қатал орталықтандырылған басқару, қатаң тәртіп орнаған жүйенің тұрақсыздығы байқалып, бүгінгі күнде білім беру жүйелеріне мазмұны жағынан да, оқыту-тәрбие жүйесін ұйымдастыру формалары жағынан да көп өзгерістер енгізілуде.

Білім беру мекемелері төмендегідей деңгейлер бойынша сарапталады:

  1. мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту; 2) бастауыш білім беру; 3) негізгі орта білім беру; 4) орта білім беру (жалпы орта білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру) ; 5) орта білімнен кейінгі білім беру; 6) жоғары білім беру; 7) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының баптарына сәйкес қарастырылып отырған білім беру деңгейлері әр түрлі типті мекемелерде жүзеге асырылады.

  1. Мектепке дейiнгi бiр жастан бастапмектеп жасына жеткенге дейін мектепке дейiнгi ұйымдардажүзеге асырылады (30 бап) .
  2. Орта бiлiм беру ұйымдарының негiзгi түрлерiжалпы білім беретін мектеп, шағын жинақталған мектеп, гимназия, лицей, бейiндiк мектепболып табылады (31бап) .
  3. Техникалық және кәсіптік білім берунегізгі ортажәне (немесе) жалпы орта білім беру базасында училищелерде, колледждердежүзеге асырылады (32 бап) .
  4. Орта білімнен кейінгі білімнің білім беру колледждердеіске асырылады (33 бап) .
  5. Жоғары оқу орындарының негiзгi түрлерiнеұлттық зерттеу университеті, ұлттық жоғары оқу орны, зерттеу университеті, университет, академия, институт және оларға теңестiрiлгендер (консерватория, жоғары мектеп, жоғары училище) жатады ( 35 бап) .
  6. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жоғары оқу , жоғары оқу орындарының және ғылыми , сондай-ақ «Болашақ» халықаралық стипендиясының стипендиаттарын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жыл сайын бекiтiлетiн мамандықтар тiзбесiне сәйкес күндiзгi оқыту нысаны бойынша жетекшішет елдердiңжоғары оқу орындарынаоқуға жiберу арқылы жүзеге асырылады (36 бап) .

Білім берудің жүйелік сипатына қазіргі білім беру үрдісінде қалыптасқан сынып-сабақ жүйесін де атап өтуге болады. Ол жүйенің негізін қалаушы ретінде чех педагогы Я. А. Коменскийдің еңбектері елеулі орын алады. Өзінен бұрынғы қалыптасқан оқыту жүйелерінің ұтымды тәжірибелерін жинақтай келе, XVII ғасырдың ортасында Я. А. Коменский оқытудың сынып-сабақ жүйесін ғылыми тұрғыдан негіздейді. Оқытудың сынып-сабақ жүйесінің негізгі сипаттары:

  • оқушылар жас ерекшеліктері бойынша оқу топтарына - оқытылады;
  • сыныптардың құрылымдары тұрақты, өзгертіле бермейді;
  • оқытудың мазмұны жеке пәндер бойынша жүргізіледі;
  • сыныптағы оқушылардың барлығына оқу пәнінің бөлімдері мен тақырыптар тізбектемесі бірдей беріледі;
  • сыныптың барлық мүшелеріне бірдей сабақтың басталу және аяқталу уақыттары бірдей белгіленеді;
  • сабақтардың саны, олардың ұзақтығы, сабақтар арасындағы демалысқа берілетін үзілістер барлық оқушыларға бірдей белгіленеді.

Үш ғасырдай бойы айтарлықтай өзгерістерге ұшырамай сақталып келе жатқан оқытудың сынып-сабақтық жүйесі қазіргі кезде дәстүрлі оқыту жүйесі ретінде қалыптасып, бүгінгі мәдени-әлеуметтік өзгерістерге, қоғамдық қатынастардың талаптарына сай оның тиімділігін арттыру қажеттілігі айқын байқалуда.

Білім беру - үрдіс және іс-әрекет ретінде. Білім берудің мәні - мақсаттан нәтижеге қарай жылжу үрдісі. Үрдіс деген сөздің өзі латын тілінен аударғанда ( processus - қозғалу, жылжу ) - бір нәрсенің дамуындағы құбылыстардың, жағдайлардың біртіндеп өзгеруі; қандай болмасын нәтижеге қол жеткізудегі іс-қимылдар жиынтығы деген мағынаны білдіреді.

Білім беру - педагог пен оқушы, студент арасындағы қарым-қатынас үрдісі. Бұл үрдіс барысында оқушы немесе студент оқу, тәрбие, даму үрдістеріне жан-жақты белсенді қатысып педагогикалық қарым-қатынастың субъектісіне айналады. Білім беру барысында педагог пен оқушы арасында ғана емес, оқушылардың, студенттердің өзара біріккен әрекеттері де нығая түседі. Аталып отырған педагогикалық үрдіс көптеген білім беру құралдары (оқу, әдістемелік мәтіндер, көрнекілік құралдар, компьютерлер, аудио-видеоқұралдар, қашықтықтан оқыту аппараттары т. б. ) арқылы арнайы ұйымдастырылған (жеке, топтық, ұжымдық) түрде жүргізіледі.

Білім беру үрдісі үнемі мақсатқа және күтілетін нәтижелерге бағытталған. Осы тұрғыдан білім беру үрдісін технологияландырылған үрдіс деп те сипаттауға болады, себебі педагогикалық технологияларда өзара сабақтасқан шағын және жалпы мақсаттарға жетудің нақты қадамдары, кезеңдері, сатылары анықталады.

Білім беру үрдісі - мұғалімнен, оқытушыдан балаға, студентке оқу ақпараттарын жеткізу арнасы. Сондықтан қазіргі кезде білім беру саласында ақпараттық технологиялар да өте кең таралуда.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
12 жылдық жалпы орта білім беруге көшудің негіздемесі туралы
Қазақстан Республикасының Конституциясындағы, Білім Заңындағы жоғары білім алу туралы тұжырымдар
Қазақстандық жастардың мәселесі
«Саясаттағы ұлттық қауіпсіздік, оның құрылымы»
Жеке құқықтар мен бостандықтар
Қаржы механизмінің жүйесі
Тұжырымданың мақсаты мен міндеттері
12 жылдық білім жүйесіне көшу жағдайындағы мұғалімнің кәсіптік құзыреттілігі
Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы
Қазақстан Республикасындағы адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының конституциялық негіздері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz