ЖЕТІСУ ӨҢІРІ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ РЕСЕЙ ПАТШАЛЫҒЫ ҚҰРАМЫНДАҒЫ ӨМІРІНЕН


Байсалбаева Т. М., Мырзатаева З. Б.
ЖЕТІСУ ӨҢІРІ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ
РЕСЕЙ ПАТШАЛЫҒЫ ҚҰРАМЫНДАҒЫ ӨМІРІНЕН.
Қосай-күшік болысытығы мысалында.
(ХІХ ғ. соңы - ХХ ғ. басы)
ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарының соңында Жетісу жерінде ресейлік билік жүйесі орнады. Бұл өңір тарихындағы жаңа кезеңді бастап берген оқиға еді. Патшалық билік жартығасырлық мерзімді қамтыды. Жетісу жері уездерге, уез болыстарға, болыс ауылдарға бөлінген жаңа әкімшілік құрылым орнады. Қапал - Жетісу облысында құрылған бес уездің бірі, Қапал уезінде 13 болыс құрылды, соның бірі - Қосай-Күшік болысы. Міне, Қосай ұрпақтарының өмірі патша заманында қандай болды, мақала осы тақырып ауқымында өрбиді. Әрбір тарихи кезең қайталанбайтын жалқы құбылыс. Патшалық билік тұсындағы Қосай елінің тарихы осы пікірдің дұрыстығын айғақтай түседі . . .
Сонымен, Ресей патшалығы XVII ғасырдан бері қазақ жерін айнала әскери бекіністерімен қоршай бастады, ол өз кезегінде жылдан-жылға ішкері жылжи отырып, ХІХ ғасырдың соңында (1867-1868 ж. ж. реформа негізінде) Түркістан өлкесі мен Жетісуға келіп жетті, сөйтіп бүкіл қазақ жерлерін жаулап алу процесі 1868 жылғы Жаңа Ереженің 210-бабында көрсетілгендей «ендігі таңда бұл өлке жері қазынанікі» деумен аяқталды. Патшалықтың үздіксіз жүрген отарлау процесі қазақ фольклорында айқын айтылады [1] .
Расында: « . . . патшалық билік екі нәрсені көздеді: біріншіден кең қазақ жерінің құнарлы аудандарына орыс қоныс аударушыларын әкеліп орналастырды және екіншіден, өзіне қосып алған жаңа территорияның табиғи ресурстарын мүмкін болғанша метрополия өнеркәсібінің сұраныстарына тарту болды» [2, 4] . Мұны орыс ғалымдары да өз еңбектерінде ашық жазды. Ресейде патша заманында тіпті, «Вопросы колонизации» сияқты мерзімді баспа шығып тұрды, онда отар елдерін игерудің түрлі әдіс-құралдары талдауға алынатын еңбектер жарық көрді. Міне сондай еңбектердің бірінде, Батыс Сібірді зерттеуші И. Завалишин: «Сары Арқа - Ресей метрополиясы үшін тамаша олжа, оған тіпті Англия мен Францияның қолы ешқашан жетпек емес. Көкшетау, Алатау тауларында алтын, күміс, қорғасын, қола, түрлі-түсті тастар қоры айрықша. Қарқаралы Алатау, Ақмолада, яғни тек Сібір ведомствасында түрлі-түсті тастар, мыс кендері, магнитті темірлер, тас көмір, графит секілді 400-ге жуық түрлі кен орындары бар. Қазақ даласы, бәрінен бұрын тұзға өте бай» [3, 145], - деп жазса, Түркістан генерал-губернаторы А. Куропаткин: «Туркестанский край широк. Природная богатства его неисчерпаемы и едва только затронуты. Всем хватит места, для всех найдется дело, все смогут проявить свою энергию и приложить свой труд на процветание края в пользу России» [4, 6], - дейді. Ал, Жетісу жөнінде бұл сынды материалдар телегей-теңіз. 1825 жылы хорунжий Нюхаловтың басшылығымен Жетісу жеріне аттанған әскер құрамындағы емші Зибберштейн Қаратал, Көксу, Алатау бөктерлерінен ж. б. жолдар бойы көргенін жазып қалдырған. Міне осы жазбаларында, Жетісу табиғатының өсімдіктері жан-жануарларын тамсана суреттейді [5] . Сол сияқты Н. Шнитниковтың «Поездки по Семиречью. ІІ. Каратал. Балхаш. » атты жазбасында «растительность в предгорной полосе развита раскошно: изобилии цветут желтые тюльпаны, пионы . . . » [6], деп өңірдің ерекше флорасы мен фаунасын кең тарқата жазады. Әсіресе, Жетісуда болған әкімшілік шенеунігі, переселен басқармасының қызметкері, заңгер Г. К. Гинстің « . . . Поездка в горы, несмотря на то, что дождь шел почти не переставая, несмотря на холод и на то, что часто нас окутывал густой туман, закрывая от глаз всю великолепную картину, была все же очень приятна и интересна . . . , огромные ящерицы перебегали дорогу; пролетали синеворонки. Все было удивительно ярко и красиво в этой первобытной девственной природе» [7] деп ерекше тамсанады, ал бірақ та осы ғажап жердің иесі қазақтар жөнінде («Қазақтардың ауылы» аталатын еңбегінде) жазғанда жиіркенішті мінез көрсетеді.
Міне, осы жоғарыдағы ойды нақтылай түсетін мынадай архив дереккөзі ерекше назар аудартты. Жетісу облысының әскери губернаторына жазылған Тоқмақ уезі бастығының №12435 хатында Тобыл, Саратов, Самара, Верненск губернияларынан толассыз орыс шаруаларының Жетісуға көшіріліп жатқанын және олар үшін бұл жердің аса қолайлы болатыны баяндалады [8] .
Сонымен, Жетісудағы орыс әкімшілігі облыстық және жергілікті басқару ісінің негізін құрған «Жетісу және Сырдария облыстарын басқару Ережесі» атты 8 бөлімнен тұратын заңдық құжатты 1867 жылы 11 шілдеде бекітті, онда облыс шеңберіндегі жергілікті басқарудың барлық буынына тиесілі атқарылатын істердің мазмұны белгіленді.
Ереже жобасы бойынша облыста бес, яғни Сергиополь, Қапал, Верный, Ыстық көл және Тоқмақ уездері құрылды [9, 70-85] .
Уездердің ашылуымен бір мезгілде жергілікті халық арасында болыстық және ауылдық басқару орындарын ұйымдастыру мақсатында бес қайта құру (реорганизационные комиссии) Комиссиялары құрылды [9, 70-72] . Комиссия құрамындағы екі кісінің бірі міндетті түрде қазақ тілін жақсы меңгерген болуы керек еді, ал ондай адам болмаған күнде жергілікті жұрттан орыс билігіне сенімділігімен байқалған аудармашы есебінде бір адам тартуға рұқсат берілді. Комиссия құрамындағы екі адамның құқы тең саналып, ал егер олардың арасында пікір қайшылығы туа қалғанда, ол жөнінде облыс губернаторына мәлімдеу міндеттелді. Н. Аристовтың айтуына қарағанда комиссиялардың құрамына таңдаулы деген жергілікті қайраткерлер енді [10] .
Комиссия жұмысына тартылған аудармашылардың 1) сөткелік тамағына 1 сом 50 тиын; 2) көлікке жылқы немесе түйе сатып алу үшін 60 сом және 3) көлік малының айлық жем шығынына 9 сом бөлінді [9, 70-72] .
Егер осы тарихи мезгілде қазақ қоғамындағы жылқы малының әрбір басының базарлық құны 3-4 сомнан, ал қой басының 50-60 тиыннан тұрғанын еске алсақ, комиссия мүшелеріне бөлінген қаржы көлемінің деңгейін бағамдауға болады.
Комиссияларға сондай-ақ уездегі қазақ ауылдарының қыстауларға орналасу тәртібін мұқият зерттеп білуде комиссия мүшелері сенімді деген қазақтардан үлкен сақтықпен сұрап алуға тиіс болды.
Басқаша айтқанда, жоғары билік орындары жаңа ғана қалыптаса бастаған орыс басқару жүйесінің беделін сақтауға аса қатты көңіл аударды.
Ел арасына шыққан комиссияларға қазақ ауылдарын құру барысында мынадай жағдайларға да көңіл аудару жүктелді. Ауыл тұрғындары тізімін жасау барысында ебін тауып және наразылық туғызбай бұрынғы сұлтандарды тізімнен тыс қалдыру, сондай-ақ олардың төлеңгіттерінің бір бөлігін басқа ауылдарға жазып жіберуге нұсқау берілді. Мұнымен қатар ауылдарға тегі ортаазиялықтар мен ресейлік татарларды жазуға тиым салынды. Егер де комиссияға ауылдарды ұйымдастыру барысында қазақ арасында тұрып жатқан ондай адамдар кездесе қалған күнде, оларды ауыл тұрғындарының тізіміне енгізбей, сонымен бірге тізімге алу жөніндегі тілектерін де біржола үзіп тастамай, еппен ауыл арасы жүрген сарттар мен татарлар немен шұғылданатындықтарын, қашаннан бері қазақтармен бірге көшіп-қонып жүргендіктерін, қанша мал жинағандықтарын біліп, осы және басқа мәліметтерді ерекше есепке алу тапсырылды.
Әрбір уезге шыққан комиссия өз жұмысын алдымен ауылдарды құрудан, яғни ұйымдастырудан бастауға тиіс болды. «Ереже» жобасында әр ауылда жүз шаңырақтан (отбасы) екі жүз шаңыраққа шейін, ал болыста мың шаңырақтан екі мың шаңыраққа шейін болуға тиіс деп көрсетілді [11] . Генерал-губернатор нұсқауында комиссияның неғұрлым үлкен, яғни екі жүзге таяу шаңырақтан тұрған ауыл құруға күш салғандығын қалады. Қазақ қоғамы неғұрлым үлкен ауылдардан тұрса, басқару ісі де соғырлым жеңілдене түспек еді. Ауылды құру ісін аяқтаған бетте комиссия сол ауылдағы әрбір он ошақтан бір сайлаушы (онбасы) сайлатып, олар ауылдың сайлаушылар жиналысын құрды. Өз ретінде ауылдың сайлаушылар жиналысы ауылдың старшыны (ауылнай) мен оған кандидатты сайлады. Сайлау барысында комиссия сайланушыларға қатысты өз пікірін білдіре алмайды, тек сайлауды әділ өтуін қамтамасыз етуге міндетті. Ауыл старшыны анықталған соң, комисия сайлаушылар жиылысы алдында старшынды басқарудың барлық саласына қатысты міндеттері және құқықтарымен мұқият таныстырады. Комиссия айырықша ынтамен ауылдағы сот билігінің билерге тән екендігін түсіндіреді, дау-дамай және ұрыс-керіс істерге ол тек дауласушы екі жақтан бірдей өтініш түскенде ғана араласады, ал ауылда туа қалған жанжал істі тоқтату үшін ол өз билігін қолдана алады.
Бұл атқарылған істен соң комиссия ауыл отбасыларынан әрбір 50 ошақтан бір өкіл (елу басы) сайлауды ұсынады. Осы арада отбасыларына мынаны ескертеді: олар өз мүдделері үшін түрлі ауқатты топтардан таңдаулы деген кісілерді сайлайды, өйткені бұл сайланғандар жиылып болыс съезін құрайды, ал съезд өз ретінде ауылдарға салынатын отбасы (шаңырақ) салығын бөледі. Елубасылар өз ретінде болыс басқарушы мен билерді сайлайды.
Тізім бойынша құрылған ауылдардағы шаңырақтардың саны 1000-2000 толғанда комиссия болыстар құруға кірісетін болды. Сондай-ақ бұл арада да ауыл құрғандағыдай болыс тұрғындары неғұрлым көп болса, соғырлым тиімді саналды, өйткені болыс әкімшілігі шығынын өтеу көпке жеңілдеу түспек.
Болыс ұйымдастыруға кірісе отырып, комиссия орталық ауылдардың біріне болыс сайлаушыларды шақырып, өз ретінде олар ауыл старшындары мен болыс басқарушының жалақы көлемін анықтайды. (Ереженің 100-параграфы) . Ереженің 101-параграфіне сәйкес «болыс басқарушының жалақысы және оған хатты жолдау үшін белгіленетін қаржы 300 сомнан кем болмауы» керек-тін [11, 291] . Комиссия осы арада болыс съезіне ауыл басы мен болыс басқарушының өздеріне қарайтын тұрғындардан жалақыға белгіленген суммадан тыс ешнәрсе талап ете алмайтындықтарын түсіндіреді. Болыс съезінде болыс басқарушы мен ауыл старшынына тиесілі жалақы мөлшері жөніндегі құжатты бекіткен соң, болыс басқарушыны, оған кандидат және билерді сайлау басталады. Сайлаудан соң комиссия съезге жиналғандар алдында болыс пен билердің атқаратын қызметіне тән міндеттерін баяндайды.
Комиссияларға тіптен жаңа ұйымдастырылған болыстықтардың атын қою да міндеттелді. Болыстықтардың аты оның құрамындағы негізгі рудың немесе екі рудан тұрса онда екеуінің атымен бірдей аталатын болды. Ал егер оның құрамына екіден де көп рулар енген болса, онда болыстықтың аты аса маңызды мекеннің атымен аталғаны жөн деп көрсетілді.
Ауылдар мен болыстарды құруға шыққан комиссияның жұмысы «ауылдардың тізіміне енбеген адам қалған жоқ, сондай-ақ уездің жұрты болыстықтарға үйлесімді бөлінді-ау» деген ұғымға өздерінің көздері жеткен соң барып аяқталмақ деп көрсетілді.
Комиссия осы баяндалған ұйымдастыру жұмыстары кезінде әрбір шаңыраққа салынатын салықтың көлемі, оны жинау тәртібі және салыққа қатысты басқа да істер жөнінде түсінік бермейді, өйткені мұндай мәліметтерді ел арасындағы орыс билігіне қарсы пиғылдағы кісілер халықты қорқыту мақсатында пайдаланып кетуі ықтимал деп қаймықты. Шаңырақ салығы мен оны жинау тәртібі жөнінде комиссия болыстық пен ауылдарды құру жұмысын аяқтап, оларды екінші мәрте қайтадан аралауға шыққанда барып айтуға тиісті болды.
Міне бұл баяндалған фактілік материалдардан Ресей үкіметінің Жетісу сияқты стратегиялық маңызы аса зор өлкені қай жағынан болса да шындап игеруге кірісіп кеткенін аңғару, әрине, қиын емес. Сондықтан да генерал-губернатор өз нұсқау хатында өлкедегі болашақ ресейлік әкімшіліктің тағдыры белгілі дәрежеде осы ұйымдастыру комиссияларының тапсырылған аса маңызды бұл істі орындау мәдениеті мен дәрежесіне тәуелді екендігін баса көрсетуі тектен-тек емес-тін.
Комиссиялардың жұмысы мынадай нәтижелермен аяқталады: Верный уезінде 17, Тоқмақ уезінде 19, Ыстық көл уезінде 6, Қапал уезінде 13, Сергиопольде 13 болыстықтар құрылды. Әр болыстыққа 1000-нан 2500 шаңыраққа шейін енді. Облыстағы жаңа құрылған 68 болыстық 104. 659 отбасын қамтыған еді [12, 17-18] .
Қосай-Күшік болыстығы Қапал уезінің құрамында болды. Архивтік құжаттарда Қапал уезі бойынша құрылған 13 болыстықтың ру құрамы, жайлауы мен қыстағы төмендегідей ретпен көрсетіледі:
- Төменгі АқсуболысыКенже-Матай руынан тұрады. Ақ-төбе, Қара
Жар, Көк-тал, Құр-Ақсу, Тентек-Су шатқалдарынан Джатым-тау тауларына дейін және Аюқ құмдарында, Ақсу өзенінің далалық жағында, Терскелді-үзік шатқалында, Биен өзенінен Капа шатқалына дейін қыстайды.
Алатау бөктеріндегі жазғы қоныстары Аман, Көк-Джота, Ақсу өзенінің сол жағымен және содан кері қарайғы жүретін жолдарда көшіп қонады. Ақсу өзенінің сол жағында егістік жерлері бар, ол Ақсу, Биен өзендерінен суарылады, сол жерлерде олардың күздеуі де бар. Олар қыстауларынан наурыздың басында, жайлаудан мамырдың ортасында және маусымның басында шығады, шілде айының соңында толығымен көшіп кетеді.
Шекара оңтүстік-шығыста көлдермен шектеседі. Осыдан солтүстікке қарай тура жүріп Биен өзеніне дейін, содан кейін оңтүстік-шығысқа: Биен мен Бургана өзенінің оң жағалауымен бойлай Мұса қабіріне дейін; осы жерден Ақсу өзеніне дейін - Мұса бейітінен 8 шақырым жоғары, одан әрі, Ақсу өзенінің сол жағалауымен Тал-тал шатқалына дейін жеткен соң, солтүстік-батысқа қарай бұрылып Молдағұл бейітінің жанындағы Ақсу өзеніне дейінгі жерлер, осы жерден Батыс және оңтүстік-батысқа қарай, Мұса бейітінің Джаба - салды және Джаман-жол құмдарын айналып өтіп, Ақ-көл көлінің солтүстік жағалауына жетеді.
2. 3) Арасан және Сарытау болысы Қаптағай - Матай руынан. Рғайлы шатқалында, Биен өзенінің жоғарғы сағасында, Баян-жүрек, Ағадыр, Байғұлақ, Бие-симас тауларында, Қапал өзенінің жоғарғы сағасында, Күренбай шатқалында, Биен-Қопа өзені бойында, Ащы-өзек, Жақа шатқалдарында қыстайды. Ақсу өзенінің жоғарғы ағысында, Жайлы-Қарағой шатқалында және Биен өзенінің жоғарғы ағысында Сайын-бұлақ, Салқынбел, Балықты және Қора шатқалдарында жайлауы бар.
Егістік жерлері: Жалғызағаш, Қабырғатал, Алтын-арыққа дейінгі жерлер, сосын Ақсу, Биен, Кульденен өзендерінен Қамыс-мола және Қызыл-ағаш өзендерінің аралығында; Қысқы тұрақтарынан наурыздың аяғында және сәуірдің басында, көше бастайды, ал жайлауға маусымның басында шығады, ал шілде айының соңында кетеді.
4, 5) Биен-Қоянды және Ақ-Ешкі болысы. Қаптағай Матай руынан. Батыстан Биен өзені бойымен Қоянды, Күлтөбе, Бізтөбе шатқалында Балқаш көліне дейін, оңтүстікке қарай Джон тауларымен Қаратал өзенінің оң жағымен, Ағадыр, Сармабет, Бектас тауларымен Биен, Отыншы, Жаман-жол өзендерін бойлай Аюқ құмдарына дейінгі жерлерде қыстайды. Қыстауға Биен өзенінің жанындағы жолдармен Саракөл, Кеукен, Алмалы, Сарыбұлақ, Кувсак, Жилы-бұлақ, Қайрақты көлдеріне жақын жатқан жолмен жетеді. Алатау тауларындағы қара-Сара, Кура, Текерез, Батпақты-бұлақ, Ащы-бұлақ, Көк-тал шатқалында жазғы қоныстары бар. Жайлауға жоғарыда аталған бағыттар бойынша жүріп өтеді. Үш-төбе, Ежен-жота, Беспай, Биен, Күлденен, Қамыс-мола, Иқан-су, Кеукен шатқалдарындағы егістіктері Ақсу, Биен, ақ-Ичкен, Қамыс-мола және Күлденен өзендерінен шығарылған арықтардан суарылады.
Олар наурыздың жартысына дейін қыстап шығады да, мамырдың жартысында жазғы қоныстарына келіп, шілде айының соңында қайта оралады.
6) Жоғарғы-Қаратал болысы. Жалайырлардың Андас, Мырза, Сиыршы руларынан тұрады. Қыстау жерлері: Бриктагул (қате жазылуы мүмкін-авт), Кора, Сары-нокай Биен, Шыбынды, Ешкі-өлмес шатқалдары, Қаратал өзенімен Қарасайға дейін, Қаракой, Буракой, Сары-нокай, Балықты, Қаратал өзенінің екі жағындағы жолдармен көшіп жүреді.
Егістіктері: Қаратал өзені бойы, суаруға Қаратал өзенінен шығарылған арықтар пайдаланылады.
Күзде Сарыбұлақ шатқалында, Қаратал өзенінің оң жағында, Жон тауларында көшіп қонады. Олар мамыр айының басында жайлауға шығады да, ал шілде айының соңында қайта көшеді.
7) Төменгі-Қаратал болысы . Андас руынан тұрады. Қаратал өзенінің екі жағында Қарасай шатқалынан бастап Бақанас шатқалына дейінгі жерлерде қыстайды. Балықты, Сар-Жарық шатқалында жазғы қоныстары орналасқан. Олар Жон, Сарыбұлақ арқылы, Қайрақты, Кувсақ тауларындағы шатқалдарда көшіп қонады, мамыр айында жайлауға көшеді, шілдеде кетеді. Үш-төбе, Ақ-ши, Айдар шатқалында егістік жерлері бар; арықтар Қаратал өзенінен шығарылған.
8) Күшік болысы. Күшік және Андас руынан. Қаратал мен Іле өзендерінің арасындағы, Жанай-жол мен Көк жол шатқалы мен Бақанас бойындағы құмдарда қыстайды. Жазда жайлау орындары: Сары-нокай, Чиилы шатқалындағы Көксу өзенінің жанындағы жолдармен, содан кейін Сары-ноқай шатқалында көшіп қонады. Күзде олар қыстаудың жанында тұрады. Олар мамыр айының жартысында жазғы орындарға келіп, шілде айының соңында кейін қоныс аударады.
9 және 10) Алтын-Емел және Шолақ болысы. Албан-Суан руынан тұрады. Шолақ, Қарағұл, Сартүрек және Қалқан тауларында қыстайды. Жазда Үйгентас және Алтын-Емел шатқалында көшіп қонады. Алтын-Емел, Төс-ашу, Матай талды жолдарымен жүреді. Күзгі тұрақтары: Жартасты, Қоғалы, Ащыбұлақ, Майтөбе шатқалдары.
Егістік жерлері Ащыбұлақ, Байғозы, Тайтөбе шатқалдарында орналасқан. Олар сәуір айының соңында жайлауға көшеді, тамыздың басында күздеуге оралады.
Бұл болыстың шекарасы, Қоғалы пикетінен Терісаққан өзеніне дейін, екінші жолы солтүстік-шығысқа және Кескен-терек өзеніне дейінгі жерлер, Қоянды тауының жоталары бойымен оңтүстік-батысқа, Күреңкей-тау Алтын Емел. Шолақ және Айыр-Кизен шоқысы және Іле өзенінің оңтүстігінде Верный қаласынан Қапалға баратын пошта жолына дейін; содан кейін солтүстік-шығысқа қарай Кугалинская пикетіне дейін пошта жолымен өтеді.
Матай-Сеныр, Ит-мұрынды, Жаман-Алтын-Емел, Қалқан-Түгерек, Қоян -көз, Жақсы-Алтын-Емел, Арал-төбе, Бақыр-Бастау, Шынтоғай, Доналалы, Сұлу-Талды, Құрыш-Талды, Сары-Бастау, Мыңбұлақ, Үсен-тоғай шатқалдарындағы жерлерді пайдаланады.
11) Таулы-Жалайырлар болысы. Андас, Мырза руларынан тұрады. Қыстау жерлері: Лабасы, Үш-талды, Мұқыры, Алту-айт, Кеден, Достар-басы, Арқалық, Терекей Жылдығара, Шөл-адыр, Ашутасты. Жазғы қоныстары: Сары-жазық және Сары-ноқай таулары, Көксу мен Қаратал аралығында көшіп қонады. Күзде қыстау маңында тұрақтайды. Егістік жерлері Қаратал өзенінің суармалы жағы, арықтары Қараталдан шығарылады.
12) Балғалы-Қайшылы болысы . Балғалы, Қайшылы, Мырза, Андас және Сиыршы руларынан тұрады. Қыстаулары: Қара-жол-Ортанды, Қорабай, Малай-Сары, Май-тюбе таулары, Уш-сары, Өзек-бестамак, Сары-бұлақ, Шеңгелді-бұлақ, Үш-Өзеккөл; Күзде: Керібұлақ, Іле өзені, және Таржол - Қорай. Қыстаудан 22 наурызда Күреңкей-жолмен, Малай-төбе шоқысымен жүріп өтеді, жайлауға 15 мамырда Көксу, Қутал, Терсаққан, Сары-ноқай өзендерінің ортасымен, Үйгентас, Алатау тауларымен - шығысқа қарай жүріп, жайлаудан сол жолмен кері оралады.
Егістік жерлерін Көксу, Іле өзендерінен бұрып алған арықтармен суарады. Қыстауға желтоқсанның 1 - нде келеді.
13) Оңтүстік-Балқаш маңы болыстығы. Арықтыным және Байшегір руларынан тұрады. Аталған болыс Балқаш көлінің оңтүстік жағалауында орналасқан. Алғашқы 4 ауыл Іле өзенінің Балқаш көліне құяр тұсында, Көрпе-Қопа шатқалынан бастап, Іле өзенінің Балқашқа құяр сағасынан Қаратал өзеніне дейінгі құмдарда, Төс Құдық жолының құмдарында орналасқан. Белгіленген жерлерде қыстаулар мен егістік жерлер бар. Егістікті суаруға Іле өзенінен тартылған арықтар пайдаланылады. Жазғы қоныстары Май-төбе, Құрынкөй және Сары-нокай шатқалдарында орналасқан.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz