Мағжан Жұмабаев Педагогика


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 51 бет
Таңдаулыға:   
Мағжан Жұмабаев Педагогика

http://www. litres. ru/pages/biblio_book/?art=22608666

«ПЕДАГОГИКА»:

Мағжан Жұмабаев ПЕДАГОГИКА ПЕДАГОГИКА Тарту

Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы - мұғалім.

Еліміздің азғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын - мұғағімдердікі.

Бірге оқысқан, бірге оқытысқан, жылдарымыз бір, жолымыз бір қазақ мұғалімдері!

Колымнан келген осы еңбегімді сендерге тарту қылам.

Ниетімнің тазалығы үшін тартуымды қабыл көріп алыңыздар.

Мағжан Жұмабаев

СӨЗ АЛДЫ

Бұл кітап 2-3 жыл бұрын қысқа уақыттық мұғалімдер курсында оқылған дәрістерден түзілген еді. Бұл күнге шейін басылып шығып жарық көре алмады. Бұл айып менікі емес, бүлінген замандікі.

Кітапты бір орыс кітабынан тура тәржіма деуге болмайды. Алдыма бір кітапты жайып қойып, бұрылмастан желе бергенім жоқ. Тәрбие ғалымдарының пікірлерін таңдап алуға ұмтылдым. Шамам келгенше қазақ қанына қабыстыруға тырыстым. (Көп пайдаланылған Рубинштейн, Скворцов, Смирновтардың педагогика туралы еңбектері) .

Бізде бұрын жасалған пән тілі болмағандықтан, түрлі тер миндерге тап басқандай қазақша сөз табу көп күшке ти ді. Қалайда курстарда оқыған мұғалімдердің жәрдемімен таза орыс сөздері қазақшаға айналдырылды. Ал енді жиһан тілі болып кеткен шет сөздерді қазақшаға аударам деп азаптану ды тиісті таппадым.

Мен педагогика майданында бәйгі алып жүрген жүйрік емеспін. Кітаптың құрылысында, тілінде, түрлі ат қоюда, хатта, кітаптың жалпы негізінде көп кемшіліктер болуға мүмкін. Мұғалімдер тексеріп оқып, қате жерлерін көрсетсе, сансыз рақмет айтар едім.

Мағжан Жұмабаев,

1922 жыл, 15 сентябрь, Қызылжар.

ЖАЛПЫ ПЕДАГОГИКА Жетекші сөз Тәрбие деген не?

Тәрбие, кең мағынасымен алғанда, қандайда болса бір жан иесіне тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз. Ал енді, адамзат туралы айтылғанда, адамның баласын кәміл жасқа толып, өзінеөзі қожа болған ша тиісті азық беріп, өсіру деген мағынада жүргізіледі.

(Адамзат дене һәм жан аталған екі бөлімнен тұрғандықтан, бұл екі бөлімнің соңғысы, яғни жан, адамзат үшін аса қадірлі болғандықтан, дұрысын айтқанда, адамға шын мағынасымен «адам» деген атты осы жан ғана беретіндікт ен, адам баласын тәрбие қылу дегенде, әрине, адам ба ла сының әсіресе жанын тәрбие қылу керек деп ұғу керек) .

Жер жүзіндегі басқа жан иелерімен салыстырғанда, адам баласы туғанда өте әлсіз, зағып, осал болып туады. Малдың төлі туа сала аяқтанады. Тауықтың балапаны жұмыртқадан жарылысымен жүгіріп кетеді. Ал адам баласы - туғанда іңгәлаған айғайы мол бір кесек ет. Ақылы, есі жоқ. Денесі тым әлсіз. Өсуі, ұлғаюы тым сараң, тым шабан. Мінеки, адам баласы осылай өте әлсіз боп туып, аса сараң өсетіндігінен, оның денесіне, жанына азық беріп, өсуіне көмек көрсетпей, яғни оны тәрбие қылмай болмайды.

Тәрбие бөлімдері

Тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі һәм құлық тәрбиесі. Егерде адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны. Егерде ол жөпшенді ыстық, суық, аштық, жалаңаштық сықылды тұрмыста жиі ұшырайтын көріністерді елемейтін мықты, берік денелі болса, түзу ойлайтын, дұрыс шешетін, дәл табатын дұрыс ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы үн, әдемі түрден ләззат алып, жаны толқынданарлық болса, жамандықтан жаны жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын құлықты болса, міне, осындай болғанда адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы. Балам адам болсын деген ата‑ана осы төрт тәрбиені дұрыс орындасын. Бала аурулы, зағып болса, баладан емес, тәрбиешіден. Бала тар ойлы, ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі. Бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мақау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы. «Бала істеген жауыздықтың жазасын тәрбиеші көтерсін» деген иран елінің мәтелі - шын дұрыс мәтел.

Тәрбиеден мақсұт

Тәрбиеден мақсұт - адамды һәм сол адамның ұлтын, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты, адамзат дүниесінің мүшесі әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты. Қысқасын айтқанда, тәрбиеден мақсұт - адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару.

Педагогика қандай пән?

Біз жоғарыда адам баласының тәрбиеге мұқтаж екендігін, оған қандай тәрбие беру керектігін һәм ол тәрбиені не үшін беру керек екендігін айттық. Жә, тәрбие керек. Бірақ балаға дұрыс тәрбиені әрбір тәрбиеші (ата‑ана, мұғалім) тәрбие жолын ешкімнен үйренбей‑ақ, ешнәрсені оқыпбілмей‑ақ өз бетімен бере ала ма? Әркім өзі‑ақ жол тауып кеткендей бала тәрбиесі соншама бір жеңіл нәрсе ме? Жоқ, бұлай емес. Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Баланы дұрыс тәрбие қылу үшін әркімнің өз тәжірибесі жетпейді. Басқа адамдардың тәжірибесімен танысу керек. Сол басқа адамдардың майданындағы тәжірибелерін көрсеткен жеке бір пәнмен, яғни тәрбие пәнімен таныс болу керек. Тәрбие пәні педагогика деп аталады.

Педагогика - грек елінің сөзі. Пед - бала, агоги - жетектеу деген екі сөзден құралған. Баяғы Грецияда балаларды бағып, мектепке алып келіп жүретін кәрі құлдар педагог деп аталған. Педагог деген аттың бұрын мақтаулы болмағандығы осыдан көрінеді. Бірақ соңғы заманда пән, ғылым өсіп, адамзат өнерленген сайын педагог деген ат қадірлі, қасиетті болып барады.

Педагогикамен жақсы таныс болудың керектігі

Бала тәрбие қылғанда әрбір тәрбиешінің алдымен қолданатын жолы - өз тәжірибесі. Яғни бала күнде өзі қандай тәрбие алған һәм баланы бұрын өзі қалай тәрбие қылған. Міне, осы жолмен жүреді. Әрине, бұл жолды тіпті қисық жол деуге болмайды. Қисық болу былай тұрсын, тәрбие туралы әрбір тәрбиешінің өз тәрбиесі аса қымбат нәрсе. Адамның өз тәжірибесі - жүріп кеткен жолы. Ол жолдың жақсы‑жаман жағы көз алдында сайрап тұр. Естігеннен - көрген анық. Көргеннен - бастан кешкен анық. Бірақ бұл әркімнің өз тәжірибесі қанша қымбат болғанмен, қатесіз жол деуге болмайды. Бір адамның тәжірибесі - тым тар, тым бірбеткей тәжірибе. Тәрбиешінің өзіне қолайлы болған жол тәрбие қылатын балаға қолайлы болмасқа мүмкін. Тәрбиеден мақсұт - баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес. Келешек өз заманына лайық қылып шығару ғой. «Бал аңды өзімдей бол деп үйретпе, өзімдей болма деп үйрет!» деген Әзірет Әлінің сөзінде көп шындық бар. Бұл - бір.

Екінші, әрбір тәрбиешінің қолданатын жолы - ұлт тәрбиесі. Әрбір ұлттың бала тәрбие қылуы туралы ескіден қалып келе жатқан жеке‑жеке жолы бар. Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтай жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті. Және әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасыңда, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті. Бірақ ұлт тәрбиесін, ұлттың тәрбие жолында ұстаған жолын түгелімен дұрыс деуге болмайды. Ұлт тәрбиесінің жақсылық жағы көп болған сықылды, жамандық жағы да көп. Талай нашар, зиянды әдеттер әрбір ұлт тәрбиесі ішінде толып жатыр. Баяғыдан бергі ұлт тәрбиесінің ішінде ұнамсыз, зиянды әдет, жол‑жоралар толып жатқан ұлттың біреуі - біздің қазақ. Қысқасы, ұлт тәрбиесі қанша қадірлі, керек жол болғанмен, адастырмайтын дұрыс жол деуге бола бермейді.

Жоғарыда айтқаннан көрінеді, балаға шын дұрыс тәрбие беру үшін тәрбиешінің өз тәжірибесі һәм ұлт тәрбиесімен таныс болуы жетпейді екен. Бұлар - бірбеткей шикі тәжірибелер. Бұлар сыннан өткізіліп, пісірілмеген күйде берік негіз бола алмайды. Бұлардың арасынан жақсы‑жаманын, алтын мен мысын тізіп ала білу үшін тәрбие майданында шынығып ысылған тарландардың тәжірибелерімен, түрлі ұлттан түрлі заманда шыққан тәрбие ғалымдарының ойларымен, қысқасы, тәрбие туралы дұрыс жолға түсіретін шын тәрбие дәнімен, яғни педагогикамен жақсы таныс болу керек.

Педагогикаға жәрдемші пәндер

Педагогика адамның денесін һәм жанын дұрыс тәрбие қылу жолдарын ізденетін пән болғаңдықтан, педагогика пәнімен дұрыс пайдалана білу үшін, екінші түрлі айтқанда, адамды дұрыс тәрбие қыла білу үшін адамның денесі һәм жанының жайын кеңес қылатын басқа пәндермен таныс болуға тиісті. Бұл пәндер төмендегілер.

Д е н е т у р а л ы п ә н д е р:

А н а т о м и я. Адам денесінің құрылысын баяндайды. (Денеде қандай мүше бар, жаралысы қандай?)

Ф и з и о л о г и я. Адам денесінде болатын көріністерді баяндайды (тұру, жүру, демалу сықылды) .

Г и г и е н а. Саулықты сақтау пәні.

Г и м н а с т и к а. Саулықты бекіту үшін түрлі дене қозғалысы туралы пән.

Ж а н т у р а л ы п ә н д е р:

П с и х о л о г и я. Адамның жанының жайын, жан тұрмысын, жан көріністерін, жан күштерін, ақыл‑ойдың жайын баяндайтын пән.

Л о г и к а. Дұрыс ойлау жолдарын көрсететін пән.

Э т и к а. Құлық туралы пән. Яғни адамшылық не? Осыны баяндайды.

П е д а г о г и к а ғ а т а ғ ы б і р к е р е к т і п ә н

Педагогика тарихы. Түрлі заманда түрлі тәрбиеге адамзат қалай қараған, қандай жолдармен жүрген, тәрбие дүниесінде қандай білімпаздар өткен, олар қандай жаңа жолдар тапқан? Міне, педагогика тарихы - осыларды баяндайды.

Педагогика бөлімдері

Педагогика пәні беске бөлінеді:

1) Ж а л п ы п е д а г о г и к а. Адамның дене һәм жан күштерін, тәрбие жолдарын көрсетеді.

2) Д и д а к т и к а. Оқытудың негізгі жолдарын көрсетеді. 3) М е т о д и к а. Оқытудың негізгі жолдарына негіздеп, белгілі бір пәнді қалай оқыту жолын көрсетеді. Мысалы, мектепте қазақ тілін қай жолмен оқыту керек екендігін үйрететін пән «қазақ тілінің методикасы» деп аталады.

4) М е к т е п т і б а с қ а р у. Бұл пән мектеп қалай салыну ға, қалай ұсталуға тиісті, кластарға шәкірттерді қалай бөлу керек, оқу пәнін қалай белгілеу керек, міне, осылар сықылды мектеп құрылысы жұмыстарын көрсетеді.

5) П е д а г о г и к а т а р и х ы. Бұл пәннің не нәрсені кеңес қылатындығы жоғарыда айтылды.

Жалпы педагогика

Жалпы педагогика екі нәрсе жайынан сөйлейді: 1) дене тәрбиесі, 2) жан тәрбиесі жайынан.

Дене тәрбиесі

Жаңа туған бала бір кесек ет қана деуге болады. Оның жан тұрмысы әлі білінбейді. Сондықтан ата‑ана жас баланы тәрбие қылғанда күшінің көбін баланың дене тәрбиесіне жұмсауға міндетті. Дене тәрбиесіне жеңіл қарауға болмайды. Жан дұрыс тәрбие қылынса болады, дененің қанша керегі бар деп ойлау дұрыс емес. Дене - жанның қабы. Қап берік болса, ішіндегі зат та берік болмақ. Дене - жанның құралы. Құрал мықты болса, иесі де мықты. «Сау жан сау денеде ғана болады» деген адамзат дүниесінің ескі мәтелі - шын дұрыс мәтел.

Жаңа туған баланы тәрбие қылуға кіріскенде тәрбиеші төмендегі нәрселерді білуге һәм істеуге тиіс.

Ө л ш е у. Егерде сау болса, жаңа туған баланың салмағы 8 қадақ шамасында болады. Нашар, аурулы бала 6 қадақ шамасында, нағыз сау, таза бала 10-11 қадақ шамасында салмақты болады. Бастапқы 2-4 күн ішінде түрлі себептерден баланың туғандағы салмағынан 1/2 -3/4 қадақ шамасында кемиді. Мұнан соң бірте‑бірте салмағы арта бастайды. 7-10 күнде туғандағы салмағына қайта түседі. Айдың аяғыңда туғандағы салмағынан 1/3 артады. Мұнан соң салмақ арту шабаңдай береді. Екінші жыл бойына бастапқы салмағының 1/5, үшінші жыл бойына 1/10, ал енді төрт жастан онға шейін жылына 4-5 қадақтан артып отырады.

Бала сау болып туды ма, аурулы болып туды ма, сау болып өсіп келе ме, жоқ ауруға айналды ма - осыларды дұрыс біліп отыру үшін жоғарғы мөлшер бойынша баланы өлшеп отыру керек. Бастапқы айда күн сайын, мұнан соң жыл толғанша жетіде екі‑үш рет, екінші жылда жетіде бір, үшінші жылда айында бір өлшеп отыру мақұл.

«Баламды безбенге сал» деп айттың деп қазақтың ыршып кетуінде сөз бар ма? Тәрбиенің басқа түрлерін ести келе, адуын әжелер ыршымақ түгіл ұрсып, сөгіп тастар. Әйткенм ен, амал қанша, көтереміз. Мойнымыз жуан болғанмен, өзіміз жуаспыз. Біздің бар тілегіміз ырши‑ырши, бізді ұрса‑ұрса, айтқанымызды істесе екен. Қайткенменде біреу болмаса біреу, жүзден біреу болмаса мыңнан біреу осы педагогика көрсеткен жолмен жүрер деп сенеміз. Біз өзімізді ақынның:

Сөзімді біреу алмас, біреу алар,

Құлағын біреу салмас, біреу салар.

Дүниеде сүйгенім бар, күйгенім бар,

Солардан аз да болса белгі қалар, -

деген сөзімен жұбатамыз.

Жылылық. Баланың да, жеткен адамның да өлшеулі жылылығы (Цельсий бойынша) 37-37, 5 градус болады. Бірақ жаңа туған баланың денесінің жылылығы бастапқы күндерде түрлі себептермен мынау өлшеуден 2-3 градус кем болады. Әйткенменде ұзамайды, бұрынғы қалпына түседі. Және баланың да, жеткен1 адамның да жылылығы бір тәуліктің ішіңде бір қалыпта тұрмайды. Біресе өлшеуден асып кетеді, біресе төмен түседі. Жылылықтың төмендейтін уақыты - таңертең. Жоғарылайтың уақыты - кеш. Дене жылылығы «термометр» деген бір құралмен өлшенеді. Осы құралмен баланың денесін күн сайын өлшеп тұру керек. Жылылық белгілі өлшеуде тұрса, баланың сау болғаны, не жоғарылап, не төмендеп кеткен болса, баланың ауру болғаны. Жылылық өлшеніп отырса, келе жатқан науқаст ың алдын алуға болады. Болмаса науқас билеп алып, баланы қолды‑аяққа тұрғызбай шыңғыртқанда, оның науқас екенін білу, көбінесе пайдасыз білу болып шығады ғой.

Дем алу. Жаңа туған бала бір минутта 40-44 рет дем алады. Мұнан соң бірінші жыл бойына - 35-40 рет, екінші жылда - 28, үшінші жылда - 26 рет. Сөйтіп, кеми‑кеми 15 жаста бір минутта 17-20 рет дем алатын болады. Міне, дем алудың осы мөлшерден артық, яки кем болуы баланың сау болмауын көрсетеді. Баланың дем алуын ояу отырғанда санау қиын. Ойнап қозғалып отырғанда дем алуды мөлшерден арттырып жібереді. Дұрысы - ұйқтап жатқанда санау.

Тамыр соғу. Жаңа туған баланың тамыры бір минутта 150 рет соғады. Екі жасар баланың тамыры 120‑ға шейін соғады. Жеткен адамның тамырының соғуы бір минутта 65-70‑тен аспайды. Бала ояу отырғанда, әсіресе жылағанда тамыр соғуы жиіленіп кетеді. Мұндайда мөлшерлі соғудан 20-25 артық соғады. Баланың тамырын бала ұйқтап жатқанда байқау керек. Сонда белгілі мөлшерден тамыры артық я кем соқса, баланың сау болмағаны. Тамырын ұстаумен бір адамның ауру, сау екені білінетін болса, тамыршылық деген әулиелік емес екені өз‑өзінен көрініп тұр.

Бірақ надандыққа не шара, біздің надан еліміз тамыршыны жынымен сөйлесіп, күбірлесіп, тәңірімен тілдесіп отыр деп біледі.

Бала бөлмесі. Мынау сөзді оқығанда «атыңның басы тиіп, жорғасы қалып па?» дегендей, қазақтың өзіне үй бітіп, баласының бөлмесі қалып па деп күліп кекетуші де болар. Шынын айтқанда, қазақта үй дерлік үй бар ма? Жоқ. Өнерлі елдің адамы түгіл малы жатпайтын бір былық қора.

Қазақтың қысқы үйінің көбі - жермен‑жексен болып жатқан шымнан жасалған бір қуыс. Терезе деген тышқанның көзіндей бір тесік. Есіктен, тесіктен, астан, үстен аңырап тұрған суық. Желдің жыбыр‑жыбыр сөйлегенін, дауыл боранның адасқан аңдай ұлығанын естігің келсе, сорлы қазақтың қысқы үйіне кір. Шым қабырғадан, төбедегі сирек салынған сырғауылдың арасынан сорғалаған су. Жер әбден саз. Босағада қатар‑қатар малдың төлі. Иіс, қоқыс, түтін. Егер қазақ жаз шығысымен мынау сасық үңгір заңдемін тастап киіз үйге шықпаса, сөз жоқ, бірнеше жылдың ішінде қырылып бітер еді. Мінеки, жыл он екі ай ішінде сегіз, тоғыз ай қазақ тұратын үйдің түрі осы. Әрине, мұндай үйде тұрған қазаққа бала бөлмесі пәлендей болсын деп айту тіпті орынсыз болар еді. Бірақ біздің үмітіміз келешекте сорлы қазақ мәңгіге сасық үңгірде құрттап, шіріп жата бермес, тұрмысын, үйін, күйін түзетер деп сенеміз. Бізді жұбататын ақынның әлгі өлеңі.

Сөзге келейік.

Бала бөлмесінің ішінде бес‑алты куб сажын ауа болсын. Және жиі‑жиі ауа жаңартылып тұрсын. Бала жататын үйде кір жуу, кір кептіру, кірлеген киімді тастау жарамайды. Себебі кірдің кірі бу болып, ауа болып баланың ішіне кіріп, саулығына зиян келтіреді. Бала бөлмесінің жайлылығын да бақылап тұру керек. Жаңа туған бала жататын бөлменің жылылығы Рьюмер бойынша 17-18 градус, бір жеті мен алты жеті арасында 16-17 градус, сонан соң 15-16 градус болу тиіс. Қандай үйдің болса да жарық болуы керек болатын болса, бала бөлмесінің жарық болуы тым керек. Қараңғы үйде тәрбиеленген баланың өсуі шабан болады. Тамағы қанша жақсы болса да, зағып, нашар болып өседі. Сондықтан бала жататын бөлменің жарығы мол болу керек. Бөлменің жарығы мол болу үшін оның терезелері не аузы түстік‑күн шығысқа, не оңтүстік‑күн батысқа қарауы шарт.

Терезелер тура оңтүстікке қараған бөлме қыстыгүні жарық, жылы болғанмен, жаздыгүні ыстық, қапа болады. Ал енді терезелері солтүстікке - түн жаққа қараған бөлме қашанда болса һәм қай жақтан болса да қолайсыз. Сөз аяғында қазақтың киіз үйде бала өсіруі, асырауы туралы бір‑екі сөз айтып өтейік.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Мағжан алдымен сыршыл ақын
Мағжан Жұмабаев қазақ педагогикасының негізін қалаушы
Мағжан - елдің патриоты, қазақ баласы
М.Жұмабаев қазақ педагогикасының негізін қалаушы
Оқушыларды тәрбиелеуде М.Жұмабаевтың педагогикалық мұрасын (педагогика оқулығы) пайдалану
Мағжан Жұмабаевтың педагогика туралы ой-пікірлеріндегі тәрбиелік идесының тәжірибеде қолдану маңызы
Мағжан Жұмабаевтың педагогтық қызметі
Мағжан Жұмабаев - педагог ретінде
Мағжан Жұмабаевтың педагогика ғылымын дамытуға қосқан үлесі
М. Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz