АБАЙДЫҢ ӨЛЕҢ - СӨЗДІҢ ПАТШАСЫ, СӨЗ САРАСЫ ӨЛЕҢІН АУДАРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 8 бет
Таңдаулыға:   

АБАЙДЫҢ “ӨЛЕҢ - СӨЗДІҢ ПАТШАСЫ, СӨЗ САРАСЫ” ӨЛЕҢІН АУДАРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Аңдатпа

Мақала Абай Құнанбаевтың “Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы” өлеңін түпнұсқадан және жолма-жол аудармадан орыс, ағылшын тілдеріне аудару мәселелерін анықтауға арналған. Аударма тәжірибесінде өлең аудару аудармашыдан ақындық талант пен үлкен жауапкершілікті қажет етеді, өйткені поэтикалық аударманың негізгі талабы түпнұсқа мазмұнын аударма тілінде өлең өрнегімен шебер жеткізу болып табылады. Сондай-ақ өлең авторының өзіндік стилін, ерекшеліктерін барынша жеткізе алу - маңызды міндет. Мақаланың мақсаты - берілген өлеңнің аудармаларының аударма талаптарына сәйкестігін анықтау, аудармашылардың шешімдерін бағалау. Мақалада аталған өлеңнің орыс және ағылшын тілдеріндегі аудармаларының қолда бар нұсқалары салыстырмалы түрде талданды. Алғаш рет аталған өлеңнің көркемдік, стилистикалық, прагматикалық және мән-мағыналық ерекшеліктерін жеткізудегі аудармашылардың шеберліктері, аудару әдістері мен тәсілдері зерделенді. Абай өлеңінің орыс, ағылшын тілдеріне аударудың өзекті мәселелері қарастырылды. Мақала АР08855683 “Абай ілімін білудің, түсінудің және қолданудың ғылыми негіздері мен теориялық тетіктері” атты жоба аясында дайындалған.

Түйін сөздер: Абай, өлең, сөздің патшасы, поэтикалық аударма, жолма-жол аударма

Кіріспе. Аударма тәжірибесінде өлеңді аудару - аудармашы үшін жауапкершілігі мол және қиын міндеттердің бірі. Кезінде В. Жуковский “Проза аудармашысы - қызметші, өлең аудармашысы - бақталас”, - деп аудармашы мамандығын биікке көтерді. Бұл оның “Крыловтың мысалы мен мысалдары туралы” атты сыни мақаласында қозғаған мәселесі еді [1, 410] . Әрине, бұл пікір проза аудармашысы үшін таласты болғанымен, өлең аудармашысы үшін бейнелі айтылған шындық. Өлең аудармасындағы әдемілікке прозадағыдай бейнелі сөздер мен стилистикалық жарасымды таңдау арқылы ғана емес, сонымен бірге ырғақ, ұйқас, өлшем, нақыштар, бейнелеу құралдары мен құрылымдар жарасымы арқылы жетуге болады. Поэзия аудармасы аудармашыдан ерекше бір қабілетті қажет етеді. Ол - аудармашының ақындық таланты. Үлкен жауапкершілік, шын қызығушылық, зор талпыныс, терең білімділік, аса тиянақтылық - поэзия аудармашысының өнерін ұштайтын қабілеттер. Бұлардан бөлек, аудармашы өлең авторының шығармашылығын, шығармашылық ойлау мәнерін, өлеңнің жазылу тарихын, өлең туған ортаның дәстүрін, мәдениетін және басқа жайларды терең білуі, білгенін терең түсінуі шарт.

Жалпы, мәтінді аударуда көптеген әдіс-тәсілдер бар, бірақ олардың барлығын өлеңді аударуда қолдану орынды емес. Андре Лафевер Катуллдың өлеңдерін аудару кезінде ағылшын аудармашылары қабылдаған жеті әдісті атап өтті: фонематикалық аударма, сөзбе-сөз аударма (жолма-жол), метрикалық аударма, өлеңнен прозаға аудару, ұйқас аударма, өлеңнің еркін аудармасы және түсінік беру [2, 81-82] . Ал аударма тарихынан атақты Гете поэзиялық шығармаларды аударуды үш дәуірге бөлгені белгілі: Бірінші, түпнұсқаны өз түсінігімізге сәйкес таныстыратын қарапайым прозалық аударма дәуірі. Проза кез-келген поэтикалық еркінсуге жол бермейді, сондықтан ол түпнұсқаны ең жақсы жағынан ұсынады, өйткені біз басқа елдің құндылықтарын үйімізде отырып сезініп, ләззат аламыз; екінші, басқаның түсінігін бойға сіңіріп, оны өз түсінігімізге сәйкес қайта құру үшін сол елге саяхат жасататын пародия дәуірі, яғни түпкі мағынасы сақталған, бірақ аударма тілінің ерекшеліктерімен жасалған аударма; үшінші, аударма тарихындағы соңғы дәуір, мұнда аударма түпнұсқа деңгейінде жасалады, бірақ оның көшірмесі емес, өз алдына түпнұсқа болып табылады. Бұл өте қиын еңбек, себебі аудармашы көбінесе түпнұсқаға бағына алмай, белгілі бір дәрежеде өз ұлтының ерекшелігімен бөлісуге мәжбүр. Алайда өлеңнің риторикасын, ырғағын, метрикалық өлшемін, сыртқы пішінін, стилін сақтай отырып аудару - бізге нағыз шынайы сезім сыйламақ [3, 324-329] .

Әдістеме. Біз мақаламызда жолма-жол аударма мен адекватты поэтикалық аударманы қарастырмақпыз, олардың қаншалықты адекватты екендігіне баға бермекпіз. Бар болса, “қалауын тауып, қар жаққан”, Абайдың айтарын жете білген, терең түсінген аудармашы-ақынның шығармашылық келбетін көрсетпекпіз. Кеңес уақытында арнайы мемлекет тапсырыстарымен ұлт ақындарының өлеңдерін аудару тәжірибесі болған. Сол кезден бері қазақ ақындарының ішінде өзге тілдерге ең көп аударылғаны - Абай өлеңдері. Алайда, өкінішке орай, көп аударманың сапасы талапқа сай болып шықпады. Аударма қателері кейде анық көрініп тұрса, кейде байқалмай, “дұрыс” аудармадай әсер қалдыруы мүмкін. Сондықтан да қателерді анықтаудың ең тиімді тәсілі - аударма мәтінін түпнұсқа мәтінімен салыстыра отырып талдау, аудармашының ақындық талантына мән беріп, қай әдісті қолданғанына назар аудару. Абайдың “Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы” өлеңінің [4, 66] бірнеше аудармаларын түпнұсқамен салыстыра талдап көрейік. Алдымен Абайдың осы өлеңінің, әуелі, алғашқы екі шумағының мәнін түсініп алу керек. Өлеңде көркемдеуіш сөздердің молдығы бірден көзге түседі, алғашқы екі жолдың өзі таза метафора ( сөздің патшасы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы ) болса, фразеологиялық бірліктер ( тілге жеңіл, жүрекке жылы тию, сөз танымау ), эпитет ( бөтен сөз ), метонимия ( бишара, айтушы, тыңдаушы, парасы ), бөтен тілдік реалий ( пара ), көп мағыналы сөздер ( былғану, келу, айналасы ) өлеңнің өзіндік стилистикалық ерекшелігін, ақын тілінің байлығы мен ойының тереңдігін айқындайды.

Енді қарапайым қазақтілді оқырман өлеңді қалай түсінетінін қарастырайық. Абай өлеңді сөздің патшасы , яғни сөйлеудің ең жоғарғы формасы, билеушісі, ең мықтысы, өтімдісі және сөздің сарасы , яғни таңдаулысы, ерекшесі деп сипаттайды. Қиыннан қиыстыру өлең жазудың оңай еместігі, оны ақын қиналып отырып қисынын келтіретіндігін, әркім емес, тек ер данасының (адамның ақылдысының) ғана қолынан келетін қиын өнер ретінде көрсеткен.

Ақын болу үшін дана болу шарт екендігі - өлеңнің имплицитті мағынасы. Өлең сөздің тілге жеңіл, жүрекке жылы тиюі, мағынасының (айналасы) жұп-жұмыр тегіс келуі - ақынның өлең сөзге қоятын тағы бір талабы. Өлең сөзде осы қасиеттердің болмауы ақынның білімсіздігінен, біліксіздігінен екені келесі шумақта көрсетіледі. Абайдың ұсынып отырған талаптары бойынша, ақынның білімсіздігі , біліксіздігі сөз арасының бөтен сөзбен былғануы арқылы белгілі болады.

Ақын осы өлеңінде айтушы мен тыңдаушы тұлғалары туралы тың тұжырым жасайды: Айтушы мен тыңдаушы көбі надан. Айтушы ақынның өзі надан болғанда, сөз арасының бөтен сөзбен былғанғанын білмейді, аңғармайды, аңғара алмайды. Айтушы ақынның деңгейі осындай болғанда, тыңдаушылар да мәз емес, олардың да көбі надан, сөз танымайды.

Өлеңнің екі шумағында көрініс тапқан осы ұғымдар, талаптар, тұжырымдар Абайдың өлең сөз бен ақын, ақын мен тыңдаушы арасындағы қатынастың, білу, түсіну деңгейлерінің ерекше мәнді қырларын ашады. Сондақтан да ерекше мәнді деген осы ерекшеліктерді білу мен түсінудің маңызы аудармашы үшін өте зор. Оны пайымдау үшін кестеге назар аударамыз.

Абай тілі сөздігі [5]
Sozdik. kz электронды сөздігі [6]
: патша
Абай тілі сөздігі [5]: ауысп. ең асыл, ең құнды
Sozdik. kz электронды сөздігі [6]: перен. лучший среди других; наивысший
: сара
Абай тілі сөздігі [5]: ең тәуірі, ең асылы, ең жақсысы
Sozdik. kz электронды сөздігі [6]: превосходный; лучший; отборный;
: қиыстыру
Абай тілі сөздігі [5]: қисынын келтіру, үйлестіріп ретін табу
Sozdik. kz электронды сөздігі [6]: делать умело; делать складным
: дана
Абай тілі сөздігі [5]: данышпан, кемеңгер
Sozdik. kz электронды сөздігі [6]: гений; мудрец
: жеңіл тию
Абай тілі сөздігі [5]: оңай болу
Sozdik. kz электронды сөздігі [6]:

легко

: жылы тию
Абай тілі сөздігі [5]: жанына жағу, ұнамды болу
Sozdik. kz электронды сөздігі [6]:

приятно

: танымау
Абай тілі сөздігі [5]: мойындамау, түсінбеу
Sozdik. kz электронды сөздігі [6]:

не признавать; не понимать

: бөтен сөзбен былғану
Абай тілі сөздігі [5]: бұзылып айтылған сөз, сөз шұбарлау
Sozdik. kz электронды сөздігі [6]:

фраз. не к месту сказанные слова

: бишара
Абай тілі сөздігі [5]: шарасыз, сорлы, мүсәпір, байғұс
Sozdik. kz электронды сөздігі [6]:

перен. беспомощный; лишенный возможности сделать

: пара
Абай тілі сөздігі [5]: бірсыпыра, біраз, бірталай
Sozdik. kz электронды сөздігі [6]:

соответствовать, равный

: айналасы
Абай тілі сөздігі [5]: ақын бұл жерде өлеңнің мазмұны ұйқасына сай келуін айтып отыр
Sozdik. kz электронды сөздігі [6]:

среда, окружение, вокруг, повсюду

Нәтижелер мен талқылау. Енді осы өлеңнің орыс және ағылшын тілдеріндегі аудармаларының түпнұсқаға сәйкестік деңгейлерін талдап, пайымдайық.

Қазіргі таңда Орталық ғылыми кітапхана сайтында Абайға қатысты біраз бағалы қолжазбалардың электронды нұсқалары қолжетімді. Солардың ішінде 1946 жылы Ленинградтағы Бүкілодақтық География қоғамы мұрағатынан Әлкей Марғұлан тауып, өзі “К. Н. Кудашев 1897 жылы жазып алған Абай Құнанбаев өлеңдері, оның орыс тіліндегі аудармасы және Қозы-Көрпеш, мақалдар және ертегі деген қолжазбалар” деп белгілеген қолжазба - Абайтану ілімі үшін қазына, тіпті жаңалық болып табылады. Әрине, біздің қазақ ғалымдары бұл ақпаратты біледі. Алайда, ол әлі түгелімен зерттеліп, талданып, сараланған емес. Кезінде Санкт-Петербург Университетінің приват-доценті Платон Михайлович Мелиоранский 1900 жылдың 14 желтоқсанында Императорлық Орыс География Қоғамының этнография бөлімшесінен алынған князь Кудашевтың осы бір қолжазбаларына үлкен мән берді. Ол ондағы қырғыз (біздіңше - қазақ) мәтіндері мен олардың орысша аудармаларын оқып, мәтіндер тілдік және мағыналық жағынан әртүрлі, әдеттегіден басқаша болғандықтан қызығушылық танытады деген ой-пікірге келгенін жазды. Кудашев бұл қолжазбаны 1897 жылы жазған. Ондағы А. К. бас әріптерімен көрсетілген ақынның Абай Кұнанбаев екендігі сөзсіз, өйткені оны қолжазбадағы бар өлеңдер атауынан анықтауға болады. Мысалы, “Охотник с беркутом”, “Современная женщина”, “Время года”, “Песня - царица слова, перл слова” және т. б. Бұл Абай өлеңдерінің ақынның көзі тірісінде орыс тіліне жолма-жол үлгіде аударылғанын білдіреді. Қолжазба - Абай шығармашылығын тануға өзіндік үлесін қосатын рухани құндылық.

Кудашев [7, 77) қолжазбасындағы “Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы” өлеңінің жолма-жол аудармасына көз салайық.

Песня - царица слова, перл слова!

Лучший поэт найдет неожиданные обороты речи,

Слова его сладкие для слуха, приятны душе

Его песня совершенна во всех отношениях.

Если в его песне между словами есть чужие слова (варваризмы)

То он худший и ничтожнейший из поэтов.

Большинство певцов и слушателей невежды,

Разве многие из них понимают слова песни?

Бұл - талданылып отырған өлеңнің орыс тіліндегі ең алғашқы аудармасы, жолма-жол аудармасы . Жалпы Абайдың өлеңге берген сипаттамасы жақсы аударылған. Алайда песня сөзі түпнұсқаның өлең сөзіне балама аударма бола алмайды. Царица слова, перл слова, приятны душе оңды келтірілген метафоралық аударма болса, сладкие для слуха, Его песня совершенна во всех отношениях, То он худший и ничтожнейший из поэтов аударымдары да өлеңнің мағынасын бұрмалаусыз жеткізіп тұр. Негізі, екінші шумақтың соңғы екі жолы Кудашев қолжазбасындағы реті бойынша кейінгі жолдарда кездеседі, алайда біз оны көтеріп қазіргі Абай өлеңінің біз білетін нұсқасына сай орналастырдық. Бұл, әрине, аудармаға еш қатысы жоқ ақпарат болғанымен, өлең жолдарының реті туралы ойландырады.

Аталған өлеңнің 1944 жылы Ғ. Мүсіреповтің басшылығымен дайындалған жолма-жол аудармаларының бірнеше нұсқасы да Орталық ғылыми кітапхананың электронды бөлімінде сақталған. Бұлар - Абайдың 100 жылдығына орай орыс тілінде дайындалған “Лирика и поэмы Абая” кітабына жұмыс жазбалары ретінде жасалған жолма-жол аудармалар. Солардың ішіндегі екі нұсқаға тоқталайық. Бірінші нұсқа [8, 47] :

Стихи и песни цари и жемчужины слов

Мудрые люди кроют, соединяют трудные слова

Языку легко, сердцу тепло,

Законченный стих, отточенный.

Екінші нұсқа [9, 60] :

Стихи - это значит сплетение/сочетание узоров, слов,

Это значит, что они плавны и легки/гармоничны/,

Коли смысл слов правилен и звук приятен на слух,

Разве допустимо это оспаривать?

Бірінші нұсқа өлең сөзін екі мағынада береді : өлең және ән. Абай ән мен өлең туралы айтпаған, өлең туралы ғана айтқан . Асыл нұсқада сөз патшасы - өлең болса, жолма-жол аудармада Абайдың бір патшасы екі патша болып шығады. Біз жолма-жол аудармаға сын айтып, мін тағудан аулақпыз. Алайда көркем аударманың тиісті талаптар деңгейінен табылуы үшін жолма-жол аудармада асыл нұсқадан ауытқитын бірде-бір ұғым, түсінік болуға тиісті емес.

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы жолының кең мағынасы жолма-жол аудармада Законченный стих, отточенный (аяқталған, ұшталған) деп көрсетілген. Ал екінші шумақ, еш артық сөз, мағына қосылмай, барынша сөзбе-сөз, жолма-жол аударылған. Өлең өлшемдік жағынан түпнұсқаға жақын, қысқа әрі нақты. Екінші нұсқа мүлдем басқа әдіспен, тіпті прозалық аударма үлгісіне жақын аударылған. Өлең рухы берілгенмен, өлең мағынасынан ауытқушылық байқалады. Мысалы, оспаривать , обожравшийся/сытый , более прозорлив , кто знает цену словам, не находя подходящий момент сөздері - асыл нұсқада мүлдем жоқ ұғымдарды білдіретін бөтен сөздер.

Мақалада қарастырылып отырған өлеңнің Бақытжан Момышұлы жасаған жолма-жол аудармасы да бар [10, 130] :

Стихи - падишах слова, основа/смысл, содержание

/слова из трудного/от тяжелого/сплетения, связи мужа гений.

Для языка/речи/легкий/легко/сердцу тепло касаясь/трогая/,

Ровным и гладким пусть будет все вокруг/стиха/.

Аударма жолма-жол аудару ережелеріне сай, яғни түпнұсқадағы еш мағына, ұғым, сөзді тастап кетпей, мағынасынан ауытқымай, ақынның сөз саптауын сақтай отыра, дәлме-дәл аударған. Бұл - көркем аудармаға жақсы негіз болатын еңбек.

Жолма-жол аудармалардың біразы редакцияланған, өзгертілген. Көркем аудармаға негіз болатын жолма-жол аударманың өзі бірнеше нұсқада жасалған. Жолма-жол аударманың алғашқы нұсқасы кейінгі нұсқаларда асыл нұсқаны біршама толық түсінуге болатындай бағытта жетілдірілген. Бұл нұсқалар өлеңді танудың, түсінудің, сондай-ақ оның белгілі бір тілге аударылу тарихының басты кезеңдерін білдіреді.

Өлеңнің көркем аудармасының бірнеше нұсқасы бар. Әр аудармашының өзіндік ерекшеліктері бары байқалады. Әр аударманың құрылым-жүйесі, көркемдік кестесі де түрліше. Солай бола тұра, олардың бәріне жоғарыдағы жолма-жол аударма нұсқалар негіз болған. Сонымен қатар көркем аударма нұсқаларының қайбіреулері, қайбір аударма бірліктері түпнұсқаға мағыналық-құрылымдық эквиваленттілігі жағынан, жолма-жол аударманың деңгейінен төмен екенін айтпасқа болмайды. 1944-1945 жылдар аралығында Абай өлеңдерінің көптеген аудармалары жасалды, жоғарыдағы қолжазбалардан олардың үстінен сиямен түзетілген жері жетерлік екенін көреміз. Алайда сол жолма-жол аудармаларды орындаған, оны редакциялаған шығармашылық тұлғаның кім екенін анықтау қиынға түсті, қолжазбада олар туралы ешқандай мәлімет сақталмаған. Әйтсе де ақын шығармаларының жолма-жол аудармасын жасаған шығармашылық тұлғаның екі тілге бірдей жүйрік екені, түпнұсқаның мазмұны мен пішініне тән ең бір нәзік деген жайларды да жете білетіні, сонымен қатар орыс әдеби тілінің нормасына сай ақын ойын еркін жеткізетіні аңғарылады. Мұндай жолма-жол аударма ақын өлеңдерінің көркем, поэтикалық аудармаларын жасауға оң әсерін тигізетіні анық. Өкінішке орай, қазіргі аудармашылардың архивке барып, жолма-жол аудармалардың қолжазба нұсқаларын қарауға мүмкіншілігі шектеулі.

Енді ақын өлеңінің поэтикалық аудармаларына назар аударайық.

Вс. Рождественский аудармасы [11, 54] :

Стих - это вождь средь слов, ценнейший их убор,

Талантливый поэт слагает речь в узор,

Где все слова ровны, густы, округлены,

Легки для языка, ласкают слух и взор.

Аудармадағы көптеген троптар орынды қолданғанымен, Стих - это вождь средь слов, ценнейший их убор (метафора), слагает речь в узор, ласкают слух и взор, слов не бережет ничтожный (фразеологиялық бірліктер) өлеңнің түпнұсқадағы эстетикалық әсемдігін тура жеткізе алмайды. Ал мағынасы жағынан жақын, балама болып табылады. Сондықтан, бұл аударманы жартылай еркін әдіспен жасалған орташа сапалы аударма десек қателеспейміз. Оның көркемдік-эстетикалық, түпнұсқаға эквиваленттілік деңгейін көтеру бағытындағы ізденістер айтарлықтай жетістіктерге жеткізетіні анық. Өкінішке қарай бұл бағытта шығармашылық жұмыс жасауға ынталы аудармашыны табу бүгінде қиын екені де рас.

Л. Руст (Е. Тарловская) аудармасы [10, 135] :

Стихи - жемчужины меж слов, в них блеск владык…

Творить из хаоса миры мудрец привык:

Да веселят они сердца, да нежат слух,

Да будет ими упоен и горд язык.

Аудармашы тым әсірелеп, түпнұсқада жоқ теңеулерді өз жанынан көп қосқан. Мысалы, жемчужины меж слов , лишь тлен и хлам, убожество певца , постичь усладу слов, простор глупцам деп орынсыз пафоспен аударған. Туынды авторлық болмысынан айрылып, өлеңнің құдыретті екендігі туралы ой ғана берілген. Абайға тән ақындық мәнер жоғалған.

В. Звягинцева аудармасы [12, 79]

Поэзия - властитель языка,

Из камня чудо высекает гений.

Аудармашы өлеңді - поэзия , сөзді - язык деп трансформация әдісінің жалпылау (генерализация) түрімен аударған. Қысқарту, тастап кету де бар. Мысалы, сөз сарасы, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы, Ол - ақынның білімсіз бишарасы секілді тілдік бірліктер өлеңдегі өзекті деген ойлардың тірегі қызметін атқарады. Ақынның маңызды, көкейкесті сипаттағы ойы осы бірліктер арқылы айқындалады. Аудармада осы тілдік бірліктер аударылмай, басқа ұғымдармен ауыстырылған. Ал ақынды певец деуі семантикалық сәйкессіздік тудырып, соған қатысты түпнұсқада жоқ родной дух, песня миру не нужна деген секілді ойдан қосуларға ұласқан.

Ю. Кузнецов аудармасы [10, 140] :

Поэзия - царица языка,

Она во власти только знатока.

Ю. Кузнецовтің ақындық қабілеті жоғары аудармашы екендігі рас. Алайда поэзия - царица языка деген алғашқы жолдың түпнұсқаға сай еместігі көзге бірден түседі. Абайдың өлеңінде өлең - сөздің патшасы , тілдің патшасы емес. Сөз ұғымының негізінде сөз өнері туралы түсінік бар. Аудармада бұл ұғымның мәнісі ашылмаған. Мұндай аударманы поэтикалық аударма десек қателеспеуіміз мүмкін. Өйткені аударма ырғағы, ұйқасы жағынан мінсіз болмаса да, белгілі бір ойды әдеби тіл нормасына сай жеткізген. Бірақ онда Абай өлеңінің рухы толық беріліп, мағынасы бұрмаланбай барынша дәл жеткізілген деп айта алмаймыз. Алайда, аудармашы Абайдың түпкі ойын басқалардан анағұрлым жақсы ұққандай әсер қалдырады.

Ә. Қодар аудармасы [10, 142] :

Поэзия - слов благороднейших царь,

Свести несводимое должен твой дар.

Аудармашы өлеңнің түпкі мағынасын жеткізе білгенмен, ақын стилін айқындаушы сөз сарасы, ер данасы, сөз айналасы сияқты бірліктерді аудармай тастап кетсе, басқа жерлерінде түпнұсқада жоқ дар, жар, без ушей и без глаз сөздері беретін ұғымдарды өз тарапынан қосқан . Сонда да, өлең - поэзия, сөз патшасы - слов благороднейших царь, қиыннан қиыстыру - свести несводимое сөздері аудармашының жақсы шығармашылық шешім таба білгендігін көрсетеді.

М. Адибаев аудармасы [10, 144] :

Поэзия - властитель слов, ее глубины

И мыслей вязь, доступны только гению мужчины.

Достойные слова согреют сердце,

Лишь реченья и в камне открывают вдохновенье.

Аударма туынды - адекватты, поэтикалық аударма. Абай өлеңінің негізгі мән-мағынасы орыстілді оқырманға жеткізілген. Басқа аудармашылар тастап кеткен сөз сарасын - ее глубины деп аударған, қиыстыру - мысли вязь, ер данасы - гений мужчины, бишара - несчастный, надан - невежды сөздері аударма баламалығының жақсы деңгейін көрсетеді. Әрине, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы - Лишь реченья и в камне открывают вдохновенье мағынасы түпнұсқадан алшақ, алайда өрескел семантикалық бұрмалау емес.

Т. Рапопорт аудармасы [13, 26-27] :

Поэзия - слов благороднейших царь.

Слова подбирай, как дары на алтарь.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақтың бас ақыны - Абай Құнанбаев
Абай шығармаларын мектепте оқыту
Абай Құнанбайұлының өмірбаяны
Әдебиетті оқу процесінде оқушылардың сөйлеу әрекеті
Абай және орыс әдебиеті
Абай Құнанбаев дара туған ғұлама
Абай Құнанбаев шығармашылығы
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ САБАҚТАРЫНДА ЛИРИКАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАРДЫ ОҚЫТУДЫҢ ӘДІСТЕМЕСІ
Абайдың эстетикалық тағылымы.Сатиралық лирикасы
Абай шығармашылығындағы эстетикалық көзқарас
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz