1916 ЖЫЛҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КӨТЕРІЛІСТЕН КЕЙІНГІ ЖЕТІСУДАҒЫ БОСҚЫНДАР МӘСЕЛЕСІ



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 11 бет
Таңдаулыға:   
КЛАРА САРКЕНОВА,
Халықтану және тарихи тұлғатану
мәселері бөлімінің ғылыми қызметкері

1916 ЖЫЛҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КӨТЕРІЛІСТЕН КЕЙІНГІ ЖЕТІСУДАҒЫ БОСҚЫНДАР МӘСЕЛЕСІ

БҰҰ Бас Ассамблеясы қаулысымен әр жылдың 20 маусымын Халықаралық босқындар күні деп ұйғару бұл мәселенің өте маңызды екенін көрсетеді. Босқыншылық мәселесі қазіргі заманда ғаламдық сипат алып отыр. ХХІ ғасырда ғаламдық мәселеге айналған Босқыншылық, негізінен, қазақ халқы үшін таңсық та емес. Бұл мақаланың мақсаты 1916 жылғы көтерілістен кейінгі қазақ-қырғыз босқыншылығы, оның ішінде Жетісу халқының бастан кешкен зардаптарын қарастыру. Негізінде бүкіл қазақ жерін қамтыған, елдің елдігін танытқан 1916 жылғы көтеріліс қазіргі кезеңде маңызды зерттеу нысанына айналған әрі оған бүгінгі күн талабы тұрғысынан жаңа зерттеулер де ұсынылуда. Біз көтерілістің шығу себептерін, ерекшелігін, мақсатын қарастырмаймыз, біздің міндетіміз сол көтерілістен кейінгі қазақ тағдыры мен босқыншылығы мәселесін көрсету.
1916 жылғы көтерілістің Түркістан өлкесі халқына тигізген зардаптары ауыр болды. Арнайы жазалаушы отрядтармен (16 зеңбірек, 47 пулеметпен қаруланған 95 рота, 24 казак жүздігі) бірге патша өкіметінің қолдауымен орыс қоныс аударушылары қарулы топтар құрып, Жетісу қазақтары мен қырғыздарын қырғынға ұшыратты. Олар Жетісу қазақтары мен қырғыздың 94 ауылын ойрандап, 5377 үйін өртеп, 1905 адамды өлтіріп, 684-ін жаралап, 1105-ін тұтқынға алған [1, 223-б.].
1916 жылғы көтерілістен күйзелген қазақ халқына кулак терроры да оңай соқпады. 1916 жылғы көтерілісті басып-жаншыған патша өкіметі орыс шаруаларына зор көмек көрсетіп, соның арқасында олар жағдайларын түзеп, аштыққа ілікпеді әрі тұрмыстарын да біршама жақсартып алды. Әсіресе Түркістанда орын алған Жетісу қырғыны қазақтар мен қырғыздарға зор қасірет әкелді. Бұл кезде патша өкіметінің Жетісудағы отарлық әкімшілігі Жер шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, босқыншылыққа ұшыраған қазақтар мен қырғыздардың жерін қоныс аударушылар пайдасына шешіп, Жетісуда Текес өзені аңғарында Қытайдан қорғайтын сенімді қорғаныс түрінде таза орыс ауданын құруды ойластырды [2, 274-275-б.]. Сондықтан қоныс аударушылар босқындардың Жетісуға оралуын қаламай, оларды шекарадан өткен сәтте қарумен қарсы алып, қанды қырғынды қайта жалғастырған. Оған қарсылық түрінде жаз айларында қуаңшылықтың күшеюімен ашаршылықтан әбден есеңгіреген көшпелі қазақтар орыс шаруаларының астығына түсіп, бау-бақшасын тонап, малын айдап кетіп отырды. Ал қарулы орыс шаруалары қазақтарды ұстап алып, ешбір сотсыз, тергеусіз-ақ соққыға жығып немесе атып тастап отырды. Бейбіт халықты қанды қырғынға ұшыратқан жазалаушы отрядтардың іс-әрекеттері құпия ұсталғанына өлкедегі тәртіптіздікті басуда отрядтардың бір-бірімен алысқан хабарлары айрықша құпия сипатта болсын деген ТүркӘО штаб бастығының 1917 жылдың 26-28 ақпанында шығарылған №657 бұйрығы куә [2, 274-б.]. Г.К.Канның Исторические корни единства народа Казахстана еңбегіне сүйенсек, салықтың ұлғаюы, жөнсіз айыптау, қазақтың жерін тартып алу (қазақтардың 40 млн. десятина жері тартып алынды) мал шаруашылығын дағдарысқа ұшыратқан [3, 43-46-б.].C.Асфендияров: Жартылай көшпелі және көшпелі халық отырықшы болмақ түгілі, тіпті жер шаруашылығымен де, мал шаруашылығымен де айналысу мүмкіндігінен айырылды. 1916 жылғы көтеріліс, одан кейінгі жазалау шаралары шаруашылықтың бұл түрлерін қатты қожыратты, халық переселендерге бар мүлкін, жерін тастап, тауға жасырынуға немесе Түркістаннан тысқары көрші мемлекеттерге кетуге мәжбүр болды, - деп жазды [4, 30-31-б.].
С.Асфендияровтың мәліметтері бойынша, 300 мыңға жуық адам Қытайға өтіп, сол жердің қалмақтары мен сарттарынан тонаушылыққа ұшырап, қытайлықтарға құлдыққа түскен. Орыс жазалаушы отрядынан 3 офицер, 97 солдат шығын болып, 86 адам жараланып, 76 адам хабарсыз кеткен. Орыстардың жергілікті халқынан 2 390 адам өліп, 1 299 адам хабарсыз кетіп, 6 024 отбасы материалдық жағынан зардап шеккен. Ал қырғыз бен қазақтың шығыны тіпті есепке алынбаған. Бірақ олардың шығыны аса мол болғанына тек бір ғана Түп (Тюп - С.А.) ауылындағы ұрыста жергілікті халықтың 300 мың қойы, ал тағы бір басқа жерде орын алған ұрыста 1 млн-ға жуық мал басының қолды болғаны куә. Беловодск приставы Грибановский (кейін кеңес өкіметі кезінде атылған) тұтқынға түскен 500 қырғызды тірілей өртеп жіберген [5, 260-261-б.]. Сонымен қатар көтерілісті басу барысында Ботбай руының 3 ауылы түгелге дерлік жойылып, ал қырғыздардың Ордон, Рыспай, Тәкіш секілді рулары толық талқандалып кеткен. Верный уезінің Қоңырбөрік болысында көтеріліске дейін болған 1129 түтіннен 263 түтін ғана қалған. Құлжаға қашқандардан 500 түтін ғана оралып, ал Қызылбөрік болысының 9 ауылының қазақтарынан 402 түтін кейін оралмаған [6, 288-289-б.]. Нәтижесінде 1916 жылдың соңына қарай Жаркент уезіндегі қазақтардың үлесі 73%-ға, Лепсіде 47%-ға, Верныйда 45%-ға дейін азайып кеткен [1, 223-б.]. 1916 жылдың шілдесінде басталған Жетісу қазақтарының Қытайға қашуы сол жылдың қыркүйегінде тіптен күшейген. Қашғарға бет алған қазақтар ерте түскен салқыннан бар малынан айырылып, Қытайға қайыршы жағдайда жетсе, ал Текеске бағыт ұстағандар біршама жақсы күйлерін сақтап қалған. Бірақ қашқандардың екі бағыты да көшпелі қалмақтардан зардап шеккен. Қытайлықтар мен тағы да басқа бандылардан қашқын қазақтарға шабуылдау тұтас шекара бойын - Алманым - Сазы - Атыған - Түйеге дейін созылған. Шыңжанның шекара аймақтары - солтүстікте Тайчен, батыста Іле, оңтүстікте Қашғар мен Ақсу - босқындардың орталығына айналып, Алтай округінде 100 мыңдай, Тарбағатайда 60-70 мың, Іледе 100 мыңнан астам босқын жиналған [7, 86-87-б.].
1916 жылдың соңына таман Қытаймен шекарадағы Текес өзені алабында қашқын қазақтар шоғыры көбейіп, оның 4-еуі болыстың қырғыздары, 15-ке жуығы қазақтың Албан руының адамдары болған. Оларды тоқтатып, кері қайтаруға күші де, уақыты да болмаған Қытай жақ амалсыз шекарадан бұл ауқымды толқынды өткізуге мәжбүр болған әрі Қытайдағы тума-туыстар оларды қабылдап алуға қарсылық танытпаған. Қытай билігінің мәліметтерінше, 1916 жылдың қазанында Қашғарда, әсіресе Ақсу округінде Жетісудағы көтеріліске қатысып, жазалаушы отрядтан қашқан 30 мың Ресей қазағы шоғырланған. Қытай билігі шекарадан қашқындарды өткізгендері үшін өз шенеуніктерін жазалап, сонымен қатар қашқындар көп жиналған уезд басшыларын қосымша кадрлармен қамтамасыз етіп отырған. Мәселен, Қашғардағы дипломатиялық жұмыстағы шенеунік Би-Гуй-юй Ақсудың уезд бастығына тағайындалған. Барлығының да мақсаты қашқын қазақтарды Ресейге кері қайтару болған. Қашғар әскер қолбасшысы Ақсуға сол үшін 810 әскерін (Үштұрфаннан - 240, Жаркенттен - 120, Қашғардан - 200, Үрімшіден - 250 адам) жіберген [8, 264-266-б.].
Қытайдағы қазақ босқындары патша өкіметінің жазалаушы отрядтары мен қарулы орыс қоныс аударушыларының халықты қыруды күшейткені жөнінде хабардар болып, тіпті Қытай азаматтығын алуға өтініштер бере бастаған. Жазалаушы отрядтардың қысымынан қазақ-қырғыз босқындары Қытай шекарасын бұзып өтіп немесе шекарадан өту үшін ақы төлеген. Мысалы, Қытай шекарасынан өту үшін 9 жорға, 9 арғымақ, 10 мың сом, 12 жамбы) берген фактілер кездеседі [7, 87-б.]. Қытайға өтіп кеткен босқындарды Тарбағатайға барып жазаламақ болған орыс әсерінен қашқан қазақтарды Қытайдағы қазақ қандастар басына күн туған бауырластары ретінде шекарадан аулаққа әкетуге тырысып, Тарбағатайдың шығысындағы аудандарға көше бастаған. Бұны сезіп қойған Шыңжан губернаторы 1916 жылдың 21 қыркүйегінде Сулай (Манас) ауданы мен Сауан ауданы әкімдеріне Ресейден қашып келген қазақтарды кіргізбеуге бұйрық берген [9, 210-б.].
Қытайдан өтпек болған босқындар шоғырын казактар жүздігінен құтқарып қалған кейбір түрік ағайындар (Осман империясының1915 жылғы Кавказ майданында тұтқынқа түсіп, Қапалға жіберіліп, кейін Құлжаға өтіп кеткендер) бұл оқиғаларға бей-жай қарай алмаған. Мұзарт арқылы Мұсабаев деген ұйғырдың көмегімен Шыңжандағы босқындарға көмектескен 4 түрік азаматы туралы фактілер кездеседі. Ресей консулдықтарының хабарлауына қарағанда, Қашғарда, Құлжада, Кучарда, Үрімжіде, Жаркент және Хотанда түрік жанашырлары қазақ-қырғыз босқындарымен қарым-қатынас орнатқан. Кейін Ресей консулдығы Қытай билік орындарына шағымдар түсіру арқылы түрік азаматтырының бірқатарын герман тыңшылары ретінде Шыңжаннан кетіруге қол жеткізген [1, 225-б.]. Жетісудан эмигранттар легінің жуық арада бәсеңдей қоймайтынын ескерген Қытай 1916 жылдың қыркүйек айынан Шыңжанға босқындардың енуіне тосқауыл қоя бастайды. Бірақ ондай шараларға қарамастан шекарадан өтуге талпынған қазақ пен қырғыздың саны көбейе береді. Олар шекараның тау шатқалдарындағы осал тұстар арқылы Шыңжанға өтулерін тоқтатпайды. Бірақ олар айдап шыққан малдың біршамасы ауа райының суып кетуінен, тау шатқалдарын қар басып қалудан, шөптің тапшылығынан қырылып қалады. Бүлікшілердің Шыңжанға өтуіне патша өкіметі тосқауыл қойып, пулемет пен зеңбіректен атқылап, барынша кедергілер келтіреді. Мұзарт арқылы шекарадан өтуге талпынғандар кері қайтуға жазалаушы отрядтардан қорқып, көпшілігі тау шатқалдарында қыстап қалады. Мұзартта қалған босқындардың 2 мыңға жуығы аштан және аяздан үсіп қайтыс болады. Жазалаушы отрядтардан аман қалған қазақ-қырғыз босқындары Қытай жерінде қалмақтардан құрылған қарақшылардан зардап шегеді. Өз жерінде жазалаушы отрядтардың, Шыңжанда босқындықтың зардабын шеккен қазақ-қырғыз туралы М. Дулатов: Жаяу, үй-күйсіз Қытай жеріне жеткенде қар жауды, қыс түсті. Онда жаны ашитын жан таба алмай, қара басты. Аштан өліп бара жатқан соң қалмақ, қытайларға бала-шағаларын сата бастады. Адам базары ашылып, баланың құны бір шелек бидайға шықты. Бойжеткен қыздарын, жас келіншектерін қаны қара қалмақтар алып кетті. Аш-жалаңаш, аузына не түссе, соны жеп, қайда болса, сонда жатып, неше түрлі дертке ұшырап, тағы қырылды. Бақытсыз сорлылардың мұң-зарын, көз жасын естір құлақ, көрер көз болмады. Туған жер, өскен ел, кешегі бастан кешкен қызық дәурен көзден бұл-бұл ұшты. Мыңды айдап, жүзді сапырып шалқыған байлар бір үзім нанға зар болды. Әлпештеп өсірген балалары телміріп, көрінгеннің көзіне қарап, мойнына дорба салып қайыршы болып кетті. Бай-кедей, жас-кәрі, жақсы-жаман айырмасы бітіп, бәрі бірдей сорлы болды. Бәрі бірдей мұңлы болды. Атадан ұл, анадан қыз, жардан жар айырылды. Жүрек қанға, көз жасқа толды, - деп жазды [1, 226-б.]. 1916 жылы желтоқсанда бүлікшілердің басшыларын ұстау мақсатында Шыңжанға енуге қол жеткізген жазалаушы отряд қазақ-қырғыз босқындарының мүшкіл хәліне куә болды. Жетісу казак жүздігінің басшысы старшина Бычков Қашғардан: Қытайға қашқан қазақ, қырғыздар бар мал-мүлкінен айырылды. Емшектегі балаларын тастап, жасөспірімдері құлдыққа түсуде. Үштұрфан базары қырғыз тауарларына толған, - деп жазды [2, 274-б.].
Тамақ іздеп, төңіректі шарлап кеткен босқындардың көбеюі Шыңжандағы билікті әбігерге түсірді. Үштұрпандағы әскери мекеме тарапынан босқындарды Ресейге қайтару немесе оларға мемлекеттік деңгейде көмек көрсету туралы пікірлер айтыла бастады. Шыңжан губернаторының жоғарыға жолдаған қайсібір мәліметтерінде: ...Біздің тексеріп, білуімізше, Ресейдің шекара өңіріндегі қазақтар, ұйғырлар, дүнгендер, қырғыздар Ресейдің олардың халқынан әскерге адам таңдап алуына қарсылық көрсетуде... Қазір Ресей мұсылмандары көтеріліс жасап кетті, барлық жерде қырғын соғыс жүріп жатыр. Оларды басуға Ресей үкіметінің шамасы келмейтін сияқты. Сондықтан олардың Ілеге көрсетер әсері зор болғалы тұр, - делінген әрі Қытайға қашып келгендерді Таумин (Қашқындар) деп атаған. Ал егер оларды Нанмин (Босқындар) деп атаса, онда Қытай үкіметінің оларға қайырымдылық жасауына тура келер еді. Сондықтан олар Шыңжанға босып барғандарды Босқындар емес, Қашқындар деуі алғашқы кезде қазақ-қырғыз босқындарын шекараларынан өткізбей, кіргендерін қуып шығуға әрекеттер жасағанын көрсетеді. Бірақ оған толық шамалары келмеді. Себебі шекара қорғаныс армиясының саны да, күші де әлсіз еді. Сондықтан әрбір ірі оқиғаның соңғы нәтижесі немен тынатынын ойланып істейтін қытайлар сеңдей соғылысқан ашулы халыққа қару жұмсаудың өздеріне тиімсіз болатынын сезіп, тез арада бұл мәселені бейбіт жолмен шешу шараларын қарастырды [9, 213-б.].
Қытай үкіметі өз жерлеріне қашып барған қазақтарды қайтару жолы - Ресей үкіметінің оларға кешірім жасауында деп санады. Ресей тарабы қашып барған қазақтардан қолдарындағы қару-жарақты тапсыруды талап етті, бірақ Ресей үкіметі өздері берген уәдеден жалтарып кетеді деп қорыққан босқын қазақтар қаруларын жасырып қалды. Ол шараны істеуге босқындарды Қытай жағы да көндіре алмады. Екі жақ ұзақ керілдесіп, ақыры 1917 жылы қыста босқындарды кері қайтару жұмыстары басталды.
Жергілікті Қытай әкімшілігі аш босқындарға шамалап болса да азық-түлік беріп, шекараға дейін шығарып салып тұрды. Бірақ босқындарды кері қайтару қыстың күні қырауда жүргізілуі салдарынан өлім-жітім көбейіп, егде тартқан және ауру босқындар жол-жөнекей көз жұмып, көмусіз қалып жатты. Ресей қазақтары арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, кері қайтару туралы құжатта: Ресей консулының мәлімдеуінше, Қашғардың Көнешаһарына қашып келген Ресей қазақтары 68 түтін, олардың барлығы Ресейге қайтуға тіркелген. Соңғы кезде Чын Илинның насихаттауымен 318 отбасы, ер-әйел, үлкен-кішісі болып 2300-ден аса адам кері қайтарылды. Аудан әкімі жіберген Шаңюенның (Ақсақалдың) насихаттауымен 350-ден астам отбасы, ер-әйел, үлкен-кіші 1300-ден астам адам кері қайтты. Әлі қайта қоймаған 95 отбасы қазір қырғыздардың жерінде отыр. Жасы ұлғайған екі адам, жас босанған бір әйел және кедейліктен кері қайтуға шамасы келмейтін 15 отбасы үш айдан соң қар еріп, күн жылығанда қайтпақшы. Одан басқалардың барлығы кері қайтарылды. Бұдан соң, қазақтар қашып келсе, оларды насихаттап кері қайтара беріңдер, - делінген [9, 216-б.].
Сонымен Шыңжаң үкіметі өз жеріндегі қазақ босқындарын қалайда ептеп-септеп бейбіт түрде шығарып салып, олардың әуресінен тезірек құтылуға асықты. Бірақ оған Ресей жағы аса құлық танытпай, тіпті алғашқы қазақ босқындар легін шекараның бергі жағына өткізіп, Қаракөлдегі бір аялдамада 700-ден астам босқынды бір сайға апарып, қырып салғаны мәлім болды [9, 218-б.]. Қытай мен Ресей арасында осындай наразылық хабарлар өршіп тұрған дәл сол уақытта Ресейде патша өкіметі құлайды. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін құрылған Уақытша үкімет Түркістан өлкесін уақытша басқару ісін сол жылы сәуірде құрылған Түркістан комитетіне берді. Түркістан комитетінің мүшелері Ә.Бөкейхан, М.Тынышпаев, О.Шкапский 1916 жылғы қырғынға ұшыраған халықтың жағдайын жақсартуға айтарлықтай үлес қосты. Ал Уақытша үкіметтің 1916 жылғы көтеріліске қатысушыларына 7 наурызда кешірім жариялауы босқындардың оралуына жаңа серпін берді. 1917 жылдың көктемінен елге оралу шапшаң қарқын алды. Қытайдағы Шыңжанның алты аймағына - Іле, Тарбағатай, Алтай, Қашқар, Ақсу және Байынғұлын аймақтарына шашырай орналасқан босқындар Шыңжан губернаторы Ян Цзэнсинь мен орыс билігі арасында жүргізілген келісімдер арқылы елге оралып, оларға амнистия жарияланатыны белгілі болды. 1917 жылдың мамырында 160 мың қазақ Қазақстанға оралды [7, 88-б.].
1917 жылы ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ХХ ғасырдың бас кезіндегі Жетісудағы саяси жағдай және 1916 жылғы ұлт- азаттық көтеріліс
Көтерілістің Жетісудағы орталығы
Көтерілістің басталуы және себептері
Торғайдағы көтеріліс басшылары
Жануарлардың қоныс аудару
ХХ ғасырдың басындағы қазақ диаспорасының пайда болуы (1910-1930 жж)
«Алаш» либералдық-демократиялық қозғалысы идеологиясының маңыздылығы
1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс
1916 жылғы Қазақстандағы ұлт - азаттық қозғалыс
1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-заттық көтеріліс
Пәндер