Тұлғаның өтірік айту мотиві


Тұлғаның өтірік айту мотиві
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ
І АДАМНЫҢ ЖАЛҒАН СӨЙЛЕУ МОТИВАЦИЯСЫН ТЕОРИЯЛЫҚ ТАЛДАУ
- «Тұлға», «жалған сөйлеу», «мотив» ұғымдарына жалпы шолу
- Бала тәрбиесіндегі өтірік айту мәселесін алдын алу
- Өтірікті ажырату бойынша психологиялық тәжірибе
ІІ ТҰЛҒАНЫҢ ЖАЛҒАН СӨЙЛЕУ МОТИВІН ЭКСПЕРИМЕНТАЛДЫ ЗЕРТТЕУ
2. 1 Зерттеу пәні, міндеті, мақсаты, болжамы
2. 2 Тұлғаның жалған сөйлеуін анықтауға тәжірибелік техникалар
ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
КІРІСПЕ
Халық ішінде бір жақсы сөз бар: «ешқашан ешқашан деп айтпа». Өмір бізге ешнәрсенің кесіп айтуға келмейтінін үйретті. Кездейсоқтық дегеніміздің заңдылық екенін, заңдылық дегеніміздің кездейсоқтық болып шығатынын да көрсетті. Осы заңдылықтар мен кездейсоқтықтардың арасында жүріп адам бір күні өзінің өтірік айта алатынын да білді. Кездейсоқ білді. Бірақ ол заңдылық еді. Ең ұлы өтіріктер «Мен ешқашан өтірік айтпаймын» дегеннен басталатын секілді. Ешқашан өтірік айтпау деген әрқашан шындықты айту дегенді білдірмесе керек.
Қазақ халқы өтірікті қаншалықты айтады? Қазақта өтірікшіні мынадай ұғымдармен береді: суайт, бөспе, судыр, алдампаз, сужұқпас т. б. Сондай-ақ «Өтірік өрге жүзбес», «Өтірікшінің куәсі қасында», «Өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай . . . », «Өтіріктің құйрығы бір тұтам» секілді мақал-мәтелдермен айқындайды. Осыдан байқағанымыздай, қазаққа аңғал өтірік тән секілді. Алдампаз кейіпкерлері өз өтірігіне өзі алданып қалатын мысалдар бек көп. Былайша айтқанда, біз көбіне өзгені алдадық деп, өзімізді алдап отырамыз.
2008 жылы белгілі бір халықаралық компания әлемнің 19 елінде жүргізген сауалнама нәтижесін ұсынды. Сондағы ұйғарым бойынша, адамдар өткен онжылдықтарға қарағанда қазір өтірікті ерекше көп айтатын болып шыққан. Онымен қоймай, өтірік айтуда ерлер әйелдерден аспаса, кем түспейді екен. Мұны немен түсіндіруге болар еді? Әр дәуір, кезеңдер бір идеямен немесе пәлсафалық ұғыммен ашылып, анықталып отырады. Үміт дәуірі, Сенім дәуірі, Кек дәуірі деген секілді. Бұл ұйғарымға сүйенсек, алда жалғандық дәуірі келе жатқан сыңайлы. Адамдар барлық құндылықтардан бас тартып, алдамшы, өтпелі идеяларға бой ұруы мүмкін. Оған негізгі себеп санаға берік орнай бастаған Ақырзаманның жақындап қалуы туралы түсінік десек қателесе қоймаспыз. Сондықтан да адамдар тек бүгінмен өмір сүруге дағдылануда. Ертең - абстракция, Бүгін - утопия. Бүгін өтірік айту өмір сүрудің тәсіліне айналып үлгерген. Кәрі шындықтардан жап-жас өтіріктер сүйкімді. Өмірдің шындығын, өлімнің шындығын, заманақырдың шындығын, ғаламдық жылынудың шындығын, жердегі биоқорлардың таусылу шындығын білу жалпы алғанда адамға қажет пе? Адам онсыз да оны біледі. Ал адам баласының табиғат алдындағы жеңімпаздығы, өлімді де жеңетіні, биоқорды басқа ғаламшарлардан алуға болатыны туралы әдемі өтіріктер өмір сүруге деген құштарлықты оятады. Дегенмен әркімнің қандай шындықты болмасын білуге хақысы бар. Тіпті жазылмас дертке шалдыққандардың өзі қанша өмірі қалғанын білуге құқылы. Бірақ кейде белгілі бір шындықтарды білмей-ақ қойған жақсы. Өмір тыныш болады.
Күнделікті өміріміздегі өтіріктерге қатысты қарапайым ғана мысалдар келтірелік. Екі адам өзара әңгімелесіп отыр делік. Біріншісі: «Айтшы, осы айтқаным өтірік пе?», екіншісі: «Жоқ, өтірік емес»; «Рас па?» «Рас»; Мұнда негізгі басымдық көңілге қарауда. Екінші адам іштей келіспей тұруы мүмкін, бірақ дәл содан дүние төңкеріліп кетпесін білгендіктен, бәріне мақұл. Екеуінің кез келгені бір-біріне «Сізді көргеніме қуаныштымын!», «О, құлпырып кетіпсіз», «Мен сізді көп ойлаймын», «Сіздей адамдар сирек туады ғой» дейді. Осы төркіндес тағы да басқа көптеген көңіл үшін айтылатын сөздерді толық шындық дей алмайсыз. Кезекті сөздер.
Адамдар өтірікті өзгені немесе өзін қорғау үшін, шындықты мойындаудан қорыққанда немесе істің ыңғайында қажет деп таппағанда, сөзін өткізу үшін, жауапкершіліктен бас тартқанда, жазадан, жәбірлеуден өзін арашалау үшін, өзгенің мүддесін я өмірін сақтап қалу үшін, мемлекет ішіндегі я бір әулет ішіндегі үйлесімді ұстау үшін, тағы да басқа себептермен айтады. Зиянсыз, кінәсіз, яғни отбасының беріктігін сақтайтын, кісіні ажалдан алып қалатын өтіріктер дінде де жоққа шығарылмайды. Ал жас балалардың өтірік айтуын қазіргі заман психологтары «өтірік» деген ұғыммен анықтауға қарсылық білдіріп отыр. Өйткені бала нақтылық пен елестетілетін дүниелердің аражігін толық білмейді. Сондықтан да оның өтірігі - күнәсіз.
Бірақ үлкен адамның, көп жағдайда ата-анасының балаға өтірік айтуы, шындықты жасыруы оң нәтиже бере бермейді. Ол тіпті бара-бара патологиялық алдамшылыққа дейін жеткізуі мүмкін. Баланың жан-дүниесін зерттеуші мамандар балаға сұрақ қойғанның өзінде ол өтірікке сұранып тұратындай болмауын қадағалауды өтінеді. Мысалы сұрақ «Ойыншықтарыңды жинадың ба?» дегенге қарағанда «Ойыншықтарыңды жинамағаныңды байқадым» деген секілді болуын талап етеді.
Калифорния университетінің ғалымдары патологиялық (өтірік айтпаса тұра алмайтын және өз өтірігіне өзі сенетін) өтірікшілердің миының жай адамдар миыннан өзгеше екенін байқаған. Олардың миында жүйке жасушасының негізгі элементі - нейрондардың (сұр зат) көлемі кішірейіп, керісінше ақ заттың (жүйке талшықтарының) ұлғайғанын анықтаған.
Демек, адамдардың шындықты немесе өтірікті айтуы - мидағы ақ және сұр заттардың ойыны, күресі. Қайсысы басым түссе, адам соған қарай ыңғайланады. Сонымен, адамдар неге өтірік айтады? Оған бір ғана жауап бар секілді: адамдар шындықты қорғау үшін өтірік айтады. Түсінікті ұғыммен айтқанда - өмір сүру үшін. Ал өмір бүгінмен өлшенген кезде, ол да бала қиялындағыдай өтірікке айналады. Бір күндік өмірді сүру үшін айтылған өтірік ертеңгі келген күнмен әшкереленеді. Бұдан шығатыны, өтірік - шындықты ашушы құбылыс.
І АДАМНЫҢ ЖАЛҒАН СӨЙЛЕУ МОТИВАЦИЯСЫН ТЕОРИЯЛЫҚ ТАЛДАУ
- «Тұлға», «жалған сөйлеу», «мотив» ұғымдарына жалпы шолу
Тұлға - жеке адамның өзіндік адамгершілік, әлеуметтік, психология қырларын ашып, адамды саналы іс-әрекет иесі және қоғам мүшесі ретінде жан-жақты сипаттайтын ұғым. Aдамның әлеуметтік қасиеттерішң жиынтығы, қоғамдық даму жемісі мен белсенді қызмет ету мен қарым-қатынас орнату арқылы жеке адамды әлеуметтік қатынастар жүйесіне енгізудің жемісі.
Тұлға психологияда өзінің өмір жолын белгілей алатын, қайталанбас даралық ерекшелігін сезінетін субъект. Тұлға адам ұғымынан гөрі нақты мағынаға ие. Өйткені адам тұлғалық сипатты иелену үшін өз “менін” өзге “меннен” ажыратып, есейіп, өз бетінше дербес әрекет ету мүмкіндігін ашуы керек. Яғни, белгілі бір мәнді іспен айналысатын, азды-көпті білімі, өмірлік тәжірибесі, дүниетанымы мен сенімі бар адамды тұлға деп атайды. Қазақ ұғымында бала мұндай азаматтық атқа бозбалалық шақта ие бола бастайтынын “Он үште отау иесі” деген мақалдан көруге болады. Халықта өзінің өнегелі істерімен, имандылығымен ерекшеленген адамды ерекше қастерлеп, кісілігі бар тұлға дейді. Тұлға бойындағы адамгершіліктің көрінісі ар-ұятқа кір келтірмеуінен, намысын жоғары ұстауынан байқалады.
Тұлға философиялық тұрғыда адамды “адам” ретінде тануға, яғни оның рухани-адамгершілік, ділдік, мәдени қырларына баса назар аударумен пайымдалады. Психология тұлғаның өзіне тән күш-жігерін, мінез-құлқын, психо-физиология ерекшеліктерін зерттейді. Социологияда тұлға қоғам мүшесі ретінде қарастырылып, оның әлеум. қырлары, саналы қоғамдық әрекеті жан-жақты зерттеледі. Қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласының қай-қайсында болсын адам орталық мәселе болғандықтан олар тұлға ұғымын ортақ қолданып, әрқайсысы әр қырынан зерттеп-таниды және осы ғылым салаларының зерттеу нәтижелерінің өзара ықпалдастығы мен бір-біріне әсері бар. Әр ғылым саласы тұлға сөзіне өзіне тән танымдық-ұғымдық мағына сыйғызады.
Тұлға проблемасы бірқатар ғылымдардың-философия, социология, психология, педагогика ғылымдардың зерттеу объектісіне жатады. Осы аталған және басқа да ғылымдардың ғылыми мәліметтеріне сүйене отырып, әлеуметтану ғылымы тұлғаны әлеуметтік өмірге белсеңді түрде араласатын, әлеуметтік қатынастардың субъектісі ретінде қарастырады. Тұлға - әлеуметтанудың өзекті проблемаларының бірі, өйткені қоғамдағы болып жататын әлеуметтік құбылыстар мен процестердің, сол сияқты жекелеген адамдар мен әлеуметтік топтардың іс-әрекеттерінің себептерін, мәнін жеке тұлғалардың мәнді сипатты белгілері арқылы түсінуге болады. Басқаша айтқанда, жеке тұлғаның мінез-құлқы арқылы тұтас топтың, қоғамның өмірін түсінуге болады.
Жалған сөйлеу - адам мінезіндегі нашар қасиет. Өтірікшілік әрекеті шын мәніндегі жағдайды әдейі бұрмалауға бағытталады. Өтірік айту өтірікшіге ғана емес, оны тыңдайтындарға да опық жегізеді. Өтірікші адам жалған сөзімен айналасын абыржытып, елге іріткі салуы мүмкін. Шәкерім “өтіріктен тілін тия алмаған адам арамдықтан ындынын тия алмас” , С. Сараи “өтірік сөз - жарақат сияқты, жазылса да, орны қалады” деп өтірікшіліктің қоғамға зиянды құбылыс екендігін атап көрсеткен.
Тілеген мақсатына жету үшін, қоршаған адамдар алдында өзін мадақтау үшін не жағымсыз жағдайдан құтылу үшін саналы түрде шындықты бұрмалау өтірікшілік болып табылады. Өтірікшілік тұлғаның өзін ұстауының қалыпты жағдайына айналып тұлғаның көрсеткіші болады. Балалар өтірікшілік дифференциясы мен оның нақты көрінісін бағалау осы құбылыстың пайда болу себептері мен салдарларын дұрыс түсінген жағдайда ғана мүмкін болады.
Өтірік - шын мәніндегі жағдайды әдейі бұрмадауға саятын қарым-қатынас феномені. Өтірік көбіне дереу тексерілуі қиын не мүмкін емес сөздік хабарламалардың мазмұнында білінеді не көрініс табады. Өтірік сөздік қарекеттің реципенттерді шатастыру мақсатын көздейтін, ұғына отырып жасалған өнім болып табылады. Әдетте Өтірік нақты бір жағдаяттарда жекелей не әлеуметтік артықшылықтарға ие болуға тырысудан туындайды.
Оған тән сипат индивид өзінің өтірігін орнықсыз және уақытша бірдеңе деп ұғынбай бағамдайды; осыдан да бастапқыда оған жаңа қуаттамаларды көптеп ойлап табуға тырысушылық, ал кейіннен ол туралы мүлдем ештеңе демеуге бейімділік интенциясы қабаттасады. Әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан өтірік әр уақытга құрал болып көрінетін болса, психопотология саласында ол айналасындағыларды алдап шатастыру процесінің өзінен қанағаттанарлық сезімге бөленіп, көңілі толатын мифоман - психопаттардың мақсаты болып көрініс береді.
Жалған
, жалғандық - белгілі бір іс-әрекет немесе құбылыс мәнінің шындықтан алшақтатылып, бұрмаланған көрінісі, ақиқатқа қарама-қарсы ұғым. Адам баласының ақиқатты тану жолындағы шындыққа сай келмейтін, бірақ ақиқатқа баланатын (шын деп қабылданған) адасуы тәрізді жалғандық та қоғамдық сананың жемісі. Діни сана тұрғысынан алғанда, ақиқат немесе шындық әлемді реттеуші абс. күш (Құдай) болса, жалған - адамды Құдайдың әміріне қарсы шығаратын және осы ақиқатты тану жолынан тайдыратын зұлым күш. Құранда: “Іс біткен заман (ахиретте) шайтан: Расында Алла сендерге шындықты уәде етті. Сондай-ақ, мен де сендерге уәде бердім, бірақ мен сендерді алдадым. Негізінде сендерді (жалған жолға) шақырғаннан басқа өктемшілігім жоқ еді”, - дейді (14:22) . Жалған айту басқа адамды алдау немесе оған зиян келтіру, я өзгелердің алдында басымдылыққа қол жеткізу ниетінен туындаған жағдайда этикалық тұрғыдан өрескелдік болып саналады. Алайда ислам дінінде жақсылыққа себеп болған жалған сөз айыпқа саналмайды. Мұхаммед (ғ. с. ) хадистерінде үш жағдайда ғана жалған айтуға болады делінеді, олар: соғыста (жауға), адамдардың арасын жарастыруда және ерлі-зайыптыларды татуластыруда. Дұрыс ниеттен туған жалған сөз туралы Шәкерім ақын былай дейді: “Түзу жолға бастаған жалған артық, Бұзықтыққа сеп болған мұндай шыннан”. Сонымен қатар, жалған ұғымы қазақ дүниетанымында ислам дін іліміндегі өмір мен өлім, фәни мен бақи мәселесіне байланысты “мәңгілік” ұғымына қарсы мәнде қолданылады. Мұнда адамның қамшы сабындай қысқа, шолақ өмірі өткінші жалған, ол нағыз ақиқат өмірге - “ о дүние - мәңгілікке” апарар жол ғана. Өмір мен өлім мәселесі қазақ ғақлиятты ой кешу үрдісінде әр кезеңде әркелкі сипатталынса да, бәрінің тоғысар тұсы - “дүние жалған” болып келеді. “Мынау жалған дүние, кімдерден кейін қалмаған!” (Шалкиіз, 15-16 ғасырлар) “Жігіттер, жалған дүние бізден қалар, бір күні ажал келіп жаныңды алар” (Шал Құлекеұлы, 18-19 ғасырлар)
“Қайғы емес қаза, болмаймын наза, ноқталы басқа бір өлім” (Шәкерім, 19-20 ғасырлар) деген секілді өмірдің өтпелі кебіне мойынсұнған өлең жолдары тіршіліктің шектеулі мерзімін “дүние жалған” ұғымына сыйғызды.
Мотив (италиян тілінде motіvo - мелодия (әуен), тақырып) - 1) шағын музыкалық құрылым, үзінді. Өзіндік көркемдік сипатқа ие, бір әуендік тақырып, интонация. 1 - 2 тактіге немесе бірнеше ноталар құрамына сиып кететін мотив негізінен мелодияның болмысын анықтайды. Ауыспалы мағынада мотив әуен яки тақырып деген түсінікте қолданылады. 2) Мотив (латын тілінде moveo - қозғаушы, итермелеуші) - адамды белгілі бір іс-әрекетке бастайтын ішкі субъективті себеп, оның қажеттіктері мен мүдделерін білдіруге бағытталған саналы, мақсатқа сәйкес әрекет. Пиғыл, ынта, мақсат ұғымдарымен үндес. Мотивті жүзеге асыру тұлғалық әрекетке бағыт береді. Табиғи және қоғамдық ортаның талаптары адамның мотивтерін жүзеге асыру кезінде ерік-жігер жұмылдыруды қажет етеді. Тұлғаның іс-әрекеттеріне, қылықтары мен пиғылдарына баға беру үшін оның мотивтерін айқындау керек. Мотивтің мәнін, құрылымы мен маңызын зерттеумен психология, заң, этика ғылымдары шұғылданады.
Мотив (түрткi) - адамның бағыттылығына ықпал етiп, оны итермелеп отыратындай себептер мен күштер.
Адамды әрекетке келтіруші күш-қажетсіну. Болмысты бейнелеудің жоғары формаларьша ие адамды әрекетке келтіруші нысандар - саналы түзілген бейне не елес, ой не түсінік, идея немесе ізгі мүрат күйінде өрнектелуі мүмкін.
Психологияда мотив түсінігіне келесідей анықтама беріледі: мотив - бұл адам санасында қаланып, оны белгілі бір қажеттілікті қанатағаттандыру үшін әрекетке итермелеуші себеп күш. Ал кең мәнінде мотив - шындыққа сай заңдылық ретінде ықпал жасап, объектив қажеттілік түрінде корінетін болмыс. Ал мотивтік әрекет қылық пен іс-әрекетті психикалық реттеудің ерекше түрі (Р. Г. Агеева) . Қорыта айтканда, адамның, әрқандай қылық-әрекеті оның мотивтік себеп күштеріне байланысты.
Сонымен, адамның қалаған іс-әрекетінің негізінде оны осы іс-әрекетке ынталандырушы мотив жатыр. Бірақ адамда туындаушы және оны іс-әрекетке ойыстырушы қандай да бір мотив көзделген нақты әрекетін шектелмейді, оның нәтижесіне жетумен адам келесі әрекетке ұмтылады, іс-әрекет барысында мотив өзгеруі мүмкін және керісінше, бір тұрақты мотив аясында бірнеше әрекет бірін-бірі ауыстырып баруы да орынды. Мотив дамуы мен басталган іс-әрекет арасында қайшылық та туындайды. Кейде мотив іс-әрекет жобасынан бұрын қалыптасады, ал кейде кешеуілдейді, осыған байлапысты әрекет нәтижесі де әр түрлі болады.
Жоғарыда аталғандардың корытындысы: мотив құрамы іс-әрекеттің бір бөлігі емес, жеке адамның мотивтік-кажетсіну аймағы деп аталатын күрделі жүйенің ажыратылмас бірлігі. Мотивтік-қажетсіну аймағы жеке адамның өмір бойы қалыптасып, дамып баруы барша түрткілерінің жиынтығын аңдатады. Тұтастай бұл аймақ қозғалмалы, өмірлік жағдайларға байланысты түрленіп, дамуда болады. Солай да болса, кей мотивтер біршама тұрақты, басымдау келіп, адам өмірінің бағыт-бағдар өзегіне айналады.
Мотивтердің қайдан және қалай пайда болатыны жөніндегі мәселе психологиядағы басты проблемалардан. Мысалы, А. Маслоу мотивтердің негізін бірінен-бірі деңгейі 1 бойынша жоғарылай түскен қажетсінулер тобы деп біледі, олар биологиялық қажетсіну, қорғаныс қажетсінуі, сыйластық, абырой қажеттігі мен ең жоғары қажетсінулер: өз мүмкіндіктерін ашып, оларды жүзеге асырады.
- Бала тәрбиесіндегі өтірік айту мәселесін алдын алу
Енді қайттім?! Балам өтірік айта бастады . . . Бұл - бала тәрбиесінде ағаттық жіберіп алған барлық ата-ананың бармақ тістеп, бас қатырып айтар сөзі. Баланың өтірік сөйлей бастауы оған ата-анасы тарапынан дұрыс көңіл бөлінбеуінен болатын құбылыс екендігі даусыз. Бірақ тым жас балалардың өтірік айтуын мамандар «өтірік» деген ұғыммен шатастыруға болмайтынын айтады. Себебі бала қиялы мен нақты топшылаған ойының ара-жігін ажырата алмайды.
Десе де, бірден бәтуа жасауға асықпай, алдымен психологтардың сараптамасы бойынша баланы өтірік айтуға итермелейтін нендей нәрселер екеніне көз жүгіртіп көрсек, 5-7 жастағы балалар өтірікті: 1) ата-анасының алдында істеген ісіне ақталу үшін; 2) өзіне көңіл аударту үшін; 3) мақтау есіту үшін; 4) достарының алдында мақтану үшін айтатын болса; 8-14 жас арасындағы балалар жалған сөйлеуге: 1) еңбекке дұрыс баулылмағандықтан, арты еріншектікке, оның соңы бітпеген жұмысының жауапкершілігінен құтылу үшін; 2) ата-анасы онымен ашық сөйлеспегендіктен одан сыр жасыру үшін; 3) тым қатал ата-ананың жазасынан құтылу үшін мәжбүр болады екен. Бұлар бейресми талдаулар. Дегенмен жаны бар. Талайларды сан соқтыратын алаяқтар мен арамзалар, бөспе мен сужұқпастар, жылпостар мен жалаңаяқ ұрылар осы балалардан шықпасына кім кепіл? «Баланы - жастан» деген аталы сөз бекер айтылмаған, ендеше, бұл дерттен қалай құтылмақ керек? Әрине, әр адам, әр бала өз болмысымен, өз мінез-құлқымен ерекше. Оны өтіріктен тыйып, адалдыққа баулудың нақты әрі қатып қалған қағидасын ешкім жасап бере алмасы анық. Әйтсе де, жолдарын қарастырып көрсек . . .
Арай Тілеуханова, психолог: - Баланың өтірік айтуының әр түрлі себептері болуы мүмкін. Ондай себептер баланың сана-сезімінің дамуымен де, отбасылық әр түрлі жағдайлармен де байланысты. 7 жасқа дейінгі сәбилердің санасында қиял мен шындық қабат араласып, олар ненің шындық, ненің қиял екенін шатастырып жібереді. Егер сәби ата-анасымен өз ойынан шығарылған әңгімелерімен бөліссе, онда тұрған ештеңе жоқ. Қайта, ондай қиялдар баланың шығармашылығын дамытады. Бірақ, өкінішке орай, өтірік айтудың басқа да себептері болуы мүмкін. Балаға ата-анасының қамқорлығы, ықыласы жетпесе, бала өтірігі арқылы ата-анасының назарын өзіне аудартады. Бала өтірік айтқаннан кейін, ата-анасы сөгіп, зекіп ұрсады. Бізге, үлкендерге, оны түсіну қиын болса да, бала әке-шешесінің немқұрайлылықтарынан гөрі ұрысқанын көбірек қабылдайды, жан жүйесіне әсер етеді. Сәби үшін үлкендердің елемеушілігі - ең қайырымсыз жазалау!
Ал 10 жастан бастап баланың ылғи да өтірік айтуы терең талдауды қажет етеді. Бұл шақта бала күрделі даму кезеңінде болып табылады. Өзін-өзі төмен бағалап, ата-анасының көңілінен шықпадым деген сияқты қорқыныштар өтірік айтудың себебі болуы мүмкін. Көбінесе, бала «диктатор» әке-шешеден қалай қорғануын білмей, өтірік айтудан басқа амал таппайды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz