ЛИНГВОЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ


МҒТАР 16. 01. 11
Г. Т. Чукенаева
PhD, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті, Талдықорған қ., 04, Қазақстан Республикасы, orcid: -0001-5214-8427, chukenaeva@mail. ru
ЛИНГВОЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Мақалада лингвистикалық зерттеулердің интеграциялық жаңа бағыты лингвоэкология қарастырылған. Лингвоэкологиялық зерттеулердің басым бағыттары, маңызы, нысаны айқындалған. Лингвоэкология қазіргі әлемдік тіл біліміндегі зерттеулердің жаңа моделі ретінде сипатталып, негізгі даму бағыттарына шолу жасалған. Тілді зерттеуде оны адамның үйлесімді тіршілік ету ортасын қалыптастыру құралы және әлеуметтік өзара әрекеттестіктің маңызды құралы ретінде қарастырудың ерекшелігі талқыланған. Сонымен қатар, мақалада соңғы зерттеулерде жарыса қолданылып жүрген «тіл экологиясы», «эколингвистика» терминдерінің аражігі талданған, лингвоэкологиялық зерттеулердің көпаспектілі болуы лингвоэкологияның құрамындағы бағыттарды анықтап, жеке қарастыруды қажет етеді, лингвоэкологияны жіктеу мәселесі туындайды. Мақалада жаңадан қалыптасқан пәнаралық этикалық, эмотивті, салыстырмалы лингвоэкология салаларына баса назар аударылған. Лингвоэкологияның философиялық, ортологиялық, мәдениеттанымдық, әлеуметтік, педагогикалық бағыттары талданып, осы саладағы зерттеулер қарастырылған.
Кілт сөздер: лингвоэкология, эмотивті лингвоэкология, тілдің өміршеңдігі, тілдік тұлға, тілдік орта, көптілділік .
КІРІСПЕ
Лингвоэкология - жиырмасыншы ғасырдың соңғы онжылдығында лингвистика мен экологияның тоғысында қалыптасқан бағыт. Лингвоэкология - бұл лингвистиканың тілді сақтау мен қорғау негіздерін зерттейтін; тілдің дамуына кері ықпал ететін факторларды айқындайтын; сөйлеу мәдениеті мен коммуникация тәжірибесін жетілдірудің әдіс-тәсілдерін енгізетін; сөздің жасампаздық күшін, энергетикасын, коммуникация субъектілеріне әсерін қарастыратын бағыты. Ол социолингвистикаға, этнолингвистикаға, лингвомәдениеттануға сүйенеді және тілге халықтың тарихи кодын сақтайтын, ұрпақтарды байланыстырушы, атадан балаға мұра болған маңызды құрал ретінде қамқорлық жасайды. Ғалым Л. И. Скворцовтың тұжырымдауынша, лингвоэкологияның пәні - тілдің өзі (өткені, қазіргі жағдайы) және тілді тасымалдаушылар. Тіл экологиясы тілдің қазіргі дамуына шынайы тұрғыда баға береді, туындаған қауіпті ескертеді, қалыптасқан жағдайда тілдік ортаны «саламаттандыру» жолдарын анықтайды [1] .
Тіл экологиясы ұлттық тілдің жағдайын саралайды, басымдыққа ие процестерді талдайды, «экологиялық қауіп» жайлы ескертіп, тілді сақтаудың жолдарын айқындайды. Оның мақсаты: тілдік орта саламаттылығын, сөз тазалығын сақтау, тазалау, тілді қорғау; тілге, оның қоғамдық болмысына ықпал ететін факторларды анықтау; лингвистикалық нигилизммен, тілдік экспанция (басқыншылықпен) күресу; тілдік тұлғаны, оның модельдерін, қалыптасу жолын сипаттау және т. б. Лингвоэкологиялық білім берудің міндеті: тілдік ортаның тазалығын, саламаттылығын, өміршеңдігін қамтамасыз ететін тілдік тұлғаны қалыптастыру, тілді тасымалдаушылардың ана тіліне құрметін, тілдің болашағы үшін жауапкершілік сезімін тәрбиелеу, тілдік нигилизмнің алдын алу, лингвоэкологиялық қарым-қатынастың тиімді әдістемелік жүйесін, кешенін ұсыну.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Қазір әлемдік тіл білімінде лингвоэкология аясындағы зерттеулер негізінен екі деңгейде іске асырылады:
- деңгейде : тіл экологиясындағы аймақтық, қоғамдық, мемлекеттік, әлемдік маңызы бар мәселелердің зерттелуі. Бұл деңгейде ғалымдар тіл саясаты, тілдік шиеленіс, тілдік жоспарлау, тілдік геноцид және тағы басқаларға назар аударады. Бұл бағытта әлемдік деңгейде ғылымда мойындалған, маңызды жетістіктің бірі француздық ғалым Л. Кальвенің лингвоэкологиялық теориясы, яғни тілдік галактика (тілдердің гравитациялық моделі) болып табылады. Ол лингвистикалық горизонталды, вертикалды, ішкі, сыртқы әр алуандықты сақтауды қолдап, әлем тілдерін гипер орталықты, супер орталықты, орталықты және перифериялық деп жіктеген, соның негізінде тілде туындаған мәселелерді шешуге талпынған мемлекет, қоғам және халықаралық ұйымдарға аталған экологиялық тіл саясатын ұсынады [2] ;
- деңгейде: тілді және сөйлеу әрекетін әлеуметтік лингвистика, психолингвистика, әлеуметтік антропология ғылымдарын тарта отырып, лингвоэкологиялық тұрғыда зерттеу.
Лингвоэкологиялық зерттеулер интерлингвальді, интралингвальді және транслингвальді үш аспектіде жүргізіледі [3] . Тіл экологиясының интерлингвальді аспектісі көптілділікпен және әлемдегі лингвистикалық әр алуандылықты, яғни тілді қорғау, сақтау мәселелерімен зерттеумен байланысты. Бұл аспекті бойынша әр тілдің жалпыадамзаттық мұраны ғана емес, жекелеген ұлттық мәдениеттің төлтумалығын, бірегейлігін сақтаушы қызметін зерттеуге негізделеді.
Ғалым С. Вурм 1991 жылы тілдердің жойылу себептерін талдау барысында «тіл экологиясы» терминін интерлингвистикалық сипатында қолданған. С. Вурм әлемдегі бәсекеге қабілетті түрлердің әлсіз түрлерді ығыстыруына, олардың тіршілік ету ортасының қарқынды түрде тарылып, жоғалуы салдарынан болатын табиғи экологиялық апаттар мен тілдердің жойылу құбылысы арасындағы байланыстарды қатар ала отырып түсіндіруге тырысқан.
Жер бетіндегі тілдер саны азаюының қарқындылығы экономикадағы, саясаттағы, әлеуметтік, қоғамдық құрылыстағы халықаралық интеграцияға; жаһандану процестерінің, әлемдік қауымдастықтың әлеуметтік, саяси, экономикалық, әскери поляризация процестерінің қарқындылығына тәуелді. Флора мен фаунаның жойылуына байланысты шыққан «Қызыл кітабына» ұқсас қазіргі таңда тілдердің де «Қызыл кітабы» пайда болды.
Әлемдік ғалымдар тілдерді жіктеудің «саламатты», «науқас», «өлім аузындағы», «созылмалы науқас», «жойылу қаупі төніп тұрған» тілдер сияқты үлгісін ұсынған. Н. Б. Мечковская бұл қатарды «жаңғырған тілдер» деген жаңа бір топпен толықтырды [4] .
Этнолингвист, американдық ғалым Д. Уиллис пікірінше, «тілдің жойылуы тағы бір адамзат наречиесінің жер бетінен жойылуынан әлдеқайда күрделі. Тілдің өлуін бір мәдениеттің толығымен өлуі деп түсінген жөн» [5] .
Жойылу қаупі бар тілдерді зерттеуші Майкл Краустың тұжырымдауынша, тілдің жойылуы адамзаттың болашағы үшін аса қауіпті құбылыс. Өйткені ең алдымен эстетикалық тұрғыдан лингвистикалық, сәйкесінше мәдени әр алуандықтың біртіндеп азаюы себебінен әлем бір сарынды болады; екіншіден, бүгінде әлемді этика, адам құқықтары емес, капитал мен қарудың қуаты басқарып отырғандығының тағы бір дәлелі; үшіншіден, мәдени әр алуандықты сақтау қажеттілігі биологиялық көзқарас тұрғысынан экологиялық әр алуандықты сақтау қажеттілігі сияқты аса маңызды [6] .
Д. Харрисон «Когда умирают языки» еңбегінде тілдер жануарлар мен өсімдіктерден де тез жойылатынын атап өткен. Мысалы, қазіргі таңда тілдердің 40%-дан астамына қауіп төніп тұрса, өсімдіктер тектерінің 8%-на ғана қауіп төніп тұр [7] . Өздік сана-сезім ұлттың тілімен ажырамас байланыста, ол әлем мен тарихты танудың бірегей үлгісі, онсыз алға жылжу мүмкін емес, демек, тілдің жойылуы - өздік сана-сезімнен айырылумен бірдей.
1991 жылы Америкалық лингвистикалық қоғам 65-конференциясы аясында симпозиум ұйымдастырылды және ол қауіп төніп тұрған тілдер мәселесіне арналды. Бұл симпозуимның материалдары 1992 жылы «Language» журналында басылып шықты. Аталған кезеңнен бастап тіл экологиясына арналған жарияланымдар саны өсуде және мәселенің зерттелуі аясы күн санап кеңеюде.
2008 жылы Майкл Краус әлемдік тілдерге төнген қауіп деңгейін анықтаудың ең қысқа және заманауи жүйесін жасады. Бұл жүйеде тілдің табиғи түрде ұрпақтан-ұрпаққа берілуі, яғни кумулятивті функциясы тілдің болашақ әлеуетін бағалауда аса маңызды. Майкл Краусс тұжырымдауынша, тілдер келесі деңгейлердің бірінде болады:
1. Қауіпсіз тілдер: бұл тілді балалар ана тілі ретінде меңгереді, лингвист-ғалымдар ғылыми деректер негізінде бұл тіл осы ғасырдағы келесі ұрпаққа, тіпті 2100 жылға дейін жетеді, сол тілде сөйлейтін кемінде бір тілдік қауым болады деген болжам жасайды.
2. Жойылу қаупі бар тілдер, оның ішінде:
а) тұрақты тілдер: балалар бұл тілді ана тілі ретінде игереді, бірақ тілдің мәртебесі тұрғысынан алғанда ол қауіпсіз тілдер қатарына жатқызуға келмейді.
б) жойылу алдындағы тілдер:
- тұрақсыз және құлдыраудағы тілдер: жас ұрпақтың кейбірі ғана бұл тілде сөйлейді, ана тілі ретінде меңгереді;
- жойылу қаупі бар тілдер: бұл тіл тіршілік ету межесінен өткен, ол ана тілі ретінде меңгерілмейді, ол тілде сөйлейтін ең жас ұрпақтың өзі ата-ана;
- жағдайы қиын, дағдарыстағы тілдер: бұл тілде сөйлейтін ең жас ұрпақ ата, әже, яғни үшінші ұрпақ, басқа ұрпақта сөйлейтіндер өте аз.
3. Өлі тілдер: бұл тілде ешкім сөйлемейді, сөйлей де алмайды, өйткені естерінде жоқ, бұл тілде құжат алмасу жүргізілмейді [6] .
Әр тілдің жойылуының өзіндік бірегей себебі бар, тілдердің өлу үдерісін тоқтатудың бірыңғай шешімі жоқ. Дегенмен, тілші-ғалымдар тілдердің жойылу қаупі деңгейін анықтайтын жүйе жасауға талпынуда. К. Линдзи қазіргі чуваш тілінің жағдайын зерттей келе, тілдің жойылуының физикалық, экономикалық және әлеуметтік-саяси сынды негізгі үш себебін көрсетеді [8] . Ғалымдар тілдердің экологиялық жағдайын сипаттап қана қоймайды, тілдерді қайта жаңғыту (ревитализация) жолдарын ұсынады. Оның негізгі қағидасы: ескі қолданыстардың жаңа мүмкіндіктерін анықтау, оларға жаңа дем беру, төлтумалылығын сақтау. Оған дәлел 2012 жылғы Google компаниясы ұйымдастырған Endangered Languages жобасы. Бұл жоба жойылу қаупі бар тілдерді жинақтау, зерттеу жұмысын жүргізетін, тілдік әр алуандықты сақтау мақсатында жұмыс істейтін мамандарға ақыл-кеңес беретін, тәжірибе алмасатын интернет-дерек көзі, сонымен қатар, жойылу қаупі бар тілдерді меңгеріп, сол тілде сөйлеу тәжірибесін іске асыруға мүмкіндік береді.
Лингвоэкологияны зерттеумен шұғылданатын ғалымдар негізінен сөйлеу мәдениеті, стилистика, шешендік өнер және тілдік нормалардың бұзылуы, тілдік қолданыстардың анықтығы, орындылығы, бейнелілігі, көркемдігі, сөйлеудің басқа да қатысымдық құралдарын зерттеуге басымдық береді. Бұл лингвоэкологиялық зерттеудің интралингвальді аспектісі деп аталады. Қазақ тілі экологиясының барынша зерттелген тұсы осы - интралингвальді астары. Лингвоэкологияның интерлингвальді аспектісіндегі зерттеулердің нәтижелері М. Балақаев, Р. Сыздық, Н. Уәли еңбектерінде дәйектеліп, жалпыланып, дамытылуда. Бұл бағыттағы тілші-ғалымдардың барлық күш-жігері тілдік орта саламаттығын сақтауға, тілді пайдаланудың жағымсыз тенденцияларының ықпалын азайтуға және жоюға бағытталады. Интерлингвальді зерттеулердің мақсаты тілдік, сөзік қордың жұтаңдануы, құнарсыздануы арқылы байқалатын тілдік дағдарыстың алдын алу болып табылады. Лингвоэкологиялық зерттеулердің интерлингвальді деңгейінде тіл экологиясы мен этнография, мәдениеттану, лингвомәдениеттану, құқықтану сияқты әлуметтік ғылымдармен байланысы айқын аңғарылады, құндылықтық (аксиологиялық) немесе «тілді сақтаушылық» тұрғыда танылатын парадигма аясында лингвоэкологиялық зерттеулер жасауға мүмкіндік туады.
Орыс ғалымдары М. Ю. Чернышов, Т. Р. Мигунова, А. М. Журавлева, Г. Ю. Чернышова лингвоэкологияны зерттеуде психологиялық парадигманы ұстанған, жаңа қырынан қарастырған. Ғалымдардың пайымдауынша, тіл экологиясының басты міндеті - тілді сақтау, жастардың тіл тазалығына, тілдік ортасының саламаттылығына қамқорлық жасау. Психологтар тіл тазалығының сақталуына жеке тұлғалар ғана емес, бүкіл әлеуметтік топтың психологиялық стереотиптері, көңіл-күйі, идеологиялық ұстанымдары, қауымның психологиялық жағдайы сынды факторлар да ықпал ететінін атап өткен. Зерттеу еңбектерде жастардың тіл тазалығы олардың психологиялық икемделуіне, адамгершілік ұстанымдарына тәуелді, сондықтан тілдік мәселелерге басымдық берілетін мемлекеттік тілдік саясат құру қажет екендігін тұжырымдайды [9] .
Ноосфералық білім беру идеясының негізін салушы А. И. Субеттоның тұжырымдауынша, «мәдениеттің жаһандық түрде бұқаралануы» экологиялық апатқа бастайды, соның салдары «этникалық мінез-құлық стереотиптердің бұрмалануына, этностардың бұзылуына, халықтың азуы мен мәңгүрттенуіне (маргинализация), қалыптасқан «жергілікті ландшафтқа» бейімделу тетіктерінің бұзылуына, нәтижесінде мінез-құлықтағы агрессияның күшеюіне, табиғатты бағындыруға тырысуға, «бермегенін тартып алуға тырысушылыққа» және биологиялық әр алуандықты жоюға» әкеп соқтыруы мүмкін [10] . Әлемдік өркениет неғұрлым әр алуан болса, адамзат тіршілігі соғұрлым толыққанды, мәдениеті соншалық биік болмақ. Әлемде мәдени алуандықтың азаюы, жүйенің қарабайырлануы қоғамның құлдырауына әкеп соғады. Осы тұрғыдан алғанда ғылымда экологиялық бағыттың дамуы жаһандық экологиялық апат сын-тегеурініне жауап болады. Ал нақты лингвистикадағы экологиялық ұстанымға келер болсақ, ол тілдік әр алуандықты сақтауға қызмет етеді. Өйткені «бізді қоршаған орта, экожүйе, туған жер туралы кез келген салмақты ойдың түйіні адам және табиғат, қоғам және табиғат, ұлт және табиғат бірлігінде танылатын іргелі мәселелермен ұштасады. Демек, экожүйенің болмысын танып, оның бітім-болмысымен санасып, қасиетін ескеретін қоғамның болашағы зор» [11] .
Ғалымдар лингвоэкологияның үшінші аспектісіне транслингвальді асектіні жатқызады. Оған сәйкес лингвоэкологиялық зерттеулер бір тіл құралдарын, бір мәдениеттің реалийін контексте және басқа мәдениетке тән тілмен жеткізуге, яғни шетелдік мәтіндерді дәйексөз ретінде пайдалануға, бір тілден басқа тілге аударуға және т. б. қатысты зерттеулер осы аспектіні қамтиды. Әлемде бейбітшілік пен келісімде тіршілік ету, серіктестікте әрекет ету төзімділікке, өзара құрметке негізделген коммуникация арқылы жүзеге асады. Қазіргі таңда мәдениетаралық қатысым ұғымы маңызды орынға ие болып отыр. Мұнда тіл басты қызмет атқарады, өйткені тіл «халықтың рухы» (В. фон Гумбольдт), «әлемнің тілдік концептуалдануының» құралы (Т. В. Булыгина, Д. Н. Шмелев), «ұлттың өзін таныту формасы» (В. Г. Гак), «әлемнің ұлттық бейнесін» жасаушы (Л. Вайсгербер және басқа да неогумбольдшылар), «ұлттық ділдің» көрінісі (Г. Д. Гачев), «таным қоймасы» (Қ. Жұбанов) және т. б.
Ғалым Ц. Ц. Огдонова ғылыми зерттеулердің лингвоэкологиялық парадигмаларының концептуалды негіздеріне қатысты келесідей пікір білдіреді: «Біздің ойымызша, ғылыми теориялардың қазіргі лингвоэкологиялық парадигмасының бір-бірімен тығыз байланысты философиялық, ортологиялық, мәдениеттанымдық және әлеуметтік сияқты бағыттарын көрсетуге болады» [12] .
Философиялық бағыт бойынша лингвоэкологияның пәні мен міндеті тілдің адам тұрмысының саласы, адам тұрмысының құралы, адам тұрмысының мәні мен өлшемі ретінде қызмет етуі мен дамуының жалпы заңдылықтарын анықтау болып табылады.
Қазақ лингвоэкологиясының философиялық негіздерін ғаламның тілдік бейнесінен, санасында зерделегенін тілінде түйіндеудің нәтижесі мақал-мәтел, фразеологизм, шешендік сөздерден, ақын-жыраулардың өлең-толғауларынан, орта ғасырлық ойшылдар мен ұлы Абай, Шәкәрім еңбектерінен іздеген жөн.
Лингвоэкологияның философиясын зерттеген шетелдік зерттеушілер А. Филл, В. Тампе, А. Тэнсли, М. Хэллидей, П. Финке пікірінше, тіл мен әлем экожүйедегідей өзара әрекет негізінде дамиды. Бұл бағытты орыс ғалымдары В. Ф. Нечипоренко, В. В. Иваницкий, В. Миловатский т. б. жалғастырды.
Ортологиялық бағыт негізінен Р. Сыздық, Н. Уәли, Г. Смағұлова, Д. Әлкебаева және орыс ғалымдары А. П. Сквородников, В. К. Журавлëв, Л. И. Скворцов зерттеулерінде байқалады. Ортологиялық түсінік бойынша, лингвоэкологияның негізгі мақсаты - қоғамның тіл мәдениетінің жағдайын талдау және тілге ықпал ететін үдерістерді зерттеу. «Бүгінгі таңда ана тіліміз үшін күрес екі майданда жүргізілуі керек, бірі - қазақ тілінің әлеуметтік қызмет аясын кеңейту, оны әсіресе кеңсе-іс қағаздарының да, ғылымның да, заң-сот істерінің де тіліне айналдыру болса, екіншісі одан кем түспейтін - тіл мәдениетін көтеру, тілімізді тек дұрыс қана емес, әсерлі, әдемі етіп жұмсау үшін күрес болуға тиіс», - дейді академик Р. Сыздық [13] .
А. П. Сквородниковтің айқындауынша лингвоэкологияның міндеті: «тілдік және тілдік құлдырау мәселесін және тілдік қайта жаңғыру мәселесін зерттеу» [14] .
Мәдениеттанымдық түсінікте лингвоэкология қоғамның мәдени-тілдік өмірін қамтиды, ана тіліндегі сөздерде, ұғымдарда, категориялар мен құрылымдарды көрініс табатын этникалық ділді (менталитетті), халықтық дәстүрді, әлемнің тілдік бейнесін сақтауды мақсат тұтады. Бұл бағытта жазылған еңбектер қатарына Ә. Қайдар, Ж. Манкеева, Г. Смағұлова, К. Бияздықова, Л. И. Скворцов, Л. В. Савельев еңбектерін қосуға болады.
Әлеуметтік бағыт Э. Хауген, А. Филл, Дж. Эйчитсон, В. Дресслер және т. б. шетелдік ғалымдар зерттеулерінде кең өріс алған. Аталған бағыттың пікірінше, лингвоэкологияның негізгі міндеті «тілдердің жойылу» феноменін зерттеу болып табылады. Қазақ тіл білімінде осы бағытпен өзектес тіл өміршеңдігі, тілдік ығысу құбылыстарын зерделеген Э. Сулейменова, Б. Хасанов, З. Ахметжанова, Б. Момынова, А. Салқынбай еңбектері тіл экологиясының әлеуметтік бағытының аясындағы мәселелерге қатысты ой-тұжырымдар қамтылған. Ц. Ц. Огдонова әлеуметтік лингвоэкологияны мемлекеттік тіл дәрежесі бар тілдер лингвоэкологиясы, ұлттық тілдер лингвоэкологиясы, аймақтық диалектілер лингвоэкологиясы сияқты тарауларға бөліп қарастыруға болатынын атап өтеді [12, б. 124] .
Лингвоэкологиялық зерттеулердің келесі бағыты - педагогикалық бағыт . Өйткені лингвоэкология тілдің жағдайын сипаттап қана қоймайды, ол тілдік ортаны саламаттандыруды шешу жолдарын ұсынады. Ол негізінен білім беру жүйесі арқылы іске асады. Сондықтан лингвоэкология ғылымының нәтижелері мен жетістіктерін білім беру ісіне енгізуді көздейтін зерттеулер лингвоэкологиялық парадигманың педагогикалық бағытын құрайды.
Тілде жаңа слэнгтердің (интернет жаргондардың) пайда болуы, виртуалды коммуникацияның қарқындылығы, тілімізге ағылшын тілінің басқыншылығы, БАҚ-тағы әдеби тіл нормаларының (оның ішінде лексикалық) сақталмауы, сөздік қордың жұтаңдануы, тілдік тұлғалардың шешендік өнерінің құлдырауы, лингвоэкологиялық білім берудегі олқылықтар - тілді экологиялық дағдарысқа ұшыратты. Тілдегі мұндай экологиялық өзгерістер әлемдік ғылыми қауымдастықты бей-жай қалдырмады, сондықтан қазір білім беру саласында лингвоэкологиялық парадигманы жүзеге асырудың нақты әдістерін жасау өзекті мәселе. Лингвоэкологияның бұл бағыты қазір жаңа ғылыми көзқарастармен, зерттеулермен толығуда. Педагогикалық бағытты дамытушылар қатарына тілдік қатысым, сөз мәдениетін оқытудың әдістемелік жүйесін ұсынған Ф. Оразбаева, Ж. Дәулетбекова, Ж. Абилхаирова, тілдік тұлға қалыптастыру негіздерін айқындаған А. Исақова болып табылады. Орыс тіл білімінде лингвоэкологиялық зерттеудің бұл бағытын Л. Татарникова, Е. А. Сущенко, А. Валеева, Л. Бухарева зерттеулері қамтыған. Бұдан шығатын қорытынды, лингвоэкология тек мәселені сипаттаумен шектелмейді, ол микро- және деңгейдегі мәселелерді шешуге бағытталады.
Бұл аталған бағыттар барлық тілдерге ортақ болғанымен, әр тілдегі лингвоэкологиялық зерттеулердің басым бағыттары ол тілдің қазіргі жағдайы мен өзіндік ерекшеліктерін, тіл экологиясының басты қызметін ескере отырып анықталады.
ҚОРЫТЫНДЫ
Жоғарыда айтылған пікірлер мен тұжырымдарды қорытындыласақ, әлемдік лингвистикадағы қазіргі лингвоэкологиялық зерттеулердің мынадай негізгі міндеттерін анықтауға болады:
- лингвистикалық әр алуандықтың себептерін, формаларын, қызметін және салдарын анықтау;
- аз және жойылу қаупі бар тілдерді сақтау бойынша шаралар ұсыну, қабылдау;
- биологиялық және лингвомәдени әр алуандықтың тепе-теңдігіне қол жеткізу;
- тілдік құрылымды (грамматиканы) экологиялық және экологиялық емес элементтердің болуына қарай талдау;
- қоршаған орта мәселелерін қарастыратын мәтіндерге дискурсивті талдау жасау;
- педагогикалық лингвоэкологияны дамыту.
Ал қазақ тілі экологиясының алдағы уақытта кешенді түрде зерттелуі тиіс негізгі міндеттері ретінде мыналарды көрсетуге болады:
- қазақ тілінің қызмет етуіне кедергі болатын факторларды анықтау және онымен күрес тәсілдерін белгілеу;
- тілдік тұлға санасында ана тіліне деген табиғи сүйіспеншілікті ояту жолдарын көрсету;
- экологиялылық қатысымның эмоционалды интеллектіні қалыптастыру негіздерін жасау;
- қазақ тілінің өміршеңдігін қамтамасыз ету шараларын белгілеу;
- терминжасамды, аударма ісін экологиялылық талаптарын ескере отырып, жетілдіру;
-тіл басқыншылығының ономастикалық кеңістіктегі көрінісін дұрыс жолға қою;
- тіл экологиясы жетістіктерін үштілді білім білім беру ісін жетілдіруде пайдаланудың оңтайлы жолдарын, инновациялық технологияларын ұсыну.
Мақала №AP08053050 - «Қазақстан Республикасында лингвоэкологиялық білім беру моделін қалыптастыру: теориясы мен тәжірибесі» атты жоба аясында орындалды.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1. Скворцов Л. И. Экология слова или Поговорим о культуре русской речи. - М., 2009. - С. 208.
2. Calvet, L-J. Pour une écologie des langues du monde. -Paris: Plon, 1999. - Р. 304.
3. Бернацкая А. А. О трех аспектах экологии языка. Бернацкая
// Вестник КрасГУ. - Серия: Гуманитарные науки. - 2003. -№4. - С. 32-38.
4. Кибрик А. Е. Очерки по общим и прикладным вопросам языкознания. - М., 1992. - С. 336.
5. Willis D. The development of negation in the languages of Europe. // Arts and Humanities Research Council. - 2010. /www. lion. ling. cam. ac. uk/ 17. 09. 2020.
6. Krauss M. E. The World’s Languages in Crisis // Language. - 1992. - 68(1) . - P. 4-10.
7. Д. Харрисон. Когда умирают языки. // https://pdfs. semanticscholar. org/ 28. 09. 2020.
8. Линдзи К. Что исчезает до того, как умирает язык. // http://www. chuvash-turk. clan. su/_ld/0/7_chuvash. 12. 08. 2020.
9. Чернышов М. Ю. Экология языка - чистота речи - нравственность помыслов: психологический аспект // Материалы международной научной конференции «Экология языка на перекрестке наук». - Тюмень: Изд-во ТюмГУ, 2011. - Ч. 1. - С. 67-72.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz