Қазақстан аумағында мемлекеттердің пайда болуы мен дамуы


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 5 бет
Таңдаулыға:   

1. Қазақстан аумағында мемлекеттердің пайда болуы мен дамуы

Қазақстан аумағында алғашқы мемлекеттер б. з. б VІІІ ғасыр мен б. з. V ғасыры аралығында құрылғандығын сіздер алдыңғы сабақтардан білдіңіздер. Еділ өзені мен Алтай тауы аралығындағы кең далада өмір сүрген сақ, қаңлы, үйсін, ғұн тайпалары темір дәуірі кезінде-ақ мемлекеттік дәрежеге жеткен бірлестіктер болды. Бұл жайды археологиялық ескерткіштермен, ежелгі грек, парсы, қытай жазба деректері де растап отыр. Соған қарамастан ХХ ғасырдың бас кезіне дейін Батыс қоғамында көшпенділерде таптық жүйе болмады, демек көшпенділер қоғамы мемлекет дәрежесіне жетпеді деген отаршылдық пиғылдағы, жансақ, ешбір ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген, сыңаржақ пікірде болды. Мұндай пікірлер ол кезде отаршыл-империалистік саясат жүргізіп отырғандардың мүдделеріне сай келді. Соған қарамастан көшпенділердің мемлекеттері туралы алғашқы тарихи еңбектер ХVІІІ ғасырдан жазыла бастады. Бұл еңбектерде, содан кейін ХІХ ғасырда аталған тақырыпта жарық көрген көптеген еңбектерде көшпенділерде мемлекет болғандығын мойындады, бірақ мемлекеттің құрылуын олар жаулап алушылықпен тікелей байланыстырды. Олардың ойларынша көшпенділер қоғамы мемлекет дәрежесіне өз ішінен пісіп жеткен жоқ, тек отырықшы елдерді жаулап алған соң, мемлекеттік құрылысты отырықшылардан үйренді деген қате пікірде болды. Көп жағдайда олардың ондай пікірде болуларына, көшпенділер қоғамында сақталып қалған рулық қатынастар себеп болды. Қазақстан аумағына экспедициямен келген патша өкіметінің шенеуніктері: «Киргиз-кайцактар ( яғни қазақтар) жартылай жабайы көшпенді халық. Олар жартылай алғашқы қауымдық құрылыста өмір сүреді, әлі күнге дейін оларда рулық қатынастар үстемдігі сақталып қалған», - деп айтса, ал «ұлы державалық» пиғылдағы тарихшылар «Қазақтарда мемлекет те, хандық та еш уақытта болған жоқ, хан деген сөз ру-тайпа бірлестіктерінің басшыларына берілді, сондықтан да қазақтарда бір мезгілде хандар көп болады», дей келе Ресейдің бұл аумақты жаулап алуы, өлкенің қоғамдық-экономикалық тұрғыдан ілгері дамуын қамтамасыз етті, - деген қорытынды жасады. Әрине мұндай қорытындыға келгенде, олар ешбір ғылыми әдіске сүйенбеді. Кеңестік дәуірде ертедегі Қазақстан аумағындағы мемлекеттер туралы тарихи еңбектер екі түрлі болды. Бірінші түрі: «Көшпелілерде мемлекет қалыптасып үлгерген жоқ, олар шаруашылық қауым денгейінде өмір сүрді. Жерге жекеменшік болмағандықтан, таптық қоғам құра алмады. Оның үстіне көшпелі мал шаруашылығымен айналысатындар үшін бір орталыққа бағынған мемлекеттік құрылымнан көрі, шашыраңқы қауымдастық түрінде өмір сүру тиімді болды», - деген жоғарыда айтылғандай еуроцентристік бағытта болды. Екіншісі, жан-жақты тарихи деректермен бірге археологиялық зерттеулерге сүйенген түрі: «Қазақстан аумағында мемлекеттік құрылымдар б. з. б. І мыңжылдықта шаруашылықтың бөлініс кезінде пайда болды» дегендер болды.

Көшпелі қоғамда мемлекеттіліктің пайда болуы және оның ерекшеліктері.

Кейінгі жылдары көшпенділердің мемлекеттілігі жайында жүргізілген зерттеулер тарих ғылымына және жалпы қоғамдық санаға үлкен өзгерістер алып келді. Атап айтатын болсақ көшпенділер қоғамында мемлекеттік құрылым отырықшы елдерден бұрын, б. з. б. І мыңжылдықта шаруашылықтың бөлініс кезінде пайда болғандығы. Өйткені көшпенділерде малға еш уақытта қоғамдық меншік болмады, сондықтан көшпелілер қоғамында әлеуметтік теңсіздік отырықшылардан анағұрлым ерте пайда болды. Отырықшы елдерде мемлекет құрылудың классикалық түрі рулық қауымдастықтар тараған соң, жер жекеменшікке айналып, мүлік теңсіздігі орнаған кезде мемлекет құрылады. Ал көшпелілер қоғамында мүлік теңсіздігі орнаса да, шаруашылықты жүргізу және генетикалық тазалықты сақтау үшін өзіндік рулық қатынастарды сақтау қажет болды. Көшпенділердің мемлекетінде билік мұралық жолмен берілсе де, жеке адамның шексіз билігін орнату мүмкін болмады. Мұның бірнеше себептері болды: 1) Биліктен қысым көрген жағдайда ру-тайпалар басқа мемлекеттік бірлестіктерге көшіп кетуі мүмкін болды. 2) Жоғары биліктің сүйенетін тұрақты әскері болмады, соғыс жағдайында әр адам жауапкершілікті сезіне отыра өзі үшін жауынгер болуға әрқашан дайын болатын. Осы себептен де жоғарғы билеуші әрдайым мемлекеттің қарапайым әрбір мүшесінің қолдауына зәру болып отырды. 3) Мемлекет үшін маңызды істің бәрі халық арасынан сайланған рубасылар құрылтайында шешімін табатын. Осындай далалық демократия, орта ғасырларда халық басқару ісіндегі ең озық жетістік болғанын бүгінгі күні бүкіл ғалымдар мойындады.

Қазақстан жерінде ерте феодалдық мемлекеттердің құрылуы. Қазақстан аумағында орта ғасырда алғашқы феодалдық мемлекет - Түркі қағанаты болды. Орталық Азия жерінде мекендеген түркі тайпалары 552 жылы Жужан қағандығын соғыста жеңіп, саяси тәуелсіздікке ие болады. Мемлекеттің негізін қалаған «ашын» руынан шыққан Бумын қаған дәл сол жылы қайтыс болып орнына мұрагері Мұқан қаған отырады. 552-554 жылдары Түркі қағандары көрші тайпаларды өздеріне бағындырды, ал оңтүстігіндегі Чжоу мен Цинь мемлекеттері алым-салық төлеп тұратын болып келісімге келді. 554 жылы Бумын қағанның інісі Істеми басқарған он түмен қол Батыстағы елдерді бағындыруға аттанады. 555 жылы Арал теңізіне дейінгі жерді түркілер көп қарсылықсыз тез арада бағындырады. 563-567 жылдары Орта Азиядағы эфталиттерді толық жеңген соң, Сасанилік Иран мемлекеті жылына 40 мың алтын теңге көлемінде салық төлеп тұратын болды. VІ ғасырдың 70 жылдары, Түркі қағанатының батыс шекарасы Солтүстік Кавказ бен Қара теңіздің солтүстік-батыс жағалауларына дейін жетті. Сары теңізден Қара теңізге дейінгі кең-байтақ жерді алып жатқан Түркі қағандығы бір орталыққа бағынған мемлекет құра алмады. Қағандықтың халқы саяси жағынан да, экономикалық жағынан да біріге алмады. Оның үстіне кең-байтақ жерді бір орталықтан басқару мүмкін болмады. Осындай себептерден кейін 603 жылы мемлекет Батыс және Шығыс болып екіге бөлінді. Қазақстанның оңтүстік аумағында бірін-бірі ауыстырған 603-704 жылдар аралығында Батыс Түркі қағанаттығы, 704жыл мен 756 жылдар арасында Түргеш қағанаты, 756-940 жылдар аралығында Қарлұқ қағанаттары өмір сүрді. Бұл мемлекеттердің барлығының орталығы Суяб қаласы болды. ІХ ғасырда Орталық және Солтүстік -Шығыс Қазақстан аумағында Қимақ қағандығы, Сырдария өзенінің орта және төменгі ағысы, Арал теңізі маңы мен Маңғыстау түбегінде Оғыз мемлекеті құрылды. Бұл мемлекеттерде дәстүрлі ру-тайпалық құрылымдар сақталып қалды. Ерте орта ғасырдағы бұл феодалдық мемлекеттерде сатылы басқару жүйесі болған. Ең жоғары билік басында қаған болса, атқарушы билік қаған сайлаған ұлықтың қолында болды, кейінгі сатыда шад, жабғу, елтебер деген жоғары лауазымдар болды, жергілікті жерлердегі билік әрі қағанның тірегі тайпа көсемдері - бектер болды. Сот ісін бұйрықтар мен тархандар атқарса, салық жинаушыларға арнайы селиф деген атақ берілген. Сатылы басқару жүйесі болғанмен бұл мемлекеттерде әскери демократия жүйесі де күшті болды. 634 жылы Ешбар Елтеріс қаған ел басқаруда«он оқ бұдын» жүйесін енгізеді, «бұдын» сөзі «халық немесе тайпа» дегенді білдіреді.

Ерте орта ғасырлардағы феодалдық мемлекеттерінің өмірінде соғыстар мен қырқыстарға толы болса да әлеуметтік-экономикалық жағынан қарқынды дамуы да болды. Мемлекеттердің халықаралық маңызы артып Қытай, Византия, Иран сияқты сол кездегі ірі империялармен терезесі тең дәрежеде жан-жақты байланыс орнатты. Аймақ көшпелі мәдениет пен отырықшы мәдениеттерді тығыз байланыстырып бір ағымға түсірген, халықаралық сауда алаңына айналды. Түркі тілдес тайпалардың отырықшы және жартылай отырықшы өмір салтына көшуі, қалалар санының өсуіне септігін тигізді. Қазақстан аумағындағы құрылған осы мемлекеттер, жалпы алғанда әлемнің Батысы мен Шығысы арасындағы өрбіген екі өркениеттерді бір бірімен байланыстырған көпір секілді болды.

2. Қазақ хандығының 550 жылдық мерей тойы.

Тек өткен тарихымен ғана мақтанатын елдің болашағы бұлыңғыр. Әр буын өкілдері ата-баба даңқына даңқ қосып, абыройын арттырып, бүкіл дүние жүзі алдында беделін биіктете білген елдің ғана болашағы жарқын, мерейі үстем болады. Осы тұрғыдан келгенде тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі буыны бабалар аманатына адалдық танытып, еліміздің абырой-беделін бұрын-соңды болмаған биікке көтерді деп айта аламыз.

Ең алдымен, бабаларымыз егемен еліміз тәуелсіздік алғанда еншімізде ұлан-байтақ жер қалды. Бірақ әлемдегі тоғызыншы территория саналатын қазақ даласы ешбір халықаралық құжатпен рәсімделмей, ашық-шашық жатқан еді. Біз осы бір аса күрделі әрі шетін мәселені сәтімен шешіп, Ресей мен Қытай бастаған барлық көршілерімізбен арадағы жалпы ұзындығы 14 мың шақырымнан асатын шекарамызды халықаралық құжаттармен рәсімдеп, болашақ ұрпақтың алаңсыз болуы үшін біржолата әрі мәңгілікке шегендедік. Бізге мұраға қалған ата қонысымыз жылдар бойы халқымызға қасірет әкелген ажал полигондары мен жаппай қырып-жоюға арналған ядролық оқтұмсықтарға толы болды. Біз соның бәрінен елімізді де, жерімізді де азат етіп, әлемдік ядролық қарусыздану көшін бастадық. Ақыл мен парасаттың кез келген қарудан қуаттырақ болатынын дәлелдеп, жаһандық қауіпсіздікке зор үлесімізді қостық. Сосын екі жарым ғасыр патшалық Ресей мен 70 жылдан астам Кеңес Одағы құрамында болғанда қазақ халқы өз жерінде отырып-ақ азшылыққа, ал Қазақстан өз еркінен тыс 130 ұлт пен ұлыстың мекеніне айналды. Әлем тарихына көз тігер болсақ, соғыс атаулы не жер дауы, не ұлт артықшылығы, не дін үстемдігі үшін болатынын байқау қиын емес. Біз елімізді мекендеген сан алуан ұлт пен ұлыс, дін өкілдерін көк тудың астына жиып, ел тыныштығын, береке-бірлігін сақтадық. Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемдегі талай мемлекетке үлгі-өнеге ретінде ұсынған Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, бес рет қатарынан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін зор табыспен өткіздік. Бабаларымыз мирас еткен «Кең болсаң - кем болмайсың» деген қағиданы басшылыққа ала отырып, әлі талай биіктерге жетеріміз анық.

Біз іргемізді бекітіп, бірлігімізді бекемдеген соң әлемдегі ең дамыған елдердің тәжірибесін зерттеп, дамудың өзіміз жасаған жаңа моделі - «Қазақстандық жолды» ұсындық. Дамудың ең жарқын болашағын айқындаған «Қазақстан - 2050» стратегиясын түздік. Дәл осы құжаттың негізінде алға қойған мақсаттарымызды рет-ретімен жүзеге асырып, қуатты да табысты мемлекет орнаттық. Соның нәтижесінде экономикамыз аз ғана жылда ешқашан, ешкімде болмаған қарқынмен алға басты. 2014 жылы еліміздің Жалпы Ішкі Өнімі 1993 жылғы көрсеткіштен 19 есеге көбейді. Ол жан басына шаққанда 696 доллардан 13 мың долларға, яғни 18 есеге артты. 1993-2013 жылдар аралығында 200 миллиард доллардан астам тікелей шетел инвестициясын тарттық. Елдің әл-ауқатын барынша жақсартып, өркениетті елдердің деңгейіне жеткіздік. Бабалар мирас еткен жеріміз қаншалықты кең болса да, бізде ұлы мұхитқа шығатын жол болған емес. Темір жол атаулы Қазақстанның байлығын тасу үшін тек солтүстікке қарай салынды. Тәуелсіздік жылдары біз жалпы ұзындығы 2500 шақырымдық темір жол салып, еліміздің барлық облыстарын бір-бірімен жалғастырдық. Нәтижесінде Қазақстанның болат жолдары Қытай арқылы Тынық мұхитқа, түрікмен жері, Парсы шығанағы арқылы Үнді мұхитына, Ресей арқылы Батыс Еуропаға, одан әрі Атлант мұхитына жететін болды. Бұған қосымша «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» еуразиялық автомагистралы да пайдалануға берілді. Ал, «Нұрлы Жол» бағдарламасымен елімізде жаңа 7 мың километрден астам автокөлік жолы салынып, барлық өңірлермен байланыс екі есеге жақын болады. ХХІ ғасырдың нағыз Жібек жолы деп осыны айтуымыз керек.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Халықаралық әуе құқығы
Мемлекеттің типологиясы жайлы
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі еңбек көші-қонының құқықтық механизмдері
ТМД - ның қалыптасуы мен даму проблемалары
Қазақстанның сыртқы экономикалық байланыстарының дамуында 1936 жылы
Халықаралық қылмыстық құқық халықаралық жария құқықтың жеке бір саласы
ҚАЗАҚСТАН МЕН ТМД ЕЛДЕРІ АРАСЫНДАҒЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАРЫМ - ҚАТЫНАСТАР
Шетелдік түлғалар мен азаматтардың табиғат пайдалану құқығы
Әуе құқығы
Кедендік одақ құрылуының алғышарттары
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz