Тіл - көркем әдебиеттің негізгі құралы. Әбіш Кекілбаев шығармашылығы


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 84 бет
Таңдаулыға:   

Кіріспе

Адамзат тарихында ХХ ғасыр мәдениетінің алатын орны ерекше. Өйткені, бұл кезең тарихи оқиғаларға, қантөгіс соғыстарға, сан-қилы дағдарыстарға толы заман болды. Ғылым мен техниканың қарышты қадамы, жарқын болашаққа деген сенім өркениетті дамыған елдерде біртұтас жалпы адамзасттық мәдениеттің дамып, қалыптасуына әсерін тигізбей қойған жоқ. Ғасыр аяғында планетамызда парасаттылық пен ізгіліктің кеңінен өріс алуы жалпы адамзаттық мәдениеттің дамуына және оның ұлттық түрлерінің нәрленуіне, олардың, өзара қарым-қатынастарының жаңа арнаға түсуіне ерекше әсер етті.

Қай тілдің болмасын сырын шынайы тану үшін тілдің өзіндік заңдылықтарын білу жеткіліксіз, оның түп тамыры тіл иесі этностың ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан тарихының қалың беттерімен, мәдениетімен, мінез-құлқымен байланысты. Ұлтқа тән қадір-қасиетті танытатын тіл болса, тіл деректерінің тоғысар жері - көркем шығарма.

Көркем шығарма - ұлттық болмысқа қатысты мәселелерді жинақтайтын күрделі құбылыс, біртұтас дүние. Көркем шығарма мәтінінде кездесетін әр алуан тілдік құбылыс ұлттық тілдің барлық тармақтарынан алынады. Жергілікті ерекшеліктер лексикологияда қолданылу өрісі тар, шектеулі қабатқа жатқызылады, олай болса, жергілікті ерекшеліктердің нақты көрінер, басқа танылар тұсы - көркем шығарма мәтіні.

Жазушы сөзбен сурет салу барысында образ іздейді, ол үшін оқырманға әсер етіп, кейіпкерді «өз тілінде» сөйлетуге тырысады. Міне, осы жағдайда диалектілер басты тілдік единица. Бұл мәселеге қатысты М. Әуезов «Қазақстанның бар өлкесіндегі халықтық тіл байлықтарын мол пайдалану мәселелерін үнемі шартты талап етіп, сынап отыру керек» [1, 83б], - деген екен, сондықтан әдеби тіл дамуының әр кезеңінде жергілікті ерекшеліктер, диалектизмдер, олардың көркем әдебиетте қолданылуы мәселесі көтеріліп отыруы заңды.

Көркем шығармалар арқылы, автордың танымдық аясы мен ақиқат дүниені бейнелеу қабілетіне қарай жазушы баяндап отырған ортаның мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін, танымдық ерекшелігін анықтауға болады. Әрбір көркем шығарма - бұл ұрпақтан-ұрпаққа қалатын мұрағат. Сондықтан жазушы тіліндегі әрбір тілдік бірлік сол заманның мәдениетін, өмірлік болмысынан шынайы ақпарат беретін тарихи мұра десек те болады. Көркем әдебиеттің негізгі құралы - тіл. Ұста металды, суретші бояуды қандай жақсы білсе, жазушы тілді сондай жақсы білуі керек. Онсыз ол өзінің ой-сезімін, өмір тәжірибесін басқаларға суреттеп жеткізе алмайды, өмір картинасын, адам образын жасай алмайды.

Тақырыптың өзектілігі: Көркем әдебиет тілі алғаш орыс тіл білімінде зерттеу нысаны болып, бұл бағытта В. В. Виноградов, В. Винокур, Л. В. Щерба, М. Н. Кожина, А. Н. Гвоздев, Р. А. Будагов, А. И. Ефимов т. б ғалымдар көркем шығарма тілін, стилистикасын жан -жақты қарастырған. Ал кейінгі жылдары қазақ тіл білімі де біршама еңбектермен толықтырылды. Бұл ретте Р. Сыздық, Е. Жанпейісов, М. Серғалиев, Х. Кәрім, Б. Шалабай еңбектерін атауға болады. Зерттеулерде көркем шығарма тіліне қатысты құнды пікірлер айтылып, шығарма өнер туындысы ретінде қаралды.

Көркем шығарма тілін зерттеу - жазушының суреткерлік шеберлігін, эстетикалық мүмкіндігін қарастыру көркем әдебиет стилистикасы - әдебиеттану ғылымы мен лингвистиканы байланыстыратын ғылыми саласы, аралық пән. Көркем туындының табиғаты өте күрделі. Онда тілдік материал мен идеяның біртұтас бірлігі қалыптасқан. Шығармадағы композициялық тұтастық, образдар жүйесі тілдік құралдар арқылы беріледі.

Көркем шығарма тілінің бүгінгі даму мен шарықтауы айдынынды да тым асқақ. Әсірелеп айтқанда, ол бейне бір тау басынан нәр алып, сай - салалармен сарқырап құйылып жатқан бұлақ суларымен молығып, толықси аққан үлкен өзен арнасын көз алдыңа елестететін сияқты. Сондықтан болуы керек, оның айдынды ағысында лайы мен тұнығы араласқан иірімдері, тас домалатар ұрымтал тұстары, қалтарыста қалып қойған қойнау - қолтықтары да жоқ емес.

Әрине, көркем шығарма тілі - қыры да, сыры да мол дүние. Әрбір қалам қайраткерінің, табиғи талантын, дүниетанымын, қабілетін, білім дәрежесін былай қойғанда, сөз өнерінде өзіндік қолтаңбасы, сөз қолданыс тәсілі, сөз саптау мәнері бар. Көркем сөздің жан дүниемізге рухани нәр беріп, әсерлі де әсем сезім ұялататын сиқырлы сыры оның эстетикалық қызметіне байланысты. Сөз қолданыстың сан алуан тәсілдері мен шынайы шеберліктің өнегесін біз, міне, осы тұста айқын көреміз. Басқаша айтқанда, әрбір жазушының әр қырынан көрінер, өзгеден дараланар өзіндік сөз өнері, топ жарған таланты сарапқа салынар кезі тілдің осы қызметіне байланысты.

Кез - келген жаңа саланың ауқымы кең, қарымы құлаш болуы заңды. Көркем әдебиет тілі зерттеуге түскенімен, оның ашылмаған не жете зерттелмеген нысандары өте көп. Көркем шығарма тілін, стильдік ерекшелігін зерттеуде, ішкі монологтың берілу жолдарын талдап көрсету тек әдебиеттану ғылымы үшін ғана емес, лингвистика ғылымы саласы үшін де аса қажет. Сол себепті көркем шығарманың стилін, мәтін құрылымын тілдік тұрғыда зерттеу - бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.

Көркем прозадағы бейнелеу тәсілдердің бірі - ішкі монолог (кейіпкердің ішінен айтылатын сөз, іштей сөйлесу, өзіңмен - өзіңнің сырласуың, өзіңді -өзің іштей саралау) көрінісі жан - жақты қарастырылып, арнайы зерттеу обьектісіне айнала қойған жоқ. Ал, ішкі монологсыз күрделі де көркемдік дәрежесі биік, нағыз танымды туындының дүниеге келуі мүмкін емес.

Классикалық биік деңгейге көтеріліп, әлемдік көркем - өнерге асыл қазыналар қосқан қазақ прозасында 70-80 жылдары халқымыздың өткен тарихына ден қою, ата - бабаларымыздың мұрат - мүддесін, мақсат - тілегін бейнелеу үрдіс сипат алып қадау - қадау қадамдар жасалынды. І Есенберлин, Ә. Әкімжанов, М. Мағауин, С. Сматаев, Ә. Кекілбаев сияқты таланты жазушылардың кесек бітімді, тарихи романдары дүниеге келді. Осы шығармаларының қатарына Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең - алаң» романдары да қосылды.

Жазушы халқымыздың тарихындағы ең бір тұлғалы кезеңді - Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуының бастау сәтін шығармасына арқау еткен. Ел басына сын болған бұл кезең І. Есенберлиннің «Көшпенділер» триологиясында және Т. Ахтановтың «Ант» драмалық тарихи дастанында өте көркем бейнеленгені көпшілікке жақсы таныс. Бұл екі жазушы өз туындыларында «Үркер», «Елең- алаңның» басты кейіпкерлері болып табылатын - Жәнібек батыр мен Әбілқайыр ханды, Бопай ханымды қанды шайқастармен ел тағдыры талқыға түскен тар жол, тайғақ кешулерде халық қамын жеген кесек бейнелер ретінде көрсеткен болатын. Ал Әбіш Кекілбаев болса басқа ыңғайда, психологиялық талдау арқылы көрсетуге тырысады. Сан ғасыр бұрын болған тарихи оқиғаны бүгінгі ұрпақтың жанына жеткізе білу, көз алдына келтіре білу - үлкен өнер. Ал өзінің өмірін, өнерін өткен мен бүгінді, ұрпақ пен ұрпақты жалғастыруға, табыстыруға, тәлім-тәрбие үндестігін сақтауға арнаған адамды халқының нағыз патриоты деп толық, айтуымызға болады. Өз ұлтының мәдениетін, әдебиетін, тарихын жан-тәнімен ұққан ұрпақ қана өзге халықтын салт-дәстүрін, тілін, әдет-ғұрпын ерекше ілтипатпен қабылдайтыны заңды құбылыс. Осындай альтруистік мүддеге ұласқан патриотизм ғана адамды ұлттық шеңберде қалдырмай жалпыадамзаттық деңгейге көтереді.

Әбіш Кекілбаев - қазақ көркем әдебиетіне үлкен үлес қосып жүрген жазушылардың бірі. Оның халық тарихын бейнелі түрде суреттеген шығармасының көкжиегі ретінде саналатын «Үркер» мен «Елең - алаң» романдары әдеби - сыни тұрғыдан зерделеніп жүрседе, тілдік, жазушының стилі жағынан аз зерттелгені белгілі жайт.

Әдебиеттанушы ғалымдар Г. Пірәлиева, Ж. Дүйсенбаевалар Ә. Кекілбаев шығармаларын әдеби тұрғыда зерттеп, әдебиеттану ғылымына үлкен үлес қосқан. Ал тілдік түзілімі жағынан қыры мен сырын ашуда тілші ғалымдар С. Ғубайдуллин, Ж. Ибрагимова, Ж. Абдрахмановалар көп ізденістер жасаған. Көркем шығарма стилі - жазушының мақсатты түрде пайдаланған тілдік құралдар жүйесі. Олар әдеби бағыт, шығарманың тақырыбы, образдар құрылысы, суреткердің шығармашылық ерекшелігіне бағындырылған.

Көркем шығарма тілінде сөз өзінің барлық бояу нақышымен, экспрессивтік-эмоционалдық реңкімен, астарлы мәнімен, образдылық әсерімен, эстетикалық, мүмкіншілігін аша қолданылмаса, ондай шығарманың құны да төмен, ондай жазушының суреткер ретінде беделі де төмен. Шығарма әдетте, өзінің тілімен көркем, - деп өзінің анық мінездемесін ғалым Рабиға Сыздық берген болатын.

Сөз қолданыс өнері әрбір жазушының творчестволық шеберханасында туып, дамып, шыңдалып, өз ерекшелігімен әдебиет үрдісінен орын алып отыратыны даусыз. Жазушы шеберлігінің, суреткер дарынының бір сыналар тұсы - кейіпкер образын жасауда. Шынында да жағымды, жағымсыз кейіпкердің бүкіл жан дүниесін, мінез-құлқын көркем сөз арқылы суреттеу, оны қайткен күнде де, дара тұлға, тектік бейне етіп көрсету - жазушы үшін үлкен сын.

Дипломдық жұмыстың нысаны: Ә. Кекілбаевтың «Үркер», «Елең- алаң» романдарындағы ішкі монолог түзілімі мен стилистикасы.

Дипломдық жұмыстың дерек көздері: Зерттеудің дереккөздері ретінде және ғылыми тұжырым жасау және стилистикалық талдау жасауға Ә. Кекілбаевтың «Үркер», «Елең- алаң» романдары пайдаланылды.

Дипломдық жұмыстың мақсаты мен міндеттері: Бүгінгі таңда жазушы шығармаларының тілдік табиғатын толық тану үшін жазушы шеберлігін стилистикалық тұрғыдан зерттеуді қажет етуде.

Жұмыстың негізгі мақсаты: Ә. Кекілбаевтың жоғарыдағы аталған шығармаларында кездесетін ішкі монолог түзілімін анықтап, жазушы қолданған стилистикалық тәсілдердің қызметін ашу болды. Осы мақсатқа орай жұмыста мынадай міндеттер қойылды:

- ішкі монологтың берілуіне, түрлеріне талдау жасау;

- ішкі монологтың автор баяндауында кездесетін жақтарын анықтау;

- кейіпкер ойлауындағы ішкі монологты айқындау;

- ішкі монологтың жақтық сипатын анықтау;

- ішкі монологты жасаудағы жағдайлардың стилистикалық түзілімін сараптау;

Дипломдық жұмыстың әдіснамалық және теориялық негізі. Бұл жұмысты жазу барысында дипломдық жұмыстың теориялық және әдістемелік негізі ретінде қаламгердің шығармашылығын талдап, өздерінің бағасын берген біраз ғалымдардың еңбектері пайдаланылды. Атап айтсақ, Р. Бердібаев, Р. Нұрғали, С. Қирабаев, Ж. Дәдебаев, Р. Сыздық, Е. Жанпейісов, М. Серғалиев, Х. Кәрім, Б. Шалабай, Б. Майтанов, Қ. Жұмалиев, Т. Сыдықов т. б. зерттеушілердің еңбектеріндегі теориялық тұжырымдар, ғылыми негіздегі пікірлері жұмыста қажетіне қарай пайдаланылды.

Жұмыстың теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу нәтижелерін қазақ әдебиетінің жаңа тарихын жасауда орта, арнайы, жоғарғы мектептерге оқулықтар, оқу құралдарын жазуда, сондай-ақ жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде «Қазақ әдебиеті» мен «Әдебиет теориясына» қатысты жалпы және арнаулы (проза тарихы мен теориясынан) курстарда пайдалануға болады.

Дипломдық жұмыстың құрылымы мен көлемі. Дипломдық жұмыстың құрылымы зерттеудің мақсаты мен міндеттеріне сәйкес кіріспеден, екі тараудан, тараушалардан, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады және көлемі 88 бетті құрайды.

1 Ә. Кекілбаев шығармаларындағы көркемдік ерекшелік

1. 1 Қаламгер туралы

Тіл, әрине, жалпы ұғым. Тіл - сан сөздердің жиынтығы. Ол сөздердің ішінде терең ой, сұлу сындар, нәзік сезім, асқақ көңіл, өжет ерлік, әдеп-әркен тағы басқа адам мінезіне тән ерекшеліктерді суреттеуге керекті тамаша көркемдері де, құлақ тұндырарлық дөкір, қоқыстары да бар.

Көркем тіл, образды сөздерді білу тек жазушылар үшін ғана керек емес, әрбір сауатты адамның бәріне керекті. Өйткені әрбір адам өзінің ой-сезімін басқаларға білдіру үшін барынша көркем сөздерді қолдануға тырысады. Ол - табиғи нәрсе. Сондықтан оны түсіну, білу әр адамның өзі үшін керек.

Жазушылар адам образын да, көркем сюжетті де, жеке адамға тән мінезді де, күйініш-сүйінішті де, табиғаттың әдемі көріністерін де көркем тіл арқылы жасайды. Тілсіз көркем шығарма жоқ. Тілге мән бермеу не оны білмеушілік әдебиеттің даму процесіне де көп кеселдік келтіруі мүмкін. «Жылтырағанның бәрі алтын емес». Жақсының жаманнан, асылды жасықтан айыру үшін әдебиетші, сыншылар көркем тілді өздері жақсы біліп, толық меңгеруі - басты шарттардың бірі. Міне, осылардың бәрі де көркем тілді кең зерттеп, терең түсінуімізді қажет етеді.

Тілдің қалыпты тірегі - сөз. Ол халқымыздың бағзы заман бергі тіршілігінің, елдігі мен ерлігінің сара жолының үлкен куәсі. Ал сол тіл сөз байлығын танытатын - көркем шығарма.

Белгілі бір жазушы шығармасының тілін ғылыми тұрғыда қарастырғанда, оны қалай зерттеу керек, ғылыми ізденіс неден басталып, немен аяқталуына тиіс, зерттеуші қандай мәселелерді қамтуға міндетті, тілдік фактілерді жүйелеу, түсіндіру, талдау принциптері қандай болмақ тағы сол сияқты толып жатқан сұрақтар көркем әдебиет тілін нақты зерттеумен шұғылданушының алдына тартылады. Өйткені бұл мәселелердің басы ашық деп айта қою қиын. Ал бұлар айқын болмаған жағдайда нақты ғылыми ізденістердің обьективті қорытындысы болмайды.

Көркем шығарма тілін зерттеумен көп шұғылданған және елеулі табысқа ие болған ғалымдардың бірі Г. Винокурдың пайымдауынша, көркем шығармада тіл үш түрлі сапада көрініс табады (сөйлеу тілі, әдеби норма үлгісі және өнер туындысы тілі) соған сәйкес оны үш түрлі бағытта зерттеу мүмкіндігі туындайды.

Ал, академик В. Виноградов тілді бағалаудың үш түрін ұсынады. Олар жалпы тілдік стилистика немесе құрылымдық стилистика, екіншіден сөйлеу стилистикасы, үшіншіден, көркем әдебиет стилистикасы. Осылардың ішіндегі ең жасы - көркем әдебиет стилистикасы.

Көркем әдебиет тілін зерттеудің алғашқы қадамдары ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Еуропа тілші - ғалымдары тарапынан жасалғаны белгілі.

Көркем әдебиет стилистикасы - әдебиеттану ғылымынан да, лингвистикадан да тыс жатқан аралық ғылым саласы, аралық пән. Оның себебі мынада: көркем әдебиетті стилистикалық тұрғыдан зерттеудің әдіс - тәсілдері жөніндегі ғылыми көзқарастардың ала - құлалығы, ғалымдардың пайымдауынша, көркем әдебиеттің ерекшелігіне, оны толық ұғынып меңгерудің қиындығына байланысты. Әдеби көркем туындының табиғаты соншалықты күрделі - ол екі түрлі құбылыстың, тілдік материалдардың және сол арқылы көрінетін идеяның біртұтас диалектикалық бірлігі.

Көркем әдебиет стилистикасында кез келген жазушының кез келген туындысы емес, әдебиет алыптарының үздік туындыларының тілі зерттелуге лайық. Әдебиет тарихында белгілі орны бар, әдебиеттану, басқа қоғамдық ғылымдардың бағалауы бойынша, халықтың, қалың оқушы жұртшылықтың талғамы тұрғысынан өнер биігі жоғары деп танылған туындыларды ғана арнайы зерттеу қажет етілуде. Әдебиеттің алыптары, Г. Винокурдың сөзімен айтқанда: «Тілдің құлы болып қалмай, билеп-төстеушісіне айналады. Олар тілдегі тарихи және жалпыхалықтық құбылыстарды жақсы білгендіктен, шығармаларды мұқият зерттеп, әділ бағасын бере отырып тілдің өзі ілгері дамытады» [2, 12-13 б] .

Осындай алып тұлғалардың бірі емес, бірегейі Ә. Кекілбаев шығармаларының тілін зерттеу, ондағы стилистикалық ерекшеліктерді сұрыптау, жұмысымыздың басты мақсаты.

Әбіш Кекілбаев - адам жанының шындығын танудың алуан түрлі тәсілін шеберлікпен игерген жазушы. Ә. Кекілбаев кейіпкерлері қарапайым адамдар болғанымен, олардың өзіне тән өмірі, тағдыры, мінез-құлқы бар. Жазушы олардың жан дүниесінің тереңіне барады. Кейіпкерінің жеке басындағы түрлі сезім иірімін сипаттай отырып, олардың іс-әрекетіне баға береді. Жазушы кейіпкерінің ішкі толғанысын, жан күйзелісін, жүрек тебіренісін қара сөз құдіреті арқылы толғап жеткізеді.

Жазушы 1939 жылы 6 желтоқсан күні Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы (бұрынғы Гурьев облысы), Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде туған. Арғы атасы Жанайұлы Қожаназар қазақтар көшін Маңғыстауға бастап келген. Белгілі, білікті, беделді, дәулетті адам болған. Тектінің ұрпағы тектілік танытпаса, айыбы, аманатқа қиянат жасағаны. Әбіштің әлемі сол текті бабаның көріп-білген дүниесін балаға аңыз бен ертегі, әңгіме ретінде жеткізгенінен пайда болды.

Әбіш әлемі - өзіндік бір пәлсапалық, дүниетанымға толы әлем. Әбіш Кекілбаев өткен ғасырдың 70-80 жылдар аралығында мәдениет, әдебиет, кино салаларында ұйымдастыру-шығармашылық қызметтерін атқара жүріп, өзінің жазушылық кәсібін алдыңғы қатарға қоя білді. Партияның Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінде әдебиет секторының меңгерушілігіне Әбіш Кекілбаев жазушыларға да, қоғамға да сөйлесе, сөзі өтетін, қажет кезінде басқарушы билікке олардың да талап-тілегін, сөзін өткізе алатын беделді қаламгер, тәжірибелі саясаткер ретінде қызметке шақырылды.

Ә. Кекілбаев Орталық Комитеттен Мәдениет министрінің орынбасары қызметіне жіберіліп, қысқа мерзімде қыруар істер атқара алды. Жаңа мемлекет тұсында да Әбіш Кекілбаев - депутат, Комитет төрағасы, Жоғарғы Кеңес төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Сенат депутаты сияқты лауазымды қызметтерді атқарып келді. Оның «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» тарихи романдары - тек тарихи шежіре емес, бүгінгі қоғам үрдісімен, ұлт мүддесімен астасып, бостандық рухы мен өркениеттің өшпес құндылықтарына ұмтылатын мінез тәрбиелерлік қуатты шығармалар. Әбіш Кекілбаевтың қай қасиетін сөз етсек те, ең алдымен, қазақ санасында оның әдебиет сыншысы, шебер, көркем шығарма жазушылығы алғы кезекке шығады. Әдебиетке бала кезінен мол дайындықпен келгені оның терең шығармаларынан айқын көрінеді. Әдеттегідей жасқана, имене әдебиеттің есігін ашқан жас өскін емес, білімі толық, кемелі келісті, қаламы төселіп, даусы орныққан дарын иесі екендігі шүбәсіз, нық басқан салмақтылықпен келді.

Ол өзінің көркем сөз зергерлігімен біздің рухани өмірімізді байытты, көзімізді ашты, көкірегімізге ұлттық сенім, сана ұялатты.

Қазіргі көркем прозадағы бейнелеу тәсілдерінің бірі - ішкі монолог (іштей ойлау, кейіпкердің ішінен айтатын сөзі, өзін-өзі іштей саралау, ойлау ағымы) көрінісі жан-жақты қарастыру және оны зерттеу бүгінгі күннің еншісі екені белгілі. Ал, ішкі монологты, жалпы психологиялық талдау өнерін жан-жақты зерттемейінше қазіргі әдеби даму үрдісінің заңдылықтарын түсіну мүмкін емес.

Көркем проза адам психологиясының ішкі иірімдері, күрделі де терең ойлау жүйесі, сана мен сезімдегі жанды қозғалыстарды ашу арқылы идеялық-эстетикалық ізденістердің жаңа жолдарын ашты. М. Әуезов « . . . Орыс жазушыларында анық сүйенетінім: Толстой, Достоевский. Адам жанын соларша қойма ақтарғандай ақтармаған соң, жазушылықтың мәні де жоқ. Прозаға психология араласпаса өзгенің бәрі сылдыр су, жабайының тақ-тақ жолы»[3, 129 б. ], -деп тегін атамаса керек.

Жалпы ішкі монологтың кейіпкер образын ашудағы қызметі орасан зор. Ішкі монолог пен ой ағысы тәсілдерінің көркемдік қызметі сөз жоқ, тың тақырып.

Сонау антикалық дәуірдегі мифтен қазіргі өскен, күрделенген үлкен жанр романға дейінгі кезеңді алып жатқан үлкен тарихи тәжірибені, даму эволюциясын бастан кешірген ішкі монолог тәсілі өзінің шын мәніндегі көркемдік қызметіне жазба әдебиетте, әсіресе прозада ғана ие болды. Ол көркем проза арқылы өзінің әдебиеттегі орнын белгіліп, ғылыми айналымға түсіп, ғылыми-теориялық анықтамаға ие болған ішкі монолог тәсілі қазақ әдебиетіндегі ХХ ғасыр басындағы прозада орын алды. Көбінде кейіпкердің ішкі ойын немесе кейіпкерді сөйлетудің бір тәсілі ретінде эпизодтық ретте қолданылып келген қарапайым, дәстүрлі монолог тап осы кезеңде өзінің сапалық өсу сатысын бастан кешірді. Ол енді тек көркем шығармадағы кейіпкерді сөйлету, оның ішкі ойын жүйелі түрде айтып шығу секілді қарапайымдылықтан біржола қол үзіп кетпесе де бөлектеніп, дербес тәсілге, яғни ішкі монологқа айналды.

Бір ғана адамның ішкі көңіл-күйін білдіретін және кейіпкерді сөйлету тәсілі болып табылатын ішкі монолог көбіне көркем шығармаларда дәстүрлі, қарапайым монологтың қызметін атқарады және оның ішкі монологтан тағы бір айырмашылығы жүйелі сөз болып келеді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Жазушының публицистік шеберлігін қазақтың шешендік дәстүрі аясында қарастырып, болмысты көркем бейнелеу ерекшеліктерін зерделеу
Жазушы шығармаларындағы ұлттық мінез бен қазақы болмыс
Әбіш Кекілбаевтың Елең – алаң романындағы монолог пен көркем диалогтың қызметі
Әбіш Кекілбаев мемлекет қайраткері
Қазақ әдебиеті
Қазақтың байырғы шешендік өнерінің бір бай саласы - шешендік дау
Кейіпкерлерді бейнелеудегі көркемдік амал - тәсілдер
Әбіш Кекілбаев (1939-2015)
«Әбіш Кекілбаев – жазушы, қоғам қайраткері»
Ә. Кекілбаевтің «Аңыздың ақыры» романындағы Әмірші бейнесі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz