Ислам дінінің таралу ерекшеліктері


Ислам дінінің таралу ерекшеліктері
Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік және діни қатынастарды реттеу басымдығына ие - ислам дінінің еліміздегі орнығу тарихы өзгеше әрі бірегей. Себебі әлемнің 1 миллиард 500 миллионнан астам әр түрлі ұлттан тұратын неше мың тілдік, нәсілдік ортасы бар халық ұстанып отырған Ислам дінінің тарих сахнасында болуы он төрт ғасыр уақытты қамтиды. Қазақ мәдениетіндегі ислам құндылықтарын зерттеу мәселесінде міндетті түрде Исламның Қазақстан жеріндегі таралу мен қалыптасу ерекшеліктеріне тоқталу қажет. Бүгінгі және болашақтағы исламның Қазақстанның қоғамдық қатынастар жүйесіндегі позициясын анықтау үшін Исламның таралу мен қалыптасу ерекшеліктерін, яғни өткен тарихын сипаттайтын зерттеулерге ретроспективалық сараптама жасалуы керек.
Исламның шығу тарихына көз жүгіртер болсақ, ол жазирату-л-араб деп аталатын осы күнгі Араб түбегінде пайда болды. Алла тағала қасиетті Құран Кәрімді осы елдегі Құрайыш тайпасынан шыққан Абдуллаұлы Мұхаммед (с. а. у. ) пайғамбарымызға уахи еткен. Алла тағала адам баласын қараңғылық зұлматы мен адасушылықтан - қайырым, шапағат, рақым мен мейірімге толы тура жолға салу үшін әр кездері пайғамбарларын жіберіп отырды. Оларды белгілі бір қауымдардан шығарып, Пайғамбарларға Алла тағала қасиетті кітаптарды, яғни өмір сүру заңын да қоса жіберіп тұрды. Адам баласы оны орындамағандықтан, Жаратушы иеміз қиянатшыл қоғамдарды жойып жіберген. Соңында Алла тағала адамдарға «Алланың діннен бекем ұстап, айырылмаңдар» [1, Әл-Имран сүресі, 103-аят], «Ақиқатында, Аллаға қабыл дін - Ислам діні» [1, Әл Имран сүресі, 19-аят] деп таза да ақиқат дін - исламды жіберді. Адам баласы қаситетті Құранды басшылыққа алып, ешкімге де, ешнәрсеге де қылдай қиянат жасамай өмір сүрсін, қоғамы әділ де иманды болсын деп дұрыс жолды көрсету үшін Құран Кәрімді Мұхаммед (с. а. у. ) пайғамбарымызға уахи етті. Бірлік пен ынтымақты насихаттайтын, өз ізбасарларын имандылыққа ұйытатын, рух тазалығын уағыздайтын асыл дін идеясын ту еткен мұсылмандар аз жылдардан соң Араб түбегінен шағындап шығып, осы күнгі Сирия, Палестина, Ирак жеріне жетті. Исламды негізгі дін деп таныған араб қосындарының бір бөлігі Қызыл теңізден өтіп Мысырға табан тіреді, соңыра әрі қарай қазіргі Мағриб араб елдеріне де байрағын желбіретті. Ливия, Тунис, Алжир, Марокко исламға мойынсұнды. 711 жылы мағрибтық мұсылмандар жаңа дінді жалау етіп Атлант мұхиты мен Жерорта теңізін бөліп жатқан Гибралтар бұғазынан өтіп, Андалусияға қазіргі атауы Испанияға аяқ басты. Олар сондай-ақ Испания мен Франция арасындағы Пиреней тауларына да жетті. Кейінірек Ислам діні солтүстік Африка ғана емес, Орталық Африканың да біраз жерлері мен елдеріне тарады. Араб жасақтары тек Батысқа ғана емес, сондай-ақ осы күнгі Кіші Азия мен Кавказ тауларына да ат басын бұрды. Бірте-бірте жаңа дін Мауренахр деп аталған Орта Азиядағы түркілер өлкесіне де жетті. Бұқара мен Самарқанд, Шаш (Ташкент) пен Отырар, Хорезм өлкесі де исламды қабылдады. Осылайша Ислам діні ІХ-Х ғасырларда суниттік бағытта бірте-бірте түркілер әлемінде де нығая бастады.
Түркілер ислам дінінің пайда болуынан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын әлемдік тарихи процестің белсенді субъектісіне айналды. Ашина державасы көршілес жатқан мемлекеттерді өзімен қуатты мемлекет ретінде санасуға мәжбүр етті. Осы уақыттардан бастап түркілер Еуразия даласындағы барлық тарихи оқиғалардың бел ортасында жүріп, өркениеттік дамудың бағыт-бағдарын айқындауға пәрменді ықпал етті [3, 223 б. ] . Түркі тайпаларын исламдандыру бірнеше ғасырларға созылды. Бұл ретте Талас маңында арабтардың 751 жылы қарақытайлармен болған шешуші шайқасы үлкен рөл атқарды. Талас шайқасы туралы атақты француз тарихшысы, шығыстанушы Рене Грэссэ: «Қытайша Кьюпише аталған Ташкенттің түркі билеушісі немесе түдүні қытайларға талай рет бас иді (743, 747, 749 жылдары аралығында) . Бірақ сол уақыттағы Кучидің губернаторы немесе империялық комиссары Као Сьенчэ оны Қытайға барар жолдарды қорғаудағы өз миссияңды дұрыс орындамадың деп жазғырады. Као Сьенчэ Ташкентке барып, түдүннің басын алып, байлығын иеленді. Бұл осы батыс бөлігіндегі көтерілістерге түрткі болады. Басы алынған түдүннің ұлы Тарбағатайды және Балқаш көлінің шығыс жағалауынан Ертіске дейінгі Ұрынғыны мекендейтін түркі-қарлұқтардан, сондай-ақ Соғдыдағы араб гарнизонынан қолдау сұрайды. Араб генералы Зиад ибн Салих оңтүстіктен, қарлұқтар солтүстіктен келеді. 751 жылдың шілдесінде Као Сьенчэ Талас өзенінің бойында талқандалады. Бартольдтың айтқанындай, бұл тарихи жеңіс Орталық Азияның тағдырын шешті. Барлық оқиғалардың осыған әкеле жатқанындай болып көрінгенімен, Қытай ықпалында қалудың орнына Орталық Азия мұсылмандыққа бет бұрды» [4, 148 б. ] .
909 ж. Еділ бойы Бұлғарларына да ислам тарала бастады. Осы елдің билеушісі Ильтебер Алмыш исламды мемлекеттік дін деп жариялады да, 920 ж. аббасид халифіне діндар адамдар мен сәулетшілерді жіберу туралы өтінді. Муктадир Халифі өтінішті қанағаттандырып, 920-922 жж. аралығында керуен жібереді. Ол керуен 922 ж. мамыр айында Еділ бойы Бұлғарларына келіп жетеді. Осы оқиғалардан соң, Еділ бойы Бұлғарлары Шығыс Европадағы түркі-ислам мәдениетінің өзінше бекітілген пункті, апорпосты қызметін атқарады [5, 59 с. ] . Бұл турасында Шығыс елдеріне саяхат жасаған Гильом де Рубрук ХІІ ғ. ортасында Еділ бойынан өтіп бара жатып, бұлғарлар туралы: «Бұл жерлерге Мұхаммедтің заңдарын қай хайуан жеткізгендігіне таң қалдым?» - деуінен үлкен мән табуға болады [6, 245 с. ]
Түркілердің исламды қабылдауындағы бұқаралық сипат 1043 жылдың күзіне жатқызылады, осы кезде 10 000 шатыр иелері 2 малды құрбан айт мерекесіне орай құрбандыққа шалып, исламды қабылдайды. Бұл түркілердің жазғы жайлаулары Еділ бойында жайылса, қыстаулары Баласағұнда болатын. Осылайша Каспий маңы жерлері мен Еділ бойын мекен еткен, қыпшақ және т. б. тайпалардан тұратын түркі тайпалары, өзіндік мұсылмандық түркі мәдениетінің орталықтарына айналады [5, 59 с. ] . Исламдандырудың басты кезеңі ретінде елімізді Қарахан әулеті (Х-ХІ ғғ. ) мен моғолдар (ХІV-ХV ғғ. ) кезеңі аталып өтіледі. Себебі Ислам діні осы уақыттар аралығында мемлекеттік дін болып жарияланған.
Атап айтар болсақ, Караханидтік билеушілерінен бірінші болып мұсылмандықты қабылдаған СатукБогра хан болды. Ол өзіне 955-956 жж. мұсылмандық есім Абу ал-Керімді иемденді. Оның ұлы Мұса 960 ж. исламды мемлекеттік дін ретінде жариялады. Назкен Бакина өз зерттеуінде: «Қараханид түркілерінің исламдануы миссионерлердің белгілі бір күштеуімен емес, бірыңғай мемлекеттік діннің ықпалы негізіндегі экономикалық және саяси пайда күшімен ағымдалды» [5, 60 с. ], - деп атап өтеді. Қараханидтер өздерінің көршілес тайпаларына жерді қолдануға берген кезде бір ғана талап қойған. Исламды қабылдаған кезде ғана көршілер жерге уақытша иелік ете алған. Қараханидтердің саяси және әскери жеңістері Орталық Азия территориясына исламның таралып қана қоймай, оның осы жердегі халықтың бұқаралық идеологиясы ретінде ресми статусқа ие болуына жақсы жағдай жасады.
Исламның таралуы Алтын Орданың тәуелсіз мемлекет ретінде нығаюына және жаңа қалалардың дамуына ықпал етті. Оның өзіндік ерекшеліктері бар. Себебі Жошы ұлысына ислам мәдениетінің таралуына әсер еткен негізгі бес факторды атап өткен жөн.
Ең бірінші атап өтер мәселе: мұсылмандық қауымдастыққа кіруді хандардың субъективті шешімі болғанымен, араб саяхатшысы Ибн Баттута еңбектері бойынша исламның таралуына саудагерлердің рөлі зор болды. Ибн Баттута (1304-1377), 1342 ж. Қытайға делилік сұлтан Мұхаммед тапсырмасымен келген уақытында Цю-Тун (Цюаньчжоу) портында, Гуанчжоу, Ханчжоу және Ханбалық (Пекин) қалаларында ислам қауымы бар екендігін былай жазады: «Қытайдың әр қаласында мұсылмандардың жеке тұратын қалашығы бар. Онда жамағатпен намаз оқитын, басқа да жоралғыларын жасайтын мешіттері бар. Олар үлкен құрметке, абыройға ие екен» [7, 223 б. ] . Ал оның жасы үлкен замандасы францискандық монах Парденоннан шыққан Одорико Ибн Баттутаға дейін екі онжылдық бұрын Ханчжоу қаласында 40 000 ислам саудагері тұрақты түрде болғандығын жазып қалдырған [8, 3-7 сс. ] .
Екінші анықталған тұжырым: Таяу Шығыс маңына ХІ ғ. түркілердің келуі «мұсылмандық өркениетті трансформацияға ұшыратты» [9, с. 32] Трансформацияға ұшыраған үмбетті қыпшақ даласы қандай да бір қарсылықсыз қабылдайды. К. Э. Босворт түрік-селжүктардың ислам әлеміндегі рөлін суреттегенде «шамандық тарихы бар түркі мұрасы сопылық ордендеріне жол тапты. Олар өз кезегінде ханафиттік мазхабтың суниттік бағытын қуатты түрде ұстанды» [9, с. 32. ] .
Үшіншіден, Дешті Қыпшақ жеріне ислам мәдениетінің таралуына Қожа Ахмет Яссауидің рөлі өте зор болды. Исламның түркілер арасында таралуына ықпал еткен тағы бір фактор сұлтан Бейбарыс билік құрған Мысыр елімен жан-жақты байланыс орнату болды. 1261 жылдан бастап екі жақ елшілік делегацияларымен алмасты. Бейбарыс елшілері Қырымдағы Солодажуге, ал Берке өкілдері Александрия қаласына келеді. 1263 жылы Берке мен Бейбарыс арасында парсы хандығына қарсы бағытталған келісім жасалды. Ислам өркениеті үшін бұл маңызы зор оқиға болды. Берке мұсылман әлемін қан қақсатқан Хулагуды талқандап, ислам елдерін шапқыншылықтан сақтап қалды. Ал қыпшақ даласынан сенімді одақтас тапқан Бейбарыс крест жорығын тоқтатты. Бұл жерде саяси ұстанымдармен қатар екі ел билеушілерінің арасындағы жеке тұлғалық қарым-қатынас Жошы ұлысына да Исламның таралуына өзіндік үлесін қосты. Бартольд өз зертеулерінде: «Сұлтан Бейбарыс (1260-1277 жж. ) Берке ханның күйеу баласы болады, Беркенің мысырлық немересі сұлтан Бейбарыстың мұрагері Са‘ид-хан Мұхаммед өзінің атасының құрметіне моңғолдық Берке ханның Насир ад-Дині деген ат алады. Сонымен қатар 1280 ж. Каирде қайтыс болған Беркенің ұлы Бедр ад-Дин Мұхаммед, Құран аяттарын түсіндіріп, араб тілінде өлеңдер мен діни шығармалар жазған» [10, с. 142] .
Төртіншіден, Дешті Қыпшақ даласындағы өзгеріске түскен исламның мәдени дәстүрі Алтын Орданың мемлекеттік әріптестері арасында мұсылмандық мәдениетті бір деңгейде эволюцияландырады.
Бесіншіден, Дешті Қыпшақ даласында исламның таралуында басқарушы династияның рөлі үлкен болса, исламдық мәдениет нормаларының сіңісуіне қалалардың рөлі маңыз берді [8, 3-7 сс. ] .
Бұл турасында Әбсаттар қажы Дербісәлі: «Ислам ортағасырларда қазақ даласында бұрын болған қалалар мен қорғандар, камалдар мен кенттердің ірге тасын нығайтып қана қоймай, өзге де шаһарлардың ірге тебуіне ықпал етті. Исламды уағыздайтын мешіттер мен медреселер, ғылым-білім ошақтары бой көтерді» [2, 8 б], - дей келе, Отырардың шығысындағы Сайрам, Манкент, Тараз, Түймекент, Құлан, Меркі, Баласағұн, Шу қалалары ғана емес, Сыр бойындағы Сүткент, Ясы (Түркістан), Қарнақ, Сауран, Иқан, Қауған, Өзкент т. б. қалалардың жанданғандығын атап өткен.
Тағы бір қаперде ұстанатын жайт, араб тілі бірнеше ғасырлар бойы Орта Азияда ғылым мен білімнің тілі болды. Отырарлық Әбу Нәсыр әл-Фараби, Ысқақ әл-Фараби, Исмаил әл-Жауһарилер Таяу және Орта Шығыс елдерінде білім молықтырып, әлем мәдениетінің алтын қорынан орын алатын классикалық шығармалар қалдырды. Х-ХІІ ғасырларда тек араб тілі ғана емес, сондай-ақ бірте-бірте жергілікті халықтың түркі тілінде де шығармалар дүниеге келе бастады. Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Яссауи салған дәстүрді ХV - ХVІІ ғасырларда Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали би Қасымұлы Жалайырилер жалғастырды. Сөйтіп Ислам өркениеті орта ғасырлардан күні кешеге дейін Орта Азия халықтарының әдебиеті мен мәдениетіне, рухани өміріне үлкен әсер етті. Елімізден шыққан араб, парсы, түркі тілді ғалымдардың бір тобы философия, тарих, мәдениет, астрономия, логика, музыка, әдебиет пен тіл, медицина саласындағы еңбектерімен аты шықса, енді бірі қасиетті Құран мен тафсир, шариғат, мазһабтар, фиқһке арналған шығармаларымен де ел құрметіне бөленген. Бұл ретте Бұрһан ад-Дин Ахмад әл-Фараби, Имад ад-Дин Әбу-л Қасым әл-Фараби, Қауам ад-Дин әл-Фараби, Молла Ахмет әл-Женди, Хусам ад-Дин әл-Хусейн ас-Сығнақи, Әбу Абд Алла әл-Баласағұни, Әбд әл-Ғафур әл-Кердери, Мұхаммед әл-Кердери, Хафиз ад-Дин әл-Кердерилерді атауға болады. Сайрамдық Ахмад әл-Исфиджаби атты ғұламалар да өзінің терең ойлы туындыларын дін Ислам ғылымына арнаған. Сайрамнан сондай-ақ әл-Қади әл-Байдауи, Әбу-л Хасан Әли әл-Байдауи секілді қазылар да шыққан. Соңғы екеуі - туған жері Сайрамда көз жұмған. Орта ғасырларда Орта Азия мен Қазақстанға софылық ілім де тағады. Ол көбінесе көшпелі тіршілік кешкен жұртта Ислам дінінің мықтап орнығуына, халықтың тұрмыс-тіршілігіне, әдебиеті мен мәдениетіне әсер етті [12, 117-234 бб. ] .
Қазақстандағы діни жағдайды сараптау динамикасы ежелгі кезеңнен бастап кеңестік кезеңдегі уақытта қарама қайшылықты тенденциялар бар екендігін айшықтайды. Жалпы, Ислам өзінің өміршеңдігін және тұрақтылығын дәлелдеді. Себебі, ежелгі Түркі даласына дін ретінде енген ислам, кейін қазақ дүниетанымына мәдени негізде толыққанды енді. Халқымыздың барлық салт-дәстүрлерінің Исламнан бастау алатындығы ислам құндылықтарының халықтық санада берік бекігендегінен көруге болады. Сонымен қатар, Ислам діні Қазақстан жерінде әртүрлі кезеңде территориялық аймақтағы мемлекеттік бірлестіктерде түрлі маңызға ие саяси рөл атқарғандығы туралы тұжырымды дәйектер келтіруге болады. Оған Әмір Темір мен Тәуке ханның тұсындағы Мәуренахр мен Даладағы исламның орнын дәлелдейтін деректердің өзі жеткілікті. Әмір Темірдің (1370-1405) заңдар жинағында: «Мен өз қамқорлығыма Құдайдың діні мен Мұхаммед (с. а. у. ) заңдарын насихатталуын алдым. Мен Исламды барлық жерде және барлық уақыттар бірлігінде қолдадым. Дін мен заңдарға негізделмеген өкімет пен биліктің өміршең болмайтындығын тәжірибем көрсетті. Сондықтан, әр аймаққа исламның білгірін жібердім, олар өз кезегінде исламда көрсетілген сенім бойынша бұқара халықты ұятты нәрселерден тиятын болады. Адамдардың білімін көтеру үшін медресе мен мешіттер салдырдым. Мен әр қалада Қасиетті Құранды, Ислам дінінің негізіне атақты ғалымдардың зерттеулері арқылы үйрететін иманды діни өкілдер тұруына жағдай жасадым» [13, с. 11], - деп атап көрсеткен.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz